Ulysel1tom

Page 1

1 БЕГІЛДӘ АЛДАМЖАР ҰЛЫ СЕЛ ТӨРТ КІТАПТЫ РӘУӘЙЙАТ-РОМАН

БIРIНШI КIТАБЫ

БIРIНШI ДӘПТЕР

1

— Ойбай, құрыдық! Қуаңдарияның шыбын-шiркейi аз, қамысы жоқ жайпауыт жағасында отырған ауыл кiсiлерi шошынып, үйлерiнен атып-атып шықты. Жаманшылықты көп көрiп, зәрелерi ұшып, запы боп қалған үлкендер жағы әлден тiксiнiп, астындағы атын басқа-көзге қарамай сабалап, қақпа шекпенiнiң шалғайы далпылдап шауып келе жатқан кiсiге абыржи қарады. Салт атты кiсi барқырап келедi: — Құрыдық! Құрыдық! Кiсiлер көздерiн колдарымен күннен көлегейлеп, жолаушыға тесiле қарады: — Ойпырмай, бұ кiм болды? — Кәпiрдiң даусы қандай жаман! — Кiм де болса, жағына жылан жұмыртқалағыр екен! Ел басына жамандық шақырып... Осы кезде туырлығын күн жей қоймаған алты қанат ақ үйден дамолла Жәнiбек, оның соңын ала көршi ауылдан қымыз iшiп кетпек боп қыдырыстап келiп жатқан Қалдыбай, Қасқырбайлар шыға-шыға келдi. Ауылға жақындап қалған салт аттыны көрiп, Жәнiбектiң түсi бұзылып кеттi. Оның ретi де бар едi. Соңғы кездерi қазақ даласына орам ала бастаған орыс патшасы ендi Сыр өңiрiне шеңгелiн салады-мыс деген суық сөз жиi естiле бастаған-ды. Оны Қоқан мен Хиуа хандарының ел арасына астыртын жiберген жансыздары да одан әрмен құлпыртып, құтырта таратып жүрген-дi. Бұл кездерi Сыр бойының Ақмешiт, Тереңөзек, Қармақшы жағы — Қоқанға, Аралға жақын Қазалы өңiрi — Хиуаға қарайтын. Ал Бұхара әмiрi Шөмекей тайпасы жайлайтын Қызылқұмға ендi аяқ сала бастаған болатын. Осыдан бiраз жыл бұрын салынған Құмқамалға Хиуа ханы Сыр бойын ақ патшаға бермеймiз деп, Орынбордағы орыс губернаторына қыр көрсетiп, былтыр көп сарбаз әкелген-дi. Бiрақ олар қазақтарды жаудан қорғаудың орнына, ауылдарын шауып, малдарын талап, жүгенсiздiк жасап жүр. Соны бiлетiн қазақ ауылдары құлақтарын оң жаққа түрiп, сәл сыбыс шықса, Қызылдың жықпылжықпылына көше жөнелуге дайын отырған-ды. Ендi мына кiсiнiң де сондай суық хабарды әкеле жатуы мүмкiн. Жәнiбек үстiне желең жамыла салған масаты шапаны иығынан сусып түсе бергесiн, сол қолымен жөндеп қойды. Өзiнiң жылтыр қара жүзiне әлдеқандай абыржу ене қалыпты. — Бұ кiм болды екен? — Оны… итiм бiлiп пе?— дедi кеспелтек денелi, мығым Қасқырбай мұрнынан мыңқылдай сөйлеп. — Өй, мынауың Тиышбек болмасын,— дедi Қалдыбай Жәнiбекке қарап. Талай рет балуандардың күресiнде топқа түсiп, бәйгi алған жiгiттiң ештеңеден сасатын түрi жоқ. Жүзiнен өзiне өзi қатты сенетiнi байқалып тұр. — Өй, мынау Тиышбек қой! — Жәнiбектен бiр адым кейiн тұрған атшабары күлiп жiбердi. Жұрт та бойлары жеңiлейiп, демдерiн бiр-ақ алды: — Шынында да сол! — Бұ бәтуасыз неден үркiп келедi екен? — Оны... итiм бiлiп пе? — Осы-ақ... ауыл арасын... жау шапқандай дүрлiктiредi де жүредi. — Шыдаңдар, аңысын аңлайық. Сол арада барқырауынан танбаған Тиышбек атын борбайлатқан күйi топ кiсiнiң жанына кеп тiзгiн тартты. Өзiнiң екi езуi ақ көбiктенiп кетiптi. — Ойбай, құрыдық! Бiттiк! — дедi ол әңгiрлей сөйлеп. — Ау, не болды соншама? — Жарқыным, жөнiңдi айтшы? — Әуелi атыңнан түсшi. Тиышбек сасық күзенше шақ ете қалды: — Артымнан қаптаған жау келе атқанда атымнан неге түсем, а? — Әй, о қандай жау? Жөнiңдi айтсайшы, — дедi Жәнiбек мына сөзге сенер, сенбесiн бiлмей, түрi күреңiте түсiп.


2 — Ойбай, оның айтары жоқ! — Тиышбек қамшы ұстаған қолын оңды-солды сiлтей сөйледi.— Құмқамалның жаны толған әскер. Елдiң айтуынша, Хиуадан ләшкер тартып келе атқан сарбаздардың қисабы жоқ көрiнедi. Сарттар қазақтан кек аламыз деп, қару сайлап шығыпты дейдi. Жұрт тiксiнiп қалды. Жәнiбек мына аузы дуасыз кiсiнiң өсiрiп айтқан сөзiнiң әр жағында бiр шындықтың жатқанына, өз күдiгiнiң расқа шыққанына көзi жеткендей боп, iрi денесiн қозғап қойды: — Сен немене... оны... өз көзiңмен көрдiң бе? — Көрдiң бе нең, а, осы? Дамолла Жәнiбекжан-ау, бiр руды сұрап отқан мырзам-ау, мен көзiммен көрмесем айтам ба? Қорыққаным сонша, тамағым тас боп кеуiп қалды. Мынаң қарашы, — деп, дәудiрлек неме табан астында бар қасиетiнен айрылып, атынан жерге дүрс етiп түсе қалды да, жалпылдай жөнелдi. — Жәнiбекжан-ау, саған өтiрiк айтып немене менi перi қағып па? Жаман да болса, сақалымыз бар дегендей. Сондай ханға бергiсiз басыммен... Жұрт ду күлдi. Тиышбек жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Сол арада көсе екендiгi есiне түсiп, қапқара боп кеттi. Сосын шеттеу тұрған бiр жiгiтке тап бердi: — Сен немене, атаңның басына күлесiң бе? Көпек иттей қаба сақалдылардың айтқаны сөз де, көсенiкi немене... без бе? Өй, көргенсiз! Өй, әдепсiз! Жәнiбек тағы да сөйлей берген әлгi жiгiттi тез қабағын шытып, тыйып тастады да, Тиышбекке қарай бұрылды. Ол қабағын сәл көтерiп: — Сонда... олар не iстемекшi екен? — деп сұрады. — Ойбай, оның айтары жоқ. Дұшпанды не iстемейдi деуге бола ма? Жаңа өзiм солардың құрығынан шаққа дегенде қашып құтылдым. Жаман да болса мына торының арқасы ғой, — деп, Тиышбек қызылмайы шыққан атының танауын сипап-сипап қойды. — Қашып құтылдым дейсiң бе? — Иә. Қашқанда бар ғой, атым жүйрiк болғасын, неден тайынайын, өй, бiр сiлтедiм-ау кеп! Ол кiлт тыйыла қалды. Қабағын түйiп, мазақтап тұрған бiреу-мiреу жоқ па дегендей, жан-жағына алақ-жұлақ қарап қойды. — Сен ояққа нағып барып жүрсiң? — дедi бiр ауыл кiсiсi. — Өй, былай… әшейiн, ана Әбдiраманның сөзiн тыңдап, — дедi де, Тиышбек қолын сiлтей салды. — Е-е, ол саған не деп жүр? — Өй, жәй әшейiн. Кеше оның үйiне барып ем, ол жүзiм жеп отыр екен. Соның бiр-екеуiн жеп ем. — Ол iркiлдi. — Оның өзi еркекке пайдалы дейдi ғой. Содан, мен де Әбдiраманнан қалмайын деп, қатынның бiлезiгiн қалтама сап, ана Дадабекке бармайын ба? — Сатып алайын деп пе? — Е, сүйтпей, ол сарт маған әшейiнге бере ме? Содан жетiп барсам, қаптаған қалың сарбазды көрiп, иманым ұшып кеттi. Сосын көрмегенiм Дадабек болсын деп, тұра қаштым. — Iжкiммен сөйлескен жоқсың ба? — Ойбай, оған мұршам болды ма? Өй, сен де бiр қызық екенсiң ғой! Мұндай жаугершiлiкте кiсi дұшпанмен тiлдесiп бола ма? Немене оларға барып менi ажалымнан бұрын өлгелi жүр дейсiң бе? — деп, Тиышбек салпы ернi дүрдиiп, жан-жағына қоқилана қарады. Сосын ол тағы да кiлт тыйыла қап‚ жұқа қабағын түйiп, мазақтап тұрған бiреу-мiреу жоқ па дегендей, жан-жағына алақ-жұлақ қарап койды.

***

Бүгiн Тиышбек таң азаннан тұрып, Сырдың арғы бетiнде егiн егiп, диқаншылықты көсiп етiп жүрген жатақ Қаракесек Тұрғалидың аулына бармақ боп, атына ер салған-ды. Күн кылтия Қуаңның жағасына құлап, Қазалы тұсын сол қолына ұстап, шоқырақтап келе жатқан-ды. Сол арада есiне кеше Әбдiраман айтқан сөз сап ете қалған. Соңғы жылдары өзбектермен жиi араласып, сауда-саттықпен айналыса бастаған Әбдiраманның шырайы шыға бастаған едi. Ол денесi толысып, бұғағы бiлемдене шыға қалған. Екi бетiнiң қаны тамып тұр. Соны көрiп, Тиышбек өзiнiң көнi кепкен, айтақырша тiлiмденiп кеткен ала жарғақ бетiн есiне алған. Ол қозғалақтап қойып: “Осы сенiң ғой екi бетiң шиқандай. Сонда не жеп семiрiп жүрсiң, а?”— деп, Әбдiраманға ерсi сұрақ қойған. Қулығына найза бойламайтын Әбдiраман бiр танауымен мырс етiп: “Не жейiн? Сен немене менi қойдың шуаш сасыған сүтiн таңдайға басар надан қазақ көресiң бе? Әлде менi Хиуа мен Бұқардың өзбегiмен босқа тамыр боп жүр дейсiң бе?»— деген. Соны естiген бойда, Тиышбек одан әрман қызықты: “Иә, сосын”, — деп, құйрығымен ысырылып, жақынырақ кеп отырды. Әбдiраман әлденеге райлана күлiп: “Оның не сосыны бар? Мен соңғы кездерi етке онша емеспiн. Кiсiнiң iшкi сарайына жеңiл, адамның ажарын келтiретiн дәмге көштiм”. Мұны естiген Тиышбектiң: “О не екен?” — деп, басы дал болды. Құлағы шалған нәрсенi iндетiп бiлмейiнше кеуiлi көншiмейтiн ол сол арада Әбдiраманға жата кеп жабысқан: “Ау, құрдас, түбiмiз бiр ағайынбыз. Арғы атамыз Қаракесек. Әлiм, Шөмен со шалдан тарамайтын ба едi? Сонда Әлiмнен дөреген сен Кәнiспек болғанда, мен Шөмекейден өрбiген, Шөменнiң өнiк жерi бес Бозғұлдың дырдай азаматы емеспiн бе? Сен сияқты алдымда қоралы қойым, қойнымда қос-қос катыным болмаса да, азаматты сыйлай алар малтеген бiзден де табылып қалады. Әсiресе, сен ырза ғып жүрген шақша бас сарттың кеуiлiнен шығу бiздiң де қолымыздан келедi. Сен ол құпияңды маған да айтып қой. Ана қатынның алдында беделiм бiр өсiп қалсын”. Әбдiраман сол арада мұртынан күле түсiп, малайына тегеш толы жүзiм алдырған. Ол жақында Бұхара жағына кiре тартып барып, көп олжамен қайтқан-ды. Бұхара шәрiнен шығарда өзбек тамырының жүзiмдiгiнен шырыны толып, жаңа пiскен жүзiмнен көп етiп алған-ды. “Ол мiне, мына дәм”,— деген Әбдiраман. Тиышбек iлгерi ұмсына


3 түсiп, ұзын қолын асығыс созып: “Бiссiмiллә!” — деп, жүзiмнiң бiреуiн бырт еткiзiп үзiп ап, аузына салған. Қан татиды екен. Сосын екiншiсiн аузына салды. Ендi үшiншi рет қолын соза бергенiнде, Әбдiраман көзiн қулана қысып, табақты жалма-жан кейiн тартып ала қойған. “Саған бұдан артық беруге болмайды”. “Ау, неге?”. “Түнiмен ұйықтамай, пәле қыласың”. “Е, е,” — деп, Тиышбек iшiнен бiр ой түйген. Сосын: “Саған ерегiскенде ме?»— деп, сол түнi қонбастан, аулына тартқан. Ертесiне сандықта жатқан күмiс бiлезiктi қойнына тығып, жолға шыққан-ды. Орта жолда: “Дадабек сартқа соғып, мынаны жүзiмге айырбастап алайын”,— деп ой қашырған. Ақыры сол қамшы боп, Құмқамалға жақындай бергенiнде, зәресi ұшып, ат басын iркiп ала қойған. Киiз қалпағын керi ысырып жiберiп, жылтыраған көзiн шақырайған күннен қолымен көлегейлеп, анықтап қараса, жалпақ қоңырлықта шеру тартқан Хиуа қолы қатарын бұзбастан, тырнаша тiзiлiп келедi екен. Былтыр Тоғанақ, Елдес бастаған Шөмекей Аспан, Бозғұлдың жiгiттерi Хиуаның Қуаң бойына ертеректе салған Қожанияз деген қамалына басып кiрiп, мал-мүлкiн талап, бекiнiстiң биiк диуалын жермен жексен етiп кеткен-дi. Тиышбек сонда-ақ қатты қорыққан. Хиуалықтар мұны кешiрмейдi деп, жүгiн буып-түйiп, дыбыл шықса, Арал теңiзiне кеп iрге тепкен орыстардың Райым бекiнiсiне қарай қаша жөнелуге дайын отырған. Бiрақ Хиуа ханы Сыр бойына бiрден әскер жiбере қоймады. Мұны әркiм әр түрлi жорыды. Бiреулер: “Хиуа ханы Мұхаммәд-Инақ Бұқар әмiрiмен келiспей жүр екен. Алдағы жазда iшкi жаққа көп сарбазбен кiрмек көрiнедi”, — десе, ендi бiреулер: “Хан орам ала бастаған ақ патшамен мәмiлелесiп жатқан көрiнедi. Түбiнде Сыр бойы үшiн ұлы хан мен ақ патшаның қырқысып қалуы ықтимал”, — деп гөйiттi. Үшiншi бiреулер бұрын мұндай қылуаға қылыш ала жүгiретiн қатал ханның сабыр айлағанына Иран шәһы Нәдiрмен соғысып жатқаны себепкер дестi. Ендi Тиышбек мына қолдың тегiн келе жатпағанын бiлiп, дереу атының басын бұра сап, есi шыға қашып берген. Мұны көрiп қалған екi хиуалық аттарын тебiнiсiп қалып, iзiнен баспалата тұра қуған. Бiрақ олар аттарын мына ыссыда қан сорпа қылғылары келмедi ме, онша емiне қумай, бiр-екi төбеден асырып тастап, мұның бара жатқан бағытын аңдағасын, керi қайтқан. Тиышбекке өзiн жау кайтарып келгеннен бетер етiп көрсету үшiн осының өзi жетiп жатыр едi. *** Салпы ернi дүрдиiп кетiпт Тиышбек жан-жағына қоқилана қарады. Жәнiбек оған: — Жүр, қымыз iш, — дедi де, оның жауабын күтпестен, бұрылып жүре бердi. Ол ақ үзiктi, ақ үйге жақындағанда, iштен әйелi Айжамал шығып, оған жабықты серпе түрiп, әдеппен иiлiп, сықырлауық есiктi аңқайта ашты. Жәнiбек табалдырықтан оң аяғымен аттап, iшке кiрiп, кеуiшiн iрге жаққа тастай сап, жұқа мәсiсiмен оң жаққа барып малдас құрды. Оның соңынан еркiнси сампылдап кiрiп келе жатқан Тиышбек кенет iркiлiп қап, Жәнiбектiң кеуiшiне бiр, өзiнiң биiк тақалы, бiтеу бас қазақы етiгiне бiр көз тастады. Сосын көздi бiр жұмып, төрге төселген атылас көрпелердi етiгiмен басып барып, уһ деп, отыра кеттi. Одан төменiректе жайғасқан Қалдыбай мен Қасқырбай мырс-мырс етiстi: — Әй, осы қазақшылық-ай! — Айтпа! — Е, немене? — дедi Тиышбек қуыстанып. — Сен немене бұл үйдi құрым киiз төселген өз үйiңдей көресiң бе? Даланың ала шаңын аяқтарыңмен басқа шығармасаңдар, кеуiлдерiң көншiмейдi-ау, — дедi сөзкер Қалдыбай кекете күлiп. — Ау, атам қазақ етiгiмен Хиуа ханының ақ мәрмәр төселген кең сарайын да кешiп кеткен. Ендi Тиышбек басыммен өз төрiме өзiм шыға алмасам, Шөмекейдiң кенжесi боп еркелегенiм кайсы? — Тиышбек тауып айттым деп ойлап, және бiр көпшiктi қолтығына жұмарлап баса түстi. Ол Шөмекейдiң Аспаны Жәнiбекке өзiнiң Аспанның iнiсi Бозғұлдан шыққанын меңзеп едi. — Оған кiмнiң таласы бар? Дегенмен ағасының төрiн кәдiр тұтпаған iнi әруақтың орнын сыйлап не қарық кылатын едi. — Қалдыбай, Тәкең тауып айтты, — дедi Жәнiбек екеуi сөзге келiп қалар деп кәуiп айлап. — Тәкең етiгiмен менiң төрiме шықпағанда, сонда кiмнiң төрiне шығады? Қолдың кiрi, табанның шаңы тазайын кiсiге қайғы боп па? Азар болса, келiнi көрпе-төсегiн бiр рет артық қағып-сiлкiп алар. — Өй, бәрекелде! Мiне, сөз төресi! — деп, Тиышбек арқаланып кетiп, кескен теректей көлбеп жатқан қалпынан тез тұрып, малдас құрып, қоқиланып отырды. Шәйi көрпенiң үстiне етiктен жұққан ақ шаң белдеуленiп калды. — Ау, ау, Жәнiбекжан-ау, мынау жаман ағанды өзiң сықылды молданың алдын көрiп, тiл сындырып, сонау әһлисламның елi Бұқардағы медiреседе оқыған дейсiң бе? Бiзге тiлдi кәлимаға келтiрiп, жалпақ тiлмен көрген-бiлгендi желдiртiп айта алсақ, со жетiп жатқан жоқ па? — Сонда да етiгiңдi шешсейшi. Әлден бүйте берсең, ертең iнiң жоқта келiнiң бiр аяқ сусын бермей қояр. Кiсiнiң кәдiрiнiң кетуi деген... өзi... осындайдан басталмай ма? — дедi Қалдыбай қитыға сөйлеп. Есiп отырған Тиышбек басқа ұрғандай қалт тоқтай калды. Сосын тарамыс қолымен қылтанақсыз иегiн сипап қойып, басын бiр жағына қарай қисаң еткiзiп: — Өзi... шынында да, мынау бiр табылған ақыл-ау! Жәнiбекжан ат белiнде, ел арқасында жүрген азамат. Ыңғи өзiмен бiрге аяқ-табағын арқалап жүрмейдi ғой. Жiгiттiң ырысын бағатын үйдегi қатын емес пе? Ол жоқта жүдеп-жадап келе қалсақ, өзi... ыһым, ыһым, бар билiк келiнжанның қолында қалады қой. Сен де бiр атаның баласы едiң, бiр жолға сөзiңе құлақ асайын. Осы әңгiмеге өзiң басшы боп ең, ендi өзiң қосшы бол. Кәне, етiгiмдi тартып жiбере ғой, — деп, Тиышбек етiк киген аяғын Қалдыбайға қарай соза қойды. Қалдыбай қап-қара боп кеттi: — Немене мұнда жалдап алған малайың бар ма? Өзiң шеш!


4 Жәнiбек жадырай күлдi: — Өзiңе де со керек. Iзiнен тақымдап қалмай қойып ең, ойламаған тұстан сазайыңды тарттың. Сөз тапқанға қолқа жоқ деген. Ендi айтқанына амалсыз көнесiң. — Қап, мынаның қорлығы-ай! — деп, Қалдыбай ызалана сөйлеп, орнынан тұра сап, Тиышбектiң етiгiне жармасты. Оны суырып ала сап, босаға жаққа қарай лақтырып жiбердi. Екiншi етiк сыпырылып, тор көз керегенiң жанына барып қылжиғанда шуаш исi мүңк ете қалды. — Өй, — деп, Қасқырбай мыңқылдап, танауын тыржитып, әрi қарай бұрыла бердi. Тиышбектiң пәруайы пәнсар. Ол: — Шынында да, етiк шешкен жақсы екен-ау! Бойың жеңiлейiп қалады екен, — деп, сайрап отыр. Осы кезде iшке Айжамал кiрдi. Ол ортаға көлдей дастархан жайды да, ерiнен төменiрек жерде тiзе бүгiп, малай қатын әкелген, сырлы тегенеге меймiлдете құйылған салқын қымызды ожаумен баптап сапыра бастады. Жоғары көтерiлген ожаудан төмен қарай құлаған ақшыл қымыз табаққа жеткен бойда шымырлап, көпiршiп, көбiктене бастайды. Демде үй iшiне тастай қымыздың ашқылтым ұнамды исi тарады. Сонымен бiрге әлдеқандай қыр шөбiнiң мұрын жарар хош исi бiлiндi. Айжамалдың қолындағы ожауға көз қиығын салып қойып отырып, Тиышбек шыдамсызданып бiттi. Сәлден соң ол өзiне ұсынған тостағанды Айжамалдың қолынан жұлып ала сап, қымызды дастарқанға төге-мөге аузына апарды да, сирек мұртының шалғысын малып, асығыс, тамағы дүрсiлдеп, қылқылдатып жұта бастады. Ыдысты басына бiр-ақ көтергесiн, тостағанды керi ұсынып жатып: — Уһ, қаным кеуiп қалыпты ғой, — дедi. — Кепкенде де бар ғой, өзi... қу тақырдай болған-ау, — дедi Қалдыбай мысқылдай күлiп. — Айтпа, бала. Қорқыныш пен шөл қабаттасқасын... оңай емес қой. — Оған не сөз бар. Тек... шариғатта тамаққа мұрт малынса, мәкiру деушi едi. — Әй, бала, сен немене маған бүгiн түйенiң тас кенесiнше қадала қалдың? Байқа, мен сенiң ойнайтын кiсiң емеспiн. Мен деген... — Әй, қойыңдар, — деп, Жәнiбек қолын көтердi.— Мұсылман үрдiсiнде мұрт қойғасын, оны күту керек. Басқаны былай койғанда, ол тазалыққа жақсы емес пе? — Ол қолындағы қымыз құйылған тостағандағы шайқай отырып: — Сонда әлгi қол Құмқамалға бара атыр ғой? — деп сұрады. — Иә, — дедi Тиышбек күреңiткен жүзiн толық билей алмай. — Сонда олар былтырғының iзiмен келе атыр ма екен? Әлде басқа көздегендерi бар ма? — Оны итiм бiлiп пе? — Тиышбек қолы қалтырап, тостағанға жармасты. — Кеше бапамнан естiдiм, мына Нұрғазы сұлтан Петербор асады екен деп, — дедi Қасқырбай Жәнiбекке қарап. — Е, неге? — Ақ патша арнайы шақырған көрiнедi. — Сонда... неге?— Жәнiбек оған еңсерiле қарады. — Бiтуажаға шақырған болар. Нұрғазының жiгiттерi Хиуа мен Бұқарға керуен тартқан орыс саудагерлерiн көп талады ғой. Ақ патшаның соған тиырым салғысы келген шығар. — О да мүмкiн. Бiрақ мынасының жөнi... бөлектеу сияқты. — Жәнiбек ойланып қалды. — Бұған сұлтанның өзi қалай қарайды екен? — Әуелгiде ол ақ патшаға сенбептi. Бiрақ Елмырза төре азғырыпты. Ол мына төменгi жақтағы Шектi Есен батырмен өштесiп жүрген Қаратай сұлтанмен ақылдасса керек. — Е, солай де,— дедi Жәнiбек даусын созып. Оның iшiн алдырғысы келмегенде, сүйтетiн бiр әдетi бар едi. — Орыс орам ала бастағалы жүз жылдай боп қалды. Қазақ даласын батыс пен шығыстан қаусырмалай орап, кысып келедi. Мына Кiшi Орда — Жәңгiр хан билеген Бай ұлының жерi мен Орта Жүздiң ұлысына қамал салып, iлгерi жылжып барады. Арқадағы Қайып, Нақып хандар соған көнбеймiз деп, шайқасып жатқан көрiнедi. — Апырмай, не дейдi? Рас па өзi? — деп, Тиышбек әруағы қозып, тiктелiп отырды. — Өй, әруағыңнан айналайын, Абылайдың тұқымы ғой! — деп, келесi сәтте кеуiлi босап, күс-күс жүдырығымен суланған көзiн сүртiп, iрге жаққа бұрыла берiп, дың еткiзiп бiр сiңбiрдi. — Бұл төрелерден де ауызбiршiлiк қаша бастады ғой. Iшкi Ордадағы Қайыпқали сұлтанды Хиуаны жағалап жүр дейдi ғой... — Сондай сөз бар. — Бiрақ Хиуаң да аңқ ете қалар бала емес. Оның да өз көздегенi бар шығар. — Оған не сөз бар. — Жәнiбек тостағанды қолына ұстаған қалпы отырып қалды. — Хиуаның өзi қорадан шықпай арсылдайтын жаман төбет сияқты боп алды ғой. Көп қимылға әлтi жоқ. Ұзынқұлақтан естуiмше, Хиуа мен Үргенiшке Османлы Түркиядан жансыздар келiп жатқан көрiнедi. Олар исi мұсылман қауымын терiскейден төнген кәуiпке қарсы ғазауатқа шақырады дейдi. Неде болса, осы жолы күллi мұсылман жүртына бiр сын.— Ол тостағанды жерге қойды. — Осы Ережеп ағасының асын ертеңге деп отыр ма? — Иә. — Тиышбек үшiншi тостағанды сiмiре бастап едi. — Ойбай, айтары жоқ. Барлық деген кiсiге не iстетпейдi? Асқа Қыр мен Сырға дәрпi шашылған игi жақсылардың бiрiн қалдырмай шақырған көрiнедi. Сарғасқа Тоғанақ батыр, Шектi Төлеу, Ырғыздағы Алмат сардар, Әлiм, Шөменнiң бар сорпаға шығарлары келетiн көрiнедi. Тiптi оны сонау Аралдың арғы түкпiрiнде жатқан Қыр Шектiсiнiң балдарына да сауын айтып жiберiптi дейдi, — деп, ол қолын сiлтей сөйлеп, қайтадан тостағанға жармасты. — Ат шаптыратын шығар? — Е, үйтпей, немене оның көзiне пәле көрiнiп пе? Нағыз ат жарыс осы жолы болғалы тұр. Аттарды сонау Бармас құмынан Егiзқараға дейiн жiберетiн көрiнедi. — Опырмай, ә?! Бұл... өзi... мүлдем қашық қой.


5 — Қашық болсын, пашық болсын, мәсәлә солай, — дедi Тиышбек желдей есе түсiп. — Ендеше ана Нияздың Қаракөгiнiң шын сыналатын кезi келдi десей! — Иә, кiм-кiмге де бiр сын болатын мезгiл жақындаған сықылды, — дедi Жәнiбек әлдеқандай ауыр ойдан арыла алмай. — Баяғыда топан су қаптағанда Нуһы пайғамбардың кемесiне iлiге алмаған бiр кемпiр алақандай жерде жан сақтаған дейдi. Сыр өңiрi де сондай тулақша, жат елдiң аттарының тұяқтары таптамай, тусырап жатушы едi. Ұлы сел ақтарылғанда су шаймай, аман қалар ма екен, қалмас па екен? Аңлағандарға нағыз сын осы-ау, — деп, Жәнiбек ұнжырғасы түсiп, көзiмен жер шұқып отырып қалды. Оған Тиышбек, Қасқырбай, Қалдыбай, Айжамалдар аңтарыла қарады.

2 Күн түске тарта қатты ысыды. Теңгедей де бiр бұлты жоқ көк аспаннан шақырая қараған күн Қуаң бойына бар ыстығын аямай төгiп, айналаны қапырық қып жiбердi. Үй iшiнен күйген киiздiң құрым исi шықты. Айжамал қараүйдiң көлеңкесiн паналап, тiлi салақтап, бүйiрiн соғып жатқан төрт көз иттi әрi қуып жiберiп, арқанынан тартып, түндiктi жапты. Сосын ол қараүйдiң терiскейге қараған iргесiне тұтылған киiздi биiктеу етiп түрiп едi, ала көлеңке қараүй iшiне жаңа ауа кiрiп, тыныс кеңiп сала бергендей болды. Осы кезде жастыққа қисайып жатқан Жәнiбектiң әлденеге енжар тартып, әңгiмеге ықыласы соқпай қойғанын аңлаған Тиышбек астынан су шыққандай қыбыжықтай бастады да, киiз қалпағын киiп, қамшысын қолына алып: — Бұл үйден iшерiмiздi iштiк, жерiмiздi жедiк. Қой, кетейiк, — деп, буын-буыны күтiрлей, орнынан түрегеле берi. Ешкiм өзiне үндей қоймағасын, ол шығып бара жатып, бағанадан берi тiлiнiң ұшында қылп-қылп етiп тұрған соңғы жаңалығын айтқысы кеп, есiк алдына жете бере екi ойлы боп тоқтады. Оны айтуға шадыр Қалдыбайдан қаймығып, сақтық ойлап, сыртқа шығып барып, iшке басын керi сұғып тұрып: — Сендер... осы тағы да бiр сұмдықты есiттiңдер ме? — дедi. — О не?— Қалдыбай ыржиды. — Не болсын, ана Дадабек сарт қазақтан кеуiлдестiкке қыз ала бастапты. Күнде бөрте жүнi қырқылмаған бағлан қозы әкеп, бiр қызды қойнына салып тұруға ана Мiрәлiнiң мойнына артыпты. — Қойшы?! Рас па?! — Рас, рас! — Әй, сарттың мынау қай қорлығы? Сен, суқит, осы өтiрiк айтып тұрған жоқсың ба? — деп, Қалдыбай орнынан түрегеле бастады. — Өзiң өтiрiкшi, өзiң суқит, өзiң судырақ! Сенбесең, қой. Оның шын екенiн ана ай мен күндей қалыңдығыңнан айрылғаныңда барып бiр-ақ бiлесiң! Сен сүйтiп саныңды бiр-ақ соғасың! — деп, Тиышбек жабықтан басын тартып ала қойды. Мына тосын хабардан шошыған Жәнiбек басын көпшiктен қалай көтерiп алғанын бiлмей да қалды. Ол өз құлағына өзi сенбегендей боп тұрып, қасындағы жiгiттерге аңтарыла қарады: — Әлгi бәтуасыз не деп кеттi? Сенейiн бе, сенбейiн бе? — Жалған шығар,— дедi Қасқырбай маңдайына шып-шып етiп шыға келген тердi сүлгiмен сүртiп жатып. — Бұ берекесiздi қой, түймедей нәстенi түйедей ғып, гөйiте бередi. Үйтiп... мұсылман емес пе, көзiне қара көрiнiп пе? — дедi Қалдыбай көпшiкке қисая берiп. Жәнiбек мына хабарға қанша сенгiсi келмесе де, мұның түбiнде әлдеқандай бiр шындықтың жатқанын сездi. Бұл Бұхарадағы медiреседе оқып жүргенiнде, шәкiрт өзбек, тәжiк жiгiттерiнен Хиуа, Қоқан хандарының өз сарайларында әліге дейiн кәнизәк ұстайтынын естiген. Талай рет Бұхара әмiрiнiң биiк дарбазалы сарайының жанынан өткенде, мелшиген қабырғалардың ар жағынан салқын сулы һәуiзде шомылып жүрген сұлуларды ойша көргендей болатын. Мына хабар да Қаразым хандарының сол үрдiсiне сай келедi. Ендi соны Сыр бойында ұстанам деп, Дадабек сарт отбасы мен қызының абырайын қызғыштай қоритын қалың елдi өзiне жау қып алмай ма? Былтыр Хиуа бегi Уәйiс Нияз аңламай iс етем деп, қазақтардан мықтап таяқ жеген жоқ па? Осының өзi бiлген кiсiге сабақ емес пе? Соны неге Хиуа ханы Мұхаммәд-Инақ ойламайды? Терiскейден төнiп келе жатқан ақ патшаның арандай ашылған шеңгелiне өз жерiн бермеймiн десе, алдымен осы Сыр бойындағы қалың елдiң кеуілiн аулап, ертең басына күн туғанда, оны жақтасы етiп алмай ма? Жәнiбектiң басы қатты. Өзi былтырдан берi Бұхарадан елге оралып, Шөмекей тайпасына қарасты Аспан руының тiзгiнiн ұстағалы көп нәрсенi анығырақ бiлгендей болды. Кәзiр көшiп-қонып, берекесiз тiрлiк кешiп жүрген қазақтардың құба қалмақтан қуаттырақ дұшпан кездессе, онша қайрат көрсете алмайтынына көзi жеткен. Әрi ойлап, берi ойлап, елдiң өз ноқтасын өзiне ұстатудың бiр амалы Хиуа, Бұхара, Қоқанмен бiрлесу деп бiлген. Сол ой мұны көптен берi мазалап жүрген. Ендi мына Уәйiс Нияздың астам қылығы сол жақсы ниетiн харап қылғандай болды. Ең қиыны — қасындағы жiгiттердiң бұған ау-тауық күле мысқылдай қарап қоятыны. Жолай сол жанына қатты батты. Оған қоса осы күнi өз абызындағы жұрт мұны: “Медреседе оқимын деп, сарт боп кетiптi”, — деп сықақтап күлiп жүр. Оған себеп те бар едi. Жәнiбек өзбек жұртының бинеткештiгiне ырза боп, елге келгесiн диқаншылық кәсiбiн қолдап, жалпақ жұртқа үкiт таратқан. Жатақ Қаракесек Тұрғалиды үлгi етiп ұсынған. Соны естiген кiсiлер: “Қой, қарағым, атқа мiнiп, қымыз iшiп, сайран салып қалған қазақ сарт боп, жер шұқып, там салып, тас үйде отыра алмас”, — деп қарқ-қарқ күлген. Соған ерегiскен бұл биыл Қызылдан Қырға әдейi көшпей қалған-ды. Ұсақ малды тырқыратып қуалай бермей, жәйiмен аударыла көше отырып, оның отын алдыруды көздеген. Және де биыл жатақ, балықшы Жақайым, Қаракесектердiң бiр топ


6 кiсiсiн жалдап, Сыр мен Қуаң бойындағы қалың қамысты шапқызып жатыр. Өмiрi шөп шауып, қора салып көрмеген елге мұның бәрi де әбес. Ең ағаты былтыр Жәнiбектiң өзбектерге елiктеп, Жаман Шығанақтың ойына қыстайтын там салдырғаны болды. Қыстай қараүйлерiн сыртынан бiрнеше өре киiзбен орап, оны қалың сексеуiлмен бастырып, iлдалдалап шығатын байлар мұны мысқыл еткен. Соның бiрi мыңғырған жылқысы Сыр бойына сыймай жатқан Малдыбай едi. Биыл көкек айының ортасына таман Сырдан мұз бұзылмай тұрып өтiп алмақ боп, жаныға көшiп келе жатқан бай мұның қыстауының тұсында бiр күн ерулеген-дi. Жәнiбек сол күнi Малдыбайға барып сәлем берген. Сұңғақ бойлы, аласы аз көзi жарқ-жұрқ еткен Ақкербездi де сол жолы көрген. Он жетiге кеп, кәмалатқа толып, бұлғаңдап жүрген ерке қызды көрген бойда-ақ Жәнiбек бiр түрлi болған. Ертесiне ол Малдыбайға ерулiк бердi. Қараүйде үстiнен қасқыр iшiгiн шешпей шәй iшiп, қол-аяғын қақ ортада маздаған сексеуiл шоғына қақтап үйренiп қалған Малдыбай сандал пеш ысытқан жылы тамда отырып, боршаборша боп терлеген. Ол әуелi басындағы тымағын шештi. Сосын қасқыр iшiгiн иығынан сыпырып, iрге жаққа тастай салды. Iзiнше саптамалы етiгiн шешiп, босаға жаққа дүрс еткiздi. Содан соң аяғын созып жiберiп, қою күрең шәйды сораптап отырып: “Айһай, бар рәһатты сен көрiп атыр екенсiң ғой”, — деп бiр қойды. Сәлден соң бойы жылыған бай тыста шытымыр аяз барын ұмытып: “Жәнiбекжан, күн өте жылып кеттi ғой. Бiз барам дегенше, мұз түсiп кетпесе жарар едi”, — деген-дi. Биыл көктем туа Жәнiбек әкесi Мамырайды көндiрiп, әтеберлi кiсiлердi салып, Ақкербездiң басын байлауға ниет бiлдiрген. Әуелгiде бұл құдалығы қиын болды. Ақкербездi осыдан он шақты жыл бұрын Төрт Сөйiннен дөрейтiн Дөсек руының iрi байы, жер ортасына жақындап қалған адырақ көз, ожыр қара Тайпан кенже iнiсi Шайпанға атастырған екен. Кейiннен Шайпан қой тоғытып жүрiп, суға кеттi. Оның Ақкербездi әмеңгерлiкпен аларлықтай туған iнiсi не басқа жақын-жуығы жоқ. Ендi үш қатыны бар Тайпан жесiрiн төртiншi тоқал етiп алам дегенде, оған отбасы қарсы болған Малдыбай амалсыздан ырзашылығын бермеген. Олар сол итырқылжыңмен көп жүрдi. Осы араға Жәнiбек кеп килiктi. Малдыбай Мамырайды қомсынса да, кеуiл жықпайын деген ниетпен: “Баланың басы байлаулы ғой. Құда түсем десең, алдымен Тайпанды көндiрiп ал”, — дедi. Соны естiген Жәнiбек Кедей Әйбек бидi араға сап, Дөсек Тайпанды келiсiмге келтiрiп, жесiрiнен бас тартқызды. Бұл оған қызға берген қалың малын өсiмiмен төлейтiн болды. Содан кейiн бұл қалың малдың бiразынан бiрден құтылып, қалғанын кейiннен беремiн деп Малдыбайға сөз салды. Әуелгiде Тайпанды тез көне қояды ғой деп ойламаған Малдыбай әуелгiде бiраз бұлданып бақты. Ақыры ол өз сөзiн жұта алмай, көп кергiп, бойын балап барып келiстi. Сүйтiп бұл құдалығы Жәнiбекке өте жайсыз тидi. Оның үстiне бұрын ың-шыңы жоқ от басына әңгiме-қауға кiретiндей ыңғай да байқалып қалды. Құдiреттi төркiнiне арқа сүйеген әйелi Айжамал соңғы кездерi сәл нәрсенi сылтау қып, кiржiңдей бередi. Кейде бұрынғыша ашылысып сөйлеспей, iшiн бермей, тымпиған жүзi сұрланып, не болса соған мiнез шығарып та қалады. Бiрақ тоқал алу қазақ үшiн үйреншiктi шаруа екенiн бiлетiн ол одан әрiге бармайды. Соны көрiп, кейде Жәнiбек те ойға қалады. Рас, Мамырай мен оның әкесi Жәдiгер бесiк құда болды. Жәнiбек он жетiге шығар шықпаста Айжамалды келiншек қып түсiрдi. Одан бiр-екi нәресте сүйдi. Ол бiрақ келiншегiн жақсы көрем бе, көрмейiм бе деп ойланып жатқан да жоқ, әкесi айтты — алды. Әзәлдан келе жатқан әдет-ғұрып солай. Тек кейiннен медiреседе оқып жүрiп, осы әйелiне онша бауыры езiле қоймайтынын аңғарды. Шығыс шайырларының, әсiресе, өзi мәдрәсәда шәкiрт болып жүргенiнде құмарта оқыған Хожа Хафиздың құпия сырға толы, сиқыры көп сұлу ғәзәлдарынан сүйiспеншiлiк, махаббат дегеннiң болатынын бiлдi. Мұның Ақкербезге құда жiберуiнiң басты себебi де осы едi. Екiншi себебi — Малдыбайдың қызын алса, кейiннен Көнек руына мұның сөзi өтетiн болады. Ел басқару iсiнде қалтасы тоқ iрi байды бiр қажетiне жаратады. Ол өз алдына. Сол жолы Қуаң бойындағы Қожанияз қамалының бастығы Уәйiс Нияздан кеуiлi суып қайтқасын ағасы Елдеске басу айтып, кiсi жiберген. Бiрақ ағасы айтқанына көнбедi. Ол Тоғанақ батырмен бiрiгiп ап, Шөмекейлерден мыңға тарта қол жинап барып, Хиуа қамалын талқандады. Уәйiс Нияз аз ғана жасауылымен әзералдалап қашып құтылды. Со жолы ақкөз жiгiттер тау қиратқандай боп елдерiне лепiрiп қайтты. Жәнiбек мұның соңы қиын болар деп түйген. Бүгiн мiне, Тиышбек сол күдiгiн растап кеттi. Жәнiбек бұл қолдың тегiн жүрмегенiн сездi. Дадабек кек алуға шығар болса, алдымен Елдес пен Тоғанақтың ауылдарын шабады. Кәзiр Тоғанақтың аулы сонау қашықтағы Қарақты жайлап отыр. Ендеше Дадабектiң оларға iш тартады деген жақын маңдағы момын ауылдарға көз алартуы мүмкiн. Демек мұның да биғам отырмағаны жөн. Ол бiр жамбасына қарай аударылып түстi. Қашанғы қалып алған әдетiне бағып, көзi iлiнiп бара жатып, кенет селк етiп, оянып кеттi. Есiне Ережеп түстi. Дүмдi жерден шыққан бай бағланы бұған өмiрi iшiн ашпайды. Екеуiнiң аталары билiкке таласып, араз боп өттi. Бертiнде өз әкесi Мамырай мен Төртқараның беделдi билерiнiң тұздары жараспады. Мамырай Хиуа ханына қызметке кiргелi бермен, Қазалы төңiрегiнде ұйысып отырған көп ру iрге ашысып, ашық жаулық қылмаса да, қайымы келгенде iште жатқан ызғарын көрсетiп қалып та жүр. Әсiресе, былтыр Бозғұлдар мен Төртқараның дауы үстiнде сол анық байқалды. Бiр-бiрiнен мал барымталаған екi рудың бiр шайқасы кезiнде Ережептiң үлкен ағасы Өтәлi жазым болды. Бозғұл жағынан және бiр жiгiт өлдi. Осы дауды шешуге Әлiм, Шөменнiң төбе билерi Аспан Әйбек пен Төртқара Үмбет екi елдiң жiк айыратын жерi Майлыбастың кезiнде кездестi. Әлiмдер: “Кiсiмiз өлдi, құн төле”, — дедi. Бозғұлдар да мерт болған жiгiтiн бетке салық қылды. Сол дауда Әйбек би мен Үмбет би екi жақты да айыпты деп бiлiп, азаматсыз қалған екi шаңыраққа ортадан мал шығартып, құн төлетiп, ала ауыздықты тыйғандай болған-ды. Соны көрген былайғы жұрт: “Пай, пай, қара кылды қақ жарған әдiлдiгiңе болайын! Билiгiн бұрмай тура айтқан төбедей екi би аман болса, әлi талай ертеңгi атқан орыстың зеңбiрегiнше еңiрер. Тусаң ту!»— деп ырза болысқан. Әлiм жағы да тiс жарып ештеңе демеген. Тек кейiн келе Құрманай Рүстем дейтiн тышыраңдаған бiр қу: “Шөмекейлер қулық жасап, дауды Майлыбастың кезiнде өткiздi. Үмбет би: “Мамырай Хиуаға арқа сүйейдi”,— деп мәмiленi бостау айтты. Бiз бұл билiкке ырза емеспiз”, — деп, қаңқу сөздi онсыз да қыбыр-жыбыры басылмай тұрған ел iшiне таратып жiбердi. Оған Ережеп те


7 қосылып кеттi. Осы сөз құлағына шалынған Үмбет би бiрде той-томалақта кездесiп қалғанында: “Ағайын арасына әрекет кiргiзер сөз айтып, ел тиыштығын бұзғалы жүрсiң бе? Одан да татулық, бiрлiк жағын ойламайсың ба?»— деп, Ережепке кейiптi деген әңгiме де естiлген. Содан жыл бойы ағайын арасында аяқ-табақ қатынай қойған жоқ. Оның үстiне Ережептiң де Ақкербезде кеуiлi бар екен. Ол жесiр қалыңдыққа Жәнiбектiң құда түскенiн естiп, iшiн тартыпты. Осылайша тоң-торыс жүрген ол жақында Өтәлiнiң асын бермек боп Қазалы төңiрегiндегi Әлiм, Шөменнiң игi жақсыларына сауын айтты. Осы хабар құлағына тиiсiмен Жәнiбек қысыр сауып отырған екi-үш биенiң қымызына жан тигiзбей, әйдiк қара сабаға құйдыра бастады да, сойысқа деген малды ерте бастан Сырдан өткерiп, Қырдың жас көгiне отықсын деп, осыдан бiр ай бұрын малшыларына айдатып жiберген едi. Сосын Қожақ пен Қасқырбайды Хиуаға арнайы жiберiп, жыртысқа деген қара ала парша, масаты-мәулiмдi дер кезiнде алдырып, тақталып дайын отырған-ды. Бұл сүйтiп осы жолы тоң-торыс ағайынның жүзiн берiммен жылытып алмақшы. Кiм бiлiптi, Бұхара мен Хиуадан қайран болмаса, алмағайып заман орнай қалса, ағайын аузының бiр болғанына не жетедi? Бұл жақында бiр жiгiтiн Ырғыздағы Шобдар Алмат сардардың ауылына жiберiп алып, төменгi жақтың хабарына қанған едi. Сардардың айтуына қарағанда, Ырғыз, Торғай, Жем бойына ақ патша әскерi бекiнiс салып, iшкерi қарай жылжымаққа әзiрленiп жатқан ұқсайды. Миләдий 1839 жылы Перонскийдiң Сыр бойына жасаған қысқы жорығы масқара боп бiткесiн, ендi ақ патша жаңа қулық ойлап тауыпты. Ол Хиуа, Қоқан, Бұхараны жаулап алу үшiн ең алдымен Хиуаның Сыр бойындағы Құмқамалы мен Қоқан салған Ақмешiттi тас-талқан ету керек деп түйiптi. Одан әрi Созақ, Құмкент, Тасқорған, Ташкенттi басып алса, Самарқан мен Үргенiшке жол ашық. Патша әскерiнiң табаны Мауәрәннәхр мен Қаразымға бiр тигесiн, ол арадан өлдi кетпейдi. Сол жерде күш жинап алғасын, ол Ауған, Иран үстiмен жүрiп отырып, бiр бүйiрде жатқан Үндiстанның көп алтынына шеңгелдi дұрыстап тұрып салмақшы. Ақ патшаның бұл арамза ииетiнен Фәрәң жақтағы басқа да күштi мемлекеттер хабардар көрiнедi. Соның бiрi — Англия. Ол орыс патшасының қалың әскерiнiң жолын бөгемек боп, тез қимылдап, Ауғанстанды аз уақыт iшiнде жаулап алып та үлгерiптi. Осы кезде олардың жансыздары Бұхара мен Хиуа базарларында саудагер боп, сауда жасаған боп, елдiң аңысын аңдап, қаптап жүрген көрiнедi. Ал ана жақта заманында Румды тас-талқан еткен Османлы түркiлерi ғазауат соғысын бастау керек деп, исi мұсылман қауымына жар таратып жатыр дейдi. Шамасы, олар Ресей мемлекетi күшейiп, уыстарынан бiрте-бiрте шығып бара жатқан Қырым мен Ноғайлы жұртының шұрайлы жерлерiн қимайтын болса керек. Мiне, осындай ұлы даудың тұсында жан-жақтан тiмiскi көздердiң тiгiлiп тұрған тұсы — Сыр бойы. Ертереке Батыр сұлтанды ақ киiзге салып, көтерiп, хан сайлағалы бермен бұл өңiрге аузы-басын түк басқан ешбiр кеспiрсiздiң табаны тиiп көрмеген-дi. Тiптен құба қалмақтың өзi де белдеуден аты кетпейтiн жауынгер елге батып тиiсе алмаған. Тоқым тыққан Қыстаубай, Сарғасқа Келдiбай, Сейiл, Малайсары, Жантайлақ, Балқы Сәмет, Шобдар Киiкбай, Сарғасқа Бәйтiк, Қаратамыр Пiшән, Төребай, Есiм Құлқа батыр, Жолай Төстiң балалары, Қожагелдi Қашқынбай, Дәумiшар, Сарман тәрiздi батырлары бар iргелi елдiң үстiнде кiм көрiнгеннiң найза шошаңдатам деуi есi жоқ есерсоқтың қиялы ғана едi. Хиуа мен Қоқанға арқа сүйеген Сыр елiнiң қандай жаудың да ырқына көнбесi хақ. Бiрақ осы тұста Хиуа мен Қоқан бектерi жүгенсiздiк жасады. Олар дүния қуып, қазақ ауылдарын талады. Содан ел арасына әрекет кiрдi. Соны сырттан оқты көзiн қадап отырған ақ патша бiлмейдi дейсiң бе? Ол ел арасындағы алауыздықты пайдаланып, Аралдан берi жылжып, мына Қазалы мен Қармақшының төңiрегiне өз қамалдарын салып та үлгермей ме? Ел арасында соны сезетiн кiсiлер баршылық. Биыл көктемде Тоғанақ батыр: “Ырғыз бекiнiсiн құртайық” — деп, ел iшiнде беделдi билер мен батырларға хабар айтқан едi, бiрақ елдiң басшылары бiрiкпей қойды. Әсiресе, Елмырза төре iшiн бермей, жатып алды. Сол екен, сахраға неше түрлi алыпқаштысы көп әңгiме тарады. Әркiм әр түрлi жорамал айтты. Бiреулер: “Ақ патша мен Хиуа келiсiптi”, — дестi. Ендi бiреулер: “Сыр бойын Османлы түркiлерi алатын бопты”,— деп гөйiттi. Қызыққұмар былайғы жұрт: “Нұрғазы Қаратай сұлтанмен тiл табысып, ақ патшаға кiсi шаптырыпты”, — деп гу-гу. Бұл со кезде: “Хиуа ханымен бiрлесiп, тiзе қоса әрекет жасасақ кәйтедi?”, — деп ойлап едi, iзiнше: “Анада қамалын қиратқаны үшiн Мұхаммәд-Инақ ендi бiздерге оң қабағын бере қояр деймiсiң?»— деп iркiлiп қалған. Кәзiр бұл қай жаққа шығарын бiлмей, әрi-сәрi боп жүр. Кейде бұған таланы тастай елдiң тағы да бiр өткелектен өтер сәтi жақындап қалған сияқты боп көрiнедi. Ол шақшадай басы шарадай боп, сан-сапалақ ойдың шегiне жете алмай, мазасы қашып әлi жатыр. Сүйтiп, 1840-ыншы жылдың мазасыз жазғы бiр таңы осылайша сарғайып атып келе жатты.

3 Биылғы жылы көктем туысымен құбыладан қызыл жел соғып, ұлы Сырдың сеңiн ерте бұзып жiберген едi. Көбесi сөгiлiп, iри жөңкiле көшкен сең Оқшы түбiне жете бере кептеле жиналып қалғанды. Сол сәтте кейiнiнен ұлы селше дүметiлiп келе жатқан қызыл су шiрей тасып, арнасынан таси шығып, Қылышбайдың жалпақ күзерiн, Майлыбастың арғы тұсындағы кең жазықты тегiс басып салған болатын. Ас беретiн үйлер осының батыс жағындағы, Басықараға жақындау жердегi, кәзiр суы тартылып, көкорай шал-ғынға қақалып тұрған бiр қоңыр алқапқа қатарластыра тiгiлген екен. Әлден-ақ қызметшi жiгiттер әлекедей жалаңдап, сойыс малын, саба-саба қымызын түйеге артып, топылған ақсақал, қарасақалдарды үйдi-үйге түсiрiп жатыр. Екiншi бiреулерi алыс жолдан сiңiрi созылып келген


8 аттарды белдеуге байлап әлек. Жерошақ басында iшек-қарын аршып, ет асып, шәй қайнатып жүрген ақ жаулықтардың есебi жоқ. Жан-жақ қарбаласа қимылдап жатқан кiсiлерге толып кеткен. Жәнiбек елең-алаңда Сырға құлап, қотыраш Медеубайдың қайығымен дариядан өтiп, қосшы жiгiттерiмен шеткi бiр үйге кеп түстi. Сосын Өтәлiнiң асына кiмдердiң келген, келмегенiне ол атқосшыларынан сұрап бiлдi. Ол сиыр сәске әлетiнде Нұрғазы сұлтанның өзiне арнайы тiгiлген алты қанат ақ үйге кеп түскенiн естiдi. Және бiр естiгенi — Әлiм, Шөменнiң игi жақсылары сұлтанға сәлемдесуге барып жатқан көрiнедi. Көз ашқаннан төре тұқымын сыйлап әдет алып қалған ел әлге дейiн сұлтан десе, құлдық ұрып бағады. Әсiресе, мына Нұрғазының жөнi бөлек. Оның арғы атасы Әбiлғазиз бiр кезде Аралдың арғы бетiндегi Кiшi Борсық құмын жайлаған қалың Шектiге хан болған едi. Өз әкесi Арынғазы Сыр өңiрiнде ақ патшаның хандықты жойғанына қарсы шығып, миләдий 1816 жылы Кiшi Жүздiң ханы атанған болатын. Ол сонда Нұралы баласы Қаратай сұлтанмен тiзе бiрiктiрiп жiберiп, Бұхара, Хиуаға қатынап жатқан орыстардың сауда керуенiн тонап-талап, бiраз жыл ат белiнен түспеген. Ақыры Iшкi орда жақтағы ақ патшаның қысымына шыдамай, Қаратай сұлтан Ресей жағына шығып кеттi. Ал Арынғазы болса, ақ патшаның шақырғанына құдайдай сенiп, миләдий 1821 жылы Петербор асып, Калугаға жер аударылып, сонда өлдi. Нұрғазы содан кейiн хан болам деп талап қылған жоқ. Ол бар-жоғы сұлтан атын қамытқа тоқ санап, елдiң жыл сайын беретiн сойыс малына ырза боп, тиыш өмiр сүрдi. Бiрақ әкесiнен қалған хан атағы бұған да жапсырылды. Ақырында сол дақпырт, атақабырой мұны да тиыш жатқызбай, оны қайтадан үйiрiп әкеп тығып, шырғалаңға салып кеп жiбердi. Ол бiрнеше рет түн жамылып, сайдың тасындай қарулы жiгiттерiмен Ресейдiң сауда керуендерiн тонап та алды. Бiрақ онысын еш жан сезбедi. Өз есебiнше, ол ұрлығын ақ патшаның өзi де бiлмеуге тиiс. Бұл сырт көзге тиыш жатқан боп көрiнiп, түн жамыла неше түрлi әрекеттi өрбiтiп жатып алып едi. Мұның сонысын бiлмейтiн былайғы қалың елдiң арасында бұл әлге дейiн сыйлы. Ханды көрген жерде жалпақ жұрттың: “Алдияр, хан ием”, — деп құлдық ұрып жатқаны. Бүгiн де талай жалпылдақ сұлтанның қолын алып, шыққан болар. Жәнiбек Нұрғазыға құлдық ұрмаса да, армасын айтып шыққанды жөн көрдi. Сосын тез жиналып, бұдан асқан ыңғайлы сәттi таба алмаспын деп, қырық шақты үйдiң көрнектi жерiне тiгiлген ажарлы ақ ордаға барды. Iште кiсi қара толып отыр екен. — Асалаумағалайкүм, — деп ол Нұрғазыдан бастап, ақсақал, қарасақалдардың қолдарын тегiс жағалай алып шықты. — Бұ қай бала? — деп сұрады дөңбектей боп жатқан бiр қара шал жанында отырған бiр кiсiден. — Мамырайдың Жәнiбегi ғой. — Е, ана молда ма? — Дәл өзi. — Қарағым, кел, ана йерге отыр, — деп, ас иесi Мiрәлi оған орын көрсеттi. Жәнiбек Ережептiң жанына кеп, қатар малдас құрды. Ортадан сәл биiктеу келген, ақ сары, жирен мұртты Ережеп сабырын шашпай, маңқиып отыр. Бұған үнемi күлiп тұратын көзiнiң қиығын тастап: — Уағыз тыңда, — деп, мұртынан күлдi. Жәнiбек Нұрғазының оң жағында тiп-тiк бойлы, арық, ақ кұбаша келген Әбдiржан молланың отырғанын ендi аңғарды. Ол о дүния, ақирет сапары жайлы ескi әңгiменi асықпай сабақтап әңгiмелеп отыр екен. Дiндәр шалдар көздерiн жұмып: “Иә, Алла”, — деп бастарын шұлғып қояды. Малдыбай, Сағынай, Тоғанақ батыр, Әбдiраман, өз әкесi Мамырайлар түндiгi жартылай ашық ала көлеңке қараүйде жүздерi күңгiрт тартып, уағызға мүлгiп қалған. Тек Елмырза төре ғана түсiн алдырмайды. Ол онсыз да қысықтау көзiн одан әрмен қыса түсiп, қара бұжыр бетi сұрланып, желбау байланған көп уыққа ойлана қарап қалыпты. Сөз ендi бiрде Нұрғазының ойға алған сапарына қарай ойысты. Осы төңiректiң ақсақалы боп саналатып кесек денелi, ақ сары шал Сағынай қалың сақалын быртық, добалдай саусақтарымен сипап отырып, Нұрғазыға қарай бұрылды: — Хан ием, шариғатта бес парыздың бiрi қажыға барып қайту делiнген едi. Сiз мұсылман қауымының сол әдетiн қойып, ана кәпiр билеген Петербор жағына барады екен деп есiттiк. Есiткен құлақта жазық жоқ. Соның рас, өтiрiгiн бiле алмай, мына жұртшылығыңыз дал боп отыр. — Гүжбан мойынды шал сұлтанға бүткiл денесiмен бұрылып, еңсерiле қарады. Ол мына отырысымен хан мен қарадан етек-жеңiн жинамайтын жағдайын аңлатқандай боп, бiр түрлi айдыны таса түсiптi. Шарғалау Нұрғазы қолдан жасап отырған сабырын шашпай: — Сөз жоқ, қажыға бару исi мұсылманның мойнындағы қарыз ғой. Кейде тiршiлiгi құрғыр со қарызыңды өтеуге пұрсаңды келтiре де бермейдi. Ал ақ патшаның маған арнайы шабар жiберiп, пайтақтына шақырғаны рас,— дедi. — Сонда... орыс патшасы не дейдi? — Оның не дерi бар ма? Кәзiр орыс орам ала бастаған заман емес пе? Ақ патшаның алашқа қай бiр ет-бауыры елжiреп бара атыр дейсiң? Оның көкейiн тесiп тұрған қорадағы қойымыз, желiдегi жылқымыз, ен жатқан жерiмiз шығар. — Оныңыз рас. — Жарықтық, хан ием, бәрiн айтпай, әр жағымен, көрмей-ақ бiлiп отыр екен-ау, — деп, шалдар жағы ырза боп, қауқылдасып бара жатыр едi, қызылбет Малдыбай қолын жоғары сәл-пәл көтерiп алды: — Сонда ақ патша өз ниетiн ашықтан-ашық айтып отыр ма? — Ояғын... өзi... ашық айта қояды деймiсiң. Әлi жеткен алып та жығады, шалып та жығады деген емес пе? Оның берсең — қолыңнан, бермесең — жолыңнан деп тұрған ыңғайы бар-ау дейiм. — Апырмай, ә?! Сонда оған алты алаштың үш арыс қауымы көне қояр ма екен? — Көнбегенде не iстейдi? — Нұрғазы Малдыбайға көзiнiң астымен сынай қарады. — Ау, iргелi елмiз деп оңашада күпсiгенде пәледеймiз. Ә десе‚ мә дейтiн телi мен тентекке Алшынды оу баста құдай кенде қылмаған. Солар ел шетiне жау келгенде қарап қалар деймiсiң? Әлде...


9 бiздiң үйдiң бiр жаман көпегi бар едi. Өзi әшейiнде бөрiбасар секiлденiп, дүрдиiп жүредi. Ал қойға қасқыр шапқанда, бөксесiн жартылай үйге тығып тұрып үрушi едi, — деп, ол сөзiнiң сонын жұтып, қасындағы құс жастыққа көлбей кеттi. Жұрт мырс-мырс күлiстi. Әсiресе, соңғы кездерi сауда-саттықтан iшi-сырты тегiс майланып, қарыны қабақтай бола бастаған Әбдiраман қоңыр қызыл бетi қызара түсiп, жанындағы алпамсадай Есен батырдың тақымын басып қойып, селкiлдей жөнелдi. Мына сөздi естiген бойда ұзын мойын, өндiршегi сорайған жер ортасынан асып кеткен Төлеу батыр қап-қара боп кеттi. Малдыбайдың сөзi оның жынына тидi. Осыдан көп бұрын Хиуа ханы Аллақұлдың тұсында Шектiлер мен хиуалықтар арасында шатақ шыққан едi. Ақирек, Қамыстыбас, Арандықырды жайлап, диқаншылықты кәсiп ететiн қалың Шектiнiң сол жылы егiсiн шегiртке харап қып, танабы тартылып отыр едi. Сол үстiне зекет жинаушылар сау ете түстi. Хиуалықтар дағдылы ожарлығына басып, қитабан шаруаның қап түбiнде жатқан көжелiк бидай, тарысын тартып ала бастады. Сонда осы Төлеу бастаған әпербақан жiгiттер зекетшiлердi сабап-сабап, керi қуып жiберген. Бұған тас-талқан болған Аллақұл көп ұзатпай қарулы жасақ аттандырды. Сарбаздар ауыл үстiне қамшы ойнатып жатқанда, мына отырған Төлеу үйден шықпай, хиуалықтарды жетi атасынан бермен қарай сыбай берiптi. Ел соны күлкi қылып, Төлеу батыр, Төлеу тентек деп кешеге дейiн мазақ ететiн. Сол есiне түссе керек, Төлеу шандыр бетiне ашу теуiп, басын кегжең еткiздi: — Әй, Малдыбай, осы сенi мас қып отырған желiңе бiткен көкалалы көп жылқың шығар. Бiрақ байдың қисапсыз малы мен ажарлы деген қыздары ел шауып жүрген батырдың қанжығасына бөктерiп кете беретiн олжасы емес пе едi? — Иә, сен қырасың! Сен сүйтесiң, — дедi Малдыбай оны сықақтай күлiп. — Ендеше өз обалың өзiңе... Тап саған ерегiскенде бар ғой... — Иә, нағыласың? — дедi ол Төлеудi отқа итермелегендей боп, ызаландыра түсiп. — Мен бе, мен... — Төлеу жүзi қап-қара боп, аузына жөндеп сөз түспей, түйлiгiп, түкiрiгiне шашалып қалды. Сол арада жұрт әзiлден от шығып кетер деп, араға түстi: — Уа, қойыңдар! Бала боп кеттiңдер ме? — Қалжыңдассаңдар да, бiраз жерге бардыңдар. — Әй, Малдыбай, қой, батырдың намысына тиме, — деп еңгезердей ақ сұр Тоғанақ батыр қабағын шытты. Сосын ол Нұрғазыға қарады. — Тақсыр, сiздiң жаңағы сөзiңiздi тiрiлтейiн. Сiз ақ патша күш көрсетедi дейсiз. Менiң пәмлеуiмше, жаңғыз ғана күш емес, сол кәпiр патшаңның айласы мен қүлығына да құрық бойламайды-ау дейiм. — Сонда қалай? — Тiс қаққан әккi кiсiлер жас баланы сүндетке отырғызарда тәттi берiп алдамаушы ма едi? Аңқау елдiң баладан несi артық? Тәттi тiлiн емiзген кiсiнiң әр жақтағы ойын аңламай, сан соғатын ескi әдетiмiз емес пе едiң — Батырдың айтып отқанының жаны бар,— дедi Сағынай мұртының жебесiн баппен ширатып отырып.— Былтыр мына жатақ Тұрғали аулында түстенiп отырып, шытырлақ қауын жегенiм бар едi. Оның дәмiнiң өзi әр түрлi бола бередi екен. Әлгi қауын аузын ашса, iшi көрiнетiн кiсiше бiрден қарс етiп айрыла салады. Өзi тәп-тәттi. Тек қиыны артында. Тәттi деп көп жеп, кейiннен бизарыңды шығарады. Осы кезге дейiн iшiн бермей отырған Елмырза төре ойламаған жерден жымиды: — Ау, қазақтар: “Жер шайқалса, төбеге, ел шайқалса төреге” демеушi ме едi? Тәттi қауын жеп, құтың қашар болса, көш бастар серкеңе қарамайсың ба? Нұрекең соны мойнына қарыз етiп, сонау жер түбiндегi Петерборға бармақшы боп отыр. Ол осы сапар ақ патшаның ау-жайын байқап көрсем бе дейдi. — Оның көретiн несi бар, — дедi Есен батыр жақтырмай қап. — Мына Арқадағы Қайып ханнан хабар дүңк-дүңк жетiп жатыр. Ақ патша әуелгiде оған хан етем деп уәде берiп, кейiннен сөзiн ұстамаса керек. Соған ренжiген Қайып хан өз абызындағы жұртпен... мына Ақмола жағындағы бекiнiстерге тиiсiп жүрген көрiнедi. Сүйткен ақ патша бiздерге елден ерекше мейiрiмiн төге қояр ма екен? — Неге? Мына төменгi жақтағы Кiшi орданың ханы Жәңгiр әлi хан боп отыр ғой. — Өй, оны қай бiр жетiсiп отыр дейсiң? Ана қалың Берiш атқа қонған сайын орысты паналап, жан сақтайды. Со да падышалық еткен болып па? — Сонда... бұ зауалға не ем бар, а? Кәне... бiлсең, айта қойшы, — деп Елмырза төре Төлеу батырға сынай қарады. — Емдi мына ел билеген төрелер, сіздер... айтуға тиiссiздер, — дедi Төлеу жалтарып. Сосын: — Бiрақ төрелердiң өздерi, қайсымызды төбеге шығарар екен деп, Хиуа мен ақ патшаға кезек-кезек жалтақтап отырған жоқ па? Әруағыңнан айналайын қасқа жолды Қасым ханның өзi көрген түсiнде бiр ұрпағы қасқыр боп жүрмеушi ме едi? Затында қасқыр ештеңеге жалтақтамайды. Бiр жағына көп қараса, ол сорлының мойны қайта бұруға келмей, қарысып қалатын. Бүгiнгiнiң қасқырымыз дегендерiңде мойын да, мойын омыртқа да құрыған ба, қалай, бастары екi иығына қарай кезек-кезек ауып түсе бередi, — деп сықақтап күлдi. Елмырза түнерiп кеттi. Төлеу батырдың меңзеп отырғаны өзiнiң ең жақын туысы Қаратай сұлтан турасында едi. Ана бiр жылдары Есiм ұлы Қайыпқали Хиуаны сағалағанда, ел билiгiнен дәметкен Қаратай сұлтан Орынбордағы генерал-губернатор Перонскийдi жақгаған болатын. Сосын ол кенже iнiсi Тортайды Орынборда ашылған Неплюев қадет корпусына оқуға берген-дi. Кәзiр сол iнiсi орысшаға жүйрiк боп, иығына сары ала шен таққан төре боп шыға келдi. Естуiнше, осыдан бiрер жыл бұрын сол Тортай патша ағзамнын арнайы тапсырмасымен, мұсылман ғұрпымен сақал-мұртын өсiрiп, басына сәлде орап, саудагер боп, керуен тартып, Шарқы Түркiстан жерiнiң бiр өлкесiне барып қайтыпты. Ол со сапарында Қашқар жұртының жай-жапсарын, әскерi мен қару-жарағының жай-күйiн


10 бiлiп, ақ патшаға ақпар берiптi. Сүйтiп шенi өсiптi. Соны естiген бойда-ақ Елмырза тiксiнiп, iштей ақ патшаның бұл әрекетiн тегiн емес деп түйген. Сол күдiгiн Арқадағы туыстастары да күшейте түстi. Былтыр Қырға көшкенiнде, Қаратай мұның үйiнде түстенiп отырып: “Орысқа әлiмiз келмейдi. Шамалыдан соң Мұхаммәд-Инақтың да, Хұдаяр мен Насрулланың да бастарына күн туады. Одан да алдын алып, орысқа жағып, халық басындағы ноқтадан айрылып қалмау жағын ойлау керек”, — деп, мұны азғырған болатын. Сосын өзi орыс патшасына жағам деп, әр руды басқарған би мен батырларға әлгiндей үгiт таратқысы келгенiн айтқан едi. Сондай бiр мәслихат үстiнде Шектi батырлары мен Қаратай сұлтан сөзге кеп қалыпты деп анада естiген едi. Елмырза ендi мына отырған ақсақал, қарасақалдардың көзiнше Төлеуге ұтырлы жауап қайтара алмаса, күнi ертең-ақ ел арасында сөзiнiң салмағы кемiп, беделi мен кәдiрiнен жаңылатынын анық сездi. — Апырмай, батыр, — дедi ол сол арада екi қолын жайып, — менi сенi ел қамын жеген еңiреген ер ме деп, сыртыңнан қарап, iшпей-жемей тойып жүрушi едiм. Сен өзiң бас пен бәданның айырмасын онша жетiк бiле бермейтiн құсайсың. Бәдәнға жатар екi қол iждеме де ойламайды, ол тек мидың әмiрiн ғана орындайды. Адамның он екi мүшесiнiң патшасы — бас. Сол бас жан-жақтан андыздап қаптап келе жатқан жауды көрiп, он екi мүшемдi қалай аман-есен сақтасам екен деп, әр тарапқа алаңдаса, онда... оның кейiнгi жағын ойлағаны да. — Дегенмен сол басы түспегiр мығым мойынға бiтпеген секiлдi. Өзiнiң шегесi тым бостау ма дейiм, — дедi Төлеу оны кекетiп. — Ау, — дедi Елмырза оны әдейi елемей, еңсесiн көтере түсiп. — Хан мен төре бас болса, елжұрты оның тәнi мен жаны емес пе? Хан мен жұрттың арасын жалғастыратын мойын — мына отырған өздерiң — би мен батырлар емессiңдер ме? Ендеше бас қалтақшыл тартса, онда мойынның да аза бастағаны да. Қара сөзге онша жоқ Төлеу батыр мүдiрiп қалды. Басқа кiсiлер де тiс жарып ештеңе дей қоймады. Бiр сәтте үй iшiнде қолайсыз тиыштық орнады. Со кезде есiк жақта құлағы қалқиып отырған Тиышбек басындағы қара сырмақ төбетейдi жұлып ап, ортаға атып ұрып: — Ау, ау, — дедi артынан жау қуып келе жатқандай аптыға сөйлеп, — бас жоғары, мойын төмен жаратылған дегенде ең iске алғысызы бақай, башпай... сонда мына бiз бе? Ау, кiсi деген аяғына мiнiп, табанымен от баспаушы ма едi? Табан сорлы неге болса да шыдайды. Өз басым бас пен мойынның бәтуасына онша сенбейiм. Бүгiнде нәпәқа мен нәпсiсi үшiн жазған жұмыр бастың кiрмейтiн тесiгi, ашпайтын есiгi қалды ма? Бас қайда болса, мойын сонда. Кейде залым бас өз күнәсiн кешiр деп, мойынды айбалтаның астына төсейтiн. Мен бiлсем кәзiр бас миқұрт, мойын салғырт болған. Олардан заманына қарай амалы дейтiн желаяқ, күс-күс табан озады. Ойбай-ау... — Әй, қысқарт! — деп, сол арада Ережеп ызбарланып, Тиышбектi тыйып тастады. — Қанша десең де, табан мен бас тең емес. Сен үйдеп, мәниғалы сөздiң бағасын кемiтпе. Сосын... бас тұрғанда, табан қашан төбе би болған? — деп, ол әдейi тоқтап, сабырлана түсiп, төрде отырған ақсақалдарға жағалай қарады.— Қадырданды хан ием, ел жақсылары! Баяғыда хакiм Лұқман мың жасадым деген екен. Ол сонда осындай жақсылармен әр бiр бас қосқан мәжiлiсiн бiр жасқа есептеген көрiнедi ғой. Мен де бүгiн сiздердiң дидарларыңызды көрiп, қуанып, бiр жасқа жасарып отырмын. Бiздер Әлiм, Шөмен деген қалың ел едiк. Туған ағамның асында сол елдiң игi жақсыларының бастарын қосқан мырза құдайға дән ырзамын. Айып болмаса, тағам дайын болды, жiгiттер қолға су құя берсе дейiм. — Е, дұрыс. — Қысыр сөзден қысырақтың етi пайдалы ғой. — Ет тәттiлiгiн қойса, мен ұрлығымды қояр едiм дептi ғой баяғыда ана ұры Шәки түспегiр. — Айтпақшы, ол өзi асқа келдi ме? — Келгенде қандай. Шеткi үйде сорпа-суға қарық боп жатыр. — Е, Қыр мен Сырдың жас көгiне тойған он жылғы қысыр байталдың етiн жеп дәнiккен ол жабағының жас етiн қызылдап жатыр де. Ережеп тiс жармай, шаралы жүзi сызданып, сыр бермедi. Бұл соңғы жылдары ұры деген жаман аты таралған Шәкидi ағайын тұтып, жақынсып, жылқышылықтан шығарып ап, бауырына тартып, әңгүдiқ дөрекi жiгiттi арқасына қағып қойып, дiттеген ойына қарай көземелдеп, бар шаруасын астыртын iстетуге кiрiскен болатын. Осыдан бiр ай бұрын, жер дегдiсiмен, Ережеп Шәки бастаған бiр топ жiгiттi iшкi жаққа аттандырып жiберген едi. Жiгiттер сол рет жолы болып, Ақмешiт төңiрегiнде көшiп-қонып жүрген Жаппастардың екi үйiрдей жылқысын қуып әкетiп, ат iзiн алысқа сап, Шөмекейлердiң жаз жайлауын бастыра отырып, мына Басықара, Көбектiң үстiмен кеп Сырға құлаған-ды. Дариядан өтiсiмен-ақ қолды болған малдың iзi зым-зия жоғалды. Ережеп оларды Мiрәлi арқылы Дадабекке сатып жiбердi. Ендi одан түскен күмiс тiлләларды Жаппастар түстеп танып көрсiн! Ережеп ақырын мұртынан күлiп қойды. Қызметшi жiгiттер қақ төрдегi Нұрғазыдан бастап, кәдiрлi қонақтардың қолдарына су құйып шықты. Содан кейiн олар зыр жүгiрiп, ортаға көлдей дастархан жайып, қазы, қартасы, сары ала майы жетерлiк үйме тегештердi бiрiнен соң бiрiн әкеп қойып шықты. Басқа үйлерге де үйме табақ ет көтерген жiгiттер лыпылдап кiрiп, шығып жатыр. Сол екен, дем арасында миман күтiп, ас берiп жатқан ауыл бағанағы мимырт қалпынан айрылып, сорпа, табақ тасыған қызметшiлер мен қатындардың жаңқ-жаңқ сөйлескен дауыстарынан у-шу болды да кеттi. Ұлы сәскеге таман асқа жиылған ел түгелiмен етке бас қойды. ***


11 Жәнiбек қарамдас жiгiттерге табақ бөлек тартылған едi. Табақтар ортаға қойылған бойда, мырзаларға қызмет кылам деп, лезде Тиышбек жаланып шыға келдi. Ол қолын суға асығыс-үсiгiс шылай сап, қалың табанды етiгiнiң қонышынан пышағын суырып ап, еттi ендi турайын деп қол соза бергенiнде, Жәнiбек қабағын шытты: — Ау, Тәке, пышағыңды жусайшы. — Не, не? — дедi Тиышбек нұрсыз қой көзi демде шақырая қап. — Пышағыңды жу дейiм. — Немене жумаса арам бола ма? — Әрине, һарам болады. Күнi бойы шуаш сасыған шұлғауыңның арасында жатқан пышақта не тазалық болушы едi? Күнi бойы тiсiм қашан етке тиедi деп тықыршып отырған Тиышбек: “Қой, мынаумен тәжiкелесем деп аузыма түскелi тұрған несiбемнен құр қалармын”, — деп, тез пышағын суға шала-пұла шылай салды да, ет турауға кiрiстi. Ол сосын арық саусақтарымен сары ала қазыны қозғап қойып, оны көлденеңдей кесiп көрдi де, қарынға тоқтау бiр кесiмiн аузына лып еткiзiп тығып жiбере сап, малжаңдай сөйледi: — Мен осы молдаларға таңғалам. Намаз оқысаң да, жуын-шайын, тамақ iшсең де, жуын-шайын. Ау, сонда құдай әзәлдә бәданымен бiр жаратқан өз мүшем өзiме адал емес пе? Әлде ол маған жат па? — Настықты қалай ақтаймын десең де жараспайды, — дедi Жәнiбек жiлiктi мүжiп жатып. — Онда... исi қазақ нас қой? Жәнiбек Тиышбекке сөзiн шығын ғып отырғанына қынжылды. Ендi оның дыбырлағанына құлақ салмай, өз ойына шомып, Нұрғазының неге Петерборға баратын жайы жөнiнде ойлады. Сонда бұл тегiн бе? Ана бiр жылы мұның әкесi Арынғазыны ақ патша алдап шақырып ап, елге қайтып жiбермей қойған жоқ па едi? Соны көре-бiле тұра сұлтанның бұл сапарға бел буғаны қалай? Әлде мұның басқаша бiр астары бар ма? Сонда о не? Жәнiбек сол арада бiреудiң өзiн бүйiрiнен тұрткенiн сездi. Жалт қараса, Ережеп жымың-жымың етедi: — Той қашан? — Болады ғой.— Жәнiбек оған аңтарыла қарады: “Мұнысы несі?” Аздан сол жұрт ас қайырысты. Әбдiржан молла өлi әруаққа бағыштап, әдемi даусын сарната созып, құран оқыды. Дұғадан кейiн iшiне ел қонып, маужырай бастаған жұрт аяқтарын созып, қысыр әңгiмеге кiрiсiп кеттi.

4 Салқын түсе бәйгiге шабатын аттарды көмбеге қарай жiберуге қам жасалды. Көптен берi сауын айтып, жар таратып, алып-қашты дақпырты жер жарған үлкен асқа осы төңiректегi бәйгiден дәмесi бар жүйрiк аттар тегiс келген екен. Тiптен сонау Аралдың арғы жағы мен терiскейдегi Ырғыздан да келген жүйрiктер баршылық. Жер-жердiң ат танығыш кiсiлерi жабулап, мейiздей қатырып тастаған сәйгүлiктердi бiртiндеп қарап, сынап, байқап жүр. Әсiресе, Қарасақал Дайрабай сыншының жан-жағы толған кiсi. Атақты сыншы асықпай аралап жүрiп, көзi түскен бәйгi атының жалына, шабына қол жүгiртiп, кеудесiн қарыстап өлшеп қарап, өз ойын айтады. Бiр атты көрiп болған ол: — Мына жануардың бiр терi алынбаған екен. Соңыра мәреге жақындағанда барлығып қалады-ау, — деп, басқа аттарға қарай бұрыла бердi. Сол арада: — Дәке, мынау атты сынап көрiңiзшi, — деп, бiр жiгiт егесiнiң тәк-тәгiне шыдамай, жер тарпып, тыпыршып тұрған құла жирендi нұсқады. Дайрабай атқа жақын кеп, оның ұмасына қол жүгiрттi. Құйрық-жалын қарады. Алдыңғы екi қолтығын жер соғарын байқап көрдi. Сосын барып басын шайқап тұрып: — Жарықтық, қозы көшке шапсам, алдыма ат салмаймын деп тұр. Бiрақ ат шабысқа әлсiз. Күшi артында емес, алдында. Әп дегенде дүлдүлден де озып кетедi. Тек ұзақ шабысқа шыдамайды. Қолтығы көп сөгiлмеген, белi әлсiз. Мұндай жануар ат жарыстан гөрi құнан жарысқа қол, — дедi. Соны естiген бойда, бөркiн басына шекелете киген ат егесi сыншыға адырая қарады: — Ақсақал, осы сен не айтып тұрсың? Құнан жарысың не? Бұл ат бүткiл Ырғызды шулатқан, iжкiмге бәйгi бермеген атақты құлажирен ғой. — Ырғызыңды бiлмейiм. Әйтеуiр, дәл осы аста бұл ат бәйгi ала алмайды. — Ақсақал, үйдеп кiсiнiң алдын кеспе! Ондай бiлгiштiгiндi ұрғаным бар, — деп, адыр жiгiт қамшысын бiлемдей ұстап, iлгерi қарай бiрер аттады. Соны көрiп, екi қазақ бас қосқан жерде дау-шатақтың болмай тарқамайтынын жақсы бiлетiн ас егелерi алдын ала сайлап, асабаның қарауына берiп қойған, дау десе делебесi қозып кетер шоғыршоғыр топтың арасына сыналай кiрiп, жұртты барлай қарап жүрген қарулы жiгiттер ендi Тоқаның мына бiр адыр жiгiтiнiң қамшысын бiлемдегенiн көре сап, жетiп-жетiп кеп, Дайрабай сыншы мен әлгi жiгiттiң арасына кеп түсе қалды. Бiрақ Тоқа жiгiтi өңмеңдеп, iлгерi қарай ұмтыла бердi. Сол екен, олардың сырт жағында тұрған, әлгiден ыға қоймаған, мұрты едiрейген теке көз қара жiгiт ақиып: — Әй, сен кiмге қамшы бiлеп тұрсың, а? — дедi әлгi Шөмекей жiгiтiне. Шөмекей жiгiтi де талай қызылшеке шатақты көрiп жүрген көкжал болса керек, теке көзден онша ыға қоймай, қолына екi бүктеп ұстаған қамшысымен Дайрабайды көрсетiп: — О неге кiсiнiң алдын кеседi? — дедi даусын көтере сөйлеп. — Кеседi десең, атыңды сынатпа.


12 — Сынағанда, ол шынын айтып тұрған жоқ. Әдейi менiң меселiмдi қайтарайын деп айтып тұр. Бұ деген исi Арқаға мәлiм құла жирен. Атақты Алмат сардар баласына той жасағанда, бас бәйгiнi шаппай алған. — Алса, ала берсiн. — Теке көз жiгiт мырс еттi. — Шөмекейдiң тойында Шөмекейдiң аты бәйгi алса, келiскен екен. — Әй, сен, олай деп былшылдама, — дедi адыр жiгiт түтiге түсiп. — Бiрақ бұл Әлiмнiң асы, — дедi теке көз жiгiт мысқылдай күлiп. Дайрабай шатақ шығып кетер деп ойлап, екi қызылкөздiң арасына кеп қыстырылды: — Балдар, құр таласып кәйтесiңдер? Кiмнiң бәйгi аларын ертең көмбеге жеткен ат көрсетпей ме? Қойыңдар түге жоқтан өзгеге қызынбай! Астың берекесiн қашырмаңдар! Сол арада Шәки кеп араға түстi. Олар екi жiгiттi ажыратып жiберiп, Дайрабай сыншыны бiрнеше қоршалап, аулақ алып кетiстi. Соған тақау жерде Нияз Қаракөгiн жабулап, шаң қаптырмай, аламан топырдан аулақ ұстап тұр едi. Қиық мұртты, ақ құба оның жұқа бетiнде аздап абыржу бар. Өзi әдеттегi керiктiгiн ұмытып, атқа шабатын балаға әлдененi қайталап айта бередi. Дайрабай ойынды етi салбырап, қаба жалды берiкше селсоқ тұрған Қаракөкке сұқтана қарады. Оның ояқ-бұяғына шығып, бар тұлғасын көзiмен өлшеп байқады. О жер, бұ жерiн ұстап көрiп, таңдайын қақты: — Қарағым, тiл-көзiм тасқа. Мына атың осы астың бас бәйгiсiн шаппай аламын деп тұр. — Дәке, шынымен бе? — дедi бiр жiгiт оған сенбей қарап.— Жануардың тұрысы бәйгi атынан гөрi қос дөңгелектi қоқанарбаға жегетiн түғырға келiңкiрейдi екен. Қымызға қызып алған көлденең жұрт ду күлдi. Дайрабай жүзi күреңiтiп, әлгi жiгiтке жақтырмай, қабағын шыта қарады: — Неге? Мұндай ат шапқан кезде әруақ бiтiп, жайнап сала бередi. — Дәке, қойыңызшы, осы сiз де бiр,— деп әлгi өзiмсiнген мыртық жiгiт қыжырта сөйледi. — Мұның несi жүйрiк? Салбөксе, сиыр сүйек, бауыры өте жазық, қаншыр мойын, тұрқы ұзын. Осы да ат па екен? Дайрабай астам сөйлейтiн мыртық жiгiттi жақтырмай қалды: — Сендер көздерiңмен көрiп, қолдарыңмен ұстағанның әр жағын ойлайсыңдар ма? — дедi ол асықпай сөйлеп. — Мен бiлсем, мынау нағыз жүйрiк. Өздерiң қараңдаршы, ауыз омыртқасы шығыңқы, бұлан мойын тәует бас, қамыс құлақ. Жаясы жазық, салпы ерiн, ойынды етi буылтық, бөп-бөлек, сiңiрлi, жер соғарлы, құйрығы сұйық та, қою да емес. Жалы майда, аяғы тiк, бұты талтақ, сауыры төңкерiлген қазандай, ұмасы үлпершектi, жауырыны жалпақ, жазық, талыс танау, қалбағайлы, төсi салқы, быртық бақай. Бұл арғымақ та, қазанат та емес. Нағыз қарабайыр, асылдан туған будан. Мұндай аттың күшi артында, белi мықты боп келедi. Тұрса селсоқ болғанымен, шапқанда тұяғына жел бiтiп, алыс жолға арымайды. Көрдiндер ме, кеңiрдегi қандай, жас баланың жұдырығы сыйып кеткендей. Тынысы өте кең. Айтпады демендер. Бұл ат мына аста қырып-жойып бәйгi алады. — Өй, Дәке, бiлгiш-бiлгiш дегенге ауыз өзiмдiкi деп айта бересiз ғой. Болмаса мынадай жабы шаба ала ма? Мынауың бiр көш жерден соң қолтығы ойылып, қара етi жыртылып қалатын нағыз ит өндiршек тұғыр емес пе? — дедi бағанағы жiгiт қызарақтап. Дайрабай жөн сөзге қонақ бермес көбiкауыздың берекесiздiгiн бiлгендей, қолын сiлтей сап, әрi қарай бұрыла бердi. *** Бұл кезде Нияз сыншының көзi тиедi деп Қаракөктi аулақ жетелей жөнелген едi. Дайрабайға көрсетпей, артынан жерден үш рет топырақ ап, шашып-шашып жiбердi. Сосын Қаракөктiң кекiлiне байлаған үкiсiн дұрыстап жатып, жан-жағына үш рет түкiрдi. Содан соң атқа шабатын балаға беретiн соңғы тапсыр-масын тағы да пысықтады: — Көмбеден шыққанда, тура жел жаққа қарай тарт. Атқа шаң қаптырып алма. Жануар шаң жұтса, көпке дейiн өкпесi сырылдап, жөндеп шаба алмайды. Сосын алдыңа екi атты ұста да отыр. Қаракөк үнемi тiзгiндi босат деп ызаланып бағады. Саған керегi де сол. Тiзгiндi босатпа. Бiр ауанмен тарт та отыр. Тек ана бiр бұйратты боздан өтiсiмен тiзгiндi жiбер де, бiр рет қаттырақ тебiн. Қамшы салма. Қалған жағын Қаракөктiң өзi алады. Оның жанына немере ағасы, ұзын бойлы, бетi быдым-быдым Елдес келдi. Ол жайын аузын кере түсiп: — Немене бәйгi алам дейсiң бе? — дедi. — Құдай бұйыртса, көремiз де. — Мен бiлсем, сен осы бекәрга әуре боп жүрсiң. Мына тұғжымды қызылдап, рәһатын көр де, түрiкпеннiң бiр ақалтекесiнен ат алсайшы. — Ұрлап па? — Нияз жiңiшке қара қасы керiлiп, көзiн қыса күлдi. Бұл әңгүдiктеу Елдестiң шамына тидi. Осыдан бiрер жыл бұрын Елдес қасына ақкөз жiгiттердi ертiп, Үстiртке шығып, Маңғыстау бойын жайлаған қалың түрiкмен iшiндегi бiр теке-жәумiт байының бiр үйiрдей жылқысын ұрлап қашқан-ды. Iзiне түскен жылқышыларды сойылмен сабап, бiр-екеуiн жер қаптырған. Сол алас-қапаста жылқы бет-бетiне тырағайлай қашып, бұның әбден берекесiн алған. Ақыры Елдес қу қанжыға бiр арғымақты ғана олжа ғып, елге арып-ашып шаққа дегенде жеткен. Бiрақ арам мал оның бойына сiңбедi. Қаз мойын, түлкi төс, iшi қатқан жануар шөбi сортаң татыған Сыр бойын жерсiнбедi. Жөндеп су да iшпедi. Дұрыстап оттай алмай, арқанда тұрып арыды. Ақыры күзгi


13 көшi-қон кезiнде арқанын үзiп, түрiкмен жұрты қайдасың деп, бiр-ақ тартқан-ды. Ендi кәзiр серi iнiсiнiң соны меңзеп, өзiне нос көрсетiп тұрғанын байқап, Елдестiң ит-жыны тырысты. — Бала, байқа, — дедi ол түксиiп. — Әлi-ақ түрiкпеннiң тұлпарын мен мiнiп, бұғауын сен киiп жүресiң. — О ненiң ақысы? — дедi Нияз таңданып. — Ақысы? — Елдес мырс еттi. — Әй, әжуасың ғой. Болмаса солай дейсiң бе? — Ендi не деу керек? — Не деу керек? — Елдес серi iнiсiне келемеждей қарады. — Осы қазақ айран iшкен құтылып, шелек жалаған тұтылып демей ме? Қай заманда құрық нақ кiнәлiнiң қылша мойнына барып түскен? — Түспесе, түседi. — Иә, саған! — Елдес Ниязға мысқылдай көз тастады. Шынында да, ағайынды жiгiттерден оның бiтiмi бөлектеу едi. Жастайынан балуан күресiне қатысқан әкесi Сағынай қол-аяғы балғадай, екi иығына екi кiсi мiнгендей кiсi едi. Нияз бойында қырым етi жоқ шешесiне тартқан. Шыңжау, арық. Саусақтары қыздың саусағындай нәзiк, салалы. Сонысына қарамастан өзi тыраштанып, барынша сәндене киiнедi. Аяғында қонышына алуан түрлi зер салынған қазақы етiк. Үстiнде шебер қолдан шыққан мақпал шалбар, көйлек. Басында құндыз бөрiк. Осыншама әлем-жәлемi аздай, Нияз бөркiнiң шошақтау төбесiне қыз тәрiзденiп бiр тал үкi қадап қойыпты. Соған қарап, Елдестiң күлкiсi келдi. Ол қалың ернiн кере түсiп, көзiн сығырайта ыржиды: — Сен өзiң серi болам деп, перi болып бара атқан жоқпысың? Жарайды, мақпал шалбар мен белiңдегi күмiс кiсеңдi жөн дейiк. Ау, мына үкiңе жол болсын? Үкiнi еркек емес, қыздар тақпайтын ба едi? Әлде, сен... — Елдес жорта кiдiрдi. — Қыз... қызтекемiсiң? — Әрине, — дедi Нияз аяқ астында қулана күлiп. — Қызға теке болмай, немене менi атан деймiсiң? Елдес не дерiн бiлмедi. Мұның iргелi бай жерден қыздай алған бәйбiшесi әбден ерке боп өскен тiлдi кiсi едi. Ол күйеуiнiң кәукиген бойына қарап, қылжақтап, “қара атан” деп кеткен-дi. Құрдастары оны сан-саққа жүгiртiп, мазақ қып жүретiн. Елдес ендi соны тұспалдап тұрған iнiсiнен сөзден жеңiлгенiн бiлiп, оны дұрыстап тұрып бiр боқтады да, терiс айналып жүре бердi. Нияз қарсы жауап қатайын деп едi, өздерiне қарай беттеген Жәнiбек, Қалдыбай, Қасқырбайларды көрiп, кiлт тыйыла қойды. *** Жiгiттер аздан соң, сақина алу, жамбы ойындарын көрдi. Iзiнше балуан бәйгiсi басталып кеттi. Күресуге Қалдыбай мен Алманияз шықты. Алманияз — Сыр бойына ересен күшiмен дәрпi шашылған балуан. Бұрын-соңды ауыл арасындағы той-томалақта ғана күресiп жүрген Қалдыбайдың ұлы жиын алқа топқа түсуi осы. Оның жалаңқат қақпа шекпен киген денесi, шынында да, көзге толымды екен. Саны бураның санындай бiлем-бiлем. Тек қайыс белбеу қынап тұрған белi осалдау секiлдi. Әйбек би, Сарыбай Бекiш би, Балқы Күртебай би, Төртқара Үмбет би, Сағынай, Мамырайлар әлi мал тұяғы жапыра қоймаған көгалда алқа қотан боп отыр. Олардың сыртын ала әлi үлкендердiң атын байлап, кеуiш қоюынан құтыла қоймаған кiсiлер тiзе бүккен. Жәнiбектер өз алдына бiр төбе. Ережеп бастаған ас егелерi бас бәйгiге тiгiлген алшаңдаған қызыл нар мен екi ту байталды көлденең тартты. Күрес басталды. Алманияз бен Қалдыбай бiр-бiрiне белдерiн берiспей, ұзақ ырғасты. Бiр-бiрiн алма-кезек жүлқылап, бақайдан қағысып көрдi. Кенет бiр қайымын тауып, әккi Алманияз Қалдыбайды белiнен қапсыра қысып, қайыс белбеудi сыртынан бiлегiне бiр бұрап алды. Қалдыбайдың тынысы тарыла бастағанын сезiп, Шектi балуаны батыл қимылдай бастады. Көре көзге Қалдыбай бел берiп, ананың iштен iлiп шалар әдiсiне оңтайлана қисайды. Соны көрген Шектiлер у-шу. Әсiресе, жаңа бiр әзiрде Малдыбаймен сөзге келiсiп қалған Төлеу батырдың қыбы қана түсiп, сирек мұрты едiрейiп, шегiр көзi ежiрейiп кетiптi. — Көтерiп ал да, лақтыр! — Қабырғасын сындыр! — Бұралқы иттей астыңа бiр бүкте! — деп, Алманияздың жақтастары әлден шулап, өжеңдеп барады. Жәнiбектiң тобы самсоз. Олар ендi не болар екен дегенше, қара бетiне қызыл күрең қан ойнап шыға келген Қалдыбай ананың оң жамбастан асыра лақтыратын машығының алдын орап, қос қолымен Алманиязды құшақтай көтерiп, даусын қаттырақ шығарып: — Әуп! — деп қалды. Алманияз керi қарай ерiксiз еңсерiлдi. Сол кезде зор қуатқа шыдамай, Қалдыбайдың белбеуi бырт етiп үзiлiп кеттi де, Алманияздың қолы босап сала бердi. Қалдыбай белiне қайтадан белбеу таққасын, күрес қайтадан басталды. Бұл жолы кеуiлiнiң өрекпiгенiн басқан қайратты жiгiт салған жерден ұтымды қимылдады. Ол бiр рет оны өзiне қарай жұлқа тартып, тiк көтере бере оқыс жалт ете қалып едi, Алманияз оң аяғымен жерге дұрыс түспей, тiзесiн жерге тигiзiп, шөккен нарша шоңқиды да қалды. Қазақша күресте жерге тiзе тию — жеңiлгенмен пара-пар. Жұрт Қалдыбайды көтерiп әкеттi. Назаланған Төлеу батыр: — Бәлем, Шөмекей, тоқтай тұр! Осы кердi алдыңа келтiрмесем бе? — деп, тiстене сөйлеп, дойыр қамшысымен тартып қап, алатағанақ жердiң шаңын бұрқ еткiздi. Шектiлер ендi ас егелерiне дау соқты: — Бұл итжығыс! Тiзесi тиген жауырыны жерге тигендiк емес. Палуандар қайта шықсын! Ас берушi Әлiм жағы не iстерiн бiлмей дағдарды. Көнек Қалдыбайға бас бәйгiнi берсе, қалың Шектi Әлiмдер қоныстас, өрiстес болғасын, Шөмекейлерге iшi бұрды дейдi. Ал, балуандарды күреске


14 қайта шығарса, Шөмендер Әлiмдер өз қарына тартты дейдi. Екi дай жақтың насырын қасымай, бәйгiнi дау-шарсыз бермесе, астың берекесi қашуы ықтимал. Осы арада тығырыққа тiрелген Ережеп киын жерден жөн тауып, ортаға шығып: — Ау, ағайын, — дедi. — Бұрынғы рәсiм бойынша тiзесi тиген жақ жеңiлген боп саналады. Бiрақ оған керiсiнше Қалдыбайдың белбеуi үзiлiп кеттi. Бұлай деп дау соға берсек, мына күрес кешке дейiн бiтпейдi. Менiңше, — дедi ол қатты сөйлеп, жұрт назарын өзiне аудара түсуге тырысып, — осы жерде таңдауды палуандардын өздерiне салайық. Алманияз қапым бар десе, қайта күрестiрейiк. — Мiне, сөз! — Мақұл, сүйтейiк! Ортаға алшаң басып Алманияз шықты. Ол жұртқа жағалай қарап тұрып: — Оу, ағайын, — дедi. — Бұл арада қызыл кеңiрдек боп жататын дәнеме де жоқ. Мен де жас кезiмде атақты Төребай палуанды тiзесiн жерге тигiзiп, омақастырып жыққанмын. Сол жәйт бүгiнгi күнi алдыма келсе, менiң қартайып, өше бастағаным, палуан iнiмнiң қайраты тасып, өсе бастағаны да! Өшкен өскенге кесе-көлденең тұрмас болар. Өмiрi жан баласы тiземдi жерге тигiзiп көрмеп едi. Күш атасын танымас деген рас екен. Мен жеңiлдiм, iнiм жеңдi. Қайта күресiп, дiн-әруаққа шет болатын жағдайым жоқ. Мен бүгiннен бастап күресудi қойдым. Талабы өрлеген iнiме бәтемдi берсем дейiм. Кәнеки, иллаһи әумин! — деп, ол күректей қолын жая бердi. Мұны көргесiн: — Иллаһи, әумин! — деп, қалған жұрт та ерiксiз қолдарын жайысты. Мына жақта жыны қозып тұрған Төлеу батыр: — Өй, нәсiлсiз! — деп, қамшысымен жердi бiр тартып жiберiп, дуылдаған топтан шеттей бердi. *** Қалдыбай бәйгiге тiгiлген қызыл нарды Аспандардың жасы үлкен ақсақалы Әйбек биге, бiр атты жаңа ғана өзi батасын алған Алманияз палуанға, екiншiсiн Төртқараның сыйлы биi Үмбетке құрметпен бердi. Сол екен, жөн-жобаны бiлетiн палуанға ырза болған ел тегiсiмен, қайтадан батаға қол жайысты. *** Нияз өз атын сонадайдан таныды. Бұйратты бозға қалың нөпiрден үзiлiп шыққан жұлындай үшеу жақындаған сайын мұның дегбiрi қашып, тықыршып бiттi. Бiр орнында тұра алмай, жел иген қоғаша теңселiп кеттi.

