Сыр әйелдері

Page 1


Тұмар (Томирис) ханша Сақ патшайымы Тұмар (Томирис) ханша (б.д.д. 570-520 жж.) әлемдегі ең атақты әйел патшалардың бірі. Томирис ержүрек, батыр болып тәрбиеленеді. Оны атақты болып, есімінің тарихта енуіне парсының әйгілі патшасы Кіреуке (Кир) (б.д.д. 558 – 530 жж.) болатын. «Жеңілуді білмейтін», Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген Кіреукенің әскерін Тұмар ханшаның тас-талқанын шығарғанын бүгінгі жұрт аңыз қылып айтып жүреді. Мемлекетінің аумағын тойымсыздықпен кеңейте беруді ойлаған Кир патша батыс елдеріне аттанбас бұрын әуелі шығыс жағын қауіпсіздендіру мақсатымен күнгей түркі сақтарды бағындырып алуды көздейді. Сөйтіп түркі сақ еліне елші аттандырып, олардың ханшасы, сол кезде күйеуі өліп жесір отырған Тұмардың (Томириске) өзіне тұрмысқа шығуын сұрайды. Бұл Кирдің түркі сақтармен соғысуға желеу іздеуі еді. Тұмар ханша Кирдің ұсынысын қабылдамай тастайды. Осыны желеу еткен Кир өзінің жау қайдалап жұтынған жаужүрек жауынгерлерін шығысқа қарай қаптатады. Аракс дариясына жетіп, үстінен қалқыма көпірлерді құруды кемелердің кермесінде мұнара қамалдар тұрғызуды әмір етеді. Өздерін жаулап алуға келген парсылардың әр қадамын алыстан бақылап, біліп отырған Тұмар ханша олардың дариядан өту үшін әуреленіп, көпір салғалы жатқанын естіп, Кирге арнайы жаушы жібереді. — Мидиялықтардың патшасы! дейді жіберген жаушысы арқылы Тұмар ханша Кирге. Ниетіңнен қайт. Салып жатқан көпірлеріңнің игілігін көрер көрмесіңді өзің де білмейсің. Өнбес істі қума. Өз патшалығыңа бар да, өз билігіңді жүргізе бер, бізді күндеме. Ал егер алда жалда соғыспай қоймаймын десең, онда көпір салып, уақыт өткізіп, әуре болма. Дарияның біз жақ бетіне шығып соғысамын десең, біз үш күншілік жерге кетіп, жол ашайық, ал дарияның өз жағыңда соғысамын десең, сен үш күншілік жерге шегін. Қалауына қарай өзің шеш. Тұмардың ұсынысын Кир әскери кеңеске салады. Біраз пікір таласынан соң, Лидияның бұрынғы патшасы, сол кезде Кирдің қолындағы мырза тұтқын Крездің ақылымен дарияның түркі сақтар жағында соғысуды ұйғарып, шешімдерін Тұмарға хабарлайды. Түркі сақтар уәделерінде тұрып, үш күншілік жерге шегініп кетеді. Олардың кеткеніне анық көз жеткізгеннен кейін Кир бүкіл әскерін дарияның арғы бетіне өткізіп, Крездің үйреткен айласымен түркі сақтардың шабылдаушы тобын алдап қолға түсіріп, түгел қырғынға ұшыратады. Осы шабуылшы топтың басшысы, Тұмар ханшаның ұлы Спаргапты (Спаргапис) тұтқынға алады. Сүйікті ұлы мен шеп бұзар жауынгерлерінің қайғылы хабарын алған Тұмар Кирге жаушы жіберіп, оған өзінің соңғы сөзін жеткізеді. Қанқұмар Кир! Жеңіске желікпе. Сен менің ұлымды ашық айқаста қару құдіретімен жеңген жоқсың. Шарап ішкізіп, алдап барып, пенде еттің. Енді менің мына ақылымды ал. Айла амалмен біраз жауынгерімді опат еткеніңді қанағат тұтып, менің ұлымды өзіме қайтарып бер де, есен сауыңда жөніңді тап. Егер өйтпесең, Тәңірі атымен ант етіп айтайын, қанға қаншама тойымсыз болсаң да, адам қанын сусының қанғанша ішкізермін! Бар аңсары біреудің елін шауып, олжаға батып, атағын шығаруға ауған Кир ханша ақылын тыңдамай, өзінің шайқасатынын айтып, Тұмардың жаушысын кері қайтарады. Тұтқынға түскен Тұмардың ұлы өзінің қандай күйге ұшырағанын мастығы айығып, есі кірген кезде ғана бір ақ біледі. Кирден аяқ қолын босатуын өтінеді. Қолдан бұғау, аяқтан


