Өмірге өрелі fin

Page 1

ӨМIРГЕ ӨРЕЛI ӨЛЕҢ КЕЛЕТIН КЕЗ (Бүгiнгi қазақ поэзиясы хақында) Қазақ өлеңiнiң өресi туралы байсалды әңгiме қозғайтын уақыт әлдеқашан жеттi. Ол өре бүгiнгi поэзиямыздың сапасына‚ ой-пiкiрiнiң тереңдiгi мен салмақтылығына‚ өмiр материалының поэзия жанрының мүмкiншiлiгiне орай игерiлуi‚ әдебиленуi және көркемделуiне‚ күнделiктi тiршiлiктiң терең қатпарының сол бiр бiрiнен ажыратылмаған қалпы‚ табиғи түрiнде алынып‚ қорытылып‚ жыр жолдарына түсе алған‚ алмағанына‚ әдеби тiлдiң қаншалықты бұқараланғанына‚ басқаша айтсақ‚ ауызекi тiлге тән сөз қорының әдеби тiлге батыл енiп‚ оның артериясымен жаңа қанды қаншалықты батыл қуалай алғанына‚ яғни поэзия тiлiнiң жаңара‚ жаңғыра бiлгенiне‚ жалпы алғанда‚ бүгiнгi өлең-жырдың кәзiргi өмiрiмiздi қаншалықты көркемдеп көрсете бiлген‚ бiлмегенiне тығыз байланысты. Мұндай iрi мiндеттi атқару үшiн iрi дарын‚ iрi талап‚ үлкен бiлiм мен үлкен мәдениет керек. Бұл талапты қазақтың қарасөзi бiршама орындап та тастады. Ал өлеңсөзге келетiн болсақ‚ олай деп кесiп айта қою қиын. Оның басты себебi‚ кешегi 30-60 жылдарға дейiн созылып келген: “Компартия — штабым‚ сүйiктi көсем Сталин” дейтiн мадақтаудан шаққа дегенде арылған қазақ поэзиясының романтизмнiң шырмауында қап‚ шынайы реализмге батыл қадам баса алмағанында‚ шайырларымыздың “мен” деп жазылатын өлең табиғатын бiр ғана қарақан қара басында не болып‚ не қойғанын‚ ненi сезiп‚ ненi түйсiнiп‚ не туралы ойлағанын ғана қағаз бетiне түсiруде‚ кешегi үгiт-насихат өлеңдерден ат тонын ала қашып‚ қоғамда‚ елжұрттың басында болып жатқан оқиғаларға араласпауда деп саяз түсiнгендiгiнде жатыр. Мұндай жағдай 20-сыншы ғасырдың басында да қазақ поэзиясында белең алған-ды. Сұлтанмахмұт пен Сәкеннiң‚ Мағжан мен Бернияздың кейiпкердiң iшкi жан сырына ғңiлiп‚ оның қалың қатпарын аздап болса да ашуға тырысатын өлеңдерiмен бiрге қазақ өлеңiне лизирм келе бастаған-ды. Кейiнiнен олардың жолдары сан тарапқа қарай ажырап кеттi. Бұл жерде басып айтары‚ олардың қай қайсысы да қазақ қауымында болып жатқан iрi оқиғалардан жырақтап‚ тыс қала алған жоқ‚ – әркiм өз шамасынша сол тақырыпты игеруге тырысты. Ондай дүниелiктердiң бүгiнгi биiктен қарағанда қарабайырлау тартып тұратыны рас та. Оған бiрден бiр кiнәлi‚ ол кезде бiзде ақиқатшылдық (реализм) туралы түсiнiктiң қалыптасып‚ қазақ поэзиясына дендеп ене қоймағандығы едi. Осы нәрсе қазақ шайырларының кейiнгi буынына да қатты әсер еттi. Жалпы олардың денi күнделiктi тiршiлiктегi алуан түрлi жайттердi өлеңге еш те материал бола алмайды деп үстiрт түсiнiп‚ бiрыңғай романтизмнiң жетегiнде кеттi. Соның салдарынан 60-ыншы жылдары күнделiктi тұрмыс-тiршiлiктiң мәселелерiнен баз кешкен‚ алыстағы мұнарға елтiп‚ романтикаға толы‚ бауырдай ылжыраған тәттi сөздердi ғана қолданатын‚ “мен” деп өлеңнiң аясын өте тарылтып‚ жеке кiсiнiң басына ғана тән әсер‚ сыр‚ туралы жазылған (самовыражение)‚ былайша “лирика” деп аталған‚ өресi қысқа бiр қолапайсыздау поэзия қазақ топырағында iрге көтердi. Содан бастау алған‚ автордың жеке басына тән нәрселердi ғана айтатын (суреттейтiн‚ сыпаттайтын емес!)‚ бояуы онша қанық емес‚ тiлi әбден тозып бiткен‚ көркемдеушi құралдары жаңартылмаған‚ форма жағынан аз-маз өзгертiлген оңазалау өлең-жыр әлге дейiн жалғасып келедi. Былай қарағанда‚ онда бәрi де дұрыс – ұйқасы түбiрлi‚ мықты‚ ырғағы келiсiмдi‚ шумақтары бiр бiрiмен еркiн жалғасып‚ оқушының табанын жерге тигiзбей‚ жалтыраған мұз үстiне салып жiбергендей дедектетiп әкете жөнеледi. Бiрақ айтар жаңа ештеңесi де жоқ. Ондай өлең кiтаптарын оқып шыққаннан соң‚ бүгiнгi тұрмыс-тiршiлiк‚ оның iшкi иiрiмдерi‚ қайшылықтары, т.б. туралы ештеңе де ала алмайсың. Бар болғаны өлеңшi кiсiнiң iшкi сырына‚ ненi жақсы көрiп‚ ненi жек көретiнiне‚ сүйiспеншiлiк туралы түсiнiгiне, т.б. қанығасың. Автор бұл арада өзiнiң жеке басында‚ жан дүниесiнде жүрiп жатқан процестердi жалпы халыққа тән бе‚ тән емес пе‚ ел-жұрттың iшкi сырына‚ ой-пiкiрiне‚ жалпы психологиясына үйлесе ме‚ үйлеспей ме деп онша басын қатыра бермейдi‚ – бар болғаны басына шапқан ойды‚ жанында электр ағынынша жүгiрiп өткен сезiмдi өлең жолына тездетiп түсiре салады. Оларда мәселенi


түптеп қарап тексеру‚ оның байыбына барып‚ көркемдеп‚ әдебилеп‚ саналы түрде өлең жазам‚ “мен” деп сөйлеп отырған поэзия кейiпкерiнiң ойлануын‚ толғануын барынша табиғи түрде жеткiзе бiлсем‚ жалпы шынайы көркемделген поэзия жасасам деу атымен жоқ десек еш артық айтқандық емес. Жалпы осы өлеңдегi “мен” деп бiрiншi жақтан сөйлеудi бiздiң шайырларымыздың тек өзiнiң жеке басына қатысты нәрселер туралы ғана жазу деп тайыз түсiнуi бүгiнде әбден сiңiстi боп кеткен дерт сықылды боп көрiнедi. Бiзде “ол” деп жазатын өлеңшi кем де кем. Мәселе бұл жерде “мен” мен “олдың” ара қатысында емес‚ бiздiң көркемделген поэзия туралы түйсiнiгiмiздiң саяздығында‚ үстiрттiгiнде жатыр. Бiзде поэзиядағы азаматшылдық деген түсiнiктi жадағай публицистика деп ұғады. Ал кейiпкердiң жан дүниесiн ашуды жеке басының сырын‚ мұңын айту деп қана бiледi. Соның салдарынан‚ жалпы поэзия теориясы өспей‚ жетiлмей‚ дамымай қалғандықтан, көркемдеу деген түсiнiктi тек сырттай әсемдеу‚ ажарлау‚ сұлулау деп ұғынғандықтан‚ бүгiнгi поэзияның өрiсi адам таңғаларлықтай биiкке жете алмай жүр. Мұның соңы кәзiргi өлеңнiң аясын мүлдем тарылтуға әкеп соқтырып отыр. Онда автордың жеке басына‚ өмiрбаянына тән жәйттер жыртылып айрылады. Ал бұл саналы түрде жасалған шығарымпаздық (творчество) болмағандықтан‚ көбiне көп талдың бұтағына қонып ап‚ ертелi-кеш шырылдай беретiн сайрауық құстарды еске түсiре бередi. Мәселен‚ бозторғай таң алдында жерден арқан бойы көтерiледi де‚ бiр орнында тұра қап‚ кiшкене қанаттарын лыпылдатып қағып‚ тынымсыз шырылдайды. Ол бiреу менiң даусымды естiсiн‚ таңғалсын‚ әсер алсын деп сайрамайды‚ ол инстинктiң құлы‚ басқаша айтсақ‚ оның сайрауы санадан тыс‚ өз өзiнен iстелiп жатқан iс-әрекет қана. Мұнда өнер‚ саналы түрде өлең, т.б. шығарған кезде болатын процесс жоқ. Оның шырылдауы бозторғайдың инстинктi үшiн ғана керек. Ал көркемделген әдебиетте‚ жалпы өнерде‚ осындай шығарымпаздық дейтiн талап‚ өзiнiң алғашқы табиғи бастауын жоймастан‚ мүмкiндiгiнше саналы түрде‚ белгiлi бiр мақсат-мүдденi көздей отырып iске асуы тиiс. Және де ол осы саналы түрде жасаған iс-әрекетiн былайғы оқушыға көрсетпеуге‚ мүмкiндiгiнше одан жасыруға‚ аңдатпауға тиiс. Бұл өлең жанрына да тiкелей қатысты. Бiздегi шайырлардың көбi әлгiндей бозторғайдың кебiн киiп‚ соның үрдiсiмен‚ өз көңiлiне түскен әсердi‚ жан дүниесiнде болған толғаныс‚ тебiренiстi, т.б. ғана тiкелей айтып‚ бiлдiредi де қояды. Ал өнердiң басты мiндетi – бүткiл бұқараның басында болып жатқан хал-жағдайды‚ елдiң тұрмыс-тiршiлiгiн‚ не ойлап‚ не қоятынын‚ жұрттың тағдырын‚ олардың iшкi жан дүниесiн‚ психологиясын‚ айтар ойпiкiрiн, т.б. суреттеп көрсету‚ бейнелеу‚ баяндау‚ қаны‚ жаны бар кiсi бейнесi арқылы сол заманда‚ сол дәуiрде болған ақиқат болмысты‚ әр жанрдың өз мүмкiндiгiне орай бейнелеп‚ суреттеп‚ сипаттап көрсету‚ бiлдiру ғой. Мiне‚ осы iрi талаппен қарағанда‚ қазақ өлеңiндегi жетiстiктер мен кемшiлiктердi айқын аңғаруға әбден болады. Бұл жерде бiз бұрынғы жырау‚ жыршы‚ өлеңшiлерiмiздiң бай мұрасын айтып отырған жоқпыз. Синкретикаға толы‚ әлi көркемделген поэзияның өзiнiң негiзгi басты мiндетiн анықтай алмай жатқан кезеңiндегi жыр‚ толғау‚ терме‚ өлеңдердi бүгiнгi поэзияға қойылатын талаппен тексерiп‚ қарастырудың қажетi жоқтығын ашық айтуға тиiспiз. Себебi ол дүниелер кезiнде үгiт-насихат‚ тәлiм-тәрбие‚ ақыл-кеңес‚ мақалдау‚ кеуiл көтеру‚ сын-сықақ, т.б. тәрiздi неше түрлi қызмет атқарды. Бұл кең даланың‚ бүгiнгi түсiнiк бойынша‚ нағыз “жадағай‚ тура шабуылға шығатын публицистикасы” едi. Ал шынайы көркемделген поэзияның негiзгi басты мiндетi бұл емес. Бүгiнгi поэзия сондай iрi талапты‚ ар-ұждан‚ ар-ұят‚ адамгершiлiк‚ жақсылық пен жамандық‚ сүйiспеншiлiк, т.б. дейтiн мәселелердi тiкелей жадағай күйiнде емес‚ мүлдем басқаша ыңғайда‚ өмiр материалын саналы түрде екшеп тексерiп алып‚ көркемдеп‚ сол қауымүа‚ ел-жұртқа тән етiп‚ басқаша айтсақ‚ тәндестiрiп (типизация)‚ жанрдың мүмкiншiлiгiне орай көркемдеп көрсетуге‚ бейнелеуге‚ сипаттауға‚ бiлдiруге тиiс. Өкiнiшке орай‚ бүгiнгi қазақ поэзиясына осы қасиет мүлдем жетiсе бермейдi. Бiздiң шайырларымыз көбiне-көп әлгi боз даланың төсiнде арқан бойы ұшып шығып‚ бiр орнында тұрып ап‚ барынша сайрай беретiн бозторғайды ойға оралтады. Осы өз қарақан қара басына тән нәрселердi


бiлдiру‚ айту дейтiн талап әлге дейiн созылып келедi. Одан тыс‚ бiздiң өлеңшiлерiмiздiң жалпы мәдени деңгейi‚ бiлiмi‚ сауаттылығы‚ қарасөзшiлерге қарағанда‚ анағұрлым нашар‚ төмен. Мұны өз заманында: “Мы все учились понемногу‚ чему-нибудь и как нибудь”‚ – деп Пушкин айтып та кеткен-дi. Бұдан басқа‚ ендiгi бiр үлкен кемшiлiк – қазақ шайырларының көпке дейiн орыс поэзиясы арқылы бiзге жеткен романтизмнен арыла алмауы едi. Ол кешегi сексенiншi жылға дейiн созылып келдi. Оның әсерi әлi де ара-тұра сезiлiп қалады. Бұл арада сонау жетпiсiншi жылдары дүркiрей шыққан Т.Айбергеновтiң өлеңдерiнiң кейiнгi жастарға қатты ықпал‚ әсер еткендiгiн айта кеткен жөн. Оның қайыру бермей‚ бет-бетiне тым-тырақай қаша жөнелген ағын судай‚ ырғағы аса қатты‚ қарқынды‚ “бұрқыраған” өлеңдерiнiң әлi бойында күш-қуаты сарқыла қоймаған жас шайырларға қаншалықты әсер ететiндiгiн айтып жатудың өзi артық. Бiрақ жастық өтедi‚ iзiнше есею дәуiрi келедi. Мәселе осы есею кезеңiнiң өте ұзаққа созылып кетпеуiнде жатыр. Мұндай жағдайды қазақтың көптеген шайырлары бастарынан кештi. Сонау 1950-60-ыншы жылдары әдебиеттiң табалдырығынан аттаған ұ.Қайырбеков‚ I.Мәмбетов‚ З.Шүкiров‚ Е.Ибраһим‚ С.Жиенбаев‚ Т.Молдағалиев‚ Ә.Абай дiлданов‚ Ш.Мұхамеджанов‚ Ж.Нәжiмеденов‚ Б.Әбдiразақов‚ Ж.Қыдыров және басқалардың поэзиядағы тағдыр-талайы әр түрлi болды. Бұлардың қай-қайсысы да романтизмi жетерлiк Қ.Аманжоловтың мектебiнен өткен болатын. Кейiннен әлгi шайырлардың бiразы‚ романтизмнен толық қол ғзiп кете алмаса да‚ басқа бiр ыңғайда көрiндi. Кейбiрi баяғы жас кезiлде таңдап алған ескi сүрлеумен жүре бердi. Соның әсерiнен сол әдiске тән‚ күнделiктi тұрмыс-тiршiлiкте қолданылатын сөздерден жерiнген‚ өте асқақ‚ сырты лак жаққандай жылтыраған қызық бiр сөз қоры‚ лексика пайда болды. Олар өлеңдерiнде ай‚ жұлдыз‚ ақша бұлт‚ нөсер‚ ақ жаңбыр‚ мөлдiреген шық‚ ай‚ күн‚ сезiм‚ мөлдiр махаббат‚ аяулы‚ ақ маңдай‚ т.б. дейтiн сөздердi қолданбаса‚ арам өлiп қалатындай көрдi. Бұл шайырлардың қай-қайсысына да В.Маяковский поэзияға батыл енгiзген көшенiң‚ қарапайым кiсiлердiң тұрпайы‚ қарапайым сөздерi‚ жаргоны‚ ауыз-екi сөйлеу тiлiнiң мәнерi мүлдем жат болатын. Олар сырты жылтыраған iшi қалтыраған‚ “әдемi” сөздердi ғана қолдануға тырысты. Олар А.Феттi‚ А.Майковты т.б.‚ “өнер өнер үшiн” дейтiн ағымүа бас игендердi құдай тұтты. Осы үрдiстен өмiрлерiнiң ақырына дейiн жаңылмаған‚ басқа жаққа бұрылмаған Қ.Шаңғытбаев пен С.Жиенбаев едi. Мен Шаңғытбаевтың өлеңдерiн мектепте жүргенде Қызылордадан шығатын облыстың газетiнен оқыған едiм. “Арал қызына”‚ “Қызу қуу” деген өлеңдерiнде А.Пушкиннiң әсерiнiң барлығын аңдағанмын. Ол кездерi ауылдағы клубта “Қыз бен жiгiт” дейтiн фильмдi күнде көрсетiп жататын-ды. Сонда дәл осы қыз қуу дейiн ойын болатын. Бiрақ со кезде-ақ үлкен кiсiлер бұрынғы қазақта ондай ойынның болмағандығын‚ алқа топтың көзiнше ешқандай да кiсiнiң өз қызын қуалатып‚ бетiнен сүйгiзiп қоймайтындығын‚ мына ойынның өтiрiк‚ жалған екендiгiн айтып отыратын-ды. (Кейiннен соның растығына көзiм жеттi‚ – Б.А.). Қ.Шаңғытбаев‚ мiне‚ осы әлдеқандай режиссердiң ойдан шығарған “қазақы ойынын” ойланбай ала сап‚ арнайы өлең жазды. Ол кезде “қызға қырық үйден тыю” деген заңның барлығын да‚ ол кезде ата-анасының көзiнше қыздың бетiнен сүю дейтiннiң өлiм екенiн де ескермедi. Бұл оның өткен тiрлiктi бiлмейтiндiгiн‚ оның тереңiне бойлай алмайтындығын анық көрсеткен едi. Бұл өз алдына. Мен соның алдында көп бұрын Қ.Аманжоловтың Қ.Шаңғытбаевтың “Ар” дейтiн жинағы туралы жазылған эпиграммасын оқыған едiм. Бұдан басқа Қ.Шаңғытбаев туралы ештеңе де бiлмейтiнмiн. Кейiнiнен Алматыға кеп‚ оқуға түскен соң‚ оны таныс бiр кiсi кешегi елуiншi жылдары қудаланған‚ әбден таяқ жеген бiреу етiп көрсеттi. Әрине‚ мен оған онша сене қойған жоқпын. Кейiнiнен 1967-1970 жылдары “Лениншiл жас” газетiнде қызмет iстеп жүрген кезiмде сол газеттiң ескi тiгiндерiн ақтарып отырып‚ бiр жерде 1951 жылдары Н.Ғабдулиннiң Қ.Шаңғытбаев туралы жазған мақаласын кездестiрдiм. Ол мақала аздап


баяғы ұрдажық сынның ыңғайында жазылған екен‚ бiрақ сыншының қапы жiбермей ұстап тұрған жерлерi де баршылық едi. Оның үстiне, мен ол кезде “Ар” дейтiн жинақты оқыған емес едiм. Содан арада бiр-екi жыл салып‚ оның “Аққу әнi” дейтiн кiтабы жарық көрдi. Мен қызбалыққа салынып‚ Қ.Шаңғытбаевты репрессия жылдарында қиыншылық көрген кiсi ғой деп ойлап‚ әлгi жинақтың iрi-iрi кемшiлiктерiн көре тұра‚ көз жұмбайлық жасап‚ рецензия жаздым. Кейiннен өзiмнiң қателескенiме көзiм жеттi. Оның 1976 жылы жарық көрген таңдамалы өлеңдерiнiң жинағын оқып отырып‚ (Соның iшiнде “Ар“ да бар‚ – Б.А)‚ шайырдың ешқандай да диссидент еместiгiн‚ Кеңес үкiметiне қарсы бiр де бiр жол жазбағанын‚ керiсiнше‚ арнау‚ қолпаштау өлеңдерiн тоғыта бергенiн анық көрдiм. Бұған оның “Отан“‚ “Бауыржан Момышұлына“‚ “Төлеген Тоқтаровтың суретiне“‚ “Алматыдағы 1-шi Май”‚ “Ленин“‚ “Жұбан Молдағалиевке”, “Тыңға барғанда”‚ “Қысқы Сарайға алғаш енген солдатқа”‚ “Фрунзеге барғанда”‚ “Алматыдағы Ленин ескерткiшi”‚ “Миртемирге”‚ “Түркстан”‚ “Октябрь таңы”‚ “Лумумба өлгенде”‚ “Вакх жыры”‚ “Поль Робсонға”‚ “Тәжiк достарды қарсы алу”‚ “28 комиссар музейiнде”‚ “Москвада”‚ “Россияға”‚ “Совет елiм‚ сақи елiм”‚ “Дубосеково зиратында”‚ “Рахмат Файзиға”‚ “Шекарада”‚ “Байсынтаудағы кездесу”‚ “Тойда”‚ “Тәббәссум” кафесiнде”‚ “Лена толқынында”‚ “Правдаға”‚ “Керекуге хат”‚ “Тағы да миллиард”‚ “Балқаш қаласында”‚ “Жас партизан сыры”, т.б. дейтiн өлеңдерi куә. Осы таңдамалыға енген 156 өлеңнiң 50-ден астамы осындай арнау‚ барабанды қатты-қатты дүңкiлдете соғатын қызыл сөздi қымызша сапырған‚ оны қарға аунаған түлкiдей етiп әрлi-берлi ойнақшытқан‚ айтар маңызды ештеңесi жоқ‚ салмағы жеп-жеңiл‚ сырты жылтырақ‚ iшi қалтырақ‚ мазмұны өте тайыз даңғаза дүниелер. Кеңес заманын дәрiптеген мұндай өлеңдер үшiн ол уақытта ешкiм де қудалаған жоқ‚ – керiсiнше, ол үшiн үлкен сыйлық‚ атақ-абырой алды. Қ.Шаңғытбаевтың табиғат‚ Алматы‚ Алатау‚ Едiл‚ туған жер‚ сүйiспеншiлiк, т.б. туралы жалпылама түрде жазған өлеңдерiнде сырты жылтыраған сөздердi теру‚ жалған әдемiлiкке құмарту‚ стильдiң сыртқы сықпытына баса назар аудару өте басым. Оның өлеңдерiнде жаңа ой‚ жаңа теңеу‚ метафора‚ кейiпкердiң iшкi дүниесiндегi толғаныс‚ күдiк‚ сенiм‚ неше түрлi күйзелiс, т.б. атымен жоқ. Шайыр тек өзiнiң қарақан қара басында не болып‚ не қойғанын айтумен ғана шектеледi. Оның шығармаларындағы сөз қоры: Өрттей қаулап‚ нарттай лаулап (?) қыр гүлi‚ Май бұрқырап (?) тұрған кезде қырмызы (?)‚ Мәрмәр тұяқ (?)‚ меруерт кекiл‚ қан күрең (?) құлын келдi дүниеге бiр күнi. Шалқар шұғла (?)‚ дарқан шуақ себездеп (?). Гүл қауыздай дүр-гәуһарын ашты өмiр (?), т.б. – тәрiздi боп келедi. Шайыр араб‚ фарсы сөздерiн реттi-ретсiз қолдануға‚ стильдiң сыртқы жылтырағына тым әуес. Өкiнiшке орай‚ жалған үгiт-насихаттың нәтижесiнде Қ.Шаңғытбаевтың жеңiлтек поэзиясы кейiнгi жастарға қатты әсер еттi‚ бiразы соның ыңғайында‚ кеуiл көтеру дәрежесiндегi өлеңдердi тоғыта жазуға белсене кiрiсiп кеттi. Мұның қазақ өлеңiнiң өресiн өсiре қоюы өте қиын. С.Жиенбаев та алғашқы өлеңдерiнде-ақ өз басынан кешкен неше алуан жәйттердi қағазға түсiруге құлшынған едi. Оның‚ әсiресе‚ ұлы соғыс тұсында тап келген балалық шағы‚ ауыл кiсiлерiнiң тағдыр-талайы, т.б. туралы жазған дүниелерi әсерлi‚ олардан бiр