*** Боз бұйраттан өтiсiмен ұзақ жол бойы екi езуiн ауыздық жыртып, басын кегжите жыны қозып келе жатқан Қаракөк кенет өкпесiнен тепкен етiк тақасын сездi. Сол сәт тiзгiн де босап сала бергендей болды. Дереу мойынын алға созып, қос құлағын жымып ап, астаудай кеудесiмен жолындағыны апырып-жапырып кетердей боп, өршелене ұмтылды. Бауыры жазылып, ойынды етi бұлтылдап, төрт аяғын бiр ауанмен тең тастап, жүлдызша аға жөнелдi. Пырылдай ағып келе жатып, талыстай танауына еркiн енген аптап лебiн айқын сездi. Екi көзi шырадай жанды. Арқасына қаңбақша қонып ап, шарылдап келе жатқан жас баланың салмағын сезбестен заулап келедi. Мiне, ол екiншi атты басып озды. Бiрiншi аттан озайын десе, ол жол бермейдi. Сосын Қаракөк орала шапты. Алас-қапаста көзi дым көрмедi. Аяқ астындағы бұйратты боз дала түктi кiлемше тұтасып, бауырының астына жанталаса жарысып кiрiп жатыр. Ол кенет бағанадан берi көкiрегiн бунап келе жатқан сасық тердiң мүшемүшесiнен шып-шып етiп шыға бастағанын жаны жай таба сездi. Сол екен, тынысы түзелiп, аздап салдырай бастаған күпшектей артқы екi санына әлемет күш енгендей болды. Қаракөк ендi көсiлiп шаба бастады. Сәлден соң заулаған қалпы, алдындағы атты орап өтiп, жұлындай үзiлiп шықты. Тағы да екi өкпесiне соққылаған тепкiден делебесi қозып, омырауын алға төсеп, бар пәрменiмен атқан оқша аға жөнелдi. Дем арасында көзiн тер жуып, айқайлаған кiсiлер, қапталдаса шапқан дабылшылар, жер мен аспан бiр тұтас боп бiрiгiп, әлдекайда сағымша бұлдырай жөнелдi. Қаракөк тек төрт аяғының қатқыл жерге топ-топ түсiп келе жатқанын ғана емiс-емiс сезгендей болды. Бала мәренiң жанынан: — Дөйт! Дөйт! — деп, шарылдап, қолын бұлғалап, заулап өте шықты. *** Нияз Қаракөкке қарай жүгiрдi. Елiрген атты еркелете жалынан сипап, жылы жабулап, төбе астына қарай кездiруге алып кеттi. Атты етi суығасын жем-су бермей, басын ерге қарай кегжите қатты тартып, таң асырып, белдеуге байлап тастады. Ол да бұрынғының жоралғысынан шықпай, бәйгiге тiгiлген бiр атты атақты Дайрабай сыншыға тартты. Қалған аттарды сыйлы кiсiлерге үлестiрiп бердi. ***


15 Кешкiсiн ел орынға қонғанша барша жұрттың әңгiмесi балуан бәйгi мен ат жарысы жайында болды. Әсiресе, кеше Дайрабай сыншының айтқанын естiген халық бiр-бiрiне сөз бермей, жарыса сөйлеп, бөсiп барады: — Апырмай, бұ не деген бiлгiш! — Өзiнiң көрiпкелi бар шығар? — Баяғыда бала кезiнде Дайрабайды жылқыны көп бағыпты дейдi ғой. Бiр күнi жылқы қайырып келем деп Қырға шығып, күн ыстықта шаршап, бiр түп жыңғылдың түбiне отыра кетiптi. Онда о кiсi бала емес пе, неден қорықсын, тарс ұйықтап қалыпты. Сүйтiп жатып түс көрiптi. Түсiнде ақ киiмдi, ақ сақалды бiр кiсi кеп, батасын берiп, “Жылқың Қуаңның боз бұйратында үйездеп жатыр”, — дептi. Бала шошып оянса, жанында iжкiм де жоқ. Сосын атына мiне сап, Қуаңға жетсе, шынында да, қалың жылқы сонда жусап жатыр екен дейдi. Содан бастап Дайрекене сыншылық өнер қонған көрiнедi. Ал, ана түсiнде бата берген кiсi атақты Толыбай сыншы екен, — деп, аласа бойлы бұжыр кiсi тасырта әңгiмелеп шықты. Оны естiген елдiң әруағы қозып, қобырласа түстi: — Апырмай, ә?! — Айтары жоқ. Бұрынғының кiсiлерiн тегiн деме. — Олардың назары босқа кетпейдi ғой. Мына Дайрекең жас балаға назарын туралап салмайтын көрiнедi. — Е, неге? — дедi Тиышбек көзiн бақырайта кеңiнен ашып алып. Оның әбден ұйқысы кеп, қалғыпмүлгiп, берекесi қашып отырған едi. — Ол тура назарын салып, қадала қараса болды, қандай бала да табан астында қата қалатын көрiнедi. — Астапыралла, не дейдi?! — Мұның рас болуы әбдән мүмкiн. Ел бекер айтпайды ғой. — Өй, қойшы! — деп, Тиышбек әңгiмешi кiсiнi қыжырта, қолын сiлтедi. — Мылжыңның көп сандалғанының бiрi келедi деген. Болмаса ат тану деген не? Астымдағы жабының жамандығын өзiм де бiлем. Маған Қаракөктей сәйгүлiктi берiп көршi, қалай баптар екем? — Өй, қатырарсың! — Е, қатырмай, — деп, Тиышбек шақ ете түстi.— Әй, мынау ит кiмдi кекетедi, әй? Өй, көргенсiз! Мен сенi... кәзiр... — деп, ол бұрқылдап, орнынан тұра сап, бас отауға қарай тайды. Абыр-сабыр басылғасын, ел қалың ұйқыға кiрiстi. Жер-ошақтардағы оттар сөндi. Сүйек-саяққа таласқан иттер ауызға iлiккенiне ырза боп, қой жанына қарай кеттi. Малай, жалшылар жаман үйлерiнде тынығып жатыр. Шығыс жақтан толық ай табақтай боп кызарып, көк төрiне қарай марғаулана көтерiлiп келедi. Сол түнi жүлдыздар шағырмақ боп туды.

5 — Әй, Ережеп, алсаң, өзiңе тием. Алмасаң, мына саркөсiк қайнағама қатын үстi бармайым. Ондай айқайыңнан ойбайым тиыш. Зорлық некеге iж ырзашылығым жоқ, — дедi еркек пiшiндес қараторы Балқия қолын сiлтей сөйлеп. Жұрт самсоз. Алты қанат ақ үйге дүмелiп кiрiп, сығылыса жайғасқан ақсақалдар да үнсiз. Бәрi шеттерiнен сақалдарын уыстай ұстап, арты дүдәмал iске ыссылай кiрiсуден қайбартып қалғандай. Тоғанақ батырға iлiк-шатыстығы бар, қыз күнiнде-ақ аузы батыр деген аты шыққан тiк мiнез Балқияға жөн айтуға сескенiп, жасы үлкендер сақтық ойлап отыр. Ережеп iштей жиырылды. Ақ сары жүзi қара күреңiтiп, ернi дiрiлдеп кеттi. Бiр сәт аузына су толтырып алған кiсiше екi ұрты томпайып, басы салбырап отырған шәпеш Мiрәлi ағасына жыны келдi. Оның аузы әйдiк жеңгесiне жөндеп жауап қайтара алмағанына ызасы келдi. — Онда... Ережеп, сен не дейсiң? — дедi Әбдiржан молла қолында ұстап тұрған кесеге құйылған неке суына көз қиығын бiр рет тастап қойып. — Мен бе? — Ережеп ақырын қозғалақтады. — Мен не дейiн? Бұл арада бұрынғы әдет-ғұрып бойынша, кiмнiң жолы үлкен — әмеңгердi сол алады. Алдымда ағам тұрғанда, жеңгемдi менiң алғаным... өзi... шариғатқа кияс емес пе? Шалдар жағы уһ деп демiн алып, қозғалақтасып қалды. Iзiнше олардың тiлдерiнiң тиегi ағытыла бастады: — Қарағым, келiн, кiшi қайның жөн айтып отыр. — Жол Мiрәлiнiкi. — Құдайдың жазғаны да. — Ау, ел-жұртым, — дедi тағы да Балқия ақсақалдарға бiр-бiр көз тастап қойып. — Өздерiңiз қалауды маған салып отсыздар. Менiң тiлегiм жаңағы. Болмаса, ерiмнiң қара шаңырағын құлатпай, жеке өз алдыма отау боп отыра берем. Шалдар тағы да не дерлерiн бiлмей, көздерiмен жер шұқыласты. Ережеп мұның артының жақсылыққа соқпасын сездi. Дырдай екi қайнысы тұрып, ағасын ноқтаға толық емес деген жеңгесiнiң бас бұйдасы өзiне тигесiн ертең мұның әбiрейiн айрандай төгер қылуа жасап жүрмесiне кiм кепiл? Бұл сонда өзiмен дүрдiараз боп жүрген дұшпандарына мазақ болмай ма? Ережеп ойлана отырып:


16 — Ағайын, — дедi салмақпен, — рәсiм бойынша, некесi қиылатын кiсiлерден ырзашылығын сұрайтынымыз рас. Дегенмен де... менiң жеңгем... соншалықты шалқаятындай... бiзге оның мiндет етер несi бар? Балқия қап-қара боп кеттi. Ол кыз күнiнде Балқының бiр жiгiтiне кеуiлi кетiп, жуас Өтәлiге тимей, бұлданып, оң босағада ұзақ отырып қалған едi. Артында бес Бозғұл корғаны боп тұрған дүмдi жердiң байына әкесi Келман батып ештеңе iстей алмады. Бiрақ оның iштей қатты қорланып жүргенiн Ережеп сол кезде-ақ аңдаған. Әшейiнде осы Қазалы атырабында бетiне қарсы келер жан табылса, сойылы мен сөзi дайын тұратын Келманның соншама шалқақтаған құдасының қылығына орай дәнеме iстей алмағаны бұған да қатты батты. Содан бастап әкесiнiң жұрт көзiнде абырайы түсе бастады. Ел арасының сыпсың сөзiн баққан кiсiлер: “Құдасы Келманды менсiнбейдi екен. Ана Өтәлiге қызын бермей жүргенi де содан көрiнедi. Болмаса жермадан асырып, бұғағынан үзiлгенше қызын кiм оң босағада ұстап отырады? Әбiрейi өзiнде тұрғанда құтты жерiне қондырып құтылмай ма?»— десiп, гугу етiстi. Бұл қаңқу сөз Келманның құлағына шалынбай да қалған жоқ. Ақыры алды-артын әрiден өлшеп-пiшiп отыратын әкесi бiр қайымын тапты. Балқия қыздың Балқының бiр жiгiтiмен әңгiмелi боп жүргенiн есiтiп, ел жайлауға көшкенде, Қырдың салқын сабатты жерiне жапсарлас қонған құдасына арнайы сәлем айтып, кiсi жiбердi. Ол: “Құдама айта бар, мен ата жолы мен “Құран” ұстап берген сертiмнен таймайым. Баласына берген қалың малымды мiндет те қылмайым. Мен онымен құда болғанда, балам жақсы, өнегелi жерден қыз алсын деп едiм. Ендi өнегелi жер дегенiм жын-шайтанның ордасы боп шықса, баламның бағын байлап, қиянат жасар жайым жоқ. Құдам баласын көздеген жерiне бере берсiн”, — деген. Осы сөздi ести сала қыз әкесi тас-талқан боп бүлiндi. Қатын, бала-шағасын бөрiктiре сабап, қырып жiбере жаздады. Балқиямен сөздi болған Балқының жiгiтiн сойылға жығып, айыппұл төлеттi. Со жылдың күзiнде ол Балқияны Өтәлiге зорлап ұзатты. Қайнысының соны меңзеп, отырғанын ұққан кеуiлi зерек Балқия жанды жерiне бiз сұғып алғандай дiр ете түстi. Ережеп жеңгесiнiң түсi өзгерiп сала бергенiн аңлап, сөзiн ендi асықпай сабақтады: — Шариғат бойынша: “Жесiр ерден кетсе де, елден кетпейдi”, деген. Ол аға өлсе, iнiге мұра. Осы жердегi жол — Мiрәлiнiкi. Мен жас басыммен ата жолынан аттап, әруаққа шет бола алмайым. — Өй, бәрекелде! — Мiне сөз! — Сөз тапқанға қолқа жоқ деген. Жесiр Мiрәлiнiкi. — Ал, құдайдың құлы, Мұхаммедтiң үммәтi, Мiрәлi, сен не дейсiң? — дедi Әбдiржан молла Мiрәлiге қарап. Қара сұр, қошқар тұмсық Мiрәлi бiр атадан туса да, Ережепке ұқсамайтын. Өзiнiң мiнезi ауыр, бiр тоға. Сөзге жоқ. Осы жолы да ол айтар сөзiн түйеден түскендей етiп: — Жесiр менiкi. Алам, — деп, қойып кеп қалды. — Некеге ырзасың ба? — Ырзамын. Соны естiген мiнезi шалпылау Балқия өз басының қаншалықты төмендегенiн көрiп, ызалана жылап жiбердi. Ол шаралы көзi жасқа толып: — Ел-жұртым-ау, менi мына Тиышбек шапқан келiдей ойқы-шойқы жаратылған милықбасыңа көзiң қиып қалай қосасың? — дедi. Жұрт екi ұшты хал кешiп, iркiлiп қалды. Дөңбектей боп отырған Мамырай ғана сол арада ақырын мырс еттi. Қалғандары не дерлерiн бiлмей, бiр жағынан күлкi қыштап, тығылып отыр. Сол арада бағанадан берi тұнжырап отырған Мiрәлi демде ақиып шыға кеп, басындағы құндыз бөркiн жерге атып ұрды. Талай төбелесте сойыл тиген басы, шынында да, ойқы-шойқы екен. — Әй, қатын! — дедi ол әкiреңдеп. — Сен ырзашылығыңды сұрағанға бүйтiп талтаңдай берме! Көнсең де, көнбесең де, маған тиесiң. Сенiң мынадай жыныңды қағып алар бiр келсап... бiзден де табылады. О несi-ай түге, соншама керiлiп! Ережеп бұдан әрi сөйлесе, Мiрәлiнiң бүлдiретiнiн бiлiп, оны сол арада тез тыйып тастап: — Сөз бiттi. Жесiр ағамдiкi, — дедi. Сосын Әбдiржан молдаға бұрылды: — Кәне, некесiн қиыңыз. Әбдiржан молда арабшалап дұға оқыды. Алдындағы бұхары кесеге құйылған суға Балқияның жүзiгiн салып, үш рет дем салды. Дұғаны оқып болғасын, тас кекiл қоразша қодырая қалған Мiрәлiге бұрылды: — Уа, құдайдың құлы, Мұхаммедтiң үмбетi, Келман-ұғылы Мiрәлi мырза, осы некеге ырза болсаң, мына кесенi ап, судан iш! — Ырзамын, әлбеттә, ырзамын. — Мiрәлi добалдай қолымен бұхары кесеге жармасты. — Иә, бiссiмiллә! — деп, судан iштi. — Ендi Өтәлiнiң жесiрi, Мiрәлiнiң әмеңгерi Балқия, сен де iш! Балқияның жүзi сұп-сұр екен. Оның еркек пiшiнiне әлдеқандай абыржы толқын ойнап шыға келiптi. Ол басын сәл иiп, төменшiктеп, Мiрәлiнiң қолындағы бұхары кесеге қолын соза бердi. Ендi ала берем дегенде Мiрәлi қолын босата қойып, кесе жерге түсiп кеттi. Неке су қалың түгi қарыс келер парсы кiлемiнiң үстiне жайыла төгiлдi. Жұрт: — Өй! — дестi. — Қап! — Әттеген-ай! — Балам-ау, байқамадың ба? Мұны көрiп, Ережептiң жүзi сұрланып сала бердi. Аздап ырымға сенетiн ол iштей тiксiнiп қалды. Бiр сәт: “Бағана өзiмнiң ала салуым керек екен”, — деп өкiндi. Сүйткенде қалың Балқының тiзгiнi қолына тимесе де, жеме-жемге келген сәтте қаптаған көп жұрт арқасын тiрер бiр тауы боп қала беретiн


17 едi. Ендi мына жаман ырым оның тұла бойын әлденеге мұздатып жiбердi. Дөкiрлеу ағасына көз қиығын тастап қойып, iшiнен: “Мына сорлы айбықа қатынға бай болып та жарытпас”, — деп түйдi. Балқия ендi қашаңғы қисықтығына басып, қанын iшiне тартып ала қойған екен. Мұны әркiм неше саққа жүгiрттi. Кейбiреулер жағаларын ұстасты. Ережеп неке қиярдан соң, шәй-тамағын бере отырып, асқа жиналған кәдiрлi қонақтарының алдында өзгеше бiр сөз тастады: — Оу, ағайын, — дедi ол тамағын кенеп қойып. — Атам қазақ өлгеннiң артынан өлмек жоқ деп дұрыс айтқан. Мына өлшеулi тiршiлiкте бәрiмiз де өткiншiмiз. Келiп, кету — Алланың бұйрығы. Өлiге иман, тiрiге әбiрей берсiн деймiз де. — Әп-бәрекелде! — Қарағым, жөн айтып отырсың. — Ендi... — дедi Ережеп даусын созып. — Ендi жалпы ел болып, қалған тiршiлiктi де ойлайтын уақыт жеттi. Қазақ шiркiн қашаңғы осылайша бас еркi өзiнде боп, кең далада емiн-еркiн көшiп-қонып жүре бередi дейсiң? Оған да тықыр таянатын күн жақын қой деп пәмлеймiн. — Апырмай, ә? — Қарағым, ақыл жастан, асыл тастан деген. Естiгенiң болса, айта отыр, — деп, бiр шал құнжындап қойды. — Айтқанда былай, — деп Ережеп әдейi тоқтап, Елмырза мен Жәнiбекке бiр рет көз тастап қойды. — Өздерiң де байқап жүрген шығарсыңдар, кәзiр жапан даланы ен жайлап жатқан бұрынғы жайымыз жоқ. Өрде Хиуа, ойда ақ патша екi өкпеден исi қазақ қауымын қысып келедi. Сол кысым күшейе келе, жанымыз мұрнымыздың ұшына жетпесе нағылсын? Ау, бiз де дұшпандарды тапқан анадай бiр-бiр қатыннан туған жоқпыз ба? Бiздi де ұл таптым деп, бiр қатын қалжа жеген жоқ па? Сонда осылайша ыри-тыри боп, маңдайымызға жазылғаны болар деп, қол қусырып отыра беремiз бе? Одан да, ел боп, бiр әрекет етсек, жығылған жығамызды бiр көтерсек дейiм. — Қарағым, жөн айтып отсың. — Иә, сосын? — Күн санап Хиуаның азары да өтiп барады. Оның алым-салығы да көбейiп кеттi. Мына Мiрәлi ағам сардар болғалы...— Ережеп тiлiн тiстей койды. Жаңа ғана Балқия менсiнбей кемсiткен Мiрәлiнiң сардар деген лауазымға қолының жетуi ел түсiнбес бiр жағдай едi. Осы Мiрәлi ана жолы Дадабекке жақын боп, оның айтқанын қайт қылмады. Зекетшiлердi өзi бастап кеп, көнбегендердiң басына қамшы үйiрдi. Әумесер кiсiнiң осылайша басынғаны ел арасында ренiш тудырды. Сол кездерi Ережеп дүңкi ағасын жал-құйрығынан жәйiмен сипай отырып: “Сен ана сартқа көп сене бермесейшi. Қанша сардар болсаң да, ол бола алмайсың. Кейiнгi көрер күнiң мына осы елмен бiрге. Олармен ищаласа берсең, ертеңгi күнi бар әбiрейiңнен айрыласың ғой”, — деп, кеңес берген едi. Бiрақ екi естi Мiрәлi мұның сөзiн құлағына да қыстырған жоқ. Тек былтыр төбелес үстiнде Өтәлi мерт болғасын барып, ол қолайсыз қылуасынан аздап тыйылғандай болған. Сонда да ел арасында мысқыл әңгiме қаудай қоздады. “Сардар болу үшiн алдымен сарт бол”, “Ана Мiрәлi сарттай болып ал”, — деп, кiм көрiнген әлге дейiн оны кылжақ етiп жүр. Ережеп есiн тез жиып, сөзiн әрi қарай сабақтады: — Мiрәлi мына ағайынның iшiнде жүрiп, бiраз сыр түйiптi. Хиуа ханы Мұхаммәд-Инақтың бiзге емешегiнiң езiлiп бара жатқаны шамалы. Оның бар ойлайтыны — қазынаны алтын-күмiске сымбалау. Ал, сонда бiздiң халiмiздi кiм ойлайды? — Ау, ел қамын жейтiн төрелер бар емес пе? — дедi бағанадан берi басын төмен салып жiберiп отырған Жәнiбек кенет еңсесiн тiктеп. — Төре — халықпен төре. Оның бiр өзi не iстей алатын едi? — дедi Елмырза төре арқасына желбегей жамылған шапанын жөндеп қойып. — Серке бастаса, оған ермейтiн қой бар ма? — Көсем табылса, оның етегiнен ұстамас ел жоқ. — Ол рас, — дедi Ережеп алдындағы қымыздан бiр ұрттап қойып. — Естуiмше, мына Арқа жағында Абылай ханның ұрпақтары ақ патшамен соғысып жатқан көрiнедi. — Өй, қасқыр-ай! — Әруағыңнан айналайын хан ием-ай! — деп, дiндәр кiсiлер әруағы қозып, қобырласа бастап едi, Ережеп тыжырына қап, сәл қозғалақтап койып, қабағын шытты: — Бiрақ осының өзi қалай болар екен? Жаңғыз кiсi көпке топырақ шаша ала ма? — Осы бiз неге азбыз, а? — Исi Арқаны Орта жүз жайламай ма? — Ол өзi... Бұрындары көптi көрген шалдар: “Пәленiң мыңы Қырда, бiрi Сырда”, — деп отырушы едi. Олар деген iжкiмге көнбейтiн тентектеу ел едi. Соның соңы... өзi... байқамасақ, — деп, бiр шал сол арада күңк ете қалды. — Ол айтып отырғаның ып-рас, — деп, оны және бiр кiсi қолдай кеттi. — Бұрынғылар: “Орта жүздi қолына қалам бер де, дауға ғой”, — деп бекәр айтпаған ғой. Мұның аяғы дау-шарға айналып... басымыз пәлеге қалып жүрмесiн, — деп, үшiншi бiр кiсi өмiрi Орта жүздiң дауының ортасында жүргендей қолын түңiле сiлтедi. — Өй, сендер де бiр... — деп, сол арада төртiншi бiр кiсi сөзге кiрiстi. — Ау, жалпақ жатқан Қоңырат, Арғын, Қыпшақ, Найман тегiс қолдаса, қандай жау қазақтың үстiне басып кiредi? — Гәп сол тегiс қолдамауда болып отыр ғой, — дедi Ережеп азырақ күрсiнiп қойып. Ол қатты кынжылған тұр көрсетем деп, қолдан күрсiнгенiмен iш жағында басты ниетiн шабақтап жатқан әлдеқандай әзәзiл күлкiнiң табын жүзiнен өшiре алмай, бiр сәт аңырып қалды. — Ау, неге? — дедi Мамырай басын көтерiп.


18 — Ояғын... бiр бiлсе, мына Елмырза төре бiлiп қалар. Жұрт Елмырзаға аңтарыла қарады. Төре Ережептiң сөзiнен сабақтап сыр тартқысы кеп, жалт ете түскенiн аңғарып, қозғалақтап қойды. — Ережептiң айтып отырғаны рас, — дедi ол уақыт ұтып, ойланып алу үшiн тiлiне оралған алғашқы сөздi бөгемей. — Сонда қалай? — Оның iж қалайы жоқ. Әз Тәукеден соң исi Орта жүздi бiрнеше хан сұраған жоқ па? Сәмеке, Барақ, Әбiлмәмбет, Абылайлар әр руды бөлiп ап, жеке-жеке биледi емес пе? — Өй, соның өзi емес пе халықты үш жүзге бөлiп жүрген? Сүйтiп бiздi бөлiп-бөлiп ап билегiсi келдi емес пе? — Өй, сен де бiр, — дедi Ережеп тыжырынып. — Кiмнiң астында тақ, басында бақ болса... мәнтәйшәнтәйға қарай ма? Онан да... — Ол жөткiрiндi. Сосын демiн ауыр алып, үзiлiп қалған әңгiмесiн әрi қарай сабақтады. — Мiне, сол кездегi араздық, алты бақан ала ауыздық кәзiрде де барша халыққа арылмас сор боп жабысып отыр. Ел басын бiрiктiрсем деген Ақмола жақтағы Қайып ханды мына Арқаның қазақтары қолдамай койды. Кәзiр олар ауа көшiп жүр, — деп, Елмырза арлап барып тоқтады. Сосын ол осы сөз басталғалы елп етiп араласпай, төрде басы салбырап, қалғып-мүлгiп отырған Нұрғазыға көз киығын абайлап салып қойды. — Сонда... ел басын бiрiктiру үшiн не iстеген жөн өзi? — Оны... қайдам, — деп, Елмырза мiңгiр ете түстi. — Орта жүз — қисапсыз көп ел, өскен-өнген жұрт. Өздерi шеттерiнен даукес, қара сөзге де ағып тұр. Сонда... оларға ақыл айту, өзi, қалай болар екен? — Ендеше Қайып ханды бiз неге қолдамаймыз? — Шынында да, бiз де қара құрым ел емеспiз бе? Батыр дейтiндер бiзден де табылады. Қарасақал Дабыл, Шағырай, Қаратамыр Қыстаубай, Сауқым батырлар найзаларымен қоян түйреп жүргенше, хан иеме қосылып, неге жаудың өтiн жарып алмайды? — Паһ-паһ! Ережеп сол арада көптен көкейiнде жүрген негiзгi бiр ниетiне үй iшiнде қауқылдасып отырған, ел iшiнде беделi мен ажары бар кiсiлердiң бiртiндеп жақындап келгенiн аңғарды. Ол ендi темiрдi қызған кезiнде соғып қалмақ боп, жұрт назарын өзiне аудара түсейiн деп, тамағын қаттырақ кенеп ап, даусын көтере сөйледi: — Уа, ағайын, өте дұрыс айтып отсыңдар. Түбiн iзерттесек, осы арада шашау шығар iжкiм де жоқ. Бәрiмiз де Әлiм, Шөменнiң жүрнақтарымыз. Ағайын арасындағы майда-шүйдә араздық деген мынадай жерде кедергi болмауға тиiс. Бiз, қалай десе де, қиын-қыстау кезеңде бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара аламыз. Бiрақ соны Арқар ұранды төрелер бiле бермейдi. Тiпте жаңа өздерiң мақтап отырған Арқадағы Қайып хан Сыр өңiрiнде қаймағы бұзылмай, тұнып жатқан ел бар екен деп ойламайды да. Әгәр хан бiзге омырау аша қойса, бiз де елдiгiмiздi көрсетiп, оған жаннан, малдан көмек берер едiк қой. — Жаныңды бiлмейiм, малың қалай болар екен өзi? — деп, бiр семiз қара шал мұрнының астынан мiңгiрлеп, қасындағы жардай сары кiсiнiң оң тiзесiн қолымен басып-басып қойды. — Ау, орыс пен Хиуаға жерiңдi бермеу үшiн мал мен жанды аяп, тартыншақтай берудiң не ретi бар? — дедi Ережеп таңданып. — Ол өзi... қалай болар екен? Аянбаудың өз орны бар емес пе? Үйтiп қинай берсең... жан дейтiн шiркiн неге көнбейдi? Малың болса, жанның бiр амалы табылады ғой. Ал, малың болмаса, құр жанның керегi қанша? Оны базарға апарып, пұлдап сата алмайсың да, — деп, жардай сары кiсi iрi сойдақ тiстерiн ақсита күлiп қойды. — Бала, осы бiздiң малымызды Хиуаның алуы кем болып па едi? Дадабек берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан деп тұрған жоқ па? Ендi содан қашып-пысып жасырып қалған азын-аулақ тұяқты өзiмiзге көп көремiз бе? Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүрiп өсiрген малымызды ендi бiзге қалғаны кiм көрiнгенге байлап беру ме? Хан керек қылса, бiзге арнайы кiсi жiбермей ме? Бала құсап, оған мынаяқта жатып әлден елпiлдегенiмiз... өзi... қалай? — деп, Әбдiраман кiсiлiк көрсетiп, маңғазданып, бартиған саусағымен шалбарынан тырсия шығып жатқан тоқ қарынын сипады. Сосын мырс етiп: — Ханның бiзге хабар салмағанына қарағанда, оның бiр өзi-ақ қаптаған жауға әлек салып жатыр-ау, шамасы. Ондай кiсiлер жандайшап болғанды онша ұната қоймайды ғой, — деп, қыңырайып, бiр жағына қисайып отырды. — Менiң пәмлеуiмше, Қайып ханның қарық қып жатқаны шамалы... — Е, онда қарық қылатын басқа бiр кiсiнi табу керек. Өз жұртын оңдырмаған кiсi бiзге кеп не береке таптырады? Асылы, сол төре дегендi ат шаптырып алыстан iздеудiң не керегi бар? Жыл сайын iшiп-жемiн елдiң мойнынан жонып алып отырған төре деген бiзде де бар емес пе? Көсемдiктiң қамытын солар киiп... азабын бiз киiп... — деп, Әбдiраман сөзiнiң соңын жұтып, ендi мүлдем iргеге қарай қисая кеттi. Елмырза Әбдiраманның өзiне қарай тiреп айтқан сөзiнiң астарында мысқыл жатқанын аңдап, екi бетiнiң ұшы қышыма шыққандай дуылдап, сәл-пәл қозғалақтап қойды. Сонда да қашанғы дағдысына бағып, мына қалың топырдың көзiнше сыр бермей, өз ашуын тез тiзгiндеп, маңқиған қалпын бұзбастан, көзiн сәл қыса түсiп отыра бердi. Дегенмен де Әбдiраманның бұл сөзiнiң жаны бар едi. Сыр бойына Батыр тұқымдары егелiк еткелi бермен, қалың ел сұлтандардың алым-салығынан көз ашпай қойған болатын. Ақ патшаның әскерi ана бiр жылы орам алып, Кiшi Жүздегi хан билiгiн жойғасын, төрелердi асыраудан елдiң мойны босаған. Жұрт сонда уһ деп демiн бiр алған-ды. Бiрақ онысы ұзаққа созылмады. Батыр әулетi Хиуаға хан болғасын, Сыр өлкесiне талас қайта қозды. Әсiресе, Аллақұл ханның тұсында Сырдың төменгi жағы мен Арал теңiзiнiң төңiрегi Хиуаға қайта қарады. Соны дер кезiнде пайдаланып, екi оттың қай жағына


19 қарай шығарын бiлмей жүрген Елмырза төре Хиуа ханына белсене қызмет еткен едi. Көп ұзамай ол бұрынғы абырой-атағын қайтарып алған. Ендi мына Әбдiраман пысықтың соны тұспалдап отырғанын сезiп, ол қанын iшiне тартып, сұрлана түстi. Ережеп iштей жиырылды. Сонда да көлденең көзге сыр бермей, артық тiс жармады. Шәйдан кейiн ол кәдiрлi қонақтарын шығарып сап, абажадай ақ үйде жападан жаңғыз өзi ұзақ отырып қалды. Сырттан қара үйлердi жығып, буып-түйiп, ертеңгi көшi-қонға әзiрленiп жатқан қатын-қалаш, жалшымалайлардың шаң-шұң еткен дауыстары анық естiледi. Бiр шетте Мiрәлiнiң малайларды әке-бабасынан бермен қарай сыбап боқтағаны құлаққа шалынып қалады. Ережеп сол дабыр-дұбырға сәл құлақ тұрiп отырып, кенет еңсесiн тiктеп, ойлы көзiн ақ орданың iшiндегi әсем желбауларға қадап, неге екенi белгiсiз, жаңағы кеңестi есiне алды. Кiсiлердiң неше түрлi сөзi санасында қайта жаңғырып, олардың бет-әлпеттерi көз алдына кеп, ерiксiз мырс еттi. Қазақ, шiркiн, қашанда сол. Бәтуалы сөзге құлақ тұрiп, бастары бiрiгiп жинала қалса болды, сәл нәстеден шошып, ортасында бiр топалаң тиетiн пәле жатқандай, тым-тырақай бет-бетiне безiп бередi. Жаңа да қашанғы берекесiздiгiне басып, әркiм бас бұйдасын бет-бетiне үзiп, бастарын жан-жаққа ала-ала қашты. Ережеп ақсақалдардың сүйтiп тағы мiнез көрсететiндiктерiне iштей еш шәк келтiрмеген-дi. Түпкi ниетi — ертеңгi бiр қажетi үшiн әлден мына кiсiлердiң ау-жайын байқап, тамырларын басып көру едi. Хиуа Сыр өңiрiн өзiне қаратқалы бермен, әкесi Келман ханға сардар боп, Әлiм Төртқаралардың сөзiн ұстап, атқа мiндi. Тiрiсiнде бетiне жан келтiрмей, айдарынан жел есiп, абыройы асып-тасып, шалқумен өттi. Ол қайтқан соң, үлкен ұлы Өтәлi оның орнын басты. Ендi бар жайды iштей сарапқа сала отырып, Ережеп тентек Мiрәлiнiң мың жерден сардар атанып, ханнан шен-шекпен алса да, жалпақ жұртқа қожа бола алмайтынын сездi. Оны бүгiн неке үстiнде адуын жеңгесi Балқия байқатып та тастады. Әкесi Келман өз кезiнде Өтәлiге Балқияны зорлап әперiп, құдандалы боп, ел арасында абырайы үстем Сарығасқа Тоғанақ батырдың бетiн берi қаратқан-ды. Сосын қалың Төртқара Тоғанаққа арқа сүйеген Келманның айтқанына көнiп, айдауына жүрдi. Бағана Ережеп Балқияны өзi алса, сол таяныштың нығая түсетiнiн жақсы бiлген. Бiрақ мұның бiр дедiгi — Малдыбайдың қызы Ақкербез едi. Со қызды бiр ретiн тауып тоқалдыққа алса, Көнек сықылды бiр рудың тiзгiнiн қолына ұстап, өзiмен бақталас Жәнiбектi бiр шетте қалдыратын едi. Сосын ол мұның айтқанына көнбей көрсiн. Және де ол Малдыбайдың аулына барып-келiп жүргендерден Ақкербездiң аса сұлу, тәрбиелi екенiн естiген. Бұл әуелгiде не бiр жағымпаздардың алдында құрдай жорғалап, маймөңкелеп мақтағанына қарап, тасырта айтылған сөздi немәурайлы тыңдаған. Келе-келе соған өзi иланатын болды. Iшiне дем арасында қып-қызыл шоқтың қалай түсiп кеткенiн байқамай да қалды. Жаратылысында тәкаппар тұқымнан тараған бұл ұрғашы атаулыға онша елпеңдеп жатпайтын. Қайта оларды өзiне жалпаңдатар күштiң өз колында барлығын сезiп, iргесiн желге алдырмай, қай уақта да мығым отыратын. Ендi мына қыздың тұсында ол бар сабыр-тақатынан айрылды. Сыртынан бiр-екi рет көргеннен кейiн талдырмаш қыздың нұрлы жүзi ойынан мәлдем шықпай қойды. Кей кезде басқа шаруа үстiнде отырып, ойы бөлiнiп кете бередi. Соған қарап, өзiне өзi: “Маған осы не болған? Шынымен сол шөпжелкенi ұнатып қалғаным ба, а?”— деп, онысынан өзi қатты қысылып, ыңғайсызданып бiтедi. Сондайда қасында жүрген ат қосшыларына сыр алдырғысы келмей, қайдағы бiр болмайтын шаруаны көңiрсiтiп кетедi. Ережеп ақырын күрсiндi. Iштей өзiнiң екi оттың ортасында қалып қойғанын пайымдады. Егер Балқияны өзi ала қалса, бұрынғы құдалық жолы әлсiремей, Бес Бозғұлдың баласынан тараған кейбiр руға мұның әмiрi жүрiп тұрар едi. Бiрақ ондай кезде мыңғырған малына арқа сүйеген Малдыбай алты ұлдың ортасындағы жаңғыз қызын бұған үшiншi әйелдiкке өлдi бермейдi. Оның үстiне... жақында Жәнiбектiң Ақкербезге құда түсiп, қыздың басын байлап, мұның алдын орап кеткенiн естiдi. Осы арадағы жайбасарлығына қатты өкiнiп: “Қап!»— деп, санын соқты. Бұл өзiнше Жәнiбектi бұлайша тез қимылдай қояр деп ойламаған-ды. Және де Дөсектiң iрi байы Тайпан өз жесiрiнен бұлайша бас тарта қоймас деп, аңыс аңдап жүрген. Оны сөзге көндiретiн бiр кiсi болса, тек қана өзi едi. Ендi Жәнiбектiң тентектеу байды қыбын тауып, алғалы отырған жесiрiнен бас тартқызғанын естiп, дегбiрi қашып, қанын iшiне тартты. Демек ол жайына тектен текке қарап жатпаған болды. Мұның тек iштей соңырағы күнi табан тiрер жерi осы-ау деп шамалағаны — Жәнiбектiң Дөсек Тайпанға жесiрiне шығындаған қалың малын әлi түгелдей қайтарып бере қоймағаны. Ендi соны ушықтырып, бiр амалын тауып, қалайда Ақкербездi қолға түсiру керек. Және бiр қиыны — соңғы жылдары Хиуа бектерiнен де қасиет, ынсап қаша бастады. Қит етсе болды, олар елдi талайды, әрлi-берлi өтiп жатқан керуендердi тонайды. Олар момын елдi қызыл тiлмен алдап-арбап, жал-құйрығынан жәйлап сипап ұстап отыру орнына, оның шабына ши жүгiртiп, қамшылап, бiр жола ауыздықтап, ерттеп мiнiп алсам дейдi. Бетiне қарсы келгендi қорқытсам дейдi. Сiрә да қорқып сыйлаған да сыйластық болып па? Бұл соны ойлап, ойдан келе жатқан орыс жағына да құлағын сақ ұстап, ағасымен ауыз жаласып кеткен Дадабекке де iшiн бермей, онымен онша жанаспай жүр. Бектi өз паңайынан онша қашыққа ұзатып та жiбермей, ата жолы солай деп, сардарлықты Мiрәлiге берiп, Хиуаның алдында соны бетке ұстап, Дадабектi әрi-сәрi етiп қойды. Дегенмен күндердiң күнiнде өзi өз боп, билiкке ашық араласуы керек екенiн сезедi. Жаңа бiр әзiрде би мен бектiң, осы елдiң ақсақал, қарасақалдарының тамырын басып байқағаны да сондықтан болатын. Ол әрi ойлап, берi ойлап, кенет серпiлiп, бiр iске белiн нық буып алды.

6 — Өй, әкеңнiң аузын... — Тиышбек астындағы жаман атын қара тер қып, үйiнiң жанына қеп тiзгiн тартты. Жаман қараүйдiң iшiнен қарсы шыға келген түрiк ерiндi, қатпа әйелi Ақрәшқа түсiн бермей, атынан жерге дүрс етiп түсе қалды. Мұны көрiп, жағымпаздана еркелеп, сарғыш құйрығын бұлаңдатып жақындай берген сары көпектi қамшысымен қақ бастан шықпырта бiр-ақ тартты. Сосын үйге кiре бер


20 жалт бұрылып, қатынына жақтырмай қарады. — Мына жаман айтқа, тойға баратындай-ақ шыртиып киiнiп алыпты ғой, — деп, күңкiлдедi де, басын әрi қарай бұра бере, екi көзi атыздай болды. Биыл он алтыдан асқан үлкен қызы Ұлбосын малына қиiнiп отыр. Үстiнде салпыншағы көп ақ жiбек көйлек. Мойнына салған күмiс алқасы ала қөлеңкеде ағараңдап көрiнедi. Әсiресе, иығынан асыра алдына сап, асықпай өрiп отырған қап-қатты қара шашы оның қыз салтанатын құра бастағанынан хабар бергендей екен. Соны көрiп, Тиышбектiң жыны қозып кеттi. Үйден жын ұрғандай керi жүгiрiп шығып, қазан-ошақ маңында әлденемен айналысып жатқан Ақрәшқа жетiп барып, оны түтiп жердей боп, тарпа бас салды: — Өй, жетесiз! Өй, көк ми! Мынадай алмағайып заманда өрiмталдай солқылдаған жас баланы жасандырып киiндiре ме екен? — Е, киiндiрсе несi бар екен? Немене оны бiреу тартып ала ма? — дедi аузы жылдам Ақрәш қолындағы көсеумен сөне бастаған қозды аударып жатып. Оның арық қолы әлден-ақ дiрiлдей бастады. — Алады, ойбай, алады, — дедi Тиышбек етiгiмен күбiнi бiр теуiп. — Дадабек қазақтан қыз алып атқанда... Бұ несi-ай түге?! Кәне, тез құрт! Ақрәш Тиышбектiң құсы бiр түссе, өз айтқанын iстетпей тынбайтынын жақсы бiлетiн. Сонда да жер түбiнен бiрге жасасып келе жатқан көк айыл қатын кәзiр байының айтқанын екi етпесе, кәдiрiнен жаңылып қалатындай көрiп, тұла бойы құрысып, түрiк ернi дiр-дiр етiп, қырсыға түстi: — Ау, шал-ау... сен осы кiмдi құрт деп отсың? Дадабек қазақтан қыз алса, ала берсiн. О сарттың бiздiң төбемiзде тайраңдағаны осы кәзiр ме? Солай екен деп, бойжеткен бала өз әкесiнiң үйiнде оң жақта отырып, бойына iждеме де жапсыра алмай ма? — Ойбай, құрт тездеп! — Тиышбек шыдамы таусылып баж ете қалды. — Сонда кiмдi? Ана қызыңды ма? — дедi ендi Ақрәш сайқылана күлiп. Оның жұқа өңiнен ыза мен күлкiнiң араласа тепкен iзi бiр түрлi боп көрiндi. — Қызы нес, ойбай! — дедi Тиышбек бажылдап. — Ана киiмiн құрт дейiм! — Қой, шал, үйтiп сақал-шашың ағарғанда баланың қылуасын жасама! Бiр қара берiп, жалыныпжалпайып, шаққа дегенде тiктiрген пәршәны құрт дегенiң нең? Немене қызың қайта-қайта киiм жаңартардай қораңда қой мен түйең толып тұр ма? Әлде желiң толған қылқұйрық пен сере шығар семiз жылқы ма? О несi-ай түге, — деп, ернiн сылп еткiзiп, арық саусақтарымен жұқа бетiн бiр шымшыды. — Өзiңнiң тұрiңе қарасам, сап-саусың. Бiрақ сөзiң самасау кiсiнiң айтар сөзi. Бұлай құртқұрт деп қодаңдағанша, қайта балаңның қыз санатына кiрiп, үстi-басына қарай бастағанына қуанбайсың ба? Ұлбосынжанды қытайы қырмызыға бөленiп, былай, жайқаңдап шықсын деудiң орнына, сенiң бұ не дегенiң, әй? Әдiрәм қалғыр-ау! — Ол ерiнiн шығарды. — Әй, тыңдайсың ба, жоқ па? — дедi Тиышбек әкiреңдеп. Өзiнiң жүзi түтiгiп, ұзын мойны сорайып шыға келген. — Қой, үйтiп маған кестiрiлмеген қоразша қоқаңдама! Сенiң ондай сөзiңдi көтеретiн кiсiң мен емес. Қатын болсам да, мен сен сияқты береке айналмаған, өмiрi күнi мал соңында салпылдаумен өткен қитабан шаруаның қызы емеспiн. Менiң әкем iшкенi алдында, iшпегенi артында болған бай, ол Хиуада дүкен ұстаған. Бiлсең бар ғой... — деп, Ақрәш сөзiн жұтып, жер-ошақта бықсып, жанбай жатқан жас тезектi үрлей бастады. — Иә, сосын? — дедi Тиышбек кенет ыржия күлiп, оны кекетiп. — Не иә? — Ақрәш қозды тұртiп отырған көсеуiн қолына қалпы берi қарай бiр аттады. — Не иә? Сенiң мына иәңа жол болсын? Сен осы неменеңе жетiсiп күлесiң, а? Қарныңды қазы-қарта қернеп бара атқандай сенiкi не ыржаң осы? Шiрiк-ау, сен де осы еркексiң бе? Сен де қатын, бала-шаға асырап отырмын деп ойлайсың ба? Мына бақ айналмаған босағаңнан аттағалы бермен үстiме жылтыратып дұрыс көйлек кидiм бе? Маған қылар мiндетiң мына жаман-жұман шоқпытың ба? Ал, ендеше! — деп, көк долы қатын кәрiне мiнiп, көсеудi жерошаққа қарай зытырып жiберiп, қалш-қалш еткен арық қолымен үстiндегi тозығы жеткен көйлегiнiң өңiрiн дар-дар айырды. Қатты ашудан түрiк ернi көгiс тартып, бiр бiрiне тимейдi. — Мә, саған! Мә, саған! Бұлдағаның осы ма? Тиышбек қатыны ашуға басқанда, әдетте, қоқиланып, атына мiне сап, көршi ауылдарға тартатын. Осы жолы ол әлденеге қитыға түстi: — Жырт! Жырт! Мен ана жолы Бұқардан әкеп берген ханауыз дамбалыңды да жырт! — Жыртам! Сонда маған не iстейсiң? — Ақрәш көкбеттенiп, көйлегiн қақ айырды. Етегi екi бөлiнген ұзын салпы етек көйлектi үстiнен жұлқа лақтырып тастады. Сүйегi ыржаңдаған арық денесi жын ұрғандай селкiлдеп, ол ендi ханауыз дамбалға жармасты. Тиышбектiң жаны ыршып кеттi: — Әй, мынау дозақы кәйтедi, әй? — деп, қамшымен әйелiн қыр арқадан бiр тартып-тартып жiбердi. Жыланша шып ете түскен қамшы дем арасында қатынның арқасына қызыл қоңыр iзiн салып та өттi. Әйелдiң жан даусы шықты. Айналаны басына көтере бажылдап: — Ұр! Өлтiр! Бүйтiп қорлық көрiп, не киер киiмге, не iшер асқа жарымай өткенше, өлгенiмнiң өзiақ жақсы! — деп, ол жұқа бетi көккiмбек боп, ханауыз дамбалды кең балағынан жоғары қарай айырып, нақ қара санға жете бергенiнде, Тиышбек қалт тоқтап, көзiн қолымен көлегейлеп: — Тiпә, тiпә, пәлекет! Мұндай бидауа да болады екен-ау, — деп, мiңгiрлей сөйлеп, көткеншектей бердi. Одан артында төңкерiлiп жатқан келiге соқтығып, екi қолы ербең етiп, шалқ ортасынан құлады. Сосын есiктiң қыр көзiне қоя салынған қара шелектi қағып кетiп, жаңа сауған жылы сүтi үстiне ақтарылды. Сасып қалған Тиышбек жалма-жан орнынан атып түрегеле сап, әке-баба, зәузатынан бермен қарай бiр сыбап, қара шелектi қайқита бiр тептi. Әйелiне қайтып бата алмай, өз дәрменсiздiгiн сезгендей келi үстiне отыра қап, қос жүдырығымен өз маңдайын өзi төбеледi: — О қу құдай! Құлағы қуарған шұнақ құдай! Маған мына қөргенсiздi қайдан ғана тап қылдың? Осы төңiректе бұдан басқа қыз құрып қалған ба едi? Тым құрымаса ақылы түзу бiреуiн бұйыртпадың ба? Ендi мына доңызды қалай адам қылам? О қу құдай, — дей берiп, қолын жоғары қарай созған қалпы Тиышбек қалт тоқтады.


21 Кiшкене көздерi жылтыңдап, жан-жағына жып-жып етiп қарады. — Әй, менiң мұным не, а? Қайдағы бiр сiптiр қатын үшiн құдайға тiл тигiзiп, осы маған бiрдеңе көрiнген бе? О жасаған, асылық етсем, өзiң кешiре гөр! Айтқанымның бәрiн де қайтып алдым. — Ол орнынан атып тұрды. Сосын ұзын бойы ебедейсiз қозғалып, iшке тез кiрiп, Ұлбосынды дiгерлеп отырып, өз айтқанын iстеттi. Оған отбасына киер ылым-сылым киiмiн қайта кигiзiп, сырттағы шыптаның жанына қолынан сүйреп әкелдi. Сосын аз ойланып тұрып, тез жүгiрiп барып, жер-ошақтағы күлге бас салды. Қоз әлi ыссы екен. Қолы күйген ол аш мәлiнше баж ете түстi. — Ойбай, ойбай! Әкеңнiң ғана қөрiн... — деп, қолын аузына апара бере, қайта ойланып, анадай жерде жатқан күл-қоқырға қарады. Дереу күлдi уыстап ап, Ұлбосынға қарай жүгiрдi. Қызы тартыншақ болған түйеше керi шегiне берiп едi, Тиышбек: — Қой, сенiң оның не? Кеуiлге тоқ болар осының өзi-ақ жақсы, — деп, күлдi бетiне жаға бергенде, тағы да қалт етiп тоқтай қалды. — Ау, осы менiкi не? — Ол есi енгендей, қолындағы күлдi шаша сап, тез жүгiрiп барып, әйдiк қара қазанның түп жағында баттаса сыбасып тұрған күйенi уыстап әкеп, қояр да қоймай, Ұлбосынның бетiне айғыздап жаға салды. Сосын оның басына ала жаздай күн жеп, әбден күңсiген жазы арасында жатқан жаман қалпағын кигiзе сап, қара күркеге итермелеп кiргiздi. Iзiнше керi қайтып, үлкен шаруа тындырып тастағандай еңсесiн тiктеп, көзiн қолымен күннен көлегейлеп, түскей жаққа тесiле қарады. — Астапыралла! Мына сойқанның жүрiсi суыт қой! — Ол түрi сұп-сұр боп, жерге жата қап, қалқан құлағын төсеп, тың тыңдады. — Сұбханалла! Мына қеле жатқан жер қайысқан қалың қол ғой! Құдды аумаған Ақсақ Темiрдiң ләшкерi сықылды! Ойбай, қатын, құрыдық! — деп, орнынан атып түрегеле сап, еңкiлдеп жылап қоя бердi. — Құрыдық, ойбай, құрыдық! Ата-бабамның көзiндей көрiп жүрген, тiрнектеп жиған есiл дүниям жаман сарттың қазынасына барып түсетiн болды-ау! Қарадан артық туған хан басым... Күйеуiнiң шынымен шошынған тұрi Ақрәшты да тiксiндiрiп тастады. Ханауыз дамбалының қақ айрылған балағын не әрi қарай жыртарын, не қоя берерiн бiлмей, қолымен ұстаған күйi асып-сасып, түскей жаққа көз салды. Мелшиген қоңыр төбелердiң әр жағынан будақ-будақ шығып, жайыла түскен ала шаңды айқын көрдi. Әдетте Хиуа бектерi жасақ құрып, қазақ ауылдарын шабарда дәл осындай жер қайысқан қолды бастап келетiн. Соны бiлетiн Ақрәштың зәре-иманы ұшып кеттi. Ханауыз дамбалдың балағын қоя берiп, сасқалақтап: — Қара басы ханға бергiсiз шалым-ау! Ақылы көл-дария, байым-ау! Айтқаның айдай келдi де қойды! Ендi нағылдық? — деп, оған жалбарына қарады. Тиышбек қу шандыр әйелiне жеркене көз тастады да: — Екi емшегiңдi көзедей қылмай, ки ана қытайы жiбегiңдi, — дедi жекiрiп. — Кәзiр, кәзiр. Кием ғой. — Ақрәш жаңа ғана өзi қақ-қақ айырған көйлегiне жармасты. Қорыққанынан қалш-қалш етiп, көйлегiн терiс киiп атып: — Мынаның түрiнiң жаманын-ай. Мен... мен... Қайда тығылсам екен? — дедi. — Әй, болары болып, бояуы сiңген сенi олар нағылсын? Немене сарттарды бөксесi келiдей, тар жықпылы күбiдей сендейлерге зар дейсiң бе? — Сонда да... адалдап алған қатының емеспiн бе? Тазалық үшiн... былай... — Ә, солай ма? Тиышбек әлденеге жымың ете түстi. Басына кәпелiмде бiр ой шауып, қараүйдiң iргесiне сүйеулi тұрған әйдiк бұқары қара қазанды дөңгелетiп әкеп, әйелiне қарады: — Шынында да, осы сенiң ақылың бар! Адалымды әлдекiмге арамдатар жайым жоқ. Айлап-жылдап қатын көрмей келе атқан ол иттерге ұрғашы болса, бәрi бiр емес пе? Құдай ұрғанда, мен қасқа сүйтiп сорлап қалармын. Қой, оның бетi аулақ! Кәне, мынаның астына екi бүктетiлiп жата қой! Сосын мен қазанды төңкере салайын. Сосын ол иттер сенi тауып ала қойсын! — Ол мұртынан күлдi. Ақрәш етсiз арық денесi бiр уыс боп бүрiсiп, Тиышбек нұсқаған жерге жата қеттi. Тиышбек әлденеге насаттанып, қатының үстiне тай қазанды төңкере салды да, әңгiрлеп, қазанның үстiне секiрiп шықты. Қуарған ат жағы қисаң-қисаң етiп: — Ә, бәлем, қатырдым ба? Жат ендi солай ала шаңның арасында тұншығып! — дедi. *** Ақрәш байының алдап соққанын сонда барып бiлдi. Тар қыспаққа түсiп, қол-аяғын дұрыстап соза да алмады. Қазанды iшкi жағынан қолымен көтерейiн десе, қазаны құрғыр зiлқара тас. Тар жерде тынысы да тарылып барады. Сосын долдық буған қатын ызалана жылап, дамбалына с...п жiбердi... *** Тиышбек қазанның үстiнде тайраңдап ұзақ секiрдi. Бiраздан соң тайраңдаудан жалығып, қалт тоқтай қалды. Мойынын әлекеше созып жiберiп, iлгерi қарады. Сонау алыстан Ақмешiт жаққа қарай созыла түскен қалың шаңды көрiп, иманы қара таяқтай болды. Ол Ақмешiттi сұрайтын Яқуббектiң кейде осы жаққа қол жiберiп, Шөмекейлердiң малын айдатқызып алып жататынын жақсы бiлетiн. Мынау да соның бiрi болмаса не қылсын? Ол анықтап көргiсi келгендей құрықтай мойынын қайтадан соза берiп едi, аяғы тайып кетiп, етпетiмен жер сүзе құлады. Орнынан атып тұрып, қазанды бiр тептi де, қалт тұра қалды: — Аяғым сынғыр менiң мұным не өз ырысымды теуiп? Әлде... — Оның көзi атыздай болды. — Мына жаман қатынның нағашысы жауырынды, көрiпкелi бар бақсы едi. Сол қатынның үстiне шығып, әруаққа шет бола жаздағанмын-ау! Болмаса iж құлайтын ретiм жоқ едi ғой. Соның бiрдемесi... — Ол сосын жерге жалп етiп отыра қетiп, iшiн қос қолымен басып, шиқылдап ұзақ күлдi. — Әй, осы менiң... мына жаман қатынның үстiне шыққаннан соншама зәре-иманымның қалмай қорқып нағылғаным, а?


22 Ау, Аллатағала әзәлында еркек пен ұрғашыны... тең емес, асты-үстiлi қып жаратқан жоқ па? Оның үстiне шықпасам.... әй, әй, мына үбiрлi-шүбiрлi баланы сонда кiм таптырады, а? Мен де осы кейде қайдағыны ойлап кетем... Оның сол арада тай қазанның астында бүрiсiп жатқан қатынына жаны ашып кеттi. Кеуiлi жылып, лезде көзiне үйiрiлiп жас кеп қалды. “Қанша ит десең де, жер түбiнен бермен қарай маған серiк боп келе атыр ғой. Мына бала-шағаны асырап, абырады. Солардың өзiмдей көргендi, әтеберлi азамат болуы... әрине, жақсы болсын, жаман болсын, осы жаман қатынның арқасы ғой. Қой, менiң бүйткенiм ұят болар”,— деп, ендi мүлдем мейiрленiп, қолақпандай жұдырығымен әлден сулана бастаған танауын бiр сүртiп қойды. Сосын iзiнше әлдене есiне сап ете қалғандай, сирек кiрпiгiнен үзiлiп түсiп, шандыр бетiн қуалап сорғалап бара жатқан бiр тамшы жасты сүртпестен, қалт тоқтай қалды. Есiне қайдағы бiр келеңсiз жағдайды алғандай, көре көзге жаңағы бiр мейiрленген қалпынан айнып түсiп, қаһарына мiнiп, қатүлана бастады. “Әй, менiң мұным не осы былжырап, а? Еркек басыма бүйту жарастықты ма? Одан да, — дедi өзiне өзi күбiрлей сөйлеп. — Жата берсiн! Өлмесе, өрем қапсын!»— Ол дем арасында бұрынғы қалпын қайта тауып, асық ұтып алған балаша қуанып кетiп, ортнынан тұра сала тайқазанның үстнге қайтадан секiрiп шықты да, қазанның түп күйе баттасқан тұсын етiгiнiң жемiрiлген өкшесiмен ақысы кеткен кiсiше тепкiлей бастады: — Мә, саған! Мә, саған! Байдың бетiне келетiн жәләпсың ғой! *** Тиышбектiң есiне Ақрәшпен түтiн түтеткелi ырың-жырыңмен өтiп келе жатқан берекесiз ит тiршiлiгi түскен едi. Әсiресе, оның қанын қайнататын бiр жағдай — қалыңдық ойнай барғанында болған бiр уақиға болатын. Ежелден iлiк-шатыстығы бар әкелерi бiрде: “Осы Қаратамыр мен Шобдар неге қыз алысып, қыз берiспейдi? Ау, бiз осы кiмнен кембiз?»— деп сөйлесiп отырып, өзара бiр бәтуаға кеп, құда болысқан-ды. Содан олар арада бiрнеше жыл өткесiн, ел жайлауға шыққан кезде, қайтадан кездескен-дi. Сонда қыз жағы Ақрәшты тойын жасап, ұзататын болған. Сол екi арада тойға дейiн күйеудiң қалыңдығына ұрын баруы керек едi. Сол сылтау болып, көп өтпей Тиышбек қасына бiр-екi жiгiт ертiп, қалыңдығына ұрын барды. Бiр төбенiң астына аттарын тұсап жiберiп, өздерi ел жата жаяужалпылап, Қуаң бойына тiгiлген қара үйге келдi. Қыздың жеңгелерi де бұларды күтiп отыр екен, сен тұр, мен атайын олар салған жерден мұның қойны-қонышын тiнтiп, алапасын алып жатып: “Ау, өзi орнында бар ма екен!»— деп, шекпенiнiң сыртынан жәнә бiр жерiн тексерiп шығып, мұны қара үйдiң iшiнде қалдырып, қызды әкелуге кеттi. Тиышбек бала кезiнен дүния десе өлетiн. Оңаша қараүйде отырып, жаңа ғана уысынан шығып кеткен алтын, күмiсiнiң басқа бiреудiң алақанында қетiп бара жатқанын ойлап, iшiнен қан жалағандай болды. Сол арада iшi күйiп кетiп: “Бүйтiп алған қатынның тап әкесiнiң аузын...” — дей бергенiнде, сырттан тықыр естiлiп, сықырлауық есiк сыңси ашылды. Қызды есiктiң аузында қалдырып, iшке кiрген жеңге: “Мырза жiгiт, кәне көрiмдiгiмдi бер”, — дедi. Тиышбек жыланша жиырылып: “Өй, бұ да бiр ынсапсыз екен”, — деп, қалтасына қол салды. Көрiмдiктi алғасын, қағынған жеңге жiбек шәлiнi бетiне көлегейлей жамылған осы Ақрәшты қолтығынан демеп, iшке сүйрегендей ғып кiргiздi. Бұл қыздың әлдене деп қарсыласқанын анық естiдi. Сонда да жеңге қояр да қоймай, қызды мұның жанына әкеп отырғызып, қолын мұның қолына ұстатып жатып: “Кәне, қол ұстатарымды бер”, — дедi. Тиышбек қара бақайына дейiн күйiп кеттi.“Мұнысы нес тағы?»Бiрақ қыздың қолынан тараған ерекше бiр жылу өне бойын қуалап, әлдеқандай шат сезiмi оянып келе жатып, ол мүлдем сақиланып сала бердi. Дереу қалтасына қолын сұғып, қолына iлiккен ауырлау, шамасы, күмiс болар, бiрдеменi сұрамсақ жеңгенiң қолына ұстата сап, сабыры таусылып, оған кете бер дегендей қолын сiлтедi. Қуақы жеңге қараңғыда сыңқылдай күлiп, сыртқа шыға бердi. Ендi Тиышбек өзiмен оңаша қалған қыздың бар тағдыры өз қолында екенiн сезiп, оның нәзiк, арықтау саусақтарын сындырып жiберердей боп қысып тұрып, бiр сәтке шалқып кеткен. Ыржалақтай күлiп, құйрығымен жер сыза оған қарай ысырыла түсiп, қыздың бетiне жамылған шәлiсiн аша бере... селк ете қалды. Қыз дәуренiнiң басынан өткенiне жылап, қымсынып отыр ғой деген қалыңдығы... алакөлеңкеде, құдды өзi сықылды, ыржия күлiп отыр! Ол аздай, Ақрәш ендi мүлдем еркiнсiп, ұзын шәлiнi басынан сыпырып тастап, қасындағы төсекке қисайып жата қеттi. Сонда-ақ Тиышбектiң басына бiр күдiк шапқан: “Әй, мынауың жол көрген пәле ғой! Болмаса қыз деген... былай, қымсынар болмас па, қысылар болмас па? Ал, мына пәлең... бiрден қисая-я-я кеттi! Бұ не сонда, а? Әлде мынаны ана алаяқ Сырым Игiлiк тазбен кеуiлдес болды деген рас боп шықты ма? Қой, өтiрiк шығар? Бiрақ... екi бұтының арсынан көш өткендей, кiм көрiнген түкiрiп кете беретiн бұл ұрғашыға қiсi сенiп бола ма?»— деп, аяқ астында не iстерiн бiлмей, әбден дал болған. Содан кейiн шатақ шығаруды өз басына ар көрiп: “Құданың бұ да маңдайға жазғаны да! Оған iстейтiн не амал бар? Қалғанын көре жатамыз да”, — деп, ол ендi дем арасында ыржалақтай күлiп, Ақрәшты көрпе-мөрпесiмен құшақтай алған едi. Ендi кәзiрде де сол жағдай есiне сарт етiп түсе қап, қаны қайнап, ит жыны тырысып, тай қазанның күйелеш түбiн тесiп жiбередей боп жындана тепкiледi. Ол бiраз тепкiлегеннен кейiн барып, ырс-ырс етiп, қазанның үстiне құйрығын басып отырды. Сол арада қазанның iшкi жағынан Ақрәштың бiрдеме деп булыға сөйлегенi естiлдi. Сол екен, Тиышбек дем арасында ыржалақтай түсiп: “Қой, қайдағы-жайдағыны еске алып... менiкi не осы, а? Қыз кезiнде ана таз Игiлiк итпен кеуiл қосса, қосқан шығар. Оны көзiммен көрген жоқпын ғой. Көзбен көрмеген жайды айтуды шариғатта күнә демей ме? Қой, ит болса да бес-алты бала тауып берген қатыным емес пе? Ендi жасым келiп қалғанда, маған бұдан артық кiм жақын бола қояр дейсiң?»— деп ойлап, отырған орнынан атып түрегелдi де, төңкерiлiп жатқан қазанның құлағына жармасты. ***


23 Ақрәш қазанның астынан шыққасын, түшкiрiп-пысқырып бiраз отырды. Жанында жалпақтап жүрген бұған адам деп көз салған да жоқ. Аздан соң Ақрәштың сақырлатып қайнатып пiсiрген ыссы аталасын iшiп, бiр кекiрiп ап, қара шәугiмге сақырлатып қайнатқан талқы шәйiне борша-борша боп терлеп, терiсi кеңiген Тиышбек желдей есiп отырды: — Ау, қатын-ау, мен айтсам, сендердiң қамдарынды жеп айтам. Бүгiнде жауды қай жабындының астынан шыға қелмейдi дерiң бар ма? Олар деген, ойбай-ау... — Ол кiлт тоқтай қалды. Iшiнен: “Қазықартаға қекiрелеп тойғандай менiкi не осы желдей ешiп?»— дедi де, — Бiссiмаулақ әкпәр! — деп, ас қайырған боп, қолымен бетiн сипай сап: — Әй, қатын, ана түйеге өзiң егә бол. Мен мына Малдыбайдың аулына барып келе қояйын. Жүрген аяққа жөргем iлiгедi деген. Мүмкiн бала-шағаның несiбесiне қарай бiрдеме-сiрдеме бұйырып қалар, — деп, орнынан лып етiп түрегелiп кеттi. Өзiнен төменгi жақта отырған Ақрәштың алдына қарай созып жiберген екi аяғының үстiнен аттап өттi. *** Тиышбек сыртқа шығып, қоқиып атына мiндi. Күннiң жанғанына қарамастан жаман торысын ырсылдатып, осы арадан бiр көш жерде отырған Малдыбай аулына қарай ат басын түзеп алды. Жолшыбай қуаң тарта бастаған даланың репетiне қарап, шөп пен жердiң ыңғайын байқап, шаруағой кiсiше әр нәстенi iшiнен еске алып, күн еңкейе Малдыбайдың аулының тас төбесiнен құлады. Он шақты ақ үзiктi ажарлы үйлер алқа қотан тiгiлген екен. Шеткi қараша үйлер жақтан шаруа қамымен жүрген малай қатындардың қарасы көрiнедi. Келi түйiп, дән ақтап жатқан қатындар сарғыш қауыздарды бұрқыратып, шаруаға бар ықыластарымен кiсiрiсiп-ақ кетiптi. Тиышбек олар жаққа тыжырына қөз тастап қойып, менсiнбеген тұр көрсетiп, жаман атының жайсыз бүлкiлiне сап, олардың жандарынан көлденеңдеп өте бердi. Алдынан әупiлдеп, үрiп шыққан бiр-екi көкпек иттi қамшысымен жасқай отырып, неде болса нардан құлайын деген ниетпен, он шақты үйдiң ортасындағы ең ажарлы ақ отаудың тұсына кеп, ат басын тартты. Атынан асықпай түсiп, шылбырды қазыққа байлай сап, iштен бiреу-мiреу шығар ма деп, жорта қақырынып, аз тұрды. Бiрақ мұны қарсы алып, елпеңдеп жатқан ешкiм де көрiне қоймады. “Пай-пай, байлық деген не iстетпейдi? Мына жаманның желiсiне айналған қылқұйрығын арқа тұтып, шiренуiн қараш! Әгәрдә... менiң де осындай дәулетiм болса, онда бұлардың осыншама қерiлгенiн көрер ем! Онда алдымнан жүгiре шығып, “Ойбай, Тәке, кәне былай, төрлет!»— деп, жалпаңдар едi. Құдай қу тақыр ғып жаратқасын, бұған қылатын не амал бар? Ақыр түбi бай аштан өледi деген. Тоқта, мың асқанға бiр тосқан бар. Әлi-ақ сенiң әуселеңдi көрермiз!»— деп ойлап, ол ассалаумағалайкүмiн әндете созып, iшке кiрiп келдi. Iште Малдыбай, Әбдiраман, Қалдыбайлар шегенделген құдыққа сап, мұздатып қойған тастай қымызды алдарына ендi ала бастаған екен. Оң жақта басындағы бұрмашасы қақырадай боп ақ сары бәйбiшесi күмiс бiлезiк, гәуһәр көздi жүзiкке толы быртиған саусақтарын ерiне қозғап, қышқылтым, тәттi исi аңқыған бал қымызды сырлы ожаумен ерiне сапырып отыр. Олардың ешқайсысы да мұны кiсi екен деп көздерiне iлетiн емес. Тиышбек оған қарап жатпады. — Бұйырған деген осы-ау! — деп, жампаңдап, төрде отырған кiсiлердiң қолын тегiс алып шықты да, бауы бiлегiне оратылып, iзiнен өлген жыланша сүйретiлiп жүрген, дүзген сапты қамшысын кереге басына iле сап, әдейi қоқиланып, Қалдыбайдан жоғарырақ жерге барып малдас құрды. Төрге төселген жiбек көрпенiң үстiнде шаң-шаң етiгiнiң iзi сайрап жатыр. Оған қарайтын Тиышбек жоқ, сұңқылдап отыр: — Мен қасқа осы үйдi ыңғиында мақтап жүрем ғой. Қашан келсем де, үнемi дәмнiң үстiнен шығам. Қалдыбай жалпақ бетi жайыла түсiп, зәрлене жымиып: — Сен түтiн аңдып келiп, әдейi мақтайтын шығарсың, — деп, мұны құлбақайдан қақты. Тиышбек оның сөзiн шыбын шаққан құрлы көрген жоқ: — Әй, сен менi немене тамақ аңдып жүретiн қыдырауық бiреу көресiң бе, а? Әлде көш жерде отырып, байдың үйiнiң қазанында не пiсiп жатқанын бiлiп отыратын көрiпкел дейсiң бе? Ойбай-ау, менiң ондай қасиятым болса, онда бүгiндерi Әлiм, Шөменнiң iшiндегi жақсылардың санатына әлдекашан iлiкпес пе едiм? Одан да менiң кеулiмнiң түзулiгiн айт! Кәне, жеңiше, ана бiр сапар кесеге қоя қойш! Күнi түспегiр де жанып тұр екен. Жетем дегенше, тамағым кеуiп қалды. Қызыл бет, толық денелi, орта бойлы Малдыбай төбетей киген басын сәл иiп, ақ кiре бастаған сиректеу сақалын асықпай сипап отырып: — Тиышбек, қалай мал-жан аман ба? — дедi. — Аманшылық. — Тиышбек бәйбiше ұсынған сапар кесенi алып жатып, асығыс дыбыр еттi де, тәттi қымызды қылқылдатып жұта бастады. Жұтқан сайын жас баланың жұдырығынадй жұтқыншағы жоғарылы-төмендi қозғалып қояды. — Басқа туған-туғандарың пақуатты ма? — Әйдәй! — Тиышбек тамағы дүрс-дүрс ете қымызды асығыс жұтып жатып: “Мына шал да бауырмалсып... Құдайдың қымызын да дұрыстап iшкiзбейдi”, — деп, iшiнен ойлап қойды. — Не жаңалық бар? — дедi де, арқасына жеңiл жiбек шапанын желбегей жамылған Малдыбай қасындағы қос қабаттап қойылған құс көпшiкке шынтақтап жатты. Тиышбек қымызды қылқытып iшiп боп, кесенi бәйбiше жаққа қарай екiншi рет ұсынып жатып: — Пәлендей айта қоятын iждеме де жоқ, — дедi. Сосын қолымен қымызға малынған сиректеу мұртын сүрте бере сәл кiдiрдi. — Айтпақшы, жаңалық бар. Мен жаңа бiр әзiрде бiр сұмдықты... мына бар ғой, шыққыр екi көзiммен көрдiм.


24 — О не соншалық? — деп, Әбдiраман мұның бетiне күле қарады. — Ойбай, бұл күлетiн нәсте емес. Қашаннан ат белiнде жүрiп үйренiп қалған басым бүгiн де ерте тұрып, көшi-қон жайын байқап қайтайын деп, мына Қуаң жағына шығып едiм. Саған өтiрiк, маған шын, ана Құмқамалдың өкпе тұсына жете бере, Хиуа жақтан келе атқан жер қайысқан қалың әскердi көрдiм. Олардың найзалары бар ғой, тура ана шаңырақтан шығып, аспанның дәл өзiне тиедi! Ал түйеге артқан зеңбiрiктерiнiң өңешi бар ғой, Әбеке, — деп, ол Әбдiраманның тақымын басып-басып қойды, — қылаудай бiр өтiрiгi жоқ, дәл дүнияға тоймас, қанағатсыз обыр саудагердiң апандай өңешi сықылды! — Тиышбек iшiнен қатырдым деп, сылқ-сылқ күлдi. Әбдiраман жүзiне лыпып шыға қелген қанды көрсеткiсi келмегендей бетiн түктi орамалмен сүртiп жатып: — Апырмай, осы сен не деп отсың, а? Найзасы көкке тиедi дейсiң бе? Ау, сол Хиуаңның қолын бiз де көрген едiк. Хиуа ханы найзасымен көк тiреп тұрса, ана Елдестен неге жеңiлiп қалды? — деп, мырс етiп күлдi. — Ендi.. ол...— Тиышбек бiрдеңе деуге батпады. Елдес жайлы бiр ауыз сөз айтса, ертең оны мына Қалдыбайдың бiр сөзiн де өзгертпестен Елдеске жеткiзетiнiн бiлдi. Сосын Елдес мұның мойынын бұрап-бұрап жұлып алады. Ол осыны ойлап, аз отырып қалды. Малдыбай от шығып кетер десе керек, осы арада сөзге кеп қыстырылып: — Е, солай де, — деп, даусын созып, боз бұғағы iркiлдеп, аз кiдiрдi де, бұның бетiне сынай қарады. — Тиышбекжан, осы жұрт сен жайында неше түрлi сөз айтады. Кейде соны алып қашты бiрдеме деп те қаласың. Ендi соның шындығын өзiңнен есiтсем дейiм. Сенi мына елдiң көптен ана берi Дадабек сартпен тамыр боп жүр дейдi ғой... — Ол рас, — дедi Тиышбек Қалдыбай жаққа қорқасоқтай бiр рет көз тастап қойып. — Сонда қалай? — Өй, оның не қалай-салайы бар? Басқа мiскiндiк түскесiн, бәндә сорлы неге көнбейдi? Былай, шиеттей бала-шағаның қамымен, сартқа барып... кәсiп қып дегендей... — Е, дұрыс екен. Еңбек етсең, емерсiң деген. Оның не айыбы бар? Ал, ол сартыңның халы қалай? — Ойбай, халы қалақтай! Қалақтай болғанда бар ғой... — Тиышбек екi көзiн быттитып, жанжағына алаң-ғұлаң етiп қарады. — Сұмдық! Кiсi деген қолынан келгесiн, мына жалпақ дүнияны қонышынан басады ғой! Мына сарт әбдән құтырды. Ендi жыл сайын алып тұрған пiтiр, зекетiн азсынғандай, жақында ол... қазақтан... ыһым, ыһым, иә, құдай бiрiн жалған қылмасын, кеуiлдестiкке қыз ала бастады. — Қойшы?! Онысы несi тағы? — Малдыбай шыныменен шошып қап, шынтақтап жатқан жерiнен тұрып, тiктелiп отырды. — Рас па өзi? — Рас болғанда қандай! Айтқанымның қылаудай бiр өтiрiгi жоқ. Мiне иманым, мiне жаным! — деп, Тиышбек сол арада алдында тұрған қымыз толы кесеге жармасты. “Мыналар шошып отырғанда... бұйырған несiбемдi iшiп алайын”. Үй iшiндегiлер абыржып қалды. Сосын бiр бiрлерiне қарасып, дәудiрлесе жөнелдi: — Мына сарттың мұнысы несi екен? — Мынауың ел естiмеген сұмдық қой! — Оған кiм көнедi? — Дадабек басын жұтатын шығар. — Сонда... Бұл өзi қалай? — Ол былай, — дедi Тиышбек кесенi тағы да бәйбiшеге қарай ұсынып жатып. — Дадабек күнiге қазақтан бөрте жүнi қырқылмаған бағлан қозы мен он үшке жаңа толған жас қызды алады. Бағланды былқытып, пiсiрiп жеп, кеш-кiсiн... әлгi қызды... былай... — Тиышбек дереу тоқтай қап, демiн iшiне тарта тыңдап отырған кiсiлердiң жүздерiне алақ-жұлақ етiп қарады. — Не былай! — дедi Әбдiраман мұның бетiне үрке қарап. — Былай.. оны бiр күн қатын қылады да, ертесiне әкесiне апартып тастайды. — Астапыралла, мынауың рас болса, ел естiмеген сұмдық қой! Исi мұсылманда мұны кiм естiген? — Естi, естi ме, жағдай солай боп тұр, — деп, Тиышбек үй iшiн үрпитiп тастағанына ырза болғандай, алдына қайтып келе қалған кесеге жармасты. — Ау, сонда... оған кiм көнедi? — Көнсең де, көнбесең де, сол. — Апырмай, ә? — дедi Малдыбай абыржып отырып. — Талай сұмдықты көрiп ек, мынадайды да еститiн күн бар екен ғой. — Әй, сен осы өтiрiктi гөйiтiп отқан жоқсың ба? — дедi сол арада Қалдыбай мұны бүйiрiнен нұқып. Балуан жiгiттiң қолы тастай екен, Тиышбек қымызға шашалып қалды. Танауына ащы қымыз жүгiрiп, кеңсiрiгi удай ашыды. Сосын оған жалт қарап: — Сенбесең, өзiң барып сұра, — дедi де, қайтадан қымызды қылқылдатып жұта бастады. — Жоқ, сонда оған қыз берiп жатқандар бар ма? — дедi Қалдыбай оны өкшелеп. Тиышбек қымызды iшiп боп, кесенi бәйбiше жаққа қарай тағы да ұзатып жiбердi де: — Ояғын бiлмейiм. Ал, әлгi қауесеттiң бары рас, — дедi. — Онда... қиын екен. Тиышбек Малдыбайдың абыржыған түрiне қарап, iшiнен алақанына түкiрдi. Мына сөзiнiң қышыған жерiне барып тигенiн бiлiп, масайрай түстi. Кешелерi Ережеп мұны оңаша шығарып ап, қиялай отырып көндiрiп, бiр шаруа тапсырған. Бұның бүгiн соның ау-жайын байқайын деп, осы ауылға ат басын әдейi тiрегенi де сондықтан едi. Ол тiл үйiретiн салқын қымыз буынына түсiп, тұла бойын балқытып, кеуiлi көтерiлiп, есiк жаққа бiр-екi рет қарап қойды. Мұның есiл-дертi — Ақкербездi бiр көру. Бiрақ қас қылғанда бүгiн бойжеткен қыз үлкен ағасының отауынан берi қарай аттап аяқ баспай


25 қойды. Оның есесiне Малдыбайдың келiндерi саба пiсiп, шәй қайнатып, зыр жүгiрiп жүр. Тиышбек iшiнен жиырылып: “Осы Көнектер де бiр! — деп, келiстiрiп бiр боқтап қойды. — Басқада қыз жоқтай соншама қергiп! Сүйтiп қызғыштай қорыған асылың бiр қызыл итке жем болмаса нағылсын?” Ол сосын тақымын қыж-қыж қайнатып жатқан түгi тықыр кiлемге, керегенi айнала тұтып қойған тұс киiзге, осы үйдiң сән-салтанатын асыра түсер алуан түрлi бау-шуына қызыға қөз тастады. Малдыбайға бiлдiрмей, бiр рет мүйiзгегi бар қолымен кiлемнiң майда түгiн сипап қойды. Кiлемнiң тықыр түгi алақанына аса жайлы тидi. “Апырмай, мынау өзi... қыздың денесiндей майда тиедi екен”, — деп ойлады. Сосын өз өзiнен шайтан тұртiп: “Қыз денесiндей”, — деп, күлiп жiбере жаздап шақ қалды. Оның есiне Ақкербез түстi. “Мына қiлемдей қыз денесiн сипап, Ережеп бiр рәһатқа батпақ қой!” — деп, iшiнен сылқ-сылқ күлдi де, кенет басына бiр қолайсыз ой шауып, демде терiсi тарыла қалды: “Әй, әй, со қызды өзiм алатындай мәз болып менiкi не осы, а? Оның қызығын көрсе, бiреу көредi. Алтынның буына мас болғандай, айдалада жүрiп менiкi не шалқу осы?” — дедi. Лезде оның өне бойын қызғаныш оты билей бастады. Көз алдына өзiнiң бау-шуын әлдекашан күн жеп, iрiп кеткен жаман қараүйi, болымсыз тiрлiгi, ұрысқақ қатыны, шабан аты келiп, қатты жасып қалды. “Шабан ат, өтпес пышақ, жаман қатын, — жiгiттi осы үшеуi кәртейтедi” деген ып-рыс-ау! Болмаса мен де мына жаман Әбдiраман құсап, сона-а-а-у Бұқарға қiре тартпайым ба? Немене үйтпейтiндей менiң одан нем кем? Тек қана дүниям кем. Пой-пой шiркiн, бұ дүния деген кiсiге не iстетпейдi?!” — деп ойланып отырып, кенет сол қалпынан тез арылып, ендi диханшылық жайлы әлдеқандай әңгiменi асықпай сабақтай бастаған Малдыбайға монтаңдай қарады. — Ол рас, — дедi Әбдiраман қызыл бетiне бар шырайы шыға түсiп. Оның қымыз қыздырған сайын онсыз да қаны сыртына теуiп тұрған көнектей бетi ажарлана түсiптi. — Сонда егiндi баптаудың жай-жапсарын бiлiп те алдық па? — Өй, Мәке-ай, — деп, Әбдiраман кеңк-кеңк күлдi. — Арпа мен бидай, тарыны егу үшiн не жайжапсар ке-рек? Была-а-а-й, алақандай жердi ағаш соқамен айқыш-ұйқыш етiп жырта сап, баданадай дәндi қос уысыңмен көсiп ап, оңды-солды шаша сал. Ара-тұра оны суғарып қой. Ол дейтiн күтiмдi кәжет ететiн мал емес қой, оның нәтi құданың құдiретiмен өзiнен өзi өсiп шығып жатқан шөп емес пе? Көлденеңнен кесiр келмесе, сүйтсең болды, күзде шыққан шығыныңды екi есе етiп қайтарып алмасаң, маған кел. — Апырай, ә?! — дедi Малдыбай оның мына сөзiне сенер сенбесiн бiлмей, ыңыранып отырып. — Оған таңғалатын түгi де жоқ. Бiз болсақ, наданшылықпен бiлмейдi екенбiз. Шынында да, бар береке мына аяғымыздың астында жатқан қара жерде екен ғой, — дедi осы үйге жақын жиен боп келетiн Қалдыбай қарулы қолын көтере сөйлеп. Ол нағашы қарындасы Ақкербез бен Жәнiбектiң арасында қөптен берi жеңгетай болып жүр едi. — Биыл ана Мамырайдың егiнi бiтiк шықты. Арпа, тарысы сыңсып тұр. Ал, қауын-қарбызы дегенiң... қақ-қақ айрылып жатыр. — Ол Жәнiбектiң деуге кеуiлi дауаламай, төтеннен жол тауып кеттi. Оның қулыған аңлап қалған Әбдiраман жымысқылана күлдi: — Бала, мына сөзiң рас болса, онда... биыл құданың аулы қауын сасып кететiн болды ғой. Тиышбек сөздiң Жәнiбек жайында болып жатқанын аңғарып, аяқ астында қитыға түсiп: — Әй, сарт болып кеткен қойшы соныңды, — деп, қолын бiр сiлтедi. — Сарт құсап жер шұқу, қалай мақтасаң да, мал соңында салпақтап үйренiп қалған қазекеме қол емес. Со да қәсiп боп па? Одан да мына Мәкең құсап мыңғырған мал ұстап, жалпақ жәһанды алып жатқанға не жетсiн! — Егiннiң малға iж кедергiсi жоқ қой, — дедi Қалдыбай. Тиышбектi жақтырмай. — Гәп кедергiде ме екен, — деп, Тиышбек орнынан көтерiлiп отырды. — Мен мына Ережепке таңғалам. Құдай дәулеттi беретiн кiсiсiне бередi ғой. Бергенде де, аямай, үйiп-төгiп бiр-ақ бере салады. Осы Ережептiң малының есебi бар ма? Есебi жоқ. Өзi ана Есiм, Қыдыр көрген Жабағыдан бiр де кем емес. Әсiресе, ана Қырда өз аяғымен жайылып жатқан көкалаларын қандай десейшi! Қарасаң, көз тұнады-ау, көз тұнады! — Ол таңдайын тақ еткiзiп, көзiн жұмып, сопақ басын шайқап-шайқап қойды. — Қойшы, рас па? — дедi Қалдыбай оны кекетiп. — Е, өтiрiк айтып... сақалды басыммен менi перi қақты дейсiң бе? — деп, Тиышбек сол арада шақ ете түстi. — Қайдам? Сол көкалаларға ана сырттан ақ алалар араласып кетiп жүр ме деген кәупiм бар. — Өйдөйт, шiркiн! Ол да қандай кiсiнiң қолынан келедi! Сен өмiрi үйте алмайсың. Iшiң күйсе, тұз жала! Сен қанша жамандағаныңмен, Ережептiң беделiн iж кемiте алмайсың. Қара да тұр, ендi бiраздан соң ол әлi осы өлкенi сұрайтын сардар боп шыға қеледi. Сонда қөке деп жүргенiңдi бiр көрсем-ау! — Қой әрi! Мiрәлi сардар болғанда жүгiрмеген басым Ережеп Хиуаның ханы боп кетсе де елпектей алмаспын, — дедi Қалдыбай қатулана түсiп. Оның оң жақ бетiндегi қара қалының ортасына шыққан бiр-екi қара түк әлден-ақ тiкiрейе бастапты. Тиышбек соны көрiп, жым болды. Қанша тiлi қышып отырса да, одан әрiге бара алмады. Ендi шамына тие берсе, мына ожар жiгiт жұрттың көзiнше мұның жағасына жармаса қетуден тайынбайды. Ол сол арада дереу өзгерiп шыға кеп, мұртынан күлiп: — Мiне, нағыз ер жiгiттiң айтар сөзi! — дедi. — Сенi бағанадан берi сүйдер деп дәметiп отыр ем ғой. Саған Ережептi өтiрiк мақтап ем. Ойыңдағыңды тура айттың. Жарайсың! Тусаң ту! Сендей сегiз қырлы, бiр сырлы азаматтар аман болса, төрт Шөмекейдiң iжкiмге де есесi кетпейдi! — Ол Қалдыбайды арқасынан қақты: “Бұл иттi осылай жел сөзбен мақтап, қарық қып, ақымақ қып қоймасаң, болмайды”. Оны бұлай табан астында жылп етiп шыға келер деп ойламаған Қалдыбай не дерiн бiлмей қалды. Малдыбай тағы да бiр шатақ шығып кетер деп ойлап: — Ау, Тиышбек, биыл сенi Бұқар жаққа барып қайткалы жүр дей ме? — деп сұрады.


26 — Иә, сондай бiр талап қылып жүргенiм рас, — дей берiп, Тиышбек аздап абыржып қалды. Биыл көктем туысымен Ережеп мұны шақырып ап, ұры Шәкиге серiк боп, Бұхара жағына сауда бабымен барып қайтсаң кәйтедi деп, қолқа салған едi. Жәнә да мұны жан адамға тiсiңнен шығарма деген. Бiрақ Тиышбек екi елi ауызына төрт елi қақпақ қоя алмады. Бiр аптаның iшiнде қонған, түстенген ауылдарында iжкiмге айта қөрме деп, бөсiп кетiп, Ережептiң өтiнiш еткен бiр жайын жалпақ жұртқа өзi аузымен таратып та үлгерген болатын. — Сонда... барыс қашан? — Ол... ендi..., — деп, Тиышбек мiңгiрледi де, аяқ астынан бұрқ ете түстi. — Мына Ережеп барып тұрған ит екен. Айтарын айтты да, соңын сиырқұйымшақтандырып жiбердi. Әгәрдә қатын болғанымда бар ғой, бүгiндерi емшегiм iсiп... — Өй, — деп, Қалдыбай қарқ-қарқ күлiп, сыртқа ата жөнелдi. Тиышбек не күлерiн, не жыларын бiлмедi. Iшiнен: “Бәлем, сенi ме? Тұра қал!” — деп, қатты кек түйдi. Сосын қитығып, аяғын созып, iрге жаққа қарай қисая кеттi. Ол сол күнi Малдыбай ауылында қонып қалды. Түнiмен түрулi тұрған iргеден қыз отауын бақты да жатты. Кiрген-шыққан кiсiлердi сырттай түстеп танып, соңырағы күнi шаруасына жең ұшынан жалғасатын адамның ыңғайын ойша қарастырды. Кенет қалт етiп тоқтай қалды. “Қырсық айналдырып, басым пәлге қалып жүрмесiн?!” — деп, қолымен тықыр иегiн сипады. Есiне Жәнiбектiң Ақкербездiң басын байлап қойғаны түстi. Сосын: “Қойшы, осы мен де бiр... Қалғанын кезiнде көре жатармыз”, — деп, қолын бiр сiлтедi. Ертеңiне ол күн арқан бойы көтерiле бере атын ерттеп, аяғын үзеңгiге сұға берiп, бiр қыздың күмiстей сыңғырлаған күлкiсiн естiп, жалт бұрылды. Жүруге ыңғайлана берген жаман аты iлгерi қарай бiр-екi қадам аттағанда, бұл аяғын үзеңгiден шығарып үлгере алмай, бiр-екi аттап барып, шаққа дегенде бойын тiктеп үлгердi. Дереу аяғын үзеңгiден шығарып ап, атын iшiнен бiр боқтап, күлкi шыққан жаққа жалт қараса, үлкен ағасының үйiнiң жанында тiгiлген ақ отауынан Ақкербез бiр топ нөкерiн ертiп, бұлақ басына қарай беттеп барады екен. Оның басына қиген құндыз бөркiнiң нақ төбесiне қадалған үкiсi таңғы самалдың лебiнен жәйлап бұлғаң-бұлғаң етедi. Ұзын бұрымына қоса өрiлген күмiс шолпысы жүрген сайын сыңғырлап, кiсiнiң кеулiн қыдықтап, өзiне қарай тарта түскендей. Ол бұған кiсi екен деп көзiнiң қиығын да салған жоқ. Қыздың жүзiн бiр қырынан көрiп тұрған Тиышбектiң аузы аңқиды да қалды. Ол есiн тез жиып, көзiн жыпылықтата қағып-қағып жiберiп, оған қайтадан қарады. Бұ жолы ол қыздың талдырмаш тұлғасын, жазыңқы жауырынын айқын көрдi. Дереу таңдайын тақ еткiзiп: — Аста‘фиралла! Мынау бiр жәннәттан шыға қелген перiште ғой! Мұны ана жаман Малдыбайдың сiдiгiнен жаралды деуге кiм сенедi? Құдды аумаған хор қызы! Нағыз көз құрты! Тiпә, тiпә, мына бала мен түгел, бес уақыт намазын қаза қылмайтын кәлимәгөй сопыны да шариғаттың жолынан шығарып жiберер! — дедi. Ол тiлiн кәлимаға қелтiрдi де, аяғын үзеңгiге сала бердi. Осы кезде аты жүрiп кетiп, аяғын үзеңгiден шығарып үлгере алмаған Тиышбек кескен терекше сүйретiлiп барып, жерге шалқ ортасынан құлап түстi...

7 Астан кейiн Елмырза төре қасындағы қарашыларын ертiп, жайлауда отырған аулына қарай тартты. Төре ауылының көшiп-қонар жайлауы Сыр бойынан мойны едәуiр қашықтау Егiзқара жақта болатын. Жаз шығып, күн ысыса да, Егiзқараның бойы көктемгi сән-салтанатынан жуық арада айрыла қоймайды. Боз бұйраттың сұлап түскен етегiне қаптай өскен еркек, құланқұйрық бiр-бiрiне жалғаса тұтасып, үп еткен желден боз теңiзше толқиды. Ара-арасында ойдым-ойдым жантақты алқаптар кездеседi. Осы боз отқа аузы бiр тиген мал ыссы басталмай жатып қоң жиып үлгередi. Содан сары күзге дейiн от жерлердi қуалай көше отырып, қалың малдың бiр түгiн қисайтпастан, Елмырза аулы сонау Ырғыз, Торғай жағына дейiн барып қайтады. Күз ызғары сезiлiсiмен, малды-жанды төре ауылы тырнадай тiзiлiп кеп, Сырға құлап, дарияның қамысы көп копақты жерлерiн қыстап қалады. Не бiр ақбасқын болса да, жылы қамыс арасын жайлаған мал, борық қажаса да, көктем туғанша дейiн жан созып шығады. Тек нарқамыс арасының бiр қиындығы — жолбарыс бар. Тайыншадай тарғыл хайуан былтыр мұның бiраз жылқысын жарып тастаған едi. Соған қарамастан атадан балаға қалып келе жатқан көп дәулеттiң сарқылар түрi жоқ. Қайта орталанар сыңай байқалса, сәуiр айындағы Сырдарияша шiрей тасып, мұның ойыс боп қалған кем-құтығын толтырады да жiбередi. Әрине, дәулет жағының орталанып қалмасына өзiнiң де етер амалы жеткiлiктi. Әсiресе, Хиуа ханымен жақындасып алғалы, ана жылы ақ патша танабын тарыл-тып қойған шақтарда тайыздана бастаған дәулетi қайта шалқыды. Жыл сайын осы төңiректегi қазақтар соғымға деп үйiр-үйiрiмен малын айдап әкеп бередi. Оған қоса Сыр бойындағы дихан жатақтардан алар ұшыры жөне бар. Сүйтiп көлденең табысы науадай құйылып тұрғанда, мұның иiрген сақасы тек қана әлшiсiнен тұрмай не қылсын? Тек бұл ана жылы өмiрiнде алғаш рет сүрiндi. Әкесiнiң ақылын тыңдап, орта Азия хандарымен суысып, ақ патша жағына шығып кеттi. Әуелгiде бәрi де ойдағыдай едi. Мал талабы да оңды болатын. Аздан сол бұларға етi үйренiскен ақ патша ел күтпеген оқыс мiнез ашты. Билiк үшiн бiр-бiрiмен қырылысқан сұлтандарды жүгендеп ұстап отыруды ойласа керек, ол ақырындап бұларға тыйым сала бастады. Ендi төрелер қалың елдi бұрынғыша билеуден қалды. Не iстесе де, ақ патшамен не Орынбордың генерал-губернаторымен ақылдасуы керек. Оған көнбесең, ақ патша алдап шақырып алады да, көз көрмес құлақ естiмес бiр алыс жаққа жер аударып жiбередi. Сонда Елмырза: “Бұ қалай?” — деп, қатты толғанған едi. — Әлде замана райы өзгерейiн дедi ме? Болмаса бiр... кәтелiк жасап алдық


27 па?»Осы ой Елмырза төренiң жанын соңғы кездерi жегiдей жеп жүр. Кәзiрде де сол пәле басына қiрiп ап, шықпай қойды. Елмырза ат үстiнде қозғалақтап қойды. Бүгiн таң азаннан Қылышбайдың күзерiнен шыққалы бiр жазбаған тақымын аз-маз қозғап, ептеп қан таратқан болды. Сосын қайтадан жөнделiп отырып, астындағы атының май бүлкiлiне сап, қатты жортып кеттi.. Сиыр сәскеге таман күн ысыды. Шайдай ашық аспанның қақ төрiнен қадала қараған күн ерекше мейiрленiп, құба далаға бар қызуын аямай құйып тұр. Анадайда тай кекiлiнше селтиген ұшпа бұлттың өзi ауыр тартып, аңқасы кеуiп кеткендей. Тек сонау зеңгiрде қос қанатын жайып жiберiп, дүз бүркiтi марғаулана қалықтайды. Одан төменде қос қанатын далп-далп қағып, жерде жортқан майда тышқандарды аулап, қарақұс тоят шақырып жүр. Елмырза төре бүркiт пен қарақұсқа кезек-кезек көз тастап, ақырын ғана мырс еттi. Басына оспадарсыз бiр ой түстi. Кеше қана қыран бүркiтше көк төрiне шарықтап шыққан Жошы хан әулетi ендi мына қарақұс сықылды аш өзегiн алдайтын жемтiк тере бастаған ба? Жоға, неге? Иә, неге? Елмырза осы сұрағына жауап таба алмасын бiлiп, ұшы-қиырсыз сарғыш дала талдыра бастаған көзiн басқа жаққа тайдырып әкеттi. Олар ұлы сәскеге таман Қарақұмның бергi кезiне iлiктi. Ұлы Сырдың мойыны алыста қалғанын сездiргендей алдан Қырдың қоңыр салқын самалы есiп қоя бердi. Ұзақ жол қажытқан жолаушылар ендi желпiнiсiп, бастарын көтерiсiп, тiзгiндерiн қолдарына жинап ап, астарындағы аттарына сипай қамшы салып, бүлк-бүлк желiп кеттi. Бiрнеше белден асқасын олар жұбын жазбастан топ болып, Дүзбай аулының үстiнен кеп құлады. Сусын iшiп, жан шақырғасын барып, Елмырза төре Дүзбайға рай бердi: — Дүзеке, мал-жан аманшылық па? — Шүкiршiлiк, — дедi жалпақ бет, батық мұрын Дүзбай мыңқылдай сөйлеп. — Балдар қалай, шапқылап жүр ме? — Әйдәй. — Дүзбай мына төренiң өзiне жылы шырай көрсеткенiне ырза боп, бұтындағы терi шалбарын күстенiп кеткен қолымен қытырлата сипап қойды. Дүзбай бай мыңғырған малы ойға, қырға сыймай жатса да, көзi тоймай, тышқақ лағы пышаққа жығылса, жылап қоя беретiн шығымсыз кiсi едi. Кешелерi асқа шақыру келгенде жер аяғының қашықтығын сылтауратып, бармай қалған. Бiр қызығы, ол өмiрi саудагерден мата сатып алмайды. Әйел, бала-шағасы ескi-құсқы киiмдерiн жамап-жасқап, iлдалдаға жарағанына қуанып, иықтарына iлiп жүре бередi. Өзiнiң төрт қатыны бар. Төртеуiнен дөреген он шақты ұлдың алды бүгiнде жеке ауыл боп, еншi алып, осы жерден қозы көш жерде отыр. Қалғандары да жеке-жеке отау. Дүзбай балаларынан бөлiнiп, жас тоқалымен бөлек қалған. Жасы жетпiстi алқымдап қалса да, әлi ажарын берген жоқ. Батық мұрны пұштиып, екi бетi үнемi қызарады да тұрады. Бiр қызығы, Дүзбай аяғынан қысы-жазы саптамалы, қалың табанды қазақы етiгiн тастамайды. Шiлденiң май шыжғырған күндерiнде сорасы аға терлеп, шуаш сасып жүргенi. Ол кәзiрде де сол етiгiн астына басып, оң жақта малдас құрып отыр. Елмырза төре өз аяғындағы көк сауырлы мәсiсiн алақанымен сипап қойып: — Дүзеке, сiз ғой осы көненiң жұрнағысыз,— дедi майдалай сөйлеп, — шамасы, сiз мына бiз бiлмейтiн бiраз нәстенi iшiңiзге түйiп жүрсiз-ау. — О не? — Дүзбай бұған сынай қарады. Ажары тая бастаған көрi көздерiнiң бiр киығында қуақы ұшқын лып-лып ете қалды да, тез сөндi. — Мен сiздiң мына етiгiңiзге таңғалам. Жұрт қой кәзiр мәсi киiп, iш дәрет алып, бес уақыт намазын қаза жiбермейтiн болды. Ал, сiз... — Е, — деп Дүзбай бiр танауымен оқыс күлдi. — Сен өзiң... Бiлмейтiн бе едiң? Мұның мәнiсi мүлдем басқа ғой. — О не сонда? — дедi Елмырза жорта таңырқап. — Оу, сұлтан... өзiң немене пайғамбарымыздың шерiсi Әзiретi Әлидiң хiкәясын естiген жоқпысың? — Жоға. — Ендеше естi, ол былай.— Дүзбай райланып, алға қарай ұмсынып қойып, мыңқылдай жөнелдi. — Әзiрет Әли қан тамған қылышымен күллi кәпiрдi қырып, мұсылман қылғасын да, қарттыққа бой алдырмапты. Баяғы жiгiт кезiндегiдей қайратынан бiр таймапты. Оған тоқтасқан әйелi шыдас берсiн бе? Ол байғұс әбден өлетiн халге жетiптi. Ақыры болмағасын, бiр күнi әйелi Мысыр ма, Басра ма, әйтеуiр, бiр араб елiндегi көрiпкел ұламаға барып, солай да солай деп, бар жағдаятын айтып жылапты. Түн баласы тиыштық бермейдi, дептi. “Баба, осыдан құтылардай не амал бар?”— деп сұрайды. Сонда ұлама тұрып: “Шерiнiң бойындағы қайратының қайтпайтын сәбәбы етiгiне байланысты. Оның табанында қырық ұлтарағы бар. Содан суық өтпегесiн қан суымайды. Мұның емi — сен сол ұлтарақты күн сайын бiреулеп ала бер, ала бер. Әгәр содан бiрдеме шықпаса, маған кел”, — дептi. Әйел қуанып, үйiне қайтады. Оңашада байқап қараса, шынында да, Шерiнiң етiгiнiң табанына салған қырық ұлтарағы бар екен. Әйел соның бiреуiн алып қояды, оны шерi байқамайды. Әйел екiншiсiн алады. Шерi оны да байқамайды. Құрсын, содан не керек, әйәл ұлтарақты бiреулеп ала бередi, ала бередi. Ақыры ең соңғы ұлтарақты алғанда, Әзiретi Әли бар қуатынан айрылып, қалжыраған шал болыпты. Осы әңгiменi үнемi әкем айтып отырушы едi. Бiздiкi құлақта қалған сол насиятты... былай... — Дүзбай қысыла, кеңк-кеңк күлдi. — Сонда... сiздiң де қырық ұлтарағыңыз бар ма? — дедi Елмырза қенет оған қарай еңсерiле түсiп. — Өй, ол қайда бiзге? — деп, Дүзбай қолын сiлтедi.— Бар болғаны төртеу-ақ. Сонда да, — дей берiп, ол iшке жайқалып кiрiп келе жатқан бидай өңдi жас тоқалын көрiп қап, сөзiн кiлт тыя қойды. Тоқал әдеппен биязы қимылдай жүрiп, ортаға қөлдей дастарқан жайып, сыртқа шығып кеткесiн барып, Дүзбай аса маңызды әңгiме айтатын кiсiше берi таман ысырылып отырды да, мұны тақымынан добалдай қолымен басып-басып қойып, бетiне ыржия қарады. — Бала, жаңа тоқалымды көрдiң қой? Әуелгiде шалға тимеймiн деп, азар да безер болып едi, кәзiр шалымнан айналып кетейiн дейдi. — Солай ма? — Елмырза жорта таңғалып, көзiн быттитты.