кісен алынысымен, ол қасында тұрған парсы жауынгерінің қаруын жұлып алып, өзін өзі өлтіреді. Келесі күні екі жақтың арасында бұрын соңды көз көріп, құлақ естімеген сұрапыл қырғын соғыс басталады. Ақырында далалық ұрыс тәсілін тиімді пайдаланған түркі сақтар парсылардың әскерін түгел дерлік жусатып салады. Қоршауға түсіп, бас сауғалар мүмкіндігінен айырылған. Кирдің өзі де жауынгерлерімен бірге айқас алаңында қаза табады. Тұмар ханша шайқас аяқталған соң, сарбаздарына Кирдің денесін таптырып алып, басын кестіріп, қан толтырылған меске салып тұрып: «Әйтеуір тірі қалдым, сені жеңіп шықтым демесем, жан дегендегі жалғыз ұлымды аярлықпен қолға түсіріп, сен менің түбіме жеттің, жауыз! Енді Тәңірге берген сертімді орындап, басыңды қанға бөктіріп, сусыныңды қандырғаннан басқа амалым жоқ» дейді. Осылайша күнгей түркі сақтар өздерін жаулауға жасанып келген басқыншылардан елінің тәуелсіздігін сақтап қалады. Осылайша Тұмар ханша елбасылық ұлы тұлғасымен, қолбасшылық асқан ерлігімен тарихқа енеді. Зарина патшайым Зарина (б.з.б. 4 ғасырдың аяғы – 5 ғасырдың басы) – ежелгі сақ тайпасын билеген патшайым. Ол туралы тарихи деректер ежелгі дүние тарихшылары Диодор, Ктесий жазбаларында кездеседі. Зарина есімі ежелгі Ассирия, Мидия елдерінің Азиямен байланысы тұсында айтылады. Мидия өзін бағындырғысы келген Парфия мемлекеті үшін сақ тайпаларымен соғысады да, Мидия ханзадасы Стриангия Заринаны жаралайды. Екі жақ та үлкен зардап шегеді. Ақыры олар келісімге келіп, дос әрі одақтас болуға уағдаласады. Осы оқиғалар тұсында сақ тайпасын басқарған патша Зарина болатын. Ол өзінің батылдығы, сұлулығы және ақылдылығымен дараланған. Сақ жеріне көз тіккен көрші патшалардың талайын жеңіп, ел тұрмысын жақсартқан, көптеген қалалар салдырған. Зарина тағдырына байланысты туған “Зарина және Стриангия” атты жыр да бар. Оның мазмұны бізге толық күйінде жетпесе де, қаҺармандық эпос рухындағы туынды екені анық. Зарина өлгенде елжұрты оның басына үшбұрышты пирамида орнатып қастерлеген. Орыс тарихшысы В.Н. Татищев (1686 – 1750) құрастырған сөздікте Заринаның сом алтыннан жасалған ескерткіші жәйлі дерек бар. Заринаның ерлік істері көне түркі тарихы мен әдебиетіндегі “Қырық қыз”, “Баршын қыз” секілді жыр-дастандар мазмұнына келіп ұласады. «Зарина патшалық құрған кезде қырық қыздан тұратын әскер жасақтайды. Қырық қыз ерлерше киінетін болған. Үстеріне сауыт, бастарына дулыға, аяқтарына етік киіп, Зарина патшайымды қорғап жүріпті. Қырық қыздан құрылған атты әскер кез келген уақытта Зарина патшайымды қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтап қалуға тиісті болатын. Бір күні Зарина патшайымды қорғап жүретін қырық қыздың бірі Арнагүл жау тыңшысының қолына түсіп қалады. Отыз тоғыз қыз Арнагүлді іздеп тауға шығады, тоғайды да кезеді. Бірақ таба алмайды. Жау тыңшылары Арнагүлді тұтқындап, қол-аяғын байлап, аузына шүберек тығып, патшасына алып барады. Зарина патшайым Арнагүлдің жау қолына түскенін сезеді де, оны дереу құтқаруға кіріседі. Жау тылына он екі жасар Тұрханды тыңшы етіп жібереді. Тұрхан ебін тауып, жаудың арасына кіреді. Тар қапаста қамалып жатқан Арнагүлді көреді. Зарина


патшайымға жетеді. Заринаға Арнагүлді көргенін айтады. Зарина патшайым Тұрханға: «Сен қыздың киімін киіп, Арнагүлге бар, орайын тауып оны босат та, орнына өзің отыр…» – дейді. Тұрхан қыздарша киініп алып, Арнагүл жатқан тар қапасқа барады. Түн ішінде ешкімге көрінбей құлыпты бұзып ішке енеді де, Арнагүлді босатып, оның орнына өзі отырады…» (Ел аузынан). «Зарина жастайынан атқа мініп, соғыс өнеріне машықтанған дала сұлуы, патша қызы еді. Бір күндері Зарина соңына нөкер қыз-келіншектерін ертіп, кең далаға аң аулап, көңіл көтеріп қайтуға шығады. Алдынан құланның үйірі қашып, оны қуып, қызықтап, байқаусызда алыстап кетіп қалады. Бір төбеден бір төбеге асып, құлан қуып жүргенде, алдынан қаз-қатар тізілген жау әскері көрінеді. Олар Заринаның әйел екенін танымайды, дулыға киген жас жауынгерді қолға түсіру үшін қоршай бастайды. Зарина өжеттікпен қоршауды бұзып өтеді. Соңынан жау әскерінің батыры қуады. Бір уақытта Заринаның санына оқ тиіп, жараланып, аттан құлайды. Ақсаңдап орнынан қайта ұмтыла бергенде, басындағы дулығасы ұшып кетіп, төбесіне түйген қолаң шашы жібектей сусып беліне түседі. Қуғыншы Заринаның әйел екенін білген соң, аттан секіріп түсіп, көмектесіп, көтеріп алады. Ай мен күндей сұлу келіншекті ұнатып қалады. Ол Мидия патшасының баласы, ханзада еді. Ханзада Заринаны бір көріп қайту үшін жиілетіп ұлы сақтар даласына келіп тұратын болады. Бір күні Заринаның күйеуі Мөрмөрдің қолына түсіп қалады. Ол қолындағы тұтқынын өлтірмекші болады. Мидия ханзадасын өлтірсе, екі елдің арасында жанжал туып, соғыс басталатынын сезген Зарина Мөрмөрді райынан қайтарғысы келсе де, күйеуі оған көнбейді. Зарина нөкерін жұмсап, араша түспекші болғанда, тайталасқан Мөрмөр байқаусызда жараланып, ұзамай қансырап өледі. Мидия ханзадасы еліне кетерінде Заринаға сөз салып, басқоспақ ниетін білдіреді. «Екі патшалықты біріктіріп, бір ел болайық», – дейді. Зарина жауабын бірден бермей: «Бір жылдан кейін анығын айтамын», деп қала береді. Арада бір жыл өтеді. Заринаның да мидиялық көркем жігітті ұнатып қалған сыңайы бар. Жүрегі лүп-лүп етіп, соны ойлайды. Қара көзіне мұң толып, алысқа қарайды. Бір күндері болғанда көп әскермен атқа қонып, Мидияның шекарасына жақындайды. Арғы жақтан ханзада күтіп тұр екен. Зарина сабырлы, салқындылықпен былай дейді: – Армысың, сүйіктім! Мен сені ғана ұнатамын. Бірақ әйелің бола алмаймын. Оның себебі, екеуміз қосылсақ, сен хан боласың, мен ханым боламын. Менімен қоса артымдағы елім де саған бағынышты болады. Мен сүйгеніме қосылып, бақытты болғаныммен, елім тәуелсіздігінен айырылып, бақытсыз болады. Мен үшін елімнің еркіндігінен артық ештеңе жоқ. Қош, сүйіктім! Осы сөзді айтып бола бергенде, Заринаның қара көзінен жас тамып кетті. Ханзада мұңға батып, басын төмен салады. Екеуі: – Қош! – Қош! – десіп, қимай-қимай тарасады. Өз бақытынан ел бақытын артық санаған Зарина сұлудың осы бір оқиғасы кейінгіге аңыз болып қалды. Талай-талай қазақ қыздарына ел намысын жоғары ұстаған Заринаның ерлігі үлгі болады. «Қобыланды батырдағы» Қарлыға, «Алпамыс батырдағы» Гүлбаршын, Қарақалпақ халқының «Қырық қыз» дастанындағы Гүлайым қыздың бейнесі – Тұмар мен Заринаның халық есінде сақталған елесі. Сақтар, түріктер ежелден қыздарын ардақтаған. Қыздардан патша болғандары да бар. Сол заманда патшалық құрған жеті қыз туралы «ХVІІ ғасырда өмір сүрген тарихшы Әбілғазының шежіресінде жазылған…»