жылы леп еседi. Ол бiр өлеңiнде: “Жан достарым‚ дәл осылай басталған ұзақ жолым – менiң өмiрбаяным” ‚ – деп‚ өзiнiң негiзгi басты мақсатын ашық айтады. Соғыс кезiндегi ауылдағы қиыншылық‚ нанға жарымаған жүдеу тiршiлiк‚ қара жамылған үйлер туралы айта кеп: “Өмiрге келген жоқпын күйеу болып‚ ол маған тегешке сап төс бермедi”‚ – деп балалық шағынан бiр сыр аңғартып өтедi де: Болса егер жұмбақ бiр мықты дүниенi түгел шайқаған‚ бiз көрген барлық сұмдықты көрсетсе оған қайтадан‚ – деп‚ тосын бiр ой айтады. Жалпы оның осы бала кезi туралы жазған өлеңдерiнен бiр жылылық сезiледi‚ сәттi табылған жолдар жетерлiк. Майданға бар киiмдi жиып берiп‚ көк мұзда жүгiрушi ек жалаңаяқ. Әйтеуiр‚ ошағынан от өшiрмей‚ шаңырағын бiр-бiр үйдiң тiреп қалдық. Сол кезде ер-азамат орнында жүрiп жұмыс жасаған‚ қыз салтанатын дұрыстап та құрып үлгiрмей жатып қиыншылықты жалпы жұртпен бiрге көрген қыз-келiншектер туралы да шайыр шұғылаға‚ шуаққа толы‚ жылы сөздер табады: Түрлерiн iздеп көйлектiң‚ таңдап та кимей кеттiңдер. Оның “Хат” дейтiн бiр жақсы өлеңгi бар. Онда ауыл мектебiнде оқып жүрген жас баланың майданда соғысып жүрген әкесiне жиi-жиi хат жазатыны айтылады. Ол әкесiн қаншама сағынып хат жазған сайын‚ еш жауап келмейдi. Бiрақ бала хат жазудан жалықпайды. Сөйтiп үлкен бiр шаруаны тындырғандай боп жүрген оның кеуiлiн құлазытқан бiр оқиға болады. Бiр күнi ауыл поштасына... оның жазған хаттарының бәрi керi қайтып келедi. Оралды бiр күн... даланың сiңiрiп жалын‚ аптабын‚ сабылтып майдан алабын‚ сорғайып кеткен хаттарым‚ – деп‚ соғыс кезiндегi бiр қиын да қатал шындықты әсерлi жеткiзедi. Бұл шумақтың орысша ойланып құрылғанына қарамастан‚ баланың әкеге деген барша ықыласын‚ сүйiспеншiлiгiн арқалаған‚ осының символы ретiнде көрiнетiн хаттардың керi қайтып келуi кiм-кiмдi де толғандырмай қоймайды. Сағидың осы соғыс кезiндегi ауыл тiршiлiгi туралы жазған “Солдатқа хат”‚ “Сүт туралы баллада”‚ “Сыртта боран ұлып тұр”‚ “Тұлып”‚ “Асықтық сауық‚ тойларға”‚ “Оң аяқ”‚ “Сенбеймiн”‚ “Медаль”‚ “Әйелдер”‚ “Майданнан келген ағайлар”‚ “Менiң құрдастарым” дейтiн өлеңдерiнiң шоқтығы биiк‚ оларда сәттi табылған деталь‚ теңеулер жетерлiк. Оның стилiне метафора мүлдем жат‚ тiпте оны жоқ десе де болады. Және бiр айтары‚ Сағи өз тұстастарының iшiнде өлең техникасын‚ жазу мәдениетiн өте жақсы меңгерген шайыр. Оның өлеңдерi еркiн‚ төгiлiп отырады‚ шумақ пен шумақтың арасы еш кедiр-бұдырсыз табиғи түрде байланысып келедi. Оның бояуы өте қалың емес‚ қарапайымдылық басым. Сағидың алғашқы өлеңдерiнде реализм шарты


анық көрiнетiн. Бiрақ... неге екенi белгiсiз‚ ол кейiнiнен жалған әсемдiктi‚ сұлулықты күйттеп‚ әсiре романтизм арнасына түстi де кеттi. Ендi оның өлеңдерiнен тiршiлiктiң терең қатпарына үңiлген‚ соның сырын айқара ашуға тырысқан‚ қоғам мен адамның арасында болып жатқан қайшылықтарды тап басып ұстауға ұмтылған iрi талапты көру мүлдем мүмкiн болмай қалды. Оның орнына шайыр күнделiктi тiршiлiктен мүлдем аулақ қиялдағы мұнартқан бiр елестердiң жетегiне ерiп‚ романтикаға толы өлеңдер жазды. Ол өмiрдiң тек күнгей жағын ғана көруге тырысып‚ тiрлiктiң iшкi драматизмiнен бойын мүлдем аулақ салды. Оның үстiне жол-сапар туралы жазылған өлеңдердi көбейiп кеттi. “Ақтөбе әуендерi”‚ “Елестеп өттi алдымнан”‚ “Атырау саздары”‚ “Дарияның арғы жағы‚ бергi жағы”‚ “Сыр әуендерi”‚ “Көкше көрiнiстерi”‚ т.б. дейтiн сыртқы әсер жайлы ғана сөз қозғайтын қарабайыр очерк тәрiздi дүниелер топыла бердi. Бұларда үстiрттiк‚ көп сөздiлiк‚ шұбалаңқылық айқын көрiндi. Ол Қ.Шаңғытбаевша сыртқы жылтыраққа онша құмар болмаса да‚ өз стилiн өте қарабайырландырып алды. Ең бастысы‚ – шайыр өзi өмiр сүрiп отырған кездiң шындығын iшкi қайшылығымен бiрге көрсете бiлмедi. Оның өлеңдерiнiң салмағы жеңiлейiп‚ мән-мағынасы кемiп‚ оқушы жұртшылықтың назарын өзiне аудара қоймайды. Бұған тағы да С.Жиенбаевтың өз бойына жұқтырған‚ одан арыла алмаған бiр жақты романтизм эстетикасының әсерi кiнәлi едi. Қазақ өлеңiнiң қыры-сырын жетiк бiлетiн‚ оның техникасын жақсы меңгерген шынайы сөз ұстасының әдебиетте жеңiлдiң астымен‚ ауырдың үстiмен кеткен бұл бiр жағдайы кiсiнi қатты ойлантады. Мұндай жағдай басқа да шайырларымыздың басында болды. Ең басты кемшiлiк – олардың реализмдi жер бауырлаған әдiс деп‚ асқақ‚ күнделiктi тiршiлiктен мүлдем аулақ тұратын‚ қиялдағы мұнарға қарай жол сiлтейтiн жалған романтизмдi таңдап алуында жатқан едi. Соның салдарынан қазақ поэзиясына реализм‚ ақиқатшылық әдiсi бiрден‚ опоңай ат iзiн сала қойған жоқ. Ол неше түрлi тар жол‚ тайғақ кешуден өттi. Оның себебi де жетерлiк болатын. Мәселен‚ Қ.Аманжолов‚ А.Жұмағалиев‚ Қ.Бекхожин‚ алғашқы кездегi Ә.Тәжiбаевтар Байронның орыс әдебиетi арқылы бiзге ауысқан бiрыңғай асқақ романтизмнiң ауқымынан шыға бiлмедi. Ә.Тәжiбаев болса: “Мен де Сырдың Гейнесiмiн”‚ – деп‚ көпке дейiн сол әдiстен қол ғзiп кете алмады. Тек оның алпысыншы жылдары жазған “Сыр жырларында” ғана ақиқатшылдық қылаң бердi. Бұған дейiн реализм аясында өлең жазған С.Мәуленов‚ Х.Ерғалиев және Т.Бердияровтар қана едi. Кезiнде Сырбай Мәуленов өз бағасын алды‚ ол туралы талай сын мақала жазылды. Шайыр Қ.Аманжоловтан жұқтырған романтизмнiң әсерiнен онша ат құйрығын кесiп кете алған жоқ‚ – ол реализм мен романтизмнiң екi арасында әрлi-берлi толқумен болды. Ақырында ол да шынайы ақиқатшылдыққа ат басын тiредi. Сырбай кезiнде көп жазған‚ өңдiре жазған шайыр. Ол туралы сөздi оның шығарымпаздығына арнайы тоқтап‚ өлеңдерiн жан-жақты‚ жерiне жеткiзе талдап айтқан дұрыс. Сол себептi бiз бұл арада шайырдың шығармаларына жалпылама берiлген сипаттамамен ғана шектелмекпiз. Соғыстан соңғы жылдары қазақ поэзиясына реализм әдiсiн алып келген‚ оны батыл енгiзген Х.Ерғалиев пен Т.Бердияров болатын. Қанды қырғынның нақ ортасынан шыққан олардың айға‚ жұлдызға қарап‚ жапырақ санауға‚ тiршiлiктен тыс тұрған‚ әуейi романтик кейiпкерлердiң бейнесiн сомдауға ықыласы да‚ ниетi де болмаған едi. Өмiрдiң қатал шындығы екеуiн де романтизмнен ерiксiз аулақ әкеттi. Екеуi де тiршiлiктiң ащы-тұщы шындығынан бас тарта алмады. Соның iшiнде Х.Ерғалиевтiң реализмi‚ негiзiнен‚ оның үлкендi-кiшiлi поэмаларында көрiнедi. Жалпы ол дастан жанрын дамыту iсiне көп үлас қосқан шайыр. Бұл салада оның шыққан биiгi де‚ топ етiп түскен ойпаңы да жетерлiк. Бiрақ шайырдың дастандарында көрiнген кең қарымы оның өлеңдерiнде көрiне қойған жоқ. Жалпы онда өлең жанры жеңiнен етек жаймай қалды. Тек соңғы жылдары жазған сонеттерiнде Х.Ерғалиев басқа бiр қырынан‚ ойшылдығымен көрiндi. Бiрақ қазақтардың табиғатына‚ өлең туралы түсiнiгiне мүлдем қайшы келетiн‚ Батыс Европа әдебиетiне тең сонет формасы оның кеңiнен құлаш сiлтеуiне‚ еркiн көсiлуiне көп кесiрiн тигiздi. Бұл


арада шайырдың бiр кездерi Шекспирдiң атақты сонеттерiн аударып‚ жеке кiтап етiп шығарғанының өзiне үлкен әсер еткендiгiн айта кеткен жөн. Сол әсердiң ықпалынан шыға алмай‚ Х.Ерғалиевтың сонет формасының мүлдем жасанды‚ аясы‚ өрiсi тар екендiгiн ескермей‚ оны қазақ поэзиясына зорлап енгiзем деген талабының түптiң түбiнде терiске шығатынын аңдамағаны ойлантады. Осы сонет формасы‚ бiрiншiден‚ таза қазақша ойлайтын кiсiнiң миына‚ сөйлеу үрдiсiне‚ бұрыннан өлеңсөздiң қалып алған дағдысына сыя бермейдi. Ол форма аудармада сақталып жатса бiр сәрi. Ал оны қазақ өлеңiнiң формасы‚ бiр түрлi ретiнде батыл енгiзем деу (Дантенiң терцинасы да сондай!)‚ ең алдымен‚ бiздiң таза қазақша ойлауымызға сай келе бермейдi. Мұны Х.Ерғалиевтiң сонеттерiн оқып отырғанда‚ айқын сеземiз‚ – оқушы бiр түрлi қазақы ердiң орнына жасанды пласмасса ерде отырғандай абыржып бiтедi. Бұл өлеңдi толық қабылдауға мүлдем керiсiнше әсер етедi. Қазақ поэзиясында реализм үрдiсiнен танбай‚ көп уақыт бойы басқа арнаға ат iзiн салмаған Тоқаш Бердияров қана. Ол кезiнде‚ қайтыс болғаннан соң да‚ әр түрлi себептермен өзiне лайқат бағасын ала алмады. Оны бүгiнгi таңда да алған жоқ. Жалпы бүгiндегi әдеби сын мақалаларды оқып отырып‚ ол жөнiнде бiр де бiр сөздiң қозғалмауы‚ өлеңдерiнiң тiлге тиек етiлмеуi тек қана әдiлетсiздiк ретiнде сезiледi. Шын мәнiнде‚ Тоқаш Есениннiң өлеңдегi тәжiрибесiн қазақ поэзиясына алғаш рет әкелген және де оны қазақы ойлам‚ түсiнiкке сай етiп‚ жаңғыртып‚ қазақтың тұрмыс-тiршiлiгiне лайықтап қолданған шайыр. Ол нағыз суреткер. Шайырдың‚ әсiресе‚ ауыл‚ соғыс кезi‚ бала шағы‚ жеңгелерi‚ табиғат, т.б. туралы өлеңдерiнде жылы интонация‚ ауыз-екi сөйлеу тiлiнiң мәнерi‚ сылқым сурет‚ мықты метафора‚ тосын теңеулер жетерлiк. Оның тiлi аса қарапайым‚ онда халық тiлiнiң ең бiр терең қойнауынан алынған сөздер жиi ұшырасады. Мен оның барлық өлеңдерiн бұл шолу мақалада талдап жатпаймын‚ – ол басқа бiр мақалада кеңiнен айтылатын шаруа. Тек осы арада шайырдың стилiн айқын көрсетер бiрнеше үзiндi келтiре кетемiн. Қыс бойына жан-жағы омырайған маялардың бөксесi бұлтиыпты. Адымдап бара жатты бағаналар аралап шексiз‚ шетсiз дән даласын. Көл бетiн сызғылаған омыраулап‚ ақ қаздар айнымайды ақ желкеннен. (Дала көрiнiсi) Бүрмелi көйлегiнiң етек жағы түсiп тұр ағытылып тобығына. Салалы адыр-бұдыр тамырлары қыранның топшысындай тас қарпыған. (Қарағай) Көк аспанның дөңгелек суатындай сыз бердi алдымыздан туатын ай. Ақ ұлпақ қар ат қылып мiнiп апты


бағанның гуiлдеген момын сымын. (Қысқы жолда) Күн шуақта көк сиыр көк бұзауын кедiр-бұдыр тiлiмен жалайды кеп. (Көк сиыр), т.б. Мұндай суретке‚ теңеуге толы жолдар‚ жалпы‚ Тоқаш өлеңдерiнде өте көп. Және де олар шайырдың негiзгi көздеген мақсат-мүддесiне орай таңдалып‚ iрiктелiп алынады. Оның өлеңдерiнде бейсеубет тұрған жолдар‚ сөздер атымен жоқ. Әсiресе‚ оның ауыл кiсiлерi‚ олардың тұрмыс-тiршiлiгi‚ қам-харакетi‚ аға-жеңгелерi, т.б. туралы жазған шығармалары аса бiр шыншылдығымен баурап алады. Ол табиғаттың суретiн де өлең жолдарына асқан бiр ұсталықпен қондыра бiледi. Тоқаштың стилi қазақ поэзиясында әлге дейiн жеке-дара тұр‚ ол өзгелерге мүлдем ұқсамайды. Әрi ол қазақ поэзиясына ауыз-екi сөйлеу интонациясын өз заманында батыл енгiзгендердiң бiрi‚ тiпте бiрегейi. Мiне‚ осындай шынайы ақиқатшыл‚ сыршыл өлеңдерiмен қоса Тоқаш газет поэзиясына да‚ басқаша айтсақ‚ публицистикалы өлеңдерге де көп қол созды. Оның дастандары да осы ыңғайда жазылды. Кейде шайырдың құр дiлмарсуға‚ шешендiкке‚ тақылдақтыққа салынып кеткен кездерi де жоқ емес. Әрине‚ оның ол заманда‚ Сырбайша айтсақ: “Жақсы өлеңдi жаман өлең асырайды”‚ – дейтiн талаптан туындап жатқанын түсiну онша қиын да емес. Бiзге бұл жерде керегi – қазақ шайырларының басщасынан кещесiне дейiн үгiтнасихат пен романтизм аясынан шыға алмай жүргенде‚ оның өмiрдiң өзiне тура қарауы‚ тiрлiктiң материалын әдебилеп‚ өңдеп игерсем‚ жалпы халықтың‚ өз қатарластарының ой-арманын‚ жан дүниесiн‚ пiкiрiн, т.б. өлең арқылы суреттеп көрсетсем‚ сипаттасам‚ бiлдiрсем деуiн‚ шын мәнiнде‚ сонау 50-60-ыншы жылдарда жасалған аса батыл қадам деп бағалағанның еш артықтығы жоқ. Өкiнiшке орай‚ кезiнде ол туралы қазақтың әдеби сыны жұмүан аузын ашпауы. Бүгiнде де солай. Ендi ол туралы нағыз шынайы сөздi айтатын уақыт жеттi. Осы жерде хас суреткерге тән қырағы көзi бола тұра, Т.Бердияровтың халықтың ойпiкiрiн‚ жан дүниесiн бақ-талайын, т.б. жан-жақты‚ неше алуан қырынан жарқыратып көрсете алмағанын ашық айта кеткен жөн. Ол өзiнiң не сезiп‚ не қойғаны туралы жазатын өресi тар шайыр еместiгiне қарамастан‚ әлгi үлкен талаптың үдесiнен шыға алмай‚ толық кемелдiкке жете бiлмедi‚ – әлеуметтiң басындағы ахуалды‚ көбiне‚ жадағай‚ сырдаң публицистика тұрғысынан қарастырды. Тоқаштың ондай дүниелерiнде жаны бар‚ қаны бар адам жоқ. Оған да жан-жақты қарастырылған‚ кемел‚ төрт құбыласы түгел келген салмақты дүние жасау жағы бұйырмас болмады. Осы арада сондай iрi талапты өнердiң басқа бiр саласында жүзеге асырған басқа бiр iрi дарын‚ композитор Ш.Қалдаяқов ойға оралады. Мен Шәмшiнi 1965 жылы алғаш рет университетте болған кездесу кезiнде көрген едiм. Сонда “Есiмде” деген оның өзiнiң алғаш рет Роза Бағланова орындаған болатын. Сол кездесуде Шәмшi мiнберге шығып сөйледi‚ жұрттың сұрағына жауап бердi. Қуақылау‚ сөз тапқыш‚ дiлуар кiсi екен. Одан кейiн мен оны 1967 жылы “Лениншiл жас” газетiнiң редакциясында көрдiм. Сол жылы ол комсомолдың сыйлығын алған болатын. Редакцияға жақында ғана жарық көрген әндер жинағын әкеп тарту еттi. Содан кейiн ол‚ неге екенiн бiлмеймiн‚ менi шақырып ап‚ “сыртқа шығайық” дегендей ыңғай танытты. Бiз сыртқа шығып‚ Гоголь мен Бейбiтшiлiк көшесiнiң қиылысындағы жерге келдiк. Сол жерде қызыл шарап құйып сататын едi. Шәкең бiр қырлы стақанды тартып жiбердi де‚ рахмет айтып‚ қазақ радиосына кеттi. Мен одан кейiн Шәмшiмен жақындасқан да‚ кездесiп