28 — Дәп солай. Бала, қатынды ырза қылудың бiр ғана жолы бар. Әзәлдә Аллатағалам пәндәнi балшықтан жаратқанда нашарға бiтесiн деп екi тесiк берген. Соны мықтап тығындамай, бұ дүнияда еркек кiндiкке түк маза жоқ, — деп, Дүзбай сойдақ сары тiстерiн көрсете шиқылдай күлдi. — Апырмай, ә? — дедi Елмырза төре өтiрiк ыржиып. Iшiнен: “Бар баласын өзi таптырып жүргендей мына жаман шалдың паңқуын-ай!»— деп мазақтады. Ол бағанадан берi Дүзбайдың арт жағында “хан” ойнап отырған бөкпен бет, қушық шеке ақ сары балаға қөз қырын тастап отырғанды. Анықтап қарай келе, ол баланың бет пiшiнiнен Әбдiраманға ұқсас белгiлердi жазбай таныған. Анада Тиышбектен Әбдiраманның сауда-саттық жасаған боп, Дүзбай аулынан шықпай жүргенiн құлағы естiген. Ендi сол сөздiң растығына қөзi жеткендей боп, әлденеге кеуiлдене күлiп, iшке қайта қiрiп, әдеппен иiлiп шай құя бастаған жас тоқалға тесiле қарады. Мұның назары түскенiн байқап, басына салған бұхары ақ жiбек орамалы жарым-жартылай көрсетiп тұрған жүзiн қырын берiп отырған жас тоқалдың түрiк ернiне аздап дiрiл жүгiрiп, боз бетi күреңiте бастады. Иiле берiп, ашқарақ көзi тұла бойын билей жөнелген нәпсi уытына малтыға тұманданып, әлдеқандай сиқырлы сәуле жылт-жылт етiп, бiр ретiнде шай құйылған кесенi ұсына берiп, бұған жалт етiп қарады да, әрi қарай бұрылып кеттi. Дүзбай аһаһалап, қою шайды сораптап тартып отыр. Қағылмаған мұртының шайына малынғанына еш назар салар емес. Ара арасында дымданып кеткен қос танауын қорс еткiзiп тартып қояды. Елмырза төре тазайын болатын. Қолына ұстаған кесеге қарап қойып, iшiнен: “Ұшынып қалмасам жарар едi”, — дедi. Содан соң бiр-екi кесе шай iштi де, дастарханның шетiн екi бүктеп, керi ысырылды. Ендi қонағасы қашан келедi деп, есiк жаққа жалтақтап, тыпыршып отыр. Бар ойы — жас еттi жеп алғасын, көп аялдамай, салқын түсiсiмен өз аулына қарай тартып кету. Дүзбайдың да тiлеп отырғаны сол болса керек, шәйдан кейiн еттi шала пiсiртiп, тез әкелдiрдi. Тоқалын қызғанып, қонақ үйге қайтып бас сұқтырмай қойды. Оның орнына малай қатындар сорпа құйып, бәйек боп жүр. Iшiне ел қонғасын Елмырза төре ауыл қайдасың деп сызып бердi. Ендi бағанағыша тұйықтанбай, қасындағы қарашы төлеңгiттерiмен ашық қалжыңдасып, кеуiлденiп жүрiп отырды. Әсiресе, осындай ұзақ жолдан үнемi қалдырмай алып жүретiн ат косшысы Шатаймен сөзi жараса қетедi. Ұзын бойлы, жағы үнемi пышақ жанығандай боп суалып жүретiн Шатайдың бағана-ақ тiлi қышып, қозғалақтай бергенiн байқаған едi. Ендi оңаша шыққасын, ол астындағы атын бiрер қамшылап, мұнымен қатарласа бердi. Арық бетi жиырылып: — Елеке, Дүзбай сiзден қатты қорықты-ау, — дедi. — Е, неге? — дедi Елмырза дым бiлмегенсiп. — Ойбай-ау, жаңағы жас тоқал сiзден кете кеткенше көзiн бiр алмай қойды. Ана мақтаншақ жаман шал не қарық қып жүр дейсiң? Құр көпсiк сөз тәттi жеңсiк ансаған жас тәнге жем бола ма? Тоқалдың әлi қыры жығылмапты. Оның кәзiр дер кезi ғой. Бүгiн... сонда асықпай қона сап, алтайы түлкiнi ақша қарға әрлi-берлi аунатып алғанда қой... — Қарға аунатып алғанда? — Иә, сұлтан, сiздiң көлге түкiргенiңiз де былайғы қазаққа дәрi емес пе? Сүйтiп, сауабын алып дегендей... — Сауабын.. — Иә, сауабын. — Е, солай де, — деп Елмырза Шатай төлеңгiтке жымия қарады. — Бiрақ жас тоқал жер ортасына жақындап қалған менi кәйтсiн? Бiзден гөрi қылшылдап тұрған жас иiс iздейтiн шығар? — Неге? Елеке, сiз де әлi қылшылдап тұрған жоқсыз ба? Елуде еркек деген келеге келген бурадай... — Тәйт әрi! — Елмырзаның даусы саңқ ете қалды. Қара бұжыр бетi дем арасында сұрланып, жаңағы жылы жымиыстың iзiн жым-жылас қып өшiрiп тастай салды. — Кiм көрiнгеннiң қатынына шөге кетердей сен менi кiм көресiң, а? Мен әлде күлге аунайтын жаман бақырауық жөңше нармын ба? — деп ол Шатайды оқыс тыйып тастады. Сосын салмақтап: — Ел қамын жейтiн төрелер төмен етектiнiң қапысын андыса, былайғы жұрт не болмақ? Сұлтан да бiр, бөрi де бiр. Ер азығы мен бәрi азығы жолда деген емес пе? — деп және былай шықты. Жаңа ғана мұның жылы қабақ көрсеткенiн байқап, естi тазыша жақындай берген Шатай ендi не iстерiн бiлмей, самсоз болды да қалды. Ненiң дұрыс, ненiң бұрыс екендiгiн аңғара алмай, от көрген мысықша ақырындап бой тартып, кекештенiп қап, керi шегiншектей бердi. Соны көрiп, Елмырза iшiнен сылқ-сылқ күлдi. “Бұларға сыр алдырмау керек. Бұларға сәл жақындасаң болды, бұлар жамбарсып, өзiмсiнiп шыға қеледi, — дедi өзiне-өзi. — Дегенмен жаңағы үйге қона қеткен де терiс емес едi. Кiм бiледi, ерке тоқал еркелеп...” Ол: “Еркелеп”, — дедi де, мырс ете қалды. Сосын бойын тез жиып ап, қашан ауылына жеткенше тiс жармады. Күн ұясына қона Елмырза Егiзқараға жеттi. Бүгiн мұның аулында бөлек бiр қонақ бар екен. Ол Ташкенттiң құшбегiсiне қызмет қылып жүрген iнiсi Баймырза бұған арнайы жiберген шабарман едi. Елмырза онымен жылы ұшыраса амандасып, үлкен үйдiң көлеңке жақ бетiне төсек салдырып, малдас құрып отырып, шабарманның хабарын оңаша тыңдады. — Иә, сосын? — дедi Елмырза томаға тұйық қалпы. — Әмiр Насрулла Ташкенттi шапқасын-ақ, күллi шәһардың берекесi қаша бастаған. Бұхаралықтар билеп-төстедi. Соны Хұдаяр ханның кешiрмейтiн сыңайы бар, — дедi жылтыр қара шабарман әр сөзiн салмақтап сөйлеп. — Иә, ол сонда не iстейдi? — Сұлтанның байқауынша, Хұдаяр Мұхаммәд-Инақтың аңысын аңдап отыр. Егер Хиуа ханы келiссе, екеулеп Бұхараны жаулап ап, қожалығын бөлiске салмақшы. — Онда Хұдаярға түсер пайда не? — Ау, Бұхара, Самарқан мен Һиссарды аузына қаратса, пайда деген шаш етектен келедi емес пе? — дедi ала тақия киген шабарман өткiр қара қөзi қулана жыл-тырап.


29 — Сонда... олар мына йақтан Ресей патшасының қожалықтарына сұғын қадап отырғанын бiле ме? — Әлбәттә, бiледi. — Ендеше, өзара қырқысып несi бар? — Ол ендi... Аллатағалам нұр сипатты ғып жаратқан ұлы ханның кәмәл ақылымен жаза баспай отырып жасайтын өз шаруасы. Оған мен сықылды құдайдың көп құлының миы жете бермейдi, — деп, шабарман жалт етiп былай шыға келдi. Елмырза шабарманның не айтпағын iштей бiлдi. Оның сөз iләмына қарағанда, Баймырзаның Қоқан ханы Хұдаярдың оң қабағына iлiкпек ойы бар. Сол үшiн iнiсi мұны екi араға пайдаланбақ. Онда да Хиуа ханы Мұхаммәд-Инақтың Бұхара әмiрi Насруллаға қалай қарайтынын бiлмек. Егер бұл астыртын келiссөз жүргiзiп, Мұхаммәд-Инақ мен Хұдаярды өз ара бәтуаластыра алса, мұның еңбегiнде iнiсiнiң әлесi бар боп шыға қеледi. Сүйтiп Баймырза оңай жерден олжа таппақ. Сонда оны Хұдаяр не берiп жарылғаймын дейдi екен? Әккi хан кейiннен уқит-суқит деп, алдап кетпей ме? Ол тамағын кенедi. Шабарманды одан әрмен қинаудан ештеңе өнбейтiнiн бiлiп: — Жарайды... iнiме айта бар тiлдесiп көрейiн дедi де, — деп аз кем кiдiрдi. — Тек хабар өзiмнен болады деп айт. — Бұл Елмырзаның қашаңғы айласы болатын. Ол iстiң арты сұйыла бастаса, оқшауланып, сес шығармай жатып алатын. Осы жолы да сұлтан сол қулығына басты. Әгәрда шынымен Хиуа ханы омырау ашып, ыңғай бiлдiрiп жатса, бұл Насруллаға бiлдiрмей, астыртын бiр жiгiтiн жiберiп алады. — Ләббәй, — дедi шабарман тақия киген басын төмен қарай иiп. Ол еңкейген кезде, оның ұстарамен тықырлатып қырған мойын құйқасы көгiс тартып анық көрiндi. — Сосын,— дедi Елмырза шабарманның мойнына әлденеге көз салып отырып. — Iнiме бiздiң елдiң жаңалығын да айта бар. Мына Ырғыз, Торғай жағында ақ патшаның бекiнiс қамалдары көбейiп кеттi. Кеше қана Бұхараға орыстардың бiр сауда қеруенi өттi. Олардың iшiнде жансыздардың болуы бек мүмкiн. Ал, Нұрғазы сұлтан кеше ақ патшаның арнайы шақыруымен Орынбор шәрiне жүрiп кеттi. Осы жайында ол не ойлайды екен, соны айтып хет жазсын. — Ләббәй, — дедi шабарман ол қолын кеудесiне баса иiлiп. Елмырза: “Кәлләны шапқанда айбалта ана тықыр құйқаға тиедi-ау”, — деп ойлады. Сол сәт өзiнiң де желке түсы өз өзiнен жыбырлап қоя бергендей болды. Сосын iшiнен: “Бұл өзi... iс ұшынып кетсе, мына әңгiменiң соңы қиынға түседi. Олар Насрулланы жеңе алса жақсы. Жеңе алмаса ше? Онда әмiрдiң айбалтасы екi арада делдалдыққа жүрген өз басыма төнбей ме? Одан да... бас амандығымды ойлағаным жөн емес пе? — дедi ол ақырын күрсiнiп. — Қандай заман болса да, билiктен айрылып, қу тақырға отырып қалмағанды айт. Қолдан билiк кеткесiн, көрген күнiң құрысын. Со да тiрлiк пе? Қара қазаққа жалтақтап...” Ол күн батыстан жаңа ғана жылтырай туған шағырмақ жұлдыздан өз сұрағына жауап iздегендей тосылған қалпы әлi отыр. Күн батқан шақ. Қою қараңғылық қос қанатын кең жайып, күнi бойы аңызақтан аңқасы кепкен сайын даланың сай-жырасын көзден жасырып, мұқият қымтап келедi. Әр жер, әр жерден жерошақ астында лаулап жанған от көрiнедi. Маңыраған мал, кiсiнеген жылқы даусы құлаққа шалынады. Қоңыр төбе жақтан жылқышының айқайлаған даусы естiледi. Шығыс жақтан толық айдың қызарған бетi әлсiз нұрын жер бетiне жаңа-жаңа төге бастаған. Тағы да жер бетiнен бiр күн өттi. Елмырза ауыр күрсiндi. 8 Күн ұясына қып-қызыл боп батып бара жатқан сәтте маңғал бас Мамырай бастаған бiр топ кiсi ауылдың желке тұсындағы биiк төбенiң басына кеп отырды. Бұл кезде өрiстен құлаған ұсақ мал маңырап, желiдегi құлындар шұрқырап, иттер әупiлдеп, бiр сәтте тиыш тұрған айналаны азан-қазан қылып жiберген де едi. Мамырай у-шуға құлақ тiге отырып, көпке дейiн үндемедi. Аздан сол барып басындағы шибарқыт төбетейiн шешiп ап, добалдай қолымен шашын құйқасына дейiн қырғызған қазандай басын сипап, ақырын: — Иә, Алла! — дедi. Соңғы жылдары ел арасының әңгiмесiне араласуды қойған ол балаларының ноқталарын өздерiне ұстатып, еншiлерiн берген едi. Бәйбiшесiн үлкен ұлы Елдестiң қолында қалдырып, өзi кiшi әйелiмен жеке ауыл боп шыққан-ды. Қолында кенже ұлы Әлжан ғана бар. Кәзiр мал-тегендi үш баласына бiрдей етiп бөлгеннен кейiн, өзiнде қалғаны екi-үш үйiр жылқы, он шақты түйе, жүзге жуық қой-ешкi ғана. Бұл кезiнде қанша битiн салса да, атадан қалған орташа дәулеттi дарияша тасыта алмады. Ана бiр жылы малы тегiс төлдеп, қанасына келе бастағандай болып едi, ойда-жоқта ақсирақ жұт пен Хиуаның араны кең зекетшiлерi қатар соғып, көп тұяғын қағып кеттi. Содан кейiн орташа дәулет тасымай қойды. Ал, бұған қас қылғандай Келманның малы жыл сайын өсiп-өнiп, жер-көкке сыймай кеттi. Ол Батыр ханның тұқымдарымен ыңғайласып ап, халықты теспей сорды, ешкiмге билiк бермей, қалың жұртты бiр шыбықпен айдап, атасы басқа ағайынның қолайлы қоныс, жайлауына, тұщы суы көп құдығына қөз аларта бастады. Ана жылы Хиуаның ханына сардар болған кезiнде Келман мұның Сыр жағасындағы шөбi ажарлы, тұщы суы көп құм жиектегi жазғы жайлауын тартып алды. Мамырай онымен дауласып, Хиуаға арыз айтып барғанымен, түк те өндiре алмады, қайта мұның Бұхараға қарайтын Шөмекейдiң Аспан аталығынан екенiн бiлген Хиуаның ханы Мамырайды зынданға тастата жазады. Соны бiлген бойда, бiр түнi Мамырай қосшыларын ертiп ап, iзiн жасырып Сыр бойына тартып берген едi. Содан берi екi рудың арасындағы қыжыл, тартыс өспесе өше қоймады. Келман өлгесiн, оның iзiн басқан балалары ол дауды одан әрмен өршiте түстi. Олар ретi келсе болды, Бұхараның әмiрi мен Хиуа


30 ханының өзара қырбай екендiгiн пайдаланып, жылда зекет жинар кезде, Бұхараға арқа сүйейтiн бұлардың малдарын тартып ала беретiн болды. Бiр жолы оның арты Майлыбастың кезiнде болған екi рудың арасындағы қақтығысқа әкеп соқтырды. Сол шайқаста екi жақ та бiр-бiрiн жеңе алмай, бiраз адамы шығын боп керi қайтып кеткен едi. Со жылы Мамырай бiраз малын сатып, пұлға айналдырып, Жәнiбектi Бұхараға апарып медресеге оқуға берген болатын. Ондағы ойы: “Кiм бiледi, кейiн заман қандай боп жүредi? Көзi ашылса, өз аяқ жолынан адаспай жүре алатын шығар. Сосын ол Бұхара әмiрiне сардар боп алса, Хиуаның қолшоқпары боп жүрген көп ру Төртқаралардың зорлықзомбылығынан құтылармыз”, — дегендiк едi. Ол азырақ қозғалақтап қойды. Сосын үндемей ұзақ отырды. Мамырай, затында, көп сөйлемейтiн бiр тоға кiсi. Ол осы кәзiрде де төңiрегiнде жиналып қалған балалары Елдес, Жәнiбек, Әлжандармен онша шүйiркелесе қоймай, томаға тұйық отыр. Қалың қабағын анда-санда бiр көтерiп қойып, бағанадан берi аузы жиылмай отырған Елдеске сынай қарайды. Осы баласы әуекi нағашыларына тартып, жастайынан сойыл, шоқпарға үйiр болды. Өзi бейпiл ауыз. Әлге дейiн жасы қырықты қусырып қалса да, жоқ жерде тiлiнiң тиегi ағытыла кетiп, үнемi өз бойына шақтап сөйлей бермейдi. Кәзiрде де быдым-быдым бетi күреңiте түсiп, қолын оңды-солды сiлтеп қойып, қызулана есiп отыр: — Дәл өкпе тұстан косылғасын қандай дұшпан да сасып қалады екен. Ұранды тастап, сойылды олтайлап ұстап, құйғытып келем. Бiздi көрiп, бет-бетiне тым-тырақай қашқан хиуалықтар алдыарттарына қарар емес. Зытып барады. Сосын бiз аяйық па, әруағымыз қозып, өйдәй кеп қиқуды салайық. Жеткенiмiз жеткендей, қызыл асықтан бiр қойып, сасып қашқан оларды ат үстiнен томпылдатып құлата бердiк. Мен де қарап қалғам жоқ. Ұзын қатарды әрлi-берлi жайпап, бiр ойқастап өткенiмде, әлгiлердiң отыз-қырқы ат тұяғының астында ала құртша домалап жатты. — Аздап азайтсайшы, — дедi Жәнiбек бөсiп бара жатқан ағасының жеңiнен тартып. — Е, мен неге азайтам? Қайта мен ат кеудесiмен омақаса астырғандарымды айтпай отырмын, — деп Елдес бұған ажырая қарап қойды. — Айтпақшы, сол арада бiр қызық болды. Дәл алдымда iнгендей қайқаңдап, бiр сарбаз зытып бара жатыр едi. Мен оны оп-оңай сұлата салам қой дегем. Алғашқы пәтiммен жетiп кеп, қатты ақырып қап, ұмтыла бергенiм сол едi, әлгi иттiң табан астында жалт бұрылып, тура өзiме қарай қарсы салғаны. Аспаһани қайқы қылышын қынынан суырып апты. Жүзi жалт-жұлт етедi. Соны көрiп, сасып қалдым. Маңдайымнан мұздай тер бұрқ ете түстi. Дереу жан дәрмен деп, етi қызған атымның басын керi тарттым. Иманым ұшып, тұла бойым безгек буғандай дiрiлдеп барады. — Қойшы, әлгi батырлығың қайда? — дедi Жәнiбек оған мысқылдай қарап. — Немене батырға жан керек емес дейсiң бе? — деп Ел-дес мойнын бұған сәл-пәл бұрып, дүңк ете түстi. — Сосын не болды? — дедi Жәнiбек ағасын орынсыз жерде шамдандырып алармын деп ойлап. — Не болсын әлгi неме жақындап кеп, қайқы қылышымен қиялай тартып шаба бергенiнде, қалай болғанын бiлмеймiн, сойылымды көлденең тоса қалдым. Шiркiннiң болаты асыл екен, қайың сойылға кездей енiп, барып тоқтады. Сол арада қызық болды. Мен жалма-жан сойылымды өзiме қарай тартсам, ол қылышын керi тартып жiбермейдi. Қайыңға бойлап кiрген қылышы жуық арада суырылып шығар емес. Ендi не iстеу керек? Сол арада тез ақылға келдiм. Әрi тарт та берi тарт боп тұрғанда, анаған бiлдiрмей, жалт бұрыла бере артымдағы бұғалықты ала сап, мойнынан тастап кеп жiбердiм. Сарбаз арқанға қос қолдап жабысты. Оған қарайтын мұрша қайда? Дереу аттың басын бұра сап, тебiнiп кеп қалдым. Атым ала жөнелгенде, әлгi сарбазды ер үстiнен жұлқып түсiрдiм. Сосын неден тайынайын, дырылдатып сүйреткен бойы қан қырғыннан сырттап шыға бердiм. Мамырай бәйбiшесiнен туған екi естiлеу баласына жақтырмай қарады: — Жарайды, Хиуаның азғантай қолын жеңдiңдер. Бiрақ соның артын ойладыңдар ма? — Мұның артын ойлайтындай соншалық не бар? — дедi Елдес жаңағы желпiнiсiнен әлi де арыла алмай, әкесiне аңтарыла қарап. — Ау, оның ойламайтын несi жоқ? — дедi де, Мамырай жерден бiр тал шөптi сындырып ап, шеге топырақты әрлi-берлi сызғылады. — Ол азғантай қолдың артында пiлтабан Мұхаммәд-Инақ жатқан жоқ па? Ертең ол сыңсыған әскер алып келсе... сонда қайсың оған қарсы тұра аласыңдар? Олармен соғысам деп жүрiп, быт-шыттарың шықпай ма? — Өй, үйту қайда оған? — деп, Елдес қолын бiр сiлтедi. — Ол түгел Аллаққұл мен Рақымқұл да қазақтарға... — Өй, пәли, сөз болғаныңа! — деп, Мамырай оның сөзiн бөлiп, қабағын шытты. — Сен немене оларды осал жау деп ойлайсың ба? Шындығына келгенде, солар емес пе осы Сыр бойын тегiс жаулап алған? Ендi ойдағы орыс патшасы бiзге ауыз салам деп тұрған кезде дiнi, тiлi бiр туыс елмен дұшпан болғанымыздың несi жақсы? — Өй, қойшы, көке... — дедi Елдес қыңырая түсiп. — Шақша бас саудагер сартқа бағынғанша сол аузы түктi кәпiрiңнiң өзi жақсы ма дейiм. Ашу қыстағанда, шарық киген қара жаяу оларды атқа қонып, тұрiп тастау боқтан да оңай ғой. — Өй, сөз болғаныңа! Мылтығы мен зеңбiрiгi сайма-сай оларды сойылмен сатырлатып сабап тастарсың. — Е, сабамай несi бар? — дедi Елдес қоқилана түсiп. — Иә, сендер сүйтесiңдер, — деп, ендi Мамырай ұлымен тәжiкелесе берудi өз басына лайқат көрмей, аз-кем үнсiз қалды. Алаңғасар үлкен ұлының әлдеқандай ексiм торлай қалған жалпақ жүзiне жақтырмай, бiр рет көз қиығын тастап қойды. Мамырай атадан жаңғыз едi. Әкесi көп қатын алса да, ат ұстар ер балаға жарымай өттi. Кәзiрде мұның дәтке қуат етерi қысылғанда ақыл-кеңес берер немере ағасы Сағынай бар. Ол осы арадан бiр күш жерде жеке ауыл боп, Жаманшығанақ бойын жайлап отыр. Сағынай жастайынан бұла боп өстi. Серiлiк құрып, жiгiт ағасы болғанға дейiн әуейiлiгiнен тыйылмады. Тек бертiн келе ел әңгiмесiне


31 араласа бастады оның жаңғыз ұлы Нияз да әкесiнiң жолын қуды. Әліге дейiн тұрақтап кәсiп қылмай, ат жаратып, күс салып, домбыра тартып, қызды ауылды жағалаумен жүр. Ана жолы Мамырай немере ағасына: “Мына балаға ақыл айтпайсың ба? Желк-желк етiп, жын-шайтанның жолында қашаңғы жүре бередi? Оның қатын алып, бала сүйiп, ел билiгiне араласатын уақыты жеткен жоқ па?»— деп кейiген едi. Сонда Сағынай бiр танауынан осқырына қүлген. Жасы ұлғайса да өңiн бермеген iрi сүйектi ақ сары шал иығына жамылған жалаңқат шекпенiн жөндеп қойып, кенет бұған көз қиығын кулана тастаған: “Бәндә шiркiн ана дүнияға мына дүниядан не көрдiм деп барады? Есiл өмiрi мал табу, дау қуумен өтсе, оның несi қызық?” — деген. — “Ау, сонда жасы отызға жақындаса да осылайша әлем-жәлем боп жүре бере ме?»— “Бүйтiп қашаңғы жүрер дейсiң. Мойнына мықты құрық түскен күнi бәрiнен сап тыйылады ғой”. Сол әңгiмеден кейiн аттай бiр жыл өтсе де, Нияздың серiлiктен тыйылатын түрi көрiнбейдi. Қайта неше түрлi қылығын үдетiп барады. Соны көрiп, Мамырай несiне құлауыз болам деп, артық әңгiмеге бармаған. Дегенмен iш жағында бiр түйткiл қорғасынша шөгiп қалған. Кейiннен де оңашада соның жай-жапсарын қара ақылына сап, сараптап көрдi. Барлығын таразылай келе, немере ағасының iстеп жүрген қылығы мәлдем оғаш көрiндi. Ол Ниязбен бiрге, үлкен қызы Шарапаттың бағын байлап отыр. Керiк шалдан қаймығып, Шарапатты құдалары батып қарай алмай жүр ол Құлқа батырдың жаңғыз баласы Қожақпен бесiкте жатқан жерiнде атастырылып қойылған болатын. Кедей Құлқа шағын дәулетiнен қорынып, дүмдi құдасына батып ештеңе дей алмайды. Оның жайын Сағынайдың өзi бiлер сыңайы жоқ. Сүйтiп жүргенде, мына аласаты көп, алмағайып заманда жат көзден қызғыштай қорыған асылың әлдеқандай әулекiнiң қанжығасында кетiп қалмаса игi едi? Ол ендi өз жағдайын ойлады. Өз балаларынын. Iшiндегi ноқтаға толығы мына отырған Жәнiбек қана. Осы ұлын мал аямай медiресеге берiп, бiлiм алғасын көзi қарақты боп, ел дауына араласа ма деп ойлаған. Әзiрге алымы да, шалымы да жаман емес. Ойдағы орыс пен өрдегi Хиуаның ұлы дауы жақындап келе жатқанда, оңды-солды тани бастаған ақылы өзiн адастырмай соны сүрлеуге қарай көземелдей алса жақсы болар едi. Ақыл демекшi, мұның ана бiр жылы қатты тiксiнгенi бар. Бiр жолы Бұхарада оқып жатқан баласының досы Әбдулла дейтiн өзбек жiгiтiнiң үйiнде қонып отырып, бұл өзгеше бiр жағдайды аңдап қалғандай болған. Әбдулланың қарындасы Зуһра әйдiк табаққа түрлi жемiс салып әкеп, ұсынып жатып, Жәнiбектiң жүзiне бiр рет анықтап көз тоқтата қарағанын бұл аңдап қалған. Баласының да әуейi кеуiлдiң жетегiнде жүргенiн зайыр аңғарған бұл сол арада: “Маған ендi жетпегенi осы едi?”, — деп, iштей қатты тiксiнген. Әрине, бұдан бұрында қазекеңнiң өзбек ағайынмен құдандалы болған жағдайын жақсы бiлетiн. Әсiресе, Қазақ, Ноғай жыласып айырылысқанда, қалың Маңғытқа ерiп, ауа қөшiп, Бұхараның жанынан қоныс тепкен көп Шөмекейдiн өзбектермен қаны, жаны араласа бастағанынан хабардар-тын. Ол ауылдарға барып, қонып, түстене жүрiп, қазағы қайсы, өзбегi қайсы екенiн бiле алмай, дал болған. Мұның қырағы көзi осы туыс буданнан шыққан нәсiлдiң көзi өткiр, жүзi қара қоңыр тартып, айрықша әдемi боп туылатынын тез аңғарған, бiрақ қашанғы дағдысына бағып, Жәнiбек пен Зуһраның бiр-бiрiне деген ыстық ықыласын көргесiн, ол елге келе сала, шаруаға жедел кiрiскен. Тездетiп Мұғарап құдасымен хабарласып, Жәнiбектi аяқтандырған. Айжамалды ап, басына мықтап құрық түскесiн, Жәнiбектi әлгi бiр әуейi қалпынан тез арада тыйылар деп ойлап едi. Сонысы кейiннен расқа шыққандай болды. Жәнiбек өзге жiгiттерше селтендемей, елге келiсiмен, шаруа бабымен болып кеттi. Бұл әлге дейiн соны iшiнен дәтке қуат қылады. Ал Әлжан әлi шiп-шикi. Балалығы ма, әлде жаратылысы солай ма, тым қағылез, ылдым-жылдым. Қабағы жазық, қасы сұйық. Бұл, әсiресе, оның жұқа қыз ернiнен қорқады. Ақылынан бұрын аузы қимылдайтын сөзшең болмаса не етсiн? Соны растағандай, Әлжан дыбыр еттi: — Аға, осы Ақкербез жеңгемдi қашан түсiресiң? Жәнiбек ыңғайсызданып қап, жүзi күреңiтiп, аузы жылдам iнiсiне зорлықпен жымия қарады: — Түсiрсем не iстейтiн деп ең? Әлжан мүдiрiп қалды. — Мүмкiн, сен де қатын аларсың? — деп, Мамырай кенже баласы жаққа ақырын ғана мойнын бұрды. — Өй, керегi жоқ. — Әлжан қолын сiлтедi. Мамырай ендi Жәнiбекке бұрылып, ойлана отырып: — Шынында да, келiндi түсiретiн уағың жеткен жоқ па? —дедi. — Аздап... сабыр айласақ. — Сабыр түбi сары алтын деген рас. — Мамырай ықырана отырып, баппен сөйледi. — Дегенмен де... мына дүнияның бет алысы маған ұнамай жүр. Кiм бiлiптi, замананың не боп кетерiн, — деп, ол ұзақ ойланып қалды. Сосын ұзақ ұйқыдан оянғандай, бетi көнектей боп отырып: — Шынында, келiндi алатын уағың болды. Кеше ана Төлеу батырдың Малдыбаймен қалай сөзге кеп қалғанын көрдiң. Ол бiр шегiрткедей қаптаған қалың Шектiнiң iшiндегi терiс азу тентектеу тұқымынан едi. Мұның ақыры немен бiтедi деп бола ма? — деп үндемей қалды. Шынында да, Мамырай осы керiстен қатты шошынып қалған-ды. Өмiрi жан адаммен қақтығысыпты деген аты шығып көрмеген Малдыбайды сол жолы не түлен түрткенiне қайран. Әлде Сыр бойының ойы-қырына сыймай, мыңғырып жатқан ақтылы малдын буы ма? Ертеде аталары тары көженiң буы ыссы болады деп отырушы едi. Шамасы, кiсiге бiткен дәулет те адамның кеуiлiн тасытып, ақыл-есiн алып, астамдатып жiберетiн болуы керек. Үйтпесе ат аяғы алыста жатқан Шектiнiң әңгүдiктеу батырымен ұстасудың не қажетi бар едi? Әлде талай-талай дiлуар мен тасырдың таси сөйлеген сөзiн тыңдай-тыңдай құлағы сарсылған момын кiсiнiң ширығып кеткен бiр түсы ма? Мамырай кешкi мамыражай тиыштыққа елтiгендей үнсiз отыра бердi. Күндiзгi бет шарпыған аптап басылып, Қыр ауасы күннiң өз орнына қонғанын сезгендей, салқындай бастаған. Үп еткен жел жоқ. Аспанның әр жер-әр жерiнде күндiзгi аңызақтан аңқасы кепкен тәрiзденiп, жынды жел берекесiн алып шашып кеткен бұлттар жабағы жүнше қалқып жүр. Олардың қара күңгiрт бауырларын дағдылы


32 мекенiне асыға сүңгiп бара жатқан табақтай күннiң соңғы сәулесi өрттей ғып қызарта бастапты. Сайын дала да қызғылт реңге көше қалған. Сонау көз ұшындағы алып жайынша қөлбеп түскен қара дөң де сауыры қызқылт тартып, солығын жаңа алып жатқан сияқты. Тек бұл тиыштықты талайдан бермен шапқыншылықты көп көрген момын далаға қөпсiнгендей сонау терiскей жақтағы адыр-адырдан бiр құйын көк аспанға тiк шаншыла үйiрiлiп шықты да, мың бұрала билеп, жердегi шөп-шаламды көкке көтерiп, жынша бұрқырап келедi. Осы кезде өрiстен мал құлап, әлi абыр-сабыры басыла қоймаған кешкi ауылға ат басын аудырмай келiп қалған бiр салт атты көрiндi. Жолаушы көзге онша толымды емес, денесi қораштау. Шамасы, әйәл болуы керек. — Бұ кiм болды екен? — дедi Мамырай әлденеге елеңдей ғап. — Құдай бiлсiн. Сол арада салт атты ортадағы ақ отауға жақын кеп, тiзгiн тартты. Iштен шыққан атқосшыға бiрдеме дедi. Атқосшы оған әлдене деп сөйлеп, қолымен бұлар отырған төбе жақты нұсқады. Сосын өзi жолаушымен аз тiлдесiп, қипақтап тұрды да, оған қолымен қазықты сiлтеп, өзi тура берi қарай салды. — Құдайы қонақ шығар, — дедi Әлжан дыбдырлап. Атқосшы бұларға жақын кеп, суыт жүрген жолаушының жай-жапсарын айтты: — Мына Мiрәлiнiң әмеңгерi Балқия бiзге ат басын әдейi тiреп кептi. Мiрәлiге тиіп, қор болар жайым жоқ дейдi. Алса, Мамырайға тием; алмаса, қарақалпақ асып, Айдос бидiң баласына барам, дейдi. Әне, ол сiздiң жауабыңызды күтiп тұр. Мамырай мұны бұлай болады деп еш ойламаған едi. Ол дем арасында шаралы жүзiне көлеңке шауып, абыржып қалып, кәпелiмде ештеңе дей алмады. — Апырмай, мынау бiр қиын нәсте екен. Бiрден жауабын бере қою... өзi... — Балқия жауабын кәзiр берсiн, алмайтын болса, жолымнан қалдырмасын, дейдi. — Аяқ астында не дей кояйын? Әлгi қатын қайда едi? Ө-ө-зi үйде ме? Ендеше сен осыны бәйбiшеге айта қойшы, не дер екен? — дедi Мамырай табан астында жөн тауып. Ондағысы атқосшы бүгiн осы ауылда жатқан бәйбiшеге барып келем дегенше мына тосын жағдайдың алды-артын ойластырып алам да ғой дегендiк едi. Сосын iшiнен: “Шынын-да да, бұ не өзi? Мұның арты қып-қызыл дау емес пе? Егер оны... алмай, қарақалпақ асырсам, ертең қазақта бiр қатынға еге болар еркек кiндiктi табылмапты деп, ойдағы қалың қарақалпақ күлмей ме? Сонда... не iстесем екен?»— деп, тығырыққа тiрелген Мамырай көзiмен жер шұқып, отырып қалды. Атқосшы жiгiт бәйбiшеге тез барып келдi. Мамырай оған күдiктене қарады: — Иә, не дейдi? — Мәке, бәйбiшеңiз: “Әруақты үстiмiзден қарақалпаққа асырып, елге шет болатын жағдайымыз жоқ. Алсын”, — дедi. Соны естiген бойда, Мамырайдың екi бетi ду ете түстi. Бiр жағынан балаларынан қатты қысылып, дағдарып қалды: — Сонда... алғанда... ертең соңы қалай болады, соны бәйбiше ойлап па екен? — Ояғын бiлмейiм. — Шынында да, мұның соңы қып-қызыл шатақ қой, — дедi Жәнiбек әкесiнiң осы арадағы солқылдақтығын ұнатпай. — Өй, оның не соңы-полы бар? Тием деген қатынды алмаған Ережептiң өзi кiнәлi. Оны жатқа бұйыртқанша... осының өзi-ақ дұрыс,— деп, бағанадан берi үнсiз отыр-ған Елдес кенет дүңк ете түстi. Мамырай қабағын шытып, буындары сытырлап, орнынан түрегелдi. Әкелерiнiң қабағын бағып өскен жiгiттер жым болды. Мамырай ауылға қарай асықпай келе жатып, ертеңгi күннiң жай-жапсарын iштей таразыға салып байқады. Бiр есептен Ережеп сыртқа тепкен Балқияны алып, бүткiл Әлiм, Шөменнiң алдында өз абыройының бiр көтерiлiп қалғанын мақұл көрдi. Сол қамшы боп, қалған жаққа қөзжұмбайлық жасап, атқосшыға бұрылды: — Барып айт, атынан түсе берсiн!

9 Жәнiбек әкесiнiң ауылынан кеуiлi әлденеге ауырлап қайтты. Қуаңның шұрайлы жағасында алқа қотан тiгiлген көп ақ үйден ұзап шығысымең осы арадан онша қашық емес Сағынайдың аулына соғып кеткендi жөн көрдi. Сосын атын тебiнiп қап, iңiр қараңғылығында сар желiп жүрiп кеттi. Бұл кезде күнзi бойы аңылжыған аптап басылып, шiлде айының түнгi қоңыр салқыны басталып та кеткен едi. Шығыс жақтағы қарауытқан адырлардың жалпақ жонын қызартып, бетi шарық табақтай боп қып-қызыл ай түнгi қаракөк аспаңға мамырлап көтерiлiп келедi Оның жан-жағында қабыршақ жұқа мұздай ұшпа бұлттар селтиедi. Сонау көк төрiнен алыстағы жұлдыздар ауыл оттарынша сан құбыла жылтырайды. Айналадан ақырып пiскен адыраспан, боз жусан мен изеннiң ұнамды қышқылтым исi келедi. Түн қымтаған жалпақ даланың өз еншiсiне түгел тигенiн сезгендей әр жер-әр жерден шiлделiктер, ештеңеден айылын жимастан өз сазына өзi елтiп, ұзақ-ұзақ шырылдайды. Мiне, бiрi бұлынғырлау ай сәулесi астында оқтай атылып, шоршып түстi де, бозаңытқан бойы анадай жерге барып қона кеттi. Iзiнше бiр түп жусанның панасын жамылып, аз-кем тұрды да, күдiктi ештеңе сезiлмегесiң қайтадан қысылмай-қымтырылмай, шырылдай жөнелдi. Тек мұның етi қызып арлаған атының топ-топ түскен тұяғынан тiксiнiп қап, ол кенет көмейiне әр жағынан лықсып кеп қалған ән әуезiн бiрден ерiксiз iрке қойды. Жәнiбек әлденеге бойы мамыражай тартып‚ түнгi даланы кернеген тиыштық неше түрлi ой мазалаған жанына сылауша жағып, кеуiлденiп келе жатыр. Салқын самал жанына жайлы тиiп,


33 шапанының өңiрiн ағытып қойды. Кеуiлi өсiп, мына әлi қаймағы бұзылмаған тиыштықтың ортасында келе жатып, бiр түрлi әлең айтқысы кеп кеттi. Есiне осы өңiрге аса таныс “Ақкербез»әнi оралды: Мiнген атым астыма бұқпа қара-ау, ақ бетiңе шаң тисе-ау ыққа да қара-ау, Ақкербез-ай, — деп тереңнен қайырылатын сазды әннiң шыңылап барар тұсына даусы еркiн жетпей тоқтай қалды. Iшiнен: “Ақкербез”, — дейдi. Ойына Ақкербез түстi. Сонда бұл қандай ұқсастық, дедi өзiне өзi. Әлде ата-анасы серi жiгiт осы үндi арнап шығарған сұлу қыздай болсын деп, ырым етiп қойған ба? Кiм бiлсiн? Ақкербез, шынында да, нағыз кербездiң өзi. Бар денесi тал шыбықша бұралып, тоқпақтай қос бұрымына таққан ауыр күмiс шолпысы сыңғырлап, көк сауырлы, биiк тағалы кебiс киген аяғын ерiне сәндеп басқанда, қандай кербез жiгiт те ерiксiз қарайлай бередi. Содан зерлi көкiрекше қынай барып қымтай түскен әсем кеудесiне, сүйiр иек, бұлдырық бұғақ, ақ сазандай қыздың ажарына iшiп-жеп, сұқтана бiр қарап өтедi. Әр жағында лып ете қалған қызығу, қызғаныш отын жасыра алмай, өзiне бұйырмас мына киiктiң құралайындай жанға жүзi алабұртып, лезде күреңiтiп қадалады. Соны көрген сайын Жәнiбектiң кеудесiнде бiр түсiнiксiз сезiм оянады. Iштей едәуiр көтерiлiп қалады. Кәзiрде де өз сезiмiне өзi балқып, қымыз iшкен кiсiше ыңылдап келедi. Аздан сол алдан қалың құмшауыт басталды. Бағанадан берi кебу жердi болат тұяқтарымен тынымсыз дүңкiлдетiп келе жатқан ат ендi салқын құмды сабырлап кешiп кеттi. Құмнан шығысымен ол бұйырғынды алқаптан өтiп, осы кезде жерошақта оттары жылтыраған ауылға қарай тура салды. Ел қарасын сезген жануар ау-тауық басын шұлғып қойып, ендi мүлдем ықыластана жүрiп кеттi. Жәнiбектiң өзi де бойын жиып, ер үстiнде тiктелiп отырды. Сосын бағанағы жағдайды есiне қайта алды. Оның дәл бүгiн Сағынайдың аулына келем деген ойы жоқ болатын. Ойда-жоқта Балқияны босағасынан аттатқан әкесi мұны ағасына хабар бер деп жұмсады. Сағынай бәйбiшеден туған, iрi денелi ақсары шал. Оның ақ сақалы шудаша тұтасып, өңiрiн түгел жауып отырады. Өзi жасында палуан боп топқа түспесе де, аса қайратты, серi жiгiт болған. Кейiннен сонысына бағып, балаларын бетiнен қақпай өсiрдi. Шаруаға онша қыры жоқ. Бар iсiн жақын туыстарына тапсырып қойып, өзi көбiне көп жан тиыштығын қолай көредi. Жеке ауыл боп, бөлек отырса да, ылғи бар малы Мамырайдың отарымен бiрге бағылады. Соны кеуiлге тоқ санаумен Сағынай жетпiстi алқымдап та үлгердi. Жәнiбек атын желiге байлай сап, iшке сәлем берiп кiрiп келгенiнде, Сағынай әйелiнiң жанында қос жастықты шынтақтап жатыр екен Мұны көрiп, ол тiктелiп отырды да, иығына жеңiл түйе жүн шекпенiн жамылды. Аман-саулықтан соң: — Бала, қалай қауын-қарбызың өсiп атыр ма?— дедi Сағынай қалың ақ сақалын быртық саусақтарымен салалап отырып. Түнгi шырақ сәулесiнде шалдың, ақ сары жүзiне шапқан мысқыл анық көрiнбедi. — Жаман емес, — дедi Жәнiбек әлденеге ынғайсыздана түсiп. — Осы... сарттар не егiп, не жеудi жақсы бiледi-ау. Ана жылы Бұқарға барғанымда, бiр өзбектен шабдалы сатып алып жеп едiм, өзi туырылған қазыдай уылжып тұрады екен. Таңдайға жұмсақ тиедi, — деп Сағынай түсi жылып, омырау ашқан боп келе жатты да, оқыстан белең алған атша жалт бұрылды. — Бiрақ щабдалы не, жүзiмi не, нәтi су ғой. Олардың қуыққа шапқаннан басқа түк те қасиетi жоқ-ау. Жәнiбек қылпыған қылыш үстiнде отырғандай үндемедi. Iшiнен ағасына қарсы айтар дәлелдi сөзi көп болса да, дәл осы жолы сабыр айлағанды жөн көрдi. Ақ сары шалдан көзiн тайдырып әкетiп, жанында үн-түнсiз отырған Ниязға бiрер қарап қойды. Сағынай тағы да мырс ете түстi: — Мына өзбектер бау-бақшасын жиып-терiп болғасын, қолдарына өңешi сорайған кернейiн ап, даңғырасын қағып, би билеп, ойын-сауық құрушы едi. Ендi сен де қауын-қарбызыңды жинап бiткесiн, сүйтетiн шығарсың? — Әрине, — дедi бағанадан берi шалды iлетiн тұсты аңдып отырған Жәнiбек кенет райлана күле түсiп,— мына исi Шарқыдағы ұлама кiсiлер бiр ай еңбек етiп, бiр күн думан құрған айып емес деген. Ала жаздай тер төгiп, бинетiн қып, күзде соның зейнетiн көрем десе, оның несi айып? Жыл он екi ай бойы селкiлдеп, жын-шайтанның соңында жүргендер де бiзде, шүкiршiлiк бар емес пе? — деп күлiп, ол жанында отырған Нияздың тақымын басып-басып қойды. Ұтырлы сөздi сүйетiн Сағынай ырза боп, ұзақ күлiп, көзiнен аққан жасын сүртiп отырып: — Өзi... жын-шайтан да әзәлдә бәндәға бiр керегi болғасын жаратылған-ау. Кейде қара құмырсқаша қара жерде бас көтермей түртiнектей бергенше, былай, жiгiтшiлiк құрып, желпiнiп алған да артық емес қой,— дедi. — Сонда... кiм шаруа жасайды? — Ау, оған құдай берген малай, жалшы бар емес пе? — О да дұрыс шығар. Бiрақ...— дедi Жәнiбек ойлы кескiнiн бұзбастан, — соларға шығын қылған пұлды жинасам, зиян ба? Немене сол жалшы iстеген жұмысты өзiмiз атқарсақ, қолымызға жұғып қала ма? — Әй, баламысың деген, — дедi Сағынай күлiп.— Адамизаттың бай мен кедей, жақсы мен жаман боп бөлiнгенi бөлiнген. Кiмнiң малы, дәулетi бар,— бұ дүнияға сол қожа. Сонда дейiм-ау, малым асыптасып тұрып, мен қара шаруаға неге басқа бiреудi жұмсамайым? Мен неге өз дәулетiмнiң қызығын көрмейiм? — Ендi... ол, — деп Жәнiбек не дерiн бiлмей, iркiлiп қалды.


34 Сол арада бағанадан бермен үндемей отырған Нияз сөзге кiрiсiп: — Өй, қойшы, бiлгiш дегенге сен де бiр,— дедi де, қолын бiр сiлтедi.— Бұ дүнияға екi келу жоқ. Сондықтан қымыз iшiп, қызық көрiп... — Ол кенет сөзiн кiлт үздi. Осы кезде iшке шолпысы сылдырлап, Шарапат кiрiп келдi. Жәнiбек талас сөзден күрт тыйылып, еңсесiн тiктеп ап, ерке мiнез қарындасымен қысқаша амандасты. Қымыз iшiп отырып, оған бiр рет анықтап көз тастады. Шарапаттың жүзiнде әкесi мен шешесiнiң белгiлерi қатар бар екен. Оның сопақтау ақша жүзi сонау жүмыр иекке дейiн қаздың жұмыртқасынша бiр тегiс боп бiткен. Сұйықтау қара қасы қырғидың қанатынша қағып-қағып қалғанында, лып-лып етедi. Көзi қара суша күңгiрт тарта мөлдiреп, бiр түрлi әдемi боп көрiнедi. Тек қана оның ажарын қисықтау боп бiткен дөңес мұрны ғана аздап бұзады екен. Шарапат сыртқа шығып кеткесi, Жәнiбек Сағынайға әкесiнiң хабарын жеткiздi. — Апырмай, ә? — деп, Сағынай қозғалақтап қап, сақалын уыстай ұстап, толғанып ұзақ отырды.— Оның бұнысына жол болсын? Олар кекшiл, өжет тұқым едi. Келманмен бұрыннан да татулығымыз шамалы болатын. Ендi жесiрiн алғасын... дау-дамайға гүмп бердiм де. — Мен де солай ойлап отырым, — дедi Жәнiбек оны тез қоштап. — Сонда... Балқия қашып шыққан ба? — Иә. — Ау, оның Мiрәлiнi менсiнбесе, Ережепке тимегенi нес? — Ережеп жеңгесiн алмапты. — Е, неге? — Ояғын бiлмедiм. — Оны... мен бiлем, — дедi Нияз мысқылдай кұлiп. — Ережептiң көкейiн тесiп жүрген басқа бiреу бар. Мына жеңгесiн алса, басы бос, орынды жердiң қызы оған тие қоя ма? — О кiм өзi? — Жәй, бiреу. Жәнiбек Нияздың тiлiнiң ұшында қыпылдап тұрған әлгi қыздың кiм екенiн аңғарып, дем арасында түсi өзгерiп сала бердi. Бұл Бұхарада оқып жүргенде Ережептiң Малдыбай аулына барып, оларды бауырға тартып жүрген жайын ұзынқұлақтан естiген едi. Бiрақ оның Ақкербезбен кездескенiн, ашық сөйлескен, сөйлеспегендерiн мүлдем бiлмейдi. Өз пайымдауынша, оған Ақкербездiң өзi ыңғай бермеген сияқты. Оның үстiне Келман бай Малдыбай тұқымымен сүйек шатыс болғанды қаламапты. Сол екi арада әуелi Келман, сосын Өтәлi қайтып, Ережептiң өрiсi қысқарып, қол-аяғына жiпсiз тұсау түсiп қалған-ды. Осы кезде Жәнiбек Ақкербезге ен таққан. Ендеше... Нияздың күрмеле түскенiне қарағанда, Ережептiң қызға деген ықыласы әлi суи қоймаған. Мүмкiн, бәрi жаңсақ әңгiме шығар. Осы ойын жанына медеу тұтып, Жәнiбек бiр түрлi боп, қоңырайып отырып қалды. — Дұрыс,— дедi Сағынай кiмге айтқаны белгiсiз даусын соза. Сосын асықпай: — Ақыл айтатын бала емес. Ата сақалы аузына түскен жоқ па? Шаруасының жайын өзi бiледi де. Жөн дегенiн iстегенi мақұл шығар, — деп сөзден тыйылды. Сол күнi Жәнiбек Сағынай аулында қонып қалды. Нияз екеуi ақ үйде бiрге жатты. Жартылай ашылып қойылған түндiктен жұлдыздары жыпырлаған көк аспанға қөз салған қалпы Нияз: — Қайдам, сенiң жаңағы айтқаның да жөн шығар. Менi қашаңғы серi боп, қыз-қырқынды оятып жүре бередi дейсiң. Мойынға тура құрық түскен күн қызыл қарын жас баланың қамын жеймiз де, — дедi күрсiнiп. Жәнiбек оған қарай аударылып түсiп, аз-кем таңданып қалды. Ол iнiсiн ақылға шола ма деп, iштей қомсынып жүрушi едi. Ендi не дерiн бiлмедi. — Солай,— дедi Нияз тағы да.— Кейде мына тiршiлiктiң не опасы бар деп те ойлаймын? Жарайды, iштiң, жедiң, жар құштың, бала сүйдiң, бiреуден артық, бiреуден кем дәулет құрадың. Соның бәрi ертең түкке де татымайды емес пе? Жұрттың бәрiнiң баратын жерi бiр қана орын ғой. Құмнан жаратылып, қайтадан құм боласың. — Мынауың Омар Хәййәмның айтқаны ғой, — дедi Жәнiбек басын кiлт көтерiп ап. — Кiм, кiм? — дедi Нияз берi бұрылып. — Фарсының әйдiк шайыры... О да солай деген. Мына тiршiлiкте мәңгi дәнеме де жоқ, бәрi фәни, сен одан да шарап iшiп, аз күн тiршiлiктi шалқып өткiз деген. — Паһ, паһ! — Оның... ендi... дұрысы да, бұрысы да бар ма дейiм. — Жәнiбек қабағын түйiп, шынтақтап, жағын таянып отырды. — Осындай уағызға ерген кiсiлер мына Ыстамбұл дейтiн шәһар жағында сопышылық жолын ұстап, дүния-дан баз кешiп, қызық бiр тiршiлiк кешкен. Ондай сопылар Қаразым жағында да бар. Көне замандарда қожа Ахрар дейтiн пiр болған. Мүридтер сол пiрге қол тапсырып, диуана боп жүредi. Оларды нәкшбәндийә дейдi. — Қойшы, рас па? — Өтiрiк айтып, немене сенiн бiрдеңеңдi алдап алайын деп отырмын ба? — Жәнiбек ақырын күлдi. — Бiрақ дүнияны фәни екен деп, олай бар тiршiлiктен түңiлудiң не керегi бар? Соншалықты жан қызығына салынғанды өз басым онша дұрыс дей алмайым. Алла-тағала бәндәға жанмен қоса тәндi де берген. Дәм тату, жақсы-жақсы астан ләззат алу, нәпсi тарқату — бәрi де керек. Онсыз дүния қызықсыз ғой. Менiң қара ақылымша, осы тән мен жанның қабат кеп, астасатын бiр тұсы бар, ол — еңбек. Жұмыс iстеп, қимылдасаң, қан тарайды, кеуiлiң ашылады. — Ол Ниязға бұрылып қарады. — Сен жаңағыдай жаман ойды басыңнан шығарып таста. Мына дүнияға бiр келу мен бiр кетудiң бары рас. Тек солай екен деп әлден қайғы жей берсең, соңырағы күнi диуана боп кетесiң ғой. — Қойшы! — Оның қоятын түгi жоқ. — Жаңағы шайырыңнын аты кiм едi?


35 — Омар Хәййәм. — Соның сенде өлендерi бар ма? — Бар, фарсыша. Сен оны түсiнбейсiң ғой. — Қап, — дедi де, Нияз қынжылып, әрi қарай аударылып жатты. Ол мұсылманша азын-аулақ хат танығаннан кейiн әрi қарай тереңдетiп оқымай қойған едi. — Қаласаң, бiр қолым қалт еткенде, қара сөзбен тәржiмәлап берейiн. — Сүйтшi, — дедi Нияз басын көтерiп ап. — Соны... ана Сарыбай Әзiлкеш немесе Балқы Дербiсалы жырауға өлең еткiзiп алам. Ол ерiнсе, Кете Ермағамбет шайырға барам. — Айтпақшы, оның өзi парсыша түсiнбей ме? Соған бiратала аудартып алмайсың ба? — Әуелi... өзiң көрсейшi. Болмай бара атса... — Жарайды, — деп Жәнiбек сөздi ұзаққа созбай, тез келiсе салды. Сосын оған жақындап отырып, жылы дауыспен: — Сенi ана Нарманның аулынан шықпай жүр дейдi ғой мына жұрт. Нияз қысыла күлiп, жарытып ештеңе дей қоймады. — Қыз өзi... былай... ұнай ма? — дедi Жәнiбек өкшелеп. — Ендi... — Онда бас салып алмайсың ба? — Оған көкем ыңғай берер емес. Оның үстiне Шарапат... — Оны... былай... ретке келтiртпеймiсiң? — Мен бе? Көкемнiң өзi бiлмей ме? Жәнiбек үндемедi. Азанда ол түн асқан салқын қымыздың тұнбасынан бiр тостағанын iше сап, атына мiнiп, аулына қайтты. Жолшыбай бiр бүйiрде отырған әкесiне соғып, Сағынайдың сөзiн жеткiздi де, көп кiдiрмей жолға шықты. Ауылдан ұзағасын, ол Қуаңның жағасымен, Көсенi бетке ұстап, таңғы салқында бойы ширақ тартып, астындағы атының тiзгiнiн iрiкпей, қатты шоқырақпен жүрiп келе жатты. Бiр арада шұбыра жортқан екi үйiрдей жылқының iзiн кездестiрдi. Жәнiбек атының басын тартып, iздiң бағытын байқап көрдi. Ат тұяқтарының еспе құмда қалай болса солай шашылып түскенiне қарағанда, осы арадан екi үйiрдей жылқы өте асығыс өткен сияқты. Олардың ұрланған мал болуы әбден мүмкiн. Ол сол арада тiзгiн тартып аз тұрды да, шамалыдан соң бойын жинап, атын бүйiрiнен арқыны тебiнiп қалды. Сосын шұбырған iздi кесiп өтiп, жаңа қүннiң қандай ырзық-несiбе әкелерiне көзi жетпей, аздап аң-таң болған Жәнiбек Қуаң бойындағы өз аулына қарай асықпай сары аяңмен жүрiп келе жатты. 10 Көсе бойының қамысы мен қопалы ойына жете бергенде, жортып келе жатқан жылқы алдарынан қасқыр көргендей үрпиiсiп, тұра-тұра қалысып, борық исi сасыған көлтабанға үрке қарады. Шәки тездетiп, жiгiттердi жан-жақтан қаумалатып, үрiккен жылқыны ерiкке қарат-пай, iлгерi айдады. Өзi шұбар атымен бiрiншi боп ойға түстi. Арт жағынан айқай мен шыбыртқы естерiн алған жануарлар бiрбiрiн итермелеп, шошына шұрқырасып, мұның соңынан лажсыз ердi. Жалпақ табанға түскесiн, Шәки солға бұрылды. Оң қапталда тұтаса қарауытып тұрған нар қамыстың қалың масасын шошыта отырып, бiраз жер жүргесiн, жылқыны шыбын-шiркейi аз жар қасына әкеп, азырақ солықтатып алғанды жөн көрдi. Серiктерiне жан-жаққа жiтi көз салып, ұрлық малды жат көзге шалындырмаңдар деп қатты тапсырып, өзi Ережептiң аулына кеттi. Шұбар ат әлi онша шаршай қоймаған екен. Ауыл қарасының жақын екенiн сезгендей, ара-тұра басын шұлғып қойып, төрт аяғын тең тастап келедi. Аракiдiк жер реңi өзгергенде, басын төмен салып жiберiп, тiсiне iлiккен отты жұлып ап, жүре талмап қояды. Шәкиге атының бұл мiнезi таныс. Жануар қандай жетi қараңғы түнде де жер нобайын жазбай таниды. Шұбар аттың сол мiнезiне қанық Шәки тастай қараңғыда айналасын шолып, әуре боп жатпайтын. Анда-санда төбеден төнген жұлдыздарға қарап қойып, бағытынан ауытқып кетпеудi ғана қадағалайтын. Осы жолы да ол тiзгiндi ұстап‚ нығыз отырған едi. Кенет шұбар ат бiр түп бұйырғынға сүрiнiп кетiп, омақаса құлай жаздап барып, әрең дегенде бойын тiктедi. Шәки ерiксiз шалқайып, тiзгiндi керi тартты да, аттың басын тежеп, жерге түсiп, шұбардың төс айылын аздап босатып, оның жабуының астына қолын сұғып, ащы тердiң қатқан, қатпағанын байқап көрдi. Сосын ерге қарғып қонып, тiзгiндi қаттырақ делбеп қап, жүрiп кеттi. Бұл кезде түн ортасы ауып, үркер көтерiле бастаған кез едi. Аспандағы жұлдыздар сиреп, қуқыл тарта жылтырайды. Нағыз тәттi ұйқының шағы. Соны сезген Шәки шаршағанын жаңа бiлдi. Оның қайратты денесi бiр сәтте ал-сал тартып, басы ерiксiз алға қарай иiлiп кете берiп, басына бiр тұман орнағандай қабағы ауырлап, көзi кiлгiре бастады. Ол лезде өзiнiң қалғып бара жатқанын аңдамады. Кенет кәнiгi дағдысымен селк етiп, шошып оянып, бойын тiктеп ала қойды. Дереу жан-жағына көз тастап қойып, тағы да сар желiп кеттi. Бiр мезет ауыл жақта екi көзi төрт болып, өзiн сарсыла қүтiп отырған шешесiн ойлады. Сол екен, сай-сүйегi сырқырап қоя бердi. Есiне қайдағы-жайдағы түстi. Әсiре-се, атадан жаңғыз екендiгiн есiне алғанда, тұла бойы суық шалғандай қалтырап кеттi. Мұның әкесi не бiр асауды бұғалықтап, жерге табан тiреп, шiрене тартқанында, шалқ ортасынан түсiретiн қайратты кiсi болатын. Қысы-жазы Келманның қалың жылқысымен бiрге өрiп, бiрге жүретiн ол талай ақбасқындарда табынмен бiрге ығып, қылқұйрықтарды орға, жарға ұрындырмай, қалың қамыс панасына әкеп, аман сақтайтын. Сүйткен әке ана жылғы әлемет ақбасқында жылқымен бiрге ығып кетiп, үсiп өлдi. Сосын он алты-он жетiлердегi бұның мойнына отбасының бар тауқыметi түстi. Шәки ендi әке құрығын қарына iлдi. Содан берi бұл мал соңында салпақтап жүр. Шешесi болса, Ережептiң үйiнiң отымен кiрiп, күлiмен шығады. Сондағы бар алатындары — өздерiнiң iшкен-жегендерiнен ауыспайды. Соңғы кездерi кәрiлiк пен бинет мойыта бастаған жатқан шешесiнiң ыңқыл-сыңқылы көбейiп кеттi. Шәки соны ойлап, оның қолын ұзартқысы кеп, бiр жолы Әлiмнiң Мәметегi Көпжанның үйiне кеп түскен-дi. Көпжан әкесiмен


36 құрдас болатын. Екi үйдiң өзара аяқ-табақ қатынасы бар едi. Ана бiр жылы жайлауға қөшiп бара жатып, әкесi мұны ертiп, Көпжанның ауылына соққан-ды. Сонда бастасымен қалжыңдасып отырып Көпжан дәм үстiнде: “Осы екеумiздiң бiр-бiрiмiздi сынайтын немiз бар? Менiң ұлым жоқ, сенiн қызың жоқ. Осы құда болсақ кәйтедi?”— деген-дi. Соны ести сала, Шәки қып-қызыл боп кеткен. Етжеңдi, сүйегi салалы, шабан қимылдайтын қызылбет Дархан өзiнiң де кеуiлiне құрт түсiрiп жүрген-дi. Бұған қыз да кетәрi емес сияқты. Ол қараүйге кiрiп-шыққан сайын басқа кiсiге бiлдiрмей, бұған ақылды қой көзiн қуақылана тастап коятын. Сол кезде Шәки жаман қысылып, көзiмен жер шұқып, төмен қарайтын. Тек қыз сыртқа шығып бара жатқанда ғана, оның тұрқына сынай көз тастайын. Қаршадайынан жылқы арасында туып-өскен оған кәнiгi атсейiстердiң асыл малды сынап байқайтын тәсiлi әбден таныс-ты. Сол сынның адам баласына да дәл келетiн жерлерi барын сезiп жүретiн. Бiр қарағанда, Дархан сылбырлау тәрiздi. Маңдайы кең, қасы қалың, екi бетi шығыңқы. Ернi сәл-пәл дүрдектеу. Аздап сөйлейтiнi болуға керек. Бiрақ ашуы артында. Тек қайраты бетiне шығып тұрған шаралы жүзiн мес түйiнiндей мұрны ғана бүлдiредi. Болмаса ақылдан да, көрiктен де кенде емес. Бұл биыл Дарханмен оңаша сөйлесiп көруге оқталды. Сол ниетпен әдейiлеп ат басын тiреп, үйiне барды. Көпжан таспа тiлiп отыр екен. Мұны көрiп ол: “Бала, жылқың қалай?” — деп осқырына қүлдi. Бұған шалдың даусында әлдеқандай мысқыл жатқандай боп көрiндi. Әсiресе, Ережептiң атақты көк алаларын мұның жеке меншiк малындай көргенi ыңғайсыздандыра түстi. “Аман”, — дедi Шәки бермеуге тырысып. “Осы әкелi-балалы сендерге Келманның малы құт болған-ау. Оны қызғыштай қорисыңдар. Ендi сенiң балаң да сол жылқыны бағатын шығар?” — Шәки үндемедi. Көпжан тағы да оқыс мiнез шығарып: “Байдың малын бишара қызғанады деген. Осы менiкi не, а? Е, бақ, бақ!”— деп лекiте күлген. Шәки соның сырын кейiнiнен түсiнгендей болды. Сол барғанында бұл сексеуiлмен шегендеген құдықтан қауға тартып жатқан Дарханды көрiп, оның жанына келдi. Қайратты қыз екi жеңiн түрiнiп жiберiп, құдықтың ернеуiне аяғын қойып, қыл арқанды құлаштап тартқанда, дәу шелектi сыртқа ытқытып шығарды. Өзiнiң қан ойнаған жүзi бал-бұл жанып тұр. Арқан ысқан алақаны қып-қызыл. Шалт қимылдап қалған сәтiнде, көйлегiнiң көкiрек тұсын тырсия сыртқа тепкен қос омырауы дiр-дiр етедi. Шәки қызға өзiнiң сұқтана қарағанын әбессiнiп, оның қолынан арқанды ала сап, қауға тартқан. Ағаш науаға салқын суды құйып жатып, Дарханның өзiне сүйсiне көз тастағанын байқап қап, қуана әрi қысыла, екi бетi оттай жанып кеткен. Содан аттанарда Дархан үйдiң бiр оңашасын тауып, елеусiздеу қып, мұның қолына жиегi кестеленген жiбек орамалды ұстата салған едi. Кеуде тұсын қыж-қыж қайнатқан сол орамал ақыры Шәкиге өз дегенiн iстеттi. Көп ұзамай Шәки Дарханды келiншек қып түсiрдi. Бұл алғашқы тәттi айлардың қалай зымырап өте шыққанын байқаған да жоқ. Көп ұзамай Дарханның екi бетi албыртып, екi көзiнiң астыңғы жағына шашылған тарыдай майда секпiл ойнап шыға келдi. Оның шаруаға ықыласы соқпай, ұйқысы келе беретiндi шығарды. Соны сезген шешесi Дарханның қол-аяғын қимылдатпай, үйдiң шаруасын өзi iстейтiн болды. Шәки келiншегiнiң аяғы ауыр екенiн бiлiп, iштей қуанды. Сосын ертеңдерi қайын атасын шақырғанда, тарту ететiн малдың болғаны жөн ғой деп бiлдi. Сол оймен ол Ережепке барып, ағайынның алқасын қалайтынын бiлдiрдi. Бiр жағынан әкесiнiң мұның малына сiңiрген еңбегi көмейiнде iркiлiп тұрған-ды. Ережеп сырын алдырмай, ұзақ ойланды. Бiраздан сол барып: “Құда шақырсам дегенiң дұрыс қой, — дедi. — Бiрақ өзiң ойлашы, биыл ас бергелi отырмын. О да бiр өз алдына қөп шығын. Тағы да басқа шаруалар көлденеңнен килiгiп тұр. Соның бәрiне мал керек. Менiң қай бiр артылып жатқан малым бар?” “Ереке”,— деген бұл жалынышты үнмен. “Әрине, маған жағдайың белгiлi. — Ол қабағын шытып, ұзақ iркiлдi. — Осы сендей қайратты жiгiтке мал табу деген боқтан да оңай емес пе? Ер азығы мен бәрi азығы жолдаң деген. Сен де”, — деп әккi жiгiт мұны өз ойына қарай көземелдеп қойып, онша абырой бере қоймайтын осы жолға айдап салған едi. Содан берi Шәки жылқышылықты қойып, түрiкмен асып, желiден кесiп жылқы алып жүр. Өткен жолы бұл Үстiртке шығып кетiп, әр жақтағы Адайлармен жауласып жатқан түрiкмендердiң ақалтекелерiн қуып келген-дi. Содан соң Ережептiң ақылымен iшкi жаққа барып, Ақмешiт шәһарының жанында қөшiп-қонып жүрген Табындардың екi үйiрдей жылқысын айдап қайтты. Жаңа ғана сол ұрлық малды Шөмекейлер жайлайтын Қуаңның бiр жықпылына әкеп жасырып тастады. Ендi өзi Ережепке хабар салмаққа келе жатыр. Мырзаның дiттеген жерiнен шыққанын бiлiп қуанғанымен, мұның iшкi жағында бiр түйткiл бар. Бұхарбай, Байқадамдай батырлары бар Табындардың малын ұрлатып, қараптан қарап жатып алуы мүлдем қиын. Оның үстiне Ережеп: “Осыдан олжалы қайтсаң, тiлегiңдi орындаймын”, — деген уәдесiн әлi орындаған жоқ. Ол жоқ нәрсенi сылтауратып, кейiнге ысыра бередi. Өткен жолғы түрiкмен жылқыларынан да мұны құр ауыз қалдырды. Ендi мына малдан да дым татырмас па екен? Шәки ер үстiнде қозғалақтап қойып, ауыл қарасын көрiп, жөнделiп отырды да, атын әдемi бiр бөкен жүрiсiне салдырып, ауыл шетiне кiре бердi. Әупiлдеп қарсы үрiп шыққан маң төбеттi қамшысымен жасқай отырып, ол Ережептiң отауының қасына кеп тiзгiн тартып, атынан түстi. Ережеп үйiнде екен. Аттың пысқырғанын естiп, далаға қөйлек-дамбалшаң бойы шыға келген ол жан-жағына жалтақтай қарап қойып: — Қалай? — дедi ақырын. — Иә. — Шәки қуана тiл қатты. — Қайда? — Ана Көсенiң ойына. — Онда... дұрыс. Ал ендi демал, — деп, Ережеп бiр демде маңқия қап, сазарған қалпын қайта тауып, керi бұрылып жүре бердi. Шәки атын тiзгiнiнен жетектеп, оның iзiнен ердi: — Ереке, — дедi ол даусы қалтырап. Ережеп артына ақырын бұрылып қарады. Елең-алаңғы ала қөлеңкеде манаураған жүзi iсiп кеткен сияқты боп көрiнедi.


37 — Иә? — дедi ол мұның ерiп келе жатқанын жақтыр-май. — Баяғы уәде... — Шәки Ережептiң мысы басып, сөзiнiң соңын жұтып тоқтады. — А, сол ма? — деп, Ережеп мына сөздi жаңа естiп тұрғандай таңғалған түр көрсетiп, қабағын шытты. — Оны... шамалы қоя тұр. Кейiн, кейiн... — Ол бұған жөн-деп көз қиығын да салмастан, тағы да керi бұрылып жүре бердi. Шәки оның iзiнен ере түсiп барып тоқтады. Сосын ол iштей азарланып, атын жетектеп, ауыл шетiндегi туырлығын күн жеп тастаған қараүйiне келдi. Шұбар аттың бас жiбiн қазыққа байлап, оны жылы жабулап, таң асырып тастады да, үйiне кiрдi. Дархан ұйықтап жатыр екен. Шешесi оны оятпай, өзi орнынан тұрып: — Аман-есен келдiң бе? Құдайдың бұ да бiзге игенi шығар, кеше мырза қызылдаңдар деп бiр тоқты бердi, — дедi. Шәки iшiнен: “Қатырған екен”,— дедi төсекке отыра берiп. Сосын өзi айдап әкеп Ережептiң отарына қосқан мың-сан жылқы көз алдына келе қалды. — Шәй iшесiң бе? — Жоқ. Шалап бар ма? — Бар ғой. — Шешесi оған бiр тостаған шалап әкеп бердi. Шәки салқын шалапты басына бiр-ақ көтердi. Сосын: — Жолдан шаршадым. Жатып демалайын, — дедi ол кiлгiре берген көзiн әзер ашып. — Жатсаң, жата ғой. Жол соқты болған шығарсың. — Шешесi ендi даусы жұмсарып, сыбырлай сөйледi.— Кеше құданың аулынан Шайқыслам келдi. Атаңның бiзден бiр хабар күтiп отырған сыңайы бар-ау дейiм. Бiз де аманбыз. Келiннiң екi көзi сенiң жолыңда. Өзi бiр зат. Даусын бiр көтермейдi. Құдай жеткiзсе, немеремдi сүйсем, iж арманым жоқ. Сол күнi Әзiрейiл кеп, шыбын жанымды алса да, дән ырзамын. — Қой, оның не? Әзiрейiл төнiп келгенде, бiр-екi жылға мұрсатана сұрап алмайсың ба? — дедi Шәки күлiп. — Иә, сүйтем ғой. Пәндә шiркiнде ар бар дейсiң бе? Ендi жатып демал, — дедi де, шешесi сыртқа шыға бердi. Көзi кiлгiре бастаған Шәкидiң құлағына шешесiнiң сөзi түу алыстан күңгiрлеп жеткендей болды. Ол басы ауырлап, төсегiне қисая бере iшiнен: “Ережептiң кiдiре тұр дегенде бiр есебi бар шығар? — дедi. — Сонда ол не? Түбiнде беретiн малды сонша бұлдағаны несi? Әлде, әлде...” Ұзақ жол титықтатқан Шәки басы жастыққа тиiсiмен қор ете түсiп, кенет селк ете қап, көзiн ашып алды да, қайтадан жұмды. Осы кезде жылы төсекке суық ала кiрген кiсi денесiн сезген Дархан ұйқысырап, берi аударылып жатып, қолын мұның мойнына салды. Сол екен, — Шәки келiншегiн құшақтай алды...

11 Ережеп жөндеп ұйықтай алмады. Ақыры көзi iлiнбегесiн, орнынан тұрып кеттi де, бетi-қолын жуып, азанғы шәйдi асығыс iше сап, атқа қонды. Әшейiнде жолға шыққанда әзiл-қалжың айтып, кеуiлденiп сала беретiн Ережеп бүгiн тұнжыраған қалпынан арыла алмады, ат-қосшысына назар да салмады. Ол далаға селқос көз тастап қойып келе жатып, арғы-бергi жайларды ойлады. Мұның кешелерi әмеңгерiнен бас тартқаны бекер бопты. Бiр бет, өжет Балқия Мiрәлiнi менсiнбей, қашып шығып, Мамырайдың абызына өтiп кеттi. Соны естiген бойда, жесiрiнен айрылды деген жаман атаққа қалғанын бiлiп, Ережептiң мазасы май iшкендей болды. Ол барлығын қара ақылына салып шығып, ақырысында Мамырайға кiсi жiбергендi жөн көрдi. Сол күнi атқосшысы мұның: “Ау, қоныстас жатқан ел емес пе едiк? Менiң жесiрiм әйәлдiк қып, қашып барған кезде, маған хабар салмастан, бiрден ала салу ағайыншылыққа жата ма? Қайта оны ақылға келтiрiп, дос кiсi керi қайырмас па екен? Мамырайға сәлем айт, ат-тон айыбын төлеп, жесiрiмiздi қайтарып берсiн”, — деген сәлемiн Мамырайға жеткiздi. Мамырай бұған: “Айып төлейтiндей мен Ережептiң жесiрiн өзiм барып алған жоқпын. Балқияның өзi келдi. Мен жесiр әйәлды жат жұртқа асырмайын дедiм. Ендiгi күнi Ережеп дау соқса, бар қалауды Балқияның өзiне берейiк, ол не десе, соған тұрайық”, — деп жауап қайтарды. Ережеп бұған өзiнiң қарсы ештеңе айта алмасын бiлсе де, осы жолы айқасқа ашық шығып, абыройын төккен жеңгесiн қайтып ап, ертеңдерi бетiне шiркеу болатын жағдайдан құтылғанды жөн көрдi. Сол арада Мiрәлiге жыны кеп, ол: “Қасқа, мырыңдап жүрiп, қойнына салып берген қатынға да еге бола алмады”, — деп, iшiнен бiраз кейiп алды. Бұл кезде күн найза бойы көтерiлiп қалған да едi. Таңертеңнен тымырсық боп, түске тарта күн жанатынын әлден-ақ сездiргендей едi. Маңайда үп еткен леп жоқ. Ережеп атын сары аяңынан жаздырмастан, Көкқатын көлiне жақын маңдағы қоңырлықта отырған Мiрәлiнiң аулына келдi де, атынан түсiп, шылбырды атқосшысына ұстата сап, үйге кiрдi. Ол Мiрәлiмен қысқа сөйлестi: — Жесiрiмiз қашып кеттi. Ендi не iстеймiз? Мiрәлi күңк еттi: — Оны... қайдам. — Әлде... дау-дамайды қоздырмай, жабулы қазан жабулы күйiнде қоя саламыз ба? — Неге? — деп, Мiрәлi сұрғылт көзiн бағжаң еткiздi.— Ау, жесiрiне еге бола алмады деген ат жақсы ма? — Мен де соны ойлап отырым. Иә, сосын? — Дауласамыз, — дедi Мiрәлi дүңк ете түсiп. — Дауласқанда... өзi... былай жеңе қояр ма екенбiз?


38 — Өй, сен де бiр! Неге жеңбеймiз? — Ау, Балқия жатқа өз аяғымен барып отыр. Оны тартып алса, бiр сәрi... — Өй, қойшы! — Мiрәлi қолын бiр сiлтедi. — Параны басып берсең, аузы қисаймайтын би жоқ. Сүйтемiз де, Мамырайды аяғымызға жығамыз. Болмаса...— Мiрәлi бұған жымысқылана қарады. — Ана Дадабекке айтып... — Айтпақшы, сол Дадабек кеуiлдестiкке қазақтан қыз ала бастады деген не сөз? — дедi Ережеп сөздiң бетiн басқа жаққа бұрып. — Иә, ол сүйтiп атыр. — Осы... ана Сағынайдың қызы әлi ұзатылған жоқ-ау, — дедi Ережеп елеусiздеу ғана. Осы кезде iшке Мiрәлiнiң Қарасақал Нарманның баласы Қалмырзамен атастырылып қойылған қызы Зағипа кеп кiрдi. Баста Мiрәлi, Ережептiң ақылымен, баласына құда түсе келген iргелi байға көп шалқаймай, келiсiм берген едi. Қырсық шалғанда, ана жылғы ақсирақ жұтта малы қырылып, тiгерге тұяғы қалмаған Нарман бiр күнде қу тақыр боп шыға келдi. Сосын амалы құрыған Нарман жұтқа ұшыраған туысына жақын-жуық ағайынның мал жинап беретiнiн ойлап, жылу жинағанды жөн көрiп, елге сауын айтты. Бiрақ жұттан кейiн пейiлi тарылған таныс кiсiлердiң өздерi балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен бiр заман райын аңғартып, бұған мойындарын бұра қоймады. Ендi басқа лажы қалмаған Нарман Сыр бойында диқаншылықты кәсiп қып, күнелтiп жүрген жатақ Қаракесек Тұрғалиды сағалады. Содан берi үш-төрт жыл өтсе де, Нарманға әзiр шыр жұғар емес. Ол бiр рет көмек сұрап келгенiнде, Мiрәлi аузын қу шөппен сүртiп, құдасын құр қол қайтарған-ды. Содан берi бойжетiп, бұғағынан үзiлiп отырған қызын ағасының Қалмырзаға бере қоятын түрi әзiрге байқалмайды. Ережеп Зағипаға көзiн елеусiздеу етiп тастады да, лез тайдырып әкеттi. “Мынадай алмағайып заманда естi кiсi бойжеткен қызын оң жақта ұстап отыра ма екен? Оның көзiн тездетiп құрту керек қой”,— дедi. Өз есебi бойынша, Нарманға қыз бермей, қалыңмалын даулатқанша, оның алдына азынаулақ қара салып, абырайы өз бойында тұрғанда қызды құтты орнына қондырып, шалды қарыздар етiп қойғаннан төтесi жоқ. Осы ойын ағасына шет жағалап отырып өткен жолы сездiрiп едi, томырық Мiрәлi қолын бiр сiлтедi. Содан берi Ережеп ол жайына сөз қозғаған жоқ. Кәзiрде де ол жәйiмен ыңылдап отырып, елеусiздеу ғана: — Осы… Хиуадан әскер келген дей ме? — дедi. — Иә, келген. — Сонда... олар былтырғы қираған қамалды қайта салмақшы ма? — Оны ит бiлiп пе? Дадабектi не iстемейдi дерiң бар? Мүмкiн соғар. — Е, дұрыс екен, — деп, Ережеп сөзiн аяқсыз қалдырып, орнынан тұрды да, есiктен шыға бере керi бұрылып: — Мен Елмырза төреге барып қайтам. Ал, сен не iстейсiң? — дедi. — Мен... мен… не iстейiн… — Қолың бос болса, ана Дадабек тамырыңа барып, оның ау-жайын бiлiп қайтсайшы. Қалғанын бiздiң үйде сөйлесермiз. Ережеп сол арада ағасаның қуанып кеткен түрiн көрiп iшiнен аз-кем тыжырынып қалды. Мiрәлi ақтылы қойы Қарақұмға сыймай жатса да, шығымсыз, дастарханы ажарсыз, қысқа арнаған соғымын да жылап отырып соя-тын, сонысына қарамастан ет дегенде өлетiн, әсiресе, оны басқа бiреудiң үйiнен жегендi пайда көретiн сараң кiсi едi. Ендi ағасының сол мiнезiн жасыра алмай‚ қан жүгiрген қара сұр бетiне көз тастап отырып‚ ол iшiнен жыланша жиырылды. Сосын Ережеп тез-тез киiнiп жатқан ағасына мысқыл-дай көз тастап аз тұрды да, кенет басына бiр ой шауып, астыңғы ернiн тiстеп, сәл тұрды да, ол ат басын солай қарай бұрып алды. Тағы да атының сары аяңына сап, Ережеп тарысын торғайлардан қорып, сақпан атып жүр-ген шұбарбет Тұрғалидың жанына кеп, атынан түсiп амандасты.Мырзаның көрсеткен бұл құрметiне ырза боп кеткен Тұрғали жалпылдады да қалды. Ережеп дарияның жайпауыт жағалауының бiр тұсында қақала өскен егiске көз тастап тұрып: — Апырмай, кiсi талап қылса, не нәстенi де тез үйренiп алады-ау. Бұрындары жер жыртып, дән сеуiп, атыз суғарып жүрудi тек қана сарттардың iсi деушi едiк. Мiне, ендi… соны бiз де үйрене бастадық, — деп, басын шайқап‚ таңдайын тақ еткiздi. — Ендi... былай, — дедi Тұрғали дыбдырлап. — Егiн деген өзi қай жұтта қырылып қалады деп уайымдайтын малдай емес, была-а-й... сенiмдi, берекелi нәсте-ау өзi. — Ойбай, айтпа! Ол дейтiн нағыз ырыс қой. Жер қарайған бойда, ағаш соқамен жыртып-жыртып, бiр уысдәндi ойлай-былай шашып тастасаң болды, қалғаны-на басың ауырмайды. Мырза құдайдың құдыретiмен өзi-нен-өзi қара жерден көктеп шығып жататын нәсте емес пе? Соны торғайға жем қылмай, дер уағында орып алсаң, жарайды, — деп, Тұрғали мұның сөзiне елiгiп, өз кәсiбiн тасырта мақтай жөнелдi. — Сонда… осының бәрiн бiр өзiң жейсiң бе? — Ендi... былай... — Тұрғали апалақтап қалды. — Жоқ, әлде сатасыңдар ма? — Жоға. Бiз не сатып қарық қыламыз? — Ойбай-ау, сарттың егiсiн үйренiп, саудагершiлiгiн үйренбеген қалай болады өзi? — деп Ережеп қулана күлдi. — Сендер де сатыңдар. — Сонда кiмге? — Кiмi несi? Астық алатын кiсi табылмай ма? Тақа болмаса, маған-ақ сат. Мен оны қалай алам. — Жарайды, мырза, — деп, ағеден Тұрғали сол арада қалай уәде бере салғанын байқамай да қалды.


39 Жылда астықты Бесқалаға арнайы керуен жiберiп алдыратын‚ шығынға шаш етектен бататын Ережеп қысқы қамын әлден ойластырып, iргесiндегi диқан жатақтан астықты арзанға сатып ап, екi жеп биге шығатын бiр жағдайын ойлап‚ өз-өзiнен райлана күлiп қойды. Сосын ол көзiн тайдырып әкетiп: — Анау жүрген кiм? — дедi осы кезде аласа дөң басынан әрi қарай асып бара жатқан бiр кiсiнi иегiмен нұсқап. — Ол ма? Ол ана...Нарман ғой. Ол күнде азын-аулақ қозы-лағын жайып қайтады. — Е, оның көжесiнiң бетiн ағартары бар десеңшi. — Иә, онысы бар. — Ал, өздерiң ояғына қалайсыңдар? — Ендi... бiз деген диқан кiсiлермiз ғой. Мал жағынан аздап ұяттымыз. — Өй, сендердiң осыларың-ай, — деп, сол кезде Ере-жеп жорта қынжылыс бiлдiрдi. — Ау, бiз деген түбiмiз бiр ағайын емеспiз бе? Бiрiмiздiң малымыз бiрiмiздiң қорамызда жүрсе, немене елдiктен кетемiз бе? Әлде бiрi-мiздiң малымыз бiрiмiзге арам ба? — Неге арам болсын, — дедi Тұрғали не дерiн бiлмей. — Ендеше былай болсын. Менiң желiнi жер сызып сыздап жүрген қара ала сиырларым бар. Содан керегiнше сауынға ал, — дедi Ережеп Тұрғалиды өзiне кiрiптар ғып қоюды көздеп. — Алдыраз болсын, — дедi Тұрғали ендi жалпылға көше бастап. — Өзi... көшi-қонға онша қол емес мал екен. Өзi жүрiп жайылғаннан гөрi тұрып жегендi жақсы көредi. Оларға мынадай қамысы көп, қалың қопалық таптырмайды. Шөп шауып алсаңдар, сиыр қандай ақбасқында да мыңқ етпейдi. Сүтi бұлақтай. Ойбай-ау, бұ деген тегiн жатқан олжа емес пе? Сен бар ғой, былай ет. Ана өз қарауыңдағы кiсiлермен сөйлес. Сауынға мал алатын болсаңдар, ертең хабарын бер. — Мырза, жақсылығыңа алдыраз болсын. — Тұрғалидың шұбар жүзi жылмиып, бiр түрлi аянышты кескiнге көштi. — Әрине, жерде жатқан тегiн нәсте жоқ. Сауын дегенмен... оның да төленетiн ақысы бар шығар? — Оның не ақысы болушы едi? Малдың басын аман сақтасаңдар болды‚ сол маған жетедi. Сол екен‚ Тұрғалидың шұбар бетiне қайтадан қуаныш табы ойнап шыға келдi. Iшкi есебi бойынша‚ аузына тегiннен тегiн үсiп тұрған олжадан айрылып қалмауды ойлаған ол: — Мырза, олай боп жатса, ағайын-туғанның талқысына сап жататын дәнеме де жоқ. Әйтеуiр, малыңның басы бүтiн болса, жарамай ма? — деп, жауабын тез бердi. — Ойбай‚ сол жарайды. — Онда келiстiк. — Жақсы. Бiзге iждемеде төлемей-ақ қойыңдар. Тек астық жағынан аздап қарассаңдар, жетедi, — деп Ережеп көзiн сығырайтып, алдыңғы екi күрек тiсiн ақсита күлдi. — Болсын, — дедi аңқау Тұрғали мұның әр жағында не жатқанына көз жiберiп жатпастан. Тұрғалиды өзiнiң уысына оп-оңай түсiргенiне ырза боп, кеуiлденiп кеткен Ережеп қайтадан атына мiнiп‚ жатақ Қаракесектердiң аулынан ұзап шыға бердi. Осы кезде егiстiкке қарай келе жатқан Нарманға бұрылмай, оның тұсынан сыдыртып өте шықты. Содан қасындағы қарашысына рай бермей, қалың қабағы салбырай ойға шомып, тартты да отырды. Мырзаның қай жағына шығып, жазып қаларын бiлмеген атқосшылар үндеместен, оның соңынан ере бердi. Ережеп бiр-екi төбеден асқасын, ат басын Елмырзаның ауылына қарай туралап алды. Ол бүгiн мына дау-дамай басталмас бұрын Хиуаға жағып, ханның қызметiн шегiп жүрген, ел арасындағы ажары мен абыройы жаман емес төренiң тамырын басып көрмек болған едi. Және де төменгi жақтағы ақ патшаның қызметiне кiрген сұлтандармен астыртын қарым-қатынасы бар Елмырзадан сыр тартып көрмекшi. Қашанда шаруаның алдын алатын Ережеп ертеңгi күнi Сыр өңiрiн бұрын-соңды жай-жапсары таныс емес ақ патша әскерi кеп ораса, сол кезде орнайтын тiршiлiк бабы қалай болмақ деп те талай рет бас қатырған едi. Ақырында ол Мiрәлiнi Хиуа жағына құлақ етiп қойып, өзi терiскейге көз тастап, айналасына сақ қарап отырғанды мақұл көрген-дi. Ол кәзiрде де соның егжей-тегжейiн iштей сарап-тап келе жатып‚ ыңылдаған қалпы‚ жiтi жүрiп отырып‚ қырдың маса-сонасы аз от жерiн жайлап отырған Елмырза ауылының дәл үстiнен кеп түстi. Сосын атын сары аяңға көшiрiп‚ ауылға кiргесiн‚ ол он шақты үйдiң iшiндегi ең ажарлысы — алты қанат ақ отаудың қасына кеп, тiзгiн тартты да‚ атынан асықпай түсiп, шылбырды атқосшыға ұстата сап, осы кезде үйден шыға-шыға келiсiп, өзiне қошемет көрсетiп жатқан қызметшi жiгiттерге онша рай бермей, аяғын салмақпен басып iшке кiрдi. Елмырза үйiнде екен. Алты қанат ақ үйдiң iргесiн тұргiзiп тастап, шәйi көрпеде шалқасынан жатқан төре мұны көрiп, бойын тiктеп отырды. Ережеп төрге барып малдас құрғасын қысқаша амансаулық сұрасты. Әңгiме үстiнде ол төренiң көзiн ала бере жасаулы үй iшiне бiр-бiр қарап қойды. Сәнсалтанатты ұнататын Елмырзаның алты қанат ақ үйiнiң iшiнде‚ дөңгелектене тiгiлген керегелерге түрiкпен кiлемдерi тұтылыпты. Керегенiң жоғарғыдағы аша тұяқты бiр басына iлiнген‚ жаңа туған ай сияқты имектеле жасалған қынына неше түрлi зер салынған‚ испаһани қайқы қылыш салбырап тұр. Одан берiректегi кереге басына қайыс бауынан iлiнген сирақты қара мылтық ала көлеңке үй iшiнде сұстана көрiнедi. Соларға Елмырзаға бiлдiрмей бiр-бiр көз тастап шыққан ол ана бiр жолы төренiң үйiнде Абылайдан қалған мылтық пен қылыш бар деген алыпқашты әңгiменi естiгенiн есiне түсiрiп отырып‚ iшiнен: “Сол дәуде болса осы шығар”,— деп ойлап қойды да‚ кенет қашанғы паңдығына басып, көзiн жоғары көтерiп‚ дым бiлмегендей кейiпке көшiп алды. Сол арада Елмырза мұның бетiне күле қарап отырып: — Ана Нұрғазыны... ақ патша алдап шақырып алыпты. Оны барған бойда тұтқындап, Орынбордың өзiнде қалдырыпты. Оған айына жүз елу сом күмiс ақша төлейтiн бопты‚ — деп тосын бiр хабар айтты. — Қойшы,— дедi Ережеп мына сөзге сенер-сенбесiн бiлмей. — Өй‚ оның қоятын түгi де жоқ. Бәрi рас. — Сен оны... қайдан есiттiң?


40 — Қайдан дерiң бар ма? — Елмырза қара бұжыр бетiне сәл-пәл жылу теуiп, қулана жымиып қойды.— Сен өзiң бiлмеушi ме едiң? Мұндай сөз өмiрi жерде жатпайды ғой. Мына қу төренiң Ырғыз жағындағы Қаратай сұлтанға үнемi арнайы астыртын кiсi жiберiп‚ үнемi замана райын қадағалап отыратынын iштей сезетiн Ережеп оның бұл хабарды содан есiткенiне шәк келтiрмедi. Сосын ол күдiгiн сездiргiсi келмей‚ бет жүзiне не аяғаны‚ не табалағаны белгiсiз бiр бiр кескiндi зорлап шығарған ол жорта тамағын кенеп қойып: — Сонда... үйтетiндей ақ патша оған не кiнә тағыпты? — дедi. — Өй‚ ақ патшаның оған тағатын не кiнәсi болушы едi? Оған‚ асып кеткенде, керуенiмдi тонадың деген шығар. Негiзгi гәп онда емес қой. — Елмырза қабағын шытты. — Менiң пәмлеуiмше‚ ақ патшаның ойы әрiде жатқан сияқты. Өзiң ойлашы‚ ертең ол исi қазақты өз аузыма қаратам десе, оның айтқанына Нұрғазыдай ел басшылары оп-оңай көне қоя ма? Сондықтан... осылайша алдын алып... — Е, солай де. Сонда жұрт мақтап жүрген ақ патшаң сүйтiп жатса, басқалар не iстемейдi? — Не iстесiн? Қашанда күштi кiсi алып та жығады, шалып та жығады деген бар емес пе? — Е-е‚ бәрi де түсiнектi болды. — Ережеп көзiмен жерге төселген киiздiң бiр тұсына тесiле қарап‚ өз өзiнен ыңылдап, аз отырды да‚ төреге көзiнiң қиығын тастады. — Сонда ендi бiздiң не iстеуiмiз керек? — Ояғын... ойлану керек шығар. Кеше менiң Ырғыз жағына барып қайтқан атқосшым айтып келдi мына Ырғыздың әр жағындағы Сасықкөлде ақ патша әскерi бекiнiс салып атыр деп. — Апырай, ә? Сүйтiп табан тiрей отырып‚ дендеп ене келе, оның ертеңдерi бiзге де ауыз салуы мүмкiн ғой. — Е, ауыз салмай, сен кiмнiң шiкiрәсi едiң? — Сонда өзi... Ондай ниеттiң бар екенiн көре-бiлiп тұрып‚ оның алдын алып‚ неге ашыла бастаған ауыздың отыз екi тiсiн қағып ала қоймаймыз‚ а? — Менiң де айтайын деп отқаным осы. Әшейiнде ауыл арасының шатағында шоқпар алып, қоқиланып атқа қона қалатын батырларымыз кiсiге жол бермейдi. Ал мынадай аласаттың тұсында бәрi де мышық боп кетедi. Неге соларға үкiт айтып, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығармаймыз? — Әрине, әрине. Ол аздық етсе, Хиуадағы ханыңа жеткiз деп‚ ана Дадабек сартқа да хабар беруге болмайды ма? — Өй, оны қой!.. — Елмырза қолын сiлтедi.— Өзi қойға шапқан қасқырдай боп қотан аңдығаннан басқа iждеменi бiлмейдi. Одан да Тоғанақ батырмен сөйлескеннен дұрысы жоқ. Сосын ана Мамырайға кiсi жiберсек... Сол екен‚ Ережеп есiне Балқия түсiп, қабағын сәл-пәл шытты. Мынадай аласат сәтте iшкi араздықты көлденең тартпау керектiгiн жақсы бiлсе де, iшiнде жатқан дық, ренiш қара ақылына бой бермедi. Сосын кәнiгi машығымен онын сөзiн естiмеген тұр көрсете отырып‚ төренiң мына бұлтағының астарына көзiн анық жеткiзе алмай, iшiнен iркiле түстi. Ақыры ертеңдерi бұл iстiң жауапкершiлiгi сұрала қалатын жағдай туа қалса, бәрiн де әккiтөренiң мойнына арта салуды ойлаған Ережеп оны iле кеткiсi кеп: — Халықты үйтiп қозғайтын болсақ‚ алдымен... былай... алды-артымызды бақылап‚ алдымызды көземелдеп, жөн сiлтеп отыратын бiр бас хан сайлау керек шығар. Осы... баяғыда өзiмiз хан көтерген Батыр мен Нұрғазыдан кейiнгi жол сiздiкi емес пе? Ендi со жолмен‚ халықты шошытпай‚ әуелi сiздi хан көтерiп алсақ, қалғаны өз өзiнен реттеле бермей ме? — дедi. Көптен берi iштей хан болуды арман ететiнiн бiлетiн Ережепке мына сөздi естiген бойда Елмырзаның қара бұжыр бетi ду ете қалғандай боп көрiндi. Сол екен‚ ол әккi төренiң көмейiнен сыртқа шықпай тұрған iшкi ниетiн тап басқанын байқап, әлденеге райланып, мұртынан күлiп қойды. — Сенiкi... ендi, былай... кеуiл жықпастық қой. Бұған өзi... қалың ел қалай қарайды екен? — дедi Елмырза бiраз уақыттан соң. — Ел оған қалай қарасын? Әгәрдә сiздi хан сайлаймыз деп жатсақ‚ оған бұл атырапта кiм қарсы бола қояды? Iжкiм де. Дегенмен сақтанған да артық емес. Мына алты Әлiм жағын маған қоя берiңiз, бәрiн де өзiм тастай қылам. Тек...— Ол жорта кiдiрiп, бiр түрлi боп отырған Елмырзаның жүзiне сынай көз тастап қойды да. — Не тек? — Тегi сол‚ бiр ши шықса, ана Мамырай жақтан ғана шығады. Сонда дейiм-ау‚ сондай қырсық шалды тiзгiндеп ұстайтын күш-қайрат ешкiмде жоқ, ә? — Ол... iздесе табылады ғой. — Әй, қайдам? — Оның iж қайдамы жоқ. — Онда бар ғой, Елеке, әуелi сiздi хан сайламас бұрын әлгi Мамырайдың белiн бiр сындырып алу керек. Сосын оның жез бұйдалы наршадай жетектеген жағыңа елпектеп ермесiн көрiп аламыз. — Ол ендi еркiн шешiлiп, болған жайдың бiрiн де қалдырмастан құлпыртып айтып шықты. Оның айтқанын селқос тыңдаған Елмырза онша елiге қоймай‚ сөзiнiң соңын екi ұштылау қып: — Жарайды, — дей салды. Ережеп сұлтанның көре көзге былқылдап отырғанын ұнатпады. Сосын iшiнен‚ оны қайрап, Мамырайға қарсы айдап салғаннан не өнедi, деп ойлады. Сөз жоқ, ертең жан алысып, жан берiсер тұста мына түрiмен Елмырза төре мұның құсы көре көзге асқақтап шықпаса, бел шешiп‚ қолдай қоймайды. Әңгiменiң арты сұйыла бастаса, iшiп-жемiн елден айырып отырған ол халық арасындағы кәдiрiн кетiргiсi келмей, iшiн бермей, күздiң қара суық желi иген мысыққұйрықша даудың ыңғайына қарай жығыла салады. Сонда бұл құлауыз боп шыға келедi. Соны күнi бұрын ойластырып қойған Ережеп сол арада қабағын шытып: — Елеке, осы мен сiзге айран-асырмын. Сонау аты шулы Шыңғыс ханның Жошысынан тараған сұлтандардың ел билеуге келгенде хақысы бiрдей емес пе? Ендеше сiз неге қайдағы бiр қара сүйек


41 Қоңырат Мұхаммәд-Инаққа бой сұнасыз? Қара қашан хан болып едi? Оны айтпағанда‚ Хиуаның алғашқы ханы боп Батырдың бел баласы Қайып сұлтан сайланған жоқ па едi? Сонда деймiн-ау, Сыр өңiрiне қамал сап, бiр-бiр әскербасыдан қарауыл қойып отырған Хиуаның кiмдi басынғаны, а? Әлде бiздiң ел басқарады деп, сiздей төрелерiмiз... өзi былай... қалай? — деп‚ сөзiнiң аяғын жұтып‚ күнi бұрын әзiрлеп қойған бiр қияпатының шетiн шығарды. — Оны... ендi,— дедi Елмырза мына сөздiң соңы қайда апарып соғатынын аңдай алмай. — Сiз осы өлкеге хан болсаңыз, немене сонда елдiң ажары кемiп қала ма? — Е-е‚ неге? — дедi сол арада мына сөз жанына жағып кеткен Елмырза қаншама iшiнде жасырып сақтанғанымен, абайсызда бiр қыртысын ашып алғанын байқамай да қап. — Үйтiп қалың жұрт хан сайлап, ақ киiзге сап көтерiп жатса, ел билiгiн ұстамайтын несi бар? — Мiне, сөз төресi,— деп Ережеп райлана күлiп қойып, қайтадан сабырлы қалпын тауып, даусын соза сөйледi. Сосын оған кенеттен жымия қарап: — Бiрақ атам қазақ екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды деушi едi ғой. Сiздiң қазақ жұртын ала қойша бөле қырқам дегенiңiзге ана Мұхаммәд-Инақ хан...көне қояр ма екен? — дедi ол Елмырзаның әлi де хан еместiгiн ескерткендей “хан” деген сөзге келгенде даусын үзiп‚ оны айрықша бiр леппен бөле айтып‚ Сол арада байқаусызда қармаққа оңбай түскенiн‚ мырзаның айтқанын қылмасаң‚ ертеңдерi-ақ мына сөздiң Хиуа ханының құлағына неше түрлi боп құлпырып жететiнiн бiлген Елмырзаның түрi сұпсұр боп кеттi. — Ол... ендi,—дедi ол кекештенiп,түрi өрт сөндiргеннен бетер қарауыта түсiп. Төренiң онысын байқамағансыған Ережеп: — Оны кезiнде көре жатамыз да, а? — деп, қулана жымиып, орнынан буындары күтiрлеп тұра бердi. Сосын есiкке тақау барып‚ кенет төреге мойнын бұрып: — Елеке, уәде Алланың аты деген. Мамырайдың машақатын ұмыта көрмеңiз, — дедi де, аяғын салмақтана басып‚ сыртқа шықты. Сосын шамалыдан соң ол ауылына келе жатып, Елмырзаның әуелi аңқ ете қалғаны‚ iле-шала бұның айтқан шаруасынан аяқ тарта бастағаны‚ оның жер соғып қалғанын аңлағаны есiне түсiп‚ iшiнен сылқ-сылқ күле бердi де‚ iзiнше қолымен маңдайын сипап‚ төренiң онысына таңғалғандай болды. Сол арада ол iшiнен: “Сұм төренiң мұнысы несі‚ а? Әлде ол қулығымды аңдап қалды ма? Сонда қай жерден ши шығарып алдым?” — дедi. Өзi көлденеңiнен сырттай қарап көрiп едi‚ бәрi де дұрыс сияқты. Ең бастысы, Сыр бойына жолай бермей, Қыр жақты жайлап‚ ақ патшаның қызметiн шегiп жүрген төренi‚ қалай десең де‚ Хиуа ханына iшi бұрады-ау деп бiр пiкiр түйiп жүрген Ережеп ендi Елмырзаның оны iшi онша алмайтынын бiлiп алды. Ертеңдерi қазақ даласын ақ патша шындап басып ала бастаса, мұндай кiсiлердiң соның жағына жалт етiп шыға келуi боқтан да оңай. Оған дейiн әккi төре қазақтың билерi мен батырларының ауыздары қисайған жағын қоштағансып‚ өз билiгiнен қол үзбей‚ екi жеп биге шығып отыра бермекшi. Тек замана райы өзгерiп‚ ақ патша қалың әскерiмен зеңбiрiгiн сүйретiп кеп, қазақ даласына пұшпақтап кесiп ап‚ өз ықпалын орнатқанда‚ мұндайлар мал бағып‚ биқам жатқан жұрттан әбден қорлық көрiп бiткен кiсiше мүләйiмсiп‚ жаңа әкiм-қараның шашбауын көтерiсiп шыға кеп‚ тағы да ел билiгiн ұстауды ойлайды. Ал Хиуа бектерi мұндай былқылдақтықты жарата бермейдi. Ел-мырзаның сыр алдырмау жағын көздеп, Дадабекке онша көп жуи бермейтiнi сондықтан болды. Сол арада: “Ал, ендi өзiм со кездерi не iстемекпiн? — деген сұрақ оның бiр бүйiрiне найзаша қадалды. — Шынында да, менiң не iстеуiм керек? Ертеңдерi... мына орыстардың Сыр бойына ұлы селше ақтарылатын түрi бар. Оған бөгет болатындай Хиуаның шамасы бар ма? Әй, қайдам. Одан да о пәледен өз руымды аман-есен сақтап қала алсам, сол маған жарамай ма? Қашанда шын азамат әуелi өз басын, өз котанын сақтауды ойламай ма? Әлде...” Ол астына темiртiкен төсегендей қозғалақтап қойды.