Сақ қызы Күнсұлудың хикаясы «Сақ қызы Күнсұлу он жасында қару асынып, атқа мініп, жорықтарға қатысады. Соғыс өнерін жетік меңгерген Күнсұлу он екі жасында жүз қызға қолбасшылық етеді. Сақ патшасы Күнсұлудың жүз қызын ерекше тапсырмаларды орындауға жібереді екен. Бір күні Күнсұлу өзінің жүз қызымен ерекше тапсырмаларды орындап жүріп, парсы әскерінің екі мыңдық қолына тап болып, шайқасқа түседі. Күш тең болмаған соң, Күнсұлу қыздарға шегіне жүріп соғысуға бұйрық береді. Парсы әскерінің біразы оққа ұшып өледі. Бірақ жүз қыз қолбасшысы Күнсұлумен қолға түседі. Парсы билеушісі: «Жүз қыз қолбасшысы Күнсұлумен бірге өлтірілсін…» – деген бұйрық береді. Парсы патшасының ортаншы ұлы Күнсұлудың ақылы мен көркіне қызығып: «Әке, Күнсұлуды өлтірмеңіз, ол сіздің келініңіз болсын, мен әйелдікке алайын…» – дейді. Парсы патшасы ортаншы ұлының өтінішін орындайтын сыңай танытады. Сонда Күнсұлу бірнеше жылдан бері екі елдің арасындағы соғыстың ауыр зардаптар әкелетінін, жүз қыздың аман-есендігін ойлап, парсы патшасының ортаншы баласына: «Менің бір талабым бар, соны орындасаң, мен сенің әйелің боламын…» – дейді. Парсы патшасының ортаншы ұлы: «Ол қандай талап? Сен қандай талап қойсаң да орындаймын!..» – дейді. Сонда Күнсұлу: «Менің жүз қызымды тұтқыннан босатып, өз еліме қайтарыңыз…» – дейді. Парсы патшасы Күнсұлудың өтінішін орындап, жүз қызды тұтқыннан босатады. Сақтың батыр қызы Күнсұлуды өзіне келін етіп алады. Содан кейін сақтар мен парсылардың арасындағы соғыс жүз жылға дейін тоқтаған екен…» (Ел аузынан). Гүлбаршын Алпамыстың бесіктен белі шықпай жатып, әкесі оған Сарыбайдың қызы Гүлбаршынды айттырып қояды. Алайда, болашақ құдалардың арасында кикілжің туып, соның кесірінен айттырған қыздың әке-шешесі қалмақ ханы Тайшықтың жұртына көшіп кетеді. Аты-заты белгісіз, жек көрінішті қалмақ батырларына ұзатылып кетпес үшін Гүлбаршын сайыс ұйымдастырады да, қай жеңіске жеткеніңе ризашылығымды беремін дейді.Ол өзін бала күнінде атастырған Алпамыс келіп, жеңіске жетеді деп үміттенеді. Екеуінің ыстық махаббатының арқасында Алпамысқа күш-қайрат қосылып, жеңіске жетеді. Гүлбаршынға үйленгеннен кейін Алпамыс келіншегімен бірге туған ауылына оралады. Алпамыс өзінің туыстарына әке-шешесін және Гүлбаршынның әне-міне туатын ұлын Жәдігер деп атап, батыр етіп тәрбиелеуді тапсырады. Батырдың көрмегені болмайды. Алпамыс жеті жыл бойы ханның зынданында отырады. Ол жоқ кезде оның туыстарына да оңай болған жоқ. Жексұрын Ұлтан құл әкесі мен атасын малын бағатын бақташы етіп, баласы Жәдігердің аяқ-қолына кісен салып, шешесі мен қарындасын құл етіп, Гүлбаршынға ауыз сала бастады. Гүлбаршынның түсінде аян береді: жібек балақ бау тағылған ақ бүркіт келіп қолына қонады. Ол Алпамыстың туған ауылынан келгендігін сезеді, оның енді бұларды құтқаратындығына сенеді. Анасы баласы Жәдігерге әкесінің оралғандығы туралы айтады. Алпамыс батыр еліне келіп, отбасы мен елінің жағдайын түзеп, қалпына келтіреді. Кіршіксіз пенде Гүлбаршынның бейнесі – еріне адал, тағдырдың тауқыметін мойымай көтерген, баласы Жәдігерді батыр етіп тәрбиелеген дана әйел.