сөйлескен де емеспiн. Менiң сонда байқағаным‚ – о кiсi өте қазақы екен‚ басқа аспаптарды қалайша тартатынын бiлмеймiн‚ мандолинаны өте жақсы тартады екен. Ол Тәшкендегi музыка училищесiнде оқып жүргенде‚ Алматыдағы консерваторияға ауысқанын‚ бiрақ оны бiтiре алмай‚ тастап кеткенiн сөз арасында айтып та қалған едi. Сол бiр 60-ыншы жылдары қазақ жастары арасына вальс биi кең тараған болатын. Мiне‚ осы жәйт Шәмшiнiң барлық әңдерiнiң ырғағына‚ құрылысына қатты әсер еттi. Ол өзiнiң әндерiн‚ негiзiнен‚ вальс ырғағымен‚ басқаша айтсақ төрт те үш (3/4) ырғағымен шығаруға тырысты. Оның атақты “Ақмаңдайлымы” сол кезде елдiң аузынан түспейтiн ән болды. Кейiнгi әндерi де сондай едi. Тек төрт те екi немесе төрт те төрт ырғағымен шығарылған әнi “Менiң Қазақстаным” мен “Бәрiнен де сен сұлу” ғана. Осы ыңғайдағы басқа да бiрнеше әнi бар. Және бiр қызығы‚ Шәмшiнiң әндерiнiң сазы‚ мелодиясы бұрынғы композиторлардан мүлдем бөлек. Мәселен‚ С.Кәрiмбаев‚ Б.Байқадамов‚ Ә.Еспаев‚ Н.Тiлендиев‚ С.Мұхамеджановтардың әндерiнен қазақтың халық әндерiнiң үрдiсi‚ мелосының табиғаты‚ әннiң ырғағы, т.б. айқын сезiледi. Олардың әндерiнiң ырғағы‚ негiзiнен‚ халық әндерiндегiдей төрт те екi немесе төрт те төрт боп келедi. Вальс ырғағы рабайда ғана кездеседi. Рас‚ Шәмшiге дейiн Л.Хамидидың “Қазақ вальсы” болған. (Шәмшi консерваторияда Хамидидiң класында оқыған!) Шәмшiге қатты әсер еткен де осы вальс едi. Оның “Ақмаңдайлымынан” осы әннiң әсерiн айқын аңдауға болады. Бiрақ Л.Хамиди вальс ырғағымен жазылған әндердi әрi қарай дамытпады. Шәмшiнiң ерекшелiгi – сол өзi алғаш рет қол созған талабынан қайтпады‚ – соны әрi қарай өрiстеттi. Бұл қазақ әнi үшiн тың‚ жаңа ырғақ едi. Оның үстiне, оның әндерiнде орыс романсының әуенi де бар болатын. Әрi қазақтың халық әндерiнiң сазы да тән едi. Штраустың музыкасы және әсер еттi. Мiне‚ осының бәрiнiң басы қосыла кеп‚ бөлек бiр саздың‚ әуеннiң басын құрады. Осыларды тексере қарағанда‚ Шәмшi музыкасының тiлiн мүлдем қазақы деуге де‚ мүлдем Европа сазына тән (Штраус!) тiл деуге де болмайды. Бұл түрi-түсi бөлек синтез! Және бiр айтары‚ оның әуенi бiр ыңғайлы боп келедi. Алуан түрлi саз жоқ. Диапазоны онша кең емес. Соған қарамастан, Шәмшi сонау 60-70-iншi жылдарғы жастардың‚ жалпы елдiң кеуiл күйiн музыка тiлiмен жан-жақты жеткiзе бiлдi. Оның әндерiнiң тақырыбы сан алуан. Елжұрт‚ туған жер‚ ата-ана‚ сүйiспеншiлiк‚ Отырардағы той‚ Мойынқұмдағы жайлау, т.б. туралы шығарылған әндер оның құлашының кеңдiгiн көрсетедi. Бұл әндер композитордың бiр ғана жеке басына тән кеуiл күйдi бiлдiрмейдi‚ керiсiнше‚ бүткiл елге тән кеуiлкүйдi‚ сезiмдi‚ текст арқылы неше түрлi ой-пiкiрдi бiлдiредi. Яғни‚ бұл әндер Шәмшiнiң шынайы суреткер екендiгiн айқындайды. Ол музыканың өз мүмкiндiгiне орай сол кездегi халық басында болған кеуiл-күйдi‚ ой-пiкiрдi саз тiлiмен жеткiзе алды. Менiң мұны айтып жатқан себебiмнiң сыры — сыршыл өлеңнiң де музыкасымен ұқсас жерлерiнiң көптiгiнде жатқандығы. Бiрақ поэзияда сөздiң бiлдiру‚ айтумен қоса‚ суреттеу‚ сипаттау, т.б. дейтiн басқа да артық жақтары бар. Сондай мүмкiндiгi барлығына қарамастан‚ онымен қатарлас қазақ шайырларының ешқайсысы да сол кездегi халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн‚ жан күйiн‚ ой-пiкiрiн Шәмшiше жан-жақты‚ кеңiнен толық етiп‚ тәндестiрiп‚ көркемдеп‚ жырлай алмады. Олар өйтудiң орнына‚ өздерiнiң қарақан қара басының не сезiп‚ не қойғанын жазумен ғана болды. Ал шынайы поэзияның мiндетi бұдан мүлдем басқа. Олардың өлеңде Шәмшiнiң дәрежесiне көтерiле алмай қалған себебi де осыдан болатын. Мiне‚ осы арада өзiнiң не сезiп‚ не қойғандығын ғана өз поэзиясына басты мақсат етiп алған‚ халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн‚ жан дүниесiн‚ ой-пiкiрiн, т.б. толық етiп жан-жақты суреттесем‚ бейнелесем‚ сипаттасам деген талапқа онша көңiл бөлмеген‚ Шәмшiмен бiр заманда тiрлiк кешкен М.Мақатаевтың өлеңдерi бiрден еске түседi. Оның себебi жоқ та емес. Бүгiнде ол атақ-дәрпi кеңiнен шашылған шайырларымыздың бiрi. Оның аты жалпақ жұртқа кеңiнен таныс. Одан үзiндi келтiру‚ оны мысал ретiнде алға тарту мода болды.


Жақында оның шығармаларының төрт томдығы жарық көрдi. Соны қарап отырып‚ неше түрлi ойға батасың. Осы томдарға жазған алғысөзiнде Б.Нұржекеев: “Осының бәрiн ұғып‚ түсiнiп‚ кәзiргi ұрпақ Мұқағалиға өз сырласындай қарайды‚ заманының к л а с с и г i деп бағалайды‚ оның өмiрiн де‚ өлеңiн де үлгi тұтады”‚ — деп‚ кiсi таңғаларлық сөз айтады. Сол заманда бiрге жасасқан бiздер Мұқағалидың қандай тiрлiк кешкенiн жақсы бiлемiз‚ одан үлгi алады деген сөз ойлантады. Сосын шайыр бүгiнгi ұрпақпен сырласатындай өлең жазған емес‚ — оның ең жақсы өлеңдерiнде сонау қырқыншы жылдардағы өз басынан өткен жәйттер туралы айтылады‚ оны бүгiнгi ұрпақтың түсiне қоюы қиын. Ал классик деген сөзге келгенде‚ мен сабыр еткендi қалар едiм. Әрине‚ мен мұны Мұқағалиға қимай отырған жоқпын. Мәселе бұл арада оның шығармаларының поэзияда мәңгi өлместей қаншалықты үлгi тұтар дүние ретiнде көрiнген‚ көрiнбегенiнде болып отыр. Ол үшiн шайырдың шығармаларын қайтадан оқып‚ қайта бiр сүзiп‚ талдап шығу керек. Онсыз төбеден түскендей етiп қойып қалу шынайы әдебиетшiнiң мiнезiне жата бермейдi‚ белгiлi бiр тайпаның ар-намысы үшiн деп ар-ұяттың белдеуiнен аттап кете берудiң өзi ешқандай да абырой әпермейдi. Мен Мұқағалиды 1964 жылдың ақпан айында Қазалыда көрген едiм. Ол кезде мен мектептiң он бiрiншi класында оқитынмын. Өлеңдерiм астанадан шығатын газеттерде жарияланып жүрген-дi. Бiр күнi мен аудан орталығы Қазалыға жаңа кiтаптар сатып алайын деп бардым. Кешкiсiн Үлкен қалада тұратын (Қазалы қаласы)‚ бiр кезде өзiме орыс тiлiнен сабақ берген‚ облыста шығатын газеттiң осы аудандағы меншiктi тiлшiсi боп қызмет iстейтiн бiр кiсiнiң үйiне келдiм. Кешкiсiн‚ сағат тоғыздардың шамасында Қызылордадан жазушы Нәсiреддин Сералиев әлгi тiлшiге телефон соғып‚ “Мәдениет және тұрмыс” жорналының қызметкерi М.Мақатаевты күтiп ал деп өтiнiш айтты. Бiз дереу сыртқа шықтық. Үлкенқала мен Қазалы стансасының екi арасы он екi шықырымдай. Екi араға сықырлаған жаман “пазик” дейтiн автобус қатынайды. Бiз оның соңғы рейсiне iлiктiк. Стансаға келгесiн‚ кiре берiс жақта әлгi тiлшi маған ақша мен тор берiп‚ пәленбай жерде күзетшi бар‚ содан алты бөтелке ақ арақ ал да‚ осы автобус тоқтайтын жерге келiп күтiп тұр дедi. Мен сыртқа шығып‚ әлгi күзетшi тұратын дүкенге қарай дедектей жөнелдiм. Күн өте суық едi. Оның үстiне стансаның балалары өте бұзық‚ жаңғыз-жарым жүрген кiсiнi сабап кете бередi. Бiр жағынан сол да маған үрей тудырып келедi. Ақыры әлгi күзетшiге де жеттiм. Арақты алып‚ торымды бiр қапталыма ұстап‚ баяғы автобус тоқтайтын жерге келiп тұрдым. Аздан соң шамы сығырайған жаман “пазик” келiп тоқтады. Қылшылдаған аяздан бөтелкелер тоңазып‚ бiр бiрiне тиiп‚ сыңғыр-сыңғыр етедi. Мен дереу автобусқа мiндiм. Iште кiсi-қара аз екен. Менiң бiрден көзiме түскенi‚ орта жердегi орындықта қызыл бет‚ толық келген бiр кiсi отыр екен. Жанында жапырайған‚ егде тартқан бiреу бар. Мен Мұқағалидың сол екенiн аңдадым да‚ сәлемдесуге ұялып‚ бөтелкелердi сыңғырлатып‚ олардың жандарынан өттiм де‚ артқы орындыққа барып жайғастым. (Кейiннен Мұқаң маған: “Әй‚ сыңғыр-сыңғыр‚ берi кел”‚ – деп қалжыңдайтын едi‚ – Б.А.). Мен ол кезде өте тұйық‚ ұялшақ едiм. Бұл жолы да сол қалпымнан асып кете алмадым. Сол түнi олар тiлшi үйiнде қонақ болды. Мұқаңның жанындағы кiсi Жағда Бабалықов екен. Олар бiреудiң жазған хаты бойынша‚ Қазалыдағы мешiттi тексере келiптi. Сол түнi Мұқағали өзiнiң “Ильич” деген поэмалар циклының Жазушылар Одағында талқыланып‚ қолдау тауып‚ баспаға ұсынылғанын айтты. Сосын насыбай туралы өлеңiн оқыды. Ол кезде Мұқағалидың өлеңдерi онша жарияланбаған едi‚ көпшiлiк оны бiле де бермейтiн. Соның алдында ғана мен бiр газеттен оның “Қайырлы таң” дейтiн публицистикаға толы бiр өлеңiн оқыған едiм. Одан шайырдың Маяковскийдiң iзiмен жүрiп келе жатқаны анық аңғарылатын. Ол кезде Тұманбай баспасөздiң бетiн бермейтiн. Әсiресе‚ оның махаббат туралы өлеңдерiн жастар қырыла кеп оқитын. Мұқағалидың аты маған да онша таныс емес едi. Ендi мына насыбай туралы өлеңiн тыңдап отырып‚ оның өлеңдi аса қарапайым етуге‚ ауыз-екi сөйлеу интонациясын поэзияға енгiзуге талап жасап жүргендiгiн аңғардым.


Әлгi тiлшi орыс әдебиетiн жақсы бiлетiн‚ өзi де өлең жазатын кiсi едi. Аздан соң даудамай басталды да кеттi. Тiлшi Мұқаңа Ленин туралы поэма жазудың қажетi жоқ‚ одан да өз халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiн‚ рухын көрсететiн насыбай туралы жазылған өлеңдердей дүниелер керек дедi. Мұқағали оған қарсы дау айтты. Содан соң тiлшi Есениннiң бес томдығын әкеп (ол кезде Есенин жаңа шыға бастаған-ды‚ мен сол бес томдықты сол кезде түгел оқып шыққан едiм‚ – Б.А.)‚ содан ең бiр таңдаулы өлеңдердi оқыды. Мұқаң ыржия күлiп‚ құмарта тыңдап‚ басын шайқап-шайқап қояды. Оның бұрын Есениндi оқыған-оқымағанын бiлмеймiн‚ әйтеуiр‚ сол жолы қатты таңғалып отырды. Содан соң ол кеше ғана өзi Қызылордадан сатып алған А.Вознесенскийдiң “Үшбұрышты алмұрт” (“Треугольная груша”) деген жинағын‚ “мынау кроссворд қой“‚ — дедi де‚ маған бердi. Сол кiтапша әлге дейiн үйiмде тұр. Мен ертесiне пойызбен ауылға кеттiм. Бiрер күннен соң менi ауданға шақырды. Ол кезде Қызылорда‚ Шымкент‚ Жамбыл облыстары Оңтүстiк Қазақстан өлкесi боп бiрiгiп тұрған едi. Өлкенiң орталығы Шымкент болатын. Сонда жас жазушылардың үлкен бiр кеңесi өтпекшi екен. Соған Қазалы ауданынан Сейiл Боранбаев екеумiз баратын болдық. Сол күнi кешкiлiк пойызға мiнбек боп‚ стансаның вокзалында тұрғанымызда‚ Мұқағалилар да келдi. Олар мешiттi “тексерiп“ боп‚ Алматыға қайтпақшы екен. Со жолы бiз Шымкентке дейiн Мұқағалилармен бiрге келдiк. Ол Шымкенттiң вокзалында тұрғанымызда‚ маған өлеңдерiңдi хатпен жiбер дедi. Кейiнiнен ауылға келген соң‚ мен өлеңдерiмдi “Мәдениет және тұрмысқа”‚ Мұқаңның атына хатпен салып жiбердiм. Аздан соң одан өлеңдерiңдi басуға ұсындым‚ т.б. деп хабар айтқан хат алдым. Кейiнiнен Алматыға оқуға кеп түскенiмде‚ Мұхаңмен хабарлас боп жүрдiм. Менiң мұны айтып жатқаным‚ — Мұқағалидың шайыр ретiнде қалыптасуына екi жәйттi‚ соның iшiнде‚ Есенинге ықыласының өте ауғандығын және де А.Вознесенскийдiң метафораға толы өлеңдерiн қабылдамайтынын бiлдiру едi. Ол кезге дейiн Мұқағалидың В.Маяковский мен С.Сейфуллиннiң жадағай публицистикасының ықпалында жүргенi анық сезiлетiн-дi. Кейiннен ол осы екi арнаныңбасын бiр жерге тоғыстырмақ болған талабын “Есенин + Маяковский” дейтiн өлеңiнде бiлдiрдi. Бiрақ ол екi саланың басын қоса алған жоқ. Соның салдарынан оның Қарасаз‚ ауыл‚ соғыс кезiндегi бала шақ‚ жеңгелерi‚ ауыл адамдарының тiршiлiгi‚ т.б. туралы шынайы өлеңдерi мен құр шешендiктi негiз етiп алған‚ декларациясы көп‚ публицистикасы жетерлiк өлеңдерi бiр бiрiне қоңсы қона алмай‚ бөлек-бөлек отау боп тұр. Әсiресе‚ “Ильич”‚ “Мавр”‚ “Чилишуағым менiң”‚ “Большевиктер“‚ т.б. атты поэмалары Маяковскийдiң үрдiсiн бiрден еске түсiредi. Бұдан басқа көптеген өлеңдерi де кәдiмгi желбуаз газет поэзиясының ыңғайында жазылған болатын. Ендi мына төрт томды ақтара отырып‚ Мұқағалидың оқып‚ үйрену кезеңiнiң өте ұзаққа созылғандығын анық көремiз. Шайырдың 1955 жылы: Жетпегенмен Мұзафар мен Сырбайға‚ Нұрсұлтаннан қалысатын емеспiн‚ – деп жазғанынан‚ оның басты мақсат-мүддесiнiң‚ талабының қай дәрежеде екендiгiн аңғаруға болады. Ол‚ негiзiнен‚ өмiрiнiң соңғы он шақты жылында ғана ең басты өлеңдерiн жазды. Әсiресе‚ “Отыздан асып барамын“‚ – деген өлеңiн (1961 жылы) жазғаннан кейiн‚ оның жанында басқаша бiр серпiлiстiң түлеудiң пайда болғанын аңдау қиын емес. Мына төрт томды ақтара отырып‚ оның өте көп жазғанын көремiз. Шайыр‚ балаларға арналған өлеңдерi мен ән текстерiн қоспағанда‚ барлығы 971 өлең жазған екен. Оның iшiнде жадағай публицистикаға толысы – 49 өлең (“Революция жаңғырығы”‚ “Халыққа хат”‚ “Отаным”‚ “Ғасырлар съезi”‚ “Қазақстан”‚ “Дөңгеле‚ Жер”‚ “Коммунистер – гуманистер”‚ “Коммунистер”‚ “Миллиард дастарханы”‚ т.б.)‚ өлең туралы жазылған өлеңдерi – 36 (“Ақын iнiге”‚ “Мен дағы өлең жазбағам”‚ “Өлең керек”‚ “Бiр өлеңi...”‚ “Жаман өлең”‚ “Музаға”‚ “Қара өлең”‚ “Сергей Есенинге”‚ “Өлең


деген”‚ “Поэзия”‚ т.б.)‚ тiкелей арнау өлеңдерi – 15 “Фәризаға”‚ “Бибiгүлге”‚ “Сабырханға”‚ (“Ғабаңа”‚ “Б.Момышұлына”‚ “Әбдiлдаға”‚ “Тiле ктеске”‚ т.б.)‚ Мұқағалидың өз бетiн‚ өз қолтаңбасын көрсететiн негiзгi өлеңдерi - 51 (“Сағым”‚ 1941-ншi жыл”‚ “Қайран жеңгем”‚ “Сен туғансың”‚ “Құрдастарға”‚ “Ақ кимешек көрiнсе”‚ “Бәсiре”‚ “Ат суара барғанда”‚ “Мен өскен лашық...”‚ “Жұмыстан соң”, т.б.). Оның қалған 820-дай өлеңi табиғат‚ қоғам‚ адамгершiлiк‚ достық‚ жолдастық‚ сүйiспеншiлiк‚ т.б. туралы жалпылама түрде‚ құр шешендiкке салынып‚ әр нәсеге сырттай анықтама беруден аспайтын‚ құр арамтер болған дүниелер. Ондай өлеңдердiң денi; Алпысқа келдiңiздер‚ Бәрiн де көрдiңiздер‚ Бәрiне сендiңiздер‚ бәрiн де бердiңiздер‚ – алпысқа келсек екен ендi бiздер‚ — сықылды боп келедi. Демек, бiз осы арада шайыр туралы сөз еткенде‚ оның негiзгi шынайы елу шақты өлеңi жайында ғана сөз етуге тиiспiз. Ал бұл Бексұлтанша шайырды, әйтеуiр, тасырта мақтай беру ниетiмен “классик“ деп‚ таңдай қағып тамсануға мүлдем аздық етедi. Мұқағали өзiне жастайынан етене таныс Қарасаздағы ауыл кiсiлерiнiң тұрмыстiршiлiгi‚ ой-арманы‚ соғыс кезiндегi ауыл адамдары‚ олардың қам-харакетi, т.б. туралы шын ықыласымен‚ өзгеше бiр сыршылдықпен жазады. Оның өлеңдерi өте қарапайым‚ ауыз-екi сөйлеу мәнерi‚ әнi‚ интонациясы басым. Оған Маяковскийге тән метафорашылдық та‚ тосын теңеу де‚ қиыннан қиыстырылған ассоциация да жат. Шайырдың басты мақсаты‚ өзi айтқандай: “Айтып өткен ақында арман бар ма?” Яғни‚ айту‚ бiлдiру! Сол себептi бiз шайырды шынайы суреткер ретiнде өте аз көремiз. Оның өлеңдерiнде суреттеу‚ сипаттау кем түсiп жатады. Көбiн көп шайыр Маяковскийдiң үрдiсiндегi тура айтатын жағдай публисистиканың шартын кейiпкердiң iшкi жан дүниесiн ашатын сыршыл өлеңдерге әкеп‚ өлеңдi тосын теңеу‚ троп‚ метарофралармен “ауырлатпай”‚ аса қарапайым етуге тырысады. Ал бұл қарапайым оқушы үшiн өте түсiнiктi. Оның өлеңдерiнiң соңғы кезде ел арасында кеңiнен тарауының бiр себебi де осы. Мұқағалидың шайыр ретiнде ұстаған басты шарты – халықтың не ойлап‚ не қойғаны‚ не сезгенi‚ неден толқығаны‚ ойлағаны, т.б. туралы өлең жазу емес‚ өз қарақан басында болған әр түрлi жәйт‚ неше түрлi толғаныс‚ тебiренiс‚ күйзелiс‚ өкiнiш‚ қуаныш‚ сүйiспеншiлiк, т.б. туралы жазу болатын. Яғни‚ басқаша айтқанда‚ ол талап өз басында болған әр түрлi сезiм арқылы басқа iрi нәрселердi бiлдiру‚ ол туралы тiкелей ашық айту едi (орысшасы – самовыражение!). Оның негiзгi өлеңдерiнде жеке басына қатысты жәйттер жетерлiк. Бұл арада шайырды өз қарақан қара басына тән ой-сезiмнiң жалпы халықтың ой сезiмiмен қабысып-қабыспауы онша толғандыра бермейдi. Мәселе ең алғашқы әсерден шашыраған ұшқынды дер кезде тап берiп ұстап ап‚ қағаз бетiне түсiруде жатыр. Жалпы‚ ол – ең алғашқы әсердi дер кезiнде қағаз бетiне қондырып қалуды күйттеген шайыр. Ойлану‚ толғану өте сирек‚ оны жоқ десе де болады. Бұл‚ түптеп келгенде‚ С.Есениннiң үрдiсiне кеп саяды. Мұны Есенинге арнаған өлеңiнде шайырдың өзi де айқын бiлдiредi. Ол Есенин мен өзiнiң екi арасында аналогия да жүргiзедi. Мұқағали осы ұқсастықты С.Есенинге арнаған өлеңiнде: Мен де сендей‚ Серега‚ күнәдамын‚ жыр азабын‚ тартамын‚ тiл азабын. Туған ауыл‚ турған жұрт‚ – қайда барсам‚ қайда барсам‚ – қасымда Рязаным...‚ –