12 Ертеңiне Мiрәлiнiң ауылында аяқ жетер жердегi би, батыр, ақсақал, қарасақалдардың төрт көзi түгел жиналды. Бұл жолы даулы жиынға сыйлы қарт Құлқа батыр да‚ даудың бiр ұшы өзiне кеп тiрелетiн болғасын сонау Қарақ жақтағы жайлауынан Тоғанақ та келiптi. Барлығы Әлiм-Шөменнiң қандай дауын да бiрге қарайтын Аспан Әйбек би мен Төртқара Үмбет бидiң айналасына жайғасыпты. Тамақ iшiп, бата қылған сол, төбе би Әйбек қарт ақ кiрпiгiн қағып-қағып қойып, Ережепке қарады: — Ал, кәне, арзаңды айта бер. Бидiң дауды бiрден өзiне тiреп бастағанын ұнатпаған Ережеп сәл-пәл ыңғайсызданып қалды. Бұл кешелерi қулық iстеп, даудың бетiн Мiрәлiге ауыстырып‚ билердi соның ауылына түсiрген болатын. Ендi Әйбек бидiң сөздi бiрден бұған бергенi. “Қанша жасырғаныңмен көмейiң белгiлi. Даудың бас жоқшысы өзiңсiң”, — дегенi едi. Ендi шегiнетiн жер қалмағасын‚ Ережеп аз-кем ойланып алып‚ ақыры батылданып: — Ау, ағайын! — дедi даусын қаттырақ шығара сөйлеп.— Кеше ғана төрт көздерiң түгел қатынасып, өлген ағамның асын өз қолдарыңмен өткерiстiңдер. Сондағы кесiктi өздерiң бiлесiңдер. Қашаннан белгiлi, жесiр деген әмеңгерiнiң мұрасы. Қалың малы төленген қатын қай кезде де‚ қазақтың ескi заңы бойынша, ерден кетсе, де елден кетiп көрген емес. Ендi бiз мынадай сорақылықтың қуәсi боп отырмыз. Бұл — өзi арғы-бергi заманда дiн мұсылманда болып көрмеген жағдай. Ана... Балқияның әмеңгерi мына отырған ағам Мiрәлi деп анада да айтқанмын, кәзiрде де айтам. Жеңгенiң қайнысын менсiнбеуi деген өмiрi болып көрмеген нәсте. Мiне, осындай келiспеушiлiктi пайдаланып, ата жолы мен ақ шариғат жолын бұзып, Мамырай жесiрiмдi тартып алып отыр. Ау, тартып алмай немене, қатын өз аяғымен келдi деп ала салу... Өзi қалай болады? — Ол әдейi тоқтап, жұрт бетiне жағалай бiр-бiр көз тастап еттi. Сосын өзiне жылы шырай бiлдiре бастаған рулас кiсiлердi көрiп, iшi жылып, қайтадан


42 арлай жөнелдi. — Өздерiң бiлесiңдер, аталарымыз қатынның шашы ұзын, ақылы қысқа деген. Шынында да, қатын не ойлап қарық қылады? Соны жақсы бiлетiн Мамырайдың менiң жеңгем атқа мiне сап, ауылына қашып барды екен деп, бас-көз жоқ ала салғаны шын ағайыншылыққа жата қояр ма екен? Ау, ол дос болса, әуелi бiзге хабар салмай ма? Мән-жайды дұрыстап, түсiндiрiп айтпай ма? Оның орнына Мамырай менi табалағандай, жесiрiмдi үн-түнсiз ала салды. Оу, ағайын, менiңше бұл достың әрекетi емес, жау кiсiнiң iсi. Бұдан ел арасына әрекет, iрiткi кiруi ықтимал. Мен соның алдын алып, қан төгiс болмасын деп, Әлiм, Шөменнiң қос арыс биiн шақырып отырмын. Ал, ендi бұған не дейсiңдер? Кезек Мамырайға келдi. Ол асықпай: — Ағайын,— дедi дауысы сәл-пәл қарлыға шығып, — мына Ережептiң айтып отырған сөзi өте дұрыс. Тек ара-тұра жiберiп алған кәлетi бар. Жаңағы айтқан сөзiңдi мен де еп көрем, — деп, ол Ережепке қарай ауырлау бұрылып қарады. — Рас, жесiрге әмеңгерi — қожа. Бiрақ ата-баба үрдiсi бойынша таңдауды алдымен жесiрдiң өзiне салмаушы ма едi? Егер жесiрдi қайнылары алмай жатса, онда оны бiр жақын-жуығына некелемеушi ме едi? Кешелерi Балқия өзiңдi таңдадым дегенде, аттоныңды ала қашқан өзiң емес пе едiң? Ендi жеңгең маған ат басын әдейi тiреп кеп, алсаң — тием, алмасаң — Қарақалпақ асам дегесiн‚ жалпы елдiң әбiрейiн ойлап, әруақты үстiмнен асырмағаным рас. Бұл арада басыбайлы жесiрiңе еге бола алмаған өзiң кiнәлiсiң. — Оны Мiрәлi алатын боп ұйғарылған едi ғой, — дедi Ережеп сол арада сөз қыстырып. — Ол — ендi ағайынды екеуiңнiң iстейтiн шаруаларың. — Мамырай даусын қатайтып, еңсесiн көтере түстi. — Мен жесiрлерiңдi тентектiк iстеп, отбастарыңнан тартып әкетiп отырған жоқпын. Оның келген өз аяғы, ендеше кететiн де өз аяғы. — Жоқ, сiз неге бiзге хабар салмай, бас-көзге қарамай ала саласыз? — дедi Ереже iлетiн бiр тұс осы ғой деп ойлап. — Ау, оған қатын көнiп отыр ма? Алмасаң, кетем деп тепсiнiп тұр. Саған шабар жiберiп жатсам‚ оның қарақалпақ асуы мүмкiн. Сосын сен қараалақтың қай мырзасымен дауласып жатасың? Онан да қатынды ұстап қалудың туры жолы оны ала салу ғана болды. Оның үстiне... байтал ыңғай берiп жатса, бас бұйдасын үзбейтiн айғырды қайдан көрдiң? Жұрт ақырын мырс-мырс күлiстi. Ережеп тiлiне табан астында ұтырлы сөз орала қоймай, козғалақтап қалды. Төртқара Үмбет би сақалын жәйiмен тарамдап, үнсiз отыр. Әйбек би көзiмен жер шұқып, шөге түскен. Ережеп ендi бiр қапысын таппаса, даудан жеңiлетiнiн бiлдi де‚ тез есiн жиып‚ басын тiк көтерiп ап: — Оу, ағайын! — дедi. — Жарайды, қызды кiм айтпай-ды, қымызды кiм iшпейдi деген атабабамыздың сөзiнiң бұ да бiр растығы шығар. Азар болса Әлiм ағасының бiр жесiрiне Шөмен iнiсi шөге салды дейiк. Бiрақ бар мәселе осында ғана ма? Ау, сендер мұның арты неге соғарын ойладыңыздар ма? Жарайды, мен бұған көнейiн. Сонда ертеңгi күнiмiз не болады? Бүгiн бiр жесiр мойнындағы бұйдасын үзiп қашып жатса, ертең барша төмен етектi соның жолын қумай ма? Бұл сүйтiп алты алашқа жаман үлгi боп тарап кетсе, кәйтемiз? — Ол отырған жұрттың назарын өзiне аударып алғанын байқап, ендi еркiнсiп, көсiле сөйледi. — Үйткен күнде аяқтың басқа шығып кетуi боқтан да оңай. Сонда бiздiң ат белiне мiнiп, ел арасының дуалы сөзiн ұстағанымыз қайсы? Мен, мiне, осыны ойлап, мұндай сорақылыққа дер кезiнде тыйым салу керектiгiн айтып отырмын. Болмаса...— Ол әдейi кiдiрдi, — менiн ағам Өтәлi жайлаған‚ ақыры оған да опа бермеген кең жайлауды... Мамырайға қимай отқан түгiм де жоқ. Жұрт қозғалақтасып қап, мырс-мырс күлiп алысты. Сол арада iнiсiнiң тауып сөйлегенiне ырза боп кеткен‚ Ережептiң жанында отырған Мiрәлi күректей қолымен оның тақымын басып-басып қойды. Соны елдiң қоштағаны ғой деп ұққан Ережеп сөзiн әрi қарай жалғастырмақ боп‚ аузын аша берiп едi‚ төбе би қолын көтердi: — Сөзiңнiң тоқ етерiн айт. — Сөзiмнiң тоқ етерi — Мамырай кiнәлi. Ол жесiрiмдi қайтарып, ат-тон айыбын төлесiн. Сол арада: — Мен неге кiнәлiмiн? — деп Мамырай мына жақтан саңқ ете түстi. — Мен ешкiмдi түн жамылып барып, отауынан алып қашқан жоқпын. Жеңгең маған өз аяғымен адам ғой деп келдi. Әгәр айуаннан аң қашса... — Тоқтаңдар! — дедi Әйбек би Мамырайдың қызың-қырап бара жатқанын көрiп. Сосын ол Төртқара Үмбет биге бұрылды. — Сен қалай ойлайсың? — Бұ йерде қашқын қатынды ауылының үстiнен асырмай, Мамырай азаматшылық жасаған көрiнедi, — дедi Үмбет би толғанып отырып. — Дегенмен әйәлдi алмас бұрын әмеңгерiне бiр хабарын жеткiзу керек едi. Қайта ол қоңсы отырған ағайынның әбiрейi төгiлгенiне қуанғандай, асығыстық жасай салыпты. Бұ жағынан алғанда‚ Мамырайдың кiнәсi бар. Ал‚ екiншi жағынан алғанда‚ басыбайлы жесiрiне еге болмай, бар шаруа бiтiп кеткенде қожамсынып шыққан Ережептiң де айыбы бар. Менiңше, осы арада негiзгi кiнә қатынның өзiнде жатыр. Даудың шешiлер түйiнi де сонда. Сол екен: — Мiне, дұрыс сөз,— деп‚ қараүй iшiнде отырған жұрт гу ете түстi. — Бiр ұрғашы үшiн ел арасы бүлiнбесiн! — Ендеше ана әйәлды шақырыңдар,— дедi Әйбек би есiк жақта отырған қызметшi жiгiттерге қарап. Екi қызметшi жiгiт орындарынан лып етiп түрегелiп, сыртқа қарай ата жөнелдi. Олар аздан кейiн көршi үйде отырған Балқияны iшке алып кiрдi. Әйбек би төменгi жаққа тiзе бүгiп жатқан Балқияға тiкiрейе қарап: — Қарағым, пошымыңа қарасам, кеуiлi алып-ұшып тұрған жас бала емессiң. Бiрақ мына бiр әрекетiңнiң сырына түсiне алмай отырым. Шырағым, өзiң жақсы бiлмейтiн бе едiң, ежелден осы қазақтың түбiне жетiп келе жатқан мал мен жесiр екенiн? Бүгiнгi күнi әмеңгерiңнен қашып кетiп, екi


43 елдiң арасына от тастап отсың. Ендi мына тола жұрттың көзiнше түсiндiрiп айтшы, неге Мiрәлiге тимедiң? — дедi. Еркек пiшiндес Балқия қара торы жүзiне аздап қызғылт қан шауып, сәл-пәл iркiлдi. Сосын төбе биге бiр қырын қарап отырған қалпын бұзбастан: — Ағасының көзi тiрiсiнде маған қайны боп жарытпаған сарыкөсiк ендi басыма тура құрық түскен күнi бай болып не жарытады? Сосын қаштым, — дедi. Ережеп қап-қара боп кеттi. Ендi Балқияның нағыз бет жыртысуға көшкенiн байқап, бiр демде жүзiн билеп ала қойды. — Ағайын-ау, — дедi сол кезде Балқия екiқолын екi жаққа жайып, жан-жағына жалбарына қарап, — малым бар екен деп талай мәгәс аққу құстың төсiн арамдап, айдын көлдi ылайытып жүрген жоқ па? Сонда осы да әдiлет пе? Кеуiлiм қаламаса, мен мына жаманға қалай тием? Малға сатып алғанымен, мен мал емеспiн қой? — Өшiр үнiндi!.. Мал бергесiн әйәлдiң малдан несi артық? — деп Ережеп сол арада шыдамай, ақырып жiбердi. Сол екен‚ жүзiнен жаңағы бiр әзiрдегi жалбарыныш iзi зымзия жоғалып‚ түтiгiп кеткен‚ қара көзi әр жағынан есемелей құйылып жатқан ашудан түнгi отша жарқырай түскен Балқия қайнысына жеп жiберетiндей боп ызалана қарады: — Е, солай де! Мал берiп қатын алған мәгәстың сонда со малдан айырмасы қайсы? Ендеше мен қатын басыммен мал болсам, онда еркек басымен мал берiп, әйәл алған ана ағаңның да мал болғаны ғой? — Қысқарт! — дедi Ережеп қалшылдап. Дем арасында оның қолы жанында жатқан төрт өрмелi қамшысына барып та қалды. Бiрақ ол мына жерде бiлек күшiнен әбiрей таппасын бiлiп, басына шапқан әзәзiл ойдан шұғыл арылды. Сосын сен бiрдеме десейшi дегендей боп ол екi бидiң жанында төбедей боп отырған Елмырзаға жалтақтап қарады. Ережептiң ниетiн сезiп, қозғалақтап қалған Елмырза тамағын кенеп, Әйбек биге қарап: — Оу, ақсақалдар, қазақ арасында дау туғанда, төре тұқымы әлiге дейiн сырт қалып көрген жоқ емес пе? Осы арада сол ата-бабадан қалған мирас жорамды арқаланып, менiң де тiлiм қышып отыр,— дедi. — Өт-те дұрыс! — Сұлтан сөйлесiн! — Оған не сөз бар,— деп жалпылдақ кiсiлер жампаңдасты да қалды. — Оу, ағайын, — дедi Елмырза даусын көтере сөйлеп,— менiңше‚ мына Ережеп мырзаның дау қууының еш сөкеттiгi жоқ. Басыбайлы жесiрi жiгiттiң әбiрейiн төгiп, жатқа асып жатса‚ онда оның дау қуғанының не айыбы бар? Мұндай жағдайды бұрынғылар қалай шешушi едi өзi? — деп‚ ол жұртқа жағалай қарап шықты. — Дәл осындай дау, жаңғыз бұл емес, бұрында да талай рет болған. Дана кiсiлер мұның шешiмiн де айтып кеткен. Жәнә дә ресiм бойынша, әмеңгерi бас тартса, жесiр қалаған қайнысына тиедi. Менiңше‚ Балқияның да сүйткенi жөн. Әгәр дә Балқия Мiрәлiнi менсiнбесе, онда ноқтаға толық деген ана Ережепке тисiн. — Ол Ережепке ақырын бұрылды. — Ережеп, жеңгең өзiңдi қалап отқанда, сенiң одан бас тартатын ретiң жоқ. Кеше өзi қу тақырға отырғызып кеткен сұлтанды мынадай қысылтаяң тұста төтеннен тосын жол тауып кетедi-ау деп ойламаған‚ ендi бар шаруаны өзiне тiреп сөйлеген Елмырзаның ертеңгi күнi бұл өкпе айтып жатса: “Мен кәйт дейсiң? Жесiрiңдi алмаған өзiң кiнәлiсiң”, — деп‚ бар кiнәнi бұған аудара сап, бұлт етiп шыға келетiн iштей сезген Ережеп аңтарылып қалды. Сол екен‚ ит-жыны тырысқан Ережеп ашу үстiнде: — Мен айтарымды баяғыда айтқанмын, ағам Мiрәлi алам деп отқанда, ата жолын аттап әруаққа шет болатын жағдайым жоқ. Балқия тиетiн болса, кәзiр шешiмiн айт-сын! Болмаса, — деп‚ ендi қалың жұртқа көрсете қамшысын оң қолымен сығымдай ұстап, бiр тiзерлеп, сәл көтерiле түсiп отырды. Соны көрiп‚ бiр-бiрiне қарауға батпай‚ көздерiн төмен салып жiберiп, ұшынып кеткелi тұрған даудың соңының қайда апарып соқтыратынын бiлмеген жұрт тым-тырыс бола қалды. Сәлден кейiн олардың ауыр-ауыр демалғандары‚ босаға жақта тұрған қара сабаға жапырлай кеп қонып жатқан қара шыбындардың тынымсыз ыңыздағандары‚ терiскейдегi түрулi тұрған iргеде көлеңкелеп жатқан көпек иттiң ырс-ырс еткенi анық естiлдi. Үй iшiнде қолайсыз бiр тиыштық орнады. Сәнден кейiн сол тиыштықты Әйбек би бұзып: — Ағайын, — дедi қолын жоғары қарай сәл көтере түсiп‚ — ағайын, аптықпайық. Сабамызға түсейiк. Мұндай қызбалықпен дауды дұрыс шеше алмаймыз. Осы төбелес пен таяқ жүрген жерде қашан әдiлет болып едi? Ондайда артық-кем нәрсе көп болып жатушы едi ғой. Жалпы осы қазақтың сойылдан тапқан пайдасы қайсы? Бiз осы бiр-бiрiмiздi аз сабадық па, бiр-бiрiмiзге аз жала жаптық па? Арылайық, ағайын бұл пәледен! Сабыр, сабыр! — Ол сарта жүгiнiп отырды.— Ал, ағайың мына даудың жай-жапсарына қандыңдар. Мен ендi сендердi бiтiссiн, мәмiлеге, бiтуажаға келсе екен деп билiк айтам! — Ол Балқияға көз киығын тастады:— Келiн, ашығын айт‚ сен мына Мiрәлiге тиесiң бе? — Жоқ,— дедi Балқия жұлып алғандай қып. — Ережеп, сен жесiрiңдi аласың ба? — Мен бе? — Ережеп сәл ойланып қалды. Есiне Ақкербез түстi. — Жоқ, оны Мiрәлi алады. — Мiрәлi, сен жесiрiңдi аласың ба? — Алам, — дедi Мiрәлi даусы қарлыға шығып. — Ендеше былай, — дедi Әйбек би даусын көтере, нықтай сөйлеп. — Ережеп, сен жеңгеннен бас тартып отсың, ал жеңгең Мiрәлiден бас тартып отыр. Сүйтiп екеуiң бұл жағынан теңестiңдер. Әрине, ата жолы бойынша, жесiр байдан бас тарта алмайды, бiрақ мынадай жерде ырзашылық болмаса жәнә болмайды. Сен, Ережеп, жесiрiм кеттi деп корлансаң, жеңгем басым кемидi деп қорланады. Ендеше Балқияны өзiң ал, болмаса, басына бостандық бер.


44 Әйбектiң сөзiн естiмегендей қалып көрсеткен Ережеп сол арада қашанғы дағдысына бағып, сазарып‚ жүзiн сырт салып, ертең билiктi өз ырзашылығынсыз шығарды деп айту үшiн үндемедi. — Үндемегенiң — жеңiлгенiң. — Әйбек би жұртқа жағалай қарады. — Оу, ағайын, қоңсылас жатқан Әлiм, Шөмен деген ел едiк. Сол ынтықмақты бұзып‚ бүгiнгi күнi бiр қатынға бола бүлiнбейiк. Балқия өз қалағанына тисiн. Алған жақ Ережепке жесiрiнiң өзiне келгенiн хабарламағаны үшiн айып төлесiн. Кәне, осыған пәте қылайық! — деп, ол көрi арық қолын жоғары көтере бердi. Ырза боп кеткен жұрт ендi еңселерiн көтерiсiп: — Мiне, әдәләт! — Турасы осы! — Көне, пәте қылайық! — десiп қолдарын жая бердi. Ел беттерiн қолдарымен сипай бергенде, Ережеп көтерiле түсiп, қаттырақ сөйлеп: — Уа, әдiләтты би! Мына билiгiңе ырзамын! — дедi. — Жарайды, бiр қатын Әлiмнен кетiп, Шөменге барса, жеңге мен қайнының жарасқанындай болар. Тiптен қайнысы жеңгесiн алып қашса да, iнiлiгiн арқаланатын шығар. Сол екен: — Өй, бәрекелде! — Тусаң ту!— деп, ырза боп кеткен жұрт арқа-жарқа болды да қалды. — Негiзгi гәп кәзiр мүлдем мұнда емес қой, — деп, Ережеп ойындағы дiттеген шаруасына қарай елдiң ықыласын майысқақ бiр тәсiлмен бұра бердi. — Бүгiнгi сөз Қызыл мен Қырды ен жайлап жатқан Әлiм, Шөменнiң тегiс аманшылығын ойлап айтылуға тиiс. Бiрақ бiз ала ауызбыз. Сәл нәстеге бола басымыз пiспейдi. Соның кесiрiнен Хиуа ханына тәуелдi болдық. Ендi ойдағы ақ патша орам алып келе атыр. Естуiмше, мына Ырғыз жағына оның әскерi бекiнiс салыпты. Бұл деген ертең осы жерге де мықтап аяқ салам деген сөз ғой. Менiң ойымша, ертең бармақ тiстемес үшiн әлгi бекiнiстi қол жиып барып, күл-талқанын шығарғаннан дұрысы жоқ. Ол қолға басшы етiп хат танитын, көзi қарақты мына Жәнiбектi сайласақ кәйтедi? Кәне, ақсақалдар, осыған пәте қыламыз ба? — Ережеп тоқтап‚ iште отырған әлеуметке қарады. Мұның iшкi есебi бойынша, бұдан түк те өнбейдi. Алда-жалда ел бәтуаласа қалса, ертең өзiмен билiкке таласады-ау деген Жәнiбектi бiр шатаққа анық араластырып жiберiп, жауға қарсы айдап салады. Ертеңгi күнi ол әбiрей ала қалса, қол басқаруға ұсынған өзi боп шыға кеп, Жәнiбектiң оң қабағына iлiгедi. Сонда Хиуа ханы да бұған онша терiс қарай қоймайды. Ал, бәрi қырсыққа шауып, ақ патшаның ықпалы артса, Жәнiбектiң күнi қараң. Ондай атты күн туса, бұл судан таза, сүттен ақ боп шыға кеп, ағайынның шатағы көп шаруасына көлденеңнен көз тастап, салулы төсек салқын үйде мырс-мырс күлiп жатып алады. Тек мұны басқа кiсi сезбесiн де. Сол арада бағанадан берi өрттей қаулап, әркiмнiң ығына жапырылыса бiр жығылып отырған кiсiлердiң дем арасында томсара қалған жүздерiне сынай көз тастап қойған Ережеп олардың құбылғыш жүздерiн көрiп, iшiнен сылқсылқ күлдi. Мұны естiген бойда қараүй iшiнде отырған кiсiлер самсоз бола қап‚ не дерлерiн бiлмей, бастарын iштерiне тартып, бұйыға түстi. Әсiресе‚ қол жинаудың бар салмағы өздерiне түсетiнiн бiлген семiз байлар‚ әлден-ақ салдары суға кетiп, қабақтары салбырап, қараптан қарап тұнжырай бастады. Сол арада бiр теке сақал бай қасында ырқылдап отырған қаба сақал, месқарын байды саусағымен нұқып қап: — Осы... қолға жарамды ат керек емес пе? Кәзiр мына шыбын-шiркейдiң қаптап өрiп жүрген кезiнде коңды малды қайдан таба қоясың? — деп мiңгiр ете түстi. Сол екен: — Ойбай, айтпа... — деп қашуға дайын отырған анау да зар илеп қоя бердi. — Биылғы жыл бiзге әбден сор болды. Жер қуаң, жаңбыр аз. Менiң азын-аулақ малым шетiнен сүйектерi ыржаңдап, ырсиып тұр. — Ондай малды сойып жеу де қиын. Жиылған қолға iшiп-жемдi о малдан қалай бересiң? — деп үшiншi бiр жалпақ қара кiсi әлгi екеуге қосыла кеттi. Соны күтiп отырғандай қалған жұрт та жан-жақтан жамырасып жатыр: — Шынында да, биыл малдың жайы қиын боп тұр. — Соғысқа тiрсегi мықты ат керек. Кәзiр оны қайдан табасың? — Ырғыз деген де бiр ит өлген жер. — Одан Сырға жетем дегенше, шарық киген әскер әлi бiр талай жыл жүредi. Оған дейiн, кiм бiлiптi, замана райы өзгерiп те кетер? — Әй, Ережеп, сол ақ патшаң бiзге осы не iстей кояды, а? — Ол... азар болса, салық салар. — Бүйтiп бас көтеретiндей... басшы болатын ханымыз да жоқ. Ережеп сол арада ұтырлы жерге жеткенiн бiлiп, бiрден шап ете қалды. — Ойбай-ау, сол ханды осы бiз неге таппаймыз, а? Оны iздесек, табамыз ғой. Тек менiң бiр корқатыным, бұрынғы кездерi хан-сұлтандардын iргесi берiк болушы едi. Кiм көрiнген түсiн жылытып, келе қойшы дегенге, екi етегi далақтап, бала құсап шаба бермеушi едi. Кәзiргiлердiң қол-аяқтары тым жеңiлейiп кеткен сықылды. Олар жел қайдан соқса, соның ығын алар қаңбақша домалай жөнеледi. Болмаса шақырды екен деп‚ Нұрғазы-ның кәртейгенде ақ патшаның алдағанына сенiп, абақтыға қамалатын не жөнi бар едi? Осы қазақта не көп, төре көп. Аспанға лақтырған таяғың солардың бiрiне кеп тиiп жатады. Менiңше, солардың ноқтаға толықтау деген бiреуiн басшы ғып, хан сайласақ, немене бiздiң бәсiмiз кемiп қала ма? Дағдарған жұрт не дерiн бiлмей, бiр-бiрiне қарасты: — Ояғы... өзi... — Бұрын-соңды үйтiп көрмегесiн...


45 — Хан болам деп... өзi жұлқынып шығып тұрмағасын... мiне мынауы лайқат деп айтудың өзi де қиын. — Сонда бiр көздегенiң бар болса, өзiң айта қойшы, — дедi әңгiменiң мәнтi қашып бара жатқанын аңдаған Әйбек би Ережепке жақтырмай қарап. Жұртқа сырын онша бере қоймайтын Ережеп сабырын шашпастан, сәл жымиып: —Үйтiп... менiң мынау көздегенiм, мынау қалыс қалдырғаным дейтiн дәнемем де жоқ. Өздерiңе белгiлi, мына отырған Елмырза төренi хан сайласақ, ол кiмнен кем? — дедi. — Ендi.. ол... ыһым, ыһым... — Хан көтеру үшiн екi арыстың бар биi мен батыры келiсу керек емес пе? — дедi сол арада көптен берi үндемей отырған Тоғанақ батыр сол арада ортаға бiр сөз тастап. — Осы Хиуа ханы немене ай қарап отыр ма? — дедi бағанадан берi жұрттық аңысын аңдап отырған Әбдiраман кенет қыстырылып. — Бiз ғой осы жылма жыл Мұхаммәд-Инаққа алым-салық төлеймiз. Әгәр өз ортамыздан елге қожа болар хан табылып атса‚ онда тiпте жақсы болды ғой, әлгi жауға кетiп жатқанымызды соған-ақ бере салатын. Жұрт жым болды. Елмырза төре қап-қара боп кеттi. Екi би бiр-бiрiне қарасып, ақырын бастарын изесiп қойысты. Ережеп мына шаруадан түк те өнбесiн бiлiп: — Жарайды, онда, — дедi даусын соза сөйлеп. — Мен осындай әлемет кезде ауыз бiрiктiрсек пе деп ем, тағы да баяғымызға басып кеттiк. Ояғынан бiзден озар iжкiм жоқ. Тек айтпады демеңдер, ертеңгi күнi еңiрегенде етектерiң әлi-ақ жасқа толады. Ережеп содан кейiн артық тiс жармады. Көздеген шаруасы ретке келмегесiн‚ ол жұртшылықа арнап жасатқан қонақасысын тездетiп болдырды да‚ дастархан жиылысымен‚ елдiң тарқағанын қалайтын ыңғай көрсеттi. Соны байқаған әлеумет орындарынан апыр-жапыр түрегелiсiп‚ сыртқа шығып‚ аттарына мiнiп‚ бет-беттерiне тарап бара жатты. Сыртта дабырласып, ұзап бара жатқан олардың дауыстарына құлақ сап‚ қараүйде отырған Ережеп көпке дейiн үнсiз қалпын бұзбады. “Қазақ деген осы? — дедi ол iшiнен құдды өзiн қазақ еместей көрiп. — Мұндай берекесiз жұртқа басшы боп, не пайда таппақпын? Одан да қара басымды қайттағаным жөн емес пе? Мал-басым аман болса, келген жаудың әуселесiн көрiп алармын. Бiз секiлдi олардың да атқа мiнетiн кiсiлерi болатын шығар? Оларға да мына жұртты тiзгiндеп ұстап отыратын бiреу-мiреу керек болар? Сол кезде мыңғырған малым қырылып қалмаса, ақ патшаның сенiмiн сатып-ақ алмайым ба? Сосын... бастарынан бағы тайған би, батырлардың алдыма кеп, екi көздерiнiң мөлтеңдегендерiн көрсем ғой, шiркiн?!” Осы ойға табан тiреген ол Мiрәлiнi шақырып ап, бұйрық бергендей қысқа айтты: — Тез Дадабекке шап!

13 Құмқамалға келген сайын Мiрәлiнiң бойын бiр белгiсiз қорқыныш билейтiн. Атты кiсiнiң бойынан асатын соқпа диуалды көргенде, оның көз алдына атақты Ақсақ Темiрдiң Бұхарада тұрғызған мұнарасы елестейтiн. Ол бүгiн де қамалға қорқасоқтай кiрдi. Тапал соқпа тамдардың жанынан жүрiп отырып, Дадабектiң сарайына кеп түстi. Хиуаның бегi әрқашанда сән-салтанатты ұнататын. Өз сарайын басқа тамдарға қарағанда еңселi етiп, күмбездеп соққтырған. Есiк алды — жайқалған бақ. Ұқыпты қолдың күтiмi танылар бақ ортасында кiшкене һәуiз бар. Бұл оң қолын кеудесiне қойып, сәлем берiп кiрiп келгенде, Дадабек бақ iшiнде сейiлдеп жүр екен. Қасында бiр-екi нөкерi бар. Құс тұмсық, өткiр қара көздi Дадабек бұған сынай қарады: — Иә, не гәп? — Тақсыр, — дедi Мiрәлi басын иiп, — сiзге оңаша айтар бiр әңгiмем бар едi. Дадабек дағарадай сәлделi басын әнтек бұрып, нөкерлерiне ым қақты. Олар кеткесiн, Дадабек Мiрәлiге бiрдеңе сұрағысы келгендей екi оқты боп қарады. — Қадырданды бек, — дедi Мiрәлi мүләйiмсiп, даусы қалтырай шығып. — Мен сiзге бiр қолайсыз жайды алдын ала айтқалы келдiм. Мына абызыңыздағы қазақтардың арасына әрекет кiрдi. — Не, не? — дедi Дадабек сұрлана қап. Қара жүзi жауар күндей түнерiп кеттi. — Кеше мына ауылдарда бiр жиын болып едi. Сонда бас қосқан би, батырлар мына Ырғыз жағына орыстардың кеп бекiнiс салғанын әңгiме қылды. Сөз ыңғайына қарағанда, сiзге наразылары солай қарай өтiп кетпек, — дедi Мiрәлi ендi батылданып. “Осыдан соншама қорқып”, — деп қоқиланып ап, бойын тiктей қойды. Әрi орыс жайын айтқанда Дадабектiң қаншама сыр бермеймiн дегенмен, өткiр көзiнiң әр жағынан қаулай лып ете қалған күдiк толы суық ұшқындарды аңлап қалды. “Мұнысы несi?” Дадабек сұп-сұр қалпын бұзбастан бұған атып жiберердей боп қадала түсiп: — Олар кiмдер? — дедi. Ол терiсi тарғыл тартқан қолымен белiне байлаған қылышының балдағын сипап қойды. — Мына Шөмекей тайпасының басшысы Мамырай дейтiн кiсi. — Е, ана шал ма? — Иә, дәл өзi, тақсыр ол өзi... ұлы ханға қарсы сөз де айтып жүр, — деп Мiрәлi Дадабектi сенбей қалар деп үстемелеп қойды. Қазақтардың өзара дау үстiнде бiр бiрiн оп-оңай ұстап бере салатынынан жақсы хабардар Дадабек түсi жылып, күнтек ернiн сәл ашып, ақ тiстерiн көрсете ыржиды: — Сосын? — Ойбай, әрi қарай айтары жоқ. Ол өзi... барып тұрған арам. Өзiнiң дiн исламннан шығып кетер түрi де жоқ емес. Тiпте... — Жарайды, — Дадабек қолын сәл көтере бере сiлтей салды.— Басқа қандай жаңалық бар?


46 — Iжқандай, — Мiрәлi көзiн жыпылықтатты: “Әлде... сенбей қалды ма?” — Ал, өзiң менiң пәрмәнымды қашан орындайсың? Мiрәлi мүдiрiп қалды. Өткен жолы Дадабек мұны сарбаздарының көзiнше иiлтiп-бүгiлтiп қойып, жеуiме әлi бөрте жөнi қырқылмаған бағлан қозы, қойныма он үш жасар қыз әкеп саласың деп мiндеттеген. Содан берi бiр ай өткен. Мiрәлi түрлi сылтау айтып, қамалға жоламай, қашқақтап жүрген едi. Ендi не дерiн бiлмей, жұмған аузын аша алмады. Дадабек бұған түсiн суыта қарап: — Сен осы немене менiң айтқанымды екi етейiн дейсiң бе? — дедi. Мiрәлiнiң жаны ышқынып кеттi: — Жоға, о не дегенiңiз, тақсыр? Жарлығыңызды орындамаймын деп жүрген мен жоқ. Бiрақ... өзiңiз ойлаңыз... Оған мына қазақтар көне қояр ма екен? — Е, неге көнбейдi? — Ендi... былай... көнуi қиындау. Сосын, тақсыр, мұның арты қиын боп кетуi мүмкiн. Ел қозғалса, ылаңгерлiк басталып... *** Дадабек ойланып қалды. Оның есiне өткенде Хиуада болғаны түстi. Мұхаммәд-Инақтың сарайында сейiлдеп жүрiп, ханның һәуiзiнде шомылып, сақ-сақ күлiп жүрген неше түрлi сұқсырларды көрген. Әсiресе, фарсы, үндi, қытай арулары аса сұлу екен. Соған әуейiлене қарап тұрып, затында нәпсiқүмар бұ да неше түрлi тәттi қиялға шомған. Қайтар сапарында Бұхара жағына қиястай соғып, момын қышлақтарды тонап, өзбектiң он шақты сұлу қызын кәнизәктыққа әкеткен едi. Бүгiн түнде он төрт жасар Гүлчехраға ықыласы құлаған. Қара шашын қырық бұрым етiп талдап өрген жас қыздың күн шалмаған екi бетi пiскен шабдалыдай уылжып тұр екен. Аялы көзi от шашады. Албыраған еттi ерiндерi күмарлығының үстiне май күя түседi. Дадабек өзiне не болып, не қойғанын бiлмедi... Ендi сондай тоятқа ынтық нәпсiсiне тиырым сала алмай, ол ендi қазақтарға көз аларта бастаған-ды. Тiптен ханның өзiне айрықша ескерткен жағдайын да жадынан қағыс қалдырды. Мұхаммәд-Инақ ақ патша орам алып келе жатқанда, ертеңгi күнi шебiне жау кiргiзбес үшiн қазақтарды бауырға тарта түсу жағын қатаң тапсырған едi. Бiрақ Дадабек оны өзiнше түсiндi. Бұхара әмiрi Насрулла мен Қоқан ханы Хұдаяр Ұратөбе үшiн көптен берi қырық пышақ боп, әбден әлсiреуге қарады. Мұның ойынша, Мұхаммәд-Инақ Қоқанның Ақмешiт төңiрегiндегi жерiн өзiне қаратып алмақшы. Сосын... ол мұның ит өлген жерде не iстеп, не қойып жатқанын қайдан бiледi? Тек оны қатты абыржытқан жай — орыстардың Ырғыздың бойына бекiнiс салғаны едi. Ертең Хиуа мен ақ патша қожалыққа таласып, соғыса қалса, жауға қарсы алғаш баратын мұның нақ өзi. Кейiнгi кездерi сол күдiгi расқа шығып келе жатқандай. Жақында Хиуа мен Бұхарада ақ патшаның саудагер боп жүрген бiр топ жансызы ұсталыпты. Олардың мал-мүлкiн үптеп, өздерiн құлдыққа сатып жiберiптi. Соның бәрiн ойлай келе, Дадабек өткенде шабарман жiберiп, Мұхаммәд-Инаққа өз байламын айтқан. Қазақтарды оққағар етiп ұстап, Ырғыз бекiнiсiн талғандауға көтеру керек. Ендi кәзiр Мiрәлiнiң қара сұр жүзiне, шәпеш тұлғасына қарап, бiр түрлi күлкiсi келдi. “Осы ма жау қиратарымыз?” *** Дадабек бiр сәтте бойын тiктеп, байсалды қалпын қайта тауып, Мiрәлiге: — Iргелерiңе патша қолы келiп жатыр. Олар бiр қоныс тепсе, бойларыңнан бар шырыңды сығып алмай, мына даладан тiрiде кете қояр ма екен? Сендер сояғын ойладыңдар ма осы? — дедi. — Ойладық, тақсыр, — дедi Мiрәлi иiле түсiп. — Өткен жолы iнiм Ережеп со жайында би, батырларға айтқан да едi. Бiрақ қазақтар елiге қоймады. — Бұл жаман, — дедi де, Дадабек мұны көзiне iлместен iлгерi қарай мамырлап жүрiп кеттi. Соңынан елпектеп ерiп келе жатқан бұған қайырылар түрi жоқ. — Сендер өз ара қырқысып жатқанда, ақ патша бар жерiңдi орап та алады. — Ол кенет тоқтап, бұған бұрылды. — Оны iстеп те тастаған жоқ па? Ана Жайық пен Арқадағы уәләйаттарында... — Неге? Ол жерлер, заң бойынша, қазақтiкi,— дедi Мiрәлi дыбдырлай сөйлеп. — Заң? — Дадабек мырс ете қалды. — Күштi кiсi сенiң заңыңды нақылсын? Iс жүзiнде о жерлердi емiп жатқан ақ патша. — Сонда, тақсыр, бiздiң не iстегенiмiз жөн? — Қазаққа, жалпы мұсылман жұртына, терiскейден ақтарылған ақ патшаның селiнен қорғану үшiн бiр-ақ жол бар ол — Хиуаның ұлы ханы Мұхаммәд-Инақтың төңiрегiне тығыз топтасып жиналу. Сосын барып, исi мұсылман жұрты дiнсiз кәпiрлерге қарсы пайғамбардың жасыл туының астында бiрiгiп, ғазауат соғысын бастау керек. — Дадабек сен не дейсiң дегендей бұның жүзiне барлай қарады. Мұны күтпеген Мiрәлi сасып қалды. Кекештене: — Әлбәттә, әлбәттә, — дедi басын изеп. — Соны қазақларға нимәгә түшiндiрмейсiңдер? — Ойбай, тақсыр, бiздiң айтуымыздан кемдiк жоқ, — деп Мiрәлi зар илеп қоя бердi. — Қай қазақпен сөйлессең де, осыны айтып, жол таптырмайды. Ал, былай шыға бере... өз руының сойылын соғып кетедi. Оларды қой,— деп ол бұл өмiрiнде қазақтардан кеуiлi қалып болған кiсiше қолын бiр сiлтедi. — Неге?


47 — Тақсыр-ау, мұның не негесi бар? Руының қамын жемесе, бұ қазақтың iшкен асы бойына тарамайды. Бiреуi атқа мiнсе болды, қайдағы онан қашқан, мұнан қашқандарын би сайлап, көтерiп жатады. Сосын... Бұл елде қайдан әдiлет болсын? — Мiрәлi жымия қарады. Iш жағынан лып ете қалған тосын сұрақты тез арада тапап тұншықтырып тастады. Сонда да бiр күдiк жанын мазалай бердi: “Ау, осы өзiм де сондай емеспiн бе?” — Е, солай де, — қазақтардың көзi тая бере бiр-бiрiн жамандай жөнелетiн әдетiне қанық Дадабек бұған қарап, зәрлене жымиды. — Ал ендi қызды қашан әкелесiң? — Оны... ендi... Былай... — Байқа, жарлықты орындамасаң, басыңды алам, — дедi Дадабек түсiн суытып. Мiрәлi Дадабектiң қара сұр жүзiне әрi шошына, әрi таңғала қарады. Жаңағы қорқынышты сөздi алманы сабағынан үзiп алам дегендей бетi бүлк етпестен айта салғанына қайран қалды. Көзiн жыпылықтатып жiберiп, қайта қарап едi, мұның мүсәпiр халын әжуалағандай Дадабек өткiр жанарында әлдеқандай қуақы ұшқын жылтырап, зәрлене жымиып тұр екен. — Иә, басыңды алам, — дедi ол тағы да нықтай айтып. — Тақсыр, — дедi Мiрәлi тiлi күрметiлiп. — Үйтсем... қазақтар менi құртады ғой. — Неге? — Ау, былай... — Дәнеме де етпейдi, — дедi Дадабек қолын сiлтеп. — Қорықсаң, қызды әкел де, қамалда бол. Мiрәлi не дерiн бiлмедi. Дадабектiң бүлк етпеген түрiне қарап: “Мынаған бас ала салу қарбызды сабағынан бырт еткiзiп үзе салғанмен бiрдей шығар”, — деп ойлады. Қорыққанынан екi тiзесi суық шалғандай қалтырап қоя бердi: — Дегенмен... тақсыр, қыз табу қиын ғой... — Онда... өз қызыңды әкел. Мiрәлi не дерiн бiлмедi. Дадабектiң кiсi өлтiргендей сұп-суық түрiне тiктеп қарай алмай, iшiнен қатты қорланды. Сол арада олардың жанына бiр кiсi келдi. Мiрәлi оның жүзiне жапақтап қарап едi, келген кiсi Мұхаммәд-Инақтың бас уәзiрi Ядгарбек екен. Ол Дадабектей емес, түсi жылы. Басына ұқыппен ораған шалмасы, күтiлiп күзелген сақал-мұрты, тап-таза желең шапаны Ядгарбектiң денi таза кiсi екенiнен хабар бергендей. Ол күлiмсiреген қалпы оң қолын кеудесiне қойып, сәл бас иiп амандасты. Сол екен бағанадан берi кекiрейiп тұрған Дадабек көре көзге иiлiп-бүгiлiп, жалпылдады да қалды. — Бұл мырза кiм болды? — дедi Ядгарбек күлiмсiреп. — Тақсыр, бұл кiсi ұлы ханымыздың сахрадағы ең сенiмдi кiсiлерiнiң бiрi Мiрәлi сардар, — дедi Дадабек басын иiп. — Яхши, яхши, — деп, Ядгарбек ендi бiр сәт Мiрәлiнiң жүзiне анықтап қарады. Жылы сәуле шашқан көздерi нұрлы екен. — Ал, халықтың ахуалы нешiк? — Шүкiршiлiк, — дедi Мiрәлi абдырап. Хиуа бектерiнен мұндай iлтипатты өмiрi көрмеген ол сасқанынан бас уәзiрден екi көзiн айырмай, бақырайды да қалды. — Қазақ бауырлар Аллатағала мәртебесiн үстем етiп жаратқан нұр сипатты ұлы ханымыз Мұхаммәд-Инаққа адал қызмет етуден қажыған жоқ па? — О не дегенiңiз, тақсыр? — деп Мiрәлi шошып кеттi. “Мынау менi сынағалы тұр-ау!»Сосын iштей тез-тез ойлап, дыбдыр-дыбдыр еттi: — Қайта исi қазақ ұлы ханның қызметiн шегуге өте асық. — Сол сәт оның есiне Дадабектiң жаңағы айтқан суық сөзi сарт ете қап, қатты ыңғайсызданып, добалдай қолымен шапанының өңiрiн жөндей бердi. Ядгарбек жүзi сәл-пәл салқын тартып, тыржиыңқырап тұрып, сол танауымен мырс ете түстi де: — Онда... өткен жылы қазақтар Құртөбедегi қамалымызды неге қиратып кеттi? — дедi. Мiрәлi аузына сөз түспей, сасып қалды. Бас уәзiрдiң өзiне сынай қарап тұрғанын байқап, одан жаман қысылды. Тез арада маңдайына бұрқ етiп суық тер шыға келдi. Сасқанынан апалақтап: — Тақсыр.. оны бұзған.. бiз емес. Ел iшiнде телi-тентек дейтiн көп емес пе? Олар кейде бiздiң де айтқанымызға көнбейдi. Ол қамалды бұзған.. ана Тоғанақ батыр мен Елдес дейтiн кiсi. Елдес — Жәнiбектiң немере ағасы, — деп Мiрәлi көмек сұрағандай Дадабекке жалтақтап, бiр-екi рет қарап қойды. — Ә, солай ма? Оны маған кезiнде неге айтпадың? Мен олардың терiсiн тiрiдей сыпыртатын едiм ғой, — дедi Дадабек тiкiрейiп. — Тақсыр... ендi... — Сонда олар қамалды неге бұзған? — дедi Ядгарбек ол қолымен Дадабекке қоя тұр дегендей ишарат етiп. Мiрәлi әбден абдырады. Мына бас уәзiрге Хиуа бектерiнiң Сыр бойында жасап жүрген зорлықзомбылығын Дадабектiң көзiнше бiрiн қалдырмай айтуға батылы жетпедi. “Кiм бiледi, былай айнала бере... Көзiн құрта сал дер”, — деп азырақ ойланып тұрды да, жасқаншақтап, Ядгарбектiң жүзiне тура қарай алмады. Құртөбе қамалының сол кездегi бастығы Уәйiс-Нияздын қазақтарға iстемеген қиянатының жоқтығы, соған қарсы Шөмекейлердiң былтыр қалың қол жиып, қамалды қоршап шапқаны, бектiң шаққа дегенде қашып құтылғаны, ендi мынау Дадабектiң қойныма қазақтан әкеп қыз әкеп сал деп дiкеңдеп тұрғаны жөнiнде қаншама айтсам ба деп тiлi ұшында қылп-қылп етсе де, бiр сенбестiк алдын орап, оның қолын тұсай бердi. Ядгарбек мұның халын түсiнгендей, жылы күлiмсiреп: — Олар әлде Қоқан мен Хиуа билiгiне риза емес пе? Болмаса бектер сiздерге шектен тыс зәбiржапа көрсеттi ме? — деп сұрады. Мiрәлi бiр сәт бар шындықты айтсам ба деп ойға шомды. Бiрақ дәл қасында түйiлiп тұрған Дадабектен қаймықты. Бұл ертең Хиуаға кетедi. Сосын Дадабектен қорлықты бұл көредi. Анадағың не деп, ол бас бұйдасы өзiне тигесiн, мұның iзiне шырақ алып түсiп бермей ме? Сен сонда кiмге барып


48 шағым айтасың? Мына уәзiрге ме? Үйтердей... қарға қарғаның көзiн шұқи қояр ма? Одан да, тиыштығым жақсы. — Жоға, тақсыр,— дедi Мiрәлi тез-тез сөйлеп, — қайта қазақтар Хиуа ханының билiгiне дән риза. Әсiресе, ұлы мәртебелi Дадабек бекке деген ықылас-ниетi мүлдем бөлек. Сырты жалған сөздi ести-ести құлағы сарсылса керек, Ядгарбектiң жүзi қайтадан салқын тартты. Ендi бұған көз салмастан, алма бақтың терiскейiне қарап тұрып: — Мына йақта исi мұсылман қауымының күштi дұшпаны бар екенiн бiлесiздер ме? — деп сұрады. — Бiлгенде қандай. Әлбәттә, бiлемiз, — дедi Мiрәлi хиуалықтармен араласқалы бермен үйренген жаңғыз ауыз өзбекшесiн қосып. — Олардың ертең мына жайлап, қыстап отқан жерлерiңдi тартып алуы мүмкiн ғой. Соның сезесiңдер ме? — Иә, тақсыр, сезгенде қандай?! — Сонда... оған қарсы не iстемек ойларың бар? — деп, Ядгарбек кенет бұған кiлт бұрылып, салқын қарады. Мiрәлi табан астында аузына сөз түспей, апалақтап қалды: — Оны... қайдам... Ояғын... была-а-ай, ел болып, ақылдасып дегендей... — Ол iшiнен өлердей ыза болды: “Менi үйтердей... мына бек немене менi хан көре ме?”— Елдерiңде оқыған, көзi ашық кiсiлер бар ма? — Әлбеттә, бар. — Олар кiмдер? — Олар ма? — Мiрәлi сәл ойланды. Жәнiбектi айтсам ба, айтпасам ба деп, соның қайсысы тиiмдi боларын бiлмей, аз-кем мүдiрдi. “Мүмкiн мына бек жаман ниетпен сұрап тұрған шығар”, деп: — Ондайлар... көп қой. Бұхарада медiресе бiтiргендер де баршылық, — дедi. — Солай ма? Ол қандай кiсiлер? Мiрәлi ендi айтуға нық бекiндi: — Мысалы, анау Жәнiбек... — О кiсi кәзiр қайда? — дедi Ядгарбек ендi қатқыл сөйлеп. Тез арада даусында әлдеқандай бұйрық ыңғайы байқалып қалды. — Ол ма? Оның ауылы осы арадан онша қашық емес. — Ә, солай ма? Онда... сiз маған Жәнiбектi тездетiп шақырыңыз. Сөйлесетiн сөзiм бар, — дедi де Ядгарбек ендi бұған көз қиығын да салмастан, бұрылып жүре бердi. Оның соңынан иiлiп-бүгiлiп Дадабек жорғалап барады. Бiр орында қалшиып қалған Мiрәлi оған не ерерiн, не ермесiн бiлмедi. Кәпелiмде не болып, не қойғанын да аңғара алмады. Ит көрген ешкi сықылды сексиiп қап, бақ iшiмен әрi қарай кетiп бара жатқан бас уәзiрдiң кең жауырынына, ала шапанына, қалың шашын тықырлатып алдырған басының көкшiл күйқасына жапақ-жапақ қарай бердi. Сосын тез ес жиып, өзiне-өзi ызаланды.“Соны айтып нем бар едi? Ендi қолбала құсап, ана Шөмекейдi шақырып жүрем ғой”, — деп аяқ асты кәдiрiнен жаңылғандай, тұлан тұтып, жарылып кете жаздады. Түрi қап-қара боп, шапанының шалғайына сүрiнеқабына сыртқа шықты. Атқосшысы тандыр пештiң жанында бiр өзбек жiгiтiмен қылжақтасып, әр нәрсенi сөз етiп тұр екен. Бұл: — Атты әкел! — шәңк еттi. Сасып қалған атқосшы сарт жiгiтi ұсына берген ып-ыссы тандыр нанды ұстай бере қолынан түсiрiп ап, апалақтап, екi етегi жалпылдап, атқа қарай ұмтылды. Мамағашта байлаулы тұрған кер аттың шылбырын тез-тез шешiп, мұның алдына тарта бердi. Сол арада аяғын үзеңгiге сұғып жатып, Дадабектiң үйiне кiрiп-шығып жүрген Жаманқұл мен Байбосынды оның көзi шалып қалды. Сол екен, бiрден iшi мұздап сала бердi. Баяғыда Қызыл-жыңғыл, Бабыс айналып өтiп осы араға келгенде, олар Хиуа ханына барып, Әлiмдердi өз абызыңызға алыңыз, деп өтiнiш еткен-дi. Сосын өздерi Хиуаның ханынан жығалы мөр алып, бұларға әбден қоқаңдап бiткен болатын. Соңғы кездерi, неге екенi белгiсiз, олардың күйлерi тая бастады. Мiрәлi берiммен Дадабектiң аузын алып, оларды талай жерде қу тақырға отырғызып кеткен-дi. Ендi мына жүрiстерiне қарағанда, олардың тағы да бiр қулық ойлап жүргендерi анық. “Сонда о не екен?»— деп, бұл iштей жиырылып, кiржiң ете түстi. Мiрәлi атына қонып, ер үстiнде нығыздалып отырып ап, жан-жағына жөндеп көз салмастан тебiнiп қалды. Бiрнеше тапал тамдардан айналып өткесiн, шағын қамалдың қақпасына келдi. Қарауылдар мұны танып, бiр-бiрiне әлдене деп айқайласып, сүйегi ауыр темiр қақпаны орнынан әзер козғап, сықырлатып, шаққа дегенде ашты. Жаны дызығып тұрған Мiрәлi сол сәт атын қамшысымен тартып қап, сыртқа қарай шауып шықты. Қамал сыртын айналдыра қазып тастаған терең ордың дәл темiр есiк қарсысына көтермелi етiп салынған ағаш баяпылдан өткесiн барып, бiр ажалдан күтылғандай, уһ деп демiн бiр-ақ алды. Беттен аққан терiн қолымен сыпырып тастап, iлгерi қарай тарта бердi. Соңында атқосшысының ерiп келе жатқанын байқаған да жоқ. Бiрнеше төбеден асқасын барып, ол ат тiзгiнiн тарта түсiп, сәл ойланды: “Егер айтпасам ше? Сонда не болады? Ертең әлгi уәзiрi шақырып ап, дүре соқтырып жүрер? Онан да... Пәледен машайық қашыпты деген.. Бiрақ мен оған шабарман боп...”. Ол ат тiзгiнiн тартып, сәл тоқтады. Сол арада арт жағынан жарау атының екi бүйiрiн тебiнiп, атқосшысы да жеткен едi. Қожасының әлденеден абыржығанын айтпай бiлсе керек, екi көзiн үрей торлап апты. Мiрәлi соған қарай бере, тез бiр ұйғарымға келдi: — Сен... кәзiр ана Жәнiбекке бар. Дадабек шақырып жатыр де. — Ол Дадабектi айтып, Жәнiбектiң құнын түсiргендей көрiп, сәл күлiмсiредi. — Жарайды. Осы кәзiр ме? — Дәл кәзiр. Сосын бөгелмей тез ауылға қайт. Атқосшы атын солға қарай бұрып ап, шығыс жақты бетке ұстап, шоқырақтай жөнелдi.


49 Мiрәлi ендi кiдiрмедi. Сар желiп келе жатып, өткен-кеткен жайларды есiне ала бердi. Бұл жолы да оның қамалдан сағы сынып қайтты. Үнемi көретiнi осы. Әсiресе, Дадабектiң кекiрейiп, менсiнбей сөйлегенi жынына тиедi. Бiрақ қолдан келер қайраны жоқ. Сондай кезде осы сардарлықтың маған не керегi бар едi деп те ойлайды. Шынында да, бұған түкке қажетi жоқ едi. Мұны Ережеп табандап отырып ап, неше түрлi жолға сап, ақыры көндiрiп тынды. Әуелгiде атқа мiнгенiне мәз болып, өзiне де жел бiтiп едi. Келе-келе Дадабектiң бабын табам деп-ақ шаршады. Зекетшiлерге ерем деп, ел арасына жеккөрiнiштi болып бiттi. Қара халық сонау Хиуаға асып жатқан мал мен астықты бұл өз басына бола жинап жүр деп ойлайтын сықылды, қай ауылға барса да, ата жауы келгеннен бетер түнерiп бiтедi. Әуелгiде бұл ыңғайсызданып жүрдi. Бертiн келе етi өлiп кеттi. Ханға түсер алым-салықтың үстiнен жонып жеп, пайда көрiп, әбден дәнiгiп алды. Дадабекке жан-тәнi қалмай қызмет қылып, күйрығы қоныс таппай қойды. Бiрақ соны бiлер бек жоқ. Ендi қыз тап деп шалқайып жатыр. Бұл сақалды басымен қай ауылға барып, бiр түнге қыздарыңды бере тұр дейдi? Үйдей қалса, әңгi жұрттың сойылмен басын жаруы мүмкiн ғой. Ол қатты дағдарды. Ұзақ жолда басына неше түрлi ой түсiп, әр нәрсенi бiр ойлап келе жатып, тақымы тала бастады. Оның үстiне қарны ашты. Дариядан өтiсiмен, көп ойланып жатпастан, Нарман аулына келдi. Қошқар түмсық, iрi сүйектi Нарман қараүйiнiң iшiнде қамшы өрiп отыр екен. Мұны көрiп, iсiн тастай сап: — А, құдамысың? Кел, кел. Кәне, төрлет, — деп жылы шырай бiлдiрiп, орнынан тұрып кеп амандасты. Өзiне не iстейiн деп қараған кемпiрiне иегiн қағып қап, қазан көтер деген ыңғай бiлдiрдi. Мiрәлi кеуiлденiп кетiп, төрге малдас құрып отырып: — Құда, қалай, мал-жан аман ба? — дедi де тiлiн тiстей қойды. Есiне қызын бермей жүргенi сап етiп түсе қалды. — Құдайға шүкiршiлiк, — дедi Нарман салқын ғана.— Қолдан мал кеткесiн, бұрынғыдай дәурен жоқ, мына жатақ Қаракесектердiң ығын ап, жүрiп жатырмыз. — Е, дегендей, — дедi Мiрәлi сөздi әрi қарай ұзартқысы келмей. Нарман сөзiн әрi қарай сабақтады: — Қолдағы азын-аулақ жандықты көздiң қарашығындай сақтап отырмыз. Құда, бiр мал жейтiн орның бар едi. Кәзiр төлдiң жас кезi ғой. Соны ойлап, қыстан қалған сүрдiң соңын қатын қазанға салып жатқан шығар. — Ойбай-ау одан артық не керек. Сүр деген... былай жақсы ғой, — Мiрәлi қулана күлдi. — Кеуiлiме қарап айтып отқан шығарсың. Болмаса жас малдың етiне не жетедi? — Бiзге со да болады ғой. Құдай қосқан құда емеспiз бе, бiр-бiрiмiздi сынап кәйтемiз. — Әрине. — Нарман сәл күрсiндi. — Құда, өзiң бiлесiң, Қалмырзамыз ер жеттi. Кәзiр шаруаға шындап қарады. Сал-серiлiк малдың барында екен. Кешегi ақсирақ жұртта қылқұйрық қалмағасын, өлмес күнiн көру үшiн бәндә сорлы не iстемейдi? Бiз де сүйтiп атырмыз. Бұрын бай едiк, ендi диқан болдық. Биыл баламыз бiрнеше қарық қауын-қарбыз ектi. — Дұр-р-е-е-ес, — дедi Мiрәлi әлден аяғын тарта бастап. Ол осы әңгiменiң соңы келiнiмдi қашан қолыма бересiң дегенге тiрелетiнiн аңдаған да едi. — Бұрынғылар қашқан құт жаңа түскен ырысты келiнмен бiрге табалдырықтан аттайды деушi едi. — Дұр-р-рес, — дедi Мiрәлi тағы да. — Биыл баламызды қолымызға алсақ па деген ойымыз да жоқ емес. — Оны... ендi... әй, Нарман, жаңа бұрынғының сөзiн айттың. Ал сол бұрынғылардың сабыр түбi сары алтын дегенiн бiлесiң бе? — Бiлгенде қандай. Бiрақ сол сары алтын сары жезге айналуға шақ қап тұр. — Өй, өзiң қызық екенсiң ғой, — деп, Мiрәлi қулана күлдi. — Алтын мен жез қашан айқұшақ қабысып едi? Жездiң жөнi бұқары күманның тесiлген жерiн жамау ғана емес пе? Осы кезде iшке қолына жез құман ұстап, Ағлес кiрдi. Шешесiне тартқан, етi тiрi, сымпылдаған қыз екен. Мiрәлi қолын жуып жатып, осы бала мен Ниязды әуейi екен деген алып қашпа қаңқу сөздi ана бiр жолы қонып отырған жерiнен естiген-дi. Нияздың Ағлеске ен салам дегенiне Сағынайдың қарсы боп, әлге дейiн құда түсу жағын кейiнге қалдырып, былқ-сылқ етiп жүргенiне әбден қанған. Сол арада осы жай есiне сап етiп түсе қап, қолын мыс леген үстiне сәл-пәл сiлкiп, кейiн тарта бердi де, iшiнен: “Кiсiнi құдай тас төбесiнен қос қолдап ұрайын десе, ол алдындағы малы мен оң жақта отырған қызына еге бола алмайды. Сүйтiп отырып, менiмен құда болмақ. Өйдөйт, шiркiн!»— деп тыжырына отырып, сүлгiмен аузын сүрттi. Дәм үстiнде сәлем берiп, Қалмырза келдi. Ол әкесi сықылды сүйегi арбиған, қараша жiгiт едi. Оның кетпен ұстаған қолы салалана iрейiп, терiсi түрпiленiп, жарылып кетiптi. Үстi-басы балшық-балшық ол етiгiн есiк жаққа шешiп, қолын жуып, Мiрәлiнiң төменгi жағына кеп жайғасты. Еркiн отырысына қарағанда, бай әкесiнiң кешегi әдiрә қалған дәулетiнiң желiнен әлi арыла қоймаған сияқты. Үрт мiнездi, батыл жiгiт екенi аңғарылады. Мiрәлi күйеу баласының желiдегi жылқысы шұрқырап жатқандай еркiн отырыс-тұрысын жақтырмай қалды. Қашанғы қияңқылығына басып, оны кекетiп: — Бала, осы қазақ оңбайтын бала ит көсiк қазады деушi ме едi? Малдан опа таппағасын сен немене өзгенiң кәсiбiн қыла бастағансың ба? — деп мырс-мырс күлдi. Әзiржауап Қалмырза еттi турап жатып: — Басыңа күн туғанда қайырылып келуге жарамайтын қайырсыз туыс, қатыгез құда-құдағайға қарағанда, құдайдың қара жерi жомарт қой дедiм. Тақырға су, қайырға ну бiтерiн жаңа бiлдiм, — дедi бұдан айылын жимастан көтерiле сөйлеп. Мiрәлi мына қазақы жiгiт мұндай сөз айта қояр деп ойламап та едi. Оның дем арасында ит мiнезi ұстап, қыржиды да қалды. Бiрақ қомағайлығына басып, осы кезде алдына келген еттен қол тарта алмады. Оған етке күлше қылып салынған жүгерiнiң күрмегi таңсық едi. — Апырмай, мына бiр оңды дәм екен, — дедi ол сөз бетiн басқа жаққа қарай аударғысы кеп.


50 — Ата, жеп алыңыз, — дедi Қалмырза сол арада осқырына күлiп. — Мұның оңды екенi сонша, қоңыңызға қоң қосады. Нарман басқа жерде баласын үйден қуып шығар едi. Мына жерде Қалмырзаның әдепсiздiгi қышыған жерiне тиiп, шыдай алмай, мырс ете қалды. Өмiрi: “Маған шыр жұқпайды”, — деп, жылай беретiн Мiрәлiге бiрде Сағынай: “Оу, саған неге шыр жұқсын жылап iшiп, шыңғырып т...п отырған”, — дептi. Сол сөз ел iшiне тез тарап, кiм көрiнген Мiрәлiнi сыртынан келеке қылатын. Қалмырза да мына сөзiн соған тiреп айтқан-ды. Мiрәлi сөз астарын түсiнiп, дем арасында торсаң ете түстi. Ас та қайырмастан, орнынан атып тұра кеп, жаюлы дастарханнан аттап жүре бердi. Сол арада төбедей боп отырған Нарман: — Әй, жаман! Кеудеңдi iсiрiп жүрген ана алдыңдағы мыңғырған малың шығар! Бiрақ мал бiткеннiң бәрi адам емес! Малдығыңды көрсетiп, неге пiрлi дастарханнан аттайсың? Қайт кейiн! — деп саңқ ете қалды. — Мә, саған қайтқан! Мә, саған қыз! — деп, Мiрәлi табалдырықтан аттай бере, Нарманға қолын шығарып көрсеттi. Нарман қолына қамшысын ұстай атып тұра келдi. Бiр шатақтың боларын анық бiлген Қалмырза тез барып әкесiнiң қолынан ұстай алды: — Көке, Дадабектiң байлаулы баспағына сөз шығындап, қол көтерiп кәйтесiң? Мұның басында не билiк бар? — деп өзi дереу жалт бұрылып, сыртқа атып шыға кеп, атына мiнiп жатқан Мiрәлiнiң шаужайына жармасты. — Ата, ана өтпей отқан қызыңды өз қолыңмен қашан әкеп бересiң? Мiрәлi қап-қара боп кеттi. Иегi кемсеңдеп, аузына сөз түспей, жылайтын балаша бiр түрлi боп аз тұрды. Сосын барып ес жиып: — Өй, атаңнын аузын!.. М-м-ен саған көрсет-е-ем! — деп, атын қамшымен тартып жiбердi де, жын ұрғандай бор-байлап шаба жөнелдi. Ол жолшыбай қатты қорланды. Iшiнен Нарман мен Қалмырзаны ата-баба, зәузатынан дым қалдырмай боқтады. Осыдан он жыл бұрын әкесi Келман жұтқа ұшырағанда, iргесi шайқалмаған Нарманмен құда боп, қалың малды көптеп ап, бар шаруасын қалпына келтiргенiн ұмытып: “Сенi ме, тұра қал! Әлi көкеңдi көзiңе көрсетермiн! Ана әлпештеген қызың Дадабектiң қойнынан бiр-ақ шыққанда барып, сендермен сөйлесермiн!” — деп кiжiндi.

14 Шәки бүгiн күндегi дағдысына бағып, ерте оянды. Кешегi барымтадан соң Ережеп әлдеқандай iш есеппен мұны ұзатып ешқайда жұмсай қоймаған. Көсе бойында жасырылған жылқыға кеше басқа жiгiттi жiбердi. “Онысы несi?»— дедi бұл iштей. Сол ой мазалап, түнiмен жөндеп ұйықтай алмады. Торғай шырылдағанда-ақ, бұл аяғына мiнiп кеттi. Бiр тостаған салқын айранды басына көтере сап, өзiне бiрдеңе сұрағысы келгендей кескiнмен қараған Дарханға ештеңе деместен, сыртқа шығып, мырзаның үйiне келдi. Ережеп әлi тұра қоймаған екен. Алты қанат ақ үйдiң маңында малай қатындар саба пiсiп, шай қайнатып, асып-сасып жүр. Осы кезде iштен аяғын санап басып, Ережептiң қара торы бәйбiшесi шықты. Мұны көрiп, берген сәлемiне ернiн жыбырлатты да қойды. — Бәйбiше, мырза, оянды ма? — дедi Шәки қысылып-қымтырыла. — Оны нағыласың? — дедi бәйбiше бұған астам қарап тұрып. — Азғантай шаруам бар едi. — Шаруаң болса, шәйден кейiн кел. — Бәйбiше мұны көзiне де iлместен, әрi бұрыла бердi де: — Осы жұрт ерiге ме? Жұрт әлi оразасын ашпай жатып...— деп күңк ете түстi. Шәки ызаланып, аз-кем тұрып қалды. Терiс қарап кетiп бара жатқан бәйбiшенiң соңынан атып жiберердей боп қадалды. Бiрақ именшектеп қалған дағдысымен ашуын ақылына тез жеңдiрiп, басындағы бөркiн дұрыстап кидi де, әрi бұрылды. Аяғын нықтап басып, малай қатындар зыр жүгiрiп жүрген ошақ жаққа беттедi. Iшiнен: “Шынында да, менiкi ретсiз-ау”, — деп әдетiнше ойлай бердi де, кенет басына тосын ой түсiп, сәл-пәл кiдiрдi. “Ау, менiң бар жазығым, оның малына мал қосқаным ба? Одан басқа мырза менен не зиян көрдi?”— деген бiр базына үстемдiк ап, кешеден берi кеуiлiнде жиналып жатқан ренiштi ұлғайтып-ақ жiбердi. Мұның қоңырайған түрiн көрiп, жақын жеңгелерi қылжақтап жатыр: — Әй, саған не көрiндi сонша жүнiң жығылып? — Қасқа-ау, мал табам деп әбден ұнжырғаң түсiп кетiптi ғой. — Соншама жүнжiп, сенiкi бұ не қайғы? — Әлде келiн... Бiз де бiрдеменi бiлемiз, ондай-ондай үндеместер... — Өй, кетшi әрi! — дедi артық-ауыз сөзге онша жүйрiк емес Шәки бiр бүйенауыз, қылжақбас жеңгесiне қарай қолын сiлтеп. — Оның қоятын несi бар? — деп әлгi бүйенауыз жеңге сөзден тыйыла қоймады. — Айлап-жылдап жолға шығып кетесiң. Әлi ыстық-суығы басылмаған жас неме... — Ойбай, салдақы, аузыңа күм, — деп екiншi қатын әлгiнiң санын шымшып алды. Бүйенауыз жеңге аузын аша бере, жым бола қалды. Iштен Ережеп мамырлап шығып келедi екен. Түнгi қалың ұйқының iзi қабағынан әлi де арыла қоймай, болбыраған ақ сары бетiн көнектей етiп тұр. Май көмген кiшкене көздерi онан әрман жұмыла түскен. Ол бұған енжар көз тастады. Шәкидiң күткен сәтi де осы едi. Ол батылданып:


51 — Ассалаумақалайкүм! — деп, аяғын тез басып кеп, қос қолын ұсынды. — Уәғалайкүмассалам! Шәки iштей қуанып қалды. Жастайынан мырзаның қас-қабағын бағып өскен бұл тәртiбi қатты туысының әр сөзi мен басар қадамы оның түпкi ниетiнен хабар бе-ретiнiн бес саусағындай бiлетiн. Жайшылықта берген сә-лемiне салқын ғана: “Әлiксалам”, — дей салатынын ұмытып, осы жолы ол ауызын толтырып, райлана айтты. — Батыр, хал қалай? — дедi Ережеп кiшкене көздерi қуақылана жылтырап. — Жаман емес. — Былай... өзiң... келiн бала,— деп Ережеп ырқ-ырқ күлдi. — Өй, аға,— деп Шәки де қысыла күлдi. — Ендi ол өзi... былай дұрыс қой. Сағынып қалған шығар, ә? Шәки қып-қызыл боп кеттi. Соны көрiп Ережеп қарқылдап күлдi: — Әй, қулар-ай! Түндегiсiнен күндiз ұялатын қулар-ай! Соны ендi бiлдiрмейiн деп, күлқынсәрiден аяғына мiнiп кетiптi. Әй, қутұяқсың ғой! Шәки қысыла күлiп, аз-кем тұрды да, шаруасын айтқысы кеп: — Көке, анадағы бiр, — дей берiп едi, Ережеп тез салқын тартып: — Оны бiлем, — деп сөзiн бөлiп жiбердi. Сосын бұған бiр түрлi жылы шырай көрсеткендей боп, ыржия қарады да, ләм-лим деместен керi бұрылып, түзге қарай жүре бердi. Шәки оған не ерерiн, не ермесiн бiле алмай, сол орнында қалшиды да қалды. Мырзаның ылғи әдетi осы. Басты шаруаға келгенде, көмейiндегi сөзiн толық айтпай, сызданған қалпын бұзбастан, әрi-сәрi етедi де кояды. Сол тұйықтан мына шiркiн қалай жол табар екен деп сынайтын болар. Шәки табан астында басына бiр ой шауып, бойына әлдеқандай батылдық енiп, Ережептiң соңынан жүрдi. Аяғын тездеп басып, осы кезде ауыл сыртына қарай ұзай берген мырзаға жетiп алса да, онымен қатарласуға батпай, сәл кейiнiректе ерiп отырды. Ақыры батылданып, тамағын кенеп: — Мырза, — дедi. Дауысы бiр түрлi қалтырап кеттi. Ережеп бұрылмастан тiл қатты: — Есiмде дедiм ғой жаңа. Шәки қанша батылданса да, содан артыққа бара алмады. Жасқаншақтап, тұрып қалды. Ережеп бұған кiсi екен деп көз салмастан, анадай жерге барғасын шөкелей отырды. Сосын орнынан тұрып, шалбарының бауын байлап жатып, бұған қарады. Кiшкене көздерiнде қуақы ұшқын бар екен. Ол күлiп: — Сен ғой... осы желiден жылқы алуды еш кiсiден сұрамайсың. Ал ендi мойнына жүген-құрық түспеген тентек жiгiттi ауыздықтауға қалайсың? — дедi. — Оны... қайдам. — Шәки не дерiн бiлмедi. “Бұ несi? О кiм?” — Сенiң қайдамың не? — Бұйырып жатса... Орындаймыз ғой. — Шәкидiң iшi әлденеге қылп ете қалды. — “О не сонда?” Ол кеше осы ауылға Мiрәлiнiң түрi өрт сөндiргендей боп келiп кеткенiнен кiп алып қалған едi. Ережеп мұның жауабын мүлдем ұмыт қалдырып, тақтайдай даланың көз ұшындағы бiр шетiнен шекесi қылтиып шығып келе жатқан күнге қарады. — Күн бүгiн де жанайын дей ме? — дедi де, үстi-басын қағынып алғасын, үйге қарай беттедi. Оның әлдене мазалап, ой қонақтаған қабағын көрiп, Шәки қайтадан батып тiс жара алмады. Ақ үйге тақап келгенде барып, Ережеп керi бұрылып: — Жүр, шәй iш, — дедi. Шәки қашанғы дағдысымен лып ете қап, жүгiрiп барып, сықырлауық есiктi айқара ашты. Мырза iшке кiргесiн барып, өзi табалдырықтан имене аттады. Бұрын-соңды мұндай күрметтi көрмеген басы табан астында не iстерiн бiлмей, абдырап, отырған жерiнде козғалақтап болды. Шәй үстiнде берекесi қашып, күректей қолын қайда қоярын бiлмедi. Мұрны да жыбырлап сала берген сықылданды. Араарасында арабы асыл кiлем тұтылған керегеге, сәулеттi үйдiң бiте жемеген желбау, басқұрларына қызыға қарап қойды. Бiр рет тақымының астындағы кiлемнiң қыз денесiндей майда тиер асыл түгiн түрпiленiп кеткен алақанымен сипап көрдi. Сосын керiк бәйбiшенiң өзiне көзiнiң астымен жақтырмай қарап отырғанын байқап, қызарып сала бердi де, қолын тартып ала қойды. Дастархан жиылғасын, үй iшiнде Ережеп екеуi оңаша қалды. — Сен осы... қайынатамды шақырып жiберсем деп пе едiң? — дедi Ережеп қатқан жүзiнiң тоңын сындырып. — Иә. — Сонда қай кезге? — Оны... Көп ұзатпасам деймiн. — Е, дегендей. — Ережеп жымиды. — Анадағы сөзiм — сөз. Жылқыға бар да, қалаған малыңды ала бер. — Алдыраз болсын, — деп Шәки қауқалақтап, орнынан тұра берiп едi, Ережеп қабағын шытып: — Сабыр ет, асықпа! Қолдағы мал қайда қашар дейсiң. Ертең де күн бар емес пе? — дедi. — Аяқ астынан күтпеген бiр шаруаның шығып тұрғаны. — О не? — Шәки мырзаға жасқана қарады. Көбiне ат аяғы алысқа түсер барымта-сырымтаға жұмсарында Ережептiң осылайша берiммен кiсi жүзiн жылытып ап, дiттеген шаруасын майысқақ ептiлiкпен мойынға арта салатын бiр тәсiлi бар едi. Шәки ендi сол құрықтың өз мойнына сарт етiп түскелi тұрғанын сезiп, шарасыз хал көрсетiп‚ тұғжия түстi. — Сен өзiң естi жiгiтсiң ғой, — дедi Ережеп дауысы бiр түрлi күңгiрлей шығып. — Құдай деген туыспыз. Руымыз да, арымыз да бiр. Ендi сенiң ел iшiнiң әңгiмесiне араласатын кезiң жеттi. Оңсолыңды бiлiп қалдың дегендей. Ағайынның жоғын жоқтап, арын арлайтын кезiң дәл осы кез...


52 — Оған не сөз бар... — дедi Шәки ерiксiз қоштап. Үнсiз қалайын деп едi, көз алдына күпшек санды күрең жылқы елестеп, тiлi өз өзiнен қылпылдай бастады. — Ендеше... мәсәлә былай. — Ережеп сәл мүдiрдi. — Кеше Мiрәлi келiп кеттi. Оны, өзiң бiлесiң, ол деген iжкiмге зияны жоқ кiсi. Соны кеше ана Нарман мен баласы әбден қорлапты, қызыңды өз қолыңмен әкеп бер дептi. Бұ деген исi қазақта әлге дейiн құлақ естiп көрмеген масқара қой. Соған бiз немене көнiп отыра беремiз бе, а? — Е, неге? — дедi әңгүдiктеу Шәки әңгiме соңы неге барып тiрелерiн дәл сол арада анық аңғара алмай. — Мiне, дұрыс. Оған бiз неге көнiп отыра бермекпiз. Ау, бiз де солар сияқты бiр қатыннан туған шығармыз. — Ендi Ережеп бұйыра сөйледi. — Сен ана көзiнiң етi өсе бастаған Нарманды баласымен косып, алдыма байлап әкел! Кәзiр Мiрәлi жiгiттерiн бастап келедi. Өзiң соларға басшы боп, барып қайт. Шәки амалсыз басын изедi. Күн арқан бойы көтерiлмей жатып, ауыл үстiн ақ тозаңға көмiп, Мiрәлi бастаған жүз қаралы жiгiт жетiп те келдi. Үзеңгiге сұққан аяқтарына сүйретiп алған бiр-бiр қайың сойылдары бар. Кейбiреулерiнiң қолдарына ұстаған қыл шашақты найзаларының болат ұштары күн сәулесiне шағылысып, кәр шаша жылт-жылт етедi. Соларды көрiп, ат белiне қонғанда ұстай қояр делебесi қозып, Шәки лезде әруақтанып кеттi. Жолдан жырылып қалуға Ережептен қаймығып, бiрақ iштей қолайсыз бiр сапарға аттанып бара жатқанын сезiп, өзiне жаны аши корқа қараған Дарханға көзiн тура салмады. Тұғжыңдап, атымен бола бердi. Есiк пен төрдей алқа бел шұбар ат тұяғы қозып, екi көзi от шашып, әлден бiр орнында тұра алмай, бiр бүйiрлеп кете бередi. Шәки белiн бекем буып, атына қарғып мiндi де, Дарханға көз салмаста тебiнiп қалды. Шұбар ат ала жөнелдi. Олар ауылдан шығысымен, Сырға қарай бет қойды. Елiрген аттардың пәтiн тiзгiн тарта тежеп, текiректеп, суыт жүрiп келедi. Мұндайға тақыс болған Шәки қолды бөгде көз шалып қалмасын деп, қайдағы ойпат, жырақаналармен жүргiзiп отырып, жатақ Қаракесектер аулының дәл өкпе тұсынан кеп шығарды. Шәки осы арада жiгiттердi аттарынан түсiрiп, төс айылдарын мықтап тартқызып алдырды. Дәл осы кезде қапталдағы қара жалдың арғы бетiнен бiр салт атты қылт ете қалды. Көзi қырағы Шәки салған жерден Нияздың Қаракөгiн жазбай таныды. Қуғанмен жете алмасын бiлiп, әулекiленген бiр-екi жiгiттi тыйып тастады. Нияз төбе басына жете бере тiзгiн тартып, бұлар жаққа ер үстiнен созылып қарап тұрды да, кенет ат басын бұрып ап, ойға қарай зымырап шаба жөнелдi. — Қап, мынау ит айтын қоятын болды-ау! — Қуайық! — Кәне, кеттiк! Жiгiттер аттарына жаппай жапырласа мiнiп-мiнiп алысты. Сосын қамшы салысып, терең сайдан шыға-шыға кеп, жан-жақтан андыздай шапты. Қол алдына Шәки жұлындай боп үзiлiп шығып, күйғып келедi. Басқа жiгiттер де ер қасына жабыса түсiп, ұран тастап, бұдан қалысар емес. Кейбiр шыдамсыздары әлден-ақ ұзын сойылдарын зәрлене көтерiп алған. Топ-топ түскен ат тұяғынан күркiреп салған ұраннан жер құлағы тұнып қалған. Ала жаздай нәр тамбаған қатқыл жер тақтайша дүңк-дүңк етедi. Қатқылдық бiткен соң, бiрыңғай майда топырақты жазық басталды. Ат тұяғы атқан ала шаң айналаны бұрқырай көмiп кеттi. Айқайлаған, боқтаған кiсiлер, бiр-бiрiне сеңдей соғылысқан аттар, ырғайша созылған найзалар сол үйдек-түйдегiмен дария жағасындағы жертөлелердi жер бетiнен жуыпшайып кетер алапат селше ағылып келiп те қалды. Жертөлелерге бөксесiн тақай қонған Нарман аулы ештеңеден биғам отыр екен. Ауыл үстiие төнiп кеп қалған қалың қолды көрiп, қарулы жiгiттер сыртқа атып-атып шықты. Асып-сасып жүрiп, белдеудегi аттарына ер де салып үлгермедi. Қолдарына iлiккен сырық қадағаштарымен жаяу ұрысқа кiрiстi де кеттi. Шәки салған жерден қайратты Қалмырзаны уыстан шығарып алмауды ойлады. Қолындағы ұзын қадағашын таяқша бiлеп, үш-төрт жiгiтпен жаңғыз шайқасып жүрген Қалмырзаның сырт жағынан айнала бердi. Қалмырза қараүйге арқасын тiрей ұрысып жүр. Әп дегенде ол екi жiгiттi шалт қимылмен тобықтан ұрып, аттан ұшырып түсiрдi. Ендi үшiншi жiгiтке қатты ақырып, тұра ұмтылды. Зәре-құты қалмаған жiгiт сойылын жерге тастай сап, атының басын жылдамдатып керi қарай бұра бастады. Қалмырза да соны күткен екен. Дереу мысықша ырғып барып, төңкерiлген қазандай сауырын өзiне қарай бұра берген аттың артына қона түстi. Алдындағы жiгiттi ер үстiнен аударып, құлата бердi. Шәки осы арада оны қапылыста соқты. Қаһарлана көтерiп алған сойылын толғай сiлтеп, еңкейе берген Қалмырзаны құлақ шекеден ұрды. Қалмырзаның қолынан қадағашы түсiп кеттi. Екiншi соққыдан кейiн ат жалын құша қайратты қолдарымен ер қасынан тырмыса ұстап, жерге қарай құлап бара жатты. Дәл осы кезде iштен қолына шитi мылтығын ұстап, құп-қу боп, Нарман атқып шыға келдi. — Әй, сен осы кiмнiң арын арлап, жоғын жоқтап жүрсiң? Батыр болсаң, алдымен Ережептен ана жылқы соңында үсiп өлген туған әкеңнiң құнын өндiрiп алсайшы! — деп ақырып, ол шитi мытығын бұған қарай кезей бердi. Шәки кәпелiмде не iстерiн бiлмей, сiлейдi де қалды. Екi көзi шамадан тыс бақырайып, өзiне қарай оқталған мылтық аузына тесiрейе қарап тұр. Ол өзiнiң неге тұрғанын, мұндай сәтте не iстеу керек екенiн аңғармады. Сол кезде жан-жағында ырсылдап шайқасып жүрген жiгiттердiң бiреуiнiң аты кеп мұның шұбарын қағып жiбердi. Шәки сонда барып есiн бiр-ақ жиды. Бiр сәтте тез амал қылмаса, Қалмырзаның iзiн ала өзiнiң де құлайтынын сезiп, иманы ұшып кеттi. Дереу жандәрмен деп бiр оқыс қимыл жасады. Кәнiгi машығына басып, ат бауырына аударылып түсе бердi. Мылтық тарс ете қалғанда, арт жағындағы бiр жiгiттiң: — Ойбай! — деген жаман даусын анық есiттi. Оқ тиген Төртқараның жiгiтi шекесiнен қан саулаған қалпы, қуаты қаша бастаған қос қолымен ат жалына тырмыса жабысып, құлап бара жатты. Iзiнше ала шаңға дүрс етiп құлап, бiр-екi жиырылып барып, сеспей қатты.


53 Мiрәлi осы кезде Нарманның ту сыртынан шыға кеп, толғай ұстаған қара шоқпарымен қойып кеп қалды. Iрi кiсi сең соққандай iлгерi қарай еңкейе берiп, кенет бойын жиып, шаққа дегенде керi бұрылды да, бiр сәтте жолбарысша атылын барып, ат үстiндегi Мiрәлiнiң шаужайына жармаса кеттi. Ес жиюға мұршасын келтiрмей, қуатты қолдарымен оны шекпенiнiң өңiрiнен ұстай ап, бiр сiлкiп, ер үстiнен жұлып алды. Iзiнше ала шаңның ортасына томп еткiзiп, астына сап, бүгерлей бастады. Сол кезде Мiрәлiнiң: — Ойбай, өлдiм! — деп барқыраған жан дауысы шықты. Сол арада Төртқараның төрт-бес жiгiтi қатар ұмтылып, жақындай бере, Мiрәлiнi дәл алқымнан ап, буындырып жатқан Нарманның мойынына бұғалықты тастай салды да, аттарының бастарын асығыс бұрып ап, нөпiр топтан жырылып шыға бердi. Етi қызған аттар ала жөнелгенде, қыл арқан дыңылдай керiлiп барып, Нарманды қатты жұлқып, шалқасынан бiр-ақ түсiрдi. Қалың шаңның iшiнде сүйретiлiп бара жатып, Нарман кос қолымен жандәрмен деп қыл арқанға жармасты. Тынысын тарылта бастаған арқанды кеңiтпек боп, бiр-екi ұмтылып, жердегi түйiртпектерге аяқ тiреп, орнынан тұрмақ болды. Шәки осы кезде атын тебiнiп қап, оны iзiнен қуып жеткен едi. Жердегi қара жусандарға аяқ тiремек боп тырмысып келе жатқан Нарманды ұзын қара сойылын толғай сiлтеп, оң қолынан бiр бердi. Екiншi соққы Нарманның басына барып тидi. Көзi қарауытып кеткен қайратты шал бiр-екi ышқынып барып, қан жуған көздерi шамадан тыс алара, бұған әлдене деп қырқырай, жаман түрмен қарады. Сескенiп қалған Шәки ат басын тез бұрып ап, сырттай бердi. Бұрылып барып бiр қараса, әлi құрыған Нарман ат артында шұлғауша сүйретiлiп барады екен. Ұрыс ұзаққа созылмады. Әулекi жiгiттер жатақтарды дем арасында жайпап тастады. Жертөлелерiнен шыға-шыға келiскен Тұрғали ауылының жiгiттерi екi жаққа да болыспай, көздерi алақандай боп, анадайдан үрпиiсе қарап тұр. Дәл осы кезде Нияз құйғыта шауып кеп, қараша үйдiң алдына топ етiп түсе қап, атын көлденеңдеп тарта бердi. Iштен Ағлес ытқып шықты. Шалт қимылмен ер үстiне қона қалды. Нияз оған тiзгiндi ұстата сап, қамшысымен Қаракөктi бiр тартты. Ат ата жөнелдi. Ағлес ұшып кете жаздап, бойын шаққа дегенде билеп, оңтайланып отырды да, қалың топалаң арасынан бiр бүйiрлеп шыға бердi. Сол арада: — Қыз қашты! — Ұстаңдар! — деген бiрнеше дауыс қосарлана шықты. Шәки шұбар атымен тұра қуды. Оған төрт-бес жiгiт iлестi. Артынан қиқу шыққанын сезген Қаракөк қос құлағын жымып ап, бүткiл денесi бiр уыс боп, зымырай жөнелдi. Ендi делебесi қозған Қаракөкке бұл өңiрде жетем дейтiн дәмелi ат кемде кем. Соны бiлген бiр жiгiт шауып келе жатқан бойы иығындағы шитi мылтығын сыпырып алды. Бiр қолына тiзгiндi орап жiберiп, жұлындай боп ағып бара жатқан атты көздей бастады. Шәки мал iшiнен бәйгi аты десе iшкен асын жерге коятын. Осы кәзiр Қаракөкке жаны ашып кетiп: — Атпа! — деп қатты айқайлады. Сүйдегенше болмады, мылтық гүрс ете түстi. Шәкидiң көз алдын көңiрсiген көк түтiн көмiп кеттi. Түтiн сейiлгенде барып қараса, Қаракөк заулаған қалпымен Қылышбай күзерiнiң түскейiндегi атақты аранды жарға бар пәрменiмен жақындап та қалған екен. — Қап! — деп Шәки атының басын iрке бердi. Қаракөк зымыраған бойы бiр сәтте алдындағы терең орды сезгендей бойындағы бар күшiн жиып, серiппеше жиырыла қап, iлгерi қарай атылды. Қарғыған сәтiнде бар денесi бiр уыс боп, алдыңғы қос аяғы құрықша созылып барып, аранды жардың әр жағына барып топ ете түстi. Сосын қайтадан жүйтки жөнелдi. Шәки ерiксiз таңдайын қақты: — Шiркiн, ат деп осыны айт! Бағанағы мылтық атқан жiгiт: — Қап, қара басып тигiзе алмағанымды қараш, — деп өкiндi. Шәкилер қайтып келгенде, Нияз Қаракөк жаққа тесiле қарап тұр екен. Өзi дәудiрлеп: — Ағайындар-ау, сендердiң мыналарыңа жол болсын? Осы не бастарың пiспейдi? — дей бередi. — Мен саған бас пiспегендi көрсетейiн! — деп ызалы Мiрәлi Ниязды бұзау тiс қамшысымен қыр арқадан бiр тартып өттi. — Өлгiң келмесе, құры! Нияз қолымен басын қорғаштап, қарсы еш әрекет қыла алмай, жөнiне тайды. Шәки жiгiттердiң бас-аяғын түгендеп едi, бiр кiсi өлiп, он шақты адам жарақаттаныпты. Жатақтар жағынан да шығын бар екен. Ол ендi тездетiп жүрiп, қолдары арттарына қайырылып байланған Нарман мен Қалмырзаны жарамды атқа мiнгестiрiп, Ережептiң ауылына тартты. Ат белiнен түспестен, салқа жортып отырып, зауал ауа малды-жанды бай ауылдың үстiнен кеп құлады. Атынан түсiп, Ережептiң отауына кiрiп келдi. Өзiне барлай қараған мырзаға тау жығып қайтқандай боп: — Мырза, бұйрығыңды орындадым, — дедi.

15 Нияз тұщы етiне ащы таяқ тигенде барып есiн жиды. Қыр арқасын шағып алған бұзау тiс қамшының iзiн ауырсына қабағын кiржиттi. Ережептiң жiгiттерi кеткесiн, ойран болған ауылдың әйелдерi салған ойбайға сай-сүйегi сырқырады. Төменшiктеп, көзiн басқа жаққа тайдырып әкете бердi. Осындай тұста өзiнiң бiр қайрат көрсете алмағанына ызаланды: “Бiр рудан тараған ел қырық атаға бөлiнiп, неге өз ара қырқыса бередi? Апырау, бұларға осы не жетпейдi?” Нарманның бәйбiшесi жер-көктi басына көтерiп:


54 — Халқым-ау, бұ нағылған зорлық?! Тапа тал түсте ауылымызды ойрандап, бұ кiмдi басынғаны?! — деп барқырап жүр. Ашу үстiнде осып-осып тастаған екi бетiнде тырнақ iзi ап-анық көрiнiп тұр. Нияз ашынған әйелдердiң мұң-зарына шыдай алмай, киiз қапқа салған домбырасын қолына ұстап, жатақтардың құжынаған жертөлелерiне қарай беттедi. Атылас шапанын ауырлап, қолына шешiп алды. Көп аса жаяу жүрiске дағдыланбаған серi жiгiт сусыған шеге топырақта малтығандай боп келедi. Аяғындағы бiр қара берiп тiктiрген биiк тағалы былғары етiгi де ауыр тартып, борпас топыраққа кiрiпкiрiп кетедi. Өзiнiң ойы ұйқы-тұйқы. Ойын-сауық, той-томалақты қуып жүрген, өмiр деген хан базар деп бiлетiн серi жiгiт шаруаға араласпай, көбiне қызды ауылға түстенiп, домбыра тартып, жыр айтып жүрген едi. Әкесi Сағынай ескiмге құда түспеген де болатын. Ол соңғы кездерi Ағлестi тапты. Етi тiрi қағылез қыз салған жерден бұның кеуiлiне құрт түсiрдi. Жастардың ойын-сауығында қатар отырып, талай рет ашық қалжыңдасып, көп сырды көздерiмен ұғысқан жайлары да бар едi. Нияз кешелерi аулынан шығып, Ағлестi көрiп қайтпақшы болған-ды. Ақыры мынадай ұлы сойқанның үстiнен түсiп, жазықсыз таяқ жедi. Ол Ағлестiң тақымында кеткен Қаракөктi ойлады. Нияз бәйгi атын ауыл арасында болмаса, алыс жолға мiнбейтiн. Кеше оған әдейi сүйек шапқан ер салып, күмiс өмiлдiрiк кигiзiп, сәндене жолға шыққан-ды. Жолшыбай Әбдiраманның үйiнде қонып отырып, қоңыр кеште Шарқының бiр дастанынан ғәзәлдар айтып, қиялға берiлiп, Фархад-Шырын, Тәһир-Зуһра, Сәйфiлмәлiктердiң бастан кешкен хикметтерiн есiне ап, көз алдында алтын сарай, һүр қыздары гәусар суына шомылған һәуiз, неше түрлi жемiсi бар миуа бақтары елестеп, мына сары даладан алыстап, сол өлкеге енiп кеткендей боп отырған. Сол арада Әбдiраман мұртынан күлiп қойып, мына Самарқан жағындағы нәкшбандийалар жайлы, өзбек ағайынның жүзiмнен жасайтын бал шарабы туралы жыр қылған. Көрсе қызар жiгiт қызып кетiп, түн iшiнде Самарқан жағына барып қайтсам ба деп те ауаланған. Тек есiне Ағлес түсiп, өзiн өзi ерiксiз iрке берген. Нияз күрсiнiп қойды. Iшiнен: “Қазақ неге шарап iшпейдi, а?” — дедi. Бiрақ Әбдiржан молла шарап iшудi шариғатқа тыс, ол мұсылмандарға жайыз емес, һәрам дейдi. Нияз өз ойына өзi мырс етiп, жаяулап Тұрғалидың үйiне келдi. Өзiнiң мына халiне өзi қысылып, қып-қызыл боп тұрып: — Қара жаяу қалдым. Аяқ артар бiрдеңеңiз жоқ па? — деп сұрады. — Өй, ол бiзге қайда? — деп, Тұрғали екi алақанын жайды. — Ана жаман мәстек алыс жолға жарамайды. Күте тұр. Жолы түсiп, бiреу-мiреу келiп қалар. Нияз Тұрғалидың жертөлесiне кiрiп бара жатып, қатты тiксiндi. Ығалды жер исi бiрден танауын атты. Алдына әкелген арпа көженi тұшырқанбай, ағаш қасықпен бiр-екi ұрттады да қойды. Iшiнен: “Мына көрде кiсi қалай өмiр сүредi?»— деп ойлады. Сол екен жаңа ғана шайдай ашық кеулiне бұлт кiрдi. Осы кезде Тұрғали жара бастаған жәмбiлшенiң бiр тiлiгiн ықылассыз жеп тауысты да, ештеңеге зауқы соқпай, жан-жағына қарады. Қабырғада iлулi тұрған Тұрғалидың жаман домбырасына көзi түсiп, ұмсынып барып, қолына алды. Күтушi қол болмағасын домбыра әбден қаңсып кетiптi. Iшегi тозған Нияз домбыраны iлдалдаға келтiрiп, жәйiмен дың-дың еткiзiп, құлағын бұрап келтiрдi. Сосын шалқасынан жатып ап, екi саусағымен қос iшектi шертiп, Сыр бойы термесiнiң бiр қоңыр әуенiн гөй-гөйлете бастады. Нияз содан кеуiлiне қапияда оралған әлгi сазды қайта-қайта қыңқылдатып тарта бердi. Қиялы әр тарапқа шауып, әдемi көздерiне ерекше мұң қонып, бейуақ кеште өз өзiмен сырласқандай, уытты сезiм шарпуына мас боп әлi отыр. Бұл оның ең ұнататын сәтi. Сондайда жаныңда ибамен иiлiп, күмiс шолпысы сыңғырап кеп, жиегiне әсемдеп өрнек салған шараға меймiлдете қымыз құйып әкеп ұсынатын сұлу қыз болсайшы! Сонда бұл оған құмарлық оты лып-лып еткен екi көзiн жарқ еткiзе қадап, қияқтай мұртын сипап қойып, ару қолынан шараны алар едi. Әдеппен қымызды баптап, бiр-екi ғана ұрттап, осы жерге қымыз iшу үшiн емес, кеуiл көтеру үшiн келгенiн сездiрiп, шараны алдына қояр едi. Сосын үкiлi домбыра-ны безiлдетiп кеп, басын артына қарай кегжитiп ап, тоқ-сан толғап, не бiр терменi шырқап салар едi. Сонда мұ-ның сымға тартқан күмiсше сыңғырай созылған дауы-сына дән ырза боп, өрiмталдай науша бойжеткен сезiм уыты шарпыған ақ дидарын жасыра алмай, жанына жақын кеп отырып, бұған анда-санда телмiре қарап қояр едi. Сол аялы көздердiң отына өртенiп, қымыз бен сезiм жалынына оранып, бұл мына қоңырқай тiршiлiктi өрбiткен лас қара жерден аулақтап шығып, сонау Бағдад шәһары, бұлбұл құсы сайраған Иран бақтарына қарай самғап ұшар едi. Өз қиялына өзi мас боп, рәһат бiр күй кешер едi. Бiрақ... бұған жел бiтiрер қыз жоқ. Жанында сiлеусiн көзi шоқтай жанған Ағлес жоқ. Ол селк етiп, басын көтерiп алды. Iшке Тұрғалидың қызы Зәуреш кiрдi. Өзi ажарсыздау, имек мұрын қара қыз екен. Басы сопақ. Тек қана көзi әдемi. Нияз не iстерiн бiлмей, азырақ дағдарып қалды да, лезде ес жиып, басын көтердi. Созып жiберген аяғын тез жинап ала қойды. Сосын тамағын кенеп, дауысын баптап, кебежеден ыдыс-аяқты сылдырлатып алып жатқан Зәурешке: — Қарындас, — дедi одан әрi не айтарын бiлмей, аз-кем iркiлiп қалды. Зәуреш үндемей, бұған жүзiн жартылай бұрды. Мына қалпы оған көз қиығын қадап, басқа айтар нең бар деп тұрған сияқты. Соны көрiп, Нияз батылданып кеттi: — Қарындас, келген-кеткен сайын көз қырыңызды да салмайсыз. Бiздi соншалық шыбын құрлы да көрмедiнiз-ау. Зәуреш кенет бұған тура қарады. Сол сәтте имек мұрны жалпиып, екi бетi жайыла түскендей боп көрiнiп кеттi. Өңiне жылу жүгiрiп, әппақ тiстерiн жарқырата жымиып: — Неге? — дедi. — Қазақта екi ортада шыбын өледi деген сөз бар емес пе? Екi дүмдi шайқасып жатқанда, жаяу қап, жатақ кiсiнiң жертөлесiнде амалсыздан отырған мырзаны... шыбын көрер жайым бар ма? Нияз қапелiмде не дерiн бiлмей қалды. Зәурештiң әлгi сөздi бүгiн мұның жеген таяғына меңзей айтқанын аңдап, қызарып кеттi.


55 — Апырмай, қарындас-ай, сонда менi шыбын көрдiңiз бе? — дей бердi. Зәуреш бөтендей тiс жарған жоқ. Сәлден соң ол басқан дыбысын бiлдiрмей, сыртқа шығып кеттi. Нияз өзiне өзi ыза болды. “Ерегiскенде түнде қойныңа бармасам ба?»— дедi. Сол ниетпен ол түнде төсектi әдейi далаға салдырып жатты. Шешесi де талайды көрген қақсал болса керек, тамақтан соң қызын қасынан қыл елi шығармады. Шалы, бәрi жертөледе жатты. Соны көрiп, Нияз жiгiтшiлiк желiгiнен мүлдем күдер үзгендей болды. Әрi қарай аударылып түстi. Жамбасына көрпенiң түйiртпегi батып, қайтадан шалқасынан жатты. Iстерге ермек таппай, үстiне құлап түсердей боп быжынаған жұлдыздарға қарады. Сүйтiп жатып, қалай қалғып кеткенiн сезбей де қалды. Бiр кезде барып селк етiп оянса, түн ортасы әлдеқашан ауып кеткен екен. Ол ойына алған шаруасы есiне түсiп, нәпсi уытына өртенiп, қалтырап, дiрiлдеп, орнынан тұрды. Көйлек-дамбалы ағараңдап жүрiп, жертөлеге жақын кеп, тың тыңдады. Iштен Тұрғалидың ышқына қорылдағаны анық естiледi. Одан тырыли арық қара қатыны да қалысатын емес. Ара-арасында ол да қор ете қалады. Нияз қуанып кетiп, екi алақанына түкiрiп, жертөленiң жаман есiгiн сықырлатпай жәйiмен ашып, жалаңаяқ қалпы iшке кiрдi. Қабырғаны қолымен сипалай жүрiп отырып, Зәурештiң төсегiне тақап келдi. Дiрiлдеп кеткен бойын шаққа дегенде тежеп, жәйiмен қыздың төсегiне кеп қисая кеттi. Зәуреш дымды сезер емес. Таң алдындағы тәттi ұйқы әбден былбыратып жiберсе керек, ол екi аяғын созып жiберiп, биқам жатыр. Үстiндегi жеңiл көрпе ысырылып кеткен.Үйдiң төбесiндегi кiшкене тесiктен қиялай түскен ай сәулесiнен көйлегiнiң етегi астынан созылған екi қара саны бозғылданып көрiнедi. Нияз сол сәтте өзiне не болып, не қойғанын бiлмей қалды. Нәпсi жеңiп, көзi қарауытып, демi дiрiлдеп, қалтыраған қолын қыздың кеудесiне апара бергенiнде... Зәуреш шошып оянды. Оның: — Бұ кiм? — деген даусы қаттырақ шығып кеттi. — Тиыш! Қорықпаңыз, бұл мен ғой, — дедi Нияз зәресi ұшып, алқынып тұрлып, сыбырлай сөйлеп. — Менi кiм? — дедi де, Зәуреш мұның ниетiн сезгендей, дереу көрпесiн үстiне қарай тартып, қымтанып ала қойды. — Мен ғой, — дедi Нияз даусы қалтырай шығып. — Сiзге... не керек? — Маған ба... маған... Былай, не етiп... замандас емеспiз бе? — Иә, сосын... — Былай... замандасқа лайқат iс қылсақ.... — Жоқ, ол болмайд, — дедi Зәуреш көрпесiн одан әрмен қымтана түсiп. — Неге? — деп, Нияз қашанғы айласына басып, көрпеге оранып жатқан қызды ту сыртынан қапсыра құшақтай алды. Ыссы демiмен оның мұздай жанын балқытқысы келгендей ернiн бетiне тақады. Мұрнына дала аптабы мен ыссы күннiң исi ұрғандай болды. Зәуреш мұны кеудесiнен қос қолымен керi итердi: — Қойыңыз дейiм. Ұят болады. — Оның несi ұят? — дедi Нияз алқына сыбырлай сөйлеп. — Жас кезде не болмайды? — Не болмайды деп, сонда ар-ұяттан безу керек пе? — Ар-ұяттан... не, не?.. — Нияз қызға не дерiн бiлмей қалды. — Иә, ар-ұяттан, — дедi Зәуреш даусын қаттырақ шығарып, әр сөзiн нықтай айтып. — Ау, оның бұл араға не қатысы бар? — Ол сөзiңiздi... басқа қыздарға айтарсыз. Мен ондай... бұзылған қыз емеспiн. Бар кетiңiз! Нияз кет деген сөздi өмiрi қыз баласынан естiп көрмеген едi. Бай ауылдардың талай сылқым қыздарын түн ортасында оятып, ыстық сезiмге мас қылып, көздеген шаруасын онша қиналмай орындап шыға беретiн. Ендi мына сиықсыз қара қыздың соншама бұлданғанына жыны келдi. Ол ендi дереу батыл қимылдай бастады. Көрпенi жұлқа ашып, Зәурештi аш белiнен құшақтап ап, өзiне қарай қатты тартты. Оттай жанған қыз денесiнiң, әлгi екi қара санның тәнiне тигенiн күштарлана сездi. Сол кезде бұлқына берген Зәурештiң шынтағы мұның мұрнына сарт ете қалды. Нияз қалт ете түстi. Танауының iшi жылымшы бiрдемеге тоқып кеткендей болды. Жалма-жан қолымен сүртiп қараса, қан екен. Ол iшiнен қызды бiр боқтады да, орнынан тұрып, аяғын ұшымен басып, сыбысын сездiрместен, сыртқа шықты. Арықтағы мұздай суға мұрнын жуды. Қан тиылғасын, төсегiне кеп қисайды. Бiр кез: “Соншама сом алтынын бұлдағандай”, — деп, Зәурешке жыны келдi. Бұл жiгiтшiлiк жасап, талай ауылдарда қонып жүргенiнде мұндай жағдайға тап болмаған едi. Бұның жолы, әсiресе, Кедей руының бiр мақтаншақ, сақисымақ ауылдарына қонғанда сәттi болатын. Ол мақтаншақ байлардың үйiне қонып жатып, етке сылқиып тойып алғасын, түнемелiкте олардың қыздарын аңдитын. Кезiнде олардың бiразын да қан қақсатқан. Анада сондай бiр қыз ұзатылған жерiне барып, бiрнеше бала тапқаннан кейiн: Есiгi ақбоз үйдiң сықырлауық, жiгiттер келушi едi ебiн тауып. Аймалап сүюшi едi бет жағымнан, бүлдiрiп кеткен екен к... жағымнан, — деп өлең шығарыпты. Соны естiгенде, Нияз бiр түрлi боп кеуiлдене түскен-дi. Ендi мына қара қыз келiп... Ол сүйтiп жатып, таңғы ұйқы жеңiп, ақырын қалғып бара жатты. Содан елең-алаңдағы абырсабырдан оянып кеттi. Бұл төсектен басын көтерiп қараса, анадай жердегi белдеуде Қаракөк қаңтарулы тұр! Нияз қуанып кетiп, орнынан атып тұрды. Шалбарын тез кием деп, асып-сасып жүрiп, аяғын балағына сұға алмай, бiраз әуре болды. Ақыры шалбарын киiп ап, жалаңаяқ қалпы бара атын мойынынан құшақтап, тiкiрейген жалынан ақырын сипалады. Сосын барып болған жайға сұрап қанды.