Баршын қыз Баршын қыз туралы аңыз Сыр елінде «Баршынкент» деп аталады. Бұл аңыздың сюжетінде Сыр елінде туған Баршын Алпамыстың сүйген қызы. Алпамыс батыр эпосындағы Гүлбаршын (Баршын) сұлу атымен байланысты аталған мекен бір кездерде Гүлбаршын ауылының қыс-қыстау мекені болған деп айтылады. Алпамыс батыр ұлт тарихындағы салмағы бөлек тұлға екенін жұршылық жақсы біледі. Оның құдай қосқан қосағы Гүлбаршын жайында білетініміз көп емес. Бар білеріміз оның мәңгілік дамыл тапқан жері – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының аумағы деп айтамыз. Сондай-ақ батырға тірек, ақылшы бола білген ардақты анамыз сол өңірде дүние есігін ашқанын да ғалымдар жиі айтады. Оның өмірден өткеннен кейін ауданның Төменарық ауылы маңындағы Көккесене кесенесінде жерленгені айтылады. Бегім ана Бегім анаға Алла тағала ерекше мейір-шапағатпен қараған. Ғасырлар бойы тылсым дүниенің түпсіз бір тұңғиық құдіретімен ауыздан ауызға тарихи дастан болып, халық көкейінде жатталған Бегім ана бейнесі, осы тарихи тұлғаның кесенесі күні бүгінге дейін сақталынған. Енді аңыздарға тоқталсақ. Ертеде Жанкент билеушісі Санжар ханның Бегім сұлу атты әйелі болыпты. Бегім жаратылысынан ақылына көркі сай, парасаты мол жан екен. Ол арабтың Хазірет әулетінен шыққан Қарабура әулиенің қызы еді. Санжар сұлтан аң аулап, сейіл құрғанды жақсы көреді екен. Осы әдетімен нөкерлерін ертіп саятқа, аңға шығады. Дарияға келіп, ыспа қайықпен өтерде қанжарын үйге қалдырғанын есіне түсіріп, құлын шұғыл үйіне жұмсайды. -Ханым, ханның қанжарын тез алып беріңіз. Кідіруге мұрсат жоқ, - деді ол үй сыртынан. Ханым жабықтан қанжарды ұсынғанда оның мүсіндей аппақ білегін көріп, құл сол жерде талып қалады. Бегім сұлу мұны білмейді. Біраздан соң есін жиған құл атына міне сап дарияға қайта шабады. Келсе хан қаһарына мініп, шаншылып тұр екен. -Тақсыр, қасық қанымды қия көріңіз. Менің кешіккен себебім - ханымға қатысты еді, қанжарды жабықтан беріп тұрып, оны алайын деп қолымды ұсына бергенімде, білегімнен ұстап жібермеді. Содан қолымды босата алмай кешігу себебім осы, - деп өтірікті судай ағызады. Құдайдан безген жексұрын жанның бұл сөзіне имандай сенген Санжар хан сапарын тоқтатып, кейін қайтады. Істің ақ-қарасын тексермей, күнәсіз Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де зынданға тастайды. Оң қолын кескені арамдықты оң қолымен істеді деген ойы болуы керек. Істің мәнісін түсінбей, әрі жазықсыз зәбір көріп зарлаған ару көрер таңды көзімен атқызды. Бұны сарайдағылар түгел білсе де, ханымға араша түсе алмайды. Келесі күні Қарабура әулие қызының түсіне кіріп, былай дейді: - Балам, бұлтартпай шыныңды айтшы, ақпысың әлде қарамысың? Ақ болсаң, аллам жәрдем беріп, жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт! - депті. Сонда Бегім жылап тұрып әкесіне: -Атажан, құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін. Егер Санжарға қиянат жасасам тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын. Ақпын, ата - деп зар еңірейді. Осыдан кейін Қарабура Санжардың да түсіне енеді. –Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесілген күйде мүгедек болып қалсын. Қызымның ақ пен қарасын тексермей жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған шаһарыңды тірі адам қалдырмай


жылан жұтсын! – деп қарғап батасын береді. Осы түсті көрген соң Санжар қатты шошынып, күні бойы ойланады. Үшінші күні таң атқан соң хан зынданға адам жібереді. – Тез барып көріп кел. Ханым не күйде екен? – деп тапсырады. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен дейді.Әлгі адам көргенін ханға келіп айтады. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда, іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші толы жылан. Жылан сыртқа тірі жанды шығармайды, шағып өлтіреді. Сонымен жайнап тұрған Жанкент шаһары Санжар сияқты қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болады. Бұл жағдайды аңыз деп қабылдасақ та шындыққа келіңкірейді. Жылан ордасы осы күнге дейін Жанкенттің бұзылған іргесінде бытысып жататын. Бүгінге дейін жылан сорған делінетін Санжар (Шанжар) қаласы қазіргі Қожабақы серіктестігі жеріндегі Арандықыр жотасынан теңіз беткейіндегі сілімінен 15 шақырым жерде . Ал, Бегім сұлу болса, шаһар опат болып, халқы түгел қырылған соң өз әкесі Қарабура Әз әулиенің көмегімен Бегім ана белгісін салдырып, «бұдан былай еркекті көрмеймін» - деп қалған жұмбақ ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізген. Ата-бабасының қасиеті дарып, кейін Бегім ана атанады. Асыл ана жәрдем сұрап барған жандарға бала беретін, мейір шапағатына бөлейтін, нағыз керемет әулие ретінде есімі жалпақ жұрқа мәлім болған. Сыр бойындағы Жанкент шаһары мен Бегім ана туралы ғажайып аңыз осылай аяқталады. Бегім ананың басына зиярат жасауға ер – азаматтар бармайды. Халық дәстүрінде солай қалыптасқан. Жергілікті халықта, басқа өлкелерден келетіндер де әйел жандар. Бұған дейін алдына барған ер – азаматтар әртүрлі жағдайларға душар болып, Ана шарапатын емес, кесапатын сезінген деседі. «Қырық қыз хикаясы» ...Олардан қалған бір куә - Ақсақ қыздың бейіті.Ол әлі тұр. Сол дәуірде салынған. Қайдан, қалай пайда болған бейіт ? Өзі жұп-жұмыр, тап-тұйнақтай, аласа да биік те емес. Аңыз не дейді? Түп-төркіні шындық, ақиқат-ау...Ол былай айтылады.Қорқыт баба әр жерде алдынан шыға берген көрден қашып, су үстіне, ешкім көр қаза алмас деп, ғайыптан пайда болған, көздің жауын алар, қызылды-жасылды, түгі жарқ-жұрқ еткен көкала кілемнің ортасында- Сырдарияның үстінде бесті айғыр ішекті қобызын сарната да, аңырата да тартып, ыққа қарай ығып бара жатады. Әсем үн, сырлы сазға, мың құбылған әуенге қасиетті де құнарлы Сыр бойындағы қамыс пен қарағайда, қайыр тал мен тобылғы да, шеңгел мен дүзгін де, жыңғыл мен жиде де бастарын иіп, бүгіле-иіле сәлем беріп, билеп те тұрғандай болады екен. Қызыл ала кілемнің жиек-жиегімен жорғалап жылжып шөпілдете шөп-шөп сүйіп, сылдыр-сылдыр сусылдаған Сыр суының сыңғыр-сыңғыр дауысы да қобыз үнін әрлендіре, түрлендіре түсіп бара жатқандай-ау... Осындай тынық, айналада қыбыр-жыбыр жоқ тылсым әлемде, ешнәрседен бейхабар момын дала шалғайын жимастан кең кеуілдей жайылып жатқан шақта баба қобызының жан жадыратар жүй-жүйеңді баурап алып, бауырына тартып, ынтық етер, сезіміңді сергітер, билеп алар әсем үні Қарақұм мен Қызылқұмның белбелестерінен, бұйрат-бұйрат қырқалары мен биік-биік жоталарынан асып барып, сонау Әму бойындағы елдерге де жетіп жатады екен, деседі. Сол күні 99 аруанаға бірінен бірін айнытпай тең-тең артқан шұбалаң көш-керуеннен қызылды-жасылды, күлдіреуіш етекті, шайы жібектен шұбатыла көйлек киген, бұрымдары бөкен бөкселерін қаққан, шаштары қап-қара, жанарлары жарқылдаған, құба өңді, бойшаң да емес, аласа да емес, толық та, ұзын да делінбейтін , ешбір араласқұраласы жоқ, нағыз-оғыз қазақтың қырық қызы қырқаға шыға келгенде Сейхун дарияның бетіндегі, кілем үстіндегі сызылта тартқан күйімен бірге қалқып бара жатқан