деп бiлдiрсе‚ екiншi бiр “Есенин + Маяковский” деген өлеңiнде осы екi қарама-қарсы полюсте‚ басы түйiспен екi жақта жатқан екi шайырға тән қасиеттердiң бастарын бiр жерге қосып‚ өзгеше бiр синтез жасай алмағандығын‚ бiрақ екеуiнен де әлге дейiн қол үзiп кете алмай‚ олардың қайсысының түбiнде өзiне негiзгi ұстаз болатындығын бiле алмай жүргендiгiн: Жыр тойында екеуiн бiр табыстырсам деген ем‚ екеуiн де көндiре алмай‚ әуре болып келем мен‚ – деп ашық айтады. Шындығында‚ Мұқағалидың осы “әуресiнiң“ соңы ешқандай да үлкен синтезге емес‚ басын бiрiктiрер цемент болмағандықтан қолға тұрмай‚ судырап түсе берер шеге топырақша‚ әр жаққа тартып тұрған эклектизмге әкеп соқтырды. Мұндай жағдай ол түгілі, Е.Евтушенконың басында да болған едi. Ол “Братск ГЭС-i“ поэмасына кiрiспе ретiнде жазған “Поэма алдындағы дұғасында” Пушкин‚ Лермонтов‚ Некрасов‚ Блок‚ Пастернак‚ Есенин және Маяковскийлерге жалынып-жалбарынып‚ олардың әр қайсысынан өзiне ұнаған жақсы жақтарды бере гөр деп “мiнәжат” қылады. Бiрақ ол “дұғасы“ онша қабыл бола қоймады‚ – Евтушенконың қолтаңбасы ала-құла боп шықты. Ол да эклектизмнiң биiкте керiлген арқанынан секiрiп өте алмады. Қазақ топарығында Мұқағали да оның кебiн кидi. Ол Маяковскийдiң ең жақсы қасиеттерiн емес‚ үгiт-насихат жағы мен Есениннiң сыршылдығын алып‚ өз ара бастарытүйiспейтiн екi арнада өлеңдерiн жаза бердi. Бүгiнгi әдебиетшiлер Мұқағалидың: Тұлып киген қазақтың қара өлеңiн шекпен жауып өзiне қайтарамын‚ – деген жолын тасырта кеп мақтайды. Ал‚ шындығында‚ осы жолдарда бiраз күмән тудыратын жерлер бар. Бiрiншiден‚ тұлып киген өлеңiнiң жағдайы қалай болмақ? Тұлыпты қазақ қыста киедi. Сонда ол өлең “терлеп”‚ “сасып“ кетпей ме? Ендi оның үстiне шекпен жапса не болады? Ол одан әрмен быршымай ма? Мiне‚ сөз ойнағының астыртын жағын‚ iшкi астарын тереңнен ойламай‚ алды-артын аңдамай қолданудың неге соқтыратынының бiр мысалы осы. Жалпы Мұқағали метафораны‚ тропты өте аз қолданады‚ оның мына өлеңде соған қарай қол созы қойғаны қызық. Оның поэзиясы Тоқаш пен Есенинен шықты. Ол алғашқыда Маяковскийге көп елiктедi. Оның көсемдер туралы жазған поэмалары соның айғағы. Кейiн ол публицистикадан арылып‚ таза iшкi жан дүниесiн бiлдiруге‚ сөздi тура айтуға көштi. Суреттеуге‚ бейнелеуге онша назар аудара қоймайды. Көркемделген поэзияның басты мiндетi жадағай түрде туралап айту еместiгiн‚ ол “айтудың” тағы да басқаша түрдегi “публицистикаға” апарып соқтыратынын онша ескере бермедi. Сол себептi оның өлеңдерi аса қарапайым‚ ауыз-екi сөйлеу мәнерi басым‚ интонациясы жылы‚ кейде қарабайырлау тартып тұрады. Шайыр өлеңiнiң құрылысына‚ дүзiлiсiне‚ әр түрлi бөлшектердiң өз ара үйлесiп‚ жымдасып орналасуына‚ жалпы айтқанда‚ формаға онша назар аудара бермейдi. Ол үшiн форманың хал-жайын күйттеу жасандылықтың бiр көрiнiсi ретiнде сезiледi. Оның негiзгi мақсаты – бiр сәтте өз жан дүниесiнде болған сезiмдi‚ толғанысты дереу қағаз бетiне түсiрiп қалу. Бұл бiр орында тоқтамай‚ ағып бара жатқан әуендi нотаға түсiрiп қалуға тырысқан композитордың iс-әрекетiн еске түсiредi. Одан кейiн‚ көбiне‚ жөндеу‚ әрлеу‚ қырнау тәрiздi шаруа басталушы едi. Мұқағалидың өлеңдерiн оқып отырып‚ оның ендi жан дүниедегi толғаныс‚ тербiренiс, т.б. бiткеннен соң да‚ өз дүниелерiн онша жөндей қоймайтынын айқын аңдаймыз. Өлең сол алғашқы қағазға


түскен қалпында еш өзгерместен қала беретiн сықылды. Оның шығармаларының кейде форма жағынан олпы-солпы‚ өзi айтқандай‚ “қазақы қара күпi” киген тәрiздi боп көрiнетiнi де сондықтан. Оған монтаж‚ қиыстыру‚ құрастыру‚ жамап-жасқау мүлдем жат. Сол себептi де оның өлеңдерi ауыз-екi айта салған жырдай‚ сол олпы-солпы қалпында табиғи боп көрiнедi. Мұқағали қысқа өлеңдерiнен тыс 14 поэма да жазды. Соның iшiнде публицистикасы да‚ белгiлi бiр сюжетке құрылғаны да баршылық. Бiрақ оның табиғатына үлкен эпос жат едi‚ оның оң қолы сыр шертетiн‚ лирикалы шағын дүниелер болатын. Жалпы дастан жанры оған онша бел бере қойған жоқ. Ең бастысы‚ ол өз өлеңдерiнде халықтың кеуiлкүйiн емес‚ негiзiнен‚ өзiнiң жан дүниесiн айқара ашумен ғана шектеледi. Оған Шәмшiге тән жан-жақтылық‚ тақырыптың алуандығы‚ кең құлаш жетiспедi. М.Мақатаевқа жетiспеген осындай қасиеттер‚ жан-жақтылық‚ өмiр материалын әр қырынан алып қарастыру қазақтың басқа бiр шайырының өлеңдерiнде айқын көрiндi. Көпке дейiн балаларға арнап өлең жазып жүрген Қадыр Мырзалиев бiрде кенеттен Р.Ғамзатовтың қос шумақтарын аударып‚ бiр газетте бастырды да‚ iзiнше “ғамзатовшылап”‚ “үлкендердiң” поэзиясына қарай ойысты. Ол алғашқы жинағын “Ой орманы” деп атады. Мұндай кiтаптың тақырыбына шығарылған метафора әуелгiде кiмкiмнiң де назарын өзiне аудармай қоймады. Бiрақ бұл кiтапшада “ойдың орманы” түгел тоғайы да жоқ едi. Жинақты оқығанда автордың көзiнiң қырағылығы‚ сәттi ұсталған детальдар‚ дәл теңеулер, т.б. бiрден көзге түсетiн-дi. Оған асқақ романтизм атымен жат болатын. Осы кiтапшадан кейiн бiр өлеңнен екiншi өлеңдi балалатқан‚ бiр тақырыпты кәнiгi зергерше лупамен әр алуан жағынан үңiле қарастырған‚ кiлең бiр өлеңдер циклынан құрастырылған жинақтарын Қадыр қойша тоғытты. Оларда не тақырып жоқ дейсiң? Бәрi бар! Отан‚ туған жер‚ еңбек‚ жастық шақ‚ сүйiспеншiлiк‚ қарттық‚ өлеңшiлдiк‚ т.б. дейтiн тақырыптар түгелiмен қамтылды. Бұларада жан-жақты деген Шәмшiнiң өзi Қадырдың қасында жiп есе алмай қалды. Өзiнiң әу баста ұстаған осы шартын шайыр әлге дейiн ұстанып келедi. Бiрақ... Бар мәселе осы “бiрақта” жатыр. Ол Қадыр шын мәнiндегi шынайы көркемделген‚ қаны‚ жаны бар‚ өз бетiнше өмiр сүрiп тұратын нағыз әдеби дүние жасай алды ма‚ алмады ма деген мәселеге байланысты. Бұл арада бiраз күмiлжуге тура келедi. Мен бұл жерде Қадырдың шығарымпаздығын егжей-тегжейiне жетiп‚ талдап жатпаймын. Тек айтарым‚ – оның өлеңдерiнде жылы қан‚ кәдiмгi тiрi жан жоқ. Оның өлеңдерiнiң өлеңдерiнiң өлеңдерi өзiнiң: “Ақын деген биiктiк‚ – биiкте қар жатпай ма”‚ – дегенiндей‚ аса салқын‚ суық‚ әлгi “биiктiң” басын күн шуағына да ерiмес мәңгi мұздар басып салған. Оның ерiту үшiн физикадағы табиғатты тұмшалап тастайтын “вакуум эффектi” қажет. Бiрақ өйтсең‚ жаратылыста ақырзаманда болар топан суының басталып кетуi мүмкiн. Сол себептi шарасыздық көрсетiп‚ екi қолыңды екi жаққа жаясың. Сыншы ретiнде бiлу үшiн оның өлеңдерiн оқығанда‚ қойныңа мұп-мұздай құрбақаны салып жiбергендей аза бойың қаза болады. Мұнда рационализм өте басым. Мұны Қадырдың өзi ау баста-ақ: “Ақынға керек көп ақыл‚ асаулық керек аздаған”‚ – деп өлеңдегi ең басты программасы етiп алғандығын ашық айтқан едi. Бұл жерде бiраз қайшылық бар. Егер бiз асаулықты тентектiк‚ қазанбұзарлық‚ шатақтық деп тура мағынасында түсiнбей‚ оны өлеңдегi қалыптасып‚ әбден қасаң тартқан штампқа‚ тозған әдеби үрдiске‚ көнерген көркемдеушi құралдарға, т.б. көнбей‚ оның жаңартам‚ жетiлдiрем деп бас асаулық көрсету деп ұқсақ‚ – онда шайырға ақылдан гөрi осы шынайы “асаулық” өте-мөте қажет-ақ! Онсыз әдебиет еш уақта iлгерi дамымақ емес! Қадыр мұны керiсiнше етiп алған. Ол тәртiптi‚ жинақы‚ ақылды шайыр. Соған орай оның өлеңдерi де бiр “тәртiппен” құрылған‚ олар кайзер заманындағы муштраны тәртiптiң басты құралы етiп алған немiс әскерiн еске түсiредi. Мұндай “тәртiптiлiк” немiс Г.Бельгердiң өзiне де жетiсе жермейдi. Және бiр айтары‚ – шайыр ретiнде оның “ақылы” өте көп. Қай өлеңiн алмасақ та‚ оның


ақылы қарауыл қарап тұрып‚ буырқанған сезiмге‚ өрекпiген кеуiлге артық қия қадам бастырмайды‚ – оларды мұрнын тескен үлекше бұйдасынан тартады да отырады. Ең аяғы кiсiнiң жан дүниесiнiң ең бiр құпия кiлтiн ашар сүйiспеншiлiк туралы өлеңдерiнде де әлгi ақылы түспегiр автобустағы билет тексеретiн қырағы контролерше екi көзiн айырмай‚ қадағалап‚ өрiкпеген сезiмдi басып‚ жаншып‚ тұншықтырып тастай бередi. Бәрi де компьютордың программасындай бiр сарынмен жұмыс iстейдi. Мұнда бәрi де өз орнында. Оның өлеңдерiнде тiрлiктiң барша жағы қамтылған‚ тақырыбы алуан‚ әр түрлi. Бiрақ бәрi де музейге қоятын экспонаттай‚ қолдан жасалған динозаврдай өлi‚ жасанды дүниелер. Осы арада суретшi К.Брюллов еске түседi. Бiрде оның бiр шәкiртi құстың суретiн салып әкелiптi. Былай қарағанда‚ құс өлi сықылды екен. Соған Брюллов қыл қаламымен аздап бояу жаққан екен‚ әлгi құс тiрiлiп кеткендей боп басқаша рең алыпты. Соны көрген басқа шәкiрттер: “Сәл-пәл ғана қозғап едi‚ – құс тiрiлiп сала бердi”‚ – деп таңғалыпты. Мiне‚ Қадырға осы “сәл-пәл”‚ шынайы суреткерлiк‚ өлеңге жан беру жетiспейдi. Оның барлық жазғандарының өлi‚ боп-боз‚ бұдан неше жыл бұрын сойылып‚ мұзханада әбден қан-сөлi қалмай қатырылған‚ қуаты‚ калориясы кем‚ малдың қатып қалған ақжем етi сықылданып тұратындығы сондықтан. Ондай өлi еттен жұрттың денсаулығына зиян келсе‚ мынадай өлi өлеңдерден оқушының талғамына зиян келедi. Соны болдырмау үшiн әдеби сынның санитария емшiсiнiң қызметiн атқаруы‚ яғни “сырқаттың” алдын алуы‚ басқаша айтсақ‚ әдеби профилактика жасауы қажет едi. Бiрақ‚ өкiнiшке орай‚ кезiнде әдеби сын сондай өлi дүниелердi екi аяғын жерге тигiзбей аспанға көтерiп мадақтаумен болды. Соның салдарынан жылына бiр-бiр өлең жинағын шығаратын Қадыр кәдiмгi конвейерге айналды да кеттi. Бұл Кеңес билiгiне де‚ хат танитын‚ ортақол оқушы жұртшылыққа да тиiмдi‚ аса жайлы‚ ыңғайлы едi. Қадыр өлеңдi шын мағынасында табиғи түрде жазбайды‚ қолдан иiп әкеп жасайды. Оның шумағының алғашқы екi жолы Алатауға‚ қалған 3‚ 4-iншi жолы Қаратауға қарап тұрады. Олардың арасындағы қисын‚ логика‚ iшкi байланыс әлсiз. Мұндай жәйт шумақ пен шумақтың арасында да баршылық. Сол себептi оның өлеңдерiнде тұтастық өте әлсiз боп келедi‚ ол кейде жасанды боп та көрiнедi. Соған қарамастан, оның өлеңдерiнде метафора да‚ теңеу де‚ ұтымды деталь да‚ – бәрi бар‚ тек жылы қан мен жан жоқ. Ол көбiне туралап тақпақтауға‚ мақал-мәтелдiң шартын ұстанған тосын ой айтуға құмар. Бұл атам заманнан бермен қарай үгiт-насихатқа‚ ақыл айтуға негiзделген жыраулар поэзиясына етi үйренген қазақтарға онша жат емес едi. Қадырдың өлеңдерiнiң ел iшiнде кең тарауының бiр себебi осы болатын. Бұл бiрақ шынайы көркемделген поэзияның аулынан алыс жатыр. Бұған кiнәлi бiздiң тағы да шынайы көркемделген поэзия туралы түсiнiгiмiздiң толық қалыптаспағандығы. Бұл жағдайды әдебиетке кейiнiнен келген жастар анық сездi. Олар ат iзiн басқа тарапқа салды. Қадырдың iзбасарларының‚ өзiне елiктеушiлерiнiң болмауы да сондықтан. Осы жерде бiр анықтап айтары‚ – бұл шайырлардың барлығының да тұсауын 1960 жылдың басында жарық көрген “Жас қанат”‚ “Жырға сапар” және “Жас дәурен” деген ортақ жинақтар кескен едi. Содан кейiн мұндай ортақ кiтаптар шықпайтын болды. Соның салдарынан жас шайырлардың көрiнуi‚ әдебиет табалдырығынан батыл аттауы өте қиындап кеттi. Сол 65-70-iншi жылдары көрiне бастаған Т.Айбергенов‚ Д.Қанатбаев‚ Ж.Жақыпбаев‚ З.Тiлеужанов‚ К.Мырзабеков‚ С.Тұрғынбеков тер де алдыңғы толқынның әсерiнен арыла алмады. Кейiнiнен олардың әдеби жолдары сан тарапқа қарай бұрылып кеттi. Олардың бiрi замана ағымына ерiп‚ бәйгi‚ сыйлық, т.б. қуалап кетсе‚ екiншiсi Есениннiң әсерiнен мойны озып шыға алмай‚ қыз бен қызықты қуалағанды мақұл көрдi. Олардың кейбiреулерi поэзиядағы өз жолын таба алмай‚ көпке дейiн жан-жағына алақтап‚ әркiмнiң әсерiне бағынып‚ қараңғыда жол iздеген жолаушыдай түртiнектеумен болды. Солардың iшiнде алғашқы өлеңдерiнен-ақ өзiнiң маңыр өрiсiн айқын аңғартқан‚ басқа қатарластарына қолтаңбасы ұқсамайтын‚ ойлауы да‚ жазуы да


бөлектеу жас қаламгерлер болмай қалған жоқ. Әрине, олардың алымы да, қарымы да әр түрлi едi. Т.Медетбеков алғашында Ж.Нәжiмеденовке қатты елiктедi, соны өзiне ұстаз тұтты. Оның “Тұңғыш кiтап” дейтiн сериямен алғаш рет шыққан кiтапшасында Ж.Нәжiмеденовтiң ықпалы‚ еткен әсерi өте айқын сезiлетiн. Бертiн келе ол әлгi ықпалдан арылуға тырысып, өзiнше ешкiмге ұқсамайтын қолтаңба қалыптастырсам ба деп тырысып бақты. Осы мақсатпен ол сол аманда қазақ әдебиетінде кең өрiс алған “тақырыптың кеңдiгi”, басқаша айтсақ, “тақырыпты бұқараландыру”, т.б. деген жеңiлтектеу ұранды малданып, жұрт онша қолдана бермейтiн неш түрлi тақырыпқа қол созып бақты. Сүйтiп сырттай қарағанда, оның көтермекшi болған мәселелерi “барынша” бұқараланған сықылды боп көрiндi. Соның салдарынан ол үшiн поэзияға арқау болмайтын тақырып жоқ сияқтанды. Ендi Темiрханды телеграфтың үзiлiп қалған сымы да‚ тозған ескi сағат та‚ воллейбол да‚ түнгi трасса да‚ қартаға түспеген өзендер де‚ қисық ағаштар да‚ асфальт үстiне салынған сурет те‚ бөренелер де‚ обсерватория да‚ түнгi аэропорт та‚ пойыз да‚ телемұнара мен Маңғыстаудың ыссы желi де, т.б. “ойлантып”‚ “толғандыратын” сықылды боп көрiндi. Әрине, мұның аулы шынайы поэзиядан алты көш жерде жатқанын ол кездерi ешкiм де ескермедi. Оған сәбәб баршылық та едi. Ең алдымен бұ жерде айтары, ол өз өлеңдерiнде бейнелiктiң оғаштау бiр түрлi баса қолданып, жұртшылықтың назарын өзiне удаурып бағуға қатты тырысты. Сондықтан да оның жазғандарында жансыздау боп, қисынсыздау боп келген метафора өте көп кездеседi. Әрi олардың жасалуы “қызық”, — олардың негiзiнде қиын-қиын ассоциациялар жатады. Жаңа теңеу де‚ сөздiң жаңаша қалыпта қолданылып‚ жаңа бiр мағына алуы да, т.б. баршылық. Жалпы оның өлеңдерiнде бейнелi сөздерге шектен тыс ұмтыла беру өте көп: ...Жұдырықтай жұлдыздар тап алдымда‚ асыр салып (?) билеп тұр! алайын ба темекiмдi тұтатып‚ ғзейiн бе шоқ-жұлдыздың (?) бiреуiн... (Обсерваторияда) ... күз желi сiңген (?) денемнен исi аңқыр нан мен алманың. (“Тербетiп“) ...қонады құстар сол көлге (?) – аэродромына көктемнiң. (“Қызуын...”) ...глобус (?) тұр алдымда монтиған киiз үйiмдей (?). (“Шыдаған...”) Үңiрейген жан дүнием тұр кәзiр ымырттағы аңғал-саңғал(?) қыстаудай.


(Жалғыздық) Қазық қылып жерге қағып жiберсең‚ көктеп қайта шыға келем көктемде. (“Жек көресiң...”) Менiң сөздерiм бейне бiр пайдалы қазбалар сияқты жататын жердiң астында. (“Сенбеймiн...”) Бiз бұл үзiндiлерден автордың қолтаңбасымен қатар поэзия туралы түсiнiгiн‚ таңдап алған бағыт-бағдарын‚ қай жолмен жүрiп келе жатқандығын айқын аңдаймыз. Ең бастысы‚ Темiрханда жылтыраған тәттi сөз‚ жасанды бояу‚ елжiреуiк сезiм‚ жеңiлтек ой жоққа тән. Оның кейбiр өлеңдерiнен жадағай публицистиканың лебi (бұл Тоқашта өте көп болатын‚ – Б.А.) есiп тұрса да‚ кейде дүнияның ара қатынасы өзара алшақтау екi қиырында жатқан нәрселердi өзара салғастырып‚ теңеп‚ қиын ассоциация жасаса да‚ кейде бiр тақырыпты сырттай баяндап‚ сырттай қарастырса да‚ онда Қадырға тән бәрiн ақылмен алдын ала өлшеп-пiшiп қоятын рационализм сиректеу кездеседi. Терең сыршылдық және жоқ. Жалпы ол өз өлеңдерiне кейiпкер болғандардың жан дүниесiне тереңiтiп үңiле бермейдi. Тiпте өзiнiң қарақан қара басында болған жәйттердi өлеңге материал қылғанда да‚ өзiнiң ой-пiкiрiн‚ жан дүниесiнде болып жатқан неше түрлi әрекеттердi, процестердi бажайлап‚ тәптiштеп айта қоймайды. Оған ең басты нәрсе — бейнелi сөз‚ метафора‚ теңеу табу ғана! Ол қалғаны өлеңге өз өзiнен келедi деп ойлайды. Жалпы ол 60-ыншы жылдарғы от басы‚ ошақ қасынан бойы онша аса алмаған поэзияны мүлдем қабылдамайды. Темiрхан онысын “Бiр ақынға” деген өлеңiнде: Жазатыны — майлап (?) қойған арманы‚ жазатыны — баласы мен жан-жары‚ жазатыны — босағасы‚ шаңырағы! Бүтiн оның төрт құбыла‚ жан-жағы‚— деп, “не туралы жазатыны” деген түсiнектi мүлдем орысшалап қолданып, сөз тiркесiн мүлдем қысқарытп алып, өз ойын қарадүрсiндеу болса да ашық айтады. Сөз жоқ‚ мұндай конформизмге ерте жеткен‚ өлеңдi кәсiп деп бiлiп‚ шытырлаған сармая пұлды қап-қап қып үйiнiң бiр бұрышындағы әйдiк қара сандыққа жұрттан бұрын тыққыштаған‚ өзiн мадақтату үшiн жалдамалы сыншыларды босағасында ұстаған‚ кезiнде iрi-iрi қызмет алып‚ не бiр креслоларға отырған шалағай‚ шалапiстi шайырлар бiзде жыртылып айрылады. Осы үрдiс (ол бұрында да болған‚ мысалы‚ “сарай ақындары”‚ — Б.А.) бүгiнгi таңда да жалғасып келедi‚ ол болашақта да жалғаса бермек. Замана ыңғайын‚ оның қасқабағын тез аңдай қоятын әлгiндей жалған шайырлардың әдебиетте табан тiреп‚ қоныс теуiп қала қоюы қиын. Соған қарамастан‚ шен-шекпен де‚ лауазым да‚ неше түрлi сыйлық-мыйлық та‚ атақ-дәрiп те солардың үстiнде. Темiрханды, әрине, өзiнiң қолы жеткенше дейiн, сырттай ашындырып отырған да нәрсе де осы. Бiрақ оны жоюға ешкiмнiң де әлi келмейдi. Қандай да кiсiнiң жаратылысы мен қандай да қоғамның табиғаты ондай талапты бас көтертпей‚ таптап‚ жаншып тастайды. Содан кейiн әдiлетiн айтам деген батыл сыншының жағдайы айтпай-ақ түсiнiктi болады. Дегенмен де, өзiнiң сол кезгi түсiнек бойынша “азамат ретiндегi талап-тiлегiн” осылайша ашық айтып отырған қаламгердiң осы шартты мүлдем бiр жақты түсiнетiндiгiн айтпай кетуге де боламйды. Жалпы шайырдың азамат ретiнде көрiнуiн бiр ғана жалпы тақырыптардың тiзiмiмен, т.б.