56 Түн жарымында Ағлес адасып жүрiп, жатақтардың үстiне кеп құлапты. Атты көршiлер қаңтарып тастапты. Әбден қорыққан қыздың есi-түсi жоқ дейдi. Нияз әңгiменiң әр жағын тыңдаған жоқ. Қаракөкке мiнiп ап, ауыл қайдасың деп сызып бердi. Бiр бүйiрде қалып бара жатқан жарлы ауылға, атызды жағалап жүрген Зәурешке көз қиығын да салмады. Сары аяңмен жүрiп отырып, бiр көңдi жайлап отырған Тиышбектiң үйiне келдi. Дәкбiрсiз Тиышбек жабықтан сығалап, мұны көре сап, көйлек-дамбалшаң, жалаңаяқ қалпы тысқа жүгiрiп шықты. Жалпылдап, аттан түсiрдi. Қара құманды отқа қойып жатқан әйелiне көзiн қысып, ым қақты. Сосын мұның алдында емпелеңдеп жүрiп, қараүйдiң есiгiн шалқайта ашты: — Кәнеки, кiре қой, қарағым. Құдай айдап әкелген ғой. Болмаса сендей мейманды арқанмен байлап келтiре аласың ба? Кәне, мына жерге, көрпе үстiне отыр. Қыл жұғар. Қап, мына бiрi балағыңа жармасып та үлгерiптi-ау! Мiне, — деп Тиышбек мұның шалбарының балағына жабысқан ұзын қылды алып көрсеттi. Үй iшi жүдеу, лас. Нияз кiр-кiр құрақ көрпеге жеркене отырды. Ақрәштың сырты қаңылтырмен құрсауланған, iш жағына сарғыш тосап тұрып қалған кесесiне құйылған қара шәйдi бiр ұрттады да қойды. — Апырмай, қанды қырқынды көрiп келе атыр екенсiң қой!— деп Тиышбек ешiп отыр. — Өй, несiн айтасың! Ережептер жiгiттiң сұлтаны ғой! Қадалған жерiнен қан алады. Нарманның өзiне де со керек. Ұлым сұңқар, қызым сұқсыр деп... — Тиышбек тiлiн тiстей қойды. Бұған жапақ-жапақ қарады. Сол арада Тиышбектiң бұғағынан үзiлiп отырған қызы Ұлбосын iшке кiрiп, әдеппен иiлiп, сүт құйылған тостағанды шешесiне ұсынды. Нағашы жұртына тартқан қыз бiр көрмеге әдемi екен Дөңгелек жүздi, бозша беттi, өткiр қара көздi. Тек маңдайында айбықа ашудың iзi бар. Тиышбек мұның қарағанын байқап қап: — Жәнiбек келiншегiн қашан түсiрмекшi? — дедi. — Ояғын бiлмейiм, — дедi Нияз құлықсыз. — Ал, өзiң ше? Әкең болса, кәртейдi дегендей. Шешең де күн санап жасарып келе атқан жоқ. Нияз оқыс күлiп жiбердi. Өзiне үрке қараған Тиышбекке артық тiл қатпай, ас қайырып, орнынан тұра бердi. Былай ұзап шыққасын, ол жаңа Ұлбосынның үйден кетпей, әр нәрсенi бiр сылтау қып, шешесiнiң жанында бөгеле бергенiн есiне алды. Сүйтiп келе жатып, кенет қатты таңданып, ол қолымен иегiн сипай бере, кiлт тоқтады. “Ойбай, — дедi ол өзiне өзi. — Әлгi қу сүйткен екен ғой. Менi қыз көрiп жүр деген ғой. Сонда... маған ... қызын көрсетiп.... Өй, пиғылыңа болайын!” Ол айдалада бiрдеңе қағып кеткендей, кенет өзiне-өзi еге бола алмай, қарқ-қарқ күлдi. 16 — Кiргiз! Шәки сыртқа ата жөнелдi. Ережеп ашу үстiнде айтарын айта салса да, iзiнше осы беттесудiң өзiне оңай тимесiн сездi. Қасында қоқиланып отырған Мiрәлiге көзiнiң қиығын ақырын бiр тастады да, дереу көзiн әрi қарай аударды. Нарманнан дәл бұлайша есе қайырайын деген ой үш ұйықтаса түсiне де кiрмеген едi. Бәрiне басшы болған ағасы. Кеше жүзi өрт сөндiргендей боп кеп, болған жайды өсiре көңiрсiткесiн, iшкi бiр есеппен осы жолы ел алдында бiр көрiнiп қалу керек деп түйген. Әрi көптен берi келiнiн ала алмай, ызалы Нарманның баяғы болып-толған күнiн ұзын ырға жыр қылып, бұларды жақсылығымды ұмытып кеттi деп, көрiнген көлденең көк аттыға қаңқу сөз таратып жүргенiн құлағы шалып қалған. Соның бәрiн ойластыра келе, дәл осы арада қыр көрсетiп, Нарманды жүгендеп, өз уысында ұстап тұрғанды жөн көрдi. Демде бет өңiн билеп ап, сазара қалды. Тұсi сабырлы, салқын. Шәки мен бiр-екi жiгiт қолдары байлаулы Нарман мен Қалмырзаны iшке сүйрелеп кiргiздi. Бiр-бiр нұқып, екеуiн тiзерлете отырғызды. Ережеп сазарған қалпын бұзбастан екеуiне көзiнiң астымен атып жiберердей боп қадалды. Нарманның да, Қалмырзаның да екi өңiрiн қан жуып кетiптi. — Иә, батырлар, сөйлеңдер, — дедi Ережеп кекетiп. Сол екен: — Әй, Ережеп, — деп, Нарман басын шұғыл көтерiп ап, саңқ ете түстi. — Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ деген тапа тал түсте сотқарларына сабатып, уа, бұ қай басынғаның?! — Басынғаның?! — Ережеп ащы мырс еттi. — Ау, қызыңды өз қолыңмен әкеп бер дегендерiң басынғандық емей немене, әлде атаңның басы ма? Қай заманда күйеу бала қайын атасына солай деген? Бұл өзi шариғатқа да, адамшылыққа да қосыла қояр ма екен? — Жаны күйген тәңiрiсiн қарғайды деген. Малым барда, алдымда күрдай жорғалаушы едiңдер. Осы құдалыққа мұрындық болған әкеңнiң өзi емес пе едi? Ендi малдан адаланғасын менен қашқақтайсыңдар. Өзiң айтшы, осының да жiгiтшiлiк пе? Сосын балам ашу үстiнде айтса, айтқан шығар. Бiрден сойылға жармасқанша, әуелi сол жақтарыңды ойлап алмадыңдар ма? — Әй, Нарман! — дедi Ережеп дауысын созып. Ол әдейi Нарманның аптығы басылсын деп, жұрт назарын өзiне қаратып алды да, бiр сәт үнсiз қалды. — Сен өзiң, — дедi ол әлден уақтан сол мүлгiген үнсiз тиыштықты бұзып, — ата сақалың аузыңа түссе де, шариғат жолын бiлмейдi екенсiң ғой. Ау, қара жамылып отырып, қыз ұзатқанды қай ата-бабаңнан көрдiң? Былтыр Зағипажанды күтты жерiне қондырамыз ба деп едiк, мынадай жағдайға ұшырадық. Биыл ас берiп, мiндетiмiзден құтылған жоқпыз ба? — Ол қозғалақтай бастаған Мiрәлiнi тақымынан басып қойды. — Бiрер ай өткесiн, құдаға кiсi саламыз ба деп отыр ек, өзiң кеп бәрiн бүлдiрдiң. Ендi мұныңды қай бидiң алдына барып ақтай аласың?


57 Нарман Ережепке тiксiне қарады. Келман балаларының iшiндегi тiлiмен де, ебiмен де алатын айлакерi осы-ау деп сырттай тон пiшiп жүрушi едi. Осы жолы Ережептiң алды-артын мұқият өлшеп барып, ауылын шапқызғанын бiлiп, үнсiз қалды. — Ау, қыз бермеймiз деп жүрген бiз жоқ. Бiздiң былтырдан берi мұршамыз болды ма? Ендi...— Ережеп әдейi кiдiрдi, — бiздiң қызды бермеуге хақымыз бар. Ағама жазықсыздан жазықсыз тiл тигiзгенiң үшiн ат-тон айыбыңды төлердей ызғып жатқан малың да жоқ, — деп, ол Нарманның жанды жерiне тiлiн сұғып өттi. Қалмырза сол арада қан жуған басын кiлт көтерiп алды. Әкесiнiң тiл-жақтан қалғанын бiлiп: — Бiз неге айып төлеймiз бiр сөз үшiн кiсi өлтiрген сен тұрғанда? — деп саңқ ете қалды. Ережеп қабағын шытты: — Өлетiн бала молаға қарай жүгiредi деген. Осы шатаққа басшы болған өзiң емессiң бе? Кiнәлiнi дарға тартар болса, әуелi сенiң басың кетедi, — дедi де, есiк жақта үн-түнсiз иiрiлiп тұрған жiгiттерiне түсiн суыта қарады. — Мына боқмұрынды әкетiңдер! Жiгiттер Қалмырзаны сыртқа дырылдатып сүйрелей жөнелдi. Қалмырза есiк алдында бiр бұлқынып, берi атып жiберердей боп қарады да: — Әй, залым, бiлiп қой, ертең сен менiң қолыма түссең, айтпады деме, оңдырмаймын! — деп, қырылдай айқайлады. Ережеп самсоз боп отырып қалды. Iшiнен қисықтығы мен кесапаты төрт елi келер мына тұқымды өзiне жауықтырып алмағанды жөн көрдi. Нос беруге әзiр осы да жетер деп, Нарманға тобарсыған бетiнiң тоңын сындырып, жүзiн сәл жылыта қарады: — Ал, ақсақал, ендi не деймiз? Өз көзiңмен көрiп, өз құлағыңмен есiттiң жаңа күйеу баламыздың не деп кеткенiн. Сонда мұның жазасы не болмақ? Бiр сұмдықтың боларын сезген Нарман сол арада шыдамай, еңкiлдеп жылап жiбердi де, үлкен басымен Ережептiң аяғына жығылды: — Қарағым, бас кесем десең, мiне басым. Не iстейiм десең, қолыңдамын. Жаңағы баланың ақмақшылығын бiр жолға кеш. — Кешкенде... сендер бiзге жау боп тиiстiңдер. Жау боп, дос-дұшпан алдында масқара еттiңдер. Мұны қалай кешуге болады? — Қарағым, менен бiр ақмақшылық өттi. Ендi... әр жағын өзiң бiл. — Ендеше өз балаңа өзiң қожа шығарсың. Кәзiр оны өз қолыңмен жазалайсың. Аямай жүз дүре соқ. Болмаса тұрысатын жерiңдi айт, — дедi Ережеп түсiн суытып. Басқа амалы қалмаған Нарманның басы жел жапырған қоғаша иiле түстi. Түсi демде бұзылып кеттi. Ойы әлем-тапырақ боп, иегi дiрiлдеп, аузына келген сөздi жөндеп те айта алмады. Ережеп бұдан әрi қажай берсе, Нарманның ширығып барып, бар тағаты тырс етiп үзiлiп түсерiн бiлiп, жiгiттерiне қарап: — Қолын шешiңдер, — деп иегiн қағып қалды. Жалаңдаған жiгiттер дереу Нарманның қолын шештi. Нарман арқан қиған қолын уқалап, ызалана жылап жiбердi. Ережеп ендi тосын айлаға сап, оны төрге отырғызды. Сосын жiгiттердi жұмсап, керекжарағын алдырды. — Мынау үлкен басыңды қорлап, ат көтiне мiнгiзгенiмнiң айыбы, — деп Нарманның үстiне бұхары жiбек шапан жапты. Дүниеқоңыз Нарман бiрден бар қасиетiнен айрылып, жаңағы көрген қорлығын тез арада ұмытып, жалпылдады да қалды: — Алдыраз болсын, шырағым. Құдай сыйласын, жағың түспей жамандық көрме. — Ал, Нәке, жаңағы уәдендi орында, — дедi Ережеп суық жымиып. Ережеп пен Нарман сыртқа шықты. Дүре соғылатын алаңда күдды бiр тамаша көретiндей ауыл кiсiлерi тегiс жиналып та қалған екен. Қатын-қалаш, бала-шағаға дейiн шулап: — Қияңқы Қарасақалдың жон терiсiнен қайыс алу керек! — Екi енегiн тарттырып жiберу керек! — Май құйрығына таңба басайық! — деп бiрiнiң сөзiн бiрi бөлiп, жамырай айқайласып жатыр. Жiгiттер ортада жайылған тулақ үстiне Қалмырзаны етпетiнен жатқызып қойған екен. Әулекi жiгiттер оның қол-аяғын, қос қолын төртпақтап, арқанмен төрт жақтан шiрене тартып тұр. Қалмырзаның шаң-шаң арқасы терлеп, топырақпен баттаса түсiптi. Сөзге тоқтаған Нарман аяғын батылсыздау басып барып, қолына ұзын шыбыртқыны батылсыздау ұстады. Оны не iстерiн бiлмегендей аз тұрды. Сосын кенет ол қолын құлаштап сермей бере, сiлтеп қалуға дәтi бармай, оқыс: — О, құдая тоба! — деп көзiн жұмды. Әр жағынан жылып келiп қалған ыссы жасты iрке алмай, еңкiлдеп жылап жiбердi. Мөлдiр тамшы екi бетiн айғыздап, сақалын жуып кеттi. Сол арада Ережептiң дауысы саңқ ете қалды: — Әй, Нарман, мен сенi қайымалы iнгеннiң қабырғасын қайыстырар қара бура көрушi едiм. Өзiң арқасынан қотыры қетпес жаман атан түйе екенсiң ғой! Нарман бiр сәтке босап сала берген бойын жиып ала қойды. Шыбыртқыны толғап тұрып: — Ап! — деп сiлтеп кеп қалды. Шыбыртқы Қалмырзаның арқасын тiлiп түстi. Оған екiншi, үшiншi... қисапсыз соғылған соңғы шыбыртқылар қосылып, лақа терiсiндей жылтыраған қара жонға жыланша iз сала бастады. Аздан соң жылымшып қан ақты. Таяқ тиген сайын Қалмырза жиырылып дiр ете түседi. Дыбысын шығармайын деп қатты тiстенiп алған баласының сонысын сезген Нарман әрi қарай шыдай алмасын бiлiп, екi көзiн тарса жұмып алды. Қарулы қолмен келте қайырып, тартып қалғанда, ұзын шыбыртқы ауада ол жыланша ысқырып барып, сып ете түседi. Нарман одан әрмен не iстеп, не қойғанын анық сезбедi. Бар есiнде қалғаны — көзiнiң алдын әлдеқандай буалдыр кiреуке көмiп, басына тепкен ашудан шекесi зыңқылдап, баласын басқа-көзге қарамай ұра бергенi болды. Оған бiр сәтге табан астындағы қара жер қозғалып, бар дүние шыр айналып сала берген сияқтанды.


58 Бiр кезде Ережептiң: — Болды! Жетер! — деген дауысын естiп, көзiн корқа ашты. Бiрден көргенi баласының ит тартқан терiдей шыт-шыты шыққан, қан-қан арқасы болды. Ол өз қолымен жасаған мына қатыгездiктен шошынып, керi шегiншектей бердi. Бiрақ келте қайырып сiлтей берген қолын тоқтата алмады. Ұзын шыбыртқы ысқырып барып, Қалмырзаның арқасына барып тидi. Бұл жолы ол әдепкiдей сып ете қалмай, қан-қан қара жонға қадалған қара сүлiкше сылп ете түскен тәрiздендi. — Алла-ай! — деп Нарман шыбыртқыны тастай сап, бетiн ерiксiз бұрып әкеттi. Орнынан тұрып, көйлек-шалбарын зорға дегенде киiп жатқан Қалмырзаны қаумалаған жеңгелер: — Нағылар дейсiң. Арқаның емi табылар. Қызымыздың қуанышына тұтынарына зақым келмесе жарады да, — деп, жұбату айтысқан болысты. Қалмырза қатты қорланды. Қанын iшiне тартып, тiрi пендеге тiс жармады. *** Ережеп сол күнi Нармандарға қонағасы берiп, астарына бiр-бiр ат мiнгiзiп, көп сыйлықпен қайтарды. Ауылдан шыға бере Нарман әлденеге жымың ете түсiп: — Бастан құлақ садаға деген. Жеген таяқ — тәнге сауап. О деген кейiнiнен ұмытылып қалады. Бәрiнен де ат мiнгенiмiздi айтсайшы, — дедi. — Әй, көке-ай, бүйтiп иттен қор боп мiнген аттан ық-ық деп айдаған ешек артық емес пе? — дедi Қалмырза алғаш рет әкесiне қарны ашып. — Тән жарасы жазылар-ау, бiрақ жан жарасын кiм емдейдi? Жанымды жаралаған жатым емес, өз туған әкем боп, қинап тұр ғой. Болмаса... — Ол кемсеңдей түстi де, тез арада бойын билеп, басын жоғары көтерiп алды. — Бұлардың туысты туысқа, бауырды бауырға қарсы айдап сап, дымыңды құртып қоятыны жаман да. *** Ауыл шетiндегi төбе басында отырған Ережеп соны сезгендей, iшiнен мырс-мырс күлдi. Ертеңгi күнi дау туа қалса, Қалмырзаны жазалаған өзге емес, өз әкесi. Билер мықты болса, Нарманға кесiк айтып көрсiн. Осылайша өзгенiң қолымен от көсеп, өз шаруасын ретке келтiрiп алу оның қашаннан қанына сiңген дағдысы едi. Кенет ол селк ете түстi. Шеткi үйден кеше шайқас үстiнде мерт болған азаматын жоқтап жылаған жесiр келiншектiң шерлi, ащы үнi көкке суырылып, шығандай шықты. Ережептiң аза бойы қаза болды. Ол өз-өзiнен қуыстанып отырды да, кенет қасындағы Мiрәлiге ызалана қарады: — Ана кiсiсi өлген үйге мал бер. Сосын... — Ол сәл кiдiрдi. — Егер ақылың болса, ана баланды тездетiп құтты жерiне кондыр. — Өй, атасының аузын! Жарлы Қарасақалға қыз беретiн жағдайым жоқ, — деп Мiрәлi торсаң еттi. — Бүгiн жарлы болса, ертең байиды. — Өй, ол байығанша, атан түйе қайыр. Дүния төңкерiлiп асты үстiне түсер. — Иә, — дей берiп Ережеп үнсiз қалды. Iшiнен ағасының өресiздiгiне қынжылды. Ол қашанда морт мiнездi Мiрәлiнi тақымға толмайды деп тайызсынып, қалаған уақытында әрлi-берлi кешiп өте беретiн. Осы жолы да ағасының бетiн қайырып тастайын деп бiр ойлады да, райынан тез қайтып, мысықтабандағанды жөн көрдi. — Неге? Нарман кеше төрт түлiгi сай, ноқтаға толық кiсiлердiң бiрi емес пе едi? Сонымен құда-жекжат болуды қолайлаған өз әкемiз едi ғой. Ендi оны ақсирақ тартты деп, бұрыннан қабағымыз жақсы күнiмiздi ұмытқанымыз мақұл ма? — деп, ағасын iркiп қойды. Кешеден берi Нарманнан кек алдық деп елiрiп отырған Мiрәлiнiң сасқалақтап, өзiне абыржи қарағанына назар да салмады. — Мына сенiң Дадабек сартың да ши бөрiше жалақтап тұр. Жамандық айтып келе ме? Балаңның әбiрейi өзiнде тұрғанда, бағын байлама. — Өй, сол Дадабектен қорқып, — деп Мiрәлi қыржиды да қалды. Ережеп сөз қонбайтын кiсiге жай-жапсарды бажайлап түсiндiрiп жатуды ит етiнен жек көретiн. Ондай сөзге парық бермес адам таяққа түсiнедi деп ойлайтын. Сол себептi ол тiлi мен дойырын оң қолы мен сол қолындай қатар ұстап, қайсысының қажет тұсын дәл сезiп, ретiне қарай iс қылатын. Осы жолы ол үндемей қалғанды мақұл көрдi. Әңгүдiк ағасына рай бермедi. Қонақасысы да онша ажарлы бола қойған жоқ. Мiрәлi кеткесiн, иығына жiбек шапанын желбегей жамылып, кешкi ауылдың әбiгерiнiң арасында болғысы қелмей, желке тұстағы қоңыр төбеге қарай тартты. Төбе басында отырып, арғы-бергi замандарды ойша шолып өттi. Iшiнен түрi-түсi бөтен, қатыгез бiр заманның жақындап келе жатқанын байқағандай болды. Өз аңдауынша, Сыр өңiрiн ұстап тұруға ендiгi қалған жерде Хиуа ханының қауқары жете бермейдi. Хұдаяр, Насруллалармен iштей бақасып жүрген Мұхаммәд-Инақ мынадай сырттан төнген қара дауылға тұтасып қарсы тұру орнына, өз құлқынын көбiрек ойлайды. Өздерiнiң де ала ауыз боп жүргенi мынау. Бұл — дұшпандарға қол. Соны бiле тұра, ел азаматтарының бас араздықты тастап, халық боп бiрiгiп, тiлек қоспайтыны қалай? Сол арада осы харекеттi өзiң неге бастамайсың деген бiр сұрақ бiр бүйiрiне кеп қадалды. Бұл мұны көптен берi мазалап жүр. Түнде төсекте дөңбекшiп жатып, ана бiр-бiр iргелi рудың тiзгiнiн ұстаған Тоғанақ, Жәнiбек, Малдыбай, Елмырзалармен бiтуәжаға кеп, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығару қажет-ау деп, өз ойына өзi ұйиды. Тек таң ата күнделiктi күйбең тiрлiк басталғасын, бәрiн де ұмытып кетедi. Кейде дұрыстың емес, бұрыстың сойылын соғады. Өз iсiнiң қисықтығын көре-бiле тұра, дәулетi мен беделiнiң арқасында көп жалпылдаққа ерiксiз қоштатып, барлығын жөнге шығарады. Ол бүгiн де сүйттi. Ниетi малмен Нарманның қол-аяғын матап қойып, ертеңгi күнi жалпақ Қарасақалды, сол арқылы Дабыл, Шағырай батырларды ауызына қарату. Мiрәлi соны да түсiнбейдi. Ережеп қасына тақап келген Шәкиге енжар қарады.


59 — Тағы не? — Мырза кешегi уәдеңiз... — дедi Шәки сөзiнiң аяғын толық айтуға бата алмай. — Жарайды, болсын. Құдаға менен сәлем айт, — дедi де, кенет құлағы бұл далада жоқ тосын дыбысты шалып қап, терiскейге жалт қарады. Шынында да, ауылдың солтүстiк жағында алып жайынша көлбеп жатқан қара дөңнен пар ат жеккен күймелi арба зырқырап келе жатыр екен Мыс қоңыраудын сыңғырлаған үнi кешкi тиыштықта бiр түрлi талып естiледi. — Бұ кiм болды екен? — дедi Ережеп Шәкиге жалтақтай қарап. — Кiм бiлсiн... Аздан сол қоңырау үнi жақындай түстi. Пар аттың, күйменiң түрi-түсi ендi көзге анық шалына бастады. — Сен барып бiлiп келшi, кiмдер екен? Шәки ауыл жаққа қарай аяғын жылдам алып, қатты жүрiп кеттi. Емпелеңдеп, бiр жерде бұйырғынға сүрiнiп, құлап қала жаздады. Ол сол қалпымен ауыл шетiне кеп тоқтаған күймелi арбаның жанына барды. Ат айдаушы қiсiмен қысқа тiлдесiп, жалт бұрылып, берi қарай салды. Асып-сасып жеткен бойда, дыбдырлап: — Мырза, мына Бұхара жағына орыстардың сауда керуенiн бастап бара жатқан кiсi екен. Жегетiн атын алмастырайын деп, сiзге арнайы қеле жатқан көрiнедi, — дедi. Мұны күтпеген Ережеп сасып қалды: — Өзi орыс па, қазақ па? — Қайдағы қазақ? — Шәки ыржиды. — Бiзше түсiнедi. Башқұрт па, татар ма, әлде ноғай ма, Ахияр деген бiреу... — Е, солай десейшi. Тiлiн бiлмейтiнмен қалайша ымдасам деп шошып кетiп ем, — деп, Ережеп азырақ ойланып қалды. Сосын жерден бiр шөптi сындырып ап, шеге топырақты әрлi-берлi сызғылап отырды да: — Жарайды, бар да, қонақ үйге түсiре бер, — дедi. Ол Шәки ауыл жаққа кеткесiн, орнынан асықпай тұрды. Шапанының етегiн қағып, аяғын ауыр алып, ауылға қарай беттедi. Iшiнен мына тосын кiсiге сыр бермегендi жөн көрдi. Мимандарды үлкен басымен күтiп алуды өз басына ар санап, оларға көз қиығын да салмастан, өз отауына қарай жүре бердi. Ертеңгi күн қалай болар екен деп, кең аспанға көз тастап едi, зеңгiр көктiң Хиуа жағындағы түскейiне, жалпақ Сырдың үстiне анау-мынау майда желге етегi түрiле қоймастай боп, осы үлкенi бауырымен езгiлеп, мәңгi тұрып алатындай, бағана терiскейден ауа тұтасқан қалың бұлт үйiрiле бастаған екен. Ол әлденеге тiксiнiп қалды.

17 Ахияр Хакимов күймеден маңыздана түстi. Үстi-басының шаңын қағып, қазақ ауылына таңсық сары ала киiмiмен ел назарын өзiне аударып, аяғын сабырмен басып, iшке кiрдi. Қызметшi көрсеткен төрге асықпай барып отырды. Ол бұрын мына Арқа, Семей қазақтарына барып қайтқан сапарынан бұл елдiң қаншалықты маңыздана түссең, соншалықты құрақ ұшып сыйлайтынын жақсы бiлiп алған едi. Әсiресе, бетiңе айтып тастағалы тұрған қатты сөзiңдi көмейiңде iрке түсiп, қабағыңды сәл шытып, ойланған боп отырып алсаң, аңқау жұрт сенi данышпан көрiп, асты-үстiңе түседi. Мұның бұл жолғы сапары ерекше едi. Орыс елшiсi Бұхара әмiрi Насрулламен сауда талабын жақсарту, керуендердi тонап, таламау жайын келiскенiн естiп, тура I Николай ағзам мен Ресейдiң соғыс министрiнiң бұйрығымен осы шеру дайындалған едi. Бұл Петербургтан Орынборға кеп, генералгубернатор Перонскийдiң тiкелей араласуымен керуендi әзiрледi. Алыс жолға жүк артуға керек түйелердi Орал шебiнiң атты казактары Жайық бойындағы қазақ ауылдарын шауып, тартып әкелдi. Көлiк дайын болғасын, бұл Орынборда көп кiдiрмедi. Орта Азияға зәру мүлiктi түйелерге теңдеп артқызып, керуендi тырнаша тiзiп, жүрiп кеттi. Саудагер киiмiн киген жүз шақты қiсiнiң тең арасына тыққан мылтықтары бар. Екi кiсi жолшыбай қазақ жерiн, керуен жолдарын қартаға түсiрiп келедi. Ырғыздан шыққалы еш жерде жарытып дем алған жоқ. Олар Сырға тез жеттi. Ахияр осы арада көлiктердi тыңайтып, бiр түн аялдағанды жөн көрдi. Экспедиция мүшелерiне сақ болыңдар деп қатты тапсырып, өзi жолшыбай кездескен бiр қазақтан жөн сұрады. Ережеп мырзаның атына сыртынан қанық ол сәл ойланып алды да, қасына екi-үш серiк ертiп, мырзаның ауылына қарай тартып отырды. Ережеп әлi жоқ. Осыншама маңызданғанына қарағанда, мына өлкедегi нағыз мықтының өзi болуы қерек. Ахияр не iстерiн бiлмей, бiр рет үй iшiне көз салып өттi. Бауы-шуынан, керегеге тұтылған кiлемдерден мырзаның малды-жанды кiсi екенiн анық бiлесiң. Босаға жақта сәндi кебеже тұр. Төрде әсем әрнегi бар жүкаяқты сандық бар. Оның үстiне шәйi көрпелер аса бiр ұқыппен жиналыпты. Ол сол кезде сырттан шыққан аяқ дүбiрiн естiп, бойын тез жинап ала қойды. Iшке Ережеп кiрдi. Ортадан сәл биiк ақ сары, жирен мұртты кiсiнiң өзiн-өзi қолдан басып, сабырлы көрiнуге тырысқанымен, аузының да, қолының да жүйрiктiгi бар секiлдi. Амандасып болғасын, Ережеп оң жаққа кеп малдас күрды. Асықпай есен-саулық сұрасты. — Ахияр мырза, барыс қалай? — дедi Ережеп маңқиған қалпын бұзбастан. — Бұхараға бара жатырмыз. — Сонда немене, сауда жасайсыз ба? — дедi ол қулана күлiп. — Әлбәттә, — дедi Ахияр оң қолын мұсылманшалап кеудесiне қойып. Сосын мына мырзаның айтқан сөзiне сенбей отырғанын көрiп, ыңғайсызданып қалды.


60 — Е, дұрыс екен. Сауда қылғанға не жетсiн, — дедi Ережеп бiр сәтте байсалды тартып. — Оған не сөз бар, — Ахияр осы арада өзiнiң дүмдi екенiн сездiрiп қалғысы қелдi. — Бұл керуендi ұлы ақзам император I Николайдың өзi жеке пәрменiмен жiбердi. Бiздi Бұхараның Алланың нұры жауған ұлы әмiршiсi Насрулла күтiп отыр. — Е, жөн екен, — Ережеп оқыс күлiп жiбердi. — Алланың атын ауызға алғаныңызға қарағанда, асылы мұсылман болдыңыз ғой. — Әлбәттә, — деп Ахияр сасып қалды. Iшiнен өз ата-бабасын Иван Грозный Қазанды алғанда зорлап шоқындырғанын ойлап, қыбыжықтай түстi. Сосын өзiн-өзi зорлап күлiп: — Мырза, ислам дiнiнiң туын тiккен жер жаңғыз ғана Қаразым демеңiз. Ресей патшасына қараған уалаяттарда да мұсылман жұрты баршылық. Башкұрт, татар... — Ақ патша дiнге қысымшылық жасамай ма? — дедi Ережеп оның сөзiн бөлiп. — Ешқандай да. Қайта ұлы ағзам өз қарамағына өткен мұсылман елдерiне айрықша қамқорлық жасайды. — Дұры-ыс,— дедi Ережеп бұған қулық толы көзiн қиғаштай тастап қойып. — Сонда... Бұқарда көп боласыздар ма? — Оны... ендi, — дедi Ахияр қиналған түр көрсетiп. Бұл оның айтуға болмайтын күпияны сездiрмес үшiн iстейтiн әдетi едi. — Сонда... қалай қарай жүресiздер? — Мiне, соны сiзбен ақылдасқалы қелiп ем, — деп Ахияр оған жата жабысты. — Бұрынен сауда керуендерi мына Ақмешiт, Созақ, Шымкент арқылы Ташкент шәһарына баратын. Одан әрi Қоқан хандығының үстiмен Бұхараға жететiн. — Жолшыбай салық төлеп, шаш-етегiнiң түгi қалмайтын, — дедi Ережеп жалпақ бетi жайыла күлiп. — Иә...— Ахияр тiлiн тiстей қойды. Сосын тез арада жөн тапты. — Ендi... былай... дәулетi асыптасып жатқан Ресей мемлекетi үшiн салық төлеу бұйым емес. Бiзге ең қиыны — жол бұру. Сiзден сұрайын дегенiм, осы Қызылқұмның үстiн басып өтiп, Бұхараға жетуге болмай ма? Ережеп кенет енжар тартып, мұның сұрағын табан астында ұмыт қалдырып, есiк жаққа қарады. Қызметшi жiгiтке иек қақты. Ол iшке тегене толы қымыз әкеп, сырлы ожаумен сапыра бастады. Үй iшiне бабымен ашыған қымыздың ашқылтым ұнамды исi жайылды. Ережеп сырлы тостағанға құйылған қымызды алып берiп жатып та үндемедi. Ахияр мына мырзаның оңайлықпен уысына түспесiн бiлiп, iштей қоңырая бастады. Петербургтiң көпiршiген шампанына үйренiп қалған ол қымыздан бiр-екi ұрттады да қойды. Бiрақ қашанғы қалып алған дағдысынан аспай, тыжырынып отырғанын әзәзiл күлкiмен бүркеп, оған түсiн жылыта қарады: — Қымыз бек әйбәт екен. — Онда... алсаңызшы. — Алып отырмын, — Ахияр жорта күлдi. — Сiз сонымен менi Ақмешiтке қарай сiлтеп жiбергелi отырсыз-ау. — Оны қайдан бiлдiңiз? — дедi Ережеп кенет еңсерiле қарап. — Ендеше... неге үндемейсiз? — Е, е, — дедi Ережеп ыңырана сөйлеп. — Мен сiзден жолды қызғанып отырған жоқпын, бүгiнгi күнi сiлтерiн сiлтеп, ертеңгi күнi ақ патшаның алдында жауапқа тартылам ба деп қорқып отырмын. — Неге? — Тура жол кәуiптi. Кез келген жерде хиуалықтардың керуендi талап кетуi мүмкiн — Е, со-ола-ай деңiз. — Ахияр iшiнен: “Значит, жол бар”, — деп түйдi. Тек соны мына мырза айтпай, бағасын өсiргiсi кеп, қиындатып отыр. — Бiрақ Ресей мен Хиуа арасында сауда керуенiне тимеу жайлы келiсiм бар. — Олар келiсiмге қарай ма? — Қарамаса... ақ патша Хиуамен соғысады. — Сүйтiп оны да Ресейге қосып ала ма? Ахияр күйген кiрпiштей қызыл қоңыр бетi кешкi майшам жарығында күреңiте түсiп, мына сұрақтың әр жағында жатқан қалың қыртысты аңдауға тырысты. Әдейi алдындағы тостағанға қол созып, қымыз iштi. — Жоқ, — дедi аздан соң. — Ақ патша өз ерiктерiмен қосылғысы келген елдердi ғана қамқоршылығына алады. — Қаншама өтiрiк айтса да, бетi бүлк етпейтiн ол осы жолы өзiн мына мырзаның пысы басып отырғанына таңғалды. — Өзiм де солай ойлап ем, — дедi Ережеп мұртынан күлiп. Ахиярдың iшi қылп ете қалды: “Сенген жоқ-ау. Жоқ,әлде сендi ме?” Ережеп ойламаған жерден тосын мiнез шығарды: — Сiз бiлмейтiн шығарсыз, осы өлкеде Арынғазы деген хан болған. Ол ақ патшаға бағынбай, қазақ боп, бөлек отырғысы келген. Соны қайсы бiр жылы ақ патша Петерборға шақырып ап, жiбермей қойды. — Оның жайын бiлем. — Ахияр сол жолы Арынғазыны Петербургке өзiнiң шақыра келгенiн есiне алды. — Ақ патша ханды сауда керуендерiн талағасын сүйттi. Ал мына Ресейге бодан болған Кiшi жүз бен Орта жүз хандарына ұлы ағзам қысымшылық жасап отырған жоқ. — Дұр-р-ре-ес, — дедi де, Ережеп қолындағы тостағанын сәл шайқап, қымыз iштi. Ахияр оған сенбей қарады. Сырын сыртына шашпай, жымия қалған жүзiне, селдiрлеу мұртына, әсiресе, әлдеқандай қуақы ұшқын лып-лып етiп, лезде сөне қалар қой көзiне барлай қарады. Қараған сайын мына мырзаның ойы да, ниетi де мүлдем басқа екенiн танығандай болды ойы, ниетiң ол қылп ете қалды. Iш жағынан бұтен бiр дауыс: “Өз ниетiң де басқа емес пе? Осы жолы ақ патшаға Бұхара, Хиуа, Қоқан хандықтарының жай-жапсарын, әскерiнiң күрамын, қару-жарағының сапасын, қатынас


61 жолдарын бiлiп қайтып, хатқа тiзiп берсем, шен алам деп дәме қылып жүрген жоқсың ба?»— дедi. Сосын ол қолын бiр сiлтедi. “Күл болмаса, бүл болсын”, — дедi өзiне өзi. Шындығына келгенде, орта Азияға сұғын қадап отырған Ресей патшасының жансызы боп, басына шалма орап, саудагер боп барып қайтқан жаңғыз бұл ма? Оған осы қазақтардың өздерi кiнәлi емес пе? Ағайын мен ағайын өкпелесiп қалса да, ойбай, паналата гөр деп, тура ақ патшаға қарай шабады. Соны көрiп-бiлiп отырған ақ патша аузына өзiнен өзi кеп түскелi тұрған батпан құйрықтан тiрiде айрылсын ба? Кәзiр Бiрiншi Николай патша Орта Азия мен Үндiстанға шығу үшiн қазақ сахрасын басып алудан басқа жолдың жоқтығын жақсы бiлiп отыр. Бүгiннiң өзiнде Ресей сайын далаға Сiбiр және Батыс жақтан сұғына енiп, қаптаған бекiнiстерiн салып та үлгердi. Патшаның ендiгi көздегенi — Қоқан мен Хиуа хандықтары. Ол солардың жай-жапсарын бiлу үшiн бiрнеше рет экспедиция да шығарған болатын. Сондай бiр сапарда, 1741 жылы Д.Гладышев, Муравиндер Арал теңiзiн қартаға түсiрiп қайтқан едi. 1838—42 жылдары ағылшындар Ауғанстанды басып алғасын ақ патша Хиуа мен Бұхараға кiсi жiберудi күшейттi. 1841 жылы Бутенев жөне капитан Никифоров экспедициялары Бұхара мен Хиуаға келдi. 1842 жылы подполковник Данилевскийдiң экспедициясы Хиуа ханы Рақымқұлмен келiссөз жүргiздi. Ендi Ахиярдың өзi сауда керуенiн бастап, Бұхараға келе жатыр. Ол қозғалақтап қойды. Есiне 1839 жылы Орынбордың әскери губернаторы В. А. Перонскийдiң Бiрiншi Николай патшаның рұқсатымен қысты күнi Хиуаға жасаған жорығы түстi. Бұған дейiн Маңғыстауда Ново-Александровск бекiнiсi салынса да, ол жолды жақсы бiлмейтiн едi. Ақыры көп әскерден айрылып, масқара боп, керi қайтты. Кеше сол сәтсiз жорық есiне түссе керек, Орынбордың генерал-губернаторы мұртын шиырып қойып, мұның арқасынан қағып: “Байқа”, — деген. Бұл соған әжептәуiр марқайып қалған едi. Ендi мына мырзаның сыр алдырғысы келмей, жорта маңқиып отырғанына Ахиярдың iштей жыны келдi. “Далиған далаңның бар пұшпағы қағаз бетiне түскенiн де бiлмейдi. Айтпасаң қой”, — деп, қоңырайып бiраз отырды. Неде болса Ақмешiт үстiн басып өтетiн болды. Мұның шошынып отырғаны соңғы жылдары Бұхара мен Қоқан ханы жауласып, бiр-бiрiне алакөзбен қарап жүр. Бiрiне бара жатқан сауда керуенiн екiншiсi талап алады. Ал Ташкент шәһары билеушiге күтаймай, қолдан қолға өтiп жүр. Ахияр осылайша жауласып жатқан жермен жүрудi қолай көрмеген. Арал теңiзiн айналып, Үстiрт арқылы бару — өте бұру. Бұхараға баратын төте жол — Қызылқұм. Бiрақ бұл оның жай-жапсарын жетiк бiлмейдi. Ендi қалайда мына мырзадан суыртпақтап сұрауды ойлап: — Әрине, сiздiң жағдайыңызды түсiнем, — дедi ол орысша ойлап отырып. — Бiр көрген кiсiге ағынан жарылу шикiлiк болар едi. Мен бiрақ достық кеуiлмен келдiм,— деп ол қызметшiсiне иек қағып, күймелi арбадан теңдi алдырып, шешкiздi. Ережептiң иығына шапан жауып, алдына бiр буат көк мауыты тастады. — Мынау менiң сiзге тартқан сияпатым. — Алдыраз болсын, — дедi көп дүниенi көрген Ережеп кеуiлденiп. Жаңағы қолдан жасап отырған сабырынан жаңылып, иiлiп-бүгiле бастады. — Мырза, қымыз алыңыз. Ұзақ жол шаршатқан шығар, жатып дем алыңыз. Айтпақшы, басқа жiгiттерiңiз қайда? Ахияр керуеннiң қонып жатқан тұсын жорта басқа жаққа сiлтеп айтқан болды. — Өте дұрыс еткенсiз, — дедi Ережеп дыбырлап. — Оларды ауыл үстiне әкелуге болмайды. Ертең алып қашты әңгiме тарап кетедi. Ал, жаңағы жол жайын бiлетiн кiсi бар. — О кiм? — Осында бiр кiсi. Ертең шақырып алам.— Ол қызметшi жiгiтке бұрылды. — Ана қатындарға айт, тамақты тездетсiн. Ахияр дәм үстiнде мырзадан сыр тартып байқады: — Ұлы хан Мұхаммәд-Инақ қарауындағы мұсылман жұртына жайлы шығар? — Айтары жоқ, — дедi Ережеп күлiп. — Шынымен бе? — Оның жүзiне аңыра қараған Ахиярдың бұзаудың көзiндей екi көзi мөлиiп кеттi. — Қайдағы? — Ережеп ақырын сөйледi. — Жыл сайын алатын ұшыр, зекетi аздай, елдi шабады. Малымызды тартып алады. Былтыр соған ызаланған халық Құртөбедегi Хиуа қамалын тас-талқан қылды. — Апырмай, ә?! — Рас, рас. Ел қозғалса, қиын қой. Жақында соны жөндеуге қол келiп жатыр. — Сонда... халық Хиуа ханына ырза емес қой? — Әрине. — Осы қазақ та сарт па? — дедi Ахияр өзiне жұмбақ жайдың басын ашып алғысы кеп. — Сарт дейсiз бе? — дедi де, Ережеп шиқылдап күлдi. Көзiнен аққан жасты сүлгiмен сүртiп отырып: — Қазақ деген қазақ та, — дедi. — Сонда қаалй? — Қазақ деген өз алдына жатқан ел. Ол үш жүзге бөлiнедi. — Оны... бiлем. Сонда сарт деген кiм? — Сарт деп қазақтар мына Қаразым мен Хиуа жақтағы отырықшы түркiленген фарсыларды, яғни өзбектердi айтады. Кейде халық тәжiктердi де сарт дей бередi. Сонысына басып, қазекең: “Өзбек өз ағам, сарт садағам”, — дейдi. Кәзiр сарты не, өзбегi не — бәрi бiр. — Өзбектер осы сiздерге жақын ба? — Ау, жаңа ғана қазақ “Өзбек өз ағам” деген жоқ па? Көнекөз, шежiре кiсiлер бiр кезде Ноғай ордасы құлағасын Шәйбәни хан бастаған өзбектер iшкi жаққа қарай ауыпты дейдi. Олар Ақсақ Темiрдi әулетiн Үндiстанға қуып тастады. Сосыс... жаңадан көшпi келген ел — өзбектiктер ана... жергiлiктi, түркiленген сарттардың абызына кiрiп кеткен. Ал бiз... мұндамыз. Баяғы Алтын орда заманынан кейiн өзбек, қазақ бiр хандықтың астына бiрiккен жоқ. “Ендеше бiрiкпей, шаруаларың бiтедi”, — дедi Ахияр iшiнен сылқ-сылқ күлiп.


62 Ол сол күнi мырза үйiнде қонып қалды. Ертеңiне де аунап-қунап, әл жиғанды жөн көрiп, Ережеппен оңаша үйде жатып ап, қазақ арасының көп жайына қанды. Кiсi жоқта барлығын қойын дәптерiне түсiре бердi. 18 Биыл қар кетiп, жер қара тартқалы Жәнiбектiң бар ойын бiр шаруа түгел билеп алған едi. Ол мамыр айының ортасына таман топырақ қыза, өз қарауындағы бiрнеше ағайынын қос етiп, Қуаң жағасынан жер жыртқызып, егiс салған. Бiр танап жерге тары, арпа, бидай еккен. Замандар бойы тусырап жатқан Қуаңның жайпауыттау жазығына шығырмен су тартып, он шақты арық қауын-қарбыз салған едi. Ендi кәзiр күн қуатынан нәр алып, сабақ тартқан пәлектер қосқұлақтанып, қылтия бастады. Жәнiбек бұл шаруаға жең сыбанып араласып кетпей, тек бас-көз боп жүр. Iшкi жақтағы кәнiгi дихандардан алған тәлiмiн. Қасқырбай бастаған жас жiгiттерге үйретедi. Әкесi Мамырай би болып, ру тiзгiнiн ұстап, ел әңгiмесiне араласа ма деген баласының жер шұқып, кетпен шапқанын салған беттен ұнатпады. Ол бiрде мұның ауылына әдейi ат басын тiреп кеп, от басында түйенiң жарты етiндей боп отырып: “Балам, қазақ дейтiн мал баққан ел едi. Ендi сенiң жер шұқып, сарттың кәсiбiн еткенiң қалай? Апырау, сонда сенiң кiм болғаның?»— деген едi. Онша әзiржауап кiсiсi емес Жәнiбек сәл ойланып: “Ау, адам да, мал да жейтiн жемiн қара жерден алмай ма? Бiз болсақ, оны малдан алсақ деймiз. Ал сарттар тағамды сол жердiң өзiнен өндiредi. Сонда оның несi сөкет?” — деген. Сонда Мамырай ойланып қап: “Мынауың өзi... ата-бабамыз iстемеген кәсiп қой. Түбiнде ел-жұртқа күлкi болмасақ екен дейiм. Қайдам, жаңа заман жолы солай қарай бұрылар ма, жоқ па, кiм бiлсiн? Бiздiң бар байлықты қойдың төрт бұтының арасынан iздеп кеткенiмiз кеткен. — Сол арада ол бұған көзiнiң қиығымен қулана қарап, тосын жымиған. — Ертеректе ағарғанды iше-iше жас бала қаталап қалушы едi. Сондайда әкемiз сарт тамырына барып, меке жүгерiден пiсiрген тандыр нан әкеп жегiзушi едi. Сәбидiң iшкi құрылысы жөнделгесiн қайтадан қымыз бен шұбатына бас қоятын. Саған да соның керi келiп жүрмесiн.»Жәнiбек әке сөзiнiң астары қай жыраға апарып ұрындырар деп аңысын аңдап, сабырын шашпаған. Содан берi Жәнiбек ой үстiнде жүр. Кейде өзiн Ережептiң сырттай сықақ қылғанын естiп, осыным бос әурешiлiк пе деп те қояды. Бiрақ iшкi жақтағы өзбек, тәжiк, қарақалпақ ағайындардың баянды тiршiлiгiн кеуiлiне медеу қылады. Азар болса, солардың кебiн киермiз, бiрақ салқар сахраның қай сайында жауға жем боларыңды бiлмей, бос сенделгеннен жақсы ғой деп түйедi. Бүгiн Жәнiбек әдеттегiсiнше ерте тұрды. Таң намазын оқып боп, шайға отырды. Дастархандағы құрт, май, жентке өзiнен бұрын қол созбай, монтиып отырған балаларын бастарынан бiр-бiр сипап: — Бисмилла! — деп пәтiр наннан ауыз тидi. Сол екен, бағанадан бермен молла боп отырған қара домалақтар тәттiнi жапа-тармағай бас салды. — Ау, әкелерiңе де қалсын да, — дедi Айжамал мейiрлене күлiп. Жәнiбек алғаш қосылған осы әйелiнiң соңғы кездерi өзiне деген бөлекше ықыласын анық аңғарып жүр. Әсiресе, бұл Ақкербездiң басын байлағалы төсегiне жоламай, салқын тартқан сайын түн кәдiрi таңдайына тати бастаған келiншек әлдеқандай уытты сезiм отына өртенiп, ажарымен де, нәпсiсiмен де ер кеуiлiн өзiне қарай тартқысы келедi. Жәнiбек жастай қосылған келiншегiнiң осы кiнәсiз талабы үстiнде қатты ыңғайсызданады. Бөтен бiреуге ен салмайын десе, Айжамалға деген ықыласы салқын. Оған кiм кiнәлi екенiн өзi де анық бiлмейдi. Әкелерi бесiкте жатқан жерлерiнен атастырып, қуатты қолмен бiр-бiрiн байлап-матап қойды. Жәнiбек мұның жәй ғана тiршiлiк, тек саф махаббат емес екенiн бiледi. “Сонда бұ қалай? — дедi ол iшiнен. — Бәндә махаббатсыз, ашықтықсыз хайуан боп кетпей ме?»Ол қозғалақтап қойды. Бiрақ соны басқа жұртқа түсiндiрiп көр. Ер кiсiлердiң бар түсiнiгi — мал бер де, қатын ал; басқасына бас ауыртпа. Бұл соған iштей қарсы. Әуелгiде тоқал алмайын деп ойлап жүрген тек Ақкербездi көрген бойда, тұла бойын ерекше бiр қуаныш, жiгер билеген. Сақа тартқанына қарамастан, қыз ауылына бара бергiсi келетiн. Ендi сол ыстық сезiмiм ертеңгi күнi не болмақ, деп ойланып қалды. Сол үстiне жау шапқандай боп Елдес кiрдi. Соңында — бiр топ жiгiт. Арасында Нияз да бар. Жәнiбек ағасының жайшылықпен жүрмегенiн сезiп, тiксiнiп қалды: — Ау, бұ не, аманшылық па? — Қайдағы? — Елдес қамшысымен бiр тартып, есiк алдында жатқан тоқымның ала шаңын бiр бұрқ еткiздi де, етiкшең қалпы төрге озды. Сосын дүңкиiп малдас құрды да, бұған қарады. Даусы ызғарлы. — Мына Ережептiң көзiнiң етi өсе бастапты. Кеше Нарман ауылын шауып, сонда қыдырып барған мына iнiмiздi Мiрәлi сабапты. Кәне, билгiн өзiң айт, бұ қорлыққа шыдап отыра беремiз бе, жоқ, әлде Ережептен есе қайырамыз ба? — Есе дейсiң бе? — Жәнiбек ойланып алайын деп, ағасының өз сөзiн өзiне қайыра айтып, дауысын соза түстi. — Ережептiң Нарман ауылын шапқанын кеше мен де естiгем. Тек түсiнбей отырғаным, олар осы құйрық-бауыр жескен құда емес пе едi? — Ол рас. — Ендеше мынасы несi? — дедi Жәнiбек жорта бiлмеген боп. Бiр жағынан уақыт соза түсiп, ағасы сабырға түсер ме деген қулығы да жоқ емес. — Өй, сен де бiр, — деп, Елдес мұны тұздықтап тұрып бiр боқтады да, қолын сермедi. — Құда болса, Нарманның шаршысына келiп тұрған кезiнде болды. Ендi қитабан кедейге қыз берiп, немене Мiрәлi ауыш па? Мұның сыры, мiне, осында. — Е, е, солай де. Онда түсiнiктi. Ал, Нияз оңда неге барған?


63 — Әй, осы сенiң жоп-жорта милау бола қалатының-ай! — Елдес ат құлағын қағатындай сорайған тiзесiн күректей қолымен сарт өткiздi.— Ау, Нияз деген серi емес пе? Қарасақалдардың сiлеусiн көз сұлуының шаңына бiр аунап кетейiн деген шығар. — Ол мұрты едiрейiп, кеңк-кеңк күлдi. — Шаңға аунауға барып, шақ қауып қайтса, оның несi намыс? Өзiне со керек. — Ойбай-ау, маған батып отқаны iнiмдi ана мырың Мiрәлiнiң сабағаны боп тұр ғой. Жәнiбек дәп кәзiр басу айтпаса, әңгүдiк Елдестiң бiр қызыл шатақты бастап жiберетiнiн айқын сездi. — Ау, ашу үстiнде қамшысы тисе, тиген шығар. Қамшы мен тiл кәзiр кiмге тимей жатыр? Аға баласының бiр ашуын көтере алмасақ, сонда не болғанымыз? — Жоқ, бұл ашу емес, барып тұрған жаулық, — дедi Елдес түнере түсiп. — Қой әрi, оның жау боп, бiзде несi бар? — Несi жоқ? Өзi бұқа боп сүре алмаған жесiрiнiң кегiн кешпейдi. — О да мүмкiн. Дегенмен де қызбайық. Ақылға салайық. — Өй бүйткен ақылыңның iшiн с...! Әйдә, кеттiк! — деп Елдес жын ұрғандай сыртқа атып шықты. Әпербақан жiгiттер оның соңынан өре түрегелдi. Жәнiбек ағасының ашу үстiнде бiр сойқанды iстеп тастарын бiлдi. Iзiнен ере шығып, Елдес мiне берген аттың шылбырына жармасты: — Тоқта! Осы сен не iстегелi бара жатсың, а? — Оны мен саған айтам ба? — Басыға дау тiлеп алып кәйтесiң? Онсыз да ел iшiне әрекет кiрiп, әр ру өз текешiгiнiң соңына ерiп, сүзiскелi тұрған жоқ па? — Әй, ол мәмiлеңдi басыңа шайнап жақ! Жiбер былай! — деп, Елдес қамшысын қаһарлана көтерiп, астында ойнақшып тұрған атын қатты тебiнiп қалды. Етi қызып келген ат бiр орнында тұрмай тыпыршып, бiр бүйiрлеп кете бердi. Жәнiбек шылбырдан айрылмады. Және де бар ақылын ашу есеңгiретiп тастаған ағасын осы жолдан алып қалудың ретiн таба алмайтындығына көзi жеттi. Сосын жолшыбай барам дегенше сабасына түсер деп ойлап: — Сен ендеше әкеңе бар! Жөнiңдi айтып, ел шабатын болсаң, сол кiсiнiң бәтесiн алып барып шап! — дедi де, шылбырды қоя бердi. Ауыздықпен алысып тұрған ат бас еркiнiң өзiне тигенiн сезiп, тапырақтай жөнелдi. Оның соңынан басқа жiгiттер салды. Жаңа ғана жалына қол апармай тұрғап Елдестiң ауыл сыртындағы қара жалға шығысымен Мамырайдың ауылына адастырмай апарар жаңғыз аяқ жолға түскенiн Жәнiбек дәтке қуат қылды. Iшке қайта кiрдi. Қамшысын ап, басына жазғы жеңiл бөркiн киiп, тысқа шықты да, егiс жаққа қарай аяңдады. Iштей әңгүдiк Елдес ел арасына iрiткi салмаса жарар едi деп ойлап келедi. Кәзiр елдiң сөз баққан шағы. Құйттай өсек шыға қалса, желше үрлеп, өсiре шалқытып әкетуге ықыластылар көп-ақ. Сондай сасық сөзге аузы дуасыз бәтуасыздар түгел, осы елдiң бiр-бiр тiзгiнiн ұстап жүрген әтеберлi азаматтарына дейiн құлағын тосып отыр. Кеше ғана Өтәлiнiң жесiрiнiң дауынан шаққа құтылып едi, ендi Елдес барып Мiрәлiнiң үстiнен қамшы үйiрсе, қалың Төртқараның жаулыққа басып, iргесiн жалаңаштап кетуi мүмкiн Жәнiбек егiс басына жете бергенде, өзiне қарай төтелеп келе жатқан салт аттыны көрдi. Оны жақындап келгесiн барып таныды. Әбдiраман екен. Түнгi тиыш ұйқының iзiн қаны тамған екi бетiнен мүлдем қуып тастай алмай, кiшiлеу қой көзiн қиғаштап түскен күн сәулесiнен қысыңқырап, манаураған қалпын бұзбастан асықпай атынан түстi. Мұның сәлемiне ернiн жыбырлатқан болды. — Жол болсын, Әбеке, — дедi Жәнiбек басқа не деудiң ретiн таппай. — Әләй болсын. — Әбдiраман аяғын ақырын басып, мұның жанына кеп тоқтады. Бiлемдене қалған бұғағы иегiн жоғары көтерте түсiп, iрiлеу танауы бiреу қолмен созып кеткендей таңырайып тұр. — Барыс қалай? — Қайда болсын, Малдыбайда алажағым бар едi, соған бара атқаным. — Е, жөн екен. — Саған әдейiлеп ат басын бұрып келдiм. Сен есiттiң бе? — Әбдiраман бұған барлай қарады. — О не? — Кеше мына Ережеп ауылына ақ патшаның кiсiсi келген көрiнедi. — Е, неге? — дедi Жәнiбек сасып қап. Таңғалғаны сонша, қолына ұстап тұрған кетпенiн жерге қоя салды. — Ояғын бiлмедiм. — Әбдiраман ақырын мырс еттi. — Белгiлi емес пе? Ақ патшаны, немене, осы жақтан иман iздеп жүр деймiсiң? Оның құлқынын құртып тұрған шұрайлы жерiң мен балығы тайдай түлаған көлiң шығар? — Мынау... расында да... қызық екен, — дедi Жәнiбек шынымен ойланып. — Ал, Ережеп не дейдi? — Iждеме де. Деу қайда, қайта бiр енiн iшiне тығып, шақша бас башқұртты жұртқа көрсетпей, қызғыштай қорып отыр. — Е, алдымен жағынып қалайын деген де, — дей бердi де, Жәнiбек тiлiн тiстей қойды. Қанша аузыма берiкпiн десе де, Ережепке деген iшiнде жатқан өкпе-дықты бiр ауыз сөзбен сыртына шығарып алғанына өкiндi. — Мүмкiн, — Әбдiраман әлденеге райлана күлдi. — Сосын сенiмен тiлдесе кетейiн деп ем. Осы сен ғой көп оқыдың, молласың. Надан бiздей емес, көзiң қарақты. Дiн исламның оқуын тауыстың... Жәнiбек Әбдiраманның сырын сыртына шашпай, бiр тұтас боп салбырай қалған жүзiне сақтана қарады. Тақымының астына осыншама көпшiктi аямай қойып жатқанын мүлдем тегiн емес деп түйдi. — ...Бiзге қарағанда замана аңғарын алыстан болжайсың. Атам қазақ заманың түлкi болса, тазы боп шал деген. Заманына қарай — амалы деген жәнә бар. Сол амалды болу үшiн замана жайын бiлу керек


64 қой. Осы бiздiң халымыз бара-бара не болмақ, а? Хиуа мен Қоқанның қанат жайғанына көп болды. Сонда да тиыштала алатын емеспiз. — Неге? Түбiмiз бiр ел емес пе едiк? — дедi Жәнiбек сыр бергiсi келмей. — Ол дұрыс қой. Оған кiмнiң таласы бар? Осы неге Хиуа мен қазақтың арасында ынтымақ нашар? — Оған кiм кiнәлi? Дiн ислам қағидасын, шариғаттың жол-жорасын берiк тұтынбайтын өздерiң кiнәлiсiңдер. — Дәп осы айтқаныңның жаны бар, — дедi Әбдiраман мұның ыңғайына қарай жығылып. — Былтыр Қырға шыққанымда, мына Торғай, Ырғыз жағына мал iздеп барып қайтып ем, ояқтың елi ораза, намазды онша бiле бермейдi екен. Ояқта қожа, молла дегендi жоқ деуге де болады. — Мына күншығыс жақта әлi де дiнге кiрмеген кәпiр қазақтар бар көрiнедi. — Астапыралла! — деп, Әбдiраман шыныменен шошып кеттi. — Рас па өзi? — Рас, рас. — Рас болса, рас шығар. Кең далада тарыша бытыраған елдiң қай сайдың астында не iстемейдi дегенiне көзiң жетедi? Сенен бiр сұрайын дегенiм бар едi. Ойдағы патша орам ала бастады. Мына шақша бас башқұртын керуен басқартып, бекерден бекер жiберiп отырған ақ патша жоқ. Ендi бiздiң не iстегенiмiз жөн? — Оны... шынын айтсам, өзiм де бiлмейiм, — дедi Жәнiбек шынымен қиналып. — Ау, оны көзi ашық сендер бiлмегенде, ендi кiм бiледi? Жәнiбек үндемедi. Күле кiрiп, күңiрене шығатын кiсiнiң өзiне қарай қиялап келе жатқанын байқап, сәл ашыла түстi де, аяғын тартып ала қойды. Мына хабар оның үстiнен жай түсiргендей болды. Әбдiраманның қоштасқанына салғырт бас изей салды. Егiстiкке бармай, үйiне қайтып кеп, iргенi түргiзiп, жатып алды. Ойы сан-саққа жүгiрдi. Мына керуен тартып, кiсi жiберуiне қарағанда, орыс патшасының Сыр бойына аузын мықтап салмақ ниетi барлығы ап-айқын. Бiрақ оған Хиуа мен Қоқан хандары көне қоя ма? Жәнiбек бiр жанына аударылып түстi. Есiк жақтағы кебеже үстiнде тақталанып жиналған араб, парсы, түркi тiлдерiнде тасқа басылып шыққан кiтаптарға көзi түстi. Мұның Бұхарада оқып жүргенде ат пен түйедей қып, хан базарда сатып алған қымбат қазынасы. Олардың iшiнде “Құран” сүрелерi мен аяттарының мән-мағынасын түсiндiретiн тәфсирлермен қатар, көне Юнан, Үндi, Шын, Рум жұрттарынан шыққан пәлсәпашылардың жазғандарын ұғынықты етер кiтаптар да бар. ӘлФараби, ибн Рушд, ибн Сина, әл-Бируни, әл-Хәрәзмидiң кiтәбтары, фарсы, шағатай тiлдерiндегi Қожа Ахмет Яссауидiң “Дивани хикметi”, Софы Аллаяр, Сүлеймен Бақырғани, Хожа Хафиз, Муслих әд-дин Сә‘әди, Рабғузи, Әлишер Науаи, Жәми, Физулилардың диуандары өз алдына бiр төбе. Сол данышпандардың жазғандарына қолы сусап жеткен бұл бiлiмнiң мөлдiр қайнарынан қанып iшкен-дi. Тiршiлiктегi сан алуан сұраққа солардан жауап табатын. Ендi басын қатырған мына жағдайдан адастырмай алып шығар тура жолды сiлтейтiн кiсiнi таба алмай, дел-сал боп жатыр. Құдайға сенiп, басқа салғанын көрермiз деп жата беру естi кiсiнiң шаруасы емес. Құдайдың өзi сақтансаң сақтармын деген. Ендеше.. Оның есiне Бұхара медiресесiндегi ұстазының бiр айтқаны түстi. Өмiрi кiсiге iшiн бере қоймайтын ол бiрде өз жайының айбанында мұнымен оңаша қалған сәтiнде: “Бағдад халифаты тұсында қауымның күштi болғаны — бәрiнiң бiр патшалыққа бағынғаны едi. Кейiннен әркiм ұланбайтақ халифат жерiн пұшпақтап, кесiп-кесiп алды. Бұл жағдай ала ауыздық тудырумен қатар, қауымның күшiн әлсiреттi. Имамдардың ендiгi шаруасы күллi жұртты қайтадан бас бiрiктiруге уағыздау”, — деген-дi. Жәнiбек қалың сақалды, мұртын үнемi ұқыппен сәндеп жүретiн ұстазының бұл сөзiне таңғалған. “Сал-сал”, “Зарқұм»дейтiн қиссаларда асқақтата жырланатын Әзiрет Әлi қылышына қарсы жәһилдердiң бiр де бiрi бас көтере алмайды деп ойлайтын. Сол жолы ұстазының әңгiмесiнен Шарқы елдерi жайлы көп мәлiмет алды. Жәнiбек кәзiрде де, неге екенi белгiсiз, соны ойлады. Тек iштей өзiнiң көп жайға шәк келтiретiнiн байқады. Соның үстiне у құя түскендей боп Ережептiң үйiне керуен басшысының арнайы келуi мазасыздандыра бердi. Iшiнен: “ Ол мұнда нағып жүр? Ол Ережепке неге келген? Сонда бұ не өзi? Әлдә... жансыз боп кеп, бiздiң жағдайымызды бiлу ме?»— деп, Жәнiбек ойға шомып, бiраз отырды. Ақыры басына бiр ой түсiп, орнынан батыл тұрды.

19 Ядгарбектiң Сыр өңiрiне бұл сапары ойда-жоқта басталған едi. Өзi Хиуа тағына Қайыпұлы Батыр, Елтозар хандардан кейiн қожа болған Қоңырат Мұхаммәд-Инақ арқа сүйеген елден шықса да, соңғы жылдары Орта Азия хандарының бiр-бiрiн дамылсыз шабуы қалың елдi қажытқанын көрiп, батыл сөздер айта алды. Осыдан пәленбай жыл бұрын салқар сахраның ортасына қоныс тепкен бiр шоқ гүлдей Соғда, Бактрия, Парфия, Мәуәр ән-нәхр, Қаразым жерлерiнен құт қаша бастағанын анық байқады. Әсiресе, Мұхаммәд-Инақ таққа мiнгелi, тиыштық жоқ. Ол терiс азу жаугер қалың түрiкмендi уысымда ұстап тұрам деп, көп жыл бойы ат белiнен түспедi. Сосын осы шайқас тұсында орталанып қалған қазынаны қалпына келтiрем деп, Хорасан мен Мәрудi оннан астам рет шапты. Мұндай не бiтпейтiн, не қоймайтын жорықтар елдiң титығына жеттi. Өткен жолы ол хан кеңесiнде МұхаммәдИнаққа осы жайлы шет жағалап айтқан едi. Алтын тақта өткiр, қара көзiмен уәзiрлер мен әскербасылардың беттерiндегi сәл ғана өзгерiстi де қалт жiбермей бағып отырған орта бойы, қоңыр жүздi, дөңгелек сақалды Мұхаммәд-Инақ: “ Неге?»— деп бұған тосын сұрақ қойған. “Уа, Аллатағалам басқа бәндәларынан аса артық етiп жаратқан, ақыл-ойы көл-дария алдияр ұлы хан, — деген Ядгарбек оң қолын кеудесiне қойып, басын иiп. Ол осы ұзақ сөздi асықпай айтып, сәл ойланып алған-ды. — Сiздiң көрегендiгiңiз бен данышпандығыңыздың арқасында билiгiңiзге қараған исi халық кеуiлдерi


65 хош боп, шат-шадыман бақытты өмiр сүрiп отыр. Мына Әмудариядан сонау Сырдарияға дейiнгi ұланбайтақ өңiрде, Қаразымның өзiнде Сiз сұраған түркмендер елi мен Мәруде әлдеқашан қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады. Кәзiр сiздiң сол Аллатағалам тасытқан абыройыңыз бен бағыңызды бақталас дұшпандарыңыз көре алмай отыр. Халқыңыз да, бiз де Аллатағаладан сiздiң өмiрiңiздiң ұзақ боп, нұр сипатыңыз таси берсiн деп тiлеймiз”, — деп, ол демiн бiр алған. Жiгiт кезiнен бастап сансыз рет қайталаған бұл сөздердi жатқа айтып тұрып, ол тағы да ойланып алды. “Айтсам ба., айтпасам ба?»Ақыры ол тәуекел дедi. “Ұлы мәртебелi ханым, мына ақылы шолақ, жұмыр басты құлыңыздың Сiзге айтсам ба деген бiр даты бар едi”. “Датың болса, айт”, — дедi Мұхаммәд-Инақ түсiн бермей. Оның даусы бiр түрлi қарлығып шыққандай болды. Ядгарбектi сол сескендiрдi. “Сенбесе, қиын-ау”, — деп ойлады. Бiрақ өз көкiрегi сезген қиын жайды кәзiр ашық айтпаса, ертең мүлдем кеш болатынын сездi. Қорқа соқтап, Мұхаммәд-Инақтың қалайда оң қабағына iлiксем деп құлдық ұрып жүрген Сафар биге қарады. Ол бетi бiр уыс боп, шүңкиiп, сары шанаштай жүзi жиырылып, көзiн жұмып, мүлги қалған екен. Ядгарбек соның алдын алуды мақұл көрдi. “Уа, Аллатағалам барша жаннан артық етiп жаратқан ұлы мәртебелi ханым, шолақ ойлап, жаза бассам, еш айыпқа бұйыра көрмеңiз”. “Иә, айта бер”. “Гәп былай, ұлы ханым. Бұхараны билейтiн Маңғыт әулетi алысты көрмей, ағайынды шауып, айласының таяздығын әбден көрсетiп отыр. — Бұл Ядгарбектiң тәсiлi едi. Маңғыт әулетiн сынап отырып, ол бiр оқпен екi қоянды көздеген-дi. — Олар мұсылман қауымының арасына iрiткi салды, ала ауыздық отын өршiттi. Қоқан ханы да ел бiрлiгiн ойламай, Ұратөбе үшiн соғысып, берекенi қашырып отыр. Мұндай жағдайда исi Қаразым мен Мәуәр ән-нәхрдағы қожалықтың берекетi мен аман-саушылығын сiзден басқа ешкiм де сақтай алмайды”. “ Иә”, — дедi Мұхаммәд-Инақ аздап түсi жылып. “Кәзiр сонау Дәшти Қыпшақ даласынан бастап, Қаразым, Мәуәр ән-нәһр, Қашқар, Хорасан, Яркендке дейiнгi ұлан-байтақ алқапты алып жатқан Түркiстан жұртының терiскейден төнiп келе жатқан кәуiпке назар аударғаны жөн деймiн”. “Иә”, — дедi Мұхаммәд-Инақ аздап сазара бастап. “Бүгiнде ақ патшаның бекiнiстерi Сыр бойына жақындап та қалды. Бұлай қамсыз отыра берсек, ертеңгi күнi бармақ тiсте-уiмiз бек мүмкiн”. “Неге? — дедi Мұхаммәд-Инақ қабағын шытып. — Орыс патшасы мен бiздiң арамызда бiр-бiрiмiздi шаппаймыз, еркiн сауда жасаймыз деген келiсiм бар”. “Уа, ұлы мәртәбәлы ханым, саясаттағы келiсiм, “Құран” ұстап ант бергенмен бiрдей бола бермейдi. Менiң кiсiлерiмнiң айтуынша, Хиуаға келген орыс саудагерлерiнiң арасында жансыздар көп. Бiз олардың бiрнешеуiн ұстап алдық, — дедi бұл басын иiп. — Менiң ойымша, ақ патша Сiбiр және Атырау, Сыр жағынан түбiнде бiздiң қожалығымызды жаулап алуды көздеп отыр ма деймiн”. Мұхаммәд-Инақтың ұқыппен бастырылған қою мұртының келте шалғысы аздап дiр ете қалды. Қоңыр жүзiне болмашы қан жүгiргендей болды. “Оған қандай дәлелiңiз бар?” “Ұлы мәртебелi ханым, кейiнгi жылдары Ресей мен Англия арасындағы шатақ осыған меңзейдi. Олар, менiңше, Орта Азия мен Үндiстан жерiн қайсымыз басып аламыз деп таласып отыр. Өзiңiз инглизларның Ауғанстанда тұрғанын жақсы бiлесiз...” Мұхаммәд-Инақ лағыл көздi жүзiк салған қолын сәл сiлтеп қалды. Бұл сөзден тыйылып, басын иiп, орнына отырғасын, хан басқа кеңесшiлерiне жағалай қарады: “Сiздер қалай ойлайсыздар?” Кiлең жалпылдақ бастарын иiп, майда дауыспен жамырай жөнелдi: “Пайғамбардың жасыл туын Қаразымда тiк көтерiп тұрған ақылгөй де данышпан Сiзге бiр де бiр дұшпанның қарсы қол көтеруi мүмкiн емес”. “Сiз ақ патша әскерiн тас-талқан қыласыз”. “Сiз...” Мұхаммәд-Инақ ендi бұған көзi ызғар шаша қарады: “Көрдiңiз бе, жамиғат былай дейдi. Ендеше жоқ жерден жау табудың керегi қанша?” Соның соңы осы. Ядгарбек ұлы ханның пәрмәнымен Сыр бойындағы көп жұрттың хал-жағдайын бiлiп келуге жiберiлдi. Осында келгелi ол көп жайға қанды. Сыр елi қанағатсыз зекетшiлердiң зорлығына қатты наразы. Салық төлер кезде қазақтар малын айдап, сонау ақ патшаға қараған кең даланың iшiне сiңiп кетедi екен. Соған ызаланған сарбаздар Сыр жағасындағы жатақ ауылдарды талайды. Осы зорлық тыйылмай, жалғаса берсе, ертең патша әскерiмен соғысатын күн туа қалғанда, қазақтардың Хиуа ханын қолдай қоюы екiталай. Бұл соны Мұхаммәд-Инақтың көрмейтiнiне ызаланады. Ол қалың бұқараны айламен ұстап отыру орнына, қорқытсам дейдi. Рас, көзi қорыққан ел күштi ханды амалсыз сыйлайды. Бiрақ шын ықыласымен құрмет түтпайды. Ондай жұрт өзiңнен зор шықса, соның сойылын соғып кете барады. Көрiп жүрмiз ғой: жат ұлықтың алдында жағымпазданғанда, кейбiр месқарын дөкейлер қолды-аяққа тұрмай кетедi. Табанымды сүй десең, жеркенбей, сүйе салады. Оңаша шыққасын, қара көлiкке қоқая мiнiп, ырғай мойнын құрықша созып, тiлiн шайнап, кергидi де қалады. Сақау болса да, соныкi дұрыс; аузы қисық болса да, соның айтқаны құп. Осындай сатымсақ басшылар ел тiзгiнiн ұстап тұрғанда, ел қамын жейтiн ақылды кiсiлерге тақ маңынан орын жоқ. Әлгiндей сақау, сасық хандар оларды есебiн тауып құртады. Кеше мұны да сүйтпекке бел байлады. Жағымпаз Сафар неше түрi өсектi тасыса керек, ханның бұған жүзi жылымай қойды. Кейiнiнен әлдеқандай есеппен мұны Құмқамал бекiнiсiне жiбердi. Ядгарбек аузы баққа қараған айбанда отырып, екiндiге құлап бара жатқан күнге бiрер көз салды. Аспан шайдай ашық. Түске тарта қайнап кеткен шiлде аптабының пәтi қайта бастаған. Ол кiшкене кеседегi суып қалған көк шайдан бiр ұрттап қойды. Қасында үнсiз отырған Дадабекке көз де салмады. Қайта-қайта хандық жайын ойлады. Сөз жоқ, Қоқан, Хиуа хандары да, Бұхара әмiрi де билiктiң бiр қолда боп, жұмылған жүдырықша түйiлгенiнiң тиiмдi екенiн бiледi. Бiрақ ешқайсысы да өз тақтарынан айрылғысы келмейдi. Сонда бүткiл Түркiстанның тағдыры шешiлгелi тұрған аласат сәтте қарақан қара бастың қамын жеген дұрыс па? Соны неге олар ойламайды? Неге үш жақта жатқан үш хан ауыз бiрiктiрмейдi? Оның орнынан, олардың үшеуi де iштей дүрдараз. Сол шатақ әлге дейiн басылар емес. Соны сауда керуенiн жiберген боп, әбден сыр тартып үлгерген ақ патша көрмей-бiлмей отыр деймiсiң? Мықты болса, Мұхаммәд-Инақ соны неге ойламайды? Неге үш хандықты бiрiктiрiп, бiр орталыққа бағынайық демейдi? Сол сөздi неге Хұдаяр, Насруллалар айтпайды? Олардың шынайы ақиқатты көребiле тұрып, шекер татыған тәттi өтiрiкке ден қоятыны несi? Ол осында келгелi хан әмiрiне қазақтардың қорыққанынан бой сұнатынын көрдi. Сол жөнiнде сыр тартпақ боп, Дадабекке:


66 — Қадырданды бек, осы... қазақтардың ұлы ханға деген пиғылы қандай? — дедi алдындағы кiшкене кесеге көк шай құйып жатып. — Жүдә яхши, — дедi Дадабек қалың қабағын сәл көтерiп. Сол сәт орақ мұрнының екi жағын ала жайғасқан күшiген көзiнде бөлекше бiр күдiкке толы суық ұшқын лып-лып етiп барып сөндi. — Сонда... хан билiгiн толық қолдай ма? — Әлбәттә. — Онысы... жүдә яхши екен, — дедi Ядгарбек қоштаған боп. Тек iштей Дадабектiң өтiрiк айтып отырғанын бiлiп, шiмiркене бастады. — Демек, ертең ғазауат соғысы бола қалса, қазақтар тегiс атқа мiнедi ғой? — Оған не сөз бар? — Дадабек жалпақ ернiн кере ыржиды. — Мiнбесе, мiнгiземiз. — Қорқытып па? — Әрине. — Ау, ол деген... — Мархабатли бек, қараңғы халық ақыл-ойдың күшiнен гөрi қара күштi қатты сыйлайды. Олар тоңқылдай бастаса, бiр-екеуiнiң кәлләсын былай, қылышпен қағып кеп тәшләсаң, қалғандары қойша шұбырады. Қазақ та бiр — қой да бiр. — Неге? — дедi Ядгарбек оның сөзiн жақтырмай. — Ел қой емес. — Алдап қою үшiн солай деген де... Бiр жағынан, дұрыс. Бiрақ, көрiп жүрмiз ғой, қазақ деген күштiнi ғана сыйлайды, бәтуалы сөзге қолын бiр-ақ сiлтейдi. Менiңше, оларды уыста ұстап тұрудың бiр ғана төте амалы бар. — О қандай амал? — дедi Ядгарбек шыныменен таңғалып. — Ол былай. — Дадабек сұсты жүзi жылып, бетi жайыла күлiмсiредi. — Баяғыда үш қазақ, үш өзбектi Алатағалам бейiштiң қақпасының алдына әкелдiрiптi. Сосын Әзiрейiлге: “Үш өзбекке алты күзетшi қой”, — дептi. Әзiрейiл оған: “Ау, неге?”— деп сұрапты. Сонда Аллатағалам оған: “Ойбай, олардың ауыздары бiр. Мықты болмасаң, күзетшiнi не алдап кетедi, не өлтiрiп кетедi”, — дейдi. “Ал қазақтарға ше?” “Өй, оларға еш күзеттiң керегi жоқ”. “Ау неге?»“Үш қазақ бейiшке әуелi мен кiрем, мен кiрем деп таласып, бiрiн бiрi өздерi-ақ кiргiзбейдi”, — дептi Аллатағалам. — Мынау... қызық екен. — Ең қызығы әлi алда. Бұлардың арқасына шен-шекпен жауып, екi танауын шелектей ғып қойсаң, ақысына бiр шығасың. Шүберекке таласып, бiр бiрiн өздерi-ақ ұстап бередi. Әсiресе, басшысы етiп олардың iшiнен сақау-мақау, шақшабас, өңкиген-сөңкигендерiн қойсаң, тамашаға бiр батасың. Әлгi сақау-мақауы тiлiн шайнай сөйлеп, бүткiл Хиуаны бiр өзi билеп-төстеп тұрғандай бар астығын, малмүлкiн өз халқынан тартып ап, қазынаға тапсырады. Онысы қулық ашса, тағы бiр амалы бар. — О қандай? — Қазақтардың iшiнде ақ селеуше иiлгiш жағымпаздар жетерлiк. Соларды айдап салсаң, бiрiн бiрi қаралап, ұстап бередi. Сен сосын әлгiлердiң кәлләларын... — Апырмай, ә, — деп, Ядгарбек ойланып қалды. Сол үстiне Жәнiбек кеп кiрдi. Iлтипатпен амандасып, бұл нұсқаған жерге отырды. Ядгарбекке мына жiгiттiң тұрпаты басқа қазақтардан бөлектеу көрiндi. Оның Бұхарада медiреседе оқығанын бiлгесiн, аздап iшiн тарта бастады. Еру әңгiмемен уақыт өткiзе отырып, Ядгарбек бағанағы күдiгiнiң расқа шығып келе жатқанын аңдағандай болды. — Әрине, ол тентектiк, — дедi Жәнiбек сәл басын иiп, былтырғы Хиуа қамалын қазақтардың қиратқаны сөз болғанда. — Бiрақ жалпы ел Хиуаның ұлы ханы Мұхаммәд-Инақты қадыр тұтады. — Ендеше... олар неге зекет төлеуден қашып жүр? — Ондайлар бiрлi-жарым ғой. Бiреу сүйттi екен деп, жалпы халықты қаралауға бола ма? — дедi Жәнiбек қулана жымиып. — Ал, қазақтар ақ патшаға қалай қарайды? — Ояғын... бiлмедiм. — Осы ақ патшаға алғаш рет ант берген Әбiлқайыр хан емес пе? — Иә, — дедi Жәнiбек әлденеге сергек тартып. — Ол сонда... осы кiмнен қорыққан? — Жоңғар мен Қытайдан. — Басып алады деп пе? — Әрине. — Ол ант берген жылы Жоңғар мен Қытай өзара қырқысып жатқан жоқ па едi? Өзара соғыста әлсiреген манчжурлар кiмдi жаулап ап қарық қылады? Осы жерде ақ патша айла асырып кеткен жоқ па? — дедi Ядгарбек оның жүзiне жылмия, барлай қарап отырып. Жәнiбек жүзi қап-қара боп, үндемей ойланып отыра бердi. Ядгарбек зәрлi жымиып: — Әлде... бұл өтiрiк пе? — дедi. — Басы-қасында жоқпыз, оның анық-қанығын бiз қайдан бiле берейiк, — дедi Жәнiбек ақырын сөйлеп. Ядгарбек мына қазақты оп-оңай бөрiкпен соғып ала алмасын бiлiп, әлденеге кеуiлi ауырлап, тұнжырай түстi. Iшiнен: “Мiне, осы далада кiмдерге арқа сүйеу керек”, — деп қойды. Сосын бiр демде бойын тез жиды. — Сол Әбiлқайыр ақ патшаға ант беруiн бергенмен, кейiннен солқылдай бастады-ау! — Сүйткен дейдi. — Сонда, неге, а?


67 — Қайдам? Оны төре жағы бiлмесе... — Жәнiбек тақымдап отырған бұған кенет күле қарады. — Құрматлу бек, әгәр соны шын бiлгiңiз келiп отырса, бiздiң елде Елмырза дейтiн сұлтан бар. Бiр бiлсе, сол бiлiп қалады. — Алларазы болсын. Мынау бiр есте тұтатын жай екен, — дедi Ядгарбек iштей Жәнiбектiң тура жауаптан бұлтарып отырғанын бiлiп. — Ал, өзiңiз не кәсiп қыласыз? — Құрметтi бек, — дедi Жәнiбек оң қолын төсiне қойып, басын иiп. — Қазақтың малдан басқа не харекетi бар? Аллатағалам басқа көп бәндәларынан аса артық етiп жаратқан, Қаразымдағы дiн исламның тiрегi, әрқашан да бақыты мен мерейi арта бергей нұр сипатты ұлы ханымыз МұхаммәдИнақ тақсырдың бiзге тигiзген зор шарафатының арқасында құдайға шүкiршiлiк етiп, мал бағып жатқан жайымыз бар. — Иә, ұлы мәртәбәлы тақсырдың шарафаты зор, — дедi Ядгарбек Дадабекке көз қылып, басын иiп. — Мен сiздердi ұлы ханға шын ықылас-ниеттерiңiзбен қызмет етiп жүр деп ойлаймын. — Сөз жоқ, ұлы мәртебелi ханға құлшылық қыламыз. Ядгарбек Жәнiбектiң бiр сөзiне сенбедi. Кеуiлi ауыр тарта отырып, оны жақсы көрiп қалғанын байқады. Бiрақ тақыс тартып қалған кәркесте түлкiлiгiне басып, сырт көзге онысын сездiрмедi. “Әбден ысылып қалған екен. Айлалы болар”, — деп отырып: — Мәслихат құрғаныңызға бек ризамын, — дедi. — Әгәр Хиуаға келсеңiз, сарайға соқпай кетiп жүрмеңiз. — Бұл оның iш тартқаны едi. — Әрине, — дедi Жәнiбек дағдара ойланып. — Сарайға дегенде, Қаразымды құтқа бөлеп отырған ұлы ханға тарту етер сияпат жағын айтып отырмын, — дедi Ядгарбек бұлт ете қап. “Кiм бiледi, мына қазақ ертең ханға жақпай қалса, соған қатысы бар деп, басым пәлеге қалып жүрер”. Жәнiбек бұған қабағын сәл шыта, қою қасын ортасына қарай жиырып, бiр түрлi боп, күле қарады. Дадабек қабағы салбырап, бей-жай отыр. Сырт түрi ештеңемен iсi жоқ, пәруайы пәнсар кiсi сықылды. Тек қана ара-арасында құлағы болар болмас елең ете қап, көзiнiң алды жыбырлағанына қарап, оның мына әңгiменi iштей қатты тоқып отырғанын аңдауға болатындай. Ядгарбек: “Мына қазақ ымды түсiнедi екен”, — деп, iштей ойланып, бiраз отырды. Сосын Жәнiбекпен қоштасып, аула сыртына дейiн шығарып салды. Керi қайтып келе жатып: “Ымға түсiнбеген дымға түсiнбейдi деген-ау”, — деп ойлады. Сол арада оң жақтағы аласа тамның жарымжартылай ашық есiгiнен өзiне әлдеқандай өткiр, отты екi көздiң сұқтана қадалып тұрғанын ту сыртымен сездi. Абайлап қараса, пәрәнжәның әр жағынан Гүлчеһраның жаңбыр шайған мойылша мөлдiреген екi көзiн, албыраған екi бетiн, үлбiреген қып-қызыл, толық ернiн көргендей болды. Дем арасында құмарлық жеңiп, ауаланып, сәл-пәл тұрып қалды. Сосын қара ақылы жеңiп, өрекпiген кеуiлiн зорлап басып, аяғын сабырмен алып, iшке кiрдi. “Дадабектен Гүлчеһраны сатып алу керек екен”, — деп ойлап, оған сынай көз тастады. Сол ниетiн айтайын дедi де, әлденеге iркiле түстi. Тақыс алған ақылы шешушi сәтте тiлiн тежей бердi. Ол ақыры Дадабекке өз ниетiн айта алмады. Аздан соң қасына сарбаз-ғұләмдарын ертiп, Қаразымға бет қойды. Үш-төрт төбеден асқасын алыста бұлдырап қалып бара жатқан қамалда өзiнiң бiр асылын ұмытып кеткендей, әлденеге елегiзiп, бiрер рет қайрылып қарап қойды. Сосын сабыр ғып, ертең Мұхаммәд-Инаққа осы сапардан көрген-бiлгенiн қалай айту керектiгiн iштей ойластыра бастады.

20 Елдес Көсенiң қоңыр бұйратын бетке ұстап, бiрнеше төбеден асты да, кенет ат басын тартты. Быршып терлеп кеткен быдым-быдым бетiн күректей алақанымен бiр сүрттi. Құндыз бөркiн шешiп ап, ұстарамен тықырлап қырғызған басын сипады. Жiгiттер тiл қатуға бата алмай, ошарыла иiрiлiп тұр. Елдес қабағын шытты. “Әй, мен неге ана жаман тоқалдан туған боқмұрын баланың айтқанын қылам? — деп қырсыға түсiп, көзiн сығырайтты. — Үйтсем, мына жiгiттер не дейдi?” Ол бөркiн басына қидi. Жан-жағына барлай қарады. Өзiне көз тастап тұрған жiгiттердiң бет-ажарларында әлдеқандай әжуа бар секiлдi. “Ендеше ерегiскенде бар ғой... Ережептiң нақ өзiнiң аулын шабам!” Ол атын қатты тебiнiп қалды: — Кеттiк! Қалған жiгiттер оның соңынан үнсiз ердi. Үзенгiге салған қазақы етiктiң ұшына бауынан iлiнiп, сүйретiлiп келе жатқан сансыз қайың сойыл арттарына болмашы ғана iз тастап келедi. Кеше Нияз жеген таяғы есiне түсiп, күйiп кетiп, мына әңгүдiк ағасына болған жайды айтқанына ендi өкiндi. Таң азаннан оятып, өзiн ат белiне қондырған Елдеске жол бойы наразы болған. Ендi Жәнiбектiң бойын аулақ салғанын көрiп, Елдеспен бiрге ел шауып, әбiрей таппасын бiлдi. Қаракөктi тебiнiп қап, қатарласып, Елдеске: — Аға, барыс қалай? — дедi. — Жүре бер. Барғасын көресiң, — дедi Елдес қырсыға тiл қатып. — Сонда да... — Ережептiң ауылын шабамыз. Нияз төбесiнен жай түскендей болды: — Ағау-ау, оның не? Өле алмай жүрсiң бе? — Е, ол маған не iстейдi? — Ережеп iждеңе iстеп қарық қылмас. Тек оның аулында ақ патшаның кiсiсi бар. — Өй, кiсiсiнiң әкесiн... — деп Елдес тұздықтап тұрып бiр боқтады. — Қой, аға. Мұның арты қиын боп жүрер.


68 Елдес қолын бiр сiлтедi. Әулекi топтың алдында оқ бойы оза шығып, күлажирен атының тiзгiнiн бостау ұстап, салдыртып тартты да отырды. Нияз мына жiгiттерден жырылып қалудың амалын таппай, лажсыз ердi. *** Күн бұл кезде тас төбеге көтерiлiп қалған да едi. Кеше ғана сәуiрде төпеп жауған нұр суына қарық болған Сыр өңiрi қалың көкке кенелген-дi. Ойпаң-ойпаң жерлерде тұрып қалған қақ суына үйрек-қаз қонып, бұлдырықтар былдырлай ұшып, күба дала тiршiлiк қуатына мас болып, жасарып жатқан. Әсiресе, осы кезде қараған көздiң жауын ала қылтиып шыға келер сарғалдақ, қызғалдақтар бой жасай тiзiлiп, мамыр айының сәнi мен сәулетiн толықтырып жiбергендей болатын. Ендi күн қыза сол қызғалдақтар ұшты. Кемелiне келген жаздың жайсаң шағы басталды. Ертең қырық күн шiлде де өге шығады. Оның артында адам баласының жыл он екi айда кемдi күн көрген қызығын көпсiнiп, мына тынымсыз тiршiлiктiң мән-мағынасын тағы да еске сап, қабағы бүркеу күз жетедi. Оның соңы — сары аязы сақырлаған қыс. Сол салқынды бар жан-тәнiмен сезгендей, Нияздың тұла бойы туршiгiп кеттi. Қолына ұстаған келдегiне қарады. Жiгiт боп, ат жалын тартып мiнгелi қолына қару алғаны осы. Өзi бәрiнен жолым үлкен ата баласымын деп, шаруаға биқам боп өскендi. Өмiрi бала боп төбелесiп, алысып-жұлысып көрген жоқ. Қаршадайынан бар еткен ермегi — домбыра. Өсе келе серiлiк қуды. Әлi де сол қызық пен дырду, ду-думаннан бойын аулақ сала алмай жүр. Бүгiн мiне күмiс шаптырып, мойынына сүйек салдырып, бiр қара берiп, арнайы соқтырған домбырасын ағасының үйiнде қалдырып, жау қыратындай боп, қолына келдек ұстап шыға шапқанына бiр түрлi күлкiсi келдi. Сосын өзiнiң бос, болбыр, етсiз саусақтарына мысқылдай қарады. *** Бiр-екi белден асқасын тақымы талып, ер үстiнде жөндеп отыра алмай келе жатқан бұған Елдес бiр рет мысқылдай көз тастады. Iшiнен: “Жаман шыңжау неме! Ертең қатын алғанда кәйтедi?” — деп, сықақтап күлдi. Бәлкiм, мыңғырған мал берiп, оң босағаға түсiрген бәлекейiнiң аузына қарап, домбырасын шертiп, өлең айтып отыратын шығар? Сонда шаруаны кiм iстейдi, малды кiм бағады? Өз iшiнде жатқан бұл айып сөзiн сыртына шығарып айтпаса да, Елдес көп жерде бұған қасы мен қабағынан соны байқатып қап жүр. Ендi бiр есеппен: “Әкенiң дәулетi барда осылайша шалқып та қалған жөн шығар. Жастық шақ екi айналып келе ме шiркiн?!” — деп те қояды. Ол жан-жағына самарқау көз тастады. Сосын осы сапарға неге шыққандығы есiне түсiп, бiр сәтте сiлкiнiп, бар айбарын бетiне жинап ала қойды. Сүйттi де, сылқытып тартты да отырды. Ол Ережептiң аулына жете бере қара төбенiң баурайында аттан түсiп, атының төс айылын жақсылап тартып алды. Басқа жiгiттер де айыл, тартпаларын тартып-тартып алысып, тездетiп ерге қонды. Сосын сойылдарын қолдарына ыңғайлап ұстады. Олар ендi бұрынғыша шұбырып бiр iзбен жүрмей, қанаттарын кеңге жайып, аққан селше ауылды орап, қаптай шапты. — Дөйт! — Дөйт! — деген ұран күңiрене шығып, жаңа ғана бижәй жатқан даланың тиыштығын дем арасында бұзып, пырылдай шапқан аттардың топ-топ түскен тұяқтары даланы бiр шуға толтырды да жiбердi... *** Ниязға да желiк бiткен. Қаракөктi бар еркiне жiбермесе де, қасындағы жiгiттерден қалмай шауып келедi. Өзi тау қирататындай келдегiн оңтайлай ұстап апты. Делебесi қозып, бағана қорқасоқтағанын ұмытып та кеткен. *** Ауылға қарай жабындыдан шыға сап, аңдыздап төнiп келе жатқан түсi суық қолды Ережеп алдымен көрдi. Демде түсi күп-қу боп кеттi де, есiк алдында тұрған Шәкиге сасқалақтай қарады: — Нағылдық, а? Ендi не iстедiк? Ережептiң сасатын ретi де бар едi. Бүгiн азанда Ырғыз бекiнiсiнiң бастығы полковник Захваткин қайда жүргенiн бiлiп отырған керуенбасы Ахиярмен тағы да сөйлескен едi. Бетi үнемi бөртiп жүретiн, не татар, не башкүрт екенi белгiсiз, екi тiлдi араластырып сөйлейтiн одан ақ патшаның Сыр бойына түбiнде аяқ салатынын, сол үшiн күш жұмсайтын да ыңғайы барлығын бiр әңгiменiң кележағынан аңлаған едi. Ендi сол артында сұрауы бар кiсiнi қайда тығарын бiлмей сасқалақтады. Сырттан екi әскер қолдарына мылтықтарын ұстап, iшке жүгiрiп кiрдi. — Не iстеймiз? Атамыз ба? — Атпа, — дедi Ережеп сабыр етiп. Сосын Шәкиге қарады. — Тез сыртқа шық! Жiгiттердi жиып, үйдi айнала қорғаңдар! Шәки сыртқа атып шықты. Бұл кезде үйдi-үйде қамсыз жатқан басқа жiгiттер де сойылдарын қолдарына ұстай-ұстай, берi қарай асып-сасып жүгiрiп келе жатыр екен. Бәрiнiң де беттерiнен қандары қашып кетiптi. — Нағылдық, а?! — Мырзаның отауын қоршаңдар! Қорғанып шайқасамыз! — деп, Шәки айқайлай сөйлеп, дереу өзi құрт жая-тын өрешеге арнап көмiлген қадағашты ырғап-ырғап жұлып алды.


69 *** Елдестер келген бетте бiрден айқаса кеттi. Тiлге келмей, ашу-ыза есiрiк қып жiберген жiгiттер сойылдарын шалт-шалт сермесiп, бiр-бiр боқтасып та алды. Бiр жiгiт қарағай сапты найзасын ырғай салып, бiр жiгiттiң қара санын көктеп жiбердi. Жарасын ауырсынып, бүгiле берген оны шоқпармен басынан бiр қойып кеп қалды. Жiгiт қатты айқайлап жiберiп, жерге қарай бүгiлiп, құлап бара жатты. *** Қара жаяу Шәки атты кiсiлерге әрi-берi бұлтақтап, алдырмай жүрген едi. Екi жағынан төнген қос аттының сойылын қағып, бойына таяқ дарытар емес. Елдестiң аңдығаны да осы едi. Құлажирен атты ентелете кеп, ұзын сойылмен Шәкидi қақ бастан салып кеп жiбердi. Шәки жан-дәрмен деп қадағашын көлденең тоса қалды. Сойыл қадаға дың етiп тиiп, тайып барып, арқасын жалап өттi. Сол кезде үшiншi жiгiт дырау қамшымен Шәкидi бiр тартып, басын жарды. Шәки жан ұшыра қимылдап, қадағашын оңды-солды сiлтеп, арқасын қараүйге тiреп, жанына еш кiсiнi жолатпады. Бетi-аузын қан жуып кеткен. Басынан бөркi ұшып түскен. Тақыр басынан ыршып шығып жатқан қара қошқыл қан шаң мен терге қосылып, төмен қарай жылып ағып, оның қаһарлы жүзiн онан әрмен әлем-тапырық қып жiберген. Өзi ырс-ырс етiп, әлдекiмдi қатты боқтап, қадағашын күлашын кере сермейдi. Жан-жақтан ызы-қиқы шу естiледi. Жылаған бала, ойбайланған қатын дауысы құлақ тұндырады. Төртқараның жiгiттерi аздық етiп, шегiне бердi. Үш-төртеуi жер қапқасын, қалғандары қаша шайқасып, шегiнiп барып, үйлерiне қойып-қойып кетiстi. Ақыры болмағасын Шәки де бiр қайымын тауып, отауға зып бердi. Ережеп қап-қара боп, қатты қалшылдап: — Өй, нәсiлсiз ит! — деп, мұны қолына сығымдай ұстаған бүзау тiс дырау қамшысымен қақ басынан тартып кеп жiбердi. — Жоғал былай! Шәки оған қарсы еш тiл қата алмай, керi шегiне бердi. *** Ережеп сол арада екi солдатқа мылтықпен әулекi топтың астындағы аттарын көздеп ат деп бұйырды. Әскерлер дереу мылтықтарының ауыздарын қараүйдiң жабығынан шығарып, сыртта шайқасып жатқан кiсiлердiң аттарын көздей бастады. Сәлден соң мылтық дауысы қосарлана гүрс ете түстi. Отауға төнiп келе берген бiр жiгiттiң аты шыңғырып жiберiп, алға жан ұшыра шапшып барып, артқы қос аяғына мiне бердi. Алдыңғы екi аяғын жоғары көтерiп барған қалпы ат тең салмағын сақтай алмай, тәлтiректеп кетiп, екi көзi аларып, шалқ ортасынан оңбай күлады. Жердiң шаңы бұрқ ете түстi. Ат астында қалған жiгiт бет-аузы шаң-шаң боп, жан-дәрмен деп, аяғын үзеңгiден босатып алмақ боп, бұлқына бастады. Ақыры аяғын суырып ап, орнынан ұшып түрегелдi. Өзiнiң мылтық дауысынан зәреқұты қалмай, екi көзiн үрей оты торлап апты. — Ат! Атындар! — дедi Ережеп дызылдап. Қос мылтық тағы да қатарласа гүрс-гүрс ете түстi. Бұл жолы екi ат қатарынан омақаса күлады. *** Жаңа ғана көзiне қан толған әулекi жiгiттердiң дем арасында ес-түстерi қашып кеттi. Бiр-бiрлерiн кимелеп, бажылдасып, үңiрейген мылтық аузынан аулақ қашуға тырысып, әбiгерге түстi де қалды. Ұйлыққан аттар бiр-бiрлерiне сеңдей соқтығысып, бiр-бiрлерiн омырауларымен қағысып, топырлаған тұяқтарымен борбас жердiң ала шаңын аспанға шығарды да жiбердi. Айнала әппақ шаң боп, көз аштырар емес. Ендi үрейi ұшқан жiгiттер аттарының бастарын шұғыл бұрысып ап, қатты-қатты тебiнiп, кейiн қарай безiп бердi. Бәрi құмалақша шашырап, тырағайлап қашып барады. Нияз да Қаракөктiң басын бұра берiп едi, дәл құлағының түбiнен әлдеқандай ыссы толқын жалап өтiп, сары маса ызың еткен сияқтанды. Оның оқ екенiн сезiп, иманы ұшып, атына аямай қамшы басты. Өмiрi қамшы сүймейтiн Қаракөк бiр уыс боп жиырылып, қос танауы пырылдап, басын жоғары қарай кегжите көтерiп ап, ытқып кеттi. Нияз аяқ астында ат үстiнен жерге ұшып түсе жаздады. Ат жалына жармасып, бойын әрең дегенде тiктеп, артына алақ-жұлақ бiр-бiр қарап ап, iлгерi қарай ұмтылды. Қаракөк топ iшiнен атқып шығып, бетi ашыққа қарай зулай жөнелдi. Мұның соңынан басқалар да жапырласа салды. *** Елдес өз жiгiттерiнде айбар қалмағанын анық көрдi. Оқтан қанша қорықса да, атсыз қалған жолдастарын тастап кетуге арланды. Жаяу безе жөнелген оларға ат басын туралай бере, кенет шеткi қараүйден әп-сәтте бола қалған аламан-асырға аузын аша қарап тұрған қара құлды көрдi. Оны Ережептiң өткен жолы Хиуа базарынан сатып әкелгенiн естiген. Ережеп күлды қашып кетедi деп қауiптенетiн болса керек, қол-аяғына салған кiсенiн алмапты. Елдес басына, бiр ой түсiп, iштей: “Нем кетедi? Мына құлын пайда қылайын”, — деп, құлажирен атпен ағызып келдi де, көкпар тартып қалған кәнiгi машығына басып, ат үстiнен созылып кеп, қара күлды қос қолымен жерден тiк көтерiп алды.