Қорқыт бабаның соңынан өздері өздерін ұстай алмай, бойларын билей алмай, ырықтарынан айырылып, жүректері лүп-лүп соғып, не болғандарын білмей есеңгіреп, естерінен танып қалған сияқтанып, ілгері-кейінді, бірінен-бірі озып, алқынып, аптығып, дедек-дедек жүгіре берген екен дейді-ау. Олар ылдилыққа, ойпауыт алаңға түсе бергенде сондарынан аяғын сылти басқан Қорқыт жаққан шырақтай дегендей, бота көздері жәудірей мөлдіреген, ашық жүзі алабұртқан, батырлардың білегіндей бұлтылдаған қос бұрымы тізілетін бір, тілерсегін бір бұлаң-бұлаң ете кезек қаққан, екі төсі ерекшелеу томпайған, «бұлардан мен неге қаламын» дегендей алау өңінен ептеген ашу-ызаның табы байқалған, ақ бұғағы бұртиып, ақсақ қыз да аспаған-саспаған аяң жүріспен көрінген екен дейді-ау. Күй сырынының екпінді де өршіл, біресе баяулап, біресе арындап шыққан үніне елітіп, дүркірей лоблып, шортаннан қашқан шабақтай жапырыла құлдилай шоршып, ми қайнатар ыстық күнгі қарбаласта, арпалыс жүгірістен ындыны кебе шөлдеген отыз тоғыз қыз жанжағындағы топырақты топалаң ағызған ағынды Сырдың ақ лай суына бас қойып, сіміре беріпті- ау. Белгісіз бір тылсым да сыңғыр сезім билеген өзіне құмар етер, жұпар иістері нәп-нәзік, ұп-уыз денелердің шаршағаны, шалдыққаны-ау... Сонан соң қыздар Қорқытты, Қорқыт қыздарды көрген екен деседі. Бұдан соң күйші бабамыз жайлау жылжып, әр тұсқа аялдай ығып, жиектей келіп, қыздарға сәлем еткендей болып, күй әуенін онан сайын күңіренте беріпті. «Тәңірі» күйін төгілтіпті, құйқылжытыпты. - Е, әулие күйші,- деп дауыстапты орталарынан оза шыққан біреуі,- бізді сіздің қобызыңыздың үні баурап алды, қанша жүгірсек те жете алмай шаршадық, шалдықтық, әден діңкелеп өлер халге келдік. Тоқтайық десек, өзімізге өзіміз ие бола алмаймыз, қобыз дауысы есімізді алды, жиекке жақындай көріңіз... - Сыртқа шықсам,- депті сонда баба,- қазулы тұрған көріме тап боламын. Мен содан қашып жүрген пендемін. Өтініштерің орындалмайды. Кілеміме отырғызсам, бәріңді көтере алмайды, су түбіне кетеміз, келген жақтарыңа қайтыңдар... Күй әуені еркіне қоймай жан-жүйелері жауланған қыздар сүріне-қабына Сыр бойы шеңгелінің сыдырып сабалап, тырнап талағанына қарамай ілгері жүре беріпті. Көп ұзамай шетінен бірінен соң бірі қисая құлап, құлаған жерінен қайта тұра алмай, жан тапсыра беріпті. Отыз тоғыз қыз отыз тоғыз қой тасқа айналыпты. Аяғын сылтық басқан ақсақ қыз жетіпті.Қорқыт бабамыз оның да обалына қалмайын деді ме, қыз жақындасымен жиеккке тоқтап, онымен сырласып, сұхбаттасып, оған «Қоңыр» күйін тартып беріп отырғанда жылан шағып алған екен дейді. Қазақ пен қырғыздағы қырық қыз туралы аңыз Иә, қырық қыз туралы аңыз көп. Әрқайсысы әртүрлі айтылады. Соның бірі Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Өгем өзенінің жағалуындағы ғажайып тас мүсіндерге қатысты айтылады. Ауданның ардақты азаматтарының бірі Әбдіхалық Байдәулетов өз кітабында былай деп баяндайды: аңыз бойынша ханның қыз ұзату тойының салтанаты өтіп жатқанда тосыннан жау әскері шабуыл жасап , ер-азаматтардың барлығын жайратады. Малмүліктерді талап, таңдаулы деген қырық қызды ұстап, елдеріне әкеткелі жатқанда қыздар қолдарын көкке жайып, Құдіретке «жатқа қор қылғанша сүйегіміз өз елімізде, жерімізде қалсын, бізді тас қыл» деп жалбарынған екен. Ақыры қыздардың ниеттері қабыл болып, бәрі бірге тасқа айналған деседі. Көнеден келе жатқан тағы бір аңызға сүйенсек, жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп келе жатқан қырық қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар Жаратқанға «елімізді, жерімізді, арымызды жауға таптатқанша мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр» деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау қара тасқа айналады. Ол жер


қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемдене тізілген қайталанбас ғажайып ескерткішке айналған деседі. Қырық қыз деп аталатын тағы бір тас мүсіндер Өгем қойнауына түсе берісінде, Қазығұрт тауының шығыс мүйістерінің бірінде бар. Мұнда да жаугершілік заманы тілге тиек етіледі. Бір ерекшелігі, осы мүсіндер маңында алшақтау тұрған жеке тас мүсін бар. Бұл жөнінде ел арасында екі түрлі болжам бар. Бірінде оны күйеу тас десе, екіншісінде қыздарды іздеп шыққан ақ кимешекті ана деседі. Ел осы араны қасиетті орынған санап, қастерлеп жүреді. Қырық қыз туралы аңыз көрші қырғыз фольклорында да көптеп кездеседі. Профессор Сұлтанғали Садырбайұлы өзінің еңбегінде мынадай деректерді алға тартады: «Қырық қыз» туралы аңыздың бірі «Мұзарт тауы» деп аталады. Мұзарт Қырғыз еліндегі тау аты, мұзды тау дегенді білдіреді. Ол Нарын облысының Жұмғал ауданы мен Қошқарата тауының ортасында тұр. Өткен заманда қырық қыз Қошқарата тауының ортасында тұр. Өткен заманда қырық қыз Қошқарата жаққа тойға бармақшы болып, Жұмғал жақтан шығады. Олар ауылдан шыққанда аспан ашық, тауда шөкімдей де бұлт болмайды. Қыздар тойға барамыз деп ,сәнденіп, жеңіл-желпі киініп шығады. Бұлар ауылдан қозыкөш ұзап шыққан соң биік таулардың басына көтеріледі. Сол кезде қарсы беттен ақтүтек боран соғады. Айнала сұрғылт тұман басады. Ілгері жүрейін десе сасқалақтай бастайды. Кері қарай жүруге болмайды. Енді не істеу керек? Қырық қыз аттарының басын түйістіріп, біріне бірі ықтап, қорғана бастайды. Бірақ ессіз тауда оларды кім аясын, таудың іші ұлыған үрейлі үнге толып кетеді. Сол жерде Мұзарт тауының басында қырық қыздың 39ы мұзға айналып, тек түйе жүн, жыртық шапан киген кедейдің қызы ғана аман қалыпты. Екі туысқан елдің аңыз-әфсаналарында осындай ұқсастықтар кездеседі. Барлық жерде қырық қыздың аянышты тағдыры айтылады. Бұл көрші жатқан туысқан елдердің салтдәстүріндегі ұқсастықтардың көптігінен болса керек-ті. Бәлкім, бұл қазақ пен қырғыз халықтарының 40 санын киелі санайтындықтарынан да болар. Қырық санына қатысты ырым-тыйымдардың да, мақал-мәтелдердің де жиі кездесетіні бекер емес. Әйтеуір, әр аңыздың түбінде бір шындықтың бары ақиқат.

АЛТАЙБАЕВА ҰЛБАЛА (1923-2007) Ұлбала Алтайбаева 1923 жылы 3 қаңтарда Шиелі ауданының «Еңбекші» ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын қырықыншы жылы Күнбай ағасына көмекші болудан бастады. Ер-азаматтар Отанды қорғауға аттанғанда олардың орнын басты, еңбек майданының алдыңғы шебінде болды. Жастайынан ауыр бейнетке шыңдалған Ұлбала атақты диқан Ким Ман Самнан тәлім-тәрбие алды. Жақаевшылар қозғалысының бел ортасында жүріп, Сыр өңірінің қыз-келіншектеріне үлгі-өнеге болды. Соның нәтижесінде 1966 жылдан бастап жоғары өнімге қол жеткізіп, 1972 жылы күріштің әр гектарынан 109, 1973 жылы 107 центнерден аса өнім жинады. Осы табыстары үшін Ұлбала Алтайбаеваға 1972 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Он үш ұл мен қыз тәрбиелеп өсіріп, Батыр ана атанды. Ұ.Алтайбаева бірнеше рет облыстық, аудандық Кеңестердің депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. Ал 1974 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, араға уақыт салып, комсомолдардың Бүкілодақтық ХІҮ, Одақтық кәсіподақтың ХҮІІ съездеріне, сонымен қатар Москвада өткен Азия әйелдерінің конгресіне делегат болып қатысты.1976 жылдан жүгері өсіріп, егістіктің әр гектарынан


190 центнерге дейін өнім алды.Ленин, 1,2,3 – дәрежелі «Ана даңқы» және «Ардақты ана» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1978 жылы Одақтық дәрежедегі құрметті демалысқа шыққаннан кейін де еңбектен қол үзген жоқ. Батыр ана Ұлбала Алтайбаева 2007 жылы 27 тамызда дүниеден озды. ЕРЖАНОВА ЗӘКИРА (1926-2006) Ержанова Зәкира 1926 жылы Шиелі ауданына қарасты «Қызылту» колхозында дүниеге келген. Еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері (1958), «Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» (1974). Зейнеткерлікке шыққанға дейін туған ауылында күріш звеносының жетекшісі болып еңбек етті. Қоғам және мемлекет қайраткері Зәкира Ержанова еліміздің күріш өсірушілері арасында жаңашыл, мол өнім жинаудың шебері ретінде мәлім. Өзінің колхозында оны «Дала аруы»— деп атаған. Бұл жұмыста шыққан биігі, алған асуы да аз емес, ақ күрішті өсірудің нағыз шебері болды. Зәкира Ержанова он жыл қатарынан атақты күріш өсіруші Ыбырай Жақаевтың звеносында істеді. Оны күріш өсіру жөнінде Жақаевтық мектептің ғылыми курсын бітірді деуге болады. 1958 жылы Зәкира звено жетекшісі болып тағайындалды. Зор сенімді ақтау үшін ол бар білімін, тәжірибесін шеберлікпен қолданды, бар ынтасымен жұмыс істеді. Сол күздің кезінде оның звеносы жақсы өнім жинады: көлемі 25 гектар егістіктің әр гектарынан 42 центнерден дән бастырды. 1960 жылдың жазы өте ыстық болды, судың деңгейі күн сайын төмендей берді, мұның езі егіннің шығымына қатер-қауіп туғызды. Алайда Ержанованың звеносы 15 гектар егістіктің әр гектарынан 45 центнерден өнім алды. Осы зор табысы үшін Зәкира Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Келесі жылы февральда Зәкира Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті III пленумының жұмысына қатысты. Пленумнан қайтып оралғаннан кейін ол газетке мақала жазды. Онда мол енімнің тағдыры көп жағдайда механикаландыруға байланысты екенін айтып, күріш есірушілерді механизатор мамандығын үйренуге шақырды. Еңбек процестерін механикаландырып, агротехникалық білімін тереңдете отырып, Зәкира өз участогынан жыл сайын мол өнім жинады. Әсіресе, 1962 жыл табысты болды: звено әр гектардан 72 центнерден күріш алды. 1964 жылы жоғары өндірістік көрсеткіші үшін республика Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Зәкира Ержанова Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен екінші рет марапатталды. Звено жетекшісінің тәжірибесі, білімі мен ұйымдастырушылық қабілеті 1965 жылы айқын көрінді. Сол жылғы құрғақшылық егінді қуратып жіберу қаупін туғызды. Ержанова бастаған звеноның мүшелері егінді сақтап қалу үшін асқан қажырлылық көрсетті, сөйтіп табиғаттың қатыгездігін жеңіп шықты — көлемі 18 гектар (судың аздығына байланысты звеноларға берілген участок көлемі азайтылған болатын) күріштің әр гектарынан 61 центнерден дән жинады. Астық өндіру және оны дайындау, техниканы тиімді пайдаланудағы қол жеткен табыстары үшін СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Зәкира Ержановаға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сыр маржанын өсіруде, одан өнім алуда жоғары рекордтық жетістіктері үшін КСРО, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды (1962). Ленин орденімен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2006 жылы 26 мамырда дүниеден өтті.