айқындай қою қиындау. Кейде оның қандай азамат екендiгi, оның қандай дәрәжәдә ойлайтындығы оның бiр ғана махаббат жайлы жазылған кiшкене дүниясынан да көрiнуi мүмкiн. Бұл арада өлшем боларлық шек те, шекара да жоқ. Мiне, осыны үстiрт түсiнген Темiрхан барлық өлеңдерiнде сырттай жұртшылықтың аузын аңқайтып кетуге тырысып, не бiр тосын тақырыптар қойып, шеге, балға, сым темiр, винт, бұранда, болт, гайка, тiкенек сым, т.б. туралы бiр-бiр өлеңнен жазып та тастады. Бұл “өлеңдердiң” барлығы да салқын, сырттай қатаң бақылаудың нәтижесiнде жазыла салынған нәрселер ғана. Бұған сол кездерде Кеңес одағында модаға айналған аты шулы шайырлардың тәжiрибелерi де әсәр етпей де қалған жоқ. Сөз жоқ‚ бұл арада Темiрханның бiр ғана Жұмекеннен емес‚ орыс поэзиясындағы А.Вознесенский‚ Р.Рождественский‚ басқа әдебиеттегi Р.Загович‚ В.Незвалдардан, т.б. үлгi‚ өнеге алғандығы көп жерде сезiлiп тұрады. Бiрақ бұл туралай елiктеу емес‚ керiсiнше‚ басқа әдебиеттегi тәжiрибелердi қазақ топырағына әкелуге тырысу ғана! Осыған орай Темiрханның өзiнше жазу “мәнерi” қалыптасқан. Ол қалай да ешкiмге ұқсамауға тырысып, форма үшiн қазақы ойлауға табиғаты жағынан келiспей жатқан сөз орамдарын батыл қолдана да бередi. Кейде оның жазғандарын оқып отырып, басқа бiр халықтың кiсiсi қазақша жазуға тырысып отырған жоқ па деген ойға да қаласың. Соның салдарынан оның жазғандарына еркiн түрде қазақша ойлау, қазақ өлеңiнiң түрлерiн еркiн меңгере алу, дәулескерлiк жетiсе бермейдi, онда аяғына жем түскен аттай бiр түрлi кiбiртiктеу басым. Сондықтан да болар, оның жазғандарында шиыршық атып‚ екi иығын жұлып жеп жатқан қатты ырғақ та‚ дыбыс қуалап‚ үндестiк iздеп, сырты жылтырап тұрған ойнақы сөз де‚ тосыннан кеп қиысып‚ түбiрiне дейiн тұқылы қалмай тақылдап тұратын күрделi ұйқас та жоқ. Ол өзге әдебиеттердегі өзi ұстаз тұтқан қаламгерлердiң тәжiрибелерiне көзсiз елiктеп, оларға бас иiп, солар сықылды барынша қарапайым боп көрiнуге тырысып, өлеңдi мүлдем қарадүрсiндетiп жiбергенiмен қоса, кейде өрескел түрде “жабайылау”, затты сол күйiнде “сипаттап жазсам” деп бар күшiн салып бағады. Соған орай оның сөздерi де мүлдем қарапайым, кейде өте қарадүрсiндеу, барынша “бұқараландырылған” боп келедi, ол бүгiнгi ғылым мен техникада болған революцияға (НТР) байланысты пайда болған терминдер мен кәсiби сөздердi жазғандарына еш ойланбастан батыл енгiзе бередi. Бiр айтары‚ — оның жазғандары бүгiнгi көзi ашық‚ оқыған-тоқыған жұртшылыққа ғана арналған‚ — оларды толық түрде түсiну үшiн бiршама дайындық керек. Сол сәбәбты да мұндай салқын, әсәры аз, даусы қатқылдау, жасандылығы басым, бiр ғана теңеу, метафораларымен көзге түсуге тырысатын, ерсiлеу эксперименттен онша қашық емес, түбi дүдәмәл дүниелiктер жалпы қалың бұқараның сана-сезiмiне халықтың өзiнiң төл мүлкiндей боп жете бермейдi. “Темiр-терсекке” тым әуестеу Темiрханның өзгешелiгi де, олқылығы да дәл осында жатыр. Бүгiнгi таңда осы Ж.Нәжiмеденов‚ Т.Медетбековтердiң iзiмен М.Ақдәулетов‚ Сабыр Адайлар табаны аумай жүрiп келедi. Олардың да шыққан дөнi мен белуарына дейiн батып кетер оппа құмы жетерлiк. Ол жайында айтылар сөз әлi алда. Қазақ поэзиясына 70-iншi жылдары кеп‚ белсене жұмыс iстегендердiң iшiнен З.Тiлеужанов‚ Ж.Жақыпбаев‚ Қ.Мырзабеков, С.Тұрғынбековтер бөлектене көрiнген едi. Бұлардың қай-қайсысы да шынайы қазақша ойлап жазуға тырысқан‚ өз халқының басында болған неше түрлi жәйттердi әр түрлi дәрежеде өлең жолдарына түсiрген‚ көркемдеудiң үлкен деңгейiне барынша жеткiзiп жатпаса да‚ кешегi ересен соғыстан соңғы кезде өз бастарына түскен хал-ахуалды өз қатарластарына тән баршаға ортақ жағдай етiп көрсетуге ұмтылған шайырлар едi. Бұған З.Тiлеужановтың “Балалық‚ “Сонау көктем”‚ “Әже”‚ “Жеңге”‚ “Құралай”‚ “Емес ем”‚ К.Мырзабековтiң сыршыл‚ толғанысқа толы өлеңдерi‚ Ж.Жақыпбаевтың “Суықсайда”‚ “Бозторғайға ода”‚ “Саздауыт”‚ “Шұғынық гүл төркiнi”‚ С.Тұрғынбековтiң “Қара нан”‚ “Этил спиртi”‚ “Шалғышы шал”‚ “Түн iшiнде шақырған әтеш”, т.б. сықылды шынайы‚ табиғи


өлеңдерi бiрден бiр дәлел. Әдеби сынымыз осы шайырлар жөнiнде әлге дейiн салмақты‚ батыл да әдiл пiкiрiн айта алмай келедi. Кәзiргi қазақ өлеңiнiң өресi туралы ойлағанда‚ халқымыздың мiнез-құлқына тән бiр даңғаза шуға‚ дәрiп жоюға‚ бiр-бiрiн өтiрiк қолпаштауға үнемi ыңғай берiп тұратын бiр қалпымыз үнемi еске түсе бередi. Бiзде соңғы он-он бес жылдың көлемiнде‚ өткен замандарда жасаған кiсiлер туралы сөз етсек‚ ылғи “алып”‚ “кемеңгер”‚ “ұлы”‚ “данышпан”, т.б. дейiн сөздердi оңды-солды шүлен таратқандай қолдана беретiн бiр ауру пайда болды. Бұл жағдай‚ әсiресе‚ А.Сейдiмбековтiң жазған мақалаларынан үнемi қылаң бередi де тұрады. Сөз жоқ‚ өткенiмiздi‚ бiзге дейiн болған кiсiлердiң рухын сыйлауға тиiспiз. Бұл ата-бабамыздан бiзге жеткен өте бiр жақсы үрдiс. Бiрақ солай екен деп‚ оларға қарап аузымызды ашып‚ басымызды шайқап‚ таңғалып отыра берсек‚ ешқандай да iлгерi басу‚ өсу‚ өркендеу мүлдем болмайды. Керiсiнше, бiз өзiмiзге дейiн болған рухани дүниелердi‚ әдеби тәжiрибелердi әдебиет ғылымы мен сынының бүгiнгi жеткен деңгейiнен жаңадан бағалауға‚ олардың жақсы‚ жаман‚ осал тұстарын тексерiп бiлуге (әрине‚ ұрдажық сын емес! – Б.А.) тиiспiз. Бұл алдыңғы ағалардың рухын ешқандай да кемсiту‚ олардың бағасын төмен түсiру‚ арзандату емес. Мiне‚ осы тұрғыдан А.Байтұрсынов‚ М.Дулатов‚ Ж.Аймауытов‚ М.Жұмабаевтардың әдеби мұраларын еш бұра тартпай тексерiп‚ олардың лайықты бағасын берудiң орнына‚ А.Сейдiмбеков көзiн жұмып‚ Ахаңша қара таяққа екi қолын асып ап‚ “алыптар“ деп айқай сап жүр. Мен бұл сөздi олардың ешқайсысына да көпсiнiп отырған жоқпын. Мәселе бұл жерде әлгi кiсiлердiң беделiнде емес‚ жазған дүниелерiнiң қаншалықты құнды екендiгiнде жатыр. Бұл жағынан келгенде‚ мен шамалы iркiле тұрар едiм. Сөз жоқ‚ олар қазақтың жазба әдебиетiнiң ендi ғана қалыптасып келе жатқан шағында еңбек еттi. Көбiне-көп олар туралай орыс әдебиетiнен емес‚ екi арада делдал болған‚ татар әдебиетiнен үйрендi. Бұл қарасөз жанрына да тiкелей қатысты. Ол кезде маманданған проза жанры жоқ қазақ әдебиетiне олардың алғашқы шығармалары алғашқы қарлығаштай боп көрiндi. Ол шығармалардың жетiстiгi де‚ кемшiлiгi де‚ жетерлiк едi. Ашығын айтқанда‚ олардың ешқайсысы да жазушы ретiнде А.Пушкин‚ Л.Толстой‚ А.Чеховтардың дәрежесiне жете алмады. Мiне‚ мәселе дәл осында. Бiз осыған қарамастан‚ құр тасырта мадақтай беремiз. Бұл өркендеген‚ мәдениетi дамыған елдерге тән мiнез емес. Мәселен‚ роман жанрында шын мәнiнде төңкерiс жасаған Л.Толстойды орыс сыншыларының өзi олай деп аяғын жерге тигiзбей мадақтамайды. Ол жөнiнде “глыба” деген В.Ленин ғана! Бұл жерде жазушының мықты не әлсiз екендiгiн оқушы жұртшылықтың өзi-ақ сезетiндiгiн‚ бiлетiндiгiн ескерген жөн. Өкiнiшке орай‚ осындай құр қолпаштау‚ бiрiн-бiрі мақтау‚ әсiресе‚ қызметi жоғары кiсiлердiң астына көпшiк тастау‚ ұлықтау‚ көжелес өз жолдастарын тасырта мадақтау әліге дейiн жалғасып келедi. Мәселен‚ биылғы жылы өткен үлкен бiр жиында бiр шайыр Ж.Жақыпбаевты “ұлы едi” де қойып кеп қалды. Жарайды‚ онымен де келiселiк. Ендi сол сөздi нақты мысалдармен дәлелдеу керек қой! Ол атымен жоқ! Шындығына келгенде‚ Ж.Жақыпбаевтың жазған өлеңдерi ондай үлкен бағаға жауап бере алмайды. Егер бiз “ұлы” деген сөздi рухани аса құнды дүниелiктердiң белгiлi бiр дәрежедегi өлшемi‚ шкаласы ретiнде (Мәселен‚ Цельсийдiң шкаласы‚ – Б.А.) алсақ‚ қалған басқа да шығармаларды сол өлшемге сап өлшейтiн болсақ‚ әдеби туындының жақсы‚ жаман жақтарын анықтайтын критерийлерiмiздi анықтасақ‚ оны жұртшылық пен әдебиетшiлердiң қауымы мойындаса‚ онда әлгiндей жаңсақтық туындамас та едi. Өкiнiшке орай‚ бiз осы көзге көрiнiп тұрған нәрселердi белден басып кете беремiз. Егер Ж.Жақыпбаев қазақ поэзиясына жаңа леп‚ жаңа тақырып‚ жаңа ойпiкiр, т.б. алып кеп жатса‚ бiз де бөркiмiздi аспанға лақтырар едiк. Өкiнiшке орай‚ қанша алысқа лақтырамыз десек те‚ бiздiң қазандай қара бөркiмiздi‚ жердiң өзiне қарай тарту күшiнiң заңымен‚ әдеби материалдың тарту күшi төменге‚ жерге қарай тартып‚ ешқандай да әуелетiп жiбермейдi. Бiз мұны Ж.Жақыпбаевтың өлеңдерiн оқығанда анық байқаймыз.


Мен оның жақын арада шыққан өлеңдерiн кiтабын оқып шығып‚ оның‚ негiзiнен‚ С.Есенинге шын мағынасында қатты елiктегенiн айқын аңғардым. Оның өлеңдерiндегi интонация‚ дауыс ырғағы‚ ауыз-еуi сөйлеу тiлiнiң мәнерi‚ “көгiс”‚ “көгiлжiм” дейтiн сөздердiң көптiгi (ол Есенинде “синий”‚ “синева”,— Б.А.)‚ жалпы қозғап отырған тақырыбы, т.б. көп жерде орыс шайырын еске сала бередi. Оның кейбiр өлеңдерiнен А.Блоктың те әсерi сезiлiп қалады. Одан тыс‚ Ж.Жақыбаевтың көркемдеушi құралдары қазақ поэзиясы үшiн жаңа‚ тосын емес‚ – бәрi де бұрыннан бар‚ өлеңде кеңiнен қолданылып келген нәрселер. Ол осы таптаурын жолдан шыққысы кеп‚ әрi-берi қиғаштап бағады‚ бiрақ оның метафоралары жасанды‚ көп жерде алогизмi көп‚ қисынсыз боп көрiнедi. Дәл емес эпитеттер де жетерлiк. Оның сөз қоры да бай емес‚ 60-ыншы жылдарғы поэзияға тән “нұр”‚ “сәуле”‚ “алтын”‚ “күмiс”‚ “ай”‚ “күн” “толқын”, “ағыс”, “самал”, “арай”, “шұғыла”‚ “бал”‚ т.б. сөздер өте жиi қолданылады. Және де өлең туралы өлең өте көп. Кейде оның поэзиядағы азаматтшылдық дейтiн шартты басқаша түсiнiп‚ тарихтағы әр түрлi есiмдердiң басын шатып‚ әр түрлi заманға “саяхат” жасап кететiн‚ жалпылама сөзi көп‚ жадағай публицистиканың дәрежесiндегi өлеңдерi де аракiдiк кездесiп қалады. (Мен ол жөнiнде шайырдың көзi тiрiсiнде “Жалын” жорналында жазғанмын‚ – Б.А.). Ең бiр айтары‚ – оның дүниелерiнде орысша ойлаудың шартымен құрылған‚ орысқол‚ таза қазақы емес шумақтар жетерлiк. Соның салдарынан оның өлеңдерiнде еркiн көсiлу‚ қысылып-қымтырынбау жетiсе бермейдi. Оның жазғандарын оқып отырып‚ бiр түрлi аударма нәрсенi оқып отырғандай боласың. Оған кезiнде С.Есенинге елiктеген‚ соның жолын ұстаған Т.Бердияров пен М.Мақатаевтың орыс шайырларының салған жолынан бас асаулық көрсетiп‚ кей кездерi бұра тартып шығып кететiн тұстары‚ әсiресе‚ “қазақы материалды” “қазақша игеру”‚ оған “қазақы көзбен қарауы”‚ көп ретте‚ жетiсе бермейдi. Және де оның өлеңдерiнде iрi-iрi толғаныс‚ үлкен ой‚ сан қилы алабұртқан сезiм драмасы жоқ‚ оның көп шығармалары жеңiл‚ бiр құйындатып кеп қалған сезiмнiң әсерiнен жазыла салғандай боп көрiнедi. Жалпы оның шығармаларында жеке басқа тән нәрселер жиi ұшырасады. Бұл оның поэзиясының аясын барынша тарылтып‚ өлеңдерiнiң салмағын жеңiлейтiп жiберуге әкеп соқтырған. Жалпы айтқанда, Жұматай “меннiң” тар шеңберiнен шыға алмай‚ “олға” көп назар аудармаған шайыр. Оның өлеңдерiнiң полифонияға жете алмай жатқаны да сондықтан. Оған қоса, оның ойлауына‚ сөйлем құрауына орыс тiлiнiң синтаксисi көп ретте үстемшiлiк ете бередi. Жұматайда орысша құрылған сөйлемдер‚ шумақтар жетерлiк. Күркiреп бұлтша күй төккен қарадық көкке тiпте өңге. ақ бұйра түтiн сүйреткен метали (?) инелiктерге... Жинауды қойдық гербарий‚ тұмадан термей тастар да‚ Байқап қап қыпша бел барын кәдiмгi шүйкебастарды... т.б. Бұл мысалдардағы 3 және 4-iншi жолдар нағыз қазақы ойлам бойынша алғашқы екi жолдың алдында келуге‚ мысалы; “Ақ бұйра түтiн сүйреткен метали инелiктер (мен) күркiреп бұлтша күй төккен көкке... қарадық”‚ – тәрiздi боп келуi қажет. Мұндай жағдай Жұматайдың өлеңдерiнде жиi кездеседi. Кезiнде осы нәрсе С.Жиенбаевтың дүниелерiнде де ара-тұра ұшырасып қалатын. Бұл жерде Жұматайдың өлең техникасын Сағидан өтемөте қатты үйренгендiгiн айта кеткен де жөн. Сағи да жеке басына тән нәрселер туралы ерекше бiр жылы леппен‚ шырайлықпен жазатын-ды.


Жалпы алғанда, мұндай жағдай бүгiнгi қазақ лирикасына өте тән нәрсе. Ол бұрынғы поэзияда да‚ әсiресе М.Жұмабаев пен Б.Күлеевтiң өлеңдерiнде де анық көрiнген едi. Оның себебi тереңде жатыр. Бұрыннан жыраулар мен шырайлардың синкретикалық ақыл-өсиет‚ үгiт-насихат, т.б. айтуға негiзделген жырлары мен термелерiне құлағы үйренген (көзi емес! – Б.А.) тыңдаушы (оқушы емес! – Б.А.) жұртшылыққа өз жан дүниесiнде болып жатқан әрекеттердi қазбалап айтатын өлеңдердiң‚ лириканың өте жат көрiнуi заңды болатын. Соны ескерген Абайдың өзi де кейде жалған дидактикаға түсiп кете беретiн-дi. Бұл тенденция‚ мұндай талғам қазақ қауымында әлi де өз iзiн онша жоғалта қойған жоқ. Соған қарамастан, ақыл-кеңес айтатын емес‚ сыр шертетiн өлеңдер бiздiң поэзиямызда дүркiреп қаулаған көкше жамырай шықты. Осы лириканың қазақ топырағына кеп қоныс тебуiнiң тарихы тереңде жатыр. Шындығына келсек‚ қазақтың маманданған өлеңi мен дастанының қалыптасуына‚ әсiресе‚ лирика мен қарасөздiң қазақ топырағына отау тiгуiне татар әдебиетi бiраз ықпал жасады. Бiзде осы жағы көбiне айтыла бермейдi‚ құдды кең сахарада жатқан қазақ орыс тiлiн судай бiлгендей‚ 19-ыншы ғасырда-ақ орыс әдебиетiнен үйрендiк деп күпiлдейтiндер бiзде жеткiлiктi. Бұл ақиқатқа онша дәл келе бермейдi. Ол кездегi қазақтың дәулеттi кiсiлерi мен байларының балалары алдымен татарлардың медiреселерiнiң есiгiн ашты‚ татар әдебиетiн оқып үйрендi. Абай да‚ Сұлтанмахмұт‚ Мiржақып‚ Сәкен‚ Мағжан‚ Бернияз‚ Бейiмбеттер де осы жолдан өттi. Содан кейiн барып олардың орысша тәуiр бiлгендерi орыс әдебиетiндегi тәжiрибелердi түпнұсқадан оқып үйрене бастады. Бұндай шәкiрт ретiнде үйренудiң ең қызу алған‚ барынша етек жайған тұсы – Кеңес билiгi орнаған кез едi. Әсiресе‚ бұл талап 40-60ыншы жылдары өте кеңiнен етек жайды. Бұл жерде орыс әдебиетiнде бар үлгiлерге тiкелей елiктеу де болмай қалған жоқ. Ендi бiзде эпигон шығармалар қаптап кеттi. Мұны поэзия да‚ қарасөз де өз бастарынан кешiрдi. Мәселен М.Шолоховтың “Тынық Доны” жарық көрiп едi‚ бiзде “Ақ Жайық”‚ “Сырдария”, т.б. атты романдар жазылды. В.Маяковскийдiң публицистикалы поэмалары жарияланып едi‚ — бiзде “Советстан”‚ “Альбатрос”‚ “Қазақстан”‚ т.б. деген поэмалар бой көрсеттi. Өлеңде де сондай. Бұл‚ әсiресе‚ 1960 жылдардың басында С.Есениннiң мұраларының толық жарық көруiне байланысты болды. Маяковский мен Есениннiң екi аралығында Т.Бердияров пен М.Мақатаев әрлi-берлi ауытқып жүрдi. Қ.Мырзалиев болса‚ Р.Гамзатов‚ Қ.Құлиев‚ Д. Кугультинов және басқалардың тәжiрибеханасына қатты ден қойды. Ал Ж.Нәжiмеденов Л.Мартынов‚ А.Вознесенскийдiң iзiне көп үңiлдi. Х.Ерғалиев болса‚ өз дастандарында А.Твардовскийдiң үлгiсiн өте-мөте берiк ұстанды. Қазақтың басқа да шайырлары осы күйдi бастарынан кештi. Бұларға тән ең басты кемшiлiк‚ орыс тiлiн өте жетiк бiлмегендiктен‚ қазақ және орыс тiлдерiнiң синтаксистерiнiң өз ара ерекшелiктерiн ескермей‚ қазақ тiлiнiң синтаксисiн көп ретте орыс тiлiнiң синтаксисiне бағындыру (бұл үлкен бiр жазушымыздың шығармаларына да өте тән‚ — Б.А.)‚ басқа тiлге тән теңеу‚ метафораны бiзге сол күйiнде‚ сөзбе сөз‚ iшкi мағынасына назар аудармай туралай аударып көшiрiп әкелу‚ қазақ халқының ойлау ерекшелiгi мен үрдiсiн‚ жалпы менталитетiн ескермеу кеңiнен етек алды. Содан-ақ бiздiң өлеңдерiмiз орысқолданып сала бердi. (Бұл нәрсе кәзiрде де бар‚ – Б.А.) Ендi бiздiң шайырларымыз көшпендi болған қазақ халқына тән емес‚ оның дүниенi көруi мен сезiнуiне мүлдем жат‚ тiпте қайшы келетiн нәрселердi өлеңнiң материалына айналдырды. Мәселен‚ ақ қайың‚ қарағай‚ емен, т.б. С.Есенинге мүлдем жат емес‚ пәленбай заманнан бермен қарай отырықшы боп‚ ауызға жерге жемiн жерден‚ өсiмдiктен‚ бақшалықтан алып дағдыланған орыс халқының дүниенi сезiнуiне‚ бiлуiне‚ түсiнуiне келгенде әлгi дарақтар бүйреткен сирақ шығармайды. Ал бұл бiзде олай емес. Соған қарамастан 50-60-ыншы жылдарғы ұрпақтың өлеңдерiнде әлi қос етектi көйлегiнiң етегi мен жеңiн қырқып үлгермеген қазақтың науша қыздары айға қарап‚ жапырақты тiстелеп (сәбет заманындағы кинолардағыдай! — Б.А.)‚ ақ қайыңды аялап‚ албыраған ернiмен аймаласып‚ сүйiсiп (қазақтар қызды еш уақта ернiнен сүймеген‚ бетi мен маңдайынан сүйген‚ бұл да орыстардан көшiп келген нәрсе‚— Б.А.) “көрген түстей‚ сағымдай жалт етiп‚ жоқ болып” жүредi. Соның әсерiнен кейiннен бiзде әйел