70 Дереу кәнiгi машығымен шалт қимылдап, оны ер алдына көлденең тастай сап, бытырай қашып бара жатқан өз жiгiттерiнiң соңынан құйғытып шаба жөнелдi.

21 Өмiрiнде алғаш рет кiсiден таяқ жегенiне Шәки қатты қорланды. Жас келiншегiнiң көзiне қалай көрiнерiн бiлмей, жаман қысылды. Амал жоқ, екi иығынан су кетiп, салбырап үйiне келдi. Екi өңiрiн қан жуып кеткен мұны көрiп, жаман қараүйдiң iшiнен тысқа шыға берген Дархан басқа ұрғандай самсоз боп тұра қалды. Бұлтиған екi бетiн әлдеқандай үрейлi толқын тез арада көмiп бара жатты. Бiрақ мiнезiнiң ауырлығына басып үндемедi. Шешесi екеуi тездетiп, жараға киiз күйдiрiп басты. Былтырдан берi шешесi құдалардың жыртысына деп сары майдай ғып сақтап жүрген бөз шүберекпен жараны қатты ғып таңып тастады. Шәки боп-боз. Оң шекесi солқылдап алып барады. Ол сонда да үн шығармауға тырысып, ернiн қырқа тiстеп ала қойды. Шешесi бас жағында қақиып, жылап отыр: — Қайдан ғана сол үйге бара қойдың? Бармағаның да ғой... “Шақырып алатынын бiлмейсiң ғой”, — дедi Шәки iшiнен. — Төбелеске араласып нең бар едi? “Оған менi қойып жатыр ма?” — дедi Шәки iшiнен. Ендi шешесiнiң Ережепке жыны келiп: — Өзi әбден обал-сауапқа қарамай, аранын ашып алды. Бүйте берсе, қарасындағы ағайын-туғанын тегiс орға жығады ғой,— дедi. “Неге?” — дедi Шәки iшiнен ойша шешесiнiң сөзiне қарсы жауап iздедi. Шынында да, Ережеп қара басының қамын жеп жүр ме? Ол исi ағайынның арын арлап, басын бәйгiге тiгiп жүрген жоқ па? Кеше ғана мырза туған ағасын қорлаған Нарман мен Қалмырзаға тәкит жегiздi. Ағайынның қамы үшiн алыс жерлерден мал алғызып, аш-арықтың қабысқан бүйiрiн бiр шығарды. Кеше өзi Қыр жағындағы Жетiру Табындардан үш жылқыны жетегiне ап қайтты. Бағана соның екеуiн кәделеп шақырыспай-ақ жүз көрiсiп кеткен қайын атасының аулына апарып сап қайтқысы кеп отыр едi, ойламаған жерден таяқ жедi. “Сонда бұған кiм кiнәлi? Әлде мен айыптымын ба? Неге? Мен мырзаның әбiрейiн қорғадым ғой”. — Ол өз ойын өзi күптағандай, ақырын ғана күлiмсiреп қойды. Iшке Дархан шәй алып кiрдi. Шәй үстiнде Шәки жас келiншегiне бiр рет анықтап көз салды. Қуатты жас тәннiң ажары сыртына теуiп, бiр әдемi нұр екi бетiне ұялай қапты. Ханауыз көйлектiң сыртынан бұлтия бастаған iшi әзер-әзер бiлiнедi. — Басың қалай, жаным, ауырмай ма? — дедi шешесi баласының қарағанын көрмеген боп. — Жоқ, ауырмайды. — Құдайдың сақтағанын қараш! Болмаса, жазым деген айтып келе ме? Шәки үндемедi. Дархан бiрдеме дегiсi кеп едi, енесiнен қымсынып, көйлегiнiң етегiн жөндеп қойды. — Ана әпербақан Елдеспен де кiсi ұстаса ма екен? — Мен бе ұстасып жүрген? Ана... мырза ғой, — дедi Шәки алғаш рет өз қылығына өзi ақтау iздеп. Бұрын ол Ережептiң шаруасын өз iсiндей көретiн. — Онда оның өзi неге төбелеспейдi? — дедi Дархан бұған күлiмсiрей қарап. — Ау, мырза, басымен төбелесiп жүрсе... қалай болады? — Е, азамат басыңмен жас балаша төбелесiп сен де жүрсiң ғой. Өз жыртысың болса, бiр сәрi, — деп Дархан қабағын шытты. Шәки табан астында ештеңе дей алмады. Қатты қызарып, бiр түрлi ыңғайсызданып қалды. Шешесi де тiс жармады. Қараша үй iшiн бiр қолайсыз тиыштық кернедi. Зауал ауа Шәки екi биенi жетегiне ап, жолға шықты. Ауылдан ұзасымен, еңкейе бастаған күндi сол қапталына ұстап, аңқытып тартты да отырды. Сар желiп келе жатқан ат үстiнде басының ауырғанын ұмытып, кеуiлдене бастады: “Е, қатын не бiлiп қарық қылады?» — дедi өзiне-өзi. Жаңағыдай екi дай жерде мырзаға таяқ жегiзiп қойып, дырдай жiгiт басымен бұл қалай қараптан қарап тұра алады? Онан да бұның өлгенi жақсы емес пе? Шәки өз мiндетiнен құтылған кiсiше ер үстiнде нығыздалып отырды. Сосын қашанғы бiр беткейлiгiне басып: “Әй, қалғанын көре жатармыз”, — деп, қолын бiр сiлтей салды. Сол бетiмен Көпжан ауылының өкпе тұсынан кеп құлады. Кедей ауыл қолдағы азын-аулақ малтегенiн кезектесiп жаятын. Ол кезектен ауыл ақсақалы боп саналатын Көпжанның бос екенiн бiлiп, жетегiндегi екi жылқыны салдыртқан қалпы ортадағы қараүйдiң тұсына кеп тоқтады. Атын белдеуге байлай сап, iшке сәлем берiп кiрiп келдi. — Уәғалайкүмәссалам, — дедi Көпжан қисайып жатқан жерiнен басын көтерiп. Аман-саулықтан соң шәй келдi. Көпжан жөн сұрасып отырып: — Бүгiн немене ауылдарыңда шатақ болған дей ме? — дедi. — Иә. — Шәки болған уақиғаны ретiмен асықпай айтып шықты. — Е, солай де, — дедi Көпжан аз ойланып отырып. — Атам қазақ екi қошқардың басы бiр қазанға сыймас деген. Бәле олардың өзара сүзiскенiнде емес, шатақ, үстiнде не бiрiнiң мүйiзi сынады, не бiрiнiң көзi шығады. Бай кiсiге ол түк емес. Мәселенiң қиыны сондай төбелес кезiнде момынның басы кететiнiнде ғой. Шәки қайын атасына дағдара қарады. — Балам, мұның түсiнбейтiн түгi жоқ. Құдай басты екi қолының не iстейтiнiн ойласын деп берген. Оны бiлмейтiндер кiм көрiнгенннiң айтағына ерiп жүре бередi.


71 Шәки iшiнен: “Мына кiсi қызының аузына түкiрiп қойғаннан сау ма?” — деп ойлады. Бiрақ қысылып үндемедi. Шәки күн ұясына қона ол ауылына қайтпақ болды. Атасына әкелген малы бар екенiн iштей мақтана отырып айтты. — Алдыраз болсын. Кәне, көрелiк, — деп Көпжан орнынан тұрып, сыртқа шықты. Бұл кезде кедей ауылдың бар кiсiсi түгi сыртына шыға жылтыраған қазысы қарыс келер екi ту биенi қызықтай қарап тұр екен. — Пәлi, мал болғаныңа! — Сүйегi салалы, нағыз тұтынуға жаратылған мал екен! — Еңбек етсең, емерсiң деген ып-рас. Күйеу бала маңдай терiмен тауып... — Әй, қойыңдар! — деп, Көпжан демде қабақ шытып, тасырта мақтап бара жатқан өз туғандарын тыйып тастады. Сосын екi биенiң алды-артына шығып, анықтап қарады. Қойынына, шабына қол жүгiртiп көрдi. Кенет күпшек санды күреңнiң жабағылана бастаған артқы санының сарғыш жүнiнен азар-азар көрiнiп тұрған қиық таңбаны байқап қап, түсi демде бұзылып сала бердi. Сосын Шәкиге атып жiберердей боп, оқты көзiн қадады. — Әй, мен сенi табан ақы, мандай терiмен мал тауып жүр десем, сен әлсiз бiреудiң көз жасына қалып жүр екенсiң ғой. Немене менi баламды ұрлық малға айырбастайын деп бердi дейсiң бе? Мен қызымды ана өлген әкеңнiң руһы ырза болсын деп бергенмiн. Ендi сақалшашым ағарып, пайғамбар жасына келгенде, имансыз қалар жайым жоқ. Менiң аузым арам асқа үйренбеген. Алып кет мынауыңды! — деп, ол қолын сiлтеп, әрi қарай бүрыла бердi. Шәки сол арада жерге кiрiп кете жаздады. Шынында да, мына екi биенi былтыр өзi Ырғыз бойын ен жайлап отырған Көнек ауылдарынан ұрлап қайтқан едi. Бағана Ережептiң сол ұрлық малдан бергенiне Шәки онша назар аударып жатпаған. Iшiнен: “Онда тұрған не бар? Ақы адал өз еңбегiм емес пе? Осы малды түн қатып, түс қашып жүрiп, айдап алған жоқпын ба?» — деген де қойған едi. Ендi мiне, қайын атасының толы жұрттың көзiнше абыройын айрандай төккенiне ызаланып, дем арасында түрi өрт сөндiргендей боп кеттi. Ол аздан кейiн екi биенi жетегiне алып, кедей ауылдан ұзап шыға бердi. Бұл кез жаз айының ең бiр жайлы шағы едi. Ұясына батуға тақап қалған шарық табақтай қып-қызыл күн өз қызуынан өзi жалындағандай боп, әбден қызарып, үйреншiктi күнделiктi орынына қарай ақырындап батып барады. Маңайда үп еткен жел жоқ. Шаң исi сiңген тымық ауа әлден-ақ тынысты тарылтып, әлденеден қоймалжыңдана түскендей, кiсiнiң еңсесiн онша көтертпейдi. Адамның бойы ал-сал тартып, бiр түрлi марғаулана түседi. Шәки де енжар қалпы, астындағы атын сипай қамшылай отырып, жәй аяңмен жүрiп келедi. Шәки аулына қас қарая жеттi. Сол арада төбе басында отырған Ережеп пен бiр топ кiсiнi көзi шалып қап, оларға соқпай өтудi қолайсыз көрiп, амалсыздан бұрылды. Ол төбе басына жетпей, жерге түсiп, атының алдыңғы екi аяғын тұсап жiберiп, жәйiмен аяңдап, оларға тақап келдi. Ережеп мұның ұнжырғасы түскен түрiне бiр түрлi боп қарады: — Иә, Көбекең қалай екен? Мал-жаны аман ба? — Аманшылық. — Шәки енжар түрде жауап бердi. — Сiзге сәлем айтып жатқан. — Ол мырзаның кеуiлi үшiн өзiнiң қалайша өтiрiк айтып жiбергенiн байқамай да қалды. — Е, сәләмәт болсын, — дедi Ережеп бұған мысқылдай қараған қалпын бұзбай. — Ау, берем деген малыңды бермегенсiң бе? — Ендi... солай боп қалды, — дедi Шәки не дерiн бiлмей. “Қап, бiр өтiрiктi айта салу керек едi!?” — Е, солай де. Шамасы, қайын атаң берген қалың малыңды азсынан болды ғой. Жөн, жөн, — деп, Ережеп күле түсiп, ендi мұны мүлдем ұмыт қалдырғандай боп, жанында отырған көп жалпылдақпен сөйлесiп кеттi. Шәки не iстерiн бiлмедi. Аздан соң өзiне ендi назар аударып жатқан ешкiмнiң жоқтығын көрiп, орнынан тұрды да, аяғын ауыр алып, тұсаулап жiберген атына келдi. Оның тұсауын шешiп ап, шылбырынан жетектеп, екi биенi ертiп, үйiне келдi. Осы кезде ашық тұрған есiктен көрiп отырса керек, iштен Дархан жайраңдап шыға келдi. Оның мына қалпы әкесiнiң берген малды алмағанына әбден ырза сықылды: — Бағана бармай-ақ қой дейiн деп едiм, сенен батпадым.. — Е неге? — Шәки оған дағдара қарады. — Өй, бапам... солай ғой... — Дархан жымиды: — Жарайды, оқасы жоқ. Қой, тамақ iстейiн, — дедi де, ол жерошақ жаққа кеттi. Шәки аң-таң.

22 Әбдiраман Жәнiбекпен тiлдескен соң, басқа жаққа айналмай, тура құдасы Малдыбайдың ауылына қарай тартқан едi. Күн еңкейе астындағы тоқ ат аңылжыған аптапқа шыдамай, екi өкпесiн ырс-ырс соғып, барлыға бастады. Сұйықтау жалының түбiнен торғайдың көзiнше мөлдiреп, шып-шып тер шықты. Әбдiраман атын аяп, жәй аяңмен жүрiп отырды. Тумысында малқұмар, кессе қан шықпайтын сараң оның үнемi екi көзi желiдегi жылқысында болатын. Малының қоңы жығыла бастағанын байқасаақ, жаны шығып кете жаздайды. Қашан малшылар хан жайлауға апарып, көп жылқысының аузын от жерге тигiзбейiнше дызақтап бiтедi. Сондай ұқыптылығының арқасында атадан қалған көп дәулет әлге дейiн бiр ортайып көрген емес. Жыл сайын малының басына мыңдап бас қосылып, саны өсiп, ұлғайып келедi. Соған қарамастан, Әбдiраманның дастарханы ажарсыз. Келген-кеткен құдайы қонақтың iшкенжегенiн есептеп, шығасыға қабағын шытып, жақтырмай: “Осы жұрттың шаруасы жоқ па? Неге


72 астынан су шыққандай қаңғиды да жүредi?” — деп, сыртынан сөкеттеп, сөгiп, боқтап отырады. Бiрақ өзi шаруа бабымен ат арқасында жүрiп қалғанда, жолшыбай кездескен өзге үйлерде түстенгендi жақсы көредi. Әсiресе, ет асылып, қазан көтерiлiп, үй iшiн жылқы сүрiнiң тәттi исi алып кеткенде, кеуiлi көтерiлiп, әңгiме айтып отырғанды қатты ұнатады. Ал, кейбiр шығымсыздау байлардың үйiнен көжебыламық жеп, кеуiлсiз аттанғанда, былай шыға бере: “Бiр тоқтыдан жұтап қалатындай соншама тарылып”, — деп кiнәлап бағады. Әрi оны жүрген жолында кiм-көрiнгенге жайып, неше түрлi қуақы сөз, уақиға қосып, таратып отырады. Мұндай сөз бара-бара өсе түсiп, лақабы көп алыпқашты әңгiмеге ұласып, дабырайып, кең жайылып кетедi. Сондықтан да болар, осы өлкеде Әбдiраман айтты деген күлдiргi әңгiме өте көп. Екiншi мұның бiр сүйетiн нәрсесi — қыдырып барып, өзге үйлерден ет жеу. Оны да iшiнен пайда көредi. Ол осы жолы да сол үйренiп қалған дағдысына бағып, малды-жанды бай құдасының ауылына әдейi бұрылды. Iшiнен: “Қазандарында қара су қайнатып жатпаған шығар”, — деп өз-өзiнен кеуiлденiп, ақырын ыңылдап келедi. Ұлы шiлде басталысымен-ақ Сыр өңiрi мамыр айындағы әсем ажарынан айрылып, боз жусандар күйiп, қуқыл тарта бастаған едi. Жантақтар пiсiп келе жатқанын бiлдiрiп, бастарына майда қызыл қоңыр бүртiктерiн шығарып та үлгерген. Адыр-адырдың ойын ала қаулап өскен мысыққұйрықтар үп еткен желден майысып, майда шашақтары сусылдап, ақ теңiзше тербеледi. Әбдiраман сол мысыққұйрықтарды кешiп келе жатып, биылғы шаруа бабын ойлап қойды. Ол көптен берi малын, әсiресе, қоян жылы жақындағанда, мына Хиуа, Бұхара шәһарларының базарларына апарып, кiлең сылдыраған күмiс теңгелерге айналдырып алуды көптен берi әдет қылып жүр. Соның арқасында ана жылғы ақсирақ жұтта мұның мұрты қисайған жоқ. Кәзiр сол кезде бар малынан адалана қағылып, бiр қылқұйрығы қалмай, жер соғып қалған ана Нарманды сыртынан кекеп-мошқап, сықақ қып отырады. Ол былтыр да малшы, жалшыны азырақ ұстайын деп, күн санап бағуы қиындап бара жатқан он шақты үйiр жылқысын Бұхара жағына апарып, делдал жалдап сатқызып, сылдыраған күмiс теңгенi үйiндегi әйдiк қара сандыққа салып қойды. Ал артылған тiлләларына өзбек пен тәжiктiң қарала пәршасы мен ханауызын сатып ап, тырнаша тiзiп керуен тартып, елге қайтып кеп, сауда жасады. Тай-тай матаны ат пен түйедей қалап, арнайы кiсi жiберген осы өңiрдiң талапсыз, сасық байларына тайтұяқ, күмiс бiлезiк, алтын жүзiк, сақинаға айырбастап алды. Нәтижесiнде сатуға жiберген малының есесiн екi есе қайтарып ап, үстiнен жонып жерге татырлық көп пайда көрдi. Тек осы кәсiп үстiнде аздап шошынған бiр жағдайы бар. Биыл, неге екенi белгiсiз, Хиуаға өз жiгiттерi құрдай қатынап жатқанына қарамастан, ол жақтан мата алдырмай, Ережеп Өтәлiнiң асында жыртысқа беремiн деп, мұның көптен берi жамбасына басып жатқан қымбат атыласын қолқалап қоймады. Ел арасында әбiрейi мен ажары бар кiсi сұрап жатқасын, арт жағына онша көз жүгiртiп жатпай, Әбдiраман оп-оңай қолқ етiп түсе қалған. Әрi бiр жағынан сауда талабының жақсы болғанын қолай көрген. Бiрақ сол аңғырттығына кейiннен барып бармақ тiстедi. Ол аяқ астында басқа бiр шаруасы шыға қап, бұл жолы мата күнына берiлген малды өзiне жамағайын боп келетiн, дәлдулеу Шайқысламға санап ал деп тапсырған едi. Шайқыслам Ережеп берген малдың ен-таңбасына, түр-түсiне қарамапты. Жалпы санының түгел болғанын көздеп, ала берiптi. Ертесiне өзi келiп, мата құнына берiлген жылқыларды аралап жүрiп, иманы қара таяқтай болды: Ережеп одан-бұдан басы күралған түбi шикi көп жылқысын бере сап, мұның аузын айға қаратып кетiптi. Содан Әбдiраман бүгiн ғана ың-шыңсыз, аман-есен құтылып келедi. Қанша iшi удай ашыса да, мына даулы малдан iз-тұзын бiлдiрмей оңай құтылғанына қуанды. Әуелгiде мұның жалынышты түрiн көрiп, қашаннан сауда iсiнде тақыс боп қалған Дадабек: “Өй, маған мал керек емес”, — деп, ат-тонын ала-ала қашқан. Бұл оған көлiк малының, әсiресе, қоңы жығыл-маған сирақты, қара тiрсектi берiк жылқының өте керек екенiн сырт хабардан естiп, әбден қанып барған едi. Әбдiраман оның қулығын түсiнiп, жылмия күлiп, басын иiп, жалынып-жалпая түстi. Анау бұл иiлген сайын шалқая түстi. Сол арада бұлар отырған, жан-жағына асыл кiлем тұтылып тасталған ажарлы жайға бас уәзiр Ядгарбектiң кiрiп келмесi бар ма? Ол сөз ыңғайын түсiнiп, аз-маз ойланып отырды да, кенет Дадабекке қарап, қап-қара сақалы ұйысқан иегiн әнтек қағып қалды. Сол екен, жаңа ғана келiмге келмей, кекiрейiп, шалқалап жатып алған Дадабектiң жүзi жылып, майысқақ бола бастады. Ол майысқан сайын ендi бұл неше құбылып, оны әр түрлi жықпыл-жықпылға салып бақсын. Әр нәрсенi бiр сылтау ете отырып, iшiнен басқа бiр ойға шомсын: “Осы мен малымның кәдiрiн бiлмей отқан жоқпын ба? Мына шақша басқа жалынғанша, осы керуен тартып тура Бұхараға неге бармайым, а?” — деп, бiраз толғанып отырды да: “Қой, ол... қиын ғой. Керуеншiлерге төлер ақы, жеуiне төлер малдың өзi бiраз дүния. Әрi барам деп жүргенде, қанды көз қарақшы шауып кетiп... сымпиып қалармын. Үйтiп шаш етектен шығынға батқанша, алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалап... мысқалдап-ақ таудай алтын жиюға болады”, — деп, ол ойынан тез айнып шыға келдi. Бiрақ Дадабекке оп-оңай жығыла кетпей, әбден бұлданып бақты. Соны бiлетiн Дадабек те әккiлiгiне басып, қызыл тiлiн жүгiртiп, астыүстiне түсiп болды. Ақырында Әбдiраман қиналған түрмен: “Әрине, малымды базар айдасам, бұдан гөрi қымбаттау болар едi. Тек сiздi құрметтеп... әрi сiзге көлiк малы керек дегесiн ұлы ханымызды сыйлап, осыған... келiсiп отырым”, — дедi де, қалған сауда бәсiне оп-оңай келiсе салды. Осы сапарында ол бiрталай жайға қанды. Өз байқауынша, хиуалықтар былтыр қазақтар қиратып кеткен Құратөбедегi қамалын қайта салмақшы екен. Онда тағы да алым-салық көбейдi дей бер. Бұл Әбдiраманды шошытып тастады. Ол әлден Хиуа бегiнiң оң қабағын ала берейiн деп, бүгiн таңазанда естiген тосын хабарын Дадабекке баспалдақтап отырып, майдалап жеткiзген-дi. Онда да оны өсек айтқандай боп емес, қайта Ережептi мақтағандай боп отырып: “Кәзiр мырзаның ел арасындағы әбiрейi жақсы ғой. Кiсiге бақ қонайын десе, дауа бар ма? Кеше Тиышбек дейтiн бiр кiсiмiз Ережептiң ауылына орыстардың бiр сыйлы адамы сонау Петербордан арнайы ақ патшаның сый-сияпатын алып келiптi деп шауып жүрген. Өз басым бұ не деген әбiрей деп, қатты қуанып қалдым”, — деген. Сол арада бiлдiрмей, көз қиығымен Дадабектiң әлден сұрлана бастаған сұсты жүзiне қараған. Iшiнен атқан оғының көздеген жерiне барып дөп тигенiн бiлген. Бiрақ жолшыбай үнемi ел үстiнен жонып жеп, пайда тауып дәнiгiп


73 қалған басы ойламаған тұста Ережепке қалайша алданып қалдым деп, өз-өзiне ызаланумен болған. Тағы да сол есiне түсiп: “Әй, ит-ай! Осы қазақ не еткен пайдакүнем?” — деп қойды. Ол бiр сәт терiскейде қалып бара жатқан Тиышбектiң қараүйiн көрiп, ат тiзгiнiн тартып алды. “Сусын iшiп шықсам кәйтедi?” — деп ойлады. Сосын: “Әй, оның үйiнде қара судан басқа не бар дейсiң?» — деп, қолын бiр сiлтедi. Онысының себебi де бар едi. Анада бұл өз үйiнде отырып, өмiрi iстемеген әдетiн iстеп, Тиышбекке мақтанғысы келген. Қызылдың исiн сезген Тиышбек мұның жанына үйiрiлiп шықпай, жетi атасында сақи, мырза аты жайылған атақты кiсiлердi көзiнен тiзiп, аяқтарын жерге тигiзбей, тасырта кеп мақтаған. Өсiре келе өзiне пардалас кiсi жоқ деген. Соған тарқ ете қалған бұл Тиышбек ауыл арасында айта жүрсiн деп, Бұхарадан әкелген, әр түйiрi бармақтай-бармақтай қара жүзiмнiң бiр шоғырын оның алдына қойған. Тиышбек мұны мақтай отырып, бар жүзiмдi жеп қойды. Соған Әбдiраманның iшi удай ашыды. Кейiн: “Ақымақ екенмiн ғой. Қараптан қарап ырысымды шашып”, — деп, өзiн өзi жерден алып, жерге салған. Ендi ол iлгерi қарай жүре бердi де, сәл ойланып қалды. Кiсiге ақысын жiберiп үйренбеген басы қалайда Тиышбектiң үйiне соғып, анадағы шығын болған жүзiмiнiң есесiн бiрдемемен қайырғысы келдi. Осы ой қамшы боп, Әбдiраман солай қарай ат басын қалай бұрып алғанын байқамай да қалды. Ық жақтан салдыртып келгесiн, соңғы сүрдiң исi бiрден Әбдiраманның танауын қыдықтады. Iшiнен: “Етке бiр сылқиып тойып алайын”, — деп кеуiлденiп, анадағы қапылатының есесiн қайтаратындай сезiп, атынан түстi. Қақырынып-түкiрiнiп, iшке кiре берiп, зәресi зәр түбiне кеттi. Мұны көре сап, төрде сарта жүгiнiп отырған Тиышбек қу сүйек жұдырығымен маңдайын төбелеп, өкiрiп қоя бердi: — Ойбай, қу құдай! Қу шұнақ құдай! Сақал-шашым ағарғанда әбiрейiмдi айрандай төгiп... Әбдiраман табан астында сасып қалды: — Ау, не болды соншалық? — Ойбай, Әбдiраманжан, сұрама! Сұрама, ойбай! Әлiм, Шөменнiң әтеберлi азаматының санатында жүрген мына жаман аған қасқайып, сорлап қалды ғой, ойбай! — Не дейдi? — деп, Әбдiраман жаман хабар еститiндей шошына түстi. — Ойбай, айтары жоқ! — Тиышбек қос жұдырығымен қушық маңдайын салып-салып қалды. — О ашылмаған маңдайым! Сен қайдан ашылайын деп ең кiлең ит-шошқаның ортасында отырып... — Ау, өлтiрсең де, айтсайшы, не болды соншалық? — Құрсын құрсын, Ұлбосынжан байға қашып кеттi! — Астапыралла! — деп Әбдiраман шыныменен жағасын ұстады. Бой жетiп, кәмәлатқа толып, пiсiп отырған қыздың ата-анасының ақ батасынсыз байға қашып кетуi, шынында, әлге дейiн ел естiмеген өрескел жағдай едi. — Өй, доңыз! Басына жаулық тартқан мегежiн! Арпылдағаннан басқа түк қасиетiң жоқ, — деп Тиышбек ендi Ақрәшқа құсы түсiп, керегеде iлулi тұрған қамшысын жұлып ап, бортылдата жөнелдi. — Әй, қой мұның не? Кiмнiң қызы байға кетпей жатыр? Бұйырғаны со да, — деп, бұл оның қолына бара жармасып едi, елiрiп алған Тиышбек әл бермедi. — Бұл ит кiсiнi күйдiредi ғой! — деп, басын қорғалап, бүгежектей берген қатынын қамшымен шықпыртып сабай бердi. Әбдiраман бұл үйден сусын iшiп қарық болмайтынын бiлдi. “Не болсаң, о бол”, — деп, қолын бiр сiлтеп, үйден шыға бердi. Табалдырықтан аттай бере: “Бұл да болса, пайда ғой”, — деп, босағада iлулi тұрған қыл шылбырды iле кеттi. Былай шыға бере жаман шатпаның iшiнен өзiне сығалай қараған бойжеткеннiң екi көзiн байқап қап‚ “Алда, құдай-ай! Мына сұм пiсулi етiн бермейiн деп, менi тағы да қатырған екен!» — деп санын бiр-ақ соқты. Бiр-екi дөңнен асқасын, ертең бүгiнгi iстегенiн Тиышбектiң ел арасына қандай қызық хиқая етiп тарататынын ойлап, ыңғайсыздана түстi. Сөз жоқ, Тиышбек мұның үйiне ық жақпен мысықтабандап келе жатқанын түрулi тұрған iргеден көрiп отырған. Дереу алдарына ендi ала берген ет толы табақтың бетiн алашамен жаба сап, Ұлбосынды күркеге тығып, бұл табалдырықтан аттай бере, қос қолымен маңдайын төбелеп, өкiрiп қоя бердi. Соған имандай сенген мұны тез кетсiн деп, қамшысын ала сап, қатынын сабады. Ендi кәзiр, құдай бiледi, мұны қатырдым деп, Тиышбек мұртынан күлiп: “Кiм көрiнгенге ет жегiзгенше, өзiңнiң таяқ жеп, ет жегенiң әлдеқайда жақсы”, — деп ешiп отыр. Сол есiне түсiп, ол жас балаша алданғанына ыза бола бастады. Өз-өзiнен түтiгiп, көпке дейiн астындағы атын тепеңдетiп отырды. Тек құдасының ауылына жақындағанда барып азырақ басылып, сабасына түсе бастады. “Оған мен де есемдi жiберген жоқпын ғой. Нәтi қыл демесең, бұ да мүлiк емес пе?” — деп, ол қоржын басына тыға салған қыл шылбырды сыртынан қолымен басып-басып қойды. Ол ендi кеуiлденiп, ыңырсып ән айта бастады. Тез арада жаңағы жанын қинаған жайды ұмытып та кеттi. Өз шаруасын ойлады. Құдайға шүкiр, кәзiр сауда талабы жаман емес. Тек мұны алаңдатып жүрген жәйт — Хиуа мен Ресейдiң арасы. Бұған салса, бiрi өлiп, бiрi қалсын. Кiм билесе де, мұның дәулетiне қол сұқпаса болды. Қалғаны Әбдiраманды қинамайды. “Бәрiн кезiнде көре жатармыз. Заманың, әй, түлкi болса-ау... тазы боп шал”, — деп әндеткен қалпы ол құдасының үйiне кеп түстi. Малдыбай ауылда екен. Құдасын төрге отырғызған бойда, тоқалына қазан көтергiздi. Ет исiн сезiп, Әбдiраман әлден-ақ кеуiлдене бастады. Тиышбектiң жынына тиген жаңағы қылығын ұмытып та кеттi. — Мына Ережеп ит екен, — деп қояды ол ара арасында түбi шикi малдан қалай аман-есен құтылғанын жыр ғып айта отырып. — Айтпа, — дейдi Малдыбай мұны ерiксiз қоштап. Әбдiраман дастарханы кең Малдыбайдың үйiнде қонып, түстенiп жүрудi жақсы көретiн. Мақтау сүйетiн байды қолпаштап қойып, талай рет сыбағалы етiн жеп те кеткен. Бүл жолы ол үйге шәй жабдығымен кiрiп, шығып жүрген Ақкербездi көзiмен бақты. Жақын арада оны Жәнiбекке ұзатадымыс деген хабарды естiген. Бұл Жәнiбектi ұнатпай, оқымыш деп, сыртынан сықақтап күлiп жүретiн. Осы кәзiрде: “Ана басына сәлде салған сарттың аузының салуы барын қараш! Мына балға ашытқан


74 қымыздай тәттi қыздың бар шырын бiр өзi сорып, бар қызығын көредi-ау!”— деп, iшiнен оны боқтап отыр. Ол кенет айтатын маңызды әңгiмесi бардай Малдыбайға еңсерiле қарады: — Апырмай, еңбек етсең, емерсiң деген сөз рас-ау. Бүгiн ана Жәнiбектiң ауылына соғып ем, өзiне әбден ырза боп қайттым. Қанша дегенмен көзi ашық, оқыған дамолла емес пе, Қуаңның ен жатқан жағасын бақшалық қып жiберiптi. Қарбыз, қауынына көз тұнады. Бидайы мен арпасы қақалып тұр-ау, қақалып тұр! Әр дәнi бар ғой, баданадай болғанда, дәл мынадай! — деп, Әбдiраман таңдайын тақ еткiзiп, сұқ саусағымен добалдай бас бармағының ұшын көрсеттi. — Апырмай, ә, — дедi аңқаулау Малдыбай әңгiмеге елiге түсiп. — Ойбай, айтпа! Құдай ақылы мен бағын қатар берген жiгiт қой. Ондайларға Аллатағалам айрықша ықпал бередi. Ықпал емей немене, әлгi бидайы мен арпасы оған сiңiрген бар еңбегiн толығымен ақтайды. Ол ертең бiз құсап, Бұқарға керуен тартып, әуре боп жатпайды. — Ол рас. — Өзi де өнерлi жiгiт, — дедi Әбдiраман құдасының елiге бастағанын көрiп. Iшiнен: “Өй, ақымақ! Қызымды алады деп құйқылжуын қарай гөр!” — деп бiр қойды. — Құда, сен асылы одан қалған қалың малыңның бiр бөлегiн қауын-қарбыздай ал. — Е, мен оны нағылам? — дедi Малдыбай күтпеген тұстан бұлт ете түскен Әбдiраманның жүзiне таңғала қарап. — Оны нағылатын несi бар? Қап-қап қып түйеге арт та, мына Қыр жағына барып, көрмедiк қазақтарға әр қайсысын бiр-бiр тоқтыға айырбаста. Сонда сен... екi жеп, биге шығасың, — дедi Әбдiраман мұртынан күлiп. Малдыбай қапелiмде аузына сөз түспей, аңтарылды да қалды. Әбдiраман құдасын қу тақырға отырғызғанына әбден ырза боп қозғалақтап қойды. Сосын төменгi жақта қымыз сапырып отырған құдағайына қулана қарады. Ажарлы бәйбiшенiң әлi де өңiн бере қоймаған жүзiн көрiп, неге екенi белгiсiз, өз келiнiн есiне алды. Өзiнен аумаған үлкен ұлы Жоламанға оны қалай атастырғанын, сол жолғы ырым-жырымды, сән-салтанатты, ырду-дырдуы көп ұлан-асыр тойды бiр бiрлеп есiне ап, бәрiн оймен өлшеп-пiшiп отырып: “Не еткен дарақымыз, а? Соншама малды желге шашып?” — деп iшiнен күбiрлеп қойды. Дегенмен мұның дәтке қуат етер жайы бар. Ол шығынын баласы әлдеқашан өз орнына келтiрген. Бiр тиынын екi ететiн, етiнен ет кессең де қан шықпас Жоламан саудаға араласып, Бұхара, Қоқан, Ташкент барып, не бiр айлалы өзбек саудагерлерiн де қу тақырға отырғызып кете беретiн боп жүр. Соны көрiп, бұл iшiнен шүкiршiлiк қылады. Кәзiрде де терiс айнала берiп, тiл-көзден сақта деп, үш рет түкiрiп қойды. Естi қатын осы кезде бұған мойынын бұрып, әлденеге қуақылана қарай қалған екен: — Е, құда, қауын-қарбыз сатса, несi бар? Ақы адал, шын еңбекпен табылған нәстенi нағылам десең де, сөкет емес қой. Елдiң көз жасына қап, қолдың кiрiн саудаға сап, талшығыңды айырып жүрген мына сенi айт онан да. — Құдағай қатырды, — деп, қарсы жауап айта алмасын бiлген Әбдiраман жорта ырқылдай күлiп, бәрiн арсыз күлкiге жеңдiрiп, жанындағы жастыққа шынтақтай кеттi. Әңгiме ендi бiрде бүгiнгi Елдес салған төбелеске қарай ойысты. — Жынды ғой, — дедi Әбдiраман қыжыртып. Ол сосын құдасына еңсерiле қарады. — Құда, биғам болма, ана жынды Төлеудiң бетi жаман дейдi. Кеше Жоламан басшы боп, мата сатып, сауда жасап жүрген бiр топ кiсi Қыр жақтағы Шектiлерден оралған едi. Олардың айтуынша, анадағы ерегiстен кейiн Төлеу батыр iшiне қатты кек түйген көрiнедi. Бара сала қол жиып, Малдыбайдың ауылын шабамын дегенiнде, Есен батыр басу айтып, бiр ашуын сұрап алыпты. Бiрақ Төлеу әлi алған бетiнен қайтпаған көрiнедi. — Өй, ол даңғой Шектi не ел шауып қарық қылады дейсiң? — деп, Малдыбай кеңк-кеңк күлiп, қолына қымыз құйылған тостағанды ала бердi. Әбдiраман түрулi iргеден жас мал етi былқып пiсiп жатқан қазан жаққа ау-тауық шыдамсыздана қарап қойып, үн-түнсiз отырып қалды.

23 Шынында да, ел арасында гу-гу тарап жүрген қауесет рас боп шықты. Малдыбай ауылы ештеңеден биқам отыр едi. Күн құланиектенiп сала берген шақта ауылдың малайлары орындарынан тегiс тұрып кетiп, өздерiне тиiстi шаруаларымен айналысып жатқан. Ағарған үшiн қолда ұстап, сауып отырған мал-тегендi малшылар өрiске ұзатып сап, үйлерiне қайтып кеп, жаңа ғана шайлана берген кез едi. Ауыл сыртындағы қара төбенiң басына әуелi бiр аттылы кiсi құйғыта шауып шыға кеп, тiзгiн тартып, көзiн қолымен күннен көлегейлеп, төңiрекке қарап, аз-кем тұрды. Сол кезде оның жанына ар жақтағы ойдан екiншi салт атты шауып шықты. Сосын үшiншi... төртiншi... Әп-сәтте қара төбенiң қалқасынан шауып шыққан көп кiсi қалың қолға айналып, қикулап, ызы-қиқу ұран сап, найза, сойылдарын қаһарлана көтерiсiп ап, ойдағы ауылды екпiнiмен итерiп тастардай, селдей қаптап келе жатты. Малдыбай үйiнен жүгiре шықты. Қалың қолдың алдында тоқыма сауыты жаңа шығып келе жатқан күн сәулесiне шағылысып, зәрлене жарқылдап, ырғай сапты қара найзасын шүйiле ұстап келе жатқан Төлеу батыр екенiн бiрден таныды. Кәпелiмде не iстерiн бiлмей, асып-сасып, абдырады да қалды. Қолымен қайта-қайта босағаны ұстай бердi. Бүгiн бұл ауылда Қалдыбай қонып жатқан-ды. Ол үйден жүгiре шыққанда, Малдыбай сасқалақтап: — Не iстедiк, а? — дедi.


75 — Тез жiгiттердi жинау керек! — дедi Қалдыбай бұған мойын бұрмастан анадай жерде тар ғып тұсап жiберген атына қарай борсаңдай жүгiрiп бара жатып. Бiрақ Көнек ауылының жiгiттерi бас қосып, күш бiрiктiрiп үлгере алмады. Селдей қаптап келген көп қол жеткен бойда қарсылық көрсеткiсi келген бiр-екi жiгiттi екпiнiмен тықсырып әкетiп, сойылмен үрып жықты. Қалғандары қоянша үркiсiп, бас сауғалап, үйдi-үйiне зып бердi. Қалдыбай ер салып үлгере алмасын бiлiп, қыл тұсауды құс кездiгiмен қиып жiбердi де, атына қарғып мiндi. Дәл сол арада еңгезердей Төлеу батыр найзасын ұмсынған қалпы ат басы аумай, тура еңкiлдеп келiп те қалған екен. Жеткен бойда ол найзасын бiлемдеп тұрып, бұған қарай сiлтеп кеп қалды. Қалдыбай жан-дәрмен деп қимылдап, аттың арғы жағындағы бауырына қарай аударылып түсе бердi. Аш бүйiрдi көздеп түйрелген қара найза тура мұның қара санына кiрш етiп қадала түстi. Қалдыбай ет қызуымен ауырғанын сезбей, қайтадан ер үстiне дұрысталып отыра сап, қарулы қос қолымен найзаға шап бердi. Бұл кезде қапы кеткенiн бiлген Төлеу батыр ызалана бiр боқтап, найзасын керi тарта бастаған едi. Қалдыбай әлемет бiр қуатпен найзаны жұлып ап, сап жағын тура Төлеудiң сауыт киген өңменiне тiреп, елiрiп тұрған атын қатты тебiнiп кеп қалды. Төлеу найза ұшын керi итере алмасын сезiп, бiр қолымен ердiң қасынан ұстап, қазақы қайқы қара қылышына жармасты. Қалдыбайдың күткен сәтi де осы едi. “Әуп!» — деп қатты ақырып жiберiп, iлгерi қарай ұмтылып, найзаны қатты итерiп кеп қалды. Төлеудiң қолы ердiң қасынан шығып кеттi. Палуан жiгiттiң әлемет қайратына төтеп бере алмай, көре көзге ерден ауытқып бара жатты. Әр жағынан көмекке кеп қалған екi жiгiт батырды ұстап үлгере алмай қалды. Төлеу зор денесiмен ат тұяғы таптаған ала шаңға дүрс етiп құлап түстi. Қою шаң бұрқ ете қалды. Дереу үстi-басы, бет-аузы шаң-шаң боп, орнынан атып түрегелдi. Қалдыбай ендi кiдiрсе, мына қалың топтың арасынан шыға алмасын бiлдi. Ат басын дереу бұрып ап, қарсы келген жiгiттердi найзасымен қатты ақыра жасқай отырып, опыр-топыр iшiнен жырылып шыға бердi. Оны көрiп қалған Шектiлердiң жiгiттерi: — Ана бiреуi қашты! — Ұстаңдар! — Тiрiдей жiбермеңдер! — десiп, бұған қарай ат бастарын жапырласа бұрысып-бұрысып алған да едi. Қалдыбай ендi алды-артына қарамай, елiрiп алған атына қамшы басып, құйғытып бердi. Оның соңынан қарап тұрған Төлеу қашқан жiгiттiң астындағы аттың қайраты алдында, сiңiрлi, бойында бiр тал ояз етi жоқ, әбден ұлы жорықта шыныққан мал екенiн бағана-ақ аңғарып қалған болатын. Оған жiгiттер жетсе де, бiреу-жарымдап қана жетедi. Ондай тобынан қара үзiп шыққан кiм-кiмдi де Қалдыбайдың ат үстiнен оп-оңай түсiре беретiнi айқын. Төлеу арам тер болғанды қаламай: — Қумай-ақ қойыңдар! Бәрi бiр жете алмайсыңдар, — деп, қолын жоғары көтерiп, ұмтыла берген жiгiттерiн: “Қайт, қайттап”, — керi серпiп алды. Сосын осы кезде мына ауылды талқандап, шаңырақтарын қиратып, ортасына түсiрiп жатқан өз жiгiттерiне ырза бола бастады. Елiрiп алған әңгi жiгiттер ештеңенi тыңдар емес, сойылдарын қаһарлана көтерiп, ауылдың күбыла жақ бетiнде тiгiлген Малдыбайдың өзi отауын қоршап ап, сатырлатып сабап жатыр. Қанша ұрғанмен, сүйегi асыл болса керек, кереге, уық онша қирамай, қайың сойыл қалың киiзге борт-борт тиiп, ала шаң бұрқ-бұрқ етедi. Малдыбайдың қасқырдай алты ұлы үй алдында жан таласа ұрыс салып жүр. Қолдарына түскен құрық, қадағаштарымен қорғанып, оңтайына келгендердi ұрып жығып, ақкөз ерлiкке басып кеткен. Бiрекеуiнiң өңiрi қан-қан, көйлектерi дар-дар жыртылған. Соған қарамастан, қарулы жiгiттер өлетiнiн сезбей, арыстанша айқасып жатыр. Әне, мұның жiгiттерi оларды қоршап ап, жан-жақтан қамалап, ақ үйге қарай тықсыра бердi. Жан ұшырған алты ұл арқаларын ақ үйге тiреп, жаңқ-жаңқ сөйлесiп, қорғанып жатыр. Шектiлер оларды тықсырып кеп, кенет апыр-топыр болды да қалды. Сойылдар сартсарт ете түстi. Әп-сәтте ұйқы-тұйқы бiр кимыл үстiнде Шектiлер Көнектердiң қадағаштарын ұрып түсiрiп, ендi өздерiне қарай тұра-тұра ұмтылысты. Алғашқы бiр сойыл Малдыбайдың үлкен ұлының құлақ шекесiне тидi. Көнек жiгiт қолынан құрығын түсiрiп жiберiп, екi қолы ербеңдеп, бiр жағына қарай ауытқи бердi. Екiншi соққы оны жер қаптырды. Оған тұра ұмтылған екiншi жiгiттi Шектiлер ат омырауымен қағып, ала шаңға топ еткiздi. Сол екен, әп-сәтте адыр жiпттер Көнектердiң арыстай алты ұлын сойылға ұрып жықты. Сосын олар iшке кiрiп, Малдыбайды сыртқа сақалынан сүйрелеп шығарды. Артына қолын қайырып, желкесiнен түйгiштеп, бұл тұрған жаққа қарай алып жүрдi. Төлеу қасына келген Малдыбайға мысқылдай көз тастады: — Қалай екен, кәрi төбет? Малдыбай күп-қу боп, иегi кемсеңдеп, әр жағынан қаптай келiп қалған ашудан кекештенiп, жөндеп сөз де айта алмады. — Әкет! — деп, Төлеу жiгiттерiне қолын сiлтей салды. Шектi қолы әп-сәтте Көнек ауылын асты-үстiне шығарды. Қарулы деген жiгiттердi сойылмен сабап, бiр үйге тықты. Өрiстегi малды он шақты жiгiт айдап әкелдi. Малдыбайдың бар қорқынышы қызы едi. Екi Шектi жiгiтi Ақкербездi бұрымынан сүйреп, ақ боз үйден сыртқа алып шыққанда, Малдыбай өзiне не болғанын бiлмей кеттi. Қатты бұлқынып, қолын артына қайыра ұстап тұрған екi жiгiттi итерiп жiберiп, қызына қарай тұра ұмтылды. Есiн жиған екi жiгiт Малдыбайдың соңынан жүгiрiп кеп, жеткен бойда шалғайына жармасты. Осы кезде Төлеу батыр атын қатты тебiнiп қап, найзасын бiлемдей ұстаған қалпы Малдыбайдың алдына көлденеңдей берген едi. Ол шал жақындаған сәтте найзасының өткiр, суық ұшын кеудесiне тiреп, қатты ақырып: — Жан керек болса, қайт кейiн! — дедi. Малдыбай оған да болмай, iлгерi ұмтыла берiп едi, Төлеу найзасының ұшын оның төсiне қадай түсiп, семiз шалды ерiксiз керi ысырды. Оған басқа Шектi жiгiттерi болысты. Бәрi айқайласып кеп, ешкiмге әл бермей, бұлқынып жатқан шалға жан-жақтан жабыса түстi. — Ұстаңдар! — Қолын байлап тастаңдар!


76 — Қәне, бол! — десiп, бәрi бiр сәтте шалды астарына бүгерлеп, қолын артына қайырып, қыл арқанмен байлап та тастады. Әкесiнiн осы халын көрген Ақкербез анадайдан айқайлап келедi: — Көке, көке! Осы дауыс құлағына жеткен бойда Малдыбай бойындағы бар күшiн жиып, үстiне күшiгенше қонып отырған екi жiгiттi тұтасымен көтере түсiп, орнынан тұра бердi. Жiгiттер оған қайта жармасты. Малдыбай оған да болмай, бет-аузы, сақалы шаң-шаң боп тұрып, ат үстiнде өзiне мысқылдай қарап тұрған Төлеу батырға атып жiберердей боп қадалды да: — Әй, Төлеу! — дедi қатты айқайлап сөйлеп. — Сен қатты асқан екенсiң! Мың асқанның бiр тосқаны бар деген. Менi шауып, ертең тиыш отырам деп ойлайсың ба? — Өй, сенен қорыққаным! — дедi Төлеу кеңк-кеңк күлiп. — Қорыққанда, әлi-ақ iнгендей қайқаңдарсың! Әгәр сен батыр болсаң, ер жiгiттiң шаруасын жаса! Ана қатын-қалашқа тиме! Күшiң тасып бара жатса, өзiңе тең дұшпандарыңды қырып ал! — Ә, солай ма, — деп, Төлеу түрi қап-қара боп, тiстене сөйлеп, атынан жерге дүрс етiп түсе қалды. Найзасын жанындағы бiр жiгiтке ұстата сап, аяғын салмақпен басып кеп, қынынан екi жүздi қанжарын жарқырата суырып алды. Сосын сол қолымен Малдыбайдың сұйықтау бурыл сақалын тұтамдай ұстап тұрып: — Мен сенi ерегiске тұратын еркек пе десем, барып тұрған қатын екенсiң ғой. Ендеше мынау саған артық, — деп, қанжарымен Малдыбайдың сақалын сыр еткiзiп кесiп алды. Содан соң бiрдеңеден жеркенгендей боп, уысындағы сақалды былай лақтырып тастай салды. Дем арасында қызыл бет, iрi шалдың иегi шұнтиды да қалды. Төлеу сосын Ақкербезге қарап: — Ойымдағы да осы едi. Ертең қызыңды тоқалдыққа ап, өзiңдi қайын ата ретiнде шақырам. Оған дейiн сақалың да өсiп қалар, — деп, кеңк-кеңк күлдi. Қошқар тұмсық жалпақ ерiндi кiсi күлгенде сирек сойдақ тiстерi ырсиып көрiндi. Малдыбай хас масқара болғанын жаңа бiлдi. Бiрақ Төлеуге жалынғысы келмедi. Қалдыбайдың қашып құтылғанын дәтке қуат қып, қанын iшiне тартып, сұп-сұр боп, түйiлдi де қалды. Шектiлер ендi әй-шәйға қараған жоқ. Ауыл кiсiлерi мен бар қатын-қалашты қосақтап байлап тастады да, мыңғырған малды алдарына сап, келген жақтарына қайтты. Төлеу батыр Ақкербез бен Шолпанды өздерiмен бiрге алып жүргiздi. Онда да апалы-сiңлiлi екi қызды жайдақ нарға мiнгiзiп, жандарына қарауыл қосып, түйенi бiр жiгiтке жетектетiп қойды. Өзi анда-санда соларға жанасып, сүйкенiп өтедi. Жылап отырған Ақкербезге жақын кеп, жылы-жылы тiл қатайын десе, шоқпардай доғал, оралымсыз тiл құрғырына жөндеп сөз түсе қоймайды. Ақыры ол батылданып, астындағы атын тебiнiп қап, Ақкербезбен қатарласа бердi. Қызыл жiбек орамалмен бетiн жартылай жауып ап, сыңсып келе жатқан қыздың бетiн қолымен ашып көрiп, таңдайын тақ еткiздi. Аласы аз қарақат көздi, аршыған жауқазындай аппақ қызға ашқарақ нәпсiсi тұтана, iшiп-жей қарады. — Әй, өзiң сұлу екенсiң ғой! Сенi өзiм қатын ғып алам, — дедi Төлеу ыржалақтап. Ақкербез табан астында басыма мынадай қиыншылық жағдай түсе қалады деп ойламаған да едi. Жақын арада Жәнiбектiң ұрын келетiн хабарын жақын жеңгелерi айтып, жiгiтпен оңаша қалғанда не iстеп, не қою керектiгiн сыңқылдай күлiсiп, түсiндiрген-дi. Сонда ақ бетi ду-ду етiп, ұяты құлағына дейiн шауып шыға келген. Iштей бiр әуестiк жеңiп, кәмәләтқа тола бастаған кеудесi бiр басылып, бiр көтерiлiп, әлi тата қоймаған жеңсiк асқа аңсары ауғандай, раһат бiр қиялға шомған. Сол әсермен соңғы түндердi төсегiнде сан рет аунақшып өткерген. Жанынан қара торы жiгiттiң ыссы дәмiн сезгендей өз қызуына өзi өртенiп, ара-арасында қолын көрпеден созып шығарып та алатын. Тек саусағының ұшы аржайы, қылжақбас Шолпанның мойынына барып тигенде, қатты қысылып, қолын тез керi тартып ала қоятын. Ендi кәзiр өз қиялында берiк қоныс тепкен әдемiше келген қара торы жiгiттiң кескiн-келбетiн бiреу ожар қолмен ысырып тастап, орнына мына әңгүдiктi қоя салғандай, өз көзiне өзi сенбей, тiксiнiп қалды. Төлеудiң жалдана түсiп, сирек сарғыш мұртын қалқалай бiткен қолағаштай мұрнына аза бойы қаза бола қарады. — Неменеге шошисың? Әлде адам жабайысың ба? — деп, Төлеу бұл жолы Ақкербездiң жас балаша үрпие қалғанына шынымен рахаттанып, айналаны жаңғырықтыра, қарқылдап күлдi. Аузынан түкiрiгi шашырап, бiр түйiрi Ақкербездiң қолына кеп тидi. Ақкербез жеркенiп қап, қолын тартып ала қойды. Қолының сыртын жайдақ нардың дәл қарсы алдында шудасы желкiлдеп келе жатқан баладай тiптiк өркешiне сүрте салды да, бiр сәтте есiн тез жиып алды. Қалай келгенi белгiсiз, ойына шешесi талай рет қақсап, құлағына құя берген бiр ақыл сап етiп түсе кеттi. Ақылды, ажарлы анасы ойындағы дiттеген шаруасын әр уақта еркектiң арқа-басы кеңiп, райланып отырған шағында ғана айт деп үйрететiн. Бағанадан берi Ақкербездiң ойын басқа бiр ниет бөлiп келе жатқан едi. Ол Қалдыбайдың қашып кеткенiнен бихабар болатын. Сол арада қыз Төлеу батырға түсiн жылытып, басына түскен халге көнiп алған сыңаймен: — Батырекесi, — дедi жылы сөйлеп. — Осы бiздiң аталарымыз “батыр — аңқау, ер — көдек” деп бiлiп айгқан-ау. Сiз ғой шапсаңыз, менiң әкемнiң аулын шаптыңыз. Ерегiссеңiз, со кiсiмен ерегiстiңiз. Бiрақ iж жазығы жоқ, жолы жiңiшке маған осыншалық қаһар жиғаныңыз қалай? Сосын қорықпай кәйтемiз? — Ол өзiн өзi зорлап, батырдың бетiне жымия қарады. “Туһ, үстi қандай сасық едi! Өзi қолаңсы сасиды ғой!” Мұндай сөздi айтады деп ойламаған бiр тоға, аңқаулау Төлеу кәпелiмде не дерiн бiлмей, сасып, абдырады да қалды. Сосын өз iсiне өзi ырза болғандай, танауын көтере түсiп, кеңкiлдеп күлдi: — Ендi былай... қол бастап... батыр болғасын.. — Ау, кiсi деген батырлықты жазығы жоқ қатын-қалашқа көрсете ме екен? Ердiң күш сынасатын жерi майдан емес пе? — Оған не сөз бар, — деп, Төлеу ұтырлы сөз таба алмай, қайтадан апалақтай бастады. Сосын сөлекет жымиып: — Өзiң нағылған ақылдысың, а? Менiң үш қатынымның үшеуi де шарға, балдарымның бәрi де ез, ақылсыз боп туды. Сен бар ғой маған мына өзiме тартқан нағыз батыр бала тауып бер, а? — дедi.


77 Ақкербез не дерiн бiлмей қалды. Төбесiнен жай түскендей абдырап, бiр жағынан қыз ұяты бетiне шауып, көзiн төмен салып, төменшiктей берiп едi, сол кезде бағанадан берi тiлi қышып отырған Шолпан: — Әй, жезде, — дедi оның даусы саңқ ете қалды. — Айтқаныңа сен тұр, қалғанына бiз тұрайық. Уәдә былай болсын, сол баланың атын мен қоятын болайын. — Е, қой. Сендей балдызыма ат қойдырмағанда кiмге қойдырам? — деп, Төлеу райлана күлдi. — Е, сен сонда не деп қоясың? Әзiржауап Шолпан iркiлген жоқ: — Көтiбар деп. Ақкербез шыдай алмай, мырс етiп күлiп жiбердi. Төлеудiң дем арасында қызара бастаған жүзiне көз қиығын тастады да, күлкiсiн зорлап тиып: — Батыр, — дедi әлгi сөздi жұмсартып, жуып-шайғысы кеп. — Бай мен батырға қазақтың қай қызы тимей жатыр? Көп болса, мен де соның бiрi болармын. Алла-тағалам әлсiз қылып жаратқасын, түбiнде барар жерiң, көрер күнiң бiр қатыншылық қой. Оның үстiне ат белiне қонып, ел шетiне пана боп жүрген сiздей батырға тимегенеде, кiмге тием? Тек менi қинап келе жатқаны... — О не? — дедi Төлеу жаңағы Шолпанның қалжыңының зiлiнен әлi де ашуын баса алмай жүрiп келе жатып. — Адам Ата, Хауа Ана заманынан бермен қарай да, ақ шариғатта да бiр еркектiң апасы мен сiңлiсiн қоса қабаттап қатын қылып алғанын көрiп пе едiңiз? — Астапыралла! — деп, Төлеу шошынып, жағасын ұстады. — О кiм үйтiп жүрген? — Ол мына сiз. — Мына мен бе? — деп, таңданып, оң қолымен кеудесiн өзi түртiп, Төлеу ат үстiнен алға қарай еңкейдi. — Иә, мына сiзсiз,— дедi Ақкербез де соңғы салмақты айтар сөзiн әлi де iшiнен ойлана түсiп. — Құдай сақтасын! — Төлеу райлана күлдi. — Менiң ана ауылдағы жаман бит балақ үш қатыным да үш рудан. — Ендi менi алмайсыз ба? — Е, алғанда қандай! — Олай болса... менiң алғаныңыз аздай, мына сiңлiмдi де алып келе жатқан неңiз? Әлде оны да алмақсыз ба? — Құдай сақтасын! Өз балдызымды өзiм алып, немене менi перi қаққан ба? — Ендеше оны неге ертiп келе жатырсыз? — Ақкербез Төлеу батырдың қибыжықтай бастағанын аңдап, ендi мүлдем батылдана түстi. — Менi алғаныңыз немене тақияңызға тар келе ме? — Ойбай, сол маған жетедi. — Ендеше... Бiр тойда екi жар жоқ деген бар емес пе? Апасын алып, сiңлiсiн ертiп келiптi деп ертең ел-жұртқа күлкi боласыз. Одан да мына сiңлiмдi елге қайтарыңыз. Барып әкемнiң ашуын бассын. Түбiнде туыс болам десеңiз, о кiсiнiң бетiн көрмей тұра алмайсыз ғой. Осы бастан әкемнiң ығытын таба бергенiңiз мақұл. — Ақкербез оның жүзiне сенбей, әрi қорқа қарады. Ұтырлы сөзге ештеңе дей алмаған Төлеу азырақ iркiлiп тұрды да, қашанғы нойыс, бiр тартар мiнезiне басып, сол арада мына жайдың алды-артын өлшеп-тексерiп жатпастан: — Мақұл, болсын, — деп салды. Ақкербез ендi ойындағы тағы бiр мүтәжiн айтпаққа оқталып тұрды да: “Әзiрге осы да жетпей ме?” — деп, аз-кем кiдiрiп қалды. Бiрақ осы арада соны айтып салғанды жөн көрдi. “Мұның мынадай райланған кезi жиi бола бермес”, — деп, Ақкербез күле түсiп: — Батыр, осы сiз менi шыныменен аласыз ба? Жоқ әлде менi жолшыбай кiм көрiнгеннен сатып алған күң секiлдi мазақ етiп келе жатсыз ба? — дедi. — Мазағы нес? — Мазақтамасаңыз, мынауыңыз не? Естi кiсi өз адалын қолдан арамдай ма? — Арамдағаны қалай? — дедi Төлеу батыр түкке де түсiнбей. — Ау, арамдағаныңыз сол емес пе, менi арқасы пышақтай жайдақ нарға мiнгiзiп... Ертеңгi күнi обал-сауап, бар жауап сiздiң мойныңызда. Қыз айтқан сөздiң астарына сонда барып түсiнген Төлеу батыр кеңкiлдей ырза бола күлiп, күректей қолымен санын бiр-ақ ұрды: — Ойбай, сонысы тағы бар екен ғой! Мақұл, ол айтқаның да болсын. Оны жанында ерiп келе жатқан Шектi жiгiттерi қыл-жаққа айналдырып, кеу-кеулесе бастады. Олар: — Төке, жеңгемiз турасына көштi-ау! — Қызығы мен қызылын қатар көр деп дұрыс айтты-ау! — Төке, ендi астыңыздағы атыңызды түсiп берсеңiз де iж артық емес! — деп, жамыраса сөйлеп жатыр. Ақкербез өз ойының дұрысқа шыққанын сол арада анық аңғарды. Батырдан лұхсат болғаннан кейiн Шектi жiгiттерi ендi тез қимылдап, осы кезде алға қарай озып кеткен көп жылқының iшiнен Ақкербез бен Шолпанның ел көшкенде мiнетiн екi жорға атын ұстап әкеп бердi. Ақкербез атына мiнiп, күнi бойы жүрiсi жайсыз нар үстiнде үзiлiп кетердей боп отырған. Белiн түрме белбеумен қаттырақ етiп байлап алды. Тек қана Шолпан өз атынан бас тартты. Ол екi көзi от шаша жарқырап тұрып, үлкен ағасының бәйгi атын әкеп берiңдер, деп өтiнiш етiп тұрып алды. Шектi жiгiттерi лажсыздан оған да көндi. Шолпан жүйрiк атқа тақымы тиген бойда, жүзi жарқ ете қап, әлденеге күле түсiп, жортуылшы ұлы топтан бiр бүйiрлеп шыға бердi. Ақкербез Төлеудiң жанына кеп: — Батырекесi, жақсылық қылсаң, бүтiн қыл деген. Шолпанжан әлi ақыл тоқтатпаған жас қой, жаңғыз өзi ел қарасын тауып бара алмас. Әрi қыз балаға жаңғыз жүру кәуiптi. Оған серiк етiп, екi-үш жiгiт қосыңыз, — дедi.


78 — Болсын, — деп Төлеу керi бұрылып, арт жағында ошарылып тұрған жiгiттерiнiң iшiнен үштөртеуiн таңдап алды. Сол арада Шолпан атын тебiнiп, оған жақындай бере: — Әй, күлге шөккен кәрi бурадай өңкиген Төлеу! — деп саңқ ете түстi. — Сен немене өзiңдi мына дүнияның тұтқасын ұстап тұрмын деймiсiң? Әлде жетi қат көктi тiреп тұрған сүтiнбiсiң? Сенi де еркек дейдi-ау! Бүйтiп момын ауылды шауып ап, батыр атанғанша, басыңа ақ салып, қатын атансайшы! Сенiң ана жаман-жәутiк жiгiттерiңнен пана сұрар шөпжелке қызың мен емес! Тұра қал, ертең өзiм бастап кеп, қалың қолмен осы iстегенiңдi алдыңа келтiрем! Шаңырағыңды ортаңа түсiрем! — деп, ол атының басын керi қарай шұғыл бұра сап, қамшымен шықпырта салып-салып қалды. Қамшыны сүймейтiн жүйрiк ат ор текеше атқи жөнелдi. — Қап, мына сайқалдың қылғаны-ай! — деп, Төлеу қап-қара боп, жан-жағына алақтап қарай бердi. — Тез, қуып жетiңдер де, шашынан сүйреп, алдыма әкелiңдер! Қайсың ұстасаң, соның оны тоқалдыққа аласыңдар!

*** Елiрiп тұрған жiгiттер қашып бара жатқан Шолпанды соңынан тұра-тұра қуды. Аты жүйрiк дәмелiлерi салған беттен үйдек-түйдек тобырдан оза шығып, ер қасына жабысып, жұлындай ағып барады. Шолпан ат тiзгiнiн коя берiп, бiр-екi рет артына бұрылып, жалтақ-жалтақ қарап қойды. Соңынан құйғытып келе жатқан Шектi жiгiттерiн көрiп, бiр сәтте бойын тез жинап ап, алға қарай еңкейiп, қос тақымын қыса түстi. Астындағы құлын кезiнен-ақ арда емiп өскен қуатты, тұяғының желi бар жараулы ат етi қызып, екi көзi шоқтай жайнап, артынан шыққан қуғыншыларды сезiп, әбден елiре түстi. Бас еркi өзiне тигесiн, ендi тiпте еркiн көсiлдi. Төрт аяғын кең тастап, тапырақтамай, тұяқтары қатқыл жерге топ-топ түсiп, жұлындай үзiлiп шыға бердi. Шолпан жүйрiк аттың шын шабысқа ендi көшкенiн бiлiп, iшiнен бiр Аллаға сыйынып, шүкiршiлiк қылды. Құлап қалмайын деп қауiп илеп, бiр қолымен ердiң қасынан ұстап отырды. Алдан соққан қатты желден қос құлағы гуiлдеп, әлдеқандай бiрдеме тынымсыз ысқырып келе жатқандай болды. Қарсы алдында жайқын жатқан кең дала бiр демде жан бiткендей өз-өзiнен дөңгелеп, екi қаптал жағында кейiн қарай шыр айналып бара жатыр. Жер бетiн тұтас жапқан шөптiң жiгi бiлiнбей тұтаса түсiп, бiрыңғай бозбоқыр бiрдемеге айналып кеткендей. Шолпан оған қарауға қорқып, бiр жағынан басы айналып, дереу көзiн жұмып ала қойды. Оның өмiрi бүйтiп жосылта қатты шапқаны осы едi. Сәлден кейiн тақымы тала бастады. Бiр рет ер үстiнен ауып кете жаздап, шақ дегенде өзiн-өзi ұстап қалды. Ер үстiнде дұрысталып отырып, қайта-қайта бiр Аллаға сыйына бердi. Бiр сәт ол қарсы алдынан қылт-қылт етiп келе жатқан киған қамыс сықылды қос құлаққа қарады. Әп-сәтте оның түбi тершiп, бiр-екi тамшы мөлдiреп шыға келген екен. Сол екен, тынысы түзелген бәйгi аты бауырын барынша жазып, аяқтарын кең алып, арлай шапты. *** Шектi жiгiттерi бiр-екi қырға дейiн оған iлесе шауып келе жатты. Ендi Сырдың терiскейiндегi жазық далаға шыққасын, көсiле жөнелген жүйрiк атқа жете алмастарын бiлiп, өзара самбырласа сөйлесiп, әудем жерге дейiн шауып барды да, амалсыз аттарының бастарын iрке бердi. Бiр төбенiң басына шығып, Шолпан кеткен жаққа қарап тұрып: — Қап! Нағыласың! — Жаңа бәйгi атын бекер бердiк! — Осы Төкең де қызық, қызыл тiлге сенiп, — десiп, олар бiраз тұрды. Бiр жiгiт таңдайын тақ еткiзiп: — Не десең о де, қасқыр болайын деп тұрған қыз екен, — дедi. Оны қалғандары қалжақтап: — Оны сен аларсың! — Қасқыр тартқан қойдай боп сүмiрейiп жүрерсiң. — Сен емес, ол сенi тамақтап... — десiп, күлiсiп, аттарының бастарын бұрып ап, керi қайтты.

*** Ашуланған Төлеу ендi Ақкербезге қысымды қатайтты. Қайтадан жайдақ нарға мiнгiзбесе де, атынан түсiре қоймай, өзi жетелеп, жiтi жүрiп отырды. Қазалының кезiнен асқасын Ақирек, Қамыстыбастың тұсына жете бере, қалың қол азырақ ат шалдырып, тынығып алды. Төлеу сол арада соңдарынан қуғыншы шыға қоймасын бiлiп, қалың қолды екiге бөлдi. Бiр топ жiгiттi мал соңына сап, көп жылқыны Ырғыз жағындағы жайлауына қарай шұғыл айдатып жiбердi. Өзi қалған қолмен осы кезде Арал теңiзiнiң сыртын ала көсiлген Кiшiқұм iшiн иен жайлап отырған кiшi отауына беттедi. Олар балық сасыған қопақты майда көлдердiң жандарынан өткесiн, алдарындағы қоңыр төбенiң астынан қылт ете қалған он шақты салт аттыны көрiп, ат басын iркiп алды. Төлеу мыналарды жол торыған ұрылар не Хиуа ханының қазақ арасынан алым-салық жинауға жiберген кiсiлерi шығар деп ойлады. Қапы қалмайын деп, жiгiттерiне айқайлап, етек-жеңiн жиып алды да, үш-төрт жiгiттi әлгiлердiң жай-жапсарын бiлiп қайтыңдар деп жiбердi.


79 Шолғыншылар қоңыр төбеге қарай киялай салды. Төбе басына еңкiлдеп шыға келгенде, терiскейдi бетке алып, суыт жортып бара жатқан аттыларды көрдi. Өздерiнiң киiмдерi бөлек. Иықтарына асып алған мылтықтары алыстан қылт-қылт етедi. — Бұ кiм болды екен? — дедi бiр жiгiт. — Ойбай, бұлар ақ патшаның... — дедi екiншiсi шошынып. — Е, бұ жақта олар нағып жүр? — Итiм бiлiп пе? Олар әлгiлердi өкшелеп қуа беруге батпай, соңдарынан бiраз жерге дейiн ерiп жүрдi де, алдарындағы бiр топ салт аттының ендi Ырғыз жағына қарай тура салғанын көрiп, ат басын iркiп, бiраз тұрды. Сосын оларды қуалай бергеннен түсер пайда жоқтығын көрiп, амалсыздан керi қайтты. Келiп, батырға көрген-бiлгендерiн түгел айтып бердi. Дағдарған Төлеу найзасын жерге шаншып қойып, күректей қолымен шекесiн қасыды. Сирек сақалының бiр талын тiстеп, азырақ ойланып қалды. “Қап, олар екенiн бiлмегенiм-ай! Бiлгенде, қоршап ап, мылтықтарын тартып алатын едiм ғой”, — деп, кеуiлi әр саққа қарай шауып, екi көзiн сығырайтып, әрi-сәрi болды. Сосын ақылға кеп: “Қой, үйтiп басымды дауға шатып нем бар? Кiлең жарақты кiсi менiң сойыл, шоқпарыма бел бере ме? Олар мылтықтарын тарс-тарс атқанда, мыналардың құты қашып кетер. Онан да осы олжаны бұйырсын де”, — деп, қолын бiр сiлтедi де, жiгiттерiне қарап ым қақты. Сол екен, ошарылып тұрған үлкен топ iлгерi қарай жүре бердi. Күн еңкейе кiлегей тұзы ақ кебiртектенiп сыртына шығып жатқан ащы бiр көлдiң жағасынан Қырға қарай ұзап шығып, сексеуiлмен шегенделген бiр күдықтың басына кеп қонуға бекiндi. Төлеуден пәрмән болғасын, жiгiттер аттарынан жапырлап түсе бастады. Күнi бойы шөлдеген көлiктерiн суғарып, ұзақты күнге ат белiнен түспегендiктен құрысып қалған тақымдарын жазысып, дереу кешкi тамақтың қамына кiрiсiп те кеттi. *** Ақкербез жөндеп тамақ iшпедi. Күйiк исi шыққан отқа қақталған еттен аузына бiр жапырағын салды да қойды. Ендi қалған жағдайы не боларын ойлап, жалпылдақ отын лаулап жанып жатқан жерошақтың жанында селсоқ отырып қалды. Өз пайымдауынша, Шолпан әлi ел қарасына жете қойған жоқ. Өжет, тентек қыз бағана қара намысқа басып кеттi. Өзi жолды жөндеп те бiлмейдi. Кәзiр далада қасқыр деген жаудай. Албырт қыз жол таба алмай адасып, иен далада аш бөрiнiң жемi болмаса жарар едi? Бөрiнiң? Оның екi аяқты адам бөрiсiнен айырмасы қайсы? Мiне, өзi де даланың бiр қасқыры мойынын қайыра сап, арқасына салып ап ала қашқан тоқтыша бiр әңгүдiктiң шылауында байланып келе жатқан жоқ па? Ол басына түскен мүшкiл халды осы жолы анық сезiп, өз өзiнен шөгiп, қоңырайып қалды. Аздан кейiн бiр жiгiт кеп, әй-шәйға қарамастан мұны қолынан ұстап ап, сүйрелей жөнелдi. — Әй, қайда апарасың? — деп, бiр-екi рет сұрап көрiп едi, әлгi жiгiт үндеген жоқ. Оның қарулы қолынан босана алмасын бiлiп, Ақкербез не де болса соңын көрейiн деп, лажсыздан ол сүйрелеген жаққа қарай жүре бердi. Жiгiт мұны Төлеу батырдың шатырына алып келдi. Бұл кезде қатүланған Төлеу батыр жорыққа шығарда жетектегi жеке атқа тиетiп алып жүретiн ақ шатырын тiктiрiп тастаған да екен. Ол әшейiнде күй талғамай, осындай ұлы жорық кезiнде кез келген жерге атының ерiн басына жастанып, тоқымын астына төсеп, қисая кететiн. Осы жолы ол өз өзiнен Шолпанның бағанағы айтқан сөзiне жыны қозып, бар ашуын Ақкербезден алмақ боп, шатырын тiктiрген едi. Оның не ойлағанын сезген жiгiттерi ыржалақтасып, дөрекi қалжың айтысып, мұның жанында бiраз болғасын бет-беттерiне тарап кетiскен. Қызметшi жiгiт Ақкербездi сүйреп әкелген бетте шатырдың жабық есiгiн қолымен серпе ашып, әйле-пәйлеге қаратпай, мұны iшке итерiп кiргiзiп жiбердi. Салулы төсекте шалқайып жатқан Төлеу батыр көйлек-дамбалы ортада жайнап жатқан сексеуiлдiң шоғының сәулесiмен қызара ағараңдап, орнынан атып түрегелдi. Келе мұның қолынан ұстап, өзiне қарай жұлқа тартып қап, мұны төсекке атып ұрды. Өзi сосын қасына жантайып, түрпiдей қолымен Ақкербездiң белiнен ұстады. Қыз қымсынып, добалдай қолды керi итермекке тырысты. Бiрақ әлi келмедi. Сол арада шарасынан шығып, бақырая бастаған көзiне қорқыныш оты толып, демi дiрiлдеп, кеудесi қысылғандай болды. Соны көрген Төлеу бiр сәтке кiдiрiп, бiр түрлi боп күлiп, қолын мұның белiнен тартып алды да: — Сен немене өзi... адам жабайысың ба? Үйтiп қорықпа! Мен адам жейтiн қасқыр емеспiн... — дедi. Ақкербез тынысы жиiлеп, екi танауының желбезегi қусырыла түсiп, оның бетiне шошына қарады. Кәпелiмде басына жөндеп ақыл да түсе қоймады. Сөз айтудың орнына, қайта жасқаншақтап, шатырдың iргесiне қарай ысырыла түстi. Төлеу оның қорыққанын қызық көргендей ендi қарқылдап күлiп, шалқасынан жата кеттi. Соны пайдаланып, Ақкербез орнынан атып түрегелiп, сыртқа ата жөнелмек болып едi, есiк алдында тұрған күзетшi жiгiт мұның жолын кес кестедi. Ол қарулы қолымен қызды қапсыра құшақтай алды да, жүзiн керi бұрып, қатты итерiп кеп қалды. Ақкербез аяғы жерге аннан-саннан бiр тиiп, ұшып кеп, Төлеу жатқан төсекке жалп ете түстi.Төлеу оны құшақтай сап, қарқ-қарқ күлдi: — Сен қу қыз, немене менi тағы да қу тақырға отырғызып кетем деймiсiң? Жо-о-оқ, бұ жолы олай болмайды! Ақкербез шаққа дегенде Төлеудiң құшағынан босанып, әрiрек отырып, қобырап, қызыл орамалының астынан шығып кеткен шашын түзедi. Қызыл жiбек орамалын басына дұрыстап тартты. Сосын өрекпiген кеуiлiн зорлап басып, сабасына түстi. Iштей басына шын тықырдың таянғанын анық бiлдi. Ертеден бермен ол бiр амалын тауып, мына қыспақтан құтылып кетермiн деп, өзiн өзi жұбатып, тәттi қиялына елтiп келе жатқан едi. Соның бәрiн ендi Төлеу быт-шыт қылмақ. Ақкербез мұны сол


80 арада ақылмен алмаса, құр қарсыласқаннан дәнеме де өнбесiн, қайта бұл қарсыласқан сайын әумесер батырдың жыны қоза түсетiнiн, сосын оның артының жаманға айналарын анық бiлдi. Сол арада iш толқынын шаққа басып, басына түскен халге көнген шырай көрсетiп: — Батырекесi, — дедi жылы сөйлеп. — Сiздiң аяқ астында... мынадай еткен қылуаңызға қайран қалып отырмын. Төлеу: — Оған қайран қалатын немене бар? Сен менiң тоқалымсың. Сосын.. түбiнде бұйыратын нәсте болғасын... игiлiктiң ерте-кешi жоқ деп... — деп, қарқ-қарқ күдi. — Оныңызға көнбей отқан кiм бар? — дедi Ақкербез басын төмен қарай ие түсiп. — Жарайды, сiздiң дегенiңiз-ақ болсын. Бiрақ сiз мынадай бiр жағдайды ойладыңыз ба? Ертең батыр айдалада бас қосып, Көнектердiң далада жатқан қызын тоқалдыққа алды деп, қалың Шектi мазақ етiп күлмей ме? Сосын... — Ол кеуiлi өрекпiп барып тоқтады. — Мен көрiнген жерге аунай кететiн тексiз жерден шыққан бiреу емеспiн. Көнектiң iргелi жерiнiң қызымын. Бiздiң елде алты Шектi арыс-арыс боп, Әлiмдердiң абырайы мен нәсiлiн талай жерде көрсете бiлген деп айтушы едi. Ендi соны мен көре алмай отырмын. Әгәрдә нәсiлсiздiк етiп, менiң әбiрейiмдi төгем десеңiз, онда айтқаныңызға құлдық. Ақкербездi бұлай дейдi ғой деп ойламаған Төлеу батыр дамбалының ауы салақтап, жатқан жерiнен тез атып түрегелдi. Жайнаған шоқтың жарығында жүзi қызара көрiнiп, жас балаша қыпылықтап, не iстерiн бiлмедi. Сосын басына әлдеқандай ой түсiп, мұның жүзiне барлай қарады: — Сен осы... тағы да қулық ойлап отқан жоқпысың? Ақкербез оның жүзiне қорқа қарап тұрып: — Мұның несi қулық? — дедi де, зорлана жымиды. — Қулық болмаса... түбiнде бұйырмыс нәстенiң далада тигенi не, ауылда тигенi не, — бәрi бiр емес пе? — Әй, батыр, аңқаусыз-ау, — дедi Ақкербез шыныменен күлкiсi кеп. — Сiз әйәл жайын қайдан бiлесiз? Мұндай ұсақ-түйек әңгiмеге құдай мына бiздi қырағы етiп жаратқан. Батырекесi, солай деп ертең мына қасыңызға ерген қарашыларыңыздың өздерi-ақ айтады. — Жоқ, олар iждеме де демейдi. Айтып көрсiн... — Онда не iстейсiз? — Кәлләсын мойнымен қоса жұлып алам. — Онда... сөзiңiзде тұрыңыз. Сiздi мазақтаудың алды әлден-ақ көрiне бастады. Сенбесеңiз, мында қараңыз, — деп, Ақкербез оған қарап сыбырлай сөйледi де, шатырдың сырт жағындағы iргесiнiң бiр шетiн қолымен ақырындап көтердi. Төлеу таңғалып, тоңқаңдай еңбектеп кеп, әлгi ашылған жерге қарады. *** Бүгiн батырдың аяқ астында шала бүлiнiп, шатырын тiктiрiп, қойнына қыз алып жататынын бiлген бiр-екi қу жiгiт Ақкербез iшке кiрген бойда-ақ, осы iргеге кеп, тың тыңдап жатқан болатын. Олар екеуiнiң айтқан сөздерiн естiп, әр бiр сытыр еткен дыбыс шықса болды, бiрiн бiрi түрткiлеп, сандарын шымшыласып, үнсiз күлiсiп, рахаттанып жатқан-ды. Кенет iрге жақ ашылған кезде, олар жалма-жан орындарынан тұра-тұра салысып, қашып бердi. *** Төлеу батыр қараңғыда олардың кiмдер екенiн байқай алмай да қалды. Ол безiп бара жатқан Шектi жiгiттерiнiң соңдарынан сығалап ұзақ қарады да, орнына тiктелiп отырып, басын шайқады. Сосын мұның жүзiне аңтырыла қарап, қуыстанарлықтай ештеменi байқамағасын, кенет ештеме де айтпастан, қолына көйлек-шалбарын алып, шатырдан сыртқа шығып жүре бердi. Ол табалдырықтан аттай бере есiк алдында тұрған күзетшi жiгiтке: — Жан баласы жолаушы болмасын! Әгәрдә... күдiктене қалсам, басыңды алам! — деп, сұқ саусағын безей сiлтеп, мұны күзетудi оған қатты тапсырды да, аты жайылып жүрген жаққа қарай аяңдай жөнелдi. *** Ақкербез қуанғанынан жылап жiберуге шақ қалды. Ол шатырдан шығып бара жатқан морт мiнездi батырдың соңынан бiр түрлi ырза бола қарады. Сосын бiр демде әлi құрып, құр сәлдерi қап, жерге төселген киiзге жантая кеттi. Сол арада аздап басы айналған сияқтанды. Ол басын қос қолымен қыса ұстап, уқалап, бiраз уақыт шатырдың ағараңдаған төбесiне қарап, самсоз боп жатты. Содан кейiн ортада жайнап жатқан шоққа ұзақ тесiле қарады. “Осы ыссыда шоғы несi?” — дедi iшiнен. Шамасы, батыр шатыр iшi жарық болсын деген-ау! Әлде оның бойынан жылуы қаша бастаған ба? Әй, құрысыншы! Ол ендiгi қалған жерде өз жағдайының не болатыны жайлы ойлай бастады. Жарайды, Төлеудi бiр қайымын келтiрiп, ұтырлы сөзбен тоқтаттың. Ал ертең ол тоқалдыққа шындап алғанда қәйтпексiң? Одан қалай алдап-сулап құтыласың? Жалпы ол өзi мүмкiн бе? Одан кейiн тесiк мойшақ сықылды боп қалған мұны Жәнiбек кәйтсiн? Ол сол сәт қыз дәуренiнiң көктем айларында ертерек бой түзетiп шыға қалған қызғалдақша бiр салтанатын құрып, тез арада аңызақтың ыссы лебiне шыдамай, тез сола қалатын бiр жайы жөнiнде ойлады. Өзi сияқты әлi он екi де бiр гүлi ашылмаған науша қызды


81 қандай содыр кiсi ожар қолмен жұлып ап, иiскеп боп, былай лақтырып тастап салмайды? Ендi өзiне де сондай тура құрықтың дәлдеп келiп түскенi ме? Әлде, әлде... Ақкербез әбден шаршағанын сездi. Ол көзi кiлгiрiп бара жатып, бiр рет селк етiп оянып кеттi. Сосын әлденеге Төлеу батыр салдырған төсектi қайыра жиып тастап, ақ киiздiң шетiне киiмшең қалпы қисая кеттi. Ол аяғын ақырын ғана созып, көк сауыр биiк тақалы кебiсiнiң басына дейiн жететiн үш бүрмелi көйлегiнiң етегiн төменiрек түсiрiп қойды. Сосын бiр қырындап жатып, көзiн жұмды. Бiр рет Төлеудiң жаңағы жас балаша қысылып-қымтырылған кескiнi көз алдына кеп, сүйсiне күлiмсiредi...

24 Ертесiне суыт жорықта ат белiнен түспей шаршаған қол күн көтерiле орындарынан шаққа дегенде тұрды. Ас iшiп, өзек жалғағасын, қайтадан жолға шықты. Бүгiн Шектi жiгiттерi кешегiдей суыт емес, астарындағы аттарын қызылмай етпей, ауанымен жүрiп отырды. Олар ертеңiне де олар сол жүрiстен танбады. Бiрнеше күн қатар ер үстiнде отыру Ақкербезге қатты батты. Белi айналып қалды. Тұла бойы сең соққандай ал-сал боп, қары талып, тiзгiндi қолына шаққа ұстап отыр. Анда-санда қол алдында дара шығып, жеке тартып келе жатқан Төлеу батыр бұған қайрылып соғып кетедi. Өзi әнеукүнгiсiнен ыңғайсызданатын болса керек, мұның қасына аса жақындамай, бiр түрлi боп қысыла жымияды. Әшейiнде түгiн сыртына шаншып, жан адамға iшкi жылуын көрсетпей, қабарып тұратын жүзiне күлкi табы тепкенде, доғал кiсi бiр түрлi қызық боп көрiнiп кетедi екен. Бұл Ақкербездi шынымен шошытты. Iшкi әлдеқандай сезiгiмен мына кiсiнiң алдыңғы күнгiдей жәй нәпсi буына елтуi емес, өзiне деген айрықша бiр ықылас, ниетiнiң оянып кеткендiгiн зайыр аңғарды. Онысын Төлеу бiр-екi рет аңқаулықпен сездiрiп те алды. Оның дап-дардай басымен қол алдынан әдейi бұрылып кеп, атын мұнымен қатарластыра жүруi келе-келе Шектi жiгiттерiне де оғаш көрiне бастады. Ақыры бiрi шыдай алмай, терiс айнала берiп мырс ете қалды. Оған екiншiсi, үшiншiсi қосылды. Содан кейiн табандары өз жерлерiне iлiккен Шектi жiгiттерi ендi еркiнсiп, Төлеу батырдан онша айылдарын жия қоймай, айбынбастан ашықтан ашық қылжақтай бастады: — Төке, осы тоқал байдың бауыр етiнен жаралады деген рас-ау, а? — Е, сен қалай деп ең? — дей бердi де, Төлеу тiлiн тiстей қойды. — Өзiм де солай ғой деп ем, — деп әлгi қуақы қылжақбас жiгiт бiр мырс ете қап, әрi қарай бұрылып кеттi.— Жеңiшемдi бiреу жеп қоятындай айналшықтай бергенiңiзге қарап... кiсi... өзi... тура жолдан шыға жаздайды екен.. Ақкербез дем арасында жүзiне ашу оты шатынай ойнап шыға келген Төлеуге сәл-пәл үрке қарады. Оған батыр кәзiр мына қылжақбас жiгiттi тапап тастайтындай көрiнiп кеттi. Бiрақ, неге екенi белгiсiз, Төлеу оның сөзiн естiмеген кiсiше басқа жаққа қарап, атын тебiне бердi. Ат басын кегжитiп алып, күрек тiсiн көрсете басын бiр шұлғып алды да, әмiрлi қолдың дегенiне көнiп, шоқырақтай жөнелдi. Ол сол пәтiмен таяқ тастамдай жерге жете бере оң аяғын бiр iндiгешке тығып ап, алға қарай ерiксiз еңкейiп кетiп, омақаса құлады. Аңсыз отырған Төлеу ұзын бойы серең етiп, жерге ұшып түстi. Найзасы қолынан шығып кеттi. Ол жалма-жан орнынан ұшып тұра кеп, айыптымын дегендей өзiне одырая қарап тұрған атын бiр боқтап, оны қолындағы қамшысымен сауырынан шықпыртып бiр тартты. Сосын ерге қайта қонып, найзасын алдына кесе көлденең өңгерiп ап, қол алдында тартты да отырды. Соны көрген Ақкербез әлденеге қатты тiксiнiп қалды. Бiрақ оған қарап жатқан ешкiм де болмады.

*** Сыңсыған мал айдап келе жатқан қалың қол ертесiне күн еңкейе бере Кiшiқұмның әлi оты тоза қоймаған бiр жықпылында отырған Төлеу батырдың ауылына кеп құлады. Олжалы қайтқан жорықшыларды бала-шаға алдарынан жүгiре-жүгiре шығып, айқайлап, сандарын қолдарымен шапаттап қарсы алды. Оларға өрiстен құлаған қой-ешкi, жамыраған қозы-лақ үнi, самбырлай сөйлескен кiсiлердiң дауыстары қосылып, демде малды ауылдың дағдылы тiршiлiгi басталды да кеттi. *** Ақкербездi өзiне арнайы тiгiлген жеке отау үйге түстi. Белi үзiлiп, қары талып қалған ол күнi бойы бiр тiзе бүгер сәт болар ма екен деп аңсап келе жатқан-ды. Ендi салулы төсек салқын үйге кiрiп, оң жақта салынған көрпе үстiне бүктетiлiп барып отыра кеттi. Сол кезде iшке аяғын жайқаңдай басып, бетi шарық табақтай қара тоқал кеп кiрдi. Ол мұның бас-аяғына бiр рет көз тастап қойып: — Кәне, жас иiсiн көрейiкшi! Оның бiзден артық несi бар екен? Әлде бiр жерi басқаша жаратылып... — дей бердi де, мұны көре сап, қолымен бетiн шымшып, ернiн сылп еткiздi: — Ойбай-ау, мынау бiреудiң уыздай жап-жас баласы ғой! Құдай әбiрейiңдi айрандай төксiн! Осыны менiң үстiме тоқалдыққа алып, ол не келiсем дейдi? Алдымен менi қатырып... алды да, оған жас қыз қалды ма? Ақкербез тiс жарған жоқ. Ол қара тоқалға бiр рет көз тастады да, жыламауға тырысып, басын төмен қарай ие бердi. Қара тоқал үйден шығын кеткесiн барып, басындағы үкiлi бөркiн дұрыстап кидi. Көкiрекшесiн, көйлегiн жөндеп қойды. Сосын бұлай қарай жақындап келе жатқан кiсiлердiң аяқ тықырын естiп, селт ете түстi. Сол арада iшке малай қатын кiрiп, кебеженiң аузын ашып, саптыаяқты


82 алып, қайтадан сыртқа шығып кеттi. Ақкербез оның соңынан селқос қарады. Осы кәзiрде өзiнiң не ойлап, не қойып отырғанын да анық сезiп отырған да жоқ. Ендi бiрде келер күнiн ойлап, анық тығырыққа тiрелгендей сұлқ түсiп отырып қалды. Кешегiдей сылтау таба алмасын бiлiп, маңдайынан қара терi бұрқ етiп шыға келдi. Бiр сәт Жәнiбектi ойлады. Оның жылтыраған зерең жүзi көз алдына көлбеңдеп келдi. Шынын айтқанда, алғаш рет оны ақсүйек ойыны кезiнде көргенiнде, онша ұната қоймаған едi. Ол басқа жiгiттердей ылдым-жылдым емес, салбөкселеу сықылды. Сөзге сараң. Тек кейде қатты кеуiлденiп кеткенiнде ғана ашылатыны бар. Ақкербез мұндай кiсiмен ертең бiр түндiктiң астында түтiн түтетiп тұрып, iшек-қарның араласып тiршiлiк ету деген қиын да шығар деп өзiнше топшылаған. Содан кейiн бұл Жәнiбектi жазғасалым, көшi-қон кезiнде жол-жөнекей көрдi. Мұның ауылы қоныс аударып көшiп бара жатып, орта жолда сатырлап жауған ақ бұршаққа тап болып, бiрер күн ерулеп қалған-ды. Күн ашылған сәтте қасына нөкерiн ертiп, Ақкербез атқа мiнiп, ауыл қозғалмастан бұрын қырға шыққан. Бiр төбеден асқасын, қыздың көзi жазық беткейде қаптай өскен көп қызғалдаққа түстi. Атын қамшымен тартып қап, шапқан бойы жетiп келсе, кеше ғана қара жерден нәр тартып, бүршiк жарып, қан сияқты қып-қызыл күлтелерiн күн нұрына қарай кең жайған қызғалдақтар қаптай соққан бұршақтан жапырыла жығылып қалыпты. Кейбiреулерi сабағынан үзiлiп, жерге ұшып түскен. Ендi бiреулерiнiң жапырақшалары түтеленiп, жынды желдiң мазағына ұшырап, биберекет шашылып жатыр. Қыздар бұршақ соққан қызғалдаққа не iстерлерiн бiлмей қарап тұрғанда, Жәнiбектер үстерiне сау ете қалған. Жәнiбектiң үстiнде — қазақы жiбек шапан. Басында — дөңгелек бөрiк. Мұны көрiп, жiгiт астындағы атын ақырын жүргiзiп кеп, сыпайы амандасты. Қан тамшыларынша қара жерде шашылып жатқан қызғалдақтарды баспай, аулақтау барып тұрды. Ал оның қасындағы бiр аңғырттау жiгiт мұның нөкерлерiне әзiл айтып тұрып, астындағы атының әлгi қызғалдақтарды күрт-күрт жегенiне назар аударған да жоқ. Сол екен, одан артық тiлдесуге ұялып, Ақкербез атының басын керi тартты. Бiрақ жол бойы қара торы жiгiт, үзiлiп түскен қызғалдақтар көз алдынан кетпей қойды. Өз қыз дәуренiнiң сол гүлдерше тез көктеп, тез үзiлiп түсетiнiн ойлады. “Неге?” — дедi iшiнен. Оның осылайша оң жақта бұлғаңдап жүре бергiсi бар. Бұла шақтың айрықша қызығын тұтқыш ұстап, қазан көтерiп жүретiн қарабайыр тiршiлiкке қиғысы келмейдi. Iшiнен: “Адам баласы қызыққа неге тоймайды?» — деп ойлады. Әлде ол көретiн қызықтың соншалықты келте болғандығынан ба? Шама-сы, солай-ау! Соның iшiнде мына қызғалдақша жайқалып, қыз салтанатыңды құрып, қылтиып шыққан сәттегi қызық пен думанның орны бөлек сияқты. Бұл содан бастап қынама бел көйлекке сыймай, күн санап жетiлiп келе жатқан бәдәнiнiң жалынына күйiп-жанып, көрпенi кеудесiне қыса түсiп, тұла бойын қуалай ойнақ салған ерсi тiлектiң бiрте-бiрте ықтиярына қоймайтынын iшкi түйсiгiмен анық аңғарғандай едi. Iштей өзi сонша қорқа күткен күндi санап жүрiп: “Қашан?» — деп, оңашада өз ойына өзi берiле отырып, жеңгесiнiң отауына кiргенiн аңдамай да қалған кезi болған. Сосын: “Еркем”, — деп, жақын келген жеңгесiн құшақтай ап, өз сезiмiн қолдан басып, қайтадан қатая қоятын. Ақкербез сол далада көрген сәтiнен бастап, Жәнiбектi бiр түрлi жақсы көрiп кеттi. Әсiресе, молла жiгiттiң шашылып жатқан қызғалдақты атының тұяғына таптатпай, шеттеу барып тұрғаны көз алдынан кетпей қойды. Соған қарап, қыз iштей шүкiршiлiк еттi. Ертеңдерi басына түсетiн күнiнен онша қорықпай, жат есiкке бар ықылас, ниетiн осы қара торы жiгiттiң үстiне аударып бара алатынына көзi жеттi. Сүйтiп жүргенде... қапияда қара дауыл қаптай соғып, кешегi тәттi қиялын түп тамырымен суырып әкеткендей болды. Ендi жынды желдiң ойнағына ұшыраған қызғалдақша мұның басының тағдырдың тәлкегiне шындап түскенi ме? Ол у iшкендей боп шерленiп әлi отыр. Ақкербез түнiмен жөндеп ұйықтай алмады. Тамақты да оңдырып жеген жоқ. Неше түрлi түс көрiп, әлма-һәл шошып ояна бердi. Кеудесiн қысқан құса iшiн жандырып жiбердi. Айрықша бiр шер ащы запыранша кетпей қойып, кеуiлiн уға айналдырып тұрып алды. Ол ертесiне кештеу тұрды. Мал өрiске кеткесiн, ауылдың кәдiмгi дағдылы тiршiлiгi басталды. Қатындар айран пiсiп, бие сауып, жүн түтiп, абыр-сабыр болып жатыр. Сырттан сүйек-саяққа таласқан көпек иттердiң ырылдасқан даусы естiледi. Кеше келген бойда-ақ Ақкербез Төлеу аулында иттiң өте көп екенiн бiрден байқаған. Үй бас сайын үш-төрт ит болса керек, сақал-мұрты тебiндеп қалған бозбалалар кешкiсiн ауылдың сыртына шығып, жарамды иттерiн бiр бiрiмен таластырады екен. Қай жеңгенiн мақтап, оған тамақты көбiрек бередi екен. Бүгiн бозбалалардың iштерi пысса керек, күн арқан бойы көтерiлмей жатып, дағдылы ызы-қиқуын бастап та жiбердi. Қара ала көпек пен қызыл қаншықты орталарына алып, басқа иттердi жолатпай, ұйықтырып жүр. Аздан соң олардың көктен тiлегендерiн жерден берiп, қара ала төбет пен қызыл қаншық iлiнiстi де қалды. Көздерiнде нәпсi ұшқыны жылтылдаған жiгiттер тарқ-тарқ күлiп, екi иттi қуалап, әп-сәтте ауыл үстiн айғай-шуға толтырды да жiбердi. Ақкербез түрулi есiктен бәрiн көрiп отыр. Мiне, өз отауынан Төлеу шықты. Ұзын бойы өңкиiп, жiгiттерге, бiр нәстеден жазып қалғандай боп, сарғыш көздерi мөлиген иттерге одырая қарады. Сосын әлденеге ырза боп кетiп, күректей қолымен екi санын шапаттады. Иттер ауыл сыртына қарай ығысып кеткесiн, iшкi бiр жiгiт кiрдi. Ол Ақкербездiң бетiне күле қарап: — Батыр шақырып атыр, бол, жүр, — дедi. — Жәйша ма? — дедi Ақкербез әлден абыржи бастап. Өзi оның жауабын күтпей, орнынан қолымен жер таянып тұра бердi. — Оны... батырдың өзi бiледi, — деп, жiгiт еркек пенен қатынның арасында басқа қандай шаруа болушы дегендей жымысқылана күлдi. Ақкербез дем арасында шытына қалды. Онымен артық тiлдеспей, сыртқа шықты. Оқалы кебiс киген аяғын баппен басып, осы ауылдың ортасындағы ең сәндi үйге қарай беттедi. Жолшыбай ойы сансаққа жүгiрдi. “Шыныменен, қор болғаным ба? Осы... не амал ойлап тапсам екен?”. Ол тығыз-таяң сәтте басына жөндеп ақыл кiрмей қойғанына таңғалды. Үлкен отауға жақын келгесiн, бойын тiктеп ап, iшке сызыла кiрiп, төменгi жаққа келiп отырды.


83 Iште Төлеу және де осы ауылдың бас көтерер бiр-екi кiсiсi қымыз iшiп отыр екен. Төлеу бұны иегiмен көрсетiп: — Осы,— дедi жанындағыларға қарап. Олар әккi кiсiлер болса керек, қамшы салдырар емес: — Дұрыс екен! — Талабың оң болсын! — Нағыз ақ қатын болайын деп тұр екен! — Әне-мiне деп жүрем бе, бүгiн-ақ ақ некесiн қидырсам ба дейiм, — дедi Төлеу көтерiле түсiп. — Е, оған не сөз бар? Олжа өзiңдiкi. Оны сенiң қолыңнан кiм алады? — Әйлә-пәйлаға қарама! Олардың сөзiн естiп, Ақкербез дем арасында құп-қу боп кеттi. Бiрдеңе деуге тiлi байланып қалғандай үнi шықпады. Осы кезде шеттеу жерде отырған күйек сақал, мосқал тартқан қара кiсi қабағын сәл шытынғандай болды. Ол Төлеуге тура қарамай, ойланып отырып: — Батыр, — дедi. — Сен осы iстегенiңнiң артын ойладың ба? Бiр ауыз сөзге бола бүлiнiп, қатар жатқан елдi шауып келдiң. Ендi, мiне, сол елдiң қызын алмақшы боп отырсың. Сонда мұның соңының немен бiтетiнiн қара ақылыңа салып көрдiң бе? — Е, оның не салатыны бар? — дедi Төлеу адырайып. — Немене менi Көнектердiң бiр шүйкебасын сонау ит өлген жерден қатын қылмай, ажарына қарап отырайын деп әкелдi деймiсiң? Түбiнде алатын болғасын, бүгiнi не, ертеңi не? Игiлiктiң ерте-кешi жоқ деген... — Ол дұрыс қой, — дедi қара кiсi оның бетiне қатты келмей, майдалай сөйлеп. — Алуын аларсыңау. Оған кiмнiң таласы бар? Тек ертең Шөмекейлер қалың қолмен келсе, не iстейсiң? — Өй, қой оларды! Қайдағы қол? Мал баққан жаман, жуас Көнектерге сойыл ұстап, ат белiне қону қайда? — деп, Төлеу қолын түңiле сiлтеп, кеңк-кеңк күлген болды. — Ол рас. — Өй, олар не қарық қылар дейсiң, — деп, осы кезде батырдың жанында отырған екi жалпылдақ қосарлана, оны қоштап сала бердi. — Қайдам, — дедi мосқал кiсi әлгi екеуiн жаратпаған пiшiнмен. — Шөмекейлердi жуас деуге болмайды. Атақты Шобдар Алмат сардар сол өзiң айтып отқан Шөмекей емес пе? Онан бергi Балқы Баубек пен Тоқым тыққан Қыстаубайды, Сарғасқа Тоғанас батырды қайда қоясың? Үйтiп батыр санассақ, түбi қиын боп кетедi. Одан да, — деп, әлгi кiсi кiдiрiп, батырдың жүзiнге барлай қарады. — Не одан да? — дедi Төлеу ақия түсiп. — Одан да бар ғой, батыр, сабыр айлайық. Алды жөн, арты шиыр бiр шаруаға ыссылай кiрiсейiн деп отсың ғой дейiм. Судың да сұрауы бар деген. Сонау Жаманқаладан Сырға дейiн тарыша шашылып жатқан Көнектер де — бiр тайпы ел. Немене олардың да өзiкiң сияқты намысқа шабары, арға тырысары жоқ деймiсiң? Қазекеңнiң намысы — сүйегi, ары — қызы емес пе едi? Сен соның бiрiншiсiн қорладың. Ендi екiншiсiн табан асты етсең, онда өмiрi қандаспай бiтiспейсiң. Менiң айтқанымды қылсаң, — дедi ол сәл-пәл кiдiрiп, — осы iстiң аңысын аңла. — Әй, ол ақылыңды басыңа майлап жақ, — деп, Төлеу морт кеттi. Оның өндiршегi сорайып, оралма жағы дiр-дiр ете қалды.. — Онда... патша кеулiң бiлсiн. Тек кейiн айтпады деме. Соңырағы күнi Шөмекейлер қаптап келсе, жауабын өзiң бересiң, — дедi де, әлгi қара кiсi етегiн қағынып, орнынан тұрды да, тым-тырыс бола қалған үйден шығып жүре бердi. Төлеу сұп-сұр боп кеттi. Оның қасындағы екi жалпылдақ та бастарын iштерiне тартып, суық соққан торғайларша бүрiсе қалыпты. Ақкербез жаңа бiр әзiрде иман жүздi қара кiсiнiң сөзiне ығланып, iштей қуанып отыр едi. Ендi одан қайыр болмасын бiлiп, сазарып ала қойды. Осы кезде ашуға тығылып отырған, бет-аузы шарық табақтай қара тоқал қолындағы көсеумен мосының астында жатқан күлдi салып-салып қалды. Сол екен, күл бұрқырап, үй iшiн алып кеттi. Қара тоқал ендi шаңқылдай жөнелдi: — Ойбай, қу шұнақ. Құдай! Мына әңгүдiк Шектiнiң кiмдi басынғаны, а? Менiң үстiме тоқал түсiретiндей немене менiң атаңнан атам кем бе, әкеңнен әкең кем бе? Сен батыр болсаң, олар да бiр ауылдың сойыл-шоқпарын ұстаған! Осыдан бар ғой мен тiрi тұратын болсам, мына жәлептi алмайсың! — деп, ортадағы күлдi қолындағы көсеумен тағы да салып-салып қалды. Күл бұрқырап, тағы да үйдiң iшiн алып кеттi. Төлеу ақиып: — Әй, сен осы не деп былшылдап отсың? — дедi тоқалына. — Алмайсың! Айттым болды, алмайсың! Мына жәлептi саған алдыртпайым! — дедi қара тоқал бажылдап. — Әй, маған билiк айтатындай сен кiмсiң осы, а? — Мен бе? Мен, — деп, қара тоқал күйелеш-күйелеш жұдырығымен кебеже сүйегi ырсиып көрiнiп тұрған арық кеудесiн салып-салып қалды. — Немене сенiң көзiңдi ақ шел қаптаған ба менiң төркiнiмдi ұмытып? Мен Тiлеу, Қабақтың ең iргелi жерiнiң қызымын. Осыдан мына жәлептi менiң үстiме түсiрiп көр, ертең ана алты ағама хабар жiберiп, шаңырағыңды ортаңа түсiрмесем бар ғой, мына дүниядан кәпiр боп өтейiн, — дедi де, қара тоқал ұзын көйлегiнiң етегiне сүрiне-қабына сыртқа қарай ата жөнелдi. Сол барқыраған бетiмен тысқа шығып, ауылды басына көтерiп, ойбайлап жүр. Төлеу орнынан үш рет көтерiлiп, үш рет қайта отырды. Бiрақ ауылды басына көтерiп жүрген қара тоқалына батып ештеңе iстей алмай, добалдай қолы қалтырап, сирек сақалын жұлғыштай бердi. Соны байқаған әлгi екi жалпылдақ ендi мына от басындағы лаңға араласпайық деген сыңаймен, бiр-бiрiне қарап, ым қағысып қалды да, әлдене деп мiңгiрлеп, жөндерiне тайды.