ЖҰМАБЕКОВА СӘЛИМА (1935) Жұмабекова Сәлима 1935 жылы 25 тамызда Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Еңбек ардагері, көпбалалы батыр ана. Социалистік Еңбек Ері (1980). 11 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана. Еңбек жолын сауыншы болып бастаған. 1953 – 1959 ж. «Ақжар» кеңшарында әртүрлі жұмыс істеп, 1959 – 1986 ж. «Ленин» атындағы Кеңшарда күріш өсірумен айналысты. 1967 – 1973 жылдары Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрайымы қызметінде болды. 1973 жылдан күріш өсіруші ірілендірілген звено жетекшісі. 1974 жылдан ұдайы өзіне бекітілген күріш егісінің әр гектарынан 84-118 центнерден өнім жинады. Сәлима Жұмабекова 1978 жылы 5 адамнан құрылған комсомол-жастар бригадасына жетекшілік етті. Келесі жылы облыста бірінші болып семьялық звено құрды, оған өзінің екі баласы мүше болды. Олар 60 гектар күріштің әр гектарынан 84 центнерден өнім алды, ал Сәлима болса 20 гектардан 106 центнерден өнім алды. СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1980 жылғы 4 наурыздағы Жарлығымен Жұмабекова Сәлимаға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сәлима Жұмабекова «Құрмет» белгісі (1964), «Батыр Ана» (1970), екі мәрте Ленин (1971, 1980) ордендерімен марапатталған. 1979 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болған. ЖҮСІПОВА ҚАЗЫНА (1938-2009) Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Қазына Жүсіпова 1938 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1956 жылы Тереңөзек ауданының Сталин атандағы колхозда (қазіргі Жалағаш ауданының Аққұм ауылы) қарапайым жұмысшыдан бастап, күріш өсірумен айналысқан. Аудан партия ұйымы оның еңбектегі табыстарын бағалай отырып, 1960 жылы коммунистік партия қатарына қабылдайды. 1964-1968 жылдар аралығында күріш өсірушілер звеносының жетекшісі ретінде жыл сайын күріштің әр гектарынан 90-100 центнер аралығында жоғары сапалы өнім алуға қол жеткізіп, Одаққа танылды. Ел алдындағы ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1961 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланды. 1968 жылы СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1970 жылы ол Социалистік Еңбек Ері атанып, «Алтын жұлдыз» медалімен және Ленин орденімен марапатталды. Облыстың күріш саласының дамуына үлкен үлесін қосқан Социалистік Еңбек Ері Қазына Жүсіпова 2009 жылы 29 қаңтарда дүниеден өтті.


ҚАЗАНБАЕВА ШЫРЫНКҮЛ (1920) Қазанбаева Шырынкүл 12 қыркүйек 1920 жылы Шиелі ауданы Н.Бекежанов ауылында дүниеге келген. Еңбек ардагері. Социалисттік Еңбек Ері (1972). 1940 жылы Шиелі МТС-ндағы 3 айлық тракторшылар курсын бітіріп ауданда 1-болып тракторға отырған әйел адам. Тракторға отырып, тәулігіне 20 сағаттан жұмыс істепті. Осылайша, Нартай ауылында әйелдер арасында темір тұлпарға отырған «тұңғыш механизатор» атанды. Шырынкүл Қазанбаева 60-шы жылдары – «дала академигі» атанған даңқты күрішші, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтан тәлім алды. Н.Бекежанов ауылында күріштің әр гектарынан 55 – 70 центнерден өнім алған. 1966 жылы есімі Қазақстанның Алтын кітабына жазылды. Бірнеше рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және ондаған медальдармен, социалисттік жарыстың алтын, күміс белгілерімен марапатталған. МЕҢЛІБАЕВА АЙША (1912) Айша Меңлібаева 1912 жылы Сырдария облысының 11ауылында туған. 1930 жылдан 1 май атындағы колхоздың шопаны болып істеді.1941 жылы майданға аттанған ерінің орнын басып, аға шопан болды. Айша үлкен қажырлылық пен ерлікті талап ететін аға шопанның міндетін абыроймен атқарды. Өзінің қоралы қойымен боранда, қарда, көк тайғақта далада талай рет қалып қойды, бірақ қиындықтардың бәрін де жеңе білді. А.Меңлібаева 1957 жылы ерекше зор табысқа жетті. Осы жылы әрбір 100 саулықтан 139-дан қозы өсіріп, әр қойдан 31 кг.жүн қырықты және қаракөл елтірісінің 73 пайызын бірінші сортпен өткізді.1957 жылы бір ғана Айшаның отарынан колхозға 100 мың сомға (ескі ақшамен) кіріс кірді. Қойларды электр қайшымен өзі қырықты. Осы еңбектері үшін Айша Меңлібаеваға 1958 жылы 29 мартта СССР Жоғарғы Советі Президумының Указымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осы жылы ол «Қазақ ССР-ның социалистік мал шаруашылығына еңбек сіңірген мастері» атағына ие болды.Тамаша еңбеккер Айша Меңлібаева еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық Советіне екі рет, ал 1958 жылы февральда Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат және Қазақстан Компартиясының ХІІ съезіне делегет болып сайланды. Қой шаруашылығын өркендетудегі жетістіктері үшін 1966 жылы Ленин орденімен марапатталды. МҰСТАПАЕВА БАЛДЫРҒАН (1939-2006) Балдырған Мұстапаева 1939 жылы Қызылорда қалалық әкімдігіне қарасты Қараөзек ауылында дүниеге келген. Еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері (1981). Еңбек жолын 18 жасында Қараөзек бақша өсіру тәжірибе станциясында бастаған. 1960 – 1962 жылдары Қызылорда қаласындағы картон комбинатында жұмыс істеп, 1962 – 1970 жылдары «Қазақстанның 50 жылдығы», 1970 –