бостандығы деген даурықпа науқан туып‚ феминизация басталды да кеттi. Оның аяғы бүгiнгi Саин көшесiндегi тәнiн сататын сайқалдарға әкеп соқтырды. Бұл процестiң басталуына шынайы сүйiспеншiлiктiң орнына‚ тыюсыз-жыюсыз кеткен ерiндер мен шөпiлдетiп сүюге жаралған ақ тамақтар‚ шыт көйлектiң етегiнiң астынан жалт етiп көрiнiп қалатын ақ балтыр мен қималы өңiрден бұлтиып көрiнiп тұратын екi анар туралы ғана өлең жазатын бiздiң кейбiр шайырларымыздың қосқан бiраз үлесi бар. Олай дейтiн себебiм‚ — бүгiнде Саин көшесiнде кiм көрiнгеннiң нәпсiсiн қандырып‚ пұл табу үшiн тұрғандардың 90% процентi ауылдан келген‚ жаңағыдай жалған романтизмге толы өлеңдердi кiшкентайынан оқып жатаған аңқау қыздар! Ендi оларды шаңырақ құрып‚ ошақ басына оралып‚ жақсы отбасының iргесiн көтере қояды дей қою қиын. Жалпы бiздiң поэзиямызда сүйiспеншiлiк туралы жазғанда‚ оның негiзгi мақсаты түптiң түбi — жақсы‚ берiк отбасын құру‚ екi кiсiнiң бiр бiрiне сенiмi‚ өзара адалдық‚ бiр бiрiнiң көзiне шөп салмау‚ бала-шаға өсiру‚ оларды тәрбиелеп‚ ел қатарына қосу, т.б. екендiгi мүлдем ұмытылып кете берiледi. Оның орнына баяғы сал-серiлердiң қылығына ден қойып (ол заманда сондай нәрселер бола қойды ма екен! – Б.А.)‚ жiгiтшiлiк жасау‚ бiреудiң әйелiне қызығу‚ оны күнәһарлық деп бiлмеу‚ бетi жылтыраған ұрғашыны көре сап‚ алғашқы лып ете қалған сезiм ұшқыны туралы жазылған шала-пiстi дүниелер тудыру етек алды. Сөйтiп, ғасырлар бойы халқымыздың салт-санасын‚ үрдiсiн‚ жан дүниесiн жат жұрттардың керексiз әсерiнен сақтап келген (батырлар жырларын еске алыңыз!‚ – Б.А.) поэзиямыздың ең жақсы үлгiсi‚ аяқ асты болды‚ – қазақ өлеңiнiң шаңырағы терiскей мен батыс жаққа қарай қисая бастады. Мұны кейiнiнен келген жастар С.Есенин мен Н.Рубцовқа елiктеп‚ мүлдем асқындырып жiбердi. Бұл жағдай ән жанрында да адам айтқысыз халге жеттi. Қазақтың халық әнiне тән мелос‚ әуен‚ ырғақ мүлдем ұмытылып‚ кәзiр ырғағы да‚ әуезi де батысқа елiктеген қолапайсыз бiр дүниелер телеайнадан жиi көрiне бастады. Халық әндерiн айтпағанда‚ кешегi С.Кәрiмбаев‚ Б.Байқадамов‚ Ә.Еспаев‚ Н.Тiлендиев‚ К.Күмiсбеков‚ Ш.Қалдаяқов‚ Ә.Бейсе уовтердiң үлгiлерi мүлдем аяқ асты болды. Тiптен кейде қазақтағы ән жанры осы композиторлардан кейiн дамымай тоқтап қалған ба дейсiң. Бiзде соңғы кездерi мардымды даусы да‚ композитор ретiнде дарыны да жоқ бiр сыбырлағыштар шықты. Мен жақында телеайнадан шымкенттiк Сейфуллин Жолбарыс дейтiн бiр жiгiттiң екi сағатқа созылған “концертiн” көрiп тыңдадым. Ол қанша шырылдауық шегiрткеше әрлi-берлi секiргенмен‚ мың айналып‚ бұралып‚ “билегенмен”‚ қанша клип жасап‚ жан-жағына жартылай жалаңаш‚ екi бұтына дейiн ашық-шашық ұятсыз қыздарды (бұл көрушiнi қызықтырудың бiр тәсiлi!‚ – Б.А.) ырбаңдап билеткенмен‚ ең бастысы‚ – мелодиясы келiстi‚ белгiлi бiр кеуiл күйдi бiлдiретiн‚ сол арқылы тыңдаушының жан дүниесiне әсер ететiн... шынайы қазақы ән шығара алмаған. Мен сол арада осындай “орыстанып” кеткен жiгiттi туып-өсiрген шынайы қазақы Шымкент топырағын аяп кеттiм. Кәзiр мұндай дүмбiлез дүбәрәлар мүлдем көбейiп бара жатыр. Қазақ өлеңiнде де осы жәйт баршылық. Рас‚ әдебиетке кейiнгi жылдары кеп қосылған Ш.Әбдiкәрiмов, Е.Раушанов‚ А.Әлiмов және басқаларының өлеңдерiнде байырғы әдеби үрдiсiмiзге қайтадан мойын бұру талабы бар. Бұл‚ әсiресе‚ Е.Раушановтың ағылып-төгiлiп жатқан өлеңдерiне тән. Ол бұрынғы ноғайлы дәуiрiнде дүниеге келген жырларымыз бен Махамбет‚ Қашаған‚ Ақтан‚ Мұраттардың мұраларындағы ең жақсы қасиеттердi әрi қарай жалғастыруға тырысады. Бұған оның: Бозаңға бiткен боз жусан боқыраудың күнi болғанда‚ бозарып барып солар ма? Мен бозаңды құшып көз жұмсам‚ қара жер‚ қойның толар ма? – немесе‚ –


Уа‚ жалт екен‚ жал екен‚ жай түссе де‚ – жасқанбас қарағай – менiң қарт әкем. Қарағайға қарсы бiткен сан бұтақ алағайда сыр бермейтiн мәрт екен‚ – болмаса‚ – Ай‚ күлерсiң‚ күлерсiң‚ аймағыңа гүл өнсiн‚ көшiң күнге тiрелсiн. Күнге дейiн көп жол бар‚ кiдiресiң қай тауға? Бағытыңды байқауға айқасқанда түсшi бiр‚ батыр‚ айналып‚ алды-артыңды көршi бiр‚ батыр! ...Әр жағын өзiң бiлерсiң‚ – деген еркiн құйылып тұрған жолдары мен шумақтары айқын дәлел. Рас‚ кейде бұл талаптың басы артық сөз ойнағына‚ дыбыстардың iшкi үндестiгiне‚ басы артық iшкi ұйқастарға әкеп соқтыратыны да бар. Содан-ақ сыртқы форманың салмағы көре көзге артып сала бередi де‚ мән-мағына‚ мазмұн таразының екiншi басында қап‚ салмағы жеңiлейiп‚ аспандап шыға келедi. Кейде көп сөздiлiк те‚ шешендiк тең шаң берiп қалады. Жалпы Е.Раушанов та өлеңдегi алғашқы жолын: Есенин- планета айналып жүр‚ – Есенғали ауылда қой бағып жүр‚ – деп бастаған шайыр. Оның бұдан бiрер жыл бұрын өлеңдерiнiң бiр томдығы жарық көрдi. Онда шайыр Есениннiң де‚ бұрынғы төкпе жыраулардың да әсерiнен арылуға барынша тырысқан. Мына шолу мақаламызда ол жөнiнде тереңдетiп сөз қозғап жатпаймыз‚ – бұл жерде шайырдың үнемi iзденiс үстiнде екендiгiн бiлдiрмекпiз. Есенғалиға қарағанда‚ А.Әлiмов өзiнiң алдына еркiн көсiлiп‚ төгiлiп-шашыла беруден гөрi‚ сабырлы темппен‚ сурет сала сөйлеудi басты мақсат етiп қойған. Оның өлеңдерiнде бейнелi жолдар‚ тосын теңеулер‚ метафоралар жиi кездеседi. Ол не туралы жазса да, әдеби қылқаламын майлы бояуға малып алғанды көздейдi де тұрады. Оған мысал жетерлiк. Әтештiң айдарындай Ай туады... Көне тегеш секiлдi кертiк ернеу сәуле төгiп бозғылтым алыстағы Ай... Төмпешiк – төңкерiлген кәрлен кесе... Неон шамның сәулесi дiрiлдеген дiрiлдеген жаңбырмен жүздеседi... Шөккен түйе секiлдi шөмелелер...


Мұндай дәл ұсталған детальдар‚ тiршiлiктiң тосын қырынан көрiнетiн майда бөлшектерi‚ табиғат суреттерi, т.б. осы шайырдың басқа да дүнияларында бой көрсетедi. Бұл дүниелер шынайлығымен оқушыны баурап алады. Мiне‚ осындай дүниелерi барлығына қарамастан, осы екi шайырда да өлең туралы өлең көп. Олар кейде жалқы мен жалпының ара қатынасын дұрыс сақтай бiлмегендiктен‚ жалпылама сөйлеуге‚ сөзуарлыққа салынып та кетедi. Жалпы мұндай аздап “қазақыланған” публицистика қазақ поэзиясы үшiн онша таңғаларлық нәрсе де емес. Ең басты кемшiлiк‚ – мұндай лепiрмесi жетерлiк‚ домбыраның қос iшегiн барынша шыңғырлатып бұрап алғандай күш-қуатты кернеуiнен асыра жұмсайтын‚ тасқын суша кемерiнен асып-төгiлiп жатқан дүниелерде жеке кiсiнiң жан дүниесi‚ ой-толғанысы, т.б. көзден таса қалып жатады. Олар көбiне бұрынғы жырауларымыздың толғауларын еске түсiредi. Бұл жердегi ең қиыны‚ – бiздiң шайырларымыздың өзiнiң азамат ретiндегi борышын‚ парызын осындай көпiрме бiр-екi өлең жаза салу деп үстiрт түсiнетiндiгi. Ондай өлеңдердi оқып отырып‚ баяғы салтанатты жиналыстарда қолын алға қарай құлаштай сермеп‚ гүмпiлдеп сөйлейтiн сөзуарларды еске аласың. Өкiнiшке орай‚ осындай дүмбiлез дүниелер бiзде әлге дейiн шеншекпеннен‚ артық марапаттан құр қалып келе жатқан жоқ. Ондайларды мақтаушылар да‚ ақтаушылар да бiзде жыртылып айрылады. Мұндай жағдайда көркемделген әдебиеттiң сондай iрi мәселелерге тек қана жалқы арқылы‚ жеке кiсiнiң жан дүниесi‚ тағдырталайы‚ ой-пiкiрi‚ iс-әрекетi, т.б. арқылы баратыны мүлдем ұмытылады. Ондай шығармаларда жалпыдан жалқыға қарай өрбiсек деген оңаза талап көбiне iске аспай жатады. Ал бұған керiсiнше‚ кей шайырлар тек қана жалқының ауқымынан шыға алмай‚ жалпының ауылына ат iзiн де сала алмайды. Соның салдарынан олардың ауқымы өте тар боп келедi. Үшiншi бiр бағыт‚ – бұл екеуiне де жатпайтын‚ жалқы да‚ жалпы да онша бедерлi боп көрiне бермейтiн‚ бiр орташа стандартқа келтiрiлген‚ сыртына жапсырылған этикеткасы алыстан айғайлап “мен мұндалағанымен”‚ мазмұны жағынан жаңа‚ тың емес‚ басына қазақы айыр қалпақ кигенмен‚ европаның үлгiсiндегi “көстөмшалбарын” тастамайтын дүбәра кiсiлердi еске салатын бағыт. Кейде осы үшеуi де араласып кеп жатқан қойыртпақ дүниелер де ұшырасып қалады. Солардың барлығын оқи‚ зерттей келгенде‚ олардың ешқайсысының да құнды дүниелердiң қатарына жатпайтындығын‚ қатты бiр жел тұрса‚ қоға басындағы үпелектей ұшып кете беретiнiн көресiң. Ұ.Есдаулетовтiң есiмi бiр кезде “пәртпелсiз мiнiстiр” боп тұрған Ш.Елеукеновтың аузына iлiгiп‚ оның бiр мақаласында мақталған соң-ақ‚ бiздiң желдiң ығына жығылыш сыншыларымыздың аузынан түспейтiн болып алған едi. Әрине‚ мұнда тұрған соншалықты сөкет ештеме де жоқ‚ бұ жерде “семiздiктi қой ғана көтередi” дегендi ұстаған ғана дұрыс. Мен жақында оның Мемлекетiмiздiң ең үлкен сыйлығын шаппай алған “Киiз кiтабын“ оқып шықтым да‚ қатты таңғалдым. Таңғалдым да‚ оның 1995 жылы жарық көрген таңдамалысын қайта бiр қарап шығып‚ онан әрмен дал болдым. Дал болатын себебiм‚ “Киiз кiтапты” оқып отырып‚ есiме И.Крыловтың көкек пен қораз туралы атақты мысалының қайта-қайта түсе бергендiгi едi. Ұ.Есдәулетовтың 19-ыншы ғасырдың ыңғайында әбден әшекейлендiре безендiрiлген мына жаңа кiтабына алғысөздi Ә.Кекiлбаев жазыпты. Әрине‚ аға жазушы‚ аға сыншының кейiнгi ұрпақтың дүниелерiн оқып‚ пiкiр айтқанында ерсi ештеме де жоқ. Бұл жердегi ең асты ерсiлiк – Ұлықбектiң осы жинақтағы “Маңғыстау. Замандас” атты өлеңiн оқып шыққаннан кейiн көзге анық көрiнедi. Шайыр бұл өлеңдi Әбiштiң алпысқа толуына орай құттықтау ретiнде жазыпты. Оқып көрелiк:


Әбiш Кекiлбаев! — деген бұл есiм алты алашқа аса қымбат (?) – бiлесiң... ...оған ерек дуалы ой (?) мен тiл берген. Тауларда да болады екен туған күн (?)‚ ол да алпысқа өзгелермен бiр келген. Брi ғасырға бұрын туса‚ – қайтер ек‚ бiр ғасырға кейiн туса‚ – қайтер ек? Адамзатты жапырағымен (?) желпiп тұр (?) Маңғыстауда тамыр тартқан бәйтерек‚ – деп Ұлықбек Әбiштiң астына бiрнеше қалың-қалың көпшiктi тастап-тастап алып‚ оның осы ғасырымыздан не бұрын‚ не кейiн туылмай‚ дәл сәттi сағатында туылғанына мәзмайрам боп‚ ковбойлар киетiн қалпағын көкке қарай лақтырады. Және де ол Әбiштiң бәйтерек ретiнде “адамзатты жапырағымен желпiгенiне“ (несiн‚ бетiн бе? – Б.А.) ырза болады. Мына кiтапқа жазған алғысөзiнде Әбiш те Ұлықбектен еш қалыспайды. Ол да: “Ұлықбек таланты – сондай ұлағатты талант. Ондай талант жан ашуын емес‚ жан сырын ғана ортаға салады. Бүгiнгi күндерi ортамызда ондай пәтуалы ауыздардың (?) жүргенiнiң өзi қандай ғанибет”‚ – деп (?) таңдай қаға тамсанады. Сөйтiп “алып тау‚ бәйтерек”‚ Әбiш пен “ұлағатты талант‚ пәтуалы ауыз” Ұлықбек ала шапан мен ала тақия киiп ап‚ оң қолдарын кеуделерiне қойып‚ бiр бiрiне тағзым ететiн кiсiлерше иiлiп-бүгiлiп алады. Ендi Ұлықбек әрi қарай “шабады”: Күйiп-пiскен‚ беу‚ қоғам мен үкiмет (?)‚ сол үшiн де аллаға мың шүкiр ет! Кең сахара көпсiне ме суларын‚ дәл осындай бiр дарияны күтiп ек (?); – деп‚ ол қазақ даласынан ондай ұлы дарияны көре алмай‚ екi көзi төрт болғанын “айдай әлемге” паш етедi де‚ “күйiп-пiсiп”‚ тырысып отырған қоғамымыз бен үкiметтi “шүкiршiлiк” етуге шақырады. Бұл жерде егер “тырысқақ” үкiмет “аллаға мың шүкiршiлiк” етпей қойса‚ не болар едi “бiр қиялға“ да батасың. Сонда көктен Иса түсiп‚ жерден Мұса шығып‚ ғарасатмайданы басталып кетедi ме? Ә.Кекiлбаев Ұлықбектiң бұл қолпашынан да асып түсуге тырысып: “Ұлықбек сөздерi жер жаралып‚ су аққалы бардай (?) етене естiледi. Мына дүние тұрғанша тұратындай өмiршең де өршiл ұғылады”‚ – деп қызық бiр “пiкiрдi” перiп кеп қалады! Бұл сөзге сенсек‚ Адам Ата мен Һауа Ана жаралмай тұрғанда‚ жер жарықтық жаңа ғана тозаңнан ұйысып‚ оның бетiмен су аға бастағаннан-ақ “Ұлықбектiң сөздерi бар” болып шығады! Әрi оның өлеңдерi мына бүткiл “дүниенi” бiреу атом бомбасымен тозаңға айналдырып жiбергенше жасамақшы! Оның есесiне “күйiп-пiскен қоғам мен үкiметтiң” мына жер бетiнде iзi де қалмақ емес! Олай болса‚ “мәңгiлiк” өлең жазған Ұлықбек “мәңгi емес‚ баянсыз үкiметтiң” сыйлығын неге алады! Оны “керексiз‚ мәңгi емессiң”‚ – деп керi қайтарып бермейдi ме? Ендi Ұлықбек мүлдем ақсақтап кетедi: Мұндай тұлға (?) туа алмасақ‚ – кiм болдық‚


туғаннан соң‚ қуанбасақ‚ – кiм болдық? Абай атам арманындай (?) Әбiш бұл‚ Әуезовтiң жалғасындай (?) ұл көрдiк! Қазағымның елдiгiнiң өлшемi (?)‚ Сарыарқадай кеңдiгiнiң мөлшерi (?)‚ Атыраудай пейiлiне берген жан (?)‚ Алатау мен Алтайымдай еңселi (?) Бұл жолдарды оқып отырып‚ “Абай арман еткен”‚ “Әуезовтiң жалғасы”‚ “қазақшылықтың өлшемi” (ол өлшем метр ме‚ шақырым ба‚ әлде сантиметр ме? – Б.А.)‚ “кеңдiгi Сарыарқадай” (бiрақ кеңдiкте “мөлшер” болмайды‚ – Б.А.)‚ “еңсесi Алатау мен Алтайдай” (ең биiк тау Хан Тәңiрi автордың аузына түспей қалыпты! – Б.А.) Ә.Кекiлбаев болмаса‚ қазақ әдебиетi қараң қалатындай өз жағаңды өзiң ұстайсың. Мұның қасына бiр кездерi “Маңғыстау” дейтiн өлеңiнде (Ұлықбек бұған “Ә.Кекiлбаевты” қоса салған!) Темiрханның: “... кемедей Кекiлбаев шайқалады”‚ – дегенi жiп те есе алмай қалады! Шынында да‚ мұндай “тұлғаның” ортамызда жүргенiне “қуанбасақ”‚ бiздiң “кiм болғанымыз”? Оның үстiне, осы өлең жазылған 1999 жылы Ә.Кекiлбаев Қазақстан Мемлекетiнiң Хатшысы! Мұндай үлкен қызметке қазақ әдебиетi өкiлдерiнiң iшiнде қолы жеткен С.Сейфуллин мен Ә.Кекiлбаев қана! Сонда бұған қалайша мақтанбайсың‚ бұған қалайша тасынбайсың?! Осы үлкен хатшы боп тұрған кезiнде (кiтап 2000-ыншы жылы жарық көрген! – Б.А.) жазған алғысөзiнде Әбiш тағы да “әдемi” қамшы салдырмас жортағына басады. Ол “талант” деген сөздiң өлшемiн анықтап: “Талант дегенiмiз де адамды өзi жүрген ортадан ажыратпай‚ жатырқатпай‚ қайта табыстыра‚ туыстыра түсетiн сиқыр (?) қасиет болса керек... Үйдененiң мөп-мөлдiр суындай мөлтеңдей (?) ақтарылған дарынды ақынның шынайы жырлары...” – деп шашасына шаң жұқтырмай‚ тайпала жөнеледi. Тек бұл жерде Әбiштiң аузынан абайсызда шығып кеткен: “...мөлтеңдей ақтарылған” деген сөз кiсiнi бiраз ойға қалдырады. Мөлтеңдеудiң шын мағынасы – жалтақтау‚ бiрдеңе сұрап‚ тiлеп‚ қалап, т.б. көзiн сатып тұру. Сонда “дарынды ақынның” үйткенi несi? Бiрақ оны құлағына iлiп жатқан Ұлықбек жоқ‚ – ол ендi “қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда етiп көрсетедi”. Ол қыза келе: Атынан-ақ асқақтайды әр төбем (?)‚ биiктейдi парасатым‚ мәртебем (?) Тереңдегi шыңыраудың суынан шөлiркесе‚ сусындайды жарты әлем! (?) Шөлiн басқан президенттер мен абыздар‚ (?) бар бұқара бүткiл оған қарыздар‚ (?)‚ – деп бүйректен сирақ шығарғандай етiп‚ “қойып” кеп қалады! Оның сөзiне бақсақ‚ “шөлiркеген жарты әлем” (Әбiштiң кiтаптары жарты әлемге таныс та емес!) Әбiш қазған “шыңырау” құдықтың суына өлiп-ақ тұр екен! Тiпте одан жер-жаһанның “президенттерi мен абыздары” да (сонда молда‚ ишан‚ мүфтилер шөлдемеген бе?) “шөлiн басыпты”! Тек бұл арада әлi “шөлдемеген” “бүткiл бұқара” Әбiшке не үшiн “қарыздар“ болмақшы? Оның суын iшпегенi үшiн бе? Егер олар iшпесе‚ қолында құдiреттi билiк тұрған кiсiлер ондай “миғұлаларды” “малша” айдап Әбiштiң суатына ерiксiз қуалап апармай ма? Сөйтпей‚ Ұлықбек қайда қарап тұр? Мұны Әбiш те сезедi. Өз суатыма “қара‚ надан бұқараны қуалаймын” деп‚ қапы кетiп қалар деген сыңаймен‚ Әбiш: “Тағдыры тарихтың талма тұсына тiрелiп тұрған ұлттың