84 Ақкербез не қалудың, не шығып кетудiң ретiн таппады. Бәрiне өзi кiнәлi сықылды қатты ыңғайсызданды. Бiр жағынан, бетiне жан қарамастай боп қоқайып жүрген мына әңгүдiктеу, құдай қалай болса солай арбитып жасай салған Төлеу батырды iштей аяды. Сол күнi ол, неге екенi белгiсiз, бағанағы иман жүздi қара кiсiнiң үйiнде түнедi. Төлеу әлiптiң артын бағайын деген бе, бұл ертеңiне де сол үйде қонды. Осы жайды ойлай келе, iшiнен Ақкербез: “Шамасы, Жәнiбек қол алып келе атқан болды. Өзi... келетiн болса, тездеп келмей ме екен?”, — деп, астыңғы ернiн қаны шыққанша тiстелеп, оны әлденеге кiнәлап, мазасызданып бiттi. Сол күннен бастап ол оны-мұны сылтау ғып, ауыл сыртында тұрған төбе басына шығып, Сыр бойы жағына қарағыштай беретiн болып алды. 25 Төлеу батырдың тапа тал түсте Малдыбайдың ауылын шабуы исi Қармақшы, Қазалы өңiрiнде неше түрлi әңгiменi қоздатты. Бұрынғыны дәрiптеп үйренiп қалған кiсiлер: “Паһ, паһ, ерлiгiңе болайын! Айылын жимастан екi көзiңдi бақырайтып қойып, шапты да алды”, — деп, өсiре сөз етiп, аяғын ертек аңызға айналдырып жiбердi. Ендi бiрi: “Иман ойлайтын шағында бала күсап, дау-дамайға араласқанның несi жақсы дейсiң?” — деп сөкеттедi. Бiр қызығы, бұрындары мұндай ақкөздiктi ауыздан тастамай, дәрiптеп жыр қылып жүретiн жалпақ ел осы жолы оғаш бiр нәрсенi көргендей, iшiн тартып қалды. Ағайынның ағайынмен жауласуын оң көрген кiсi бола қойған жоқ. Сондықтан да, Шектiлердiң соңынан қуатын қол тез жиналды. Тоғанақ батыр исi Аспан, Бозғұлға ұран тастап, ат белiне қонды. Оған Жәнiбек қолы кеп қосылды. Сол екi арада Қарақ жағындағы қалың Бозғұлдардан шабар келiп кеттi. Қыстаубай, Сарман, Баубек батырлар да қол құрап жатыр екен. Олар бұлардың iзiн ала жорыққа шықпақ көрiнедi. Ертесiне жер қайысқан қол Кiшiқұмға қарай шұбырып түскен соны iзбен жүрiп кеттi. Тоғанақ алғашында жiтi жүрудi ойлап едi, қалың қолдың етек-жеңi жинала қоймады. Сосын ол қолды екiге бөлдi. Азық-түлiк артқан түйелер жанында негiзгi салмақты жағын қалдырып, қасына жүз қаралы жiгiттi iрiктеп алды да, ат белiнен түспестен, Шектi елiн бетке ұстап, тартып кеттi. Содан қас қарая бiр қоңыр төбенiң баурайына кеп түсiп, аздап аттарын тынықтырып алғасын, қайтадан жолға шықты. Аралдан әрi асқасын, сайын дала бозаң тартып, жердiң күйқасы қылаңытып сала бердi. Талай жорықты басынан өткерген Тоғанақ батыр жасы жер ортасына жуықтап қалса да, серiктерiне сыр бермей, ұзындығы есiк пен төрдей арғымағын көсiлтiп, топ басында тартты да отырды. Сыртынан қарағанда алып тұлғасы емпiлдеп жортып келе жатқан атының басын түгел жауып көрсетпейдi. Өзi тоғыз қабат етiп тоқыған болат сауытын киiп алған. Оң қолында — найза. Балдағы алтын аспаһани қайқы қылыш атының сол бүйiрiн ұрғылап келедi. Осы қалпында мына батырға тiрi пенде кеуiлi дауалап тие алмастай. Жәнiбек оның тұлғасына сыртынан қызыға қарады. Қанша бiлдiрмейiн десе де, тақымының тала бастағанын аңдады. Қарағай сапты найза ұстаған оң қолының қары салдырап қалды. Бiрақ қасындағы жiгiттердiң көзiнше сыр беруге ұялды. Ер үстiнде жөнделiп отырып, тұла бойын ауыр жүкше езе бастаған әлдеқандай бiрдеменi әлмәһәл керi серпе бередi. Бiр жағына көзiне тiрелген ұйқы да сәл-пәл бей-жай тартса-ақ, өне бойын былбыратып әкете бастайды. Жәнiбек жiгiттерiнiң арасында — Қалдыбай, Қасқырбай, Елдестерден басқа бiр жiгiт бар. Ол — атақты Құлқа батырдың жалғыз баласы Қожақ. Екi иығы қақпақтай, кең жауырынды, батық мұрынды, ақ сұр жiгiт. Көп аса сөзге жоқ. Бiрақ әлемет күштi. Ана жылы бiр даудың үстiнде Құлқаның қайратының арқасында Сағынай Бозғұлдарға қолды болған қылкүйрықтарын қайтарып алған едi. Соның өтеуiне деп Құлқа мен Сағынай Қожақ пен Шарапатты бесiкте жатқан жерiнен атастырған-ды. Содан берi талай жылдың жүзi болды. Жәнiбек қозғалақтап қойды. Есiне, неге екенi белгiсiз, Ақкербез түстi. Осы қалыңдығын түсiрер сәтте өзi де әбден ырғалып-жырғалып болды. Ақыры мынадай қиын қыстау жағдайға ұшырады. Мұның соңы қалай боп бiтерiн оның мүлдем ойлағысы келмедi. Оңтайланып отырып, топ алдында таудай боп келе жатқан Тоғанаққа көз салды. Елдiң айтуынша, Тоғанақ ат жалын тартып мiнгеннен бастап, бүткiл өмiрiн жаугершiлiкпен өткiзiп келедi екен. Ана бiр жылы ақтабан шұбырынды кезiнде Қаратаудан Сырға ауып, Қармақшының маңайындағы шұрайлы өңiрге қоныс теуiп қалған Қарақалпақтар мен Шөмекейлердiң арасындағы шатаққа араласқан дейдi. Қалмақтан қорлық көрiп келген Қарақалпақтар өз ағайынымызға келдiк деп шалқаяды. Құйқалы жерден қағылып, малының қоңы тайған Шөмекейлер терiсi тарылып, ол базынасын көтере алмайды. Ақыры суат үшiн болған бiр төбелесте екi жақтан да кiсi өледi. Дереу екi жақ та қолдарына қару ұстап, атқа қонады. Сонда Сыр бойындағы қалың Сарғасқаны жауға бастап барған осы Тоғанақ батыр екен. Сонда қара күрттай қаптаған Сарғасқаларды көрiп, Қарақалпақтың бiр сойы: “Апырмай, Сарғасқа көп пе, сарғалдақ көп пе?” — дептi-мiс. Сол соғыста Тоғанақ батыр қарақалпақтың Жабы деген бас батырын өлтiрiп, қалың қолын тас-талқан қылады. Бұдан қорыққан Қарақалпақтар Хиуа жағына қарай ауа көшедi. Содан берi Қарақалпақтардың берi қарай аттап аяқ басқанын әлi ешкiм естiген де, көрген де емес. Қазақтарға өкпелеген Қарақалпақтар да кейiннен ағайындарына ат iзiн сала қоймады. Тек Айдос бидiң көтерiлiсi тұсында Хиуа ханы Аллақұлдан қорқып, олар қазақтардан көмек сұрады. Бiрақ азғантай көмек Хиуа қолына төтеп бере алмады. Және де терiскейден ақ патшаның қадалған сұғын сезген қазақтардың қиын кезде пана сұрар елi — Хиуамен соғысып, ищаласқылары келмедi. Сол шайқастан кейiн Тоғанақ Қоқанға сардар болды. Ел арасы тиышталғасын, кiшi әйелiмен жеке үй көтерiп, Қарақ жағында көшiп-қонып жүрдi. Ендi ақ патша орам ала бастағасын, оның да өрiсi тарыла бастағанға ұқсайды. Батыр соңғы бiр-екi жылда Қырға шықпай, Қызыл жағында қыстады. Жәнiбектiң таңғалатыны — осындай аласапыран әне-мiне басталады деп отырған кезде Тоғанақтың iшiн бермей, тым-тырыс жүргенi. Әлде бар ашуы бiтеужара тәрiзденiп, бiр-ақ жарыларын күтiп жүр ме?


85 Түн ортасы ауа Жетi қарақшы шөмiш сияқты иiлiп барып, терiскейге қарай еңкейе түстi. Темiрқазық жылт-жылт етедi. Тоғанақ жер шамасын бiр шолып, бұйрат құмның арасына кеп, аттан түстi. Қызып келген аттардың аузын шөпке тигiзбей, жылы жабулап, солығын алдырды. Өздерi ердi бастарына жастанып, киiмшең қалпы салқын құмға жата-жата кетiстi. Тоғанақ басы ерге тиiсiмен қор ете түстi. Басқалары да қорылға басты. Тек қана Жәнiбек ұйықтай алмады. Бағанадан берi көзiне тiрелiп, бойын ал-сал ғып кете берген қалың ұйқының дем арасында қайда қашып кеткенiн бiлмедi. Қанша көзiн жұмса да, басына сан-сапалақ, ой топылып кеп, бар санасына сәуле түсiре бердi. Ақыры болмағасын, ол тас төбеде жыпырлаған жұлдыздарға қарады. Өзi бiлетiн жұлдыздарды шолып көрдi. Шолпан туатын кез жақындағанын аңғартқандай шығыс жақ аспанның бiр өңiрi күмiс бозамыққа малына бастапты. Жәнiбек ендi ұйықтай алмасын бiлiп, орнынан тұрып, атына келдi. Жануар мұны жазбай танып, ақырын оқыранып қойды. Жәнiбек оның мұздап қалған жалын сипады. Сүйтiп тұрып, жан-жағына көз салды. Бұл жақтың жерi Сыр бойына қарағанда бозғылт екен. Ауасы салқын әрi саф. Құм арасынан әлдеқандай шөптердiң ұнамды ашқылтым исi шығады. Жәнiбек кеуде кере дем алды. Оның жанына Елдес тақап келiп тоқтады. Ұйқысы қанбаса керек, бетiнен қаны қашып, қабағы кiртиiп кетiптi. Ол құлан иектене бастаған шығыс жаққа қарап, жайындай аузын шықшытын сытырлата кең ашып, тәттi есiнедi. Алақандай көзiнен бiр-екi тамшы ыршып шыға келдi. Сосын бұған самарқау көз тастап: — Бүгiн күн жанайын дей ме? — дедi. — Шамасы солай, — дедi Жәнiбек оны қоштап. Ол ағасының өзiне оңашада айтпақ әңгiмесi барын, бiрақ соны қалай бастаудың ретiн таппай тұрғанын байқады. — Неге ерте тұрдың? — Түк ұйқым келер емес. Сосын.. — Ол бұған ойлана қарады. — Саған айтсам ба деген бiр сөзiм бар едi. — О не? — Осы ғой бiз күн-түн қатып жүрiп келемiз. Сонда ертеңгi жайымыз не болмақ? Жарайды, Төлеу айдап әкеткен малды қайтарып алайық. Ал, қызды... — Оны да алып қайтпаймыз ба? — дедi Жәнiбек ағасының көмейiн түсiнiп, әлденеге ыңғайсыздана бастап. — Ол дұрыс қой. Бiрақ... — Иә, — дедi де, Жәнiбек өзi күнi ұзақ ойына алғысы келмеген дүдәмал жайына Елдестi итермелегенiне ендi өкiндi. — Сол қызды Төлеу... осы тоқалдыққа алып та қоймады ма екен? — деп, Елдес мұның жанын қинап келе жатқан күдiктiң үстiнен дәл басты. Жәнiбек iшiнде өрттей қаулап бара жатқан қызғанышты сыртына шығармауға тырысты. Терең дем алып: — Оны... кезiнде көре жатармыз, — дей салды. Сонда да ұры күдiк бiр бүйiрiнде шаншудай қадалып тұрып алды. Таң қараңғылығы кезiнде олар қайтадан атқа қонды. Тоғанақ батыр ендi өте суыт жүрiп отырды. Күн қылтия жүз қаралы жiгiт шұбырған iзден адаспай, тура Төлеу батырдың ауылына кеп құлады. Тоғанақ төбе астында жiгiттердi аттарынан түсiрiп, айыл-тартпаларын жақсылап тартқызып алдырды. Сосын қолды өзi бастап, төбе басына арғымағын ойнақтатып шыға келдi. Iле-шала дабыл қағып, ұран тастап, жау келгенiн хабар қылды. Төлеу батыр да бiр зобалаңның боларын сезсе керек, — дайын отыр екен. Белдеудегi атына мiне сап, жаңа шығып келе жатқан күн сәулесiне дулығасы мен сауыты жарқылдап, алдағы адырға атын ойнақтатып шыға келдi. Оның соңын ала, қатқақ жердi ат тұяғымен дүңкiлдетiп, қалың Шектiнiң жаугер жiгiттерi де қаптап келе жатты. Алда тұрған қанды шайқасты сезгендей, бәрлерiнiң түрi қату. Қолдарына ұстаған қыл шашақты найзаларының болат сүңгiлерi суық жарқырайды. Олар Төлеу батырдың арқа жағынан кеп, қанаттарын кеңге жайып, бiр-бiрiне иiн тiресе тоқтады. Кейбiр әумесерлерi әлден-ақ ұрыс тiлеп, найзаларын көтерiп-көтерiп-ақ алыпты. Жәнiбек жолшыбай Шектiлер шайқаспас, мәмiлеге көнер деп келе жатқан-ды. Ендi шын қан төгiстiң боларына көзi жетiп, тұла бойы түршiге түстi. Астындағы атын қамшымен тартып қап, төбе басында тұрған Тоғанақ батырдың жанына шауып келдi. Елiрiп алған атының басын күшпен тартып, ентiгiп тұрып: — Төке, шынымен-ақ соғысамыз ба? — дедi айқайлай сөйлеп. Тоғанақ бұған жалт қарады. Алақандай екi көзi шапыраштанып, әлдеқандай суық сәулеге толып кеткен екен. — Ендi қалай деп ең? — Аналар... мәмiлеге көнбес пе екен? — деп, ол қолын қалың қол жаққа қарай сiлтедi. — Мәмiле бабын ойлаған кiсi қол шығара ма? Бұл деген... күтiн боп отырған кiсiнiң шаруасы ғой. — Төке, егер айып болмаса, мен тiлдесiп көрсем... кәйтер екен? — Әй, қайдам. Одан не өнер дейсiң? — Сонда да... — Жарайды. Бiзден кiнә болмасын. Жәнiбек дереу найзасының ұшына ақ орамал байлап, өзiнiң елшi екенiн бiлдiрiп, атын тебiнiп қалды да, ортадағы майданға шыға бердi. Әуелгiде бiр түрлi боп, тұла бойын әлдеқандай суық толқын қуалап, дiрiлдеп кете берген. Осы жолы да тақымының қалтырағанын байқады. “Маған не болған?”— деп, өзiн өзi тежеп, оң қолына ұстаған найзасын ауытқытып алмауға тырысты. Дәл ортаға кеп, ат басын тартты. Мұны көрiп, Шектiлер де елшiлiкке бiр жiгiтiн жiбердi. Ол iрi сүйектi, қошқар мұрын сары жiгiт екен. Көк көзi шақырайып кеп тоқтады:


86 — Иә, не керек? — Ағайын, мәмiле, — дедi Жәнiбек сабырын шашпауға тырысып. — Кәне, айта бер. — Оу, ағайын, қоңсы отырған, түбiмiз бiр аталас ел едiк. Бiр тентегiң сол татулығымызды бұзып, елiмiздi шауып, малымызды талап, әбiрейiмiздi төктi. Сүйтiп ағайын арасына әрекет кiргiздi. Бiз соның iзiмен келдiк. Ниетiмiз ел шабу емес, тентектi жазалап, есемiздi қайырып, ағайынмен татуласып қайту. — Сонда ол кiм тентек? — Ол — Төлеу. — Жарайды, Төлеу батырды тентек дейiк. Бiрақ ұлы жиын аста батырға тiл тигiзген сасық байың да тентек емес пе? Ендеше бiр тентек бiр тентектi шапса, оның несi айып? — Гәп бұл арада тентекте ме екен? Солардың қырсығынан ел бүлiнiп, ынтымағымыз бұзылды... — Әй, сен ол мәмiлеңдi бар ғой басыңа шайнап жақ! — дедi Шектi жiгiтi турасына көшiп. — Бiз Шөмекейдiң қолы келдi екен деп, батырымызды қол-аяғын байлап бере алмаймыз. Одан да тұрысатын жерiңдi айт! — Ә, солай ма? — дедi Жәнiбек өз өзiнен қалтырап кетiп. Дем арасында ызалана бастады.— Онда... қан төгемiз де. Жәнiбек керi қайтты. Тоғанақ Шектiлердiң жауабын естiп, қолын түңiле сермеп: — Бағана айтпап па едiм, — дедi. — Төлеудi қой! Не болса, о болсын! Мына ауылды шабамыз! Өз обалы өзiне. Ол осы кезде шайқасқа дайындалып, қанаттарын кең жайып, қатуланып алған жiгiттерiне қарап: — Жiгiттер! — дедi айқайлай сөйлеп. — Мына Шектi ағайын шынымен жаулыққа басыпты. Мәмiлеге көнетiн түрi жоқ. Ендi қалғаны бiр ғана жол — шайқасу. Кәне, ұрысқа дайынсыңдар ма? — Дайын-н-бы-ыз! — дедi қалың топ күңiрене дауыстап. — Ағайынның арын арлаймыз ба? — Ар-р-л-аймыз! — дедi жiгiттер құм арасын жаңғырықтырып. — Ендеше... бастаймыз! Иә, биссимил-ләһир рахма-нир рахим! — деп, Тоғанақ батыр дұға оқып, қолын жайды. Жасақ сапындағы жiгiттер де қолдарын жайысты. Тоғанақ дұға оқып, соңында жақсы тiлек айтып, қолымен бетiн сипады. — Иллаһи әумин! — деп қалың жасақ та беттерiн сипасты. — Иә, Алла, жолымызды оңғара гөр! — деп, Тоғанақ батыр атын тебiнiп қалды да, майданға ойнақтап шыға бердi. — Әуелi жекпе-жек! Жекпе-жек! — деп айқайлап, найзасын күмға шаншып, батыр әруағы ұстап, дәл ортада қасқайып тұрды. Мұны көрiп, Шектi жiгiттерi де қобырласып қап, үйме-жүйме боп, өз ара бiраз қаңғырласты. Ақыры ортаға үстiне киген сауыты жарқ-жұрқ етiп, Төлеу батырдың өзi шыға бердi. Қолында ұзын сапты өткiр найза. Оң қарына iлген шоқпары салақ-салақ етедi. Ол келген бойда аса жақындамай ат басын iркiп, бұған қаһарлана қарады. Айылын жиятын емес. Тоғанақ ендi бiтiсудiң қиын екенiн аңғарып, саңқ ете түстi: — Таңдауыңды айт! Анау да қарсы тiл қатты: — Сенiң-ақ дегенiң болсын! Ұзақ жолдан ат сабылтып келдiң ғой. — Жоқ, сен айт! Мен бес қарудың бәрiне оңтайлымын. Арманда өлiп кетсең, ертең жаласына қалармын. — Оны кезiнде көрермiз. Онда — қылыш. — Болсын! Екi батыр найзаларын жерге шаныша сап, қынаптарынан қайқы қылыштарын суырып-суырып алысып, бiр-бiрiн түтiп жеуге ыңғайланып, аттарының бастарын керi тартып, бiраз жер кейiн шегiнiсiп алды. Сосын аттарын қатты тебiнiсiп қап, ақыра айқайлап, қылыштарын жарқылдатып, бiр бiрiне тұра ұмтылысты. Екi жақта тұрған Шөмекей мен Шектi қолы қатарынан: — Иә, аруақ! — деп, жамырай шуласа қалысты. — Иә, аруақ! Дөйт! — дескен дауыс Шөмекей жағынан қаттырақ шығып, елiрiп алған жiгiттердiң делебесiн қоздырып та жiбердi. Тоғанақ батыр ағызған бетi жақындап келген Төлеумен қылыш қағыстырып өттi. Өткiр болат жүздерi шақыр-шұқыр ете қап, әлдеқандай сұсты, салқын сәуле жарқ-жұрқ ете түстi. Олар етi қызып, елiрiп ала қашқан аттарының бастарын iрке алмай, екi жаққа ағып-ағып өте шықты. Сосын аттарының бастарын қайта бұрып ап, қаһарланып, жаңадан бiр-бiрiне ұмтылысты. Осы жолы олар ат бастарын әлден-ақ iркiп, бiр-бiрiне тақап кеп, қалт тұра қап, жылдам бiр қимыл жасасты. Тоғанақ қылышын оңтайлап көтере берiп, Төлеу батырдың оң иығынан төмен қарай қиялай шаба берiп едi, анау да әккi екен, мұның қылышын қылышымен қағып жiберiп, өзi сәл терiс жағына қарай ауытқи түстi. Тоғанақтың қылышы тайып барып, Төлеудiң атының оң жақ шоқтығынан төменгi жерiн тiлiп түстi. Ышқынған ат ащы кiсiнеп жiберiп, екi көзi алақтап, ауыздығымен алысып, атқи жөнелдi. Оқыс қимылдан Төлеу батыр ер үстiнен ауып түсе жаздап, шақ қалды. Сол қолымен ұстаған тiзгiннен айрылмай, денесi ауытқып барып, шаққа дегенде ер үстiнде дұрысталып отырды. Олар тағы да екi айрылып, бiр-бiрiне шүйлiге берген едi. Осы жолы Төлеу батыр қылышын бiр қайымын тауып, қатты сiлтеп кеп қалды. Оның қылышы шақыр етiп, Тоғанақтың тоғыз қабат сауытының бiр-екi тiнiн көктеп өттi. Бiрақ әрi қарай дари алмады. Тоғанақ шалт қимылдап, әлгi қылышты қылышымен қағып жiберiп, оған тарпа бас салды. Төлеу жаңа ғана қол сiлтеген екпiнiмен алға қарай еңкейген қалпынан керi шегiнiп үлгере алмап едi. Ендi жан-дәрмен деп, Тоғанақтың жағасына жармасты. Қолынан қылышы жерге дыңғыр етiп түсiп кеттi. Сол сәт Тоғанақ та қылышын тастай сап, Төлеу батырмен белдесе кеттi. Оның жағасынан ұстап, қатты ақырып, әуп деп, бiр қимыл жасады. Төлеу батыр зор қуатқа шыдамай, ер үстiнен аударыла бердi. Сол кезде бұлардың сырт жағынан ұлы дүсiр, үлкен бiр шу, айқайлап салған


87 ұран естiлдi. Жекпе-жек кезiнде, бұрынғы ұрыс салты бойынша, екi жақ та бiр-бiрiне шабуыл жасамайтын. “Бұ не?» — деп таңғалыс-қан екеуi қолдарымен ұстасқан қалпы, сол жаққа жалт-жалт қарасты. Осы кезде оң жақтағы жазықтан қыл шашақты найзалары қылт-қылт етiп, қалың қол құйғыта шауып келедi екен. Қол алдында келе жатқан Шобдар Алмат батырдың қатты айқайлаған даусы анық естiледi: — Араша! Араша! Қалың қол ағызып келген бойда, бұлар жаңа ғана ала шаңын шығарып жiберген қан майданға сыналай енiп, шайқасуға дайын тұрған Шөмекей мен Шектi қолдарының екi арасына сыналап кiре бердi... *** Екi жақтың қолы керi ысырылып кеткеннен кейiн, Шобдар Алмат сардардың өзi бас болып, мәмiлелеге келудiң қамына кiрiсiп кеттi. Оның бұйрығы бойынша, ақ үйлер қатар-қатар тiгiлiп те тасталды. Қонақтарға арналған мал сойылып та жатты. Содан кейiн Алмат Тоғанақ пен Жәнiбектi арнайы тiгiлген, сегiз қанат, бау-шуы жаңа, жағалай фарсы кiлем тұтылып тасталған ең бiр әдемi үйге түсiрдi. Сол күнi қызметшiлер зыр жүгiрiп, оң жақтағы әйдiк қара сабаны пiсiп-пiсiп жiберiп, iшiне майы туырылған қазы салынып ашытылған бал қымызды ағаш тостағандарға құйып, қонақтарға ұсынып, тынбай қызмет еттi. Аздан кейiн сыбағалы мүшелерi салынған табақ-табақ ет те келiп қалды. Сол түнi үлкен үйде Шөмекей мен Шектiлердiң басты-басты кiсiлерi жиналып, мәмiлеге келдi. Келiсiм бойынша, Төлеудiң шауып алған мал-мүлкi түгелдей қайтарылды. Оған қоса екi елдiң арасына iрiткi салғаны үшiн Шектiлер айыппұл төлейтiн болды. Соны естiсiмен Төлеу қап-қара боп кеттi. Жастайынан кiсiден бетi қайтып көрмеген оның мынандай масқараға көнгiсi келмедi, бiрақ Шектi Шөмекейлердiң қалың қолы мұның мысын құртып қойды. Шайқасуға ендi шамасы жетпейдi. Бұл сол арада iшiнен Алмат сардарға қатты кек түйдi. Сүйтiп әрi ойлап, берi ойлап, бiр шешiмге табан тiредi. Сол түнi ол кеуiлiндегi сөзiн айтып, бiр сенiмдi жiгiтiн мына орыс жағына өтiп кетiп, ақ патшаға қызмет шегiп жүрген Қаратай сұлтанға шұғыл жiбердi. Сол күнi Тоғанақ батыр бастаған бiр топ кiсiнi Алмат сардар Ырғыз жағындағы өз ауылына қонақ болып кетiңiз деп шақырып едi, батыр шаруа бабын айтып, одан бас тартты. Екi-үш күннен соң Тоғанақ, Жәнiбектер елге қайтты. Сыр бойына жақындағасын, Тоғанақ ырғапжырғап келе жатқан ауыр көштiң жанында жiгiттердi қалдырып, сыбай-салтаң жүргендi мақұл көрдi. Жәнiбек те қасына Елдес, Қасқырбай, Қожақ, Қалдыбай, Ақкербездi ертiп, батырмен бiрге кеттi. Арада екi қонып, олар күн ұясына қона Байқожаның кезiне кеп кеп құлады. Сол жерде Тоғанақ өз аулына кеттi. Бұлар Ақкербездердi ауылдарына жеткiзiп салды. Сол арада Жәнiбек күйеу салтын ұстап, Малдыбайдың ауылына бармай, жiгiттерiмен Көсеге қарай бет алды. Ол хош айтысарда шақшадай басыңды шарадай қылған менi ертеңгi күнi жазғырмайсың ба деген күдiкке толы сұрақты Ақкербездiң өзiне қорқа қараған көзiнен қағып ап, бiр бүйiрiне тығып тастап, Қызылға кете барды. 26 Жәнiбек астындағы атын ауанымен жүргiзiп келе жатып, қайдағы-жайдағы есiне түсiп, ойға батып, өз-өзiнен тұнжырап сала бердi. Ол кешелерiт Тоғанақ батырдан бiраз жайдың бетiн ашып алайын деп сұраған едi. Сонда бұл батырдың сөзiнiң ұлы жобасына қарап, оның әлденеге алаңдай беретiнiн байқаған болатын. Оның айтуынша, ақ патша Сыр өңiрiне қадам баспас бұрын, өзiне қарсы шығады-ау деген ноқтаға толық кiсiлердiң ауыздарын әлден-ақ ала бастаған тәрiздi. Ол кеше төменгi жақты орарда да сүйткен едi. Сол айланың аңысына бармай, талай дегдар арқаға жапқан шен-шекпеннiң құлы боп кеттi. Ағайынды ағайынға қарсы айдап сап, жоқ жерден жiк аштырып, айласы мен қулығын асырып кеткен ақ патша ел iшiне әрекет кiргiзiп ап, соны татуластырған боп, орам ала қояды. Апырау, бұл көзi ашық кiсiге айтпай-ақ түсiнiктi нәрсе емес пе? Соны неге қара көлiкке қомпия мiнiп жүрген, бойы сорайған ел басшылары түсiнбейдi? Әлде олардың түсiнгiлерi келмей ме? Сонда ондайлардың бар күйттегенi қара бастың қамы, қу қарынның тоқтығы ма? Шамасы, солай-ау! Жәнiбек бiр сәт еңсесiн тiктеп, жан-жағына самарқау көз тастады. Екiндiге құлаған күннiң қиғаш түскен сарғыш сәулесiне шомылып, ұлы дала тұяқ серiппей, тып-тиыш жатыр. Шөп бiткен сарғая бастаған. Әсiресе, жалғыз аяқ жолдың екi езуiнде қаптай өскен қалың еркек пiсе бастаған бастарын ауырлағандай бiр бүйiрлерiне қарай майысып тұр. Дiңдерi сап-сары. Жәнiбек, Елдес, Қожақ, Қасқырбайлар сол қалың еркектi аттарымен кешiп келедi. Әр жер әр жерден iнiнен шыға сала, бұларға таңдана қараған балпақтар көрiнедi. Ара-тұра жандарынан қосаяқтар зулап өтедi. Ойламаған жерден пыр етiп бөдене ұшады. Елдес ұзақ үнсiздiктен жалықты ма, бешпентiнiң жан қалтасынан көкнәр салынған қалтасын ап, оның бiр шөкiмiн аузына сап, талмай бастады. Оның былтыр Қаразым жағына барып қайтқандағы үйренген өнерi осы. Онда үш ай жатып, шайханадан шықпай, көкнәр iшудi әдетiне айналдырып қайтқан. Жәнiбек қанша үгiттесе де, ол осы бiр жаман дағдысынан тыйылар емес. Көкнәрдi көп жемесе де, ара-тұра болса да iшiп қояды. Осы жолы да Жәнiбек оны жақтырмай: — Осыны ауызға салуға тәбетiң қалай шабады? — дедi. Боқтампаз Елдес танауы талақандай боп ыржия күлiп, мұны дұрыстап тұрып бiр боқтады да: — Өй, енеңдi... Молла, молла дегенге, далия берме! Сен бұл көкнәрының қай қасиетiн бiлiп болыпсың? — дедi.


88 — Е, оның кiсiнiң миын мәңгiрткеннен басқа қандай қасиетi болушы едi? — дедi Жәнiбек кекетiп. — Болғанда қандай! Дәл мынадай! — деп, Елдес бас бармағын шошайтып көрсеттi. — Кейде сiркең су көтермей келе атқанда бар ғой, осыдан iшсең, ақ тер‚ көк тер боп терлеп, құрысқан тұла бойың былауға түскендей жазылып сала бередi. — Гәйiп болғасын, сүйтпей, ендi кәйтесiң? Одан сен бар ғой наша шегiп, бәңқор атан. — Не, не? — дедi Елдес көзiн быттитып. — Бәңқор деймiн. — Оны... әлгi нашаңды қайдан табам? — Баяғыдай Қаразымға не Бұхараға барсаң, табасың да қоясың. — Апырмай, мынау бiр есте болар нәсте екен. Естiмеген елде көп деген ып-рас. — Елдес шынымен таңғалды. — Бiрақ, — дедi Жәнiбек күле түсiп, — сен осы жерге шыққан шөптi аузыңа алмаушы едiң ғой. — Е, менi шөп жеп, немене мал деймiсiң? — Ендеше көкнәры да жерден шығады ғой. Тек оның қиыны, — деп, Жәнiбек ерiксiз iркiлдi. Есiне Бұхара шайханаларында көздерi кiлгiрiп, бастары мәңгiрiп отыратын көкнәрпаздар тұстi. Алғаш рет көргенде: “Бұ несi?” — деп қатты таңғалған. Кейiннен әуестiгi жеңiп, бiр жiгiтпен бiрлесiп, наша шегiп көрген. Тамаққа бiр түрлi жайлы тиер қою түтiндi бiр-екi рет iшiне тартып едi, лезде басы айналып жүре бердi. Көз алды тұманданып, жаңа ғана тас төбесiнде атыластай жарқырап тұрған аспан орнынан әлдеқандай құдiреттi күш қозғап жiбергендей тоңқалаң асып, аунап бара жатты. Оның есесiне жер жоғары шығып кеткендей. Жәнiбек иманы тас төбесiне шығып, көзiн жұма қойды. Басы мең-зең боп, шығып барады. Ол орнынан тәлтiректей тұрды. Шәйханадан шығып, қарсы алдында жатқан шалшық судан аттай берем деп, зәресi ұшып кеттi. Анықтап қараса, қарсы алдында жатқан шалшық су емес, шетi-шегi көз жеткiсiз жайқын бiр дария. Мiне, ол соған гүмп бермек. Бiр сәттен соң түпсiз күрдым мұны әзәзiл құшағына қысып‚ майда қыдықтай күлiп, бұған бимәлiм жаққа қарай тарта жөнелмек. Жәнiбек шошынып қап, керi шегiне бердi. Басын шайқап-шайқап жiберiп, қайта қараса... дария да, жаңағы буалдыр тұман да, жойқын су да жоқ. Қарсы алдында лайытқан шалшық су ғана жатыр. Бұған мына жақта жiгiттер мәз боп күлiп отыр. Осы уақиғаны Жәнiбек серiктерiне күле түсiп, айтып бердi. — Қойшы, — дедi Елдес екi көзi быттиып. — Рас, рас, солай болды. — Сонда.. ол неден екен? — Оны... өзi... — Жәнiбек iркiлдi. — Мына жаратылыста бәндәға ем де, залал да болатын шөп көп қой. Бұ да — соның бiрi. Әбу Әли ибн Сина “әл-Қанун фит-тиб» деген кiтәбында осындай мыңнан аса шөптiң тiзiмiн жасап, әр қайсысының неге ем болатынын айтқан. — Апырмай, ә?! — Соны бiлетiн емшiлер кәзiр өзi бар ма екен? — дедi Қожақ сөз қыстырып. — Неге болмасын? Мына Бұхара, Қаразым, Қоқан, Ташкент жағында жүдә көп. — Ау, сонда бiздiң молдалардың iшiрткiсi не? — Оның... басқа бiр жағдайы бар... — О қандай басқа жағдай? — дедi бағанадан берi үндемей келе жатқан Қалдыбай. — Ол кеуiлге байланысты,— дедi Жәнiбек ойлы қалпынан арыла алмай, — кеуiлi шат болса, адамның ажары кiредi. Баяғыда Әбу Әли ибн Сина мынадай бiр қызық жасапты. Ол екi қойды қораға байлатып, екеуiне бiрдей етiп, өлшеммен жем-су берiптi. Бiрiншi қойды бiр қораға, екiншi қойды екiншi қораға байлапты. Тек екiншi қойдың өкпе тұсына, анадай жерде бiр қасқырды торға қамап ұстапты. Содан не болды дейсiң ғой... — Иә. — Мiне, қызық, — деп, жол бойы кеуiл ашар ермек таппай келе жатқан жiгiттер елеңдесе қалысты. — Содан бiрiншi ғой жұнттай боп семiрiптi. Ал, үнемi өкпе тұсынан қасқырдың қадалған көзiн көрiп тұрған қой семiру орнына аза-аза, бiр күнi өлiп қапты. Мiне, көрдiң бе, мұның бәрi кеуiлге байланысты. — Рас болса, рас болар, — дедi Елдес оны қоштап. Сосын бұған қулана қарап, сәл ыржия түсiп: — Сен ғой осы сөзiңдi ойланып айттың ба? Кеуiл дейсiң. Бiрақ маған қарсы шығасың. Ау, көкнәр iшкенде, мен немене осы семiрейiн деймiн бе? Менiң де көздегенiм сол кеуiл емес пе? — дедi. Жәнiбек ағасының бұлай аяқ астында жалтарып кететiнiн бiлмей қалып едi. Кәпелiмде аузына сөз түспей: — Ендi ол... өзi... — деп iркiле бердi. — Оның iж олы-солы жоқ. Гәп кеуiлдi қалай көтеруде ғой. Соған сенiң қарсы болар жөнiң жоқ, — дедi Елдес тарқ-тарқ күлiп. Сосын қасындағыларға көзiн қысып қойып: — Ал ендi саған келейiк. Сен ғой осы қалыңдығыңды аман-есен алып қайтып, кеуiлiңдi бiрлеп келе жатсың. Бiрақ жарым-жартылай ғана, — дедi. — Не‚ не? — дедi Жәнiбек түсiнбей қап. Елдес тарқ-тарқ күлiп боп: — Жорта түсiнбеуiн қараш! Әңгiменiң қысқасы, — осылай салақтап жүре бересiң бе? Қашан қалыңдық ойнайсың? — деп түйеден түскендей етiп қойып қалды. Жәнiбек не дерiн бiлмей, қызарып сала бердi. Бетi ду ете қалды: — Оны... ендi. — Байқа, кәзiр пiскен қызға көз тiгушiлер көп. Кейiн бармақ тiстеп жүрме. — Былай... ес жияйық та. — Өй, сен де бiр, — деп, Елдес кейiп, тағы да бiр боқтады. — Қатын алу үшiн... не ес жию керек? Әйле-пәйлеге қарамай, бар да былай... ыңғайлап... — Ол әр мүшенi атымен атап, соғып кеп жiбердi.


89 Жәнiбек ағасының сөзiн әрi қарай тыңдамай, үнсiз қалды. Кешеден берi жанын мазалап келе жатқан бiр әзәзiл ой қайта оралып, өткiр тырнағын ең бiр осал жерi-не аямай қадап өттi. “Жарайды, алайын, бiрақ...” Оның әр жағын ойлағысы келмедi. Мына жiгiттердiң iштерiнде: “Тентек Төлеу ай қарап жатты деймiсiң? Уысына түскен қыздың уызынан татпай, ол соншалық бала ма?” — деген арамза бiр ой жатқан секiлдi көрiнiп кеттi. Сәлден соң Елдес бұлардың тобынан бөлiнiп, өз ауылына қарай бет алды. Ендi үшеуi Қуаңның күнгейiне қарай жiтi жүрiп отырып, көлеңке ұзара, қалың жыңғылды сайдың борпас табанына кеп iлiктi. Әр нәрсенi әңгiмелей отырып, екi-үш төбеден асқасын Қуаңның бiр тұсын жайлаған Құлқа батырдың ауылына кеп құлады. Жәнiбек кiдiрмейiн деп едi, Қожақ еркiне қоймады. Сосын амалсыз ат басын солай қарай бұрып алды. Құлқа батырдың ауылы не бәрi он шақты қараүй екен. Бәрi алқа қотан тiгiлiптi. Жәнiбек ортадағы ақ үзiктi үлкен үйде дем алып отырып, сары торы бәйбiшемен аман-саулық сұрасты. Баласы Қожақтың аман-есен келгенiне қуанған бәйбiше тез арада қазан көтерттi. Жәнiбектiң айтқанына болмай, шайды тез қайнатып әкелдi. Шай үстiнде Жәнiбек елеусiздеу ғана: — Құлекең қалай пақуатты ма? — деп сұрады. — Құдайға шүкiр, — дедi сары торы бәйбiше тез жауап берiп. — Өзi... ауылда ма? — Жоқ. — Ау... — Қожайынымыз кеше жол жүрiп кеттi, — дедi де, сары торы бәйбiше әлденеден қуыстанып, қызарып сала бердi. — Сонда қайда? — дедi ойында дәнеме жоқ Жәнiбек үнсiз отыра бергендi жөн көрмей. Бәйбiше ендi расын айтпаудың ыңғайсыздығын бiл-гендей, тез қабағын түйiп: — Ақырзаманның баласы аласа туады, өзiңе қарай жармаса туады деген ып-рас. Кеше Ережеп кеп, кiсi жiберiп, шалды қояр да қоймай, ақыңа бiр ат берем деп, мына Бұқар жағына керуен бастап бар деп көндiрiп, алып кеттi. — О нағылған керуен? — Соны жөндеп те бiлмейiм. Татар дей ме басшысын? Қалғандары, кiлең орыс. — Е-е, солай де, — деп Жәнiбек үнсiз қалды. Демек, әнеукүнгi естiген әңгiмесiнiң рас болғаны. Бiрақ оның керуендi өзi бастап бармай, айдаладағы Құлқа батырға ысыра салғаны несi? Бәйбiше тағы да: — Биыл шалымыздың ыңқыл-сыңқылы көбейiп жүр. Ана жерiм, мына жерiм дей бередi. Сүйтiп жүрiп бiр күнi кескен теректей сұлап түссе, күнiмiз не болады деп қорқам. Соның көзi тiрiсiнде ана баламызды қолымызға алсақ па деймiз, — деп, кеуiлiнда жатқа ниетiнiң бiр шетiн шығарып та қойды. Қожақ шешесiн жаратпай: — Апа, — дедi. — Тәйт, әрi, тиыш отыр, — деп, бәйбiше ұлын тиырып тастады. — Басқаның балаларына қараш, барлығы да аяқтанып болды. Ал сен әлi сүмiрейiп жүрсiң. Осы кезде менiң немере сүйiп отыратын кезiм емес пе? — Апа... — Қой дейiм саған. — Бәйбiше ендi бұған бұрылды. — Кейде осы от басының өзiне де жарай бермейiм. Бiз ендi кәртеймесек, жасарып келе атқан жоқпыз ғой. Әне, ойба-ай, бе-лi-iм, — деп өтiрiкшыны белгiсiз, сары торы бәйбiше белiн ұстай алды. — Әне, бұл түспегiр сүйтедi. Жәнiбек бәйбiшенiң мiнезiне iштей сылқ-сылқ күлдi. “Құдай бiледi, осының iж қағындысы жоқ”, — деп ойлап: — Белiңiз сырқыраса, құмға түспейсiз бе? — дедi. — Құм әлi пiсе қойған жоқ қой. Пiссе де, менi апарып кiм түсiредi? Мына көзi моншақтай, к...i келсаптай итке апарып көмдiрем бе? — деп, аузы ластау бәйбiше ұлы мүшенiң атын бадырайтып айта салды. — Өй... — Қожақ ыңғайсызданып, керi шегiне бердi. — Апам, ендi бүлдiредi! — Немене ұлы сөзде ұяттық бар ма? — Ал, саған керек болса,— деп, Қасқырбай сылқ-сылқ күлдi. — Ерегiстiрсең, апам әлi асты-үстiңдi қазып бередi. — Е, қазбай, — дедi сары бәйбiше қыза түсiп. — Түнi бойы қазбайша қақайған пәлеңмен iрге тырналап, алы-сып шыққанда жақсысың. Ендi қатын ал десе, тұра қа-шасың. Көсiкке тесiк жайыз... — Өй, апам ендi, —деп, Қожақ орнынан атып түрегеле сап, сыртқа қарай ата жөнелдi. Жәнiбек бүйенауыз бәйбiшенiң сөзiне рәһаттанып күлдi. Сосын өзiне жақауратып әкесiне айтып барсын деп отырғанын бiлiп, үнсiз қалды. “Шынында да, Шарапатты неге ұзатпайды, а?” Олар сол күнi кедей ауылда қонып қалды. Ертесiне күн ысымай тұрып, айран қатқан ашытпадан бiр-бiр тостағаннан iше сап, екеуi атқа қонды. Қасқырбай ұзақ жолдан шаршағанын сылтауратып, бұған ермей, өз ауылына қайтты. Жәнiбек үйiне келдi. Iшке кiргеннен-ақ Айжамалдың қабағынан түйiлген ашу отын көрiп ыңғайсызданып қалды. Сонда да сыр бермеуге тырысып, жүзiн жылытып: — Қалай, амансыңдар ма? — дедi. Айжамал терiс қарай бере: — Немене аман болмай, бiздi жау алады деймiсiң, — деп бұрқ ете түстi. Жәнiбек өмiрi бетiне келiп көрмеген қатынының тұрпайы мiнез аша бастағанына таңғала қарап тұрып: — Не, не? — дедi.


90 — Не, не?! Iждеме де! — дедi Айжамал ендi ашық бұрқырап. Өзiнiң тымпиған жүзi сұрланып, қанын iшiне тартып ала қойыпты. Сосын шыдамай, долданып кетiп, кебежеден ала берген ағаш табақты жерге тарс еткiздi. — Дым бiлмейтiндей не, не деуiн қараш! Жетi жұртты жалмаған жәлептiң лапардай жазысын иiскеп, тойып келген шығарсың?! — Не?! — дедi Жәнiбек ерiксiз ашулана бастап. Осы кезде әр жағынан есемелей құйылып келiп жатқан әлдеқандай соқыр ыза оның көз алдын тұмандандырып жiбердi. — Ол — сол! Күйлеген қаншыққа көпек итше жанасып... — Қысқарт! — дедi Жәнiбек қалшылдап. — Ал, қысқартпайым, сонда нағыласың? — дедi Ай-жамал көгереңдеп. — Әй, қоясың ба, осы жоқ па? — Ал, қоймағаным! Онда бар жазы бiзде де бар. Әгәр мен десең, ол қаншықты мен тiрi тұрғанда алмайсың! Оны... есiгiмнен аттатпайым! Ойбай, ойбай! — деп, Айжамал көгереңдеп, ендi жүресiнен отыра қап, қолымен отбасын төбелеп қоя бердi. Қанасына сыймай тұрған Жәнiбек сол арада өзiне не болғанын аңдаған да жоқ. Дереу жетiп кеп, қатынының ұзын шашын бiлегiне бiр орап алды да, қолындағы қамшысымен қыр арқадан бортылдата жөнелдi. Ашудың қысқаны сонша, басқа-көзге қараған жоқ. Күнi бойы бiтеу жараша iсiнiп, сыздап келе жатқан долы ашу бiр-ақ жарылды. — Мә, саған отбасын төбелеген! — деп, тiстене сөйлеп, ендi бақырған қатының май күйрығына қарай салды. Айжамал көк ала торғайдай болса да, тiлiн бiр тартпады. Қайта өршелене түсiп, биыл өзi базарлыққа деп Бұхарадан әкеп берген хануыз көйлегiнiң өңiрiн арық қолымен дар-дар айырып тастады. Ендi бiрде шашы ебей-дебей боп, бұрқырап, бетiнен аққан қанын сүртпестен, мұның қолынан босанып шыққан бойда, сыртқа қарай ата жөнелдi. Жәнiбек ұмтылып барып ұстайын деп едi, қолы көйлекке тиiп, оны тоқтата алмай қалды. Ханауыз көйлек дар етiп жыртылып, мұның қолында қала бердi. Айжамал жарым-жартылай жалаңаш қалпы зыта жөнелдi. Жаман даусымен барқырап, ауылды басына көтерiп: — Ойбай! Ойбай! Қайдасыңдар?! Менi... анау ит өлтiрдi! Ана сiптiрге бола, сойып салды! — деп, зыр жүгiрiп жүр. Жәнiбек есiкке тақап кеп, Айжамалды қайтадан ұстап алайын деп тысқа қарап едi, үйдi-үйден атып-атып шыға келген туыстарын көрiп, басын тартып ала қойды. Қалш-қалш етiп, мына жайдың өз басына қаншалықты ұят екенi, ана қатынының абырайын айрандай төккенi жайлы тез-тез ойлап қойды. Бiрақ басқа шарасы жоқтығы есiне түсiп, қолындағы жыртық шүберек пен қамшысын iрге жаққа зытырып жiбердi. Сол түнi олар алғаш рет бөлек-бөлек жатысты. Жәнiбек оған келе ғой деген жоқ. Айжамал мұның төсек көрпесiн лақтырып жiберiп, басқа үйге кетiп қалды. Жәнiбек амалсыздан күрсiндi. Қараңғы үйде шалқ ортасынан жатып, жарым-жартылай ашық тұрған шаңырақтан түнгi қаракөк аспанға селқос қарады. Өлiара болғасын ба, бүгiн жұлдыздар ерте туыпты. Сонау бимәлiм алыс жақтан быжынаған сансыз жұлдыз кешкi самал үрлеген сексеуiлдiң шоғынша маздай ұйтқып, жарқырап барып, iзiнше солғын тарта бастайды. Әсiресе, ана бiр жарық жұлдыздың жарқырауы ерекше. Ол құдды бiр айналасына бар жарығын шашқысы келгендей маздай жанып, лыпылдайды да, артынша қуқыл тарта жөнеледi. Оның есесiне жан-жағындағы майда жұлдыздар бадырая көрiнiп, басқа жұлдыздардың ажарын көмескiлей түседi. Оған селсоқ қараған Жәнiбек iшiнен: “Қызық екен”, — деп, көпке дейiн екi көзi бақырайып жата бердi. Дәл кәзiр оның ештеңе жайлы ойлағысы келген жоқ. Өзiн өзi шаққа дегенде билеп, бүгiнгi шатақ жайын ұмытуға тырысты. Бiрақ та санасының қараңғы бiр түкпiрiнде әлсiз күдiк отының жылт-жылт етiп, оқтай түзу боп келе жатқан өмiр жолының кенеттен оқ жыланша ирелеңдеп, кесапаты мен қияметi жетерлiк қалың жықпылға қарай бағыт ала бастағанын зайыр аңғарды. Соған тiксiне қарап, одан бас тартатындай еш амалы жоқтығын бiлiп, қатты күрсiндi.

ЕКIНШI ДӘПТЕР

1

Ережептiң төбе шашы тiк тұрды. Таң атар-атпастан ауыл шетiндегi жаман шатпадан зарлана шыққан әйел дауысы инемен шабақтап жатқандай аза бойын қаза қылды. Ол дереу Шәкидi шақырып алды. Соңғы кездерi алып кел, барып келiне айналған жiгiт iшке кiрерiн кiрсе де, көзi төменшiктеп жасқаншақтап қалды. Ережеп өз доғының әлi де сыры кетпегенiне iштей ырза боп оған тура қарады: — Ана келiнге барып айтшы, бүгiннен бастап қақсағанын қойсын. Жанына не керектiң бәрiн бер. Екiншiгәрi бүйтiп күлқын сәрiден жаманшылық шақырмасын, — деп, ызаланып бiраз түйiлiп отырды. — Құп, — дедi де, Шәки орнынан түрегеле сап, сыртқа қарай ата жөнелдi. Ережеп толыса бастаған денесiн бүгiн әдеттегiден тез қозғап орнынан тұра сап, бетi-қолын жуды да, тездетiп дастарқанға кеп, малдасын құрып, шәй iше бастады. Түйенiң қою сүтi құйылған күрең шәйды асықпай бабымен iше отырып, дастарқанның бiр шетiнде оқ жыланша қақшиған ақ сұр Нағимаға ау-тауық көз қиығын салып қояды. Оның сұйық қасын, тымпиған жүзiн көрiп, әлденеге


91 кеуiлi ауырлай бердi. Қыздай алса да, өзiнiң осы әйелiнен қараптан қарап тiксiне беретiн бiр жайын ойлады. Сосын жақында Жәнiбектiң Шектi Төлеу батырдың iзiнен қалың қолымен қуып барып, қалыңдығын алып қайтқанын үйiнде қонақ боп жатқан Әбдiраманнан естiген. Екi бетiнен қаны тамған ол бiр танауымен мырс етiп: “Апырмай, алақанға өзi түскен қызғалдақты иiскемейтiн еркек... өзi болушы ма едi?” — деген-дi. Мына сөз жанына майдай жағып кеткен бұл жорта күлiп: “Иiс сезгiш кiсi тек жата ма? — деген. — Бiрақ көң-қоқырдың арасында туып-өскен аусар неме гүлдiң жұпар иiсiн сезе қояр ма екен?” — “Неге? Қайта түйе құмалағын асық қып ойнаған перi қызыл гүлдi көре сап, сағағынан үзiп, тез солдыруға тырысқан шығар”. Ережеп ыржиып екi күрек тiсiн көрсеткен. Ертесiнеақ мына от басында айтылған әңгiменiң жалпақ жұртқа дабыра боп, есемелей тарайтынын аңдаған шынында да айтқаны айдай келдi. Кәзiр екiнiң бiрi: “Төлеу шау тартса да, бiр қыздың гүлiн солдыруға жарайды ғой. Соны тегiн жiбердi дейсiң бе?» — деп гуiлдесiп жүр. Соны естiп-бiлiп отырып, Ережеп қара ақылына сап, мұның әлi де дұшпанның белiн мықтап бiр сындырғандық еместiгiн анық бiлдi. Ендi түнi бойы төсекте аунақшып жатып, кеше жеңгесiн тартып алған Мамырай тұқымынан қалайша есе қайыру керектiгiн ойластырған. Бүгiн бiр шешiмге кеп, тәуекел қадамға ден қойған-ды. Iшке Шәки кiрдi: — Мырза, жарлығыңды орындадым. — Дұр-рес. Кел, отыр, шәй iш. Шәки дастарқан шетiне жақындап малдас құрды. Добалдай қолымен бауырсақ алып: — Бiссiмiллә, — деп аузына салды. Берекесi әлi қайтып көрмеген дастарқан үстiне жатқан сары май, iрiмшiк, жентке бiр-бiр қараса да, қол соза қойған жоқ. Оған “Алсайшы”, — деп затында сараңдау Нағима да ықылас көрсете қоймады. Ережептiң жаратылысында кiсiге үйiрсектiгi жоқ едi. Жәркеленшiлей ыржақтап, тiлi мен жағына сүйенiп, бiр-бiрiне қылжақтағанды ит етiнен жек көретiн. Ең жақын деген қатарларын да өзiне тым жақындатпай, онша аса қашықтатпай, әрi-сәрi бiр халде ұстайтын. Мына Шәкидi де өзi отырған дастарқан басына онша жуыта бермейтiн. Ендi бiр есеппен шұғыл жадырап iрiмшiк, женттi өз қолымен оның алдына ысырып: — Ау, алсайшы. Өзiң немене қыз сықылды ызылып, — дедi. — Жәй. — Көрсетiлген бұл күрметтi өзiне артық санаған Шәкидiң қап-қара қос құлағы дем арасында қызыл күрең тартып сала бердi. Қара жузiне қан тептi. — Кәне, ұялма, ал. Жiгiт деген тамақты апырып-жапырып жемес болар ма? Бұ деген сендерге мүлiк пе? Жiгiт түгел, баяғыда өлгелi жатқан бiр қатын екi тапа нан жеп өлiптi дейдi ғой. Бұл тағамды алдына тыққыштаған сайын, Шәки онан жаман қысылды. Дембелше денесi әдеттегiден аласарып, шөге түскен сияқтанды. Күйеуi ыңғай көрсетiп жатқасын, Нағима да мұздай ақ сұр жұзiн жiбiтiп: — Алсайшы, — деп, сөз қыстырып қойды. Ережеп iштей тыжырынды. Бiрақ бет-өңiн тез билеп, iшiнде қорғасынша шөгiп жатқан жеккөрiнiшiн байқатпады. — Осы қазақ не деушi едi!? Жарлының бiр тойғаны — шала байығаны дейтiн бе едi... өзi, қалай едi? — Тойып ал, — дедi Нағима тағы да қосарланып. Ережеп осы жолы тас тиген кiрпiше жиырыла қалды. Оның ең жақтырмайтыны — әйелiнiң көре көзге мұның ыңғайына қарай жығылып, айтқан сөзiн қағып ап, қоса жарысатыны едi. Мұның әр жағында оған әлдеқандай қулық жатқандай боп көрiнетiн. “Шын ба? Әлде... жәй жарамсақтық па?” Ол ендi үндемей, кесесiн қолына ұстап отырып, қою шәйды ұзақ сораптап iштi. Күн қылтия екеуi атқа қонды. Таңертеңгi салқынмен жолды өндiрiп алмақ боп, астындағы жоны астаудай семiз атын бөкен жүрiсiне сап, лекiлдеттi де отырды. Өзiнен сойыл сiлтем жерде кейiндеп келе жатқан Шәкиге кiсi екен деп көз салған жоқ. Бiр ауыз тiс те жарамады. Екi көзiн әлдеқандай ой торлап, ер үстiнде сәл кисайған қалпы, астындағы пырылдай жортып келе жатқан атының қос құлағының арасында шаншылған төбесiне қадалды. Неге, дедi өзiне-өзi. Шынында да, неге Төлеу Ақкербездi оп-оңай уысынан босата салды? Әлде Тоғанақтан қаймықты ма? Әй, осы да бiр. Ол қазiр жақын құдасы Тоғанаққа ренжiп жүр. Кешегi дау үстiнде батыр тым құрымаса желiк буған қарындасы Балқияға дұрыс басалқы сөзiн де айта алмады. Оның есесiне басын бауырына ап, мына даудамайы көп дүниядан баз кешкендей момақан бiр халге түсiп, түғжиды да қалды. Бiреудiң шаруасына араласқысы келмесе, өзiнiң де сүйтiп тақуа бола қалатыны бар едi. Сол айласын ендi өзiне Тоғанақтың iстеп отырғанын байқап, бұл iшiн тартқан. Әнеукүнi Жәнiбек жiгiт жиып, Шектiлерге аттанам деп жатқанда, осы сапардан қалсын деп өтiнiш айтып, Шәкидi Тоғанақ батырға жiбермекке бiр оқталды да, iзiнше ол ойынан айнып қалды. Қешегi даудан кейiн өзiнiң ашық дұшпандыққа шыққанын байқатқысы келмедi. Дегенмен ол Төлеу батырдың ауыл жағына құлағын түрiк ұстап отырды. Жауласқан екi жақтың бiтуәжаға көнгенiн естiп мазасы қашты. Әсiресе, Алмат сардардың бұл iске араласқанына жыны келдi. “Жәнiбектiң жолы қандай болғыш”, — деп, iш жағынан бас көтерген ала күлiк бiр қызғаныш сезiмiне берiлiп, бiр сәт өз-өзiнен қапа болды. Оның Хиуа ханының бас уәзiрi Ядгарбекке барып тiлдескенiн естiгенде, қызғаныштан жарылып кете жаздады. Бар ашуын Мiрәлiден алды. Ол шiңкiлдеп: — Оны... қайдан бiлейiн, — дедi. — Қайдан бiлгендi қайдан бiлесiң? — дедi Ережеп ақырып. — Ойбай-ау, өзiңнiң басың бар ма? Жәнiбектiң бас уәзiрге айтатын сөзi белгiлi емес пе? — Е, ол не дейдi? — Не десiн, сенi мен менi жамандайды. Сүйтiп, сенен билiктi тартып алады. — Өй, қойшы, сен де бiр, — дедi Мiрәлi жақтырмай, қолын бiр сiлтеп. — Оның қоятын несi бар? Сөз жоқ, сүйтедi. Қоқайды сонда көресiң.


92 — Иә, саған. — Өй, — дедi Ережеп ағасының келеңсiздiгiне күйiп кетiп. — Ойбай-ау, оны өзiң шақырып жындысың ба? Үн-түнсiз жатып алмайсың ба? — Ау, ертең Ядгарбек сұраса не дейiм? — дедi Мiрәлi көзi алақандай боп. — Оның не дейтiнi бар? Шақырып едiм, келмедi дейсiң. — Үйтiп дап-дардай басыммен өтiрiк айтып... — Өй‚ сен де бiр. Өтiрiк алдамаса‚ кiсi ел арқасында жүрiп бола ма? Ретiмен айтылған өтiрiк пен өсек кейде алтындай шындығыңа бергiсiз. — Ережеп сол жолы келеңсiз ағасынан түңiлгендей болды. — Ал, сонда, не өнедi? — дедi Мiрәлi түкке түсiнбей. — Өй, — деп Ережеп күйiп кеттi. — Соған да миың жетпей ме? Арнайы шақырғанына келмегесiн, Ядгарбек оған ренжiмей ме? Өз сөзiн жерге тастады деп ойламай ма? Сосын... — А-а, — дедi Мiрәлi мұның қулығын жаңа ғана түсiнiп. Бұл да Ережептiң жанын мазалаған бiр нәубет болып алды. Есiл-дертi олардың не жайында сөйлескендерiн бiлудiң үстiнде болды. Шынында да, олар не жайында әңгiмелестi екен? Ережеп құлағын қаншама жел жаққа түргенiмен, еш сыбыс ести алмай, дал болды. Сосын бiр есеппен кешелерi Құлқаны азбен алдап қойып, орыс керуенiн Бұхарға жол бастап апар деп, өз басына төнiп келген қолайсыз мiндеттен құтылып шықты. Сүйтiп артында дүмдi ақ патшасы тұрған Ахиярға да, мам берiп Құлқаға да ұнап, екi жеп биге шықты. “Кiм бiледi, кейiн замана райы қалай-қалай құбыларын? Үш күндiгiн ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без деген ып-ырас. Хиуа мен ақ патшаның арасында шөре-шөре боп жүрiп...”, — деп, ол iшкi ойын шорт үзiп тастап, танауының астынан әлдеқандай әннiң бiр үзiгiн ыңырси айтты. Сосын еңсесiн көтерiп, соңында үн-түнсiз салпақтап ерiп келе жатқан атқосшысына бұрылып: — Осы... сенiн қайын атаңды апарған малыңды алмады дей ме? — дедi жылы сөйлеп. Шәкидiң жүзi сәл қызарғандай болды. Түрiнен әлденеден қысылғаны, iркiлiп сала бергенi айқын сезiлдi. Ол күмiлжiп: — Солай боп қалды, — дедi. — Е, неге? — дей бердi де, Ережеп тiлiн тiстей қойды. Ойына ойдан-қырдан ұрлап алдырып жатқан көп жылқы түсiп, iштей бiр түрлi боп, ыңғайсызданып қалды. Шәки осы жолы әлденеге батылданып, бiр жағынан аңғырттығы ұстап, Көпжан ақсақалдың айтқан жауабын бұған: — Арам малды алмайым дейдi, — деп айтып салды. Ережеп iштей тiксiнiп, түсi салқын тартып: — Ар-р-рам дей ме? — дедi. — Иә, — дедi Шәки артық кеткенiн ендi аңғарып. — Апырмай, кедейдiң керiнен сақта деушi едi. Солай деп бұрынғылар қалай тауып айтқан, а? Быламығының бетiн бозарта алмай жүрiп, қарай гөр керiлуiн... Шәки үндемедi. Бiр жағынан кешелi-берлi қайын атасына деген өкпе-ренiшi жеңiп, екiншi жақтан өз туысын корлай сөйлеген Ережептiң сөзi жанына батып, әрi-сәрi бiр хал үстiнде қала бердi. Ережеп қабағын шытып, ендi бұған бұрылып қарауды қойды. Астындағы атын тебiнiп қап, сар желдiрiп кеттi. Күн арқан бойы көтерiле бере, Үшқарадағы қоңыр дөңнiң күйқалы, отты төңiрегiн жайлап отырған Мұғараптың ауылына келдi. Алты ұлы әлдеқашан үйлi-баранды боп кетсе де, еншi бермей, Мұғарап барлығын бiр ауыл ғып ұстап отырған. Алты ұлының алты отауы алқа қотан тiгiлгенде, алыстан айбары мен доғын анық көрсетiп, қандай жолаушыны да пысы баса түсетiн. Ережеп салдыртқан қалпы үлкен үйдiң жанына жақын кеп, ат басын iрiктi. Осы кезде iштен Мұғараптың ортаншы ұлы шығып, мұнымен амандасып, атын шылбырынан жетектеп, аулақ алып кеттi. Мұғарап үйiнде екен. Дөң мұрын, ақ сұр беттi, шоқша ақалды шал амандық-саулықтан соң: — Жәй жүрсiң бе? — дедi. — Қайдан жәй болсын, — дедi Ережеп асықпай сөйлеп. — Биылғы зекетiңiздi бермедiңiз ғой. Соны... — Ойпырмай, осы салығы түспегiр де көбейiп кеттi. Үстiнен жонып жеп отқан азын-аулақ малтегеннiң басы басына бiр қосылмай-ақ қойды-ау, — дедi ел арасында сараңдығымен бес қуырдақ деп атанып кеткен Мұғарап көре көзге тарылып. — Ау, ана құдаларыңыз көмек бермей ме? — дедi Ережеп дым бiлмеген түрмен. — Құдасы қайсы? Ана Мамырай ма? Өй, оны қой. Оның малы өзiнен ауыспайды. — Неге? — дедi Ережеп мұртынан күле түсiп. — Құдай кiсiге бақ берейiн десе, әйле-пәйлеге қарай ма? Жәнiбек деген бүгiнгiнiң нағыз бақ қараған жiгiтi емес пе? Әбiрейi қандай, бiлiмi қандай! Мен өзiн өте жақсы көрем. Әсiресе, оның Тайпанның жесiрiн тоқалдыққа алғалы жатқанын естiп, қатты қуанып қалдым. Мұғараптың жұқа танауы бiреу бiз сұғып алғандай дiр ете түстi. Танауының астынан мiңгiрлеп: — Ол... ендi, — дедi де қойды. — Өзi бiр аса зият жiгiт қой. Ондайларға төрт-бес қатын алған, тiпте, артықтық етпейдi. Мұғараптың жүзi қап-қара боп кеттi. Ережеп iшiнен сылқ-сылқ күлдi. Күн түске тармаса Ережеп қайтадан атқа қонды. Ендi ол Сырға күлап, Тұрғалидың ауылында зауал ауғанша болды да, кешкi салқынды төске алып, Дөсек Тайпанның үйi қайдасың деп аңыратып тартты да отырды. Мұның бұл жолғы келiсi тiпте оқшау. Әдетте жыл сайын Хиуа ханына зекеттi Мiрәлi қасына он шақты қарашысын ертiп, ауыл-ауылды аралап жүрiп, өзi жинайтын едi. Бұл барлық малдың басы құралып болғасын барып iске кiрiсетiн. Иiрулi жатқан қалың жылқыны аралап жүрiп, дене бiтiмi бөлек, пiшiнi жақсы деген құлын-тайларды iрiктеп ап, олардың орныпа тұяққа тұяқ деп, өзiнiң арық-


93 тұрық, ауру-сырқау жаман жабағыларын тыға салатын. Және де Хиуа бегiнiң Сыр өңiрiндегi қазақ байларында қанша бас мал барын бiлмейтiндiгiн арқаланып, көбiне бар жылқы санын кемiтiп көрсетiп, үстiнен жонып жеп, пайда көретiн. Былтыр Мiрәлi аңқаулық жасап, тiлiнен қағынып, сол қулығынын шет жағасын құрдасы Тайпанға сездiрiп қояды. Сол сөз ауыздан ауызға көшiп, ақыры мұның құлағына тидi. Бұл ызадан жарылып кете жаздады. Жолы үлкен болса да, келеңсiздеу ағасын жерден алып, жерге салды. Содан ақыры не болады деп күптi кеуiлмен бiраз жүрдi. Құдай оңдап, бұл сөз Дадабекке жеткен жоқ. Ендi биыл бұл салық жинауды өзi басқарып, тексермекшi болды. Сол ииетпен Тайпанға келе жатқан бетi осы. Ережеп күн ұясына қона Тайпан ауылына жеттi. Кәдiрлi қонақты көрiп, ұзын бойлы, сопақ бас, мұрны қолағаштай Тайпан қызметшi жiгiтiне биылғы ерте туып, ерте пiсiп үлгерген бағлан қозыны тез сойдырды. Тоқалына баптап ашытылған қымыз алдырды. Ережеп түрулi тұрған жабықтан жерошақтағы әйдiк қара қазанда былқып пiсiп жатқан жас ет иiсiн алыстан сезiп, бiр түрлi кеуiлденiп сала бердi. Кепкен таңдайын бал татыған қымызбен жiбiттi. Екiншi тостағанды орталап iшiп, iшiнде қалған қымызды ақырын шәйқай отырып, үй егесiнен шаруа бабын сұрасты. — Шукiршiлiк, — дедi Тайпан жымиып. — Есепшiлер биыл қыс қатты болады дей ме осы? — Иә, сүйдеген сөз бар. — Жұт болмаса жарар едi. — Қой, қайдағыны айтпа. Жұт бола қоймас. — Неге? — дедi Ережеп оған байыппен қарап. — Жұт дейтiнiң, қазақ есебiнше, ыңғи тышқан жылында айналып соғады. Бiрақ... қыс қатты болса, мал-теген шөп жағынан қиындық көрер. — Қызылдың iшкi жағына қар аз түседi. Уақ жандық жердегi шөптi теуiп жесе де, бiрдеме етпей ме? — Оның рас, — дедi Тайпан ойланып. Ұзын мұрны сорайып, сабырлы тартып, ойланған кескiнi бiр түрлi өзiне жараспайды екен. Әрi ондайда түсi сұстанып кететiн сықылды. Ол маңдайын қыржымдандыра берi қарап: — Қызыл деген қазақтардың атам заманнан бермен қарай келе жатқан құтты қонысы емес пе? Тек сол қыстау жердi... мына Бұқар әмiрi күзете бастаған дей ме? — Иә, ол рас. — Сонда бiресе Хиуаға, бiресе Бұқарға, бiресе Қоқанға шығынданып, бiз қасқа титықтап құрымаймыз ба? — Оны... қайдам. Құранда күштiге қызмет қыл делiнiптi ғой. Жалпы ел басқарған кiсiнiң жайын жасау қалың бұқараға жайыз емес пе? — Дегенмен... мына салығы түспегiр жанға батып барады. — Иә, — дедi Ережеп дауысын созып, — мен сол салық жайымен жүрмiн. Бермеске амалың бар ма? Мен де осы малды жинау үстiнде, қазақ сорлыны аяп-ақ болам. Қарап отырсам, осы бiздiң малымыздың кiм көрiнгеннiң қолында, қаңғырған келiмсектiң жетегiнде кетпеген кезi бар ма? Әй, жоқау! Қай заманға көз жүгiртiп қарасаң да, күштiлердiң бәрi аңқау бiздi тонап болыпты. Ал бiз қасқа оларды өз туған жерiмiзден қуып шығудың орнына, солар қалтасына жер салып әкелетiндей, арамызда әдiлдiк орнатардай, барымызды аузына тосып, жалпақтап бағамыз. Ал шындығына келгенде, олар өз жерiмiздi өзiмiзге бөлiп бередi. Сонда, — дедi Ережеп даусын соза түсiп, — бiз немене өз жерiмiздi өзiмiз бөле алмаймыз ба? Бiз немене өз алдымызға, ешкiмге тәуелсiз ел, мәмләкәт боп тұра алмаймыз ба? — Мәмләкәт деген не пәле өзi? — дедi Тайпан түсiнбей. — Ендi.. ол... былай, — дедi Ережеп тыжырынып. Iшiнен: “Мен кiмге сөзiмдi шығындап отырмын осы”, — дедi де, сол сәт турасына көшiп: — Сонымен, салық жайы ғой, — дедi. Тайпанның жел қағып, тотыққан қоңыр жүзi лезде қарауытып кеттi. Күректей қолын тертедей ұзын тiзесiне сап, бiр сәт үнсiз қалды. Екi иығына екi кiсi мiнгендей еңгезердей кiсiнiң сыр сақтайын деп, аяқ астында тiл-жақтан қалғаны Ережепке бiр түрлi қызық боп көрiнiп кеттi. Қымыздың қалғанын тауыса iшiп, сыртында әдемi ирек өрнегi бар тостағанды саба жанында отырған тоқалға қарай шиыра дөңгелетiп жiбердi. Сосын тамағын кенеп: — Биылғы зекеттiң қарамы көптеу боп тұр. — Ау, неге? — Ұлы хан Мұхәммәд-Инақ әскердi қаруландырам деп тiлләға аса қатты мүтәж болып отыр. — Сол да-ақ осы соғысудан жалықпайды екен, — дедi Тайпан жақтырмай. — Ол ендi... ұлы ханның өз шаруасы. Бiздiң мiндетiмiз — хан жарлығын орындау ғана, — деп Ережеп түбi шикi әңгiмеге дер кезiнде тоқтау салды. Әрi мұнысы өреңдi бiл, басыңа пайдасыз бос сөздiң керегi не дегендiк де едi. Сонан кейiн суық жымиып: — Тәке, осы сiздi қарттық жеңiп, шау тарта бастады дей ме қалай? — дедi. — Е, оны кiм айтып жүр? — Тайпан таңғала қарады. — Кiм болсын, осы ел солай деп гу-гу етедi. — Е, сонда не дейдi? — Не десiн? Олар қайраты барында апырып-жапырып жұмыс iстеп, желiсi құтайып едi дейдi. Ауыр бинет қойсын ба, ендi мойи бастапты. Болмаса мыңғырып жатқан соншама малдың рәтiн көрмей ме? Рәтi дегенге, ел сарт байыса‚ там салады, қазақ байыса‚ қатын алады дегендi көлденең тартады. Тәкең сонша малды көбейткеннен не табады? Қарынбай болам дей ме? Болмаса жиған дәулеттiң қызығын көрiп, жас иiс алып жатпай ма дейдi. — Ережеп қулана, мырс-мырс күлдi. — Соған қарап айтып жатқаным ғой. — Қатын дейсiң? Бала-шаға болса, ер жетiп қалды...


94 — Ойбай, сiзге қатын алып беруден аулақпын, — дедi Ережен қолын сiлкiлеп, жырқ-жырқ күлiп. — Жәй ғана елдiң пыш-пышы есiме түсiп кетiп... Айтпақшы... Мал демекшi, соның қызығын ана менiң қатарым Жәнiбек көрiп жүр. Ана Мұғараптың қызының белiнен күшi, бетiнен қызылы кетпей жатыпақ, жас иiс алып, қызыққа батып жатыр... — Ол ендi... әркiмнiң өз шаруасы ғой,— дедi Тайпан бет-ажарын iшкi алабұртқан бiр толқынға жеңдiрмей. — Бiреу байлық қуады, бiреу дүния қуады. Тiршiлiктiң қызығын әркiм өзiнше көредi. Тек соның жөнiн, ретiн шатыстырмаса жарайды да. — Оған не сөз бар? — деп, Ережеп кенет кеуiлi енжар тартып, сөзден кiлт тыйылды. Ет жеп болғасын, қайтадан қымыз келдi. Сусынға қанғасын, қонаққа төсек салынды. Күнi бойы жол соғып келген Ережеп жастыққа басы тиер-тиместен тұла бойы ал-сал тартып, басы мәңгiрiп, көзi кiлгiре бастады. Қабағына әлдеқандай ауыр тұман қонғандай ауырлап сала бердi. Ертесiне ол орнынан қунақ тұрды. Азанғы шәй үстiнде шаруасын тура айтты: — Ал, Тәке, биыл зекетке жиырма бес бас мал бересiң. — Е, о ненiң ақысы? — деп, Тайпан шошып кеттi. — Малыңыздың санына қарай лайығы сол. Мiне, тiзiм,— деп Ережеп жан қалтасынан араб әрпiмен жазылған қағаз алып көрсеттi. Онысы Ережептiң жақында ғана iшкi жақтағы бiр туысқанына жазған хат едi. Хат танымайтын Тайпан ненi аңғарып жатыр деп, бұл кешеден бергi ойлап тапқан қулығы болатын. — Мынау жалпы малыңыздың саны, — деп ол сұқ саусағымен бiр жердi зiлдiрек етiп түртiп қойды. Қағазды көрген Тайпан самсоз боп, не iстерiн бiлмей, апалақтады да қалды: — Апырмай, бұл оқыған итке дауа жоқ деген рас екен. Менiң құм арасында тарыдай шашылып жатқан малымның тiзiмiн қалай алып жүр, а? Әлде көрiпкелi бар ма? — Нағыз көрiпкел осы қағазда, — дедi Ережеп түсiн суыта түсiп. — Рас болса, рас шығар. Сонда бәрi қағазға түсе қалған, а? — Е, түспей. — Ережеп мырс еттi. — Сендер құм арасында бұқпантайлап жүргенде, ешкiм бiздi байқамайды дейсiңдер ғой. Жоқ, Хиуанын, алымдары бәрiн бiлiп, мынадай етiп хатқа тiзiп отыр. Сонымен... — Қарағым, қалған жағын өзiн, бiл. Жауға да кетiп жатқан мал ғой... — Неге жауға? Сонда саған немене Хиуа ханы дұшпан ба? Әлде мұсылман жұрты бiр-бiрiне өш пе? — Ойбай, құдай сақтасын! Мен бiр қараңғы надан кiсi, бiлмей тiлiмнен жазып, — деп Тайпан шошып кеттi. — Ал, бәрiн ал! — Е, мiне дұрыс, — дедi Ережеп дауысын соза сөйлеп. — Жарайды, ағайын емеспiз бе, мен мына тiзiмдi ертең жөндеттiрейiн. Он бес бас мал өзiңде қалсын. Қалғанын түгел бересiң. Бағанадан берi иманы ұшып отырған Тайпанның жузi жадырап, жалпылдап: — Өй, өркенiң өссiн! Алдыраз болсын! Жағың түспей, жамандық көрме! — деп, берi қарай бiр ысырылып отырды. — Тек... ойланыңыз. Жас иiске қимаған малыңыз жаудың алдында кетсе, кейiннен өкiнiшi жаман болады. — Апырмай, осының ып-рас. Бiз қасқа мал, мал деп өлемiз ғой онан да... — Ол әлденеге кiжiне сөйледi. — Тап ерегiскенде бар ғой, бар малымды ертең берсем де, бiр тоқал алармын-ау! Ережеп iшiнен алақанына түкiрдi. Ауылына қарай қайтып келе жатып, күнi ертең алаңғасар Тайпанның басқа-көзге қарамай, бiр iстi iстеп тастайтынын iштей шамалады. Екi-үш төбеден асқасын, оған Елмырза төре қарсы ұшырасты. Олар аттарының бастарын iркiсiп, қысқаша амандық-саулық сұрасты. Ережеп жақында ғана мына Ташкент шәһарындағы Баймырза төреден арнайы шабар келiп қайтыпты деп ұзынқұлақтан естiген едi. Соның неге жүргенiн бiле алмай, бiраз дағдарған. Ендi сұлтанның қара бұжыр бетiне сынай көз тастап тұрып: “Әй, кәпiр-ай! Iшiнде ит өлiп жатса да, дымын сыртына шығармайды-ау! Қу ғой, қу!» — деп ойлап қойды. — Елеке, алысқа бет алдыңыз ба? — Жоға. Мынаяққа, — деп, Елмырза қамшысымен Сыр жақты немқұрайлы сiлтей салды. “Сыр бойында отырған ауыл көп. Сонда оның қайсысы болды?” — деп, iштей ойлаған Ережеп жорта күлiп: — Е, онда сапар оң болсын, — дедi де, атының басын бұра бердi. Ережеп ауылына қарай келе жатып, әлденеге кеуiлi ауырлап, қабағына кiрбiң шапты. Бiрнеше жалдан асқа-сын, кенет мойнын арт жағына қарай бұрып ап, үнсiз келе жатқан Шәкиге: — Сүйтiп, атаң бiр кергiген екен ғой, — дедi. — Иә. — Кергiген керге жолығады деушi ме едi, өзi қалай, — деп, ол сөзiнiң аяғын жұтып, мұрнының астынан мiңгiрлеп, әрi қарай бұрылып кеттi. Содан кейiн ләм-лим деп ауыз ашқан жоқ. Екеуi де үнсiз жүрiп келедi. Тек қана сар желiп келе жатқан екi аттың болат тұяқтарының кебiр жерге борт-борт тигенi, олардың ара-арасында бастарын шұлғып қойып, пысқырғаны ғана естiледi.

2 Елмырза төре Ташкенттегi iнiсiнен хабар тигесiн, бойына кiсi-қараны онша жуыта қоймай, өзiнше томаға-тұйық оңашалана берген едi. Iшiнен Баймырзаның ниетiн сарапқа салып көрдi. Ақырында: “Пұшпақтай жер үшiн қырық пышақ боп жүрген осы хандар тез арада ымыраға келе қояр деймiсiң? Осы соларда менiң нем бар?” — деп түйдi. Сосын соңғы жылдары бұрынғы ажар-сиқынан айрыла


95 бастаған өз әбiрейiн ойлады. Кәзiр Хиуа ханының зекетi мен ұшыры дiңкелеткен жұрттың күн санап апшысы қуырылып барады. Ақсирақ тартқан ел бұрынғыша қыстық азығың деп сұлтандарға сойыс малын берсе де, қиналып, кiржiңдеп беретiн боп жүр. Ал диқандар орған астығы өздерiнен артылып жатса ғана, бұған деп бiрдеме ырымдаған болады. Осыны өлшеп-пiшiп отырып, Елмырза кейде бөлекше, түрi-түсi, жықпыл-жықпылы көп қатыгез бiр замана келе жатқан жоқ па, деп ойға шомады. Өткендегi мына жалпақ жұртты жалғыз сұраған дәуренiн аңсайды. Не қыласың, оған Хиуа хандары қатал тыйым салды. Билiктi бiр қолға жиып, Хиуада отырған қаһарлы хан қазақ сұлтандарын тiзгiндеп ұстап, өзiне тәуелдi етiп қойды. Кәзiр өзi сол Хиуа ханы Мұхәммәд-Инаққа қызмет қылушылардың санатында. Соның айтқанын қайт етпейдi. Кеше мұны Дадабек Құмқамалға тез жетсiн деп, кiсi шаптырған екен. “О несi?” — деп таңғалса да, iштей бiр түйткiлдi сезiп, қатты қобалжыды. “Баймырзаның шабарманы бiреу-мiреудiң көзiне түсiп қалмады ма екен?” — деп, түнiмен абыржып бiттi. Кәзiрде де сол есiне түскенде, өз-өзiнен қозғалақтап қойды. Судырап шығып кете берген жеңiл, жаздық жiбек шапанының екi етегiн жинап, қос тақымының астына қысып, ер үстiнде дұрысталып отырды. Қасында ерiп келе жатқан Шатайға бiр рет көз қиығын салып қойды. Оның екi ұртының iшiне қарай батып, суала түскен шұқырына қарады. Тура жас баланың жұдырығы сыйып кететiндей екен. Соған қарап, Елмырзаның күлкiсi келдi. Сосын ол өзiн-өзi зорлап тыйып: — Жаңағы түлкi нағып жүр екен? — дедi өз ойын басқа жаққа аударғысы кеп. Сөзкер, бағанадан берi тiлi қышып келе жатқан Шатай әңгiмелесер кiсi табылғанына қанып, тез тiл қатты: — Ит бiлсiн бе? Қасқыр қашса да, жортса да, жемтiк жайын ойлайды ғой. — Ол рас. — Зекет деп өзi... әбден шаршысына келiп бiттi. Ұрлап жатқан малы аздай, салықтың үстiнен жонып жеп, пайда тауып жүр. — Апырмай, ә? — дедi Елмырза төре жорта таңғалып. —Үйтетiндей... өзi... баукеспе ұры ма едi? — “Мынау ит тағы да мал айдатып алған-ау”. — Ойбай, Елеке, айтары жоқ, — дедi Шатай қамшы ұстаған қолын сiлтей сөйлеп. — Жаңағы қасындағы Шәкидiң қара терiн құлақ кестi құлынан бетер пайдаланды. Мынаяғы түрiкмен, мынағы Ақмешiтке жiберiп, мал барымталап, айдап әкеп жатады. — Е, солай ма едi? — Иә, солай. — Осы сенiң қатының Табын ғой, ә? — Иә. Елеке, оны неге сұрадың? — Сонда... Теке Табын ба әлде Мөңке Табын ба? — дедi. Елмырза ыңғайы келгенде өзiне дүдәмал осы арасын анықтап алғысы кеп. Ол Шатайдың сұрағына жауап бермей, өзi жауап күте, мойнын бұрып қарады. — Мөңкесi бар болсын. Онысы бiр қара шаруа ғой. Бiз алғасын, батыр мен телi-тентек көп шыққан Текесiнен аламыз ғой, — деп Шатай едәуiр көтерiлiп қалды. — Е, онда ана Бұқарбай батырдың жақындары болды ғой. — Болғанда қандай. Төрт-бес ата жерде. — Осы... Бұқарбай мен Байқадам екеуiнiн арасы онша емес дейдi ғой. Сол жағынан хабарың жоқ па? — Қайдам. Ел дегенiң сәл нәстенi дабырайтып айта бередi. Көзбен көрмегесiн, — деп, Шатай қашырта жауап берiп, мұның бетiне тура қарай алмай, көзiн тайдырып әкеттi. — Дұр-р-ес, — деп, Елмырза ендi оған көз киығын да салмастан, астындағы атын тебiнiп қап, iлгерi жүрiп кеттi. Сары аяңға сап, жiтi жүрiп отырып, сәскелiкке таман Сырға келiп құлады. Медеубай Қотырашты дедектетiп отырып, аттарды бос айдап жiберiп, жалдамалап, өздерi қайықпен арғы бетке өттi. Елмырза судан қатты қорқатын. Бұл кезде дария тасқан бетiнен қайтса да, суы толық, ағысы қатты. Салған жерден қу қайықты үйiрiп әкеттi. Ол майда толқын шылп-шылп ұрып, жағадан шыққан бойда-ақ қылтылдаған қу қайықтың ернеуiнен екi қолымен тас қылып ұстап алған едi. Бiр сәт ол екi жағынан үйiрiле ағып бара жатқан лайлы суға қорқа қарады. Бет жағы жыбыр-жыбыр етiп әлдеқайда асыға ағып бара жатқан судан табан асты қозғалып кеткендей, аздап басы айналды. Сосын көзiн тез тайдырып әкетiп, Медеубайға қарады. Қортық, жуан кiсi бұжыр бетi быдым-быдым боп, тотыға түсiп, қайықтың құйрығында отырып, жалпақбас ескектi ауанымен күрей есiп келедi. Оң жағына қарай сәл қисайып ап, шiрене ескенде, қара май сiңген қу қайықтың басы қайқая көтерiлiп барып, iзiнше төмен қарай сылқ ете түседi. Медеубай жамау-жамау шалбарының екi балағын тiзесiне дейiн түрiнiп алған. Су шылап, аптап қақтаған балтыры шыт-шыт боп жарылып кетiптi. Өзi әлмәһал жалақ ерiнiн тiлiмен жалай бередi. Елмырза соған көз сап тұрып: “Мынаның тiршiлiгi қандай екен? Қатын, бала-шағасын қайықшылықты кәсiп қылып та асырауға бола ма?” — деп ойлап қойды. Жағаға шыққасын, қолына iлiккен бiр-екi қара бақырды Қотыраштың алақанына сала сап, жоғары өрледi. Дария жағасының шiрiген борық пен сыз исi араласқан ауасын ұнатпай тыржиып, биiкке шыққанша жанығып бiттi. Тек жарқабақтың басына шыққанда барып, уһ деп, кеуде кере бiр дем алды. Сосын осы кезде Шатай ұстап әкеп, алдына көлденендеп тарта берген атына мiнiп, Жанақала қайдасың деп сылқытты да отырды. Дадабек мұны тықыршып, қутiп отыр екен. Бұл iшке кiрер кiрместен: — Соншама неге кешiктiңiз? — дедi. — Қадырдан бек, жол ұзақ. Дайрадан өту де оңай емес, — дедi Елмырза әзiр тұрған сылтауын көлденең тартып. — Қайықшы қайда екен? — дедi Дадабек сынай қарап. — Орнында ғой. Бiрақ мына аттарды өткiзу қиынға соқты. — Елмырза осқырына күлдi. — Өмiрi су көрмей, тағы боп алған бұл жануарлар да қазақтардың мiнезiндей дағды көрсетедi. Осқырып суға жоламайды.


96 Түнерiп тұрған Дадабектiң қату қабағы сонда барып жадырады. Ол шұғыл өзгерiп, жымиып: — Құрметтi сұлтан, аса тауып айттыңыз, қазақтардың өздерi де жылқы мiнездес ел ғой, — дедi де, кенет iлгерi қарай жүре бердi. Бұған ешқандай ишара бiлдiрген жоқ. Елмырза iшiнен қатты қорланса да, күнi осыған түсiп тұрғасын, амалсыздан оның соныңан ердi. Дадабек жүрiп келе жатып, оған мойнын әнтек бұрып: — Жылқысы түгел, қазақтың өзi де судан өлердей қорықпай ма? — дедi. — Иә, ондайы бар, — дедi Елмырза әлденеге тамағы кеуiп, даусы қарлыға шығып. — Ондайы? — Дадабек кiлт тоқтай қап, бұның бетiне зер сала қарады. Елмырза ыңғайсызданып қалды. Қашаннан төре сүйегiне сiңiп қалған дағды бойынша, өзiн былайғы жалпақ қара қазақтан алшақтатып ұстайтын дағдысына басып, оларды өзiнен қашықтатып сөйлейтiн. Жаңа да сол әдетiнiң қалай үстемдiк ап, тiлiн ерiксiз солай қарай ие бергенiн өзi де байқамай қалған болатын. Бiрақ әккiлiгiне басып, тез арада жөн тауып: — Иә, ондайы бар, — дедi даусын соза түсiп, аз да болса келесi айтар сөзiн iштен ойланып, өлшеп алайын деп. — Сонда... қалай? — Қадырданды бек, ұлы бабамыз Шыңғыс хан осыншама жердi жаулап алғанда, өзi қазақ болайын демеген шығар. Арқар ұранды төре қауымы содан берi тiлi мен түрi өзгерсе де, тегiн сақтап келедi ғой. — Е... солай деңiз, — деп Дадабек жымиып, iлгерi қарай жүрiп кеттi. — Берi жүрiңiз. Айтар гәп бар. Олар кең жайға кеп кiрдi. Мiрәлi iште отыр екен. Ол мұны көре сап, қолпылдаған жiбек шапанының жерге сүйретiлген етегiне сүрiне-қабына орнынан түрегелiп, оң қолын кеудесiне қойып амандасты. Қара сұр жүзi әдеттен тыс жылмиып, қошқар мұрнының үстiнен қарағанда, өзi бiр түрлi Дадабекке ұқсап кеттi. Хиуалық сияқты әдет тапқан кiсiнi көрсе, Елмырзаның ит-жыны тырысатын. Неге екенi белгiсiз, осы жолы зәрлене жымиып: — Осы қазақта ассалаумағалайкүмнiң ат қосшысы қос қолы емес пе едi? — деп, оған қарай борықтай қолын созды. Мiрәлi сасып қалды. Кәпелiмде не айтарын бiлмей, жаңағы жасанды дағдысынан жұғын да қалмай, елпектеп, қос қолын қатар үсынып жатып: — Әлбәттә, әлбәттә. Бiздiкi патшаң соқыр болса, бiр көзiңдi қыса жүр дегендiк қой, — деп сөзiнiң соңын анық естiртпей, мiңгiрлеп барып бiтiрiп, төменшiктей бердi. — Қалай, мал-жан аман ба? — Құдайға шүкiршiлiк. — Осы сенi жақында жер қайысқан қол бастап барып, ел шауып қайтқан дей ме? Немене, өзiң батыр аша бастағансың ба? — Ендi... былай, — дедi Мiрәлi мiңгiрлеп. — Бiздiң сардар баһадүр болмағанда, кiм баһадүр болады? Күш атасын танымас деген, — деп, Дадабек жорта күлiп, мына екi қазақтың жаңағы бiр арбасқан тұсынан қызық бiр жәйттi көргендей , шалма ораған дағарадай басын сәл-пәл шайқап қойды. Сосын қолымен iлгерi жақты нұсқап: — Қурмәтлу мехманлар, жайғасып отырыңызлар, — дедi. Елмырза мен Мiрәлi Қаразым жұртының дағдысымен етiктерiн босаға жақта қалдырып, мәсiшең аяқтарын сидаңдай басып, төрге озды. Дадабек кiлем төсетiп, қазақшалап көрпе жайдырып қойған екен. Екеуi кең, салқын жайда отырып, шапандарын шешiп, беттерiнен сорғалаған терiн сүлгiмен рәһаттана сүртiп, күңгiр-күңгiр әңгiмелесiп отырды: — Апырмай, мынау бiр раһат қой, iшi қандай сап-салқын! — Айтары жоқ! —дедi Мiрәлi оны тез қоштап. — Бiз қасқа құрым сасыған киiз үйдiң iргесiн түрiп тастағанға мәз боп, күнi бойы пысынап отыра беремiз. Ал мына ағайын қалай, ә? — Пәле ғой, пәле! Қолынан да, тiлiнен де келедi. — Осы қазақ байыса қатын алады, сарт байыса там салады дегендi кiм ойлап шығарып жүрген, а? — Елмырза қулана түсiп, кенет түрi бөтен әңгiмеге қарай ауыса бердi. — Оны... кiм бiлiптi. Өзiң қаяғына жатасың, а? — Қаяғы несi? Қазақпын да, — дедi Мiрәлi түкке де түсiнбей, екi көзiн быттитып. — Онда... сарт боп, сенiң салып жатқан тамың жоқ, не қазақ боп, алып жатқан қатының жоқ. Бұл өзi... қалай болады, а? — деп әккi төре лекiте күлiп, Мiрәлiнiң жанды бiр жерiнен шымшып өттi. Мiрәлiнiң түрi қап-қара боп кеттi. Аузын аша берем дегенше, Дадабек жақын кеп, жандарына отырды. Оны көрiп, Мiрәлi кекештенiп қалды. Дадабек сол сәт үлкендiгi бармақ басындай гәуһар салынған жүзiгi бар қолын жоғары көтерiп, екi алақанын сарт-сарт еткiзiп қалды. Сол екен, iшке аяғын жеңiл алып, кiлем үстiмен жүзiп келе жатқандай боп, қызметшi жiгiт лып етiп кiрiп келдi. Кәнiгi машығымен басын иiп, қолын кеудесiне қойып, қалт тұра қалды. Дадабек оған қолымен ишара жасады. Қызметшi басын иiп, қолын қусырып, көткеншектей бердi де, тез бұрылып, сыртқа шығып кеттi. Аздан соң неше түрлi дәм мен жемiс дастарқан үстiн көмiп кеттi. Өзбектiң анары мен жүзiмi, шабдалы мен мейiзi көздi қызықтырып келiп жатыр. Одан соң ортаға буы бұрқыраған, өрiк-мейiз қосылып, құс етiмен қарашықталған майлы палау қойылды. — Қурмәтлу миманлар, кәне, алыңыздар, — дедi Дадабек Елмырзаға қарап. — Әрине, мынадай ыссыда сизләргә бере қоятын қымызымыз жоқ. — Iждеме етпес, — деп Елмырза палауға қарай қолын созды. — Иә, биссимил ләһир рәхманир рәһим, — деп қолымен көсiп ап, май палауды аузына сала бердi. Сосын өздерiне осыншама құрмет көрсетiп, жалпақтап жатқан Дадабектiң жүзiне барлай қарады. Iшiнен: “Мына залым бiздi май палау берiп, майсөк қылғалы отырған жоқ па осы?” — деп ойлап қойды.