1988 жылдары «Шіркейлі» кеңшарларында күріш звеноларында жетекшісі, 1989 – 1990 жылдары жүгері звеносының жетекшісі болды. Әр гектардан 50 центнер дәндік жүгері өндіру жөнінде социалистік жарыс инициаторы болды. Алғашқы жылдың өзінде-ақ Балдырғанның звеносы әр айналымнан 85,6 центнер алса, өзіне бекітілген жерден 101,2 центнер дәндік жүгері өндіріп 1988 жылғы облыс чемпионы атанды. Еңбектегі ерен табысы үшін Б.Мұстапаеваға СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1981 жылғы 19 ақпандағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Еңбек Қызыл Ту (1974), Ленин (1976, 1981) ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылған. Б.Мұстапаева 2006 жылдың маусым айында қайтыс болды ОРАЗАЛИЕВА КАЛЖАН (1924-1995) Қалжан Оразалиева 1924 жылы Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылында дүниеге келген. Еңбек ардагері, Социалистік Еңбек Ері. Қазақ КСР-і ауыл шаруашылығының озаты. 1945 жылдан күріш өсірушілер звеносының жетекшісі. 1948 жылы оның звеносы күріш егістігінің әр гектарынан 81 центнерден астық жинаған. Еңбектегі осы жетістігі үшін оған СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1949 жылғы 20 мамырдағы Жарлығымен оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. 1950 жылы Ленин орденімен марапатталған. 1951 жылы Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. 1966 жылы Қазақ КСР-і ауыл шаруашылығының үздігі белгісімен марапатталған. Күріш өсірудің шебері кейінгі жылдары да бар күш-жігерін, білімін, тәжірибесін мол өнім өсіруге жұмсады. Көп жылғы өнімді еңбегі үшін 1966 жылы оған «Қазақ ССР-і ауыл шаруашылығының озаты» белгісі берілді. Қалжан Оразалиева 1995 жылы 12 желтоқсанда қайтыс болды. ӨТЕУЛИЕВА ҰШТАП (1910-1978) Ұштап Өтеулиева 1910 жылы Қызылорда облысындағы ауылдардың бірінде туған. 1945 жылы Арал балық тоңазытқыш комбинатында жұмыс істей бастады. Көп ұзамай тоңазытқыш цехында сорттаушы мамандығын үйренді. Бригадир етіп тағайындалды. Ол басқарған бригада норманы 150 процентке орындап жүрді. 1959 жылы завод тоңазытатын баржа алды, онда теңіз үстінде жүріп-ақ ауланған балықты ізінше тоңазытуға болатын еді. Ашық теңізде жұмыс істеудің қиындығына қарамастан Ұштап Өтеулиева баржада жұмыс істеуді өзінің борышы деп санады. Көп ұзамай ол жұмыс істейтін баржа алдыңғылар қатарына шықты. Өтеулиева Ұштап «Социалистік жарыстың озаты» белгісімен марапатталды. Еңбектегі аса көрнекті табыстары үшін Халықаралық әйелдер күнінің 50 жылдығы құрметіне СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1960 жылғы 7 наурыздағы Жарлығымен Өтеулиеваға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол баржада 6 жылдан астам уақыт жұмыс істеді, оның балықты сорттау жөніндегі тәжірибесі Арал балық комбинатындағы балық сорттаушы үлкен коллектив үшін үлгі болып қалды. Ұштап ең озат, белсенді қызметкерлердің қатарында болды.


Өзінің ерлік еңбегімен Ұштап аралдық балықшылар арасында зор беделге ие болды. 1961 жылы еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық Советінің, 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкелік Советінің депутаты болып сайланды. 1965 жылы зейнетке шықты. Ол еңбекшілер депутаттары Арал қалалық Советінің депутаты ретінде қоғамдық жұмыс атқарып жүрді. Өтеулиева Ұштап 1978 жылы 31 шілде айында дүниеден озды.

ТАСПАМБЕТОВА ЖАДЫРА (1954-2010) Таспамбетова Жадыра 1954 жылы Шиелі ауданы, Иіркөл ауылдық округі, Ақтоған ауыланда дүниеге келген. Механизатор, Социалистік Еңбек Ері (1982). Еңбек жолын «Қызылту» ұжымшарында трактор, комбайн айдаудан бастады. Егіс басында байқаусызда комбайн бункерінің шнегіне аяғы ілініп, мүгедек болып қалды. Ауруханадан шыққан соң протез салынған аяғымен қайтадан трактор руліне отырды. Жадыра Таспамбетова «Қызылту» және «Телікөл» кеңшарларында еңбек еткен жылдары үнемі алғы шепте болды. Таспамбетова Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болды. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ол туралы М. Күлімбетов «Жүрегінің жолдамасы» атты кітабын жазды, белгілі ақын Х.Ерғалиев «Қыз-қисса» дастанын жазса, ақындар Д.Байдрахманұлы мен Қ.Уәлішер де поэмаларын Жадыра Таспамбетоваға арнады


Turn static files into dynamic content formats.

Create a flipbook
Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.