ұяты бар дiлмары (ұятсыз дiлмарлар кiмдер сонда? – Б.А.) онсыз да өртенiп (?) тұрған кезеңде өз жұртын өзi шаптан түртiп (?) шамырықтырып‚ қаралай отқа (?) итермей‚ базына емес‚ басу айтып (сонда кiм шамырқанып жатқан? – Б.А.) сөйлесе лазымды”‚ – деп әлгi қолпашқа кеулi толғанын бiлдiрiп‚ оған “қой-қойлайды”. Бұл жерде өзiнiң қатардағы әдебиетшiлiгiнен гөрi Мемлекеттiң дырдай бiр Хатшысы‚ ел ағасының қызметiнде жүргендiгi еске түссе керек! Бiрақ “өзеуреген” Ұлықбек әлгi “қой-қойыңды” басқаша түсiнiп‚ осы өлеңнiң алдыңғы шумағындағы “бұл есiмдi” – “ұлы есiмге”‚ “алты алашты” “әулие-әнбиеге” алмастырып: Әбiш Кекiлбаев! – деген ұлы есiм (?)‚ әулиедей (?) жан екенiн бiлесiң! Әнбиеден (?) медет күткен жарандар басып кеткен iзiне кеп түнесiн (?)‚ – деп қазақ қоғамына “өзгеше бiр жол” сiлтейдi. Бұл жерде бiр түсiнiксiздiгi‚ – әнбия деген араб сөзiнiң жекеше тұлғасы “нәби” фарсыша (бiзше де!) пайғамбар деген ұғымды бiлдiредi‚ сонда “әнбие-пайғамбардан медет күткендер” неге Ә.Кекiлбаевтың “басып кеткен iзiне” түнеуге тиiс? Одан да мешiтке түскен қаржыны оңды-солды шашып‚ қажыға “қырық рет” барып қайтқан атышулы Рәтбекше Мәкке-Мәдинаға қарай аспай ма? Әлде исламды орынсыз қаралаған‚ арандатқыш С.Рушдидың “Жын-шайтанның жырларын” “оқыған” қулардың “жаңа пайғамбар” тапсақ деген талабы бар ма? Мұны Ә.Кекiлбаев та әлгi алғысөзiнiң соңғы жағында бас изеп құптайды. Ол Ұлықбектiң “Қазақия” (?) дейтiн салдыр-салақ жазылған‚ айтар тың ештемесi де жоқ‚ баржоғы “атамекендi сүйем” деген (любить деген сөз бұл жерде жақсы көру дегендi бiлдiредi‚ одан басқа кiсiлер өзi туып-өскен жерiн жек көретiн сықылды‚ – Б.А.) өлеңдi тасырта мақтай келiп‚ шығарманың соңындағы: “... жолдар имандай ұйытар мiнажат сөзiндей‚ кәлима ғып қайырар дұғалық сөзiндей”‚ – деп “пайғамбарға” тән ыңғай бiлдiредi. Бұл жерде Ә.Кекiлбаев та‚ Ұ.Есдәулетов те бұл сөзiмiзге Бас мешiт қалай қарайды екен деп қиналып та жатпайды. Ол екеуiне қарағанда‚ И.Крыловтың мысалындағы бiр-бiрiн тасырта кеп мақтаған көкек пен қораздың жан-жағына жалтақтап қарап қоятыны бар! Өйткенi... олар шiркеуден‚ қала бердi инквизициядан өлердей қорқады! Ал ислам тарихында ондай кiсiнi отқа өртеген жағдай болған жоқ. Онда бiр-ақ рет қолайсыз жағдай кездестi‚ – шариғаттың ауқымынан шығып‚ ерсi сөз айтқаны үшiн фанатик дiндарлар алқа топтың көзiнше диуанаи Машрабтың тiрiдей терiсiн сыпырып алды! Одан басқа қолайсыз бiр де бiр жағдай болған емес! Соны бiлетiн көкек пен қораз айылын кiмнен жия қойсын!? Бiрақ Мемлекеттiң Хатшысы емес Ұ.Есдәулетов дереу “есiн жиып” ап‚ сол кездегi Бас уәзiр‚ премьер-министр И.Тасмағамбетовке арнаған өлеңiнде‚ оған Жайықтың жағасынан 13-iншi ғасырда жасалған қыш құмыраны (оның iшiнде қнаша алтын бары белгiсiз‚ – Б.А.) таптырып ала қояды да: Жар астынан‚ жағасынан Жайықтың жарқ еттi ғой қазып алған (?) құмыраң! – деп‚ бұрнығы Бас уәзiрдi “еңбекқор археолог” ғып шығара қояды! Бiрақ Ұлықбектiң бұған да кеуiлi онша тола бермейдi. Ол ендi сол кездегi кәдiмгiдей “пәртпелi” бар министр А.Сәрсенбаевқа өлең арнап‚ оны “құспенен туыстырып”‚ “құс мiнездi” ғып‚ “қанатыменен ұшып‚ құйрығымене қонатын” қыран ғып шығарады. Сол жерде министрдiң көзiн алабере өзiнiң “кiндiк әкесiнiң ныспысы Құсбек екендiгiн” еске сала да кетедi. Оған министрдiң “иланғанын” көрген соң‚ Бас уәзiр мен Мемлекеттiң хатшысының “оң қабағын” алған Ұлықбек үшеуiне жалтақтай қарап:


Туыс боп құспен жаратылған соң тумыстан (?) ұшармын мен де! Апыра-ау‚ неге ұшпаймын! – деп “өкпе-наз” айтады. Ақыры сол “өкпе-назы” ақталды‚ – “Киiз кiтабы” үшiн Мемлекеттiң сыйлығына қоса кезiнде қазақтың не бiр марғасқаларының қолы жетпеген‚ тiпте емексiп иегi де қышымаған “Қазақ әдебиетi” газетiнiң жайлы креслосын бiрдей алды! Бiрақ кейiн “ақтай жатар” деген оймен‚ аванспен алды! Әрине‚ әлгiндей аспанға көтерiп жiберген мадақтан кейiн қатардағы уәзiрлер түгел әр тииынын‚ қолы қалтырап санап отырған не бiр тас сараң банкирлердiң алақандарының да ашылып сала бермеуi мүмкiн емес! Бұл тағы да И.Крыловтың аузына iрiмшiк тiстеген қарғаны iшiн кептiре мақтап-мақтап‚ оны “қарқ” еткiзiп‚ ауызға жерге жемiн тауып‚ қаша жөнелген түлкi жайлы жазылған мысалын еске түсiредi. Ұлықбек ендi Абайға ауыз салады. Ол апасына арнаған бiр өлеңiнде: Апажан‚ қасиетiң артық екен‚ мен түгiл‚ Абай жазған бүкiл жырдан (?)‚ – деп (Таңдамалы‚ 1995 жыл‚ 49 б.) “дәу бастық емес” Абайға “жаңаша баға беруге” тырысады. Бұл сөзге сенсек‚ оның қарапайым апасының қасиетi (ол не қасиет? – Б.А.) Абайдың бүткiл өлеңiнен “артық” боп шығады! Сонда кейiнгi ұрпаққа Абайдың “қасиетi” кем шығармаларын оқудың не қажетi бар деген сұрақ өздiгiнен ерiксiз туындайды. Ендi амалсыз “Киiз кiтапты” қолға алуға тура келедi. Кiтап атының неге киiз деген эпитеттi (неге былғары‚ тас‚ балшық, т.б. емес?) алғанын Ә.Кекiлбаев: “Киiз сияқты бiржолата тозып бiтпей (?) iлiнiп-салынып жүретiн де қоятын елбе-селбе тiршiлiк!... Киiз сияқты бiржолата жанып кетпей (?)‚ ұзақ бықсып‚ ұзақ түтiндейтiн де тұратын күйiнiштi ахуал” деп “қызық етiп” қисындайды да: “Киiз кiтабында” ақын сондай күйзеле пайымдайтын құбылыстар хақында күйiне сыр толғайды”‚ – деп түйедi. Бұл жердегi бiр түсiнбейтiн нәрсе‚ – халқымызға ғасырлар бойы ықпана‚ төсек, т.б. боп қалтқысыз қызмет етiп келген‚ жасалу технологиясы әбден жетiлген‚ соның арқасында киiз үй деп баспанамызға ат берген кәдiмгi қасиеттi де қара киiздi “жанып кетпедi”‚ “бықсып түтiндейдi”, т.б. деп “қарғап-сiлейтiндей” бiздiң басымызға не күн туды? Әлде оның орнына қолдан жасалған синтетиканы қолданғанымыз жөн бе? Екiншi бiр айтары‚ – қазақтар ескi жөн-жоба‚ тозған әдет‚ көне кәде-қаумет, т.б. туралы қалжыңдағанда‚ қатарластарына: “Киiз кiтабыңа қарай қойшы”‚ – дейдi. Сонда мына “Киiз кiтап” бүгiнгiлер үшiн жаңа “жол-жоба” ма? Одан тыс‚ – мына кiтаптан мен Әбiштiң сөзiнше‚ “күйiне сыр толғайтын” өлеңдердi кездестiре алмадым. Керiсiнше‚ мұнда жалған патетика‚ жалпыны сөз ету көп те‚ жеке кiсi жоқ. Мысал келтiрейiн: Арыстандай айбаттым‚ (?)‚ жолбарыстай қайраттым‚ (?)‚ аспандағы байрақтым‚ қанша жұлдыз жайнаттың‚ (?) қанша бұлбұл сайраттың‚ (?)‚ Қазақстан‚ ардақтым! (Қазақстан‚ 72 б.) Шаңырағың – шырағым (?)‚ топырағың – тұмарым‚


ғаламда жоқ сыңарың (?)‚ ғажайыбым‚ жұмағым (?)‚ басы таза бұлағым (?)‚ басылмайтын құмарым (?)‚ Қазақстан – қыраным (?)‚ – Мұның баяғы 30-40-ыншы жылдардағы халық “ақындарының” мадақ жырларынан несi кем? Бiрақ шайыр бұнымен мiсе тұтпайды‚ ендi Қазақстанның нелiктен көрге түсетiнiн: Қазақстан‚ сен өлсең‚ – жалқаулықтан өлерсiң‚ аласармай өр еңсең (?)‚ аңқаулықтан өлерсiң‚ анталаған өздерi (?)‚ қанталаған көздерi қорқаулықтан (?) өлерсiң. ...салт-сана жоқ‚ дәстүр жоқ‚ (?)‚ қамаудағы қасқыр боп (?) қайғы-мұңнан өлерсiң (?)‚ – (105 б.) деп тiзбектей кеп‚ ұлы Әбу Әли ибн Синаша осы “сырқатқа” дәл де тамаша “диагноз” қоюға тырысады. Оның айтуынша‚ Қазақстанның “көктемей‚ өспей” отырғанына кiнәлi “жалқаулық‚ аңқаулық‚ қорқаулықты” айтпағанның өзiнде‚ “салт-сана” мен “дәстүрдiң” жоқтығы екен! Сол себептi ол “қамаудағы қасқырша”‚ басқаша айтсақ‚ зоопарктың торына қамалып‚ “қайғы-мұңнан” қалжырап‚ қан жұтып өледi екен! Мiне Әбiштiң шайырды: “Жазған сайын жабырқай түседi. Айтқан сайын апши түседi. Сөйлеген сайын сөгiле түседi”‚ – деп қолпаштайтын себебi осы! Ау‚ сонда мына қапастан шығатын жол қайда! Ұлықбек оны да “сiлтеп” кеп жiбередi: Қазақстан‚ бүгiн сен тарихыңа үңiлсең: (?) бабаң берген бiлiммен‚ тiлiңменен‚ дiнiңмен тiрiлерсiң‚ – тiрiлсең! Осыны оқып отырып‚ айран-асыр қаласың. Жаңа осының алдында ғана өзi айтқандай‚ салт-санасы‚ дәстүрi жоқ елдiң тарихы қандай болмақ? Тарихы жоқ елде “бабаның бiлiмi” мен “дiнi” қайдан қаңғып жүр? Бұл аз алдына. Қазақстанға осымен ғана “тiрiлесiң” дейтiндей бүгiнгi бiздiң мемлекетiмiз өлi ме? Әлде жаны жоқ қуыршақ па? Егер бұл рас болса‚ онда Ұлықбек әлi “тiрiлмеген”‚ “өлi”‚ қуыршақ мемлекеттiң берген сыйлығын неге алады? Оны комитетке қайтып берiп‚ қауымдағы кеселдi жазу үшiн киiз кiтабына үңiлiп‚ мына пәниден баз кешiп кетпей ме? Оның орнына Ұлықбек баяғы Абай заманындағы “сыншыл реализмнiң” туын қолтығына қысып ап‚ ол кез бен бұл кездiң арасында үлкен айырмашылықтың барына‚ бүгiнгi қазақтардың денiнiң сауатты‚ бiлiмдi‚ оң-солын өте жақсы бiлетiндiгiне қарамастан‚ қасқа маңдай қазекеңдi ал кеп iрейдi! Бұл қазақ деген ұлт емес дүрмек пе дедiм (?) тiлi мен салтын несiне құрметтеп едiм? (?) Малғұн ғой бәрi (?) малменен мал боп кеткен сорлы боп сондай (?) ұрпағым жүрмек пе менiң?


(Мәңгүрт‚ 126 б.) Па‚ сын болғаныңа! Абай қазақты қанша сынаса да‚ оны “малғұн”‚ “мал”‚ “сорлы”‚ “ұлт емес‚ дүрмек”‚ бас-қаша айтсақ‚ тобыр деген жоқ. Ендi сондай “сорлы” елден өз ұрпағын алып кетем десе‚ ол Ұлықбектiң (бұл жерде өлең кейiпкерi туралы сөздiң болуы мүмкiн де емес! – Б.А.) өз еркiнде емес пе? Оған кiм қарсы болып жатыр? Ол ендi қыза келе: “Қазақсың!” десе‚ бiреулер‚ намыстанамын (?)‚ аз ұлтқа (?) мол жер не керек? қалыс қаламын... Мәдениетсiз миғұла мешеулердi сен мадақтап сонша‚ дедiң бе табыс табамын? Өздерiн тiпте өздерi басқара да алмай‚ маңғұлдан қойған хандарын! Масқара қандай! – деп халқымыздың бүткiл тарихының бетiне қара бояуды айғыз-ұйғыз етiп жаға-жаға салады. Бұл жерде оның “қазақ” атануға намыстанғанына жол болсын? Сонда бiздiң халқымыз басқалардан кем бе? Өзiмiз күнде даттап жүрген кешегi Кеңес заманында 100% процентке дейiн бiлiм алған кiм? – ҚАЗАҚ! Сол заманда ғылыммен өнердiң бар саласында, т.б. iрi-iрi тұлғаларды шығарған кiм? – Тағы да ҚАЗАҚ! Корольдiң билiгiне қарсы шығып‚ төңкерiс жасаған француздардан кейiн әлем тарихында‚ Қазан төңкерiсiне дейiн‚ 19-ыншы ғасырда сатқын Әбiлқайыр ханның ұрпақтарына қарсы қылыш көтерген (Исатай-Махамбеттi еске алыңыз!) кiм? – Тағы да ҚАЗАҚ! Ең аяғында 1986 жылы ұлт намысын аяққа таптағысы келген коммунашылдардың шешiмiне (Ұлықбектiң кезiнде комсомолдың оң қолы болғандығын еске алыңыз!) көнбей‚ Кеңес билiгiне тарихта алғаш рет қарсы шыққан кiм? – Ол тағы да ҚАЗАҚ! Сонда қазақ “ұлт емес‚ дүрмек” болса‚ осындай ерен ерлiк көрсете алар ма едi? Оның үстiне “өзiн өзi басқара алмады” деген айыптау да жалған. Қазақтың хандары Орта Азиядағы хандардай‚ әмiрлердей толық биiлiкке ие болған емес. Оларды ру‚ тайпа басылары‚ батырлар мен билер “дала демократиясының” заңы бойынша‚ қалаған уақытында “алтын тақтан” тайдырып отырған. Тiпте кезiнде Атығай-Қарауылдың бiр-екi руын ғана сұраған Абылайдың өзi ағасы Әбiлмәмбет өлгеннен кейiн‚ он жылдай уақыт бойы тек қана Орта Жүзге хан болған! Ол еш уақта үш Жүзге хан болған емес! Осы Жошыдан тараған төрелердiң қазақтанып кеткенiне не заман?! Ендi бүгiн оларды асылы “маңғұл” едi деп‚ ел арасына жiк кiргiзiп‚ ылаң шығаруға тырысқанымыздың несi жөн? Жалпы өткен дәуiрлерде жасаған мемлекеттердiң басында өз халқының өкiлдерi отырған ба? Алысқа бармай-ақ‚ көршi Ресейдi алайық. Осы үлкен елдi Қазан төңкерiсiне дейiн немiстердiң әулетi билеп келген жоқ па? Оның әр жағына үңiлсек‚ татар князьдерiнiң iзi бадырйып шыға келмей ме? Бiрақ оларды орыстар қудалап жатқан жоқ қой! Бұл жағына дендеп бойламаған бермейтiн Ұлықбек ендi қазақты ел қылудың ең тура жолы: Қазақтың бәрi шетiнен орысқа айналса‚ (?) қырылмас едi аштық пен соғыстан да онша‚ – (127 б.)


деп “керемет” бiр “пiкiр” айтады. Бiрақ бұ жердегi бiр қолайсыздық‚ – кешегi замандарда қазақпен қоса Поволжьенiң мұжықтары да аштан қырылған едi. Соғыс кезiнде де олар аз шейiт болған жоқ. Ендi сондай зұлматтан құтылу үшiн бiздiң жаппай “орысқа айналуымыз” ғана қалып тұр екен! Сондай атты күн туа қалса‚ Ұлықбек екi саныншапаттап‚ “екi жүз гiрәмдi” еңсерiп тастап: Павел‚ мен саған берер ем “Ой‚ морозды” айтып‚ сен туған сонау Зайсанда қоныс той болса‚ – деп‚ неден де болса тартынбайтынын “күллi жiмлә” жұртқа “пәш” етедi! Бұған не алып‚ қосуға болады? Шынында да‚ қиын. Үйткенi бiз: ...үй дейтұғын үйi де жоқ‚ күй дейтұғын күйi де жоқ‚ шығатұғын үнi де жоқ‚ бостандықтан басқа түгi де жоқ (?)‚ не еткен бақытты халық едiк!‚ – (107 б.) деп‚ босқа шалқып жүрген‚ Ұлықбектiң пайымдауынша айдалада “малменен мал боп кеткен”‚ “малғұн”‚ “ұлт емес‚ дүрмек” бiрдеңелермiз! Ол осындай айыптауын “Қазақтар” деген өлеңiнде (102 б.) одан әрмен өрiстете түседi: Қазақ деген бiр ел бар атқа мiнген... құтылмаған күнәһар‚ күпiрлiктен (?)‚ айыра алмай алланы көк тәңiрден (?) Қазақ деген бiр ел бар “құдай атқан”... Қазақ деген бiр ел бар жатыпiшер... Қазақ деген бiр ел бар терiс туған... Қазақ деген бiр ел бар маң далада жемтiк болған қаймана (?) қандалаға (?)... т.б. Мынадай аса қатты айыптаудан кейiн қасқа қазақтың барар жер‚ басар тауы қайда екен деп ерiксiз ойланасың. Сiрә‚ол “итжеккен” болар! Әлде одан гөрi фашистердiң газ жiберетiн түйе қорадай камералары қолайлы ма? Жоқ‚ оны Ұлықбек “жаппай орыстану керек” деп шешiп те қойған! Мiне‚ осындай шынымен қасаң тартқан‚ “киiз кiтапты” Ә.Кекiлбаев: “Мынау кiтап тартып отырған талай тауқыметiмiздiң басын шалса да (?) ‚ кеудеңе үмiт гүлiн егiп (?)‚ жiгерiңе жiгер қосатын (?)‚ тәуекелге мiнгiзiп‚ тәубеңе келтiретiн парасатты (?) жырларға толы”‚ – деп таңғала тамсанып‚ көзiн жұмып‚ басын шайқап-шайқап қояды. Бұл жерде түсiнiксiз нәрсе жетерлiк. Халқыңның кемшiлiгi болса‚ – сына‚ бiрақ оны жерден алып‚ жерге салуға болмайды. Мынадай сот үкiмi сықылды айыптаудан кейiн Әбiштiң ғана “кеудесiне үмiт гүлi егiлiп”‚ “жiгерiне жiгер” қосылатын шығар! Басқа жүйкесi әлсiздеу кiсiнiң наркоман боп кетуi ғажап та емес! Халқың “малғұн‚ мал”‚ “ұлт емес‚ дүрмек” тәрiздi тобыр болса‚ – үйтпеске амалың да жоқ! Оның үстiне осындай “тәубеңе келтiретiн (қазақ сонда не қылмыс жасап қойған‚ –


Б.А.) парасатты жырларға толы” “Киiз кiтапты” үкiмет қолдап‚ Мемлекетiмiздiң үлкен сыйлығын дабырайтып берiп отырса‚ осы қазақты өлтiре сынап‚ быт-шытын шығаратын “саясатыңды” жүргiз деп Ұлықбектi үлкен газеттiң (оның бөлiм меңгеушiсi‚ жауапты хатшы‚ бас редактордың орынбасары сықылды жолдан өтпегенiне қарамастан! – Б.А.) жайлы креслосына гүмп еткiзе салса‚ – екi елi аузыңа төрт елi қақпақ салудан басқа ештеме де қалмайды! Бiрақ ел-жұрттың аузы мың-миллион‚ – оның бәрiне пластмасса тығын жете де бермейдi. Бiздiң де аузымызға кешегi Кеңес заманында талай тығын тығылған. Ендi содан аздап босаған сәтте‚ “аздап” қана пiкiр айтып отырған жайымыз бар. Мен бұл шолу мақаламда екi иығына үкi тағып‚ бiрден көзге ұрар “модный” тақырып қойған‚ бiрақ мазмұны көне‚ еш жаңалығы жоқ‚ мына кiтапқа енген басқа да өлеңдердi талдап жатпаймын. Тек айтарым‚ – осы кiтапқа енген 236 өлеңнiң әркiмге арналғаны‚ дүмдiлердiң шашпауын көтергенi – 31‚ өлең‚ “ақындық” туралы “сыр” шертетiнi – 28‚ жалпылама сөз етiп желе-жортатыны – 34‚ қасқа маңдай құс жөнiнде жазылғаны – 10‚ жадағай дидактика‚ шешенсудi негiз еткенi – 10-15‚ басқаша айтсақ‚ мұның барлығының – 124 өлең екендiгi. Қалған 100-ден аса өлең дала‚ жаңбыр‚ тамшы‚ шаң‚ топырақ‚ қыс‚ бұлт‚ аяз‚ қасқыр‚ Голиаф‚ Тантал‚ коррида‚ а укцион‚ насыбай‚ перiште‚ аквариум‚ қар‚ қансонар‚ сауда, т.б. туралы “гәп” шертедi. Әбiштiң бұл жөнiнде: “Ұ.Есдәулетовтiң “Киiз кiтабы” ескi ауылдың төсек қабы (?) сияқты. Iздеген нәрсенiң бәрiн табуға болады”‚ – деп тамсануының ретi де бар. Бұл арада сыншының кiтапты кебеже‚ сандық, т.б. демегенiне шүкiршiлiк етесiң. Әрине‚ бұл арада тақырыпты таңдау‚ талғау‚ iрiктеу‚ өлеңдердi сараптау‚ ортақ бiр тұжырымүа келу, т.б. туралы сөз айтудың өзi мүмкiн де емес. Кiтапқа “малғұн‚ мал‚ ұлт емес‚ дүрмек” сықылды халықтан шыққан аңқау оқушының аузын айға қаратып кету үшiн Ұлықбек не болса соның бәрiне “модный” ат қойып айдар тағып‚ енгiзе берген‚ енгiзе берген! Ол өз алдына. Ендi Ұлықбектiң өлең арнаған кiсiлерiнiң тiзiмiне көз салып көрелiкшi! Бiрдеңе деуге‚ тiлiң кесiлiп қалатындай! Олардың арасында Ә.Кекiлбаев‚ И.Тасмағамбетов‚ А.Сәрсенбаевтардан басқа кiм жоқ дейсiң?! Бәрi де бар! Мұнда Ә.Мәмбетов‚ С.Ақатаев‚ М.Жолдасбеков‚ О.Бөкеев‚ Р.Рымбаева‚ М.Жұрынов‚ Ә.Шадырм анов‚ Ә.Рысқұлов‚ М.Қабанбаев‚ М.Бердiханов‚ С.Бәйтереков‚ С.Тұрсынбеков‚ Б.Тiлеуха нов‚ Т.Жаманқұлов‚ Е.Раушанов‚ Ж.Жақыпбаев‚ И.Оразбаев‚ қырғыз М.Алматов‚ М.Бердiханов‚ ең аяғы Маралтай‚ Бейсенгүл‚ Роллан‚ Нұртас‚ Назымдарға, т.б. дейiн ауға түскен балықша көздерiнен жiпке тiзiлген! Бұлардың iшiнде әкiм де‚ ақын да‚ қатын да жетерлiк‚ – бәрi бар! Тек қарапайым пақырлар жоқ! Мына кiтаптан Ұ.Есдәулетовтiң өлең техникасын әлi де еркiн меңгере алмағандығы‚ сөйлемдерiнiң аударма сықылды орысқолданып тұратындығы‚ бейнелеу құралдары мен сөз қорының жаңа еместiгi‚ бiр тақырыпты түптеп зерттей алмай‚ бiрдi айтып‚ бiрге кетiп қала беретiндiгi‚ жалпы шашырандылығы бiрден көзге түседi. Ең бастысы‚ мұнда жаңа мазмұн‚ жаңа өлең кейiпкерi жоқ. Сөз қоры мүлдем кедей. Оның лексикасында 60-ыншы жылдарғы шайырлардың поэзиясында қолданыла-қолданыла әбден ерқашты болған ай‚ нұр‚ жапырақ‚ аққу‚ бау-бақ‚ пәктiк‚ азап‚ шаттық‚ уайымқайғы‚ мұң‚ үмiт‚ арман‚ көз жасы‚ орман‚ тоғай‚ өлеңжыр‚ ғашық‚ ақын‚ у‚ шабыт‚ жұлдыз‚ сәуле‚ найзағай‚ ақша бұлт‚ тағдыр‚ зар‚ қиял‚ гүл‚ роза‚ шәрбат‚ шұғыла‚ құштарлық‚ сағыныш‚ тұлпар‚ көкпар‚ сұңқар‚ айдын көл‚ самал жел‚ бұлбұл, т.б. деген сөздер бықып жүр. Сонда арылмай жатып‚ Ұлықбек: Көзел қыз көзiн сүзгенде қырқылып қалар бiздiң тiл өзi не қылған жарлы тiл едi?‚ – (?) (215 б.) деп ана тiлiмiздi қомсынып бiтедi. Мәселе бұл жерде “жарлылықта” емес‚ керiсiнше‚ телегей-теңiз қиссаларды жаратуға еркiн жеткен ұланғайыр сөзi бар‚ бай


да шалқар қазақ тiлiн жерiне жеткiзе дұрыс бiлмеуде жатқан болар?! Сонда кiмге өкпелеген жөн? Мiне‚ осындай iрi-iрi кемшiлiктерiне қарамастан‚ Ұлықбектiң сыншыларды меңiреу көрiп: Қайдасыңдар сөз ұғарлар‚ қайдасындар көзi барлар ‚ – деп жарияға жар салатыны таңғалдырады. Осылай деп таусыла сөйлесе де‚ қазақ әдебиетi сөз ұғатын‚ көзi бар сыншыларға кенде боп көрген емес. Кезiнде ондайларды: ... мешiтке де‚ түрмеге де‚ зиратқа ұқсайтын (?) саяжайсың‚ Отаным‚ – деп лепiлдеп жүргендер жаншып‚ езiп тастаған-ды. Соны iштей бiле-тұра‚ Ұлықбектiң: Ақиқатты айтар ақын жоқ‚ (?) елiмiз қайдан оңалмақ‚ – деп сұрақ қоюы қызық. Осы шындықты‚ ақиқатты айтпау‚ жауырды жаба тоқу‚ қазақ дейтiн өз халқының атына жала жауып‚ “орысқа айналып кеткендi” жөн көрiп жүргендердi құптау‚ онысы үшiн “дуалы ауыздардан” бата алу‚ ең алдымен‚ Ұлықбектiң өзiне тән нәрсе. Бұл жерде өз мiнiңдi өзгеге көшiрудiң еш қажетi жоқ. Мiне‚ осындай 250-ден астам өлеңнiң басын бiрiктiрген‚ шынымен де‚ сiрескен‚ әбден тоз-тозы шыққан “киiз қапты кiтаптан” қабырғалы‚ төрт құбыласы сай келетiн он шақты шығарманы табудың өзiнiң қиындығына қарамастан‚ батагөй Ә.Кекiлбаев: “Өркенi өсер‚ өнер‚ өрiсi шалқар өлең осындай болса керек-тi”‚ – деп кейуаналық көрсетедi. Ал мен болсам‚ “өркенi өсер‚ өрiсi шалқар өлең” мұндай болуға тиiс емес деймiн. Себебi‚ – қауын-қарбыз егiп жүрген кәнiгi дихан кейiнгi өркен дұрыс болуы үшiн пәлек қос құлақтанып келе жатқанда-ақ оның артық жапырағын қолмен отап тастап отырады. Мiне‚ Ұлықбектiң “Киiз кiтабында” осы өркен жаюға ертең зиянын тигiзетiн‚ артық‚ оталмаған жапырақ өте көп! Одан кейiн “шалқар өлең”‚ жалпы‚ өлеңнiң өресi туралы әңгiме айтуға аузың да бармайды. Осы жерде мен сөз етiп отырған шайырлардың денiнiң жiгiт ағасы шамасынан асып‚ алдының қырық-елудi қусырып та қалғандығын‚ оларға ендi әдебиетте тәжiрибе жасап‚ олай-бұлай бұлғақтай берер жастықтың жоқтығын айта кеткен жөн. Бүгiндерi олардың iзiнен келе жатқан қалың топ та анық көрiне бастады. Әзiрге өз басым осы топтан мойын оздырып‚ суырылып шығып келе жатқан шайырды байқамай жүрмiн. Сөз жоқ‚ олардың денi өлең техникасын‚ жазу мәдениетiн жақсы бiледi‚ көбi 60-ыншы жылдардың өкiлi‚ өлеңнiң шын ұстасы С.Жиенбаевтың өзiне жүз ұпайды алдын ала берiп‚ айнала бере оны шаң қаптырып та кетедi. Бар-жоғы осы ғана! Жалпы алғанда, бұл буынға да кәзiрде 70-тi алқымдап қалған алдыңғы топтың басында болған кемшiлiк – үлкен мәдениет‚ терең бiлiм‚ кең құлаш‚ жан-жақтылық‚ тың ой-пiкiр‚ тосын талап‚ жаңа стиль‚ құнарлы тiл‚ жаңа көзқарас‚ үлкен синтез жетiсе бермейдi. Бұны‚ басқаша айтсақ‚ әдеби шығарманы саналы түрде (ешқандай да рационализм емес! – Б.А.) жазып‚ оның артериясымен ыстық қанды қуалатып‚ жаны‚ қаны бар шынайы поэзия тудыру жағы өте кем түсiп жатады. Рас‚ бұл ұрпақ алдыңғы буындарға тән табаға сап ерiткен шоколадтай ылжыраған жасанды‚ тәттi сөздерден арылды. Бiрақ таза қазақы бай лексикаға әлi жете қойған жоқ. Олар әлi де алдыңғы буынның әсерiмен‚ олардың инерциясымен жүрiп келедi. “Бас асаулық” көрсету жағы кем түсiп жатады.


Бүгiнгi қазақ поэзиясында‚ әсiресе‚ кейiнгi буындардың жазғандарында Мұқағали мен Жұматайдың әсерi қатты сезiледi. Мұндай жағдай бұрында да болған. 1967 жылдары Т.Айбергеновтiң ырғағы аса қатты‚ экспрессиясы асып-төгiлiп жатқан өлеңдерiне кiмдер елiктемедi десеңiзшi?! Ең ақырында бұрындары майда-қоңыр даусымен‚ биязы үнiмен‚ қоңырқай бояуымен көрiнiп жүрген Ф.Оңғарсынованың өлеңдерi кенет өз бағытбағдарынан 180 градус-қадамға бұрылып кетiп‚ ендi екi иығын жұлып жей бастады. Мұндай жәйт басқалардың да басында болды. Ендi ол “мода” Мұқағали мен Жұматайға қарай ауысты. Мұның түбi түр-тұрпаты‚ басқаша бояуы‚ тақырыбы‚ көтерген мәселесi тың‚ өресi биiк поэзияның туындауына әкеп соқтырмайды. Керiсiнше‚ барлығы да бұрыннан қазақ өлеңiнде бар дүниелер‚ екiншi‚ үшiншi, т.б. қатардағы нәрселер боп қана қала бередi. Ал мұның әдебиеттiң деңгейiн өсiрмесi анық. Ендi бiр айтары‚ – бiзде әдебиеттiң ең негiзгi бiр мақсаты – тәлiм-тәрбие беру‚ үлгiөнеге көрсету‚ кiсiнiң жаны мен ойын тазартып‚ жақсы‚ iзгi мақсат-мүддеге қарай бұру екендiгiн онша ескере бермейдi. Ескерген күнде де‚ оны жадағай үгiт-насихат деп түсiнедi. Рас‚ бiздiң бұрынғы жырауларымыз бен шайырларымыздың мұраларында мұндай жағдай өте көп кездесетiн. Оларда‚ көбiне туралап‚ жалаңаштап айту‚ бiлдiру‚ жариялау басым болатын. Бұл өнердiң сан саласы әлi бiр бiрiнен iргесiн аулақ салмай‚ жеке отау тiкпей тұратын синкретика тұсында жиi кездесетiн жағдай едi. Ол кезде поэзиядағы‚ жалпы әдебиеттегi көркемделу дейтiн түсiнiк мүлдем жоқ болатын. Осы ұғым қазақ топырағына әліге дейiн толық отау тiгiп болған жоқ. Оны орнықтырудың орнына бiзде сонау 40-60-ыншы жылдары үлгiлi кейiпкерлерi бар‚ схемаға толы‚ жансыз романдар мен хикаялар қаптады да кеттi. Бұдан өлең жанры да қалыспады‚ – ендi бiзде Ленин мен Сталиндi мадақтаған толғау-жыр‚ әсiре қызыл сөзi көп арнау өлеңдер жұртшылықтың миына жеке кiсiнi көтерер культтi сiңiруге тырысты. Кәзiр бiз бұдан арылдық. Бiрақ сонымен қатар әдебиеттiң тәрбиелейтiн қызметiн де ұмыттық. Бұл жерде тәлiм-тәрбиенiң түрiнiң мүлдем басқаша боп келетiнiн ескерген дұрыс. Ол “өйт‚ бүйт” емес‚ керiсiнше‚ күнделiктi тiршiлiктiң қыртысын тереңiнен қопарып ап‚ шындықты жасырмай‚ оның бетiне сайқал қатындарша опа-далап жақпай‚ әдебилеп‚ материалды сан қырынан қарап‚ екшеп‚ қорытып‚ әдеби кейiпкердiң өн бойынан өткiзе отыра жанды қалпында көрсету‚ суреттеу‚ сипаттау‚ баяндау! Бұл талаптан поэзия да тыс қала алмайды. Өкiнiшке орай‚ бiздiң поэзиямыз әліге дейiн тiршiлiктiң қалың қыртысын қопармай‚ жыланқарағы жоқ сорпаның бетiнен болар-болмас май қалқығандай әсер қалдырады. Көбiне көп өлеңге бұрынғы сал-серiлердiң тұрғысынан қарап‚ кеуiл көтеру‚ қыз-қырқынды көзбен атып‚ қуалайтын жын-ойнаққа бару‚ одан әрi кеткенде‚ азаматшылдық дегендi үлкен жиналыстарда мiнберге шыға сап сайрай жөнелетiн көпiрме сөз‚ шешендiк‚ аңқау жұрттың аузын аңқайтып кете берер пәтуасыз публицистика деп түсiну басым. Мұндай дүниелерде Бейiмбеттiң Мырқымбайларының не ойлап‚ не қоятыны‚ жан дүниесi мен iс-әрекетi‚ т.б. атымен жоқ. Осы инерция әліге дейiн таудан құлаған қоқанарбаның екi дөңгелегiн қалпынан тыс шыр айналдырып‚ тоқтауына еш мұрша бермей‚ табанының бүрiн тоздырып‚ емпiлдеткендей жалғасып-ақ келедi. Тақырып жағы да сондай. Егер бiз тың тақырыпты автордың көтерiп отырған басты мәселесi‚ негiзгi айтар ой-пiкiрi‚ күнделiктi тiршiлiктен қырағы көзбен тап басып ұстап алған жаңа кейiпкерi (оны “мен” деп сөйлетсiн немесе “ол” деп сипаттасын‚ – бәрi бiр! – Б.А.)‚ халқымыздың жан дүниесiне етене тән күйiнiшсүйiнiшi‚ толғанысы‚ тебiренiсi‚ жақсылық пен жамандық‚ мейiрiмшапағат‚ достық‚ жолдастық‚ ағайыншылық‚ бауырмалдық‚ адамгершiлiк‚ сүйiспеншiлiк, т.б. туралы түсiнiгi деп бiлсек‚ – мен мұндай iрi талапқа соңғы жылдарда жазылған қазақ өлеңдерiнiң ешқандай да жауап бере алмайтынын ашық айтар едiм. Бұл жерде Ә.Кекiлбаевтың бiр мақаласында: “Жақсы өлеңдер өте көп‚ жақсы ақындар неге аз?“‚ – деген сөзiн еске алған орынды. Шынында да‚ “жақсы өлеңдер өте көп” болса‚ “жақсы ақындардың” аз болуы несi? Мәселе бұл жерде әлгi “жақсы өлеңдердiң” өте көп еместiгiнде‚ ондай дүниелiктердiң әр шайырда бiрлi-жарымдап қана


кездесетiндiгiнде‚ сондай үлкен ойлы‚ iргелi дүниелердi бiр соқталы шайырдың өз басына сыйдырып‚ жан-жақты келген поэзиясымен көрiне алмай отырғандығында болып отыр. Сөз жоқ‚ бүгiнгi таңда қазақ өлеңi‚ қай жағынан алсаң да‚ өте қарыштап өстi. Кәзiр бүткiл түркi халықтары поэзиясының ең алдыңғы жағында қазақ өлеңiнiң маңдайы жарқырап тұр. Бiрақ бұған тоқмейiлсуге‚ құр қанағат етуге еште болмайды. Тағы да алдымызға үлкен мақсат‚ үлкен талап қоюға тиiспiз. Өкiнiшке орай‚ бiзде мұндай үлкен талапқа‚ асқар шыңға қарай ұмтылудың орнына‚ соңғы кездерi қаптап кеткен неше түрлi тойларға арнап мадақтауға жыр жазу‚ сыйлық алуға тырысу‚ шен тағуға құмарту етек алып кеттi. Бұларды айтпағанның өзiнде‚ мемлекетiмiздiң мәртебелi сыйлығын алғандардың өлең кiтаптарының iшiнен әлгiндей талапқа сай келерлiк бiр-екi дүниенi табудың өзi қиын. Мен жақында белгiлi бiр шайырдың бiр үлкен газеттiң етектей келген екi бетiнде ковбойлардың етегi далақпандай боп келетiн модалы қалпағын киiп түскен суретiмен қоса жарияланған бiр топ өлеңiн оқып шықтым. Оқыдым да‚ өз жағамды өзiм ұстадым. Ол шайыр Д.Исабеков сықылды сөйлегiштердiң бiрi‚ телеайнаның тетiгiн басып қалсаң болды‚ ол кинескоптың дөңес шынысынан қалқып шыға келедi де‚ сайрай жөнеледi. Былай қарасаң‚ – бәрi де дұрыс. Ал өзiнiң өлеңдерiне келсең‚ әлгi айтқандары декларация түрiнде ғана қалады‚ көпiрме сөз құдды құмға сiңген судай әсер етедi. Әрине‚ бүйтiп қазақ өлеңiнiң өресiн өсiре қою қиын. Мұндай жәйт кешегi Кеңес заманында да болған. Әукебаевтар әкiм‚ шериаздандар шенеунiк боп‚ болып-толып тұрған кезде де не бiр “сайрағыш бұлбұлдар” неше түрлi сыйлық ап‚ шен-шекпен жамылып‚ екi жеп биге шыққан-ды. Бүгiнде олардың өлеңдерiн ешкiм де оқымайды. Тiпте олардың ешкiмге де керегi жоқ. Ендi әдебиет түгел‚ халық тағдырын қалталы қулардың қоржынына тыққан пұлы шешетiн қатыгез капитализм заманында өлеңiнiң өресiн биiктетемін‚ мерейiн асырамын‚ поэзияда жаңа сөз айтамын дегендердiң күнiнiң қараң екендiгi айтпай-ақ белгiлi. Бiрақ... “күмәжiнекке” құл болмай‚ тар жол тайғақ кешуге қорықпай беттеу қажет-ақ! Қай кезде де үлкен‚ мықты дарынды кiсiнiң көрген күнi осы болмақ! Ол сол үшiн де мықты‚ сол үшiн де қажырлы боп келмек! Қажыр мен қайрат‚ ақыл мен бiлiм‚ үлкен мәдениет пен терең ой‚ еңбекқорлық пен қайсарлық ақшаның ауазасына ермей‚ алдына шынайы шығарымпаздықты ғана басты мақсат етiп қойса‚ бүгiнгi поэзияның күнделiктi тiршiлiктiң терең ағысына‚ өмiрдегi неше түрлi жәйттердiң жықпылы мен астарына жiтi үңiлiп‚ олардың неше алуан қырын ашып‚ елжұрттың басында боп жатқан неше түрлi ой-пiкiр‚ күйiнiш-сүйiнiштi‚ толғанысты жекедара бөлiп қарастырмай‚ бәрiн де тұтасымен құшақтай көтерiп‚ барлығын да өлең кейiпкерiнiң жан дүниесiнен өткерiп‚ оны “мен” деп те‚ “ол” деп те жазып‚ үлкен талапқа‚ үлкен синтезге қол созса‚ бүгiнгi қазақ поэзиясының дамып‚ өсiп-өркендейтiнiне‚ ең бастысы‚ өресiнiң асқақтап өсе түсетiнiне иманым кәмiл. Бұл жерде ұлы Махамбеттiң: “Кәтептi қара нар керек бiздiң қылған бұл iске” ‚ – деп айтқанын еске алған орынды-ақ. Мiне‚ бiзге осы қазақ өлеңiнiң кәтебiн өз мойнына қорықпай‚ еш сескенбей салып ап‚ соншама ауыр жүктi көтеретiн әдеби “қара нарлар” керек-ақ. Мен ондай қана нарлардың өз iшiмiзден табылып‚ ешқандай әдебиетке жалтақтамай‚ белсене бел буып шығатынына сенiмдiмiн. 1980 2003


Turn static files into dynamic content formats.

Create a flipbook
Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.