97 Дәм үстiнде Дадабек сөздi алыстан орағытып бастады. Өзбек, қазақтың туыс, бауыр екенi хақында бiр қыдыру әңгiме айта кеп, бiрде татулық, ауызбiршiлiк жағына қарай ойысты. — Бiрақ, — дедi Дадабек екеуiне қадала қарап, — кейбiр кiсiлер мұсылманшылықты ұмытып, тағылығына басып, басбұзарлық жасап жүр. Былтыр қазақтар бiр қамалымызды қиратып кеттi. Сонда олар не пайда тапты? Бұл кiмге пайда, кiмге зиян? — Дадабек алдындағы көк шәй құйылған кесесiн қолына ап, бiраз толғанып отырды. — Сiздер бiр ғана қарақан қара бастарыңызды емес, төнiп келе жатқан қауiптi ойлаңыздар. Кiсi қайда жүрсе де, қара басын асырай алады. Ал, бүткiл ел боп тұтасып отырып, тiршiлiк ету, жүдә, қиын да. — Әлбәттә, — дедi Елмырза оны қоштап, iшiн бермеуге тырысып. — Соны сiздiң кейбiр ру басыларыңыз, ақсақалдарыңыз терең ойламай, неше түрлi әңгiме айтып жүр дейдi олар Хиуаға көнбеймiз дейтiн көрiнедi. Ау, сонда, — Дадабек жүзiк толы алақанын жайды, — өзбегi не, қазағы не, бiр мұсылман халқы емес пе? Тiлiмiз де, дiнiмiз де бiр. Түбiмiз түркi ғой. Ал, аналар... — Ол қолын артына қарай сiлтедi, — онда... қиын... — Ол дағарадай шалмалы басын шайқапшайқап қойды. — Әлбәттә, — дедi Елмырза мына пiкiрге қарсы дәлел айтудың пайдасыздыңын сезiп. — Мiне, сол мақсатпен Сыр бойында берiк қамалдар тұрғызып жатырмыз. Ал сiздер кеп оны қиратасыздар? Бұл сонда кiмге пайда? — Ол екi қолын жайды. — Осыны неге ойламайсыздар, а? — Ендi... ойлағанда... — Кәзiргi гәп былай: күнi ертеңнен бастап, былтыр қазақтар қиратып кеткен қамалды қайтадан саламыз. Оған сiздер мал мен кiсi берiп, көмектесесiздер. — Әрине... Мәртебесi зор ұлы хан Мұхәммәд-Инақтың айтқан жарлығына құлдық, бiз, оның құлақ кестi кұлдары, бар айтқанын қайт етпей орындаймыз. Тек... осы арада... — Елмырза көмейiне тiрелiп кеп тұрған сөздi әдейi айтпай, оны басқа ауыздан шықсын деп, iркiле түстi. — Не тек? Сол арада әңгүдiктеу Мiрәлi шыдамай: — Онда ел қайтадан толқиды ғой, — деп қойып кеп қалды. — Толқиды? — Дадабек одырая қарады да, iзiнше зәрлене жымиды. — Мына iшкi жақта бәһарда толқып таситын кiшкене дариялар көп. Кейде қатты тасығаны сонша, аспаннан сел құлап келе жатқандай болады. Соны кәзiр күдiретi күштi ұлы хан бөген соғып, тежеп, кең жатқан пахталыққа қарай бұрып жiбердi. Ондай суды тiзгiндеу оп-оңай. — Сiздiң айтып отырғаныңыз тау суы шығар, — дедi Елмырза сөз қыстырып. — Әлбәттә. — Ондай тау дариясы ақ көбiк атып арлағанымен, жайылып аға алмай, жан-жағынан қоршаған жақпар тасты бұзып өте алмай қалатын. Ал бiздiң Сырдың селi әлемет... — Әй, ол не қиратып қарық қылар дейсiң? — дедi дымға түсiнбеген Мiрәлi қыржиып. — Мiрәлi сардар, өте дұрыс айтып отыр, — дедi Дадабек оны арқасынан жас балаша қағып-қағып қойып. — Халық та бiр, қой да бiр. Қойға жақсы қойшы тап келсе, — жетiп жатыр, оны иiру де, жаңа өрiске жаю да, судан өткiзу де ол үшiн түк емес. Сонымен, ұзын сөздiң қысқасы, Қожанияз қамалын жөндеуге кiсi керек. Мен соны сiздермен ақылдасайын деп ем. — Ояғын ел арасына араласып жүрген мына Мiрәлi жақсы бiледi ғой, — деп, Елмырза жалт етiп, өз мойынына iлiнiп қалғалы тұрған мiндеттi былай қарай ысыра салды. — Сонда... кiсiнi қалай жинаймыз? — Құрметтi бек, — дедi Мiрәлi даусын жылыта сөйлеп, — сiз жарлық етсеңiз, шын ықыласымызбен орындаймыз. Тек соныңызға кейбiр кiсiлер құлақ аспай жүре ме деп қорқам. — Олар кiмдер? — дедi Дадабек тiкiрейiп. — Ана Жәнiбек пен Тоғанақ батыр. Елмырза жаңа ғана созып жiберген аяғын қалай тез жиып алғанын аңдамай да қалды. “Мұнысы несi?” — деп сәл дағдарып, қабағын сәл-пәл шытынды. Оның себебiн iштей түсiнгендей боп отырып: “Осы қазақ неге кекшiл, а?” — дедi. — Жәнiбек дейсiң бе? Оны көремiз, — Дадабек әлденеге оған тоқтамай, өте шықты. — Ал, Тоғанақ бәһәдүр неге үйтедi? Ол деген сенiмдi кiсi емес пе? — Сенiмдiсi сенiмдi. Бiрақ оны азғырып жүрген iнiсi бар. — О кiм? — Сәндiбек. Өзi Бұқар әмiрi Насрулланы жақтайды. — Онымен әуелi сөйлесiп көр. Аңысын аңла. — Мақұл. Дастархан жиналысымен, Мiрәлi Сәндiбектiң ауылына шұғыл аттанып кеттi. Ендi төбесiн биiктетiп салынған сәндi бөлмеде Елмырза мен Дадабек екеуi оңаша қалды. Олар көпке дейiн үндеспедi. Әркiм өз ойымен болып отыра бердi. Құлаққа ұрған танадай тыныштықтың орнағаны сонша, үй iшiнде әрлiберлi ұшып жүрген көк шыбынның ызыңы анық естiлiп тұрды. Ол ызың-ызың етiп, әрi-берi ұзақ ұшты. Ақыры осынысынан жалыққан-дай, терезенiң көмескiлене буалдырланып тұрған әйнегiне соғылып, кiшкене қанаттарын тез-тез қағып, сырғанап төмен түстi де, ағаш жақтауға барып қонып, бiр сәтте тым-тырыс бола қалды. Елмырза селт етiп, Дадабекке түсiн жылыта қарады. Мұның өзiне арнап айтпақ оқшау шаруасы барын аңдап, Дадабек берi қарай еңсерiле түстi. — Қадырданды бек, осы бiздiң жағдайымыз не боп барады? — О не жағдаят? — Жалпы жағдаятымызды айтып отырым, — дедi Елмырза сәл күлiмсiрей түсiп. Ол iштей өзi шешiлсе де, бұл күткен жаққа Дадабектың арам өлсе де аттап аяқ баспайтынын бiлдi, сонда да бiр оймен осы ыңғайсыздау әңгiменi әрi қарай жалғастыра түстi. — Кейде осы өз-өзiмнен қарап отырып,


98 баяғы жақсы замандарды аңсаймын. Әр жағын айтпағанда, ұлы Ақсақ Темiр көретен заманында Мәуәр ән-нәхр мен Қаразымдағы жұрт айбарлы, әруақты ел болмап па едi? Кейде шерленiп кеткенiмде, соны есiме алам. — Иә, — дедi Дадабек әлденеге күдiктене қарап. Оның осы отырысы қарсы алдынан терең ор көрiп, соның құрдым, обыр тұңғиығына көз тастаған кiсiдей едi. — Сонда деймiн-ау, қотан-қотан қойша жалпақ елдi жеке-жеке сұрағаннан түсетiн пайда бар ма осы? — Ендi... былай... — Дадабек мұрнының астынан мiңгiр еттi. — Қай заманда да бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарудың орны бөлек, — дедi Елмырза Дадабектiң мына отырысына iштей күлкiсi кеп. — Сонау Iскендiр Зұлқарнайыннан бастап, Шыңғыс хан, Махмуд Ғазнауи, Ақсақ Темiрлерге дейiнгi дәуiрлерде ел басшылары осыны жақсы түсiнген. Сол арада бағанадан берi бұл күткен жаққа аяғын мүлдем баспай отырған Дадабек мырс ете түстi. Сосын бұған мысқылдай қарап: — Түсiну мен оны iске асырудың арасы жер мен көктей емес пе? — дедi. — Алдыңғы екеуiне дауым жоқ. Жаңа сiз Ақсақ Темiрдi айттыңыз. Рас, ол күллi дүнияны жаулап алды. Бiрақ оның жiберген кәтелiгi де жоқ емес пе? — Дадабек мұным қалай дегендей бiр қасын жоғары қарай әнтек көтерiп, жымысқыланып аз-кем отырды да, сөзiн әрi қарай жалғастырды: — Ол кәтелiгi неде? Соны бiлесiз бе? — Ендi ояғын қараңғы бiздерге қайдан бiлейiк, — Елмырза аяғын тартып ала қойды. — Ол кәтелiк сонда, ол Алтын орда ханы Тоқтамыс пен Едiге батырдың арасындағы кикiлжiңге бола, көп жыл бойы соғысты. Темiр Тоқтамысты құртқаннан кейiн, ендi Едiге оның өзiмен соғысты. Олар деген кешегi ауыз жаласқан достар емес пе едi? Сонда... бұдан не пайда түстiң Ештеңе де! Қайта олар өзара қырқысып, бiрiн бiрi әлсiреттi. Әгәрдә олар сүйтпегенде... бiз мынадай жағдайға душар болар ма едiк, болмас па едiк? — Қадырданды бек, сiз менiң ойымның дәл үстiнен түстiңiз, — дедi Елмырза ашылған ыңғай көрсетiп. — Ендi осы тәжiрибенi бiздiң үш хан неге ескермейдi? — Ол... өзi қиын. Хандардың бiр-бiрiне иiлгiсi келмейдi. — Ол дұрыс қой. Хандарды иiлтiп жатудың түкке де керегi жоқ, — дедi Елмырза көтерiле түсiп,— бұл арадағы жұмыс елшiлердiкi. Олар әуелi өзара ым тапса, қалған жағын хандарына түсiндiрiп берсе, мәмiлеге келу онша қиын емес қой? — Сонда кiм мәмiлеге келiп қалмақ? — Менiң байқауымша, — дедi Елмырза қыза түсiп, — мына Хұдаяр ханға Насрулланың тiсi әбден батқан-ау! Насрулланың өзi де әбден астамсып болды. Ылғи ақ патшамен сауда-саттық, жасап, сұңғылалық көрсеткiсi келедi де тұрады. Жағында ғана орыстардың бiр керуенi дәл осы арадан өттi. — А? Не дейдi? — дедi Дадабек түсi күреңiте түсiп. — Рас, бек. — Елмырза батылдана түстi. — Насрулла ұлы ханымыз Мұхәммәд-Инақтың қожалығына да көз алартуын қояр емес. Анаяқта Құратөбе ұшiн талай рет Қоқанмен қырқысты. Осылайша бәле басы боп отырған ханды... — Елмырза сөзiн жұтып тоқтады. Дадабектiң ыңғайына қарап, iшiнен “үгiттейiк” не “құртайық»деген екi сөзiн дайын ұстап, сергек отырды. — Осы Насрулланы қара халық қасап дейдi ғой,— дедi Дадабек кенет жымия қарап. — Иә, сүйдеген бар. Сонда оны жөнге салар тез табылмас па екен! — Тез дейсiз бе? — Иә, тез. Әгәр ойланса, оны табу оп-оңай. — Оңа-а-ай? — Иә. Әгәр ұлы ханымыз ықыласты болса, Хұдаяр хан мәмiле жүргiзуден кет әрi емес. — Оны қайдан бiлдiңiз? — дедi бұған Дадабек күдiктене қарап. — Құрметлi бек,— деп Елмырза күле жалтарып, сұқ саусағымен астындағы жердi түрттi.— Мүндай сөз жерде жатпайды ғой. — Қызық екен. — Дадабек ұзақ ойланып қалды. Елмырза бұл сөзiнiң ертең-ақ Мұхәммәд-Инаққа түп-түгел жететiнiн бiлдi. Кетерде қоштасып тұрып: — Қадырданды бек, мына жайда екеуiмiзден басқа бөгде кiсiнiң болмағаны қандай жақсы болды, — деп, мұртынан күлдi. Оның мұнысы ертеңгi күнi ханның жел жағынан шығаруға тырысса, қуәң жоқ, сөзiмнен танып кетемiн дегенi едi. Дадабек оны түсiндi: — Кiсi жоғы жүдә яхши болды. — Ендеше қайыр-хош! Елмырза қамалдан шығысымен еш жерге соқпастан, аулына қарай сызып бердi.

3 Шәки тағы да өзiнiң мына Мiрәлiнiң соңынан салпақ-тап ерiп келе жатқанына ыза болды. Осы жолы арты дүдәмалдау шаруадан бiр ыңғайын тауып, сұранып қалсам ба деп едi, Ережеп қатты сазарып, әлi де мұның тiзгiнi өз қолында екенiн қасы мен қабағынан аңғартып, бiр ауыз сөзбен қолаяғын байлап-матап тастады. Оның әмiрiне қалай көне салғанына ендi өзi аң-таң. Ашу мен аптығы басылып, араға бiрнеше күн салып қараса, мырзаның мұның ақыл-еркiн билеп алар бiр сиқыры бар сияқты. Оңашада өзiн-өзi қаншама қайрап, iштей ұтырлы жауабын әзiрлеп келсе де, сытылып шығар тұста тұтығып қала бередi. Әлде күшiгiнен талап тастағасын, бұл өзiнiң сырттан болғанын сезбей, ауыл итiнiң құйрығы қайқы жаман көпегiнен жасқана бере ме? Үйтейiн десе, мұның алдында кесе-


99 көлденең жатқан бiрнеше терең жар бар. Ережеп — өзiнiң жамағайыны. Ана жылғы ашаршылықта қатты күйзелген мұның аталарының ауылын Келман дәуiрлеп тұрдан шағында өзi абызына ап, асырапабырапты. Ауыл үй арасы қайта табысып, ертеректе бiр атадан тарағанын естерiне алысып, кейiнгi жылдары мүлдем жақындасып, туысып кеткен. Осы байланысты Шәки қалай үзе алады? Үзгенде қай руға барып, кiрме боп күнелтедi? Үйтiп кiрме боп, есiк жақта жүргенше, мынадай дүмдi өз ағайынының қол шоқпары болған әлдеқайда жақсы емес пе? Әлде... Ол астындағы атын жәйiмен сипай қамшылап, азырақ тебiнiп қойды. Сосын осы жолға ықылассыз шыққанын есiне алды. Әсiресе, өзi ат белiне қонып, күн-түн қатып, ит арқасы қияннан барымталап алған малын қайын атасының керi итергенi өңменiне атқан оқтан бетер тидi. Әлге дейiн өзiне-өзi, неге үйттi, дейдi. Әлде бұл да кедейдiң керiлген бiр қиястығы ма? Болмаса бiреудiң ала жiбiн аттамаймын, табан ақы маңдай терiммен ғана өз күнiмдi көрем деген кiсiнiң дұрыс талабы ма? Әуелгiде соған өзi шүбә келтiрген-дi. Кейiннен аздап өзгере бастады. Оған себепшi — Дархан. Ол бүгiн де атына ер салып жатқан мұның жанына тақап кеп: “Сәндiбек Тоғанақтай ел жақсысының iнiсi емес пе едi? Соның Хиуа ханына бермеген малын түгендеймiн деп жүрiп, өз әбiрейiңдi кейiн түгендей алмай жүрмесең не еттi?» — деген-дi. Жайшылықта бұл сөз үшiн Шәкидiң қамшысы тiлiнен бұрын жүгiрер едi. Дарханнын, бетiне жем боп тимей, майда келгенi оны ерiксiз бөгедi. Ол: “Әй, оны кезiнде көре жатармыз”, — дей салды. “Кейiн кеш боп жүрмесiн”. — “Ештен кеш жақсы деген”. Шәки атына мiнiп, Мiрәлi тобына кеп қосылған. Содан берi бiр күн, бiр түн салқа жортып келедi. Сойыл, найза асынған отыз шақты жiгiттiң түстерi суық. Әсiресе, Сәндiбек Қызылдың қамыс, қопалы, бытпылдығы көп қалың жықпылына дендей кiрiп, iз адастырып кете берген сайын, бәрiнiң де зығырданы қайнап, тiстерiн басып-ақ келедi. Осы бетiнде қандай ауыл ұшырасса да, бiр сойқанның болмай қоюы қиын. Мiрәлi өте iзшiл едi. Шұбырған қалың көштiң iзiнен Сәндiбектiң өзi баптап мiнер жүйрiк аттың мөртаңбасын түстеп танып, түскейдi бетке алып, жiгiттердi бастады да отырды. Сол бетiмен олар түс әлетiнде Арал теңiзiнiң Хиуа, Үргенiш жағына қарай иiле түскен бiр мүйiсiне кеп құлады. Өмiрi мынадай шалқып жатқан ұлы су көрмеген жiгiттер қарсы алдарынан сонау шетi көкжиекпен астасып жатқан алып айдын жарқ ете қалғанда, үрпиiсiп, состия түстi. Танауларын балық исi қыдықтады. Жағада бiр-екi жертөле бар екен. Олар балықшы Жақайымдар боп шықты. Мiрәлi жiгiттердiң тақым созып алғанын жөн көрдi. Арлаған бетi алдарындағы қамыс күрке, жапырайған жертөлелердi ат кеудесiмен қағып кетердей боп, азғантай ауыл ортасына кеп тоқтады. Мiрәлi жан-жағына қарап тұрып: — Мына Жақайымдардың ақсақалы қай йерде тұрады? Кiлең iн сықылды бiрдеме ғой, — деп дұрыстап тұрып бiр боқтады да, осы кезде қолындағы сырты жо-нылған жиде таяққа сүйенiп, берi келе жатқан үлкен кiсiге қарай бұрылды. Жас шамасы алпыстардан асып қалған, сирек сақалды, қушық бас, талтақ аяқ қарт кiсi бұларға жақын кеп амандасты. — Жол болсын! — Әләй болсын, — дедi Мiрәлi дауысын көтере сөйлеп. — Уа, қай ел боласыздар? — Қарағым, қай ел дейтiн несi бар? Бiз бiр балық аулап, күнелткен балықшы Жақайымдармыз, — дедi шал кiсi асықпай сөйлеп. Қарсы алдынан түскен күн сәулесiнен тозған бетi шанаштай жиырылып, бiр уыс боп кете бередi. — Бiз бiр жоқ iздеп жүр едiк, — дедi Мiрәлi жөнiн ашық айтпай. — Немене мал ма? — Иә, бiр үйiр жылқым жоғалып кеткенi. — Қайдам, шырағым, ояғы көзiме түсе қоймады. Ал, ауылымызға келiп қалған құдайы қонақ екенсiңдер, шәй-пай iшiп кетiңдер, — дедi қарт кiсi бұлардың бәрiне жағалай бiр қарап шығып. Мiрәлi жiгiттерiне ым қақты. Олар екi үйге бөлiнiп түстi. Шәйға қарамай, ашытпа iшiп отырып, Мiрәлi ақсақалдан осы елдiң тiрлiгi жайлы сұрады. — Қарағым, не тiрлiк болсын, балық аулаймыз. Сосын қолымызда азын-аулақ мал-теген бар, соның сүтiн ағарған қыламыз. — Шал сол арада бұған ұсақ тiстерiн көрсете күлдi: — Сендер жаңа мал iздеп жүрмiн дедiңдер. Өз ойым айтады, осы жоқ iздеуге сойыл, шоқпардың не керегi бар деп. Мiрәлi аңтарылып отырды да, кенет осы кiсiден жөн сұрағанды мақұл көрдi. — Ақсақал, қандай жоқ iздеп жүргенiмiздi дұрыс байқаған екенсiз, — дедi ол ашытпаның бiр тостағанын iшiне құлатып тастап, мұртын сипап отырып. — Бiр қашақ кiсiнi iздеп келемiз. Осы арадан кешелi-бүгiн көш өтпедi ме? — Өткен, — деп отағасы сақалын тарамдаған қалпы Мiрәлiнiң суық, қара сұр жүзiне барлай қарады. — Бағыты қалай қарай? — Бағыты дейсiң бе? Бұл арадан бағыт дейтiн не түскейге, не терiскейге қарай болады ғой. Өздерi өте суыт екен. Iшiмнен бұл шолақ көштiң малын қан сорпа ғып жүргенi несi деп, кiп алып қалып ем. — Е, — дедi Мiрәлi одан әрi қарай қазбаламай. Шәки ойланып қалды. Әсiресе, ақсақалдың жауабы таңғалдырды. Мына қалпында ол бұларға жөн де сiлтемей, Сәндiбекке де жазып қалмай, айламен құтылып отыр. “Менiң де осындай айлалы болуым керек-ау”. Кенет ақсақал Мiрәлiге еңсерiле қарады: — О көш сендерге нағылып едi? — Жәй, былай... малымызды алып... — Е, солай де. Жөн, жөн. Бұл елде мал мен қызды кiм алмай жатыр? Ақы адал малыңның iзiнен қусаң, намысқа шапқаның да. Оның не айыбы бар? — деп ақсақал ендi сөзден тыйылды. Сол арада ол бұлардың кетем дегенiне қарамастан, келiндердi зыр жүгiртiп, пiсiп тұрған балықты тез әкелдiрдi. Олар үш-төрт бекiренi белiнен кесiп, былқытып пiсiрген екен. Кiсiлер әуелi балық


100 сорпасын iштi. Сосын барып балықтың өзiне тиiстi. Қомағайлау Мiрәлi жаңа кетем де кетем деп асығып отырғанын ұмытып, үлкен бiр бел кеспенi қолына ала берiп: — Мынау жарықтық бекiре ғой, — дедi. — Соның дәп өзi. — Баяғыда Жақайымның бiр қызы... — Е, — деп, ақсақал қаладай ақ тiстерiн көрсетiп, шиқ етiп күлiп жiберiп, мұның сөзiн бөлдi. — Ондай әңгiменiң болғаны рас. Мына Қазалының иек астындағы Аманөткелдi қоныстанған бiр Жақайымның қызы Қырды жайлайтын Жетiрудың бiр жiгiтiне байға тиiптi. Қатын болғасын, баяғы жағдай қайда? Ағарған мен қой етiне көндiге алмайды. Сонда: “Бекiренiң бел кеспесiн жемеген сорлы басым қойдың құйқалы етiне тап болдым-ау”, — дептi ғой. Сол апамыздың сөзi осы төңiрекке мақал боп тарап кеттi. — Ойпырмай, ә?! — дедi Мiрәлi ыржиып. — Сонда бекiренiң ерекше қасиетi болғаны ма? — Ояғын кiм бiлiптi. Сөз тапқанға қолқа жоқ деген. Былай, сөз ретi келiп қалғасын кеуiлi жүйрiк жан айта салған шығар. — Отағасы үнсiз қалды. — О кездерi заман тиыш, елдiң ниетi түзу сықылды едi. Әлде кәртейгесiн, жастық шағың көзiң мен кеулiңе жақсы боп көрiне бере ме қалай? Әйтеуiр, мынадай ақырдың әләмәты аздау болатын. — Ақсақал, кәзiр замана басқа ғой. Мұсылман жұртынан ауыз бiршiлiк, құт-береке қаша бастады. Атақты төрт әдiл халифаның заманында исламның қауымы тасы өрге домалап, шаршысына бiр толған едi. Ендi со жұрттың арасына iрiткi кiрдi. Түркстан елi быт-шыт бола бастады. — Е, жөн, жөн, — деп, отағасы артық сөзге бармай, Мiрәлiнiң жүзiне суықтау қарап, аяғын тартып ала қойды. Кешкiсiн олар суыт жүрiп отырып, бiр үлкен төбенiң ойына салынған мешiтке кеп ат басын iрiктi. Мiрәлi сол арада түнеп шыққанды қолай көрдi. Мешiтте бiр шырақшы бар екен. Жасы жетпiстердi қусырып қалған, ап-арық, сақал-шашы қудай кiсi бұлармен елпектеп амандасты. Мiрәлi бұл мешiттiң ертеректе Шөмекей арасына Бұхарадан келген қожалардың әулетi салған там екенiн бiлетiн. Ол мешiт ортасында жатқан әулиенiң бейiтiне зиярат қылды. Шырақшының мақамдап созған үнiн тыңдап отырып, қиялымен сонау Һиджаз жұртына, Меке, Мәдинәға қарай барып қайтып, төрт шариярды еске алып, жаны бiр түрлi жұмсарып сала бергендей болды. Сосын Кербаланың шөлiнде шөлдеп өлген Хұсайынды есiне түсiрдi. Сол жайлы осы елде қисса көп. Атақты Әзiрет Әлi мен Дариға қыздың күресуi жайлы қисса да — қызық бiр хиқая. Соларды тындап өскен бұған жас кезiнен-ақ мұсылман жұрты басқа елге қарағанда қуатты, әруағы үстем халық сықылды боп көрiнетiн де тұратын. Ендi осы қиялы бiрте-бiрте сейiлiп келе жатқандай. Аздан кейiн шырақшы екеуi әңгiмелесiп отырды: — Уа, бәндәм, сабырға кел, сабаңа түс, деп бұрынғы данышпандар айтып кеткен. Кiсiге киянат қылған ертең таңда махшар кезiнде дозақ отына өртенедi. Қыл көпiрден өтерде... Мiрәлi оның сөзiнiң соңын тыңдамады. Басын изеп отырып қалғып бара жатқанын аңдамады. Бiрекi рет басы иiлiп барып, селк етiп, көзiн ашып алды. Соны көрген шырақшы мұны артық қинаған жоқ. Мiрәлi атының тоқымын төсенiп, қисая кеттi. Қалған жiгiттер де аттарын тұсап жiберiп, киiмшең қалыптары көк бас ерлерiн жастанып, жата-жата кетiстi. Шәки бiр жақ шетте жатыр. Неге екенi белгiсiз, көпке дейiн көзi iлiнбей қойды. Жаңағы шырақшының сөзi ақыл-ойын билеп ап, тура о дүниенiң өзiнен естiлген уағыздай әсер қалдырды. Бiрақ соны тындап жүрген қазақ бар ма? Мархабат, ынсап, iзгiлiк қайда? Оның орнына итше таласып, күннен күнге қатыгез тартып бара жатқан жоқпыз ба? Бiр сәт: “Осы мен кiм үшiн жанымды жалдап жүрмiн? — дедi. — Ағайын дегенде, Ережептiң әкеме көрсеткен күрметi белгiлi емес пе? Ертең соның кебiн мен де кимеймiн бе? Осы... жөнiмдi тапсам ба екен?” Ол бiр жамбасына қарай аударылып түстi. Қанша арылайын десе де, басына бiрiнен соң бiрi тоғытылып келе берген ой легiнен құтыла алмады. “Жарайды, — дедi өзiне-өзi күбiрлей сөйлеп, — ертең мен өз туысымнан ат құйрығын шорт кесiп, бөлiнiп шығайын. Сонда маған басқа қай рудың кiсiсi құшақ аша қояды? Өз бауырына сыймаған өзгеге қайтiп сыяды деп, өңменiмнен керi теппей ме? Сосын... әрi-сәрi боп жүрiп, қатын, бала-шағамды қалай асыраймын? Қалай күнелтем? Осы... бұл қапастан шығар саңылау бар ма?” Шәки күрсiндi. Тағы да әлденелердi бей-жай ойлап жатып, кенет қас-қабағы ауыр тартып, басына қорғасын құйғандай боп, тұла бойы ысып, тәттi есiнедi. Iзiнше көзi кiлгiрiп бара жатты. Ертесiне жiгiттер күн қызбай тұрып атқа қонды. Таңғы салқынмен жолды өндiрiп алмақ боп, суыт жүрiп отырды. Бiрнеше қырқадан асқасын, олар жаңа бiр iзге кездестi. Мiрәлi екi бүктеп ұстаған қамшысымен iздi нұсқап тұрып: — Мынау жаңа iз. Осы арадан түнде өткен, — дедi. Шынында да, Мiрәлiнiң жорамалы шындыққа соқты. Бiраз жүрген соң, шұбырған iз мүлдем жаңарып, мал тұяғы осып-осып тастаған жас топырақ қоңырайып жатты. Бұлар ендi бiр-екi төбеден асқасын, Аралдың бiр тиыш қолтығына түн ортасы ауа кеп құлап, қатты шаршап, тұяқ серiппей ұйықтап жатқан аз ауылдың, үстiнен сау ете түстi. Әпербақан жiгiттер биқам ауылды қапыда басты. Сойылдарын былғалап, айқайлап ұран тастап, жан-жақтан қиқулап шыға келдi. Келе қатын-қалашты сатырлата сабап, үйлердiң уықтарын сындырып, жаңа ғана тып-тиыш тұрған ауыл үстiн әбiгерге салды да жiбердi. Бiр-екi жiгiт белдеуде байлаулы тұрған аттарды шылбырларын қанжармен қиып-қиып жiберiп, бет ашыққа қарай қуалай жөнелдi. Сәндiбек ауылының жiгiттерi алаңсыз ұйықтап жатқан едi. Олар көздерiн тырналап жiберiп, сыртқа атып-атып шыққанмен, сойылдарына жармасуға үлгермей қалды. Анталап келген жiгiттер оларды бiр-бiр ұрып, бастарын жарып, қолдарын сындырып, ұшырыпұшырып түсiрiп жатты. Сәндiбек бiр оқыс дыбылды естiп, қара үйден көйлек-дамбалшаң күйi қолына келдегiн ұстай жүгiрiп шыққан-ды. Шәки бастаған бiр топ жiгiт оны тұра бас салды. Қарулы Сәндiбек жақын келген екi-үш жiгiттi шалт қимылдап, ұрып құлатты. Шәки ұзын қара сойылын сығымдай ұстап, үйге арқасын


101 тiреп ап, оң келгенiн оң, сол келгенiн сол жағынан ұрып түсiрiп жатқан Сәндiбекке бiр бүйiрден жақындай бердi. Сәндiбек мұны байқамай қалды. Шәки таяқ жетер жерге келе бере, қапсағайдай оның тiзесiнен перiп кеп қалды. Қара сойыл сарт ете түстi. Жанды, әлсiз жерден тиген соққыдан аяғы ұйып сала берсе керек, дем арасында Сәндiбек бүгiле бердi. Қолындағы келдегiн жөндеп сiлтей де алмады. Соны көрген ызалы жiгiттер оған бас салды. Қамшы, сойыл бұршақша сатырлап жауып кеттi. Сол арада iштен ойбайын сап, жардай қара кемпiр шыға бердi. Есiктiң маңдайшасына тиiп, басынан жаулығы ұшып түстi. Оған да қарамастан, екi көзi алақ-жұлақ етiп, шашы дудырап, Сәндiбектiң шешесi жан ұшырған қалпы баласының үстiн жаба құлады. Арық қолдарымен Сәндiбектiң қан-қан денесiн қорғаштап жатып: — Әй, иттер! Сендердiң де туған шешелерiң бар шығар! Өзегiмдi жарып шыққан перзентiмдi сабағанша, мына менi сабаңдар! — деп жаман дауыспен барқырай айқайлады. Шәки дiр ете түстi. Қара кемпiрге бiрнеше сойыл мен қамшының қатар тигенiн көрiп, қатты тiксiнiп, керi шегiне бердi. Мұны күтпеген жiгiттер де ендi артық қол жұмсауға батпай, керi серпiлдi. Сол арада Мiрәлi кимелеп кеп: — Әй, сүмелектер, нағып состиып тұрсыңдар? Мынаның жон терiсiнен қайыс алыңдар! — деп дойыр қамшысын зәрленiп көтере бердi. Сол арада Шәки өзiне не болғанын бiлмей кеттi. Ытқып барып, Мiрәлiнiн, қолына жармасты. — Өй, әкеңнiң аузын..! Жiбер былай! — дедi Мiрәлi адырайып. — Тоқта! Сен шеше сабағанды қай ата-бабаңнан көрдiң? — дедi Шәки ентiге сөйлеп. — Өй, сен ит... бүйтiп ақылды боп... — деп, Мiрәлi бұлқынып едi, қарулы Шәки жiбермедi. Мiрәлi мұнысынан ештеңе өнбейтiнiн сезiп, қап-қара боп: — Қап, мынау иттiң қорлығы-ай! Жаманды асырасаң, аузы-мұрныңды қан етедi деген осы, — деп, терiс бұрыла бердi. Ендi жiгiттер де артық қимыл жасай алмады. Олар тездетiп, зекетке деген малды бөлiп ап, ауыл сыртындағы ай тақырға иiрдi. Мiрәлi осы ауылда бiр түнеп, жолға ертең таң азанмен аттанбақшы болып едi, оны Шәки қолайламады. Сәндiбек ауылы жiгiттерiнiң ашынған, ызалы түрлерiн байқап, түнде бiр жаманшылық жасар деп, неде болса iргенi аулақ салып барып демалғанды жөн көрдi. Кетер кезде Сәндiбек Мiрәлiге оқтай қадалып: — Әй, Мiрәлi, ердi қорлама, күстырар, асты қорлама т...р деген. Бүгiндерi Хиуаның намысын жыртып, атқа мiнiп, адам бола қапсың. Сонда менiң малымды жат ауызға асатқаннан табар пайдаң кәне? Мына зорлығыңды кiм ұмытар? Дүния кезек. Қейiн бар ғой менiң қолыма түссең, бiлiп қой, тiрiдей қабырғаңды қақырата сөгiп, өтiңдi ойып алам! — дедi. Мiрәлi оған мазақтай қарап тұрып: — Өйдөйт, қатырарсың! Одан да аман қалғаныңа қуан! Оны кезiнде көрiп алдым, — дедi де, қолын бiр сiлтеп, атының басын бұра бердi. Таланған ауылдан ұзап шыққасын да, қызулары басылған жiгiттер онша ашылысып сөйлесе қоймады. Бұрын осындай ала шапқыннан соң, олар дәудiрлесiп, кiмнiң қалай ұрғанын, не iстегенiн айтып мақтанып, ұзақ әңгiме етушi едi. Осы жолы бiр қолайсыздықты сезгендей, үн-түнсiз келедi. Әлден уақыттан соң барып Мiрәлi Шәкиге бұрылып: — Жаман неме Тоғанақ ағасына арқа сүйеп, құтырып жүр едi. Мынауымыз сауап болды, — дедi. — Е... — дей салды Шәки. Сосын есiне Балқия, Тоғанақ пен Жәнiбектiң Ақкербездiң iзiнен Шектi елiне қуып барғаны түстi.“Е, Ережеп соған бола тiсiн басып жүр екен ғой!” Түн болды. Жорықшы жiгiттер бiр арада дамыл жасады. Олар мал жанында сенiмдi-сенiмдi деген он шақты жiгiттi қалдырып, қалғандары жалпылдақ отын шауып әкеп, от жағып, тамақ пiсiрдi. Шәки шала күйген қой етiн шаппасымен жапырақтап турап жеп отырып, жолдастарының жүздерiне ау-тауық қарап қояды. Бiр-бiр жiлiкке қадалып жатқан олардың iрi тiстерi түнгi от жарығында аш қасқырдың тiстерiнше сойдиып-сойдиып көрiнiп кетедi. — Астапыралла,— дедi ол күбiрлеп. Iшiнен қатты тiксiнiп қалған жайы бар. Бiрақ осы тобырдан бөлiнiп шығудың қиындығын, ондай оғаш талабын сезсе-ақ, ертең мына қалың топтың өзiн майып қылуы мүлдем оп-оңай екенiн iштей сезiп, түйiлiп, ұзақ отырып қалды.

4 Бүгiн түс ауа Жәнiбек ауылына бiр топ қонақ сау ете түстi. Басшысы — Жәнiбекпен түйедей құрдас, серi мiнездi Шайқыслам. Соңында iштерiнде Қалдыбай мен Қасқырбай бар бiр топ жiгiт. Оларды көре сап, Жәнiбек орнынан тұрып, ықылас бiлдiрiп, жылы амандасты. Жiгiттер жайғасып отырғасын, аман-саулық сұрасып жатып, iшке ас қамымен кiрiп-шығып жүрген Айжамалдың қабағындағы кiрбiңдi көрiп, ыңғайсыздана түстi. Сонысын қонақтарға бiлдiрмейiн деп, өзi әзiл айтып, елдi күлдiрiп отырды. Iштей Айжамалдың орынсыз мiнез аша беретiнi несi деп қойды. Оған қайын атасы Мұғарап қосылып, қызының қолтығына су бүркiп қойды. Соған арқа сүйеген Айжамал соңғы кездерi әрпi-тәрпi сөйлеп, кiржiңдеудi көбейттi. Әсiресе, Қалдыбай келсе болды, мұны Ақкербезбен жарастырып жүрген сол ғой дейтiн болса керек, қабағы бiр ашылмайды. Кәзiрде де Айжамалдың түйiлген қабағы ызғары мен сұсын сыртына шығарып алған екен. Серiлеу Шайқыслам ештеңенi елейтiн емес, пәруайы пәнсар. Құс жастыққа көлбей жатып ап: — Әй, құрдас, сен немене жерге тас кенеше қадалып ап, ауылдан ұзап шықпайтын болдың? — дедi. — Шаруа болғасын, — дедi Жәнiбек селқос қана. — Өй, сен бiр. — Шайқыслам қолын бiр сiлтедi. — Бұрынғылар дүнияның қызығын көр, теңқұрбыңмен ойна да күл деген жоқ па? Шама жетiп жатса, кезiнде дәурен сүрiп қалғанға не жетсiн?! — Солай ма? — Жәнiбек сәл ойланып, құрдасының жүзiне анықтап қарады.


102 — Оның не солайы бар? Бұл — атам заманнан бермен қарай келе атқан өсият. Кейiнде де солай болмақ. Асылы, қолынан шаруа келетiн дәулеттi кiсi не қылмайды? — Шайқыслам толық қызыл шырайлы бетi шарық табақша жайыла түсiп, сылқ-сылқ күлдi. Жәнiбек Айжамалды көзiнiң астымен бағып, аз унсiз қалды. Сосын Шайқысламға күле қарады. Ештеңеден қайғысы жоқ құрдасының әлден-ақ үш қатын алып үлгергенiн, өзi қонған ауылының бетiнiң ажары бар ұрғашысын көрсе, қыңырақтап құр кетпейтiн бiр жайын ойлады. — Қайдам, — дедi Жәнiбек дауысын соза сөйлеп, — бұл бәндәға бәрi жетсе де, бiр жетпейтiнi кеуiл ғой дейiм. Соның кесiрiнен кең дүнияны қолдан тарылтамыз да қоямыз. — Мiне, мiне, — дедi Шайқыслам сұқ саусағын бұған қарай безей түсiп. — Осы айтқаның өте дұрыс. Кеуiлдi кеңейту үшiн, алдымен, тiршiлiктiң ойы-қырын бiраз көрiп алу керек. Онсыз өзi... — Ол Айжамалды нұсқай, көзiн қысып, сөзiнiң аяғын жұтып, тағы да жастыққа көлбей кеттi Қалдыбай тоң-торыс отыр. Қасқырбай да әзiр ашыла қояр емес. Сол қалыпта барлығы шәй iштi. Шәй болған-да, бугiнгi шәйдың түрi бөлек едi. Жәнiбек жақында Бұхараға бара жатқан бiр керуенге пұл қосып, екi түйемен тайлап, тәжiктердiң хош иiстi көк шәйын алдырған болатын. Өзi жасына жетпей толыса бастағасын, арықтайын деп, соңғы кездерi көк шәй iшуге көшкен. Бұрын мұны татып көрмеген жiгiттер алғашында қызды-қыздымен iшерiн iшсе де, таңдайларына татымай, күңкiлдесе бастады: — Мынауың өзi... сылдыраған сұйқылтым бiрдеме ғой! — Хиуаның қою шәйына не жетсiн! — Осы шәйдiң көкесi мына Шын-Машын жағында деген рас па? — дедi бiр жiгiт жан-жағына жалтақтай қарап. Оны Шайқыслам қалжақ етiп: — Оның дұрыс-бұрысын бiлем десең, барып қайтсайшы,— дедi. Ол жiгiт дәудiрлеп: — Бар десең, барайын. Бiрақ ол елдiң қаяқта екенiн де бiлмеймiн ғой, — дедi. Жәнiбек аңқау жiгiттiң сөзiне күле түсiп: — Қаяқта екенiн табарсың-ау. Бiрақ сөйлесу жағы қалай болар екен? — дедi. — Ойбай-ау, о пәлесi тағы бар ма едi? — Е, сен қалай деп едiң? Оның үстiне ол ел, Машын жұрты ет жемейдi. — Қойшы?! Ау, ет жемей, кiсi қалай күнелтедi? — Ол солай. Әр елдiң заңы басқа, иттерi қара қасқа деген. Олардың дiнi де бөлек. — Астапыралла! — Шайқыслам жағасын ұстады. — Мұндай да болады екен-ау. Сол арада Жәнiбек жiгiттерге Шын, Машын елiнiң әдет-ғұрпы, тiршiлiгi жайында бiр қыдыру әңгiме айтып бердi. Сонан кейiн Юнан, Рум, Мысыр жұрттарына ауысты. Бұл ұзақ әңгiменi олар қызық бiр ертек естiп отырғандай, ара арасында қоштап қойып, құмарта тыңдасты. Ол әңгiмесiн бiтiре бергенде, Шайқыслам дағдысы бойынша мұны жеңiнен тартып: — Жарайды, сен ол елдер жайлы келiстiрiп айттың. Бiрақ менiң түсiнбей жүрген бiр жәйтiм бар. Осы сен ғой мына Қаразым, Хорасан, Ғажам жұрты десе, iшкен асыңды жерге қоясың. Сонда сен немене бiзге хиуалық бол дейсiң бе?— дедi. — Үйдеп отқан iжкiм де жоқ. — Ендеше мынауың не?— Шайқыслам алдындағы көк шәй құйылған кiшкене кесенi нұсқады. — Мұнда тұрған не бар? Ол елдер, мына тәжiк, өзбек халықтарын айтам, бiзден бұрын мусiлiмденген, оқу, өнер үйренген. Содан бiз үлгi, өнеге алсақ, жаман ба? — Ендi... “Құран” оқу деген... — Мәсәлә... сонымен ғана шектеле ме? — дедi Жәнiбек көтерiле түсiп. — Мына фарсы-тәжiк тiлiнде жазылған дастан, хиқая деген өте көп. Олардың Фирдоуси дейтiн әйдiк шәйыры “Шәһнама” дейтiн дастанын отыз жыл бойы жазыпты. — Не дейдi? — Хорасан елiнiң бұдан басқа да шәйырлары көп қой. Омар Хәййәм, Сә’әди, Хожа Хафиз, Руми, Жәми, түркi тiлiнде жазған Науаи, түрiкмен Мақтымкұлылардың үлгiлi сөздерi өте көп. Соны қазақ баласы бiлсе, немене артықтық ете ме? — Сен өзiң сояқта оқығасын айтып отырған шығарсың, — дедi Шайқыслам қыжыртып. — Бiздiң осы кер кеткенiмiз — кеткен. Не дiн жоқ, не ұстайтын ораза жоқ, осылай барып-барып, әйтеуiр, бiрдеңе боламыз да... Мың айтқанмен, Қаразым жұрттарындай оқымыш молла бола алмаймыз. — Сендер жас бастарыңмен сүйдеп отырғасын, басқаларға не жорық? — дедi Жәнiбек ренжiп. — “Талапты ерге нұр жауар” деп, халықтың өзi айтпаған ба? Ықылас қойсаң, үйренбейтiн дәнеме де жоқ. — Әй, оны қой, — Шайқыслам мұны тағы да жеңiнен тартып, сыбырлай сөйледi: — Мына Қожанияз бекiнiсiн қайта жөндеуге кiсi жинай бастаған ба? — Иә. — Құданың күдiретi. Соны қазақтардың өзi киратып едi, ендi өзi жөндемек пе? — Е, қазақ десек, бәрiмiзге тиедi. Бiз осы ненi бүлдiрмей жүрмiз? Қиратып тастап, артынан бармақ тiстейтiн қашанғы әдетiмiз емес пе? — Бала, айтпа. — Шайқыслам еңсесiн тiктеп алды. — Сонымен Хиуа мен Ресейдiң қайсысы басым түседi? — Қайдам, — Жәнiбек оның жүзiне барлай қарады. — Осы шайқас тұсында, сен қай жағына болыспақсың? — Өй, ондағы менiң шаруам қанша? Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймас деген. Маған десе, бiрi өлсiн де, бiрi қалсын. Қай жеңгенi менiкi. — Ау, жеңгенi сенi жайыңа қаратып қоя ма? Келедi де, билiгiн жүргiзiп, қалаған жағына жүмсайды. — Әй, олар билiк етiп, не қылар дейсiң? Онан да тиыштығы болсын де.


103 — Тиыштық? Қара бастың тиыштығы ғой, — деп Жәнiбек қайталап сұрап алды. Құрдасының басын изегенiн көрiп, көтерiле түстi: — Әлдiлер әлсiзге қашан тиыштық берiп едi? Зорлықшыл кiсi сол әдетiнен өмiрi тыйыла ма? Одан құтылудың бiр ғана жолы бар. — О қандай жол? — дедi Қасқырбай мыңқылдай сөйлеп. — Оны мен саған айтам ба, — деп, Жәнiбек жалтара кеттi. Iшiнен айналасында жүрген мына жiгiттердiң өресiздiгiн, шолақ ойлайтынын сезiп, қатты қоңырайып қалды. Иiсi қазақтың сыңайы осы. Мықты-мықты деген азаматтарыңның от басы ошақ қасынан бойы әлi бiр асып көрген емес. Өз үстiндегi төрт қанат жаман қараүйiнiң аманшылығын, шаңырағы орнында тұрғанын жалпы қонысы мен өрiсiнiң аманшылығындай көредi. Осындай керенаулар мен дарақылар аман болса, әлi талай береке, ауызбiршiлiк қашар-ау! Тамақ үстiнде әңгiме манди қоймады. Үй iшiндегi бiр қолайсыздықты сезген Шайқыслам ендi еркiн әзiл-қалжыңнан пышақ кескендей тыйылып, сиректеу жирен мұртының делдиген екi шалғысын қолымен ау-тауық шиырып қойып, етке қолын ерiне созады. Қалдыбай мен Қасқырбай да соған қарап, тамақты аз алды. Ыссы сорпаны да аз iштi. Күн ендi бата берген шақта Жәнiбек жiгiттердi бастап, қауындыққа алып келдi. Қауын пiсiк жақын қалған са-йын, қалың пәлек арасынан теңкиген сауырларын күнге төсеп, сарғая бастаған басыпалды, күләбiлер мұрын қыдықтар әдемi, хош иiстерiн төңiрекке шашып, қауындық басын соны лепке толтырып-ақ жiберген екен. Өмiрi бақша атаулыны естiгенi болмаса, көзiмен көрмеген Шайқыслам аузын ашты да қалды. Жәнiбек пiскен бiр-екi жәмбiлшенi сабағынан үзiп ап, жiгiттерге жарып бердi. Тiл үйiрген қауынды құмарта жеп отырып, Шайқыслам қайтқайта басын шайқап: — Мынауың өзi тiлдi үйiрiп барады ғой, — дей бередi. — Сен бұ дүнияда бiр ғана нәстенi тәттi деп бiлушi едiң, — деп Жәнiбек оны тәлкек қылды. — Ойбай, сен өзiң салыстырмас нәрселердi салыстырады екенсiң? Одан өткен тәттi бар ма шiркiн, — деп Шайқыслам жырқ-жырқ күлдi. — Айтпақшы, осы сенi ұрын барғалы жүр дей ме? — Ендi.. оны қайдам, — дедi Жәнiбек азырақ ыңғайсызданып. — Е, оның не қайдамы бар. Салып ұр да бар. — Оны... ретiне қарай көре жатармыз. Жәнiбек одан әрiге аттап аяқ баспады. Әңгiменi қазыңқырап кетсе, өз жанының шор бола бастаған бiр жарасын қайта қасырын бiлдi. Әсiресе, Төлеудiң атын естiсе, бiр түрлi боп кетедi. Ел арасының күбiр-сыбырын баққан кiсiлер де: “Со қызды әңгүдiк Төлеу құр жiбердi деймiсiң? Қызығын көрiп, қалғанын қайтарып берген шығар? Онан да ана Жәнiбектi айт жарымес жайлаған берекесiз жұртқа үй тiгем деп әуре болып жүрген”, — деп бықсытып, әлгi жарасының үстiне удай ашытып тұз себе түседi. Соның бәрiн естiп жүрiп, кейiнгi кездерi өзi де бiр түрлi боп барады. Баласының осы қалпын аңдаса керек, кешелерi Мамырайдың өзi кеп: “Жаман жiгiт сөзге ерер деген. Қатын-қалаштың өсегiне құлақ төсеген кiсi оңа ма? Әй-шәйдi қойып, бар да ал”, — деген. Бiрақ сол ниетi күн санап қиындап бара жатқандай. Кеше соған қарамастан, бұл бiр iске тәуекел қылды. Ертең қасына Қасқырбайды ертiп, ұрын бармақшы болды. Бұл хабарын қыз жеңгелерiне Қалдыбайдан астыртын жiбердi. Содан Қалдыбайдың соғып отырғаны осы. Бiр көз ала берiсте ол мұның женiнен тартып: “Бәрi дұрыс”, — деп, мiңгiр еткен де қойған едi. Ертеңiне таңғы салқынмен ауылдарына жетiп алмақ боп, Шайқыслам мен Қалдыбай аттарына қонды. Оларды ұзатып салысымен, Жәнiбек шаруаға тез кiрiстi. Қыз жеңгелерiне берер сый-сияпатын қоржынның екi басына тықтырды. Өзi үстiне сәндi киiмiн кидi. Күн арқан бойы көтерiле батасын алып кетпек боп, әкесiнiң аулына келдi. Малды өрiске ұзатып сап тишайған ауыл күнделiктi дағдылы тiршiлiгiне кiрiсiп те кеткен екен. Жас әйелдер көбi пiсiп, құрт қайнатып, жүн сабап, абыр-сабыр. Жәнiбек Қасқырбай екеуi аттарын ақырын аяңдатып кеп, алқа қотан отырған ауылдың шет жағына тоқтады. Аттарын тар ғып тұсап жiберiп, үлкен үйге келдi. Әкесi палуан денесiн жалаңаштап, арқасын Балқияға уқалатып жатыр екен. Бұлар сәлем берiп кiрiп келгенде, Балқия ұялып қап, күйеуiнiң арқасын көйлегiмен жаба қойды. Жүзi сәл күреңiтiп, орнынан тұрып, сыртқа шыға бердi. Мамырай дәнеме де болмағандай тiктелiп отырып, иығына жеңiл түйе жүн боз шекпенiн желбегей жамылды. Малдасын құрып, төбедей боп отырып: — Ертелетiп шыққансың ба? — деп қойды. Жәнiбек ыңғайсызданып: — Иә, — дей салды. — Осы Мiрәлi кеше Сәндiбектiң ауылын шапқан дей ме? — Е, неге? — деп бұл шошып қалды. — Шапқанда бар ғой, өзi қызық. Сәндiбек Қараққа қашпай, сонау Аралдың бiр қолтығына барып тығылыпты. Екi ара қаншама жер десеңшi! Шамасы Әлiмдердiң жұртына қарай өтiп кетiп, iз адастырам деген-ау. — Онысы несi екен? Одан да Шiрiк Рабат не Кекiрелiге қарай көшпеген бе? — Ояғын бiлмедiм. — Мұны... естiп тұрғаным осы. Мiрәлiнiң онысы несi екен? — дедi Жәнiбек шынымен таңғалып. — Сәндiбек салық төлеуден қашыпты, сонысы үшiн дейдi. — Ау, сонда ел шаба ма екен? — Күштiнiң к...тi дермен тартады деген бар емес пе? Кәзiр Келман балаларының не iстемейiм дерi бар ма? Сәндiбек Тоғанақтай жақсының iнiсi емес пе? Соған қол көтерiп, мына тентек ағайын ел арасын ащы ғып қойды ма деп ойлаймын. — Ащылықтан бұрын, жаулықтың өршуi мүмкiн ғой. Апырмай, мұнысы несi екен? — Қайдам. Бiр сыласы бола жатар. Ендi өзiң... — Мамырай үй iргесiне дүсiрелете тақап кеп тоқтаған аттың дыбысын естiп, елеңдей қалды. — Соншама жау қуып келе атқандай бұ кiм екен?


104 Ол айтып ауыз жапқанша болмады, есiк алдында жатқан құмай тазыны қамшысымен бiр тартып, қаңсылатып, дұрыстап тұрып бiр боқтап, iшке Тайпан кiрiп келдi. Ол ықылассыздау сәлем берiп, Мамырайдың жанына дүрс етiп отыра кеттi. Мамырай оның қанын iшiне тартып, түтiгiп алған жүзiне сабырмен қарады: — Жарқыным, немене жайшылық па? Ит сабауыңа қарағанда, кеуiлiңе ит тиiп кеткендей ме қалай? — Иә, ақсақал, ит тидi, — дедi Тайпан дүңк ете түсiп. — Е, неге? — Оның iж негесi жоқ. Мен ағайыншылыққа көнiп, сендерге мұрсатана берiп ем. Ендi замана райы өзгерiп барады. Ақыр аяғында не мал жоқ, не жесiр жоқ, аузымды қу шөппен сүртiп қалармын деп кәуiп илеп келдiм, — дедi ол ендi дау соғатын кiсiше оқталып отырып, дауысын қаттырақ шығарып. — Ау, сенiң осыншама түңiлгенiң не? Азғантай сабыр етсейшi. Малыңды азар болса, өсiмiмен берермiз. — Жоқ, ақсақал, ендi мәмiлеге көнер жайым жоқ. Сөз қысқа, — деп Тайпан кiжiнiп кетiп, басындағы қара елтiрi бөркiн жерге атып ұрды. — Анадағы берген малыңды қайтарып берем. Жесiрiмдi өзiм алам. Мамырай не дерiн бiлмей, самсоз боп, аз-кем iркiлiп қалды. Үй iшiнде қолайсыз бiр тиыштық орнады. Ызалы Тайпанның қаттырақ дем алғаны анық естiлiп тұр. Маңғал бас шал сабырын шашпаған қалпы: — Ау, сонда алысқан қол, берген уәдемiз қайда қалмақ? Жiгiттiң екi айтқаны өлгенi емес пе? — дедi. Бұған да Тайпанның жауабы әзiр екен. Оған қарай мойнын шұғыл бұрып: — Кәзiр о заман өткен. Жұрт дүнияны қолындағы бармен ғана өлшеп пiшедi, — дедi. — Е, солай де? — дедi Мамырай не қоштағаны, не кекеткенi белгiсiз. — Ол дәл солай. Ағайын, ендi мәсәләның басын ашып алайық. Не жуық арада малымды бер, бере алмасаң, өкпелеме, онда жесiрiмдi өзiм алам! — Әй, Тайпан, — дедi сол арада Мамырай оқыс тiктелiп, — сен осы сөзiңдi ойланып айтып отсың ба? Ендi жер ортасынан асқанда балаңмен жасты баланы алам деуге аузың қалай барады? Одан не әбiрей табасың? — Мәке, әркiмнiң өз бiлгенi өзiне жөн. “Өз ақылым — ақыл-ақ, кiсi ақылы шоқырақ” деген. — Тайпан қолағаштай танауы кенет керi жиырыла түсiп, мысқылдай күлдi. — Пайғамбар жасынан асқанда сiз де төсек жаңғыртып отырған жоқсыз ба? Сонда сенен менiң нем кем, а? Көзiм соқыр ма, басым таз ба? Әлде маған тоқал алу жайыз емес пе? Мамырай үндей алмай, қып-қызыл боп кеттi. Оған табан астында не деп жауап қайырарын бiлмей, добалдай қолымен иығынан сусып түсе берген шекпенiн тартқылай бердi. Сол арада Жәнiбек бар салмақтың ендi өзiне түскенiн сезiп, әлденеге бойы ауыр тартып, бетiне ыссы қан шауып, бiраз отырып қалды. Басына сан сапалақ ой түстi. Iштей Тайпанды азғырып, желiктiрiп жiберген бiреудiң барлығын аңғарды. Осы арада үндемей қалудың ретсiздiгiн бiлiп: — Тәке, — дедi майдалап, — айтып отырғаныңыздың iж кәлетi жоқ. Шариғат бойынша, жесiр сiздiкi. Тек осы арада мынадай бiр гәп бар. Рәсiм бойынша, бұл арада жесiр жағының да ырзашылығы керек. Сiз қызды атастырсаңыз, iнiңiзге атастырдыңыз. Өзiңiзге тию, тимеу ендi қыздың еркi. Сiз осы йағын бiр ойладыңыз ба? — Е, ойлап нем бар? Мал бергенiм рас, оған құдай қуә, халық қуә. Ендi жесiр менiкi, ол менiң әмеңгерiм, — дедi Тайпан адырайып. — Жоқ, жесiрдiң ырзашылығынсыз баса-көктеп алуға шариғат қоспайды. — Әй, ағайын, менiң басымды көп қатырмаңдар! Берген малыңды түгел қайтарам. Жесiрiме қол сұқпаңдар, — деп Тайпан сөздi шорт кесiп, орнынан тұрып жүре бердi. Есiк алдына жете бере кенет артына ауырлау бұрылып: — Қолайсыз жерден қол сұқсаңдар, бiлiп қойыңдар, елдiктен кетемiз, — деп зiл тастап кеттi. Үй iшi тым-тырыс. Әкелi-балалы екеуi не iстерiн бiлмей, дағдарды да қалды. Осы қолайсыз тиыштықты Қасқырбай бұзып: — Мына шал кәртейгенде азғырынды сөзге ерiп, бар әбiрейiнен айрылайын деген-ау, — дедi. — Мұның түбi... кiмде жатыр екен, а? — деп Мамырай ұзақ ойланып қалды. — Бұ шiркiн кiмге арқа сүйеп отыр, а? Әлде... жоқ, олай болуы мүмкiн емес. Сонда... — деп, ол ыңылдап отырып, әр нәстенi iштей сарапқа салды. — Иә, мынау бiр қиын нәсте болды. Бас-көзге қарамай қызды ала салуға күш жоқ. Бiр жағынан, оның айтып отқаны да жөн ғой. Жәнiбек әкесiнiң мәймөңкелеп келе жатқанын сезiп, дер кезiнде сөзге кiрiстi: — Көке, қарсы болмасаң, мына Қасқырбайды құдаларыңа жiберiп алғалы отырмын. Бiздiң басқа iстейтiн қиламыз да жоқ. Таңдау олардың өздерiнен болсын. — Бұ да жөн. Онда барып келе қойсын. Жәнiбек Қасқырбайға сөздi қалай айтудың ретiн үйреттi. Ол кеткесiн, өзi аулына кеуiлсiз қайтты. Үйiне кеп, бағанағы қоржынын ыңғайсыздана көтерiп, iргеге тастай салды. Сосын Айжамалдың жүзiндегi қуаныш табын көрiп, тiксiнiп қалды. “Немене, бұл... мына жайды бiле ме?» — деп, күдiк алып, сылбыр шешiнiп, етегi түрулi iргенiң қарсы алдында жайылған төсекке кұлықсыз кеп қисайды. Көз алдына әйелiнiң жүзiндегi шат реңi кеп, бiр түрлi болды. “Бiз, адамзат баласы, — дедi өзiне-өзi, — неге бiреуге қастық жасап, өзiмiзге пайда түсiргенге қуанамыз? Мұның жыртқыштықтан айырмасы қанша? Бұ да белдi иттiң басқа әлсiз көпектiң аузындағы сүйек-саяғын тартып жегенiмен бiрдей емес пе? Сонда адам мен айуанның айырмасы бар ма? Осы арада кiсi ақылы оның оңаза пасық, ниетiне тiзгiн сала алмайды ма? Әлде... бiреуге қастық, бiреуге достық жасап күн көру мына тiршiлiкте қымқуыт мәңгi-бақи өзгермейтiн жәйт пе? Бiз неге бiреудiң жанын жаралағанымызды көре-бiле тұра қуанамыз? Мұнын сыртында қатыгездiк, тас бауырлық жатқан жоқ па?”


105 Ол жанын қинаған мың-сан сұраққа анық жауап таба алмай, тор-тор керегеден сыртқа ұзақ қадалып жата бердi. 5 Мамырай сақал-шашы ағара бастағанда, ауыл арасының дауына араласам деп ойламаған да едi. Ендi намысқа тырысып, құдасының ауылына өзi келдi. Есесi қайтып, малы орнына келген Малдыбай кеуiлдi екен. Көптен берi көрмеген құдасын ашық қабақпен қарсы алды. Бетiне қара қошқыл майы жүзiп жүрген тәттi қымызды қайта-қайта еселете отырып, ықыласты екенiн көрсетiп те тастады. Қымыз буынға түсiп, маңдайдан шып-шып тер шыға бастағанда, Мамырай көйлегiнiң өңiрiн ашып, салқындап отырып: — Сонымен малың түгел орнына келдi ме? — дедi. — Құдайға шүкiршiлiк, — дедi қызыл бет Малдыбай жаңадан өсiп келе жатқан, сұйық сақалын салалап сипай отырып. — Кiсi жайшылықта ағайын-туғанның кәдiрiн бiлмей, арпы-тұрпы, астам сөйлей бередi екен. Татулық, жақындық осындайда керек көрiнедi ғой. Әйтеуiр, намысқа шабар жiгiттерiмiз бiр тентектi астыма салып бердi. — Ендi үйтпей... — дедi Мамырай кеуiлденiп. — Ау, бiз де ел емеспiз бе? Мына Әлiм ағамның балалары “Ет жаманы — көмекей, ел жаманы — Шөмекей” деп мазақ қылушы едi. Бiздiң қой аузынан шөп алмас момындығымызды жасықтық, ынжықтық көрушi едi. Өздерi жүрген жер кiлең дау-дамай, шатақ қой. Осы жолы бiз де сойыл ұстай алар ел екенiмiздi бiр көрсеттiк, — деп, ол ойына алған шаруасына қалай қиялап келудiң ретiн таппай мүдiрiп қалды. — Ендi оның айтары жоқ, — дедi Малдыбай күле түсiп. — Осы ел мына Сарғасқаның атының қалай шыққанын бiле бермейдi. Болмаса Қоқанның қамалын шапқанда сары қасқа атты, сары тонды Келдiбайдың қалай Сарғасқа атанып кеткенiн ұмытуға бола ма? — Әрине. Оны айтпағанда, ана Сарман батырды қайда қоясың? — Мына Бозғұлдар Шөмекей баласының кенжесi едi. Ендiгi жерде батыр да солардан шығар. — Оның рас, — дедi Мамырай осы арада шұғыл жадырап. — Кешелерi ана Тайпан iнiмiз келiп кеттi. Кәрi қатты. Келе... — Ә, — дедi сол арада Малдыбай мұның сөзiн бөлiп, — қайсы бiр күнi бiр жiгiттi жiберген екенсiң. Оның жайын естiгем. — Ол кеңк-кеңк күлдi. — Бағанадан берi сыртқа бейсеубет көп шыға бермейтiн сенi қандай шаруа қозғады екен деп отыр ем. Әлде жас иiс жайлы төсекте жатқызбады ма деп те қойып едiм, — деп, ол сақалы селкiлдеп, күлiп алды. — Сүйтсем... — Ол көзiнен аққан жасты сүлгiмен сүртiп жатып: — Сонда ол iнiмiз не дейдi? — дедi. — Оның не дерi жоқ? Әлдекiм айтақтаған-ау шамасы. Ендi қартайғанда күйеу боп, төс жейiм дейдi. Бiз андағы келiсiм бойынша, қалың малының жартысын ғана қайтарған едiк қой. Қалғанын қол қысқалық етiп, бере алмай жүргенбiз. Ендi кеп, малымды түгем бер, әгәр бере алмасаң, өкпелеме, жесiрiмдi өзiм алам дейдi. Малдыбай қаны тамған екi бетi күреңiте түсiп, iрi денесiн тiктеп, көтерiлiп отырды. Кәрi көзiн әлдеқандай ой торлап, оң қасын сәл жоғары көтерiп, бiр сәт ойланып қалды. — Е, солай де, — дедi ол бiраздан соң ақырын сөйлеп. — Өзi бұрынғылар сортаңға дән шашпа, сор татыған бiр уыс бидай да ала алмайсың, деп бiлiп айтқан-ау. Бiз қасқа мал-дәулеттiң буына семiрiп жүрiп, кiммен итаяқтас болғанымызды аңдамай қалып құримыз ғой. Болмаса Тайпан менiң жiлiк басын тiстесер теңiм бе едi? — Ендеше ол теңдiктi қойып, күйеу болам дейдi. Iшке жаңа сауылған саумал құйылған тегененi көтерiп, Ақкербез кiрдi де, екi бетi қызарған қалпы, жан баласына тiктеп қарамай, саба пiсiп отырған жеңгесiнiң қасына кеп, оң тiзерлей отырып, төмен қарай иiле түстi. Малдыбай әңгiме бетiн шұғыл бұрды. Ол бұл қаңқуды Қасқырбайдан естiген бойда-ақ iшiн тартқан. Бiрақ Тайпан өзiне арнайы шабар жiберiп айтпағасын, ағайын арасындағы тағы бiр ырғасу шығар деген де қойған. Ендi күдiгi қалыңдап, мынау iстiң қиынға айналып кетер сыңайын байқап, iштен толғанып, аз-кем отырып қалды. Сосын сақалын асықпай сипап, әр жайдың басын шалды да, кенет жүзi шұғыл жадырап: — Осы биыл зекеттi ана Ережептiң өзi жинай бастаған дей ме? — деп, құдасына қарады. — Ел сүйдейдi. Ол жақында... — Оны естiдiм. Сонда Сәндiбектiң арқасын кiмге сүйейтiнiн бiлмегенi ме? — Неге бiлмесiн? Өз арқа сүйерi мықтырақ болғасын, Тоғанақ кiмдi қырып қарық қылар дейсiң деп, айылын жимаған шығар? — Ау, “ердi қорлама — құстырар” деген бар емес пе? — Кәзiр перiлер ер атанып, жындылар серi атанып жүрген жоқ па? Болмаса халық үшiн туған қайратты ердiң шалғайына жармасатын не жөнi бар едi? Осы атқа мiнгендердi ел қамын жей ме десең, өз құлқынын көбiрек ойлап бара ма, қалай өзi? — Бәрi де ақырдың әлеметi ғой, — дедi Малдыбай күрсiнiп. Ол соңғы кездерi құдай жолын көбiрек ойлап, дiндәр болып бара жатыр едi. Бұрынғы алыпсоқ тiк мiнезiнен жаңылып, мына фәнидiң келiспес тұстарын бiрден ақырзаманның нышанына әкеп тiрер бiр мiнез ашқан-ды. — Қайдам. Үлкендерден жөн-жосық сұрай қалсаң, не жақсылықтың бәрi баяғыда болған едi дейдi. Өз қара ақылым айтады қай заманда да жақсылық пен жамандық қатар жүредi деп. Әсiресе, жаманшылығы түспегiр мынадай ел iшiне әрекет кiрген тұста қаулап кете ме қалай? — Ол рас. Асылы ел де, жер де азады. Азған елде ақыл айтар аузы бар азамат қайдан бола қойсын. — Бұл өзi iрiген ауыздан шiрiген сөз шығадының керi ғой?


106 — Дәл өзi. Болмаса осы елге жетпейтiн не бар? — Малдыбай құдасына еңсерiле қарады. — Бәрi жетедi. Тек жетпейтiнi кеуiл. Соның кесiрiнен талай рет жер соғып қалған жоқпыз ба? — Персоққан жер соққанды қашан сабақ деп түйген? Аяғына оралған ит те, шөмiш милы шадырмен жарасқан ит те бiр емес пе? Оларды қосақтайтын нәрсе — қомағай күлқыны. Соны көре тұрып, не деп мәмiле айтуға болады? — Мамырай көптен берi көкiрегiн қыж-қыж қайнатып жүрген ащы шерiн бiр-ақ ақтарды да, сөздi созып жатпай, пышақ кескендей тыйылды. Iшiнен бұрын көп онша ашыла бермейтiн құдасының бүгiн әңгiменi жер түбiнен бастағанына шүкiршiлiк қылды. Сол үстерiне Шәки келiп кiрдi. Қысқаша аман-саулықтан соң, ол Ережептiң зекетке деген малды күнi ертеңнен қалдырмай айдап әкелсiн деген сәлемiн жеткiздi. — Мал бiр жаққа қашып бара атқан жоқ қой, — деп Малдыбай қыңыр тартып, қисая түстi. — Маған сенбесе, өзi кеп алып кетсiн. — Мен мырзаның сәлемiн айтып отырмын, — дедi Шәки ыңғайсызданып. Жылтыр қара жүзiне ұялыс iзi болымсыздау теуiп, бiр түрлi боп кеттi. Мамырай құдасы сөзге кеп қалар деп ойлап, оның алдын алуға тырысып: — Бала, әкең бiр құдайдан тiлеген момын жан едi. Тiрлiгiнде бiреудiн, ала жiбiн аттаған кiсi еместi. Тiптi бiреудiң қосын да жекпейтiн. Сонда сен кiмге тартып, пысық, аша бастағансың, а? — дедi. — Қайдам? — Сөзге көп әуестiгi жоқ Шәки екi иығын қиқаң еткiздi де қойды. — Шамасы, нағашыларыңа тартқансың-ау, Айтпақшы, осы сенi келiншек алды дей ме? — Иә. — Е, дұрыс болған екен. Шешең пақырдың қолы ұзарып, бiр жасап қалған екен ғой. — Әйдәй, — деп зiлсiз әңгiме аңғарын сезiп, Шәки сәл көтерiлiп қалды. — Қайын жұртыңды шақырып, мiндетiңнен құтылдың ба? — Жоқ. — Көпжан Мәметектiң iшiндегi естi кiсiлердiң бiрi едi. Баласын да өзiне тартқан бесаспап деп естушi ем. Ол бойын онша керiлiп, балай бермейтiн жақсы ғой. Қалта-дорбаңа-ақ аңқ ете қалады. Қадамың қайырлы болсын, — дедi Мамырай қымызға қол созып жатып. Шәки кеткесiн, Мамырай кешкi салқынмен ауылына қайтпақшы болды. Кетер кезде Малдыбай ойланып отырып: — Құда, кеулiңдегi көп сөздiң шет-жағасын шығардың да, негiзгiсiн жасырып қалдың ғой. Сенi осыған мүтәж еткен не нәсте деп дам боп отырым, — дедi. — Әй, Малдыбай-ай, кiсi кәртейiп, мажалы қашқасын, көрiнген тентектiң келдегiнен қорқа беретiн көрiнедi ғой. Әбдән зәрәзәп болып, белең алған атша шоши бередi екенсiң. Бастасыңның сондай қажып қалған бiр тұсы да бұл, — дедi Мамырай мұқап, тұнжырап отырып. — Е, солай де. — Малдыбай жымиды. — “Тоқтық не дегiзбейдi, аштық не жегiзбейдi” деген ыпрас. Болмаса қайраты қара нардай сенi мұқайды деп кiм ойлаған? Құда мың жылдық деп аталарымыз айтқан. Бұ жерде менiң жығылып қалғаным жарамас. Тайпанға жауабын өзiм берем. Малын өсiмiмен өзiм қайтарам. Кәне, балдарыңа бәтеңдi берiп кет! Иә, илләһи әумин, — деп ол қолын жая бердi. Жеңгесiнiң жанында саумал пiсiп отырған Ақкербез әкесiне алғаш рет ырза бола қарады. Әшейiнде жоққа тарыла қалатын әкесiнiң осындай азаматшылық сыналар тұста қолы ашылып кететiнi бар. Көкiрегiн бiр қуаныш толтырып жiберген қыз пiсiп отырған саумалын қоя сап, iшiнен күбiрлеп, қолын жайды. Мамырайды қолтығынан демеп, атына мiнгiзiп тұрып, жақсы-жаманды жер түбiнен байқайтын Малдыбай: — Замана ыңғайын өзiң бiлесiң. Қыран құстың дер кезiнде алтайыны әбiрейi өз бойында тұрғанда қолына алғанына не жетсiн? Оған ата-ана да қардар емес пе? Лажы болса, бар-жоқ деп қысылмай, балаңды алып кеткенiң мақұл, — деп, құдасына қол байлау болар бiр тұсауды және шешiп алып қалды. Мамырай құдасының ауылынан кеуiлденiп аттанды.

6 Екi-үш түйелi шолақ керуен Қарақ тауының қалың бұйратты етегiне iлiккесiн-ақ, Құлқа батыр қалған жолға қам жемедi. Кеше Бұхарадан шығарда кездесiп қап, ұзақ жолға серiк болған кекселеу Бозғұл кiсiсiне қарап қойып, астындағы атын сипай қамшылап, сары аяңға басты. Содан күн қызғанша танбады. Күн қашан тас төбеге кеп, Қызылдың дағдылы аптабы аңылжи бастағанда барып, Құлқа батыр ат басын iрiктi. Жыңғылды дүзгендi ойпатқа кеп тоқтап, түйелердi шөгерiп, үстерiнен қап-қап астықты алып, өздерiн бұйдасымен тiздеп жiбердi. Бозғұл кiсiсi екеуi биiк боп өскен жыңғылдың басына аттарының жабуларын жайып, көлеңке iстедi. Сосын қу томарды сындырып әкеп, шәй қайнатты. Ұзақ жолдан белi талған түйелер арқаларын езген зiл батпан жүктен босап, сулы көздерiмен бұларға бiр-бiр қарап қойып, ащы шөптiң дәмiн ап, маңып жайылып бара жатты. Олардан берiректе кiрешiлердiң аттары ажырыққа бас қойып та үлгерген едi. Құлқа батыр бұқары құманға шәйды демдеп, екi кесеге кұя бастады. Жер ортасынан асқан, маңдайы әжiм-әжiм серiгiне анда-санда бiр қарап қояды. — Сонымен бала-шаға қамы қуды де, — дедi ол басқа айтар ештеңе таба алмай. Екi күн бойы олар өз бастарынан кешкендерiн бiр бiрiне ақтарып та үлгерген едi. — Иә, — дедi Бозғұл кiсiсi сәл күрсiнiп, — жасымда талай жүрген жерiм ғой. Ендi иман ойлар шағымда астыққа бiр шығып келейiн дедiм. Шиеттей бала-шаға бар дегендей, ертең қыс болып, ел аяғы алысқа түсiп кеткесiн, астық қайда?


107 — Оған не сөз бар. — Сiздi кездестiргенiм қандай жақсы болды. Болмаса ұзақ жолда жаңғыз кiсiнiң iшi пысады ғой. — Ол рас. — Ал, өзiңiздiң мына жүрiсiңiз қызық екен. — Ендi... Құлқа батыр артық тiл қатпады. Өзiн жол бойы қинап келе жатқан тосын жайды еске алмауға тырысты. Бiрақ қолайсыз бiр түстей сол жәйт жадынан шықпай қойды. Тағы да соның қалың астарына көз жүгiртiп байқауға тырысты. Бұл Ахиярдың керуенiн Қызылдың үстiмен Бұхараға тура апарып құлатар керуен жолымен бастап алып жүрдi. Алғашқы күнi жүгi ауыр керуен жолды өндiре алмады. Қелесi күндерi ғана бұрындары мынадай аңылжыған аптапты көрмеген кiсiлер етi үйренiп, ширақ жүрiп отырды. Бұл көш басында Ахиярмен қатар жүрдi. Жанында мылтық асынған екi адам. Құлқа әуелгiде қыр соңынан қалмай қойған әлгi екеуiне таңдана қараған-ды. Оның жайын бертiн келе ұқты. Сүйтсе, түнде көз жаздырып, қашып кетер деп Ахияр бұған сенбейдi екен. Жалпы өзi еш кiсiге сенбейтiн сықылды. Үнемi сәбiз секiлдi қызыл қоңыр бетi бiр тұтас боп манаурап, лай көзi мөлие қарайды. Кейде тiлiн бұрап, қазақша сөйлеп, жер жағдайын сүрап қояды. Сұрақтары қызық: “Қазақтар мына далада суды қайдан алады?” “Қайдан болсын, құдықтан да”. “Қазақтар осылайша бөлек-бөлек ауыл боп отыра ма?” “Үйтпей, немене үйiрге түсейiн деп жүр дейсiң бе?” “Қазақтардың мылтық, зеңбiрiгi бар ма?” “Сирақты қара мылтықтан басқа iждемесiн туа бiттi көрген жоқпын”. “Қазақтардың тұрақты әскерi бар ма?” “Ол саған неге керек?” — деп, бағанадан берi сырғақтап келе жатқан Құлқа батыр кенет оған адырая қарады. Ахияр әлденеге қуыстанып, сүтке тиген мысықтай жым болды. Содан қашан Бұхараға жеткенше тiс жармады. Құлқаның да онымен тiлдесуге зейiлi соға қойған жоқ. Жолшыбай өз жағдайын ойлады. Құда қалап, керуендi Бұхараға аман-есен жеткiзсе, Ережептiң бiр атын мiнедi. Сосын жаңғыз баласы Қожақты аяқтандырып, немере сүйсе, бұ дүниядағы татқан нәсiбiне дән ырза. Алты ағайынды ұлдан қарақан қара басы сопайып қалған бұған ұрпағының үбiрлi-шүбiрлi болғанын көргеннен басқа қызық бар ма? Тек керiктеу құдасы Сағынай жоқтан өзгеге бұлданып, баласын оң босағадан аттатпай отыр. Бұл осы шалдың мiнезiне таңданады. Таңдану демекшi, жолшыбай мұның қатты таңданған бiр жайы бар. Қарақ тауының етегiндегi бiр құдықтың басына түстенiп отырғанда, Құлқаның назарын бiр кiсi ерiксiз өзiне аударды. Өзiнiң басқаларына қарағанда, түрi-түсi бөлек. Үнемi қалтасынан бiр дәптер шығарып, осындай ат шалдырған тұста тұқшияды да отырады. Әуелгiде оған онша назар аудара қоймаған бұған онысы келе-келе қызық көрiндi осы жолы әуестiк жеңiп, оны сырт жағынан кеп, желкесiнен көз салды. Қараса, алақандай қағаз бетiне түрлi белгiлер, құдық-қыстау секiлдi таңбалар, жүрген жолдары сияқты ирек сызықтар қона қалыпты. Әлгi кiсi мұны көре сап, өз-өзiнен қуыстанып, дереу дәптерiн жаба қойды. Тұздай көзi сазарып, мұның өңменiн тесiп жiбере жаздады. Құлқа сонда: “Мұнысы несi?» — деп таңданған да қойған. Кейiннен әлгi кiсi мен Ахиярдың бiр-екi рет оңашаланып, қысқа-қысқа тiл қатысқанын байқап та қалған. Бүл осы жағдайды Бұхараның шетiндегi қыстақта жайы бар өзбек тамырына айтып едi, ол жағасын ұстап: “Ойбай-ау, ол деген iлiм олар жер бетiнiң сурәтiн солайша салып алады. Сосын сол iзбен екiншi рет өздерi көш басшысыз-ақ, әскер ертiп келе бередi”, — дедi. “Астапыралла, не дейдi?” — деп бұ да жағасын ұстаған. “Жора, солай. Қайта олардың уысынан аман-есен құтылғаныңа шүкiршiлiк қыл”. Құлқа батыр сонда ғана Ережептiң өзiне арнайы жiберiп, неге қиылғанын түсiнгендей болған. “Ә‚ кәззап, менi аранға итермелеген екен ғой!” Кәзiрде де Құлқа батыр күле түсiп, сол дүдәмалын Бозғұл кiсiсiне айтып едi, ол таңдайын тақ еткiзiп, басын шайқап: — Естiмеген елде көп деген ып-рас-ау, — дедi. — Айтпа. Соны сезгесiн-ақ, аман-есен құтылмаспын деген ой басымнан шықпай қойды, — дедi Құлқа өзiнiң сескенгенiн жан баласына алғаш рет ашық айтып. — Түнде... былай, олар ұйықтап атқанда, қашып кетпедiңiз бе? — Қашу қайда?! Түн баласында мылтық асынған екi күзетшi көз iлмейдi. — Апырмай, ә?! — Сонда деймiн-ау, олардың бұ келiсi не келiс? — Оны итiм бiлiп пе? Екеуi де үнсiз қалды. Олар алдарында маздай жанып жатқан сексеуiлге қарап, бiраз отырды. Құлқа көсеумен түрткен сайын шоқ шырт етiп, анадай жерге шоршып түседi де, iзiнше бiр қызарып, бiр бозарып, сөне бастайды. Құлқа батыр лаулап болып, ендi шоққа айнала бастаған отқа шырт еткiзiп бiр түкiрiп, қолындағы көсеумен оттың шетiн жинастырып қойды. Бозғұл кiсiсi өз-өзiнен қозғалақтап: — О да мүмкiн, — дедi. Сол арада қолындағы келтелеу сексеуiл көсеумен бұқары құман астындағы қызыл шоқты қозғай берген Құлқа батыр әлденеге елең ете түстi. Бұл кезде түйелер тұщы отты талғамай, ащылық, сораң iздеп, алдағы жалпақ жазыққа түсiп те кеткен едi. Соны көрiп, тұрса керек, жабындыдан тоғыз ұры андыздай шыға кеп, қиқу сала шауып, түйелердi бет аулаққа қарай қуалай жөнелдi. Құлқа қолындағы көсеуiн ұстаған күйi орнынан атып түрегелдi. Ұзын бойы сереңдеп, атына қарай тұра жүгiрдi. Келе пышағымен тұсауды қиып жiберiп, атына қарғып мiнiп, осы кезде түйелердi тайрақтатып қуып бара жатқан тоғыз ұрының соңынан тура салды. Атының шабысы жөнделiп, олардың қарасы жақындаған кезде барып, өзiнiң қарусыз екенiн есiне алды. Ұрылардың қылыштары мен найзалары бар.


108 Бастарындағы биiк төбелi сеңсең бөрiктерiне қарағанда, не түрiкмен, не қарақалпақ жiгiттерi. Өздерi шеттерiнен iрi, қарулы, нағыз сен тұр мен атайындар. Олар бiр-екi төбеден асқасын, арттарынан шыққан қуғыншыны көрiп, түйелердi тырқыратып қуа бермей, май бүлкiлге көштi. Мына сиқы: “Тоғызымызға жаңғыз кiсi не iстей қояды?” — дегендiк. Құлқа батыр осындай жердегi ақкөздiгiне басып кеттi. Айдалада жаяу қалса, шөлдеп өледi. Одан да дұшпанмен айқасып, жастығын астына ала құлағаны мақұл. Осыған бекiнген ол астындағы атына қамшы басты. Тоғыз ұры қуғыншының жалғыз, әрi шал екенiн көргесiн, ендi тiпте айылдарын жимады. Бәрi тоқтап, мұны ермек етiп, өздерiнiң қайратын көрсетпекке бекiнген сиякты. Бұл жақындай бергенде, бiр жiгiт найзасын бiлеп, атын тебiнiп қап, қарсы ұмтылды. Ағызып келген қалпы бар екпiнiмен қарт батырды ат үстiнен аударып түсiрмек боп, қатты кiжiнiп, тiстенiп апты. Соны көрген Құлқа жан-дәрмен деп, басын ала-ала қашқан жаман атының тiзгiнiн шiрене тартып, бiр бүйiрлей бердi. Сосын өңменiне суық жүзi күн сәулесiне шағылыса жылтылдап төнiп кеп қалған найза ұшына шошына қарады. Iшiнен: “Бiссiмiллә”, — дедi. Дем арасында маңдайынан қара тер бұрқ ете түстi. Ұры найзаны толғап сала бергенде, баяғы жау түсiрiп жүргендегi дағдылы машығына басып, осы кезде көлденеңдеп кеткен ат үстiнен сыпырылып түсе бердi. Еңкейiп бара жатып, сексеуiл көсеумен бiр қойып, төнiп кеп қалған найза ұшын өзiнен аударып үлгердi. Қарулы қол сiлтеген найза қазақы ердiң қасына барып кiрш ете түстi. Құлқаның күткенi де осы едi. Бiр демде лып етiп, ер үстiне түзелiп отырып, найзаның басына жармасты. Әлемет күшпен оны жұлып ап, сабын ұстап тұрған ұрыны керi итерiп жiбердi. Найза сабы кеудесiне тiрелген ұры жел соққан қаңбақша шайқалақтап кетiп, жерге ұшып түстi. Ендi Құлқа батыр найзаны қолына ап, лып етiп еңкейiп барып, шаң қауып жатқан ұрыны көсеумен тобығынан бiр қойды. Ұры аяғын баса алмай, шоңқиды да ғалды. Қалғандары гәупек екен. Осы кезде айғайлай шауып жетiп келген Бозғұл кiсiсiнiң қолынан ұзын қайың сойылын ала сап, қатты ақырып, қалғандарына қарсы ұмтылды. Әруақтанып кеткен қарт батыр жақындаған ұрыларды бiртiндеп, қыбын тауып, тiзе мен тобықтан ұрып соғып, ат үстiнен құлата бердi. Тек ұрының жастау бiреуi аса қарулы екен. Бiр қапысын тауып, найзасын мұның оң иығына салып кеп қалды. Дем арасында оң қолы ұйып сала бердi. Құлқа сонда да болмай, сол қолымен шап берiп, найзаны әрi қарай дарытпауға тырысты. Ұры бар күшiн сап, итере түстi. Құлқа найза ұшын әрi қарай сұғындырмаса да, бұдан құтылып кетудiң киын екенiн бiлдi. Ащы тер көзiн жуып кеттi. Сол арада Бозғұл кiсiсiне: — Тiзеден ұр! Бол! Тез! — деп барқырай айғайлайды. Бозғұл кiсiсi төбелеске жоқ екен. Шаруа неме далақтай шауып кеп, қолындағы сойылымен әлгi ұрыны арқасынан бiр қойды. Оны iрi жiгiт шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. — Әй, тобықтан ұр! — дедi Құлқа батыр қатты айғайлап. — Бұл әкенiң аузын с...нiң тобығы қайда едi? — деп Бозғұл кiсiсi айнала берiп, сойылып құлаштай сермеп, перiп кеп қалды. Сойыл тайып барып, тiзеден тидi. Жаңа ғана мығым тұрған ұрының қолы сәл босап сала бергендей болды. Сойыл екiншi рет тигенде, ол ат үстiнен аударылып бара жатты. Сол екен, Құлқа бiр сәтте ер үстiнде дұрысталып отырып алды. Сұғына тұскен найзаны лақтырып тастап, атын тебiнiп қап, құлап түсiп, орнынан ендi тұра берген ұрыны оң жағына ала бере, құлақ шекенi көздеп, сойылын сiлтеп кеп қалды. Қолы ербең ете түскен жас ұры басын бұға қалды. Сойыл тайып барып, оның басындағы сеңсең бөркiн ұшырып түсiрдi. Осы кезде сырт жағынан ұмтылып, тақап кеп қалған Бозғұл кiсiсiнiң сiлтеген сойылы ұрының оң тiзесiне кеп тидi. Қанша қарулы болса да, жас жiгiт ендi аяғына мiнiп тұра алмады. Құлап бара жатқан оны Құлқа қайырыла бере қатты ұрды. Ұрының жан дауысы шыға, бiрдеңе деп айғайлап, аузынан қан атып, жерге ұшып түстi де, тыпырлап, әрi-берi аунақшыды. Құлқа дереу атынан түсiп, жерде аяқтарын баса алмай, домалап жатқан ұрыларды қолдарын тақымдарының астарынан өткiзiп, байлап-матап тастады. Сосын өзiнiң жарадар жерiне киiз күйдiрiп басты. Бұл кезде қараңғы түсiп қалған да едi. Ол ұрылардың жанына жаман бiр атты қалдырып, түйелерге астықтарын тиеп, суыт тартып кеттi. Түн iшiнде қатқақпен жүрiп отырып, iз адастырды. Толық ай табақтай боп қызарып шыққанда барып, олар аз-кем аялдады да, қайтадан суыт жүрiп кеттi. Содан қашан Қуаң даласы басталғанша, бiр рет тiзе бүкпедi. Ел шетiне iлiккесiн барып, Құлқа батыр ат басын тартты. Бозғұл кiсiсi: — Құдай бiздi бiр ажалдан сақтады, — деп, дәудiрлей бередi. — Ендi қорқатын дәнеме де жоқ. Олар бұяққа келе алмайды, — дедi Құлқа бүгiндiкке алғаш рет жаны жай тауып. Сосын олжа аттарға қарады. Есiне Ережептiң мiнгiзем деген аты түстi. “Дүния шiркiн кiсiге не iстетпейдi?” — деп ұзақ ойланып қалды.

7 Жәнiбек нартәукелге бел байлады. Қыз әкесiнiң тоқетер сөзiн естiген бойда, қасына Қасқырбайды ертiп, ешкiмге жөнiн айтпастан, iңiр қараңғылығын жамылып, қыз аулына қарай тартып отырды. Терiскейден ат басын аудармай, бетi шарық табақтай боп толған қып-қызыл айды оң жағына ұстап, сар желiстен бiр танбады. Астындағы атының әдемi бiр жүрiсiне салып, Қасқырбайдан құрық тастам жер озып жүрдi де отырды. Былай шыға бере кеуiлi сәл-пәл көтерiлгендей болды. Түнгi даланың құлаққа ұрған танадай тиыштығы, шiлделiктiң шырылы, ақырып пiскен боз жусанның ұнамды қышқыл иiсi, ай сәулесiне шомылған ұлан ғайыр Сыр өңiрi — бәрi-бәрi жаңа ғана ширығып алған жанына сылауша жағып, ақырын-ақырын жай таптыра бастады. Бар денесi ал-сал тартып, қабағына әлдеқандай қажу ұялап, бей-жай қалыпқа көштi. Кеуiлi көтерiлiп, ән салғысы кеп кеттi. Бiрақ қасында ерiп келе жатқан


109 серiгiнен ыңғайсызданды. Ер үстiнде дұрысталып отырып, бiр сәтте бойын жиып ап, қайта сыдыртып кеттi. Жолшыбай әлденеге кеуiлi ауырлай бердi. Өзiне-өзi, Тайпан неге табан астында бүлiндi, дедi. Әлде бiреу-мiреу азғырды ма сонда? О кiм? Сөз жоқ, Ережеп. Ол Келманның ата-бабасынан бермен қарай мирас боп келе жатқан билiктен ажырасқысы келмей, соңғы кездерi қиғылықты салып-ақ жүр. Әсiресе, бұл Бұхарадан келгелi, жаман боп кеттi. Ұтырлы тұсты құр жiбермей, бiр қыршып алады. Ендi мiне Жәнiбектiң мына шолақ тiршiлiктен татам ба деген бiр ләззатын да көпсiнiп, ит тартқан терiше оның да берекетiн қашыра бастады. Ағайынды ағайынға қарсы айдап сап, жоқ жерден жау тауып бердi. Ендi жағаға бiр жармасқан Тайпан өлмей берiспейдi. Қашан бойынан мажал қашып әлсiрегенше, қолы жағасынан кетпейдi. Ақыр соңында өзi де шаршайды, өзгенi де шаршатады. Ал Ережеп екеуiн қолтығына су бүркiп, айтақтап қойып, көлденеңнен қызығына батады. Тайпан соны неге түсiнбейдi? Жарайды, оны қойшы, осы елдiң бiр-бiр руының тiзгiнiн ұстадым деп жүрген әтеберлi кiсiлердiң қарақан қара басының пайдасы үшiн ар-ұяттан аттап кете беретiнi несi? Неге осы қазақ бiр-бiрiмен болмашы үшiн жау болады? Неге олар алысып жатқан екеудi бiр-ақ оқпен атып жығар зымиян дұшпанын көрмей, қастасын жақынынан табады? Сонда бiзге не жетпейдi? Бақ па, тақ па? Бақ дейiн десе, қазақ бар бақытты бiр жұтта суалып, ақсирақ тартып қалар малдың төрт бұтының арасынан iздейдi. Ол, сiрә да, баянсыз. Тақ дейiн десе, қазақ қазақ болғалы өз еркi өзiне бiр тиiп көрмептi. Талай заман бойы ен далада бұла өскен тағыдай қалың елдi Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан өрбiген төре тұқымы сұрап келiптi. Олар қолдағы билiктен айрылып қалмау үшiн талай рет ел мүддесiн көк тиынға сатып кеттi. Соны көре-бiле тұра, ел жақсылары неге ойланбайды? Бiз неге өз жерiмiзге, өз малымызға өзiмiз қожа болмаймыз? Жоқ, әлде осылайша жат жерлiк Хиуа, төрелердiң алдауына көнiп, айдауына жүрiп, қақпай көрген қойша мына тiршiлiктен жылай-жылай өтемiз бе? Жарайды, әзiрге еш кiсiнiң қолынан келмес оны қойшы. Мына алақандай Сыр бойында қатар жүрген азаматтар неге тату боп, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығармайды? Әй, қайдам?! Жәнiбек ерiксiз күрсiндi. Iшiнен, бiзге ол қайда, дедi. Ондай ынтымақ түгел, мына бiткелi тұрған шаруасын әлге дейiн орнына келтiре алмай жүрген жоқ па? Ол Ақкербездi еске алды. Iшiнен қанша жақсы көрсе де, жат кiсiлер арасында болғандығы ойына түссе, тәттi қиялы ақау татып кеткен сияқтанады. Осы кәзiрде де iштей тiксiнiп қалды. Апырмау, дедi тағы да өзiне-өзi, мен сонда қолдан қолға өткен қалайыны алтын деп жүрген жоқпын ба? Жоқ, әлде мұным бекершiлiк пе? Жарайды, барғасын көре жатармыз. Ол кеуiлiн бұзар мекер ойды миынан тез қуып тастап, бiр демде бойын тiктеп ап, сыдыртып кеттi. Екеуi аздан соң Малдыбай ауылының шетiне жақындады. Түн ортасы боп қалған кез. Жерошақтардағы оттар сөнген. Ау-тауық бөрiбасар иттердiң әупiлдегенi, қотанда жатқан қойлардың пысқырғаны түнгi тиыш ауада жаңғырығып, құлаққа анық шалынады. Олар уәделi жерге жеткенде, жыңғыл арасынан әлдекiмнiң ақ көйлегi көлең еткендей болды. Iзiнше бiрнеше жеңге, екi-үш жiгiт орындарынан өре түрегелдi. Аттан түскен бұларға тақау кеп, ақырын күле сөйлеп амандасты. Бiр ашықтау мiнездi жеңге мұның қойны-қонышын тiнтiп, бiлезiк, сақина, жүзiктердi алып жатты. Екiншiлерi қоржынға жармасты. Жiгiттер аттар мен Қасқырбайды аулақ әкеткесiн, екi-үш жеңге әзiлдесе сөйлесiп, мұны қыз отауына қарай алып жүрдi. Әлденеге кеуiлi көтерiлген Жәнiбек бәрiне күле жауап берiп, аяғын нықтап басты. Тек ақ отауға жақындағанда ғана тұла бойын билеген өзгеше бiр дiрiлдi сездi. Табалдырықтан ақырын аттады. Қараүй iшiнде көлдей шымылдық құрулы тұр екен. Оның етегiн жоғары түрiп қойыпты. Мұның сырт киiмiн шешiндiрiп боп, қылжақбас жеңге: — Бикешiмiз албырттау, масқара боп қап жүрме, — деп, тұрпайы қалжыңдап, аяғын ақырын басып, бұралаңдап, сыртқа шығып кеттi. Жәнiбек төсектiң үстiнде отырып, не iстерiн бiлмей, жан-жағына қарады. Уықтарға асылып, салбырап тұрған желбауларға көз салды. Iштей қуанса да‚ бiр түрлi ыңғайсыз секiлдi. Сол арада сықырлауық есiк әндетiп ашыла бердi де, бағанағы жеңге iшке кiрiп келдi. Бұдан тағы да кәдесiн алып барып, жiбек орамалды малына жамылған Ақкербездi iшке кiргiздi. Оған әлдененi сыбырлай айтып, шешiндiре бастады. Сосын қызды төсекке сүйрегендей ғып жақындатып әкеп, екеуiнiң қолын табыстырып, жырқылдай күлiп, лып-лып етiп тұрған тас шамды сөндiрдi де, сыртқа шығып кеттi. Үй iшi қап-қараңғы. Жәнiбек қыздың нәзiк саусақтарын қыса ұстап тұрып, не деп тiл қатудың ретiн таппады. Осы кәзiр мына қараүйдiң сыртында қылжақбас жеңгелер мен балдыздардың не болар екен деп, iшке құлақтарын төсеп тұрғандарын бiлiп, өз-өзiнен қысыла түстi. Ақырын бойын билеп, батылданып, Ақкербездi жақын тартып, маңдайынан сүйiп едi‚ ернiне тиген сортаң дәмдi сездi. Сосын оның жүзiне анықтап қарап едi‚ Ақкербездiң ұзын кiрпiктерiнде жартылай ашық тұрған түңдiктен осы кезде бұлттан шығып үлгерген айдың қиялай түскен сарғыш сәулесiне шағылысып, маржандай жас тамшылары тiзiлiп тұр екен. Сол тамшылар бақыттың да, махаббаттың да, үрейдiң де нышанын аңғартқандай едi... Елең-алаңда ақ отаудан ұрланып шығып атқа қонған Жәнiбек Қасқырбайды ертiп ап, ауылына қайтты. Кеуiлi көтерiлiп, серiгiне бiр-екi рет қалжың да айтып қойды. Олар екi-үш төбеден асқасын, көз ұшында суыт жүрiп бара жатқан бiр салт аттыны көрдi. Екеуi аттарына қамшы басып, жақындайын десе де, әлгi салт атты кiсi маңайлатпады. Әрi-берiден соң аттарын ақ көбiк қылмайын деп екеуi жәй аяңға көштi. Салт атты ұзай бердi. — Бұ кiм болды екен? — дедi Жәнiбек әлденеге елегiзiп. — Ит бiлiп пе? Құлқын сәрiден ат белiне қонып, суыт жүрiп бара жатқан жолаушының тегiн кiсi еместiгiн сезген Жәнiбек iштей тiксiне түстi.

8


110 Әкесi әлi Бұхарадан орала қоймағасын, Қожақ екi қолы алдына сыймай, Қызылдың дүзгендi қалың жықпылына барып, бығып жатқан қоянға тұзақ құрып жүрген-дi. Бүгiн дұзағын қараса, жүгiрiп келе жатып пәтiмен сытылыңқырап кетсе керек, үлкен сұр қоян дәл белуарынан түсiптi. Әйдiк қызыл көзi бақырая қалыпты. Қожақ сәл-пәл таңғала қарап тұрып, қынынан кездiгiн суырып ап, қоянды басын құбылаға қаратып мауыздады. Басқа дұзағына түскен екiншi қоянды бауыздап бола бергенiнде, желке тұсындағы дүзген арасы сытыр ете қалды. Жалт қараса, — Тиышбек! — Ау, түсер көбейсiн! — деп сойған түлкiше ыржиып тұр! — Айтсын! — Қожақ кездiгiн қынына сап, шөкелеп отырған жерiнен түрегелдi. — Апырмай, мынау ара деген нағыз құт қой. Қояны биттей ерiп жүр. Сыйлы қонақ келсе, дым таппасаң, бiреуiн сирағынан ұстап, әкеп, со-я-я бересiң, — деп, Тиышбек дәудiрлей сөйлеп, жанына жақындады. — Жаңа былай қарай өтiп бара атыр ем, қалың дүзгеннiң арасынан бiреудiң төбесi қылтқылт етедi. Апырмау, бұ кiм, жын ба, шайтан ба деп... келсем, өзiң екенсiң ғой. — Жәй, ермек қылайын деп... — Қожақ ыңғайсыздана бастады. — Ермек... ойбай, екi қолың алдыңа сыймай бара жатса, ана Жәнiбек күсап жер шұқымайсың ба? — Өй, оны қой, — Қожақ қатты ыңғайсызданып, қолын бiр сiлтедi. — Е,е, неге? Ойбай-ау, о деген... өнердiң жетi атасының бiрi емес пе? Мына мен қасқа сол қолымнан келмей, сорлап жүрмiн ғой. Болмаса... баяғыда-ақ жерге жабысып жатар едiм. — Әлi де кеш емес қой. — Оған не сөз бар. Дегенмен... — Ол иегiн ұстап, ойланып қалды. — Жас келiп қалды дегендей. Ендi сақал-шашым ағарғанда сарттың қылуасын iстеп жүрсем, ел-жұрт көтiн ашып күлмей ме? Әне, Жәнiбектiкi ақыл, дер кезiнде шаруа көзiн тауып алған! Мен өзiн сондай жақсы көрем, — деп Тиышбек ыржия күлiп, бұған көзiн сығырайта қарады. Iшiнен. “Мынаған сол иттi несiне мақтап арам тер боп тұрмын?” — деп қойды. Қожақ үндемедi. — Айтпақшы, Құлекең келдi ме? — дедi Тиышбек ендi былай шығып. — Жоқ. — Жарықтық, о деген бұрынғының кiсiсi ғой. Сүйегi не деген асыл! Кәртейгенiнде сонау ит арқасы қияндағы Бұқарға барып мал тауып... — Тиышбек сөзiнiң соңын жұтып ыржиды. — Ендi... Ережеп өтiнгесiн... — Осы бар ғой... Ережеп те қызық өзi. Кеше аулына барсам, бiр әңгiменi көңiрсiтiп отыр. Сағынайдың қызын Қасқырбай алатын болыпты дейдi. Оларды жарастырып жүрген Жәнiбек дейдi. — Не, не? — дедi аңқаулау Қожақ кекештене сөйлеп. Бiр демде жүзi қызара түсiп, iзiнше сұрланып кеттi. — Олар бүгiн Жәнiбектiң ауылында кездеспекшi. — Кiм-м-дер-р? — Шарапат пен өгей шешесi. Қожақ сұп-сұр боп кеттi. Қоянның бiрiн мұның қолына ұстата сап: — Мә, мынау сыралғым, — дедi. — Өй, алдыраз болсын! Өркенiң өссiн! — дедi Тиышбек жымыраңдай күлiп. — Тәке, осы қазақы қақпан соғатын өнерiң жоқ па? — Ойбай-ау, бұл ағаңның қолынан не келмейдi. Тек бабы болмай жұр ғой. Была-ай, дүкен ашып, ұста болуға, жағдай көтермейдi. Болмаса... талай нәстенiң басын қайырамыз ғой, — дедi Тиышбек қоқиланып. — Маған бiр қақпан керек едi... — деп Қожақ сыр бермеуге тырысып, қатты ширығып алды. Түрi сұп-сұр. — Ендi... оны кейiн бiр көре жатармыз, — деп Тиышбек өз шаруасы орайына келiп алғасын, сөз түйiнiн ұзын арқан кең тұсауға салып шыға келдi. Ендi Қожақ та көп бөгелмегендi қолайлап: — Ал, дегендей. Ауылда бiр... шаруам бар едi, — деп бұрыла бердi. “Әп-бөрекелде!” — деп Тиышбек оның соңынан қарап тұрып, iшiнен шиық-шиық күлдi. *** Аңқау Қожақ жаман атын борбайлатып, аулына жау тигендей боп шауып келдi. Дереу өзi қатарлы, намыс жыртар төрт-бес жiгiттi жинап ап, мән-жайды түсiндiрiп едi, iшiндегi бiреуi: — Әй, осы өтiрiк әңгiме шығар. Шыққан жерi сенiмсiздеу екен, — деп едi, Қожақ: — Жел тұрмаса қамыс басы сыбдырламайды деген, — деп оның сөзiн кесiп тастады. — Дегенмен... Осы арада асықпайық. Ертең ұят болып жүрмесiн, — дедi сабыр ойлағанды мақұл көрiп. — Мұның артын тосатын дәнеме де жоқ. — Расында да, несiне бүгежектеймiз? — Өй, содан да қорқып... — Қайда бастасаң да, өз еркiң! Бүйтiп қор болғанша, жағаласып өлгеннiң өзi артық! — деп әпербақандау екi-үш жiгiт алақандарына түкiрiп шыға келдi. Олардың қолдағанын медет көрiп, Қожақ атқа қонды. Жiгiттердi ертiп, сойылдарын сүйреткен қалпы екi ауылдың арасындағы жаңғыз аяқ жолдың қалың жыңғыл ортасымен өтер ұрымтал тұсына кеп торуыл құрып жатты.


111 *** Сол күнi Шарапат кiшi шешесiмен ағасының үйiне барып қайтпақшы едi. Оған себеп болған Жәнiбектiң бақшалығында пiсе бастаған қауын-қарбыз-ды. Өмiрi мұндайды естiп-көрмеген Шарапаттың жеңсiк асқа аңсары ауды да тұрды. Ақыры кiшi шешесiн азғырып, әкесiне жұмсап, осы жолға рұқсатын оп-оңай сұрап та алған болатын. Олар күн қызбай тұрып Жәнiбектiң ауылына жетiп алмақ боп, ертелетiп жолға шыққан-ды. Сағынай қара болсын деп, олардың қастарына Ниязды қосып берген. Анадағы жеген таяғынан соң, Нияз бiр түрлi боп өзгерiп бара жатыр едi. Аса көп сөйлеспей, өзiмен-өзi боп, қара көлеңке үйде домбыраны қоңырлатып шертедi де жатады. Асқа зауқы жоқ. Соңғы кездерi жүдеп, ұрты солып, iшiне кiрiп кеткен-дi. Бүгiн де ол жол бойы тiс жармады. Бұлардың алдында сары аяңмен жүрдi де отырды. Шарапат Нияздың әуейi мiнезiн жақсы бiлетiн. Ол бiрдемеге құмартса, қашан оның түбiн түсiргенше тынбайды. Нияздың серiлiгi де солай басталды. Екi-үш жылдың беделiнде ол қонбаған, ол түстенбеген ауыл қалмады. Ақыры Нарманнын Ағлесiмен әуейi болды. Бiр-екi рет әкесiне жақын бiр жамағайын арқылы Ағлеске құда түссiн деп айтқызып едi, Сағынай: “Сен маған не деп отсың? Ол бiр менiң терезем тең кiсi ме едi? Сосын бiр баланың серiлiгiн көтере алмайтындай, менi немене жұтап қалды деймiсiң? Ниязжан дәулетiм барда, шалқып жүре тұрсын. Ер жiгiттi мойытып, болатты қалайы қылар жаман, шабалаңдаған қаншық қайда қашар дейсiң? Ерте бастан ондай қамытқа бас сұғудың керегi қанша?” — деп әлгi кiсiнi тойтарып тастаған. Содан кейiн Нияз еш талап қылып көрген жоқ. Тек бертiн келе оның әуейiлiгi былайғы елге сөкет көрiне бастады. Өзi де оң жақта отырып қалды. Осы былқ-сылқ еткен жағдайдың қашан тынарын бiлмей, Шарапат кейiнгi кездерi дал болып жүр. Содан аядай ауылда отыра-отыра iшi пысып, бой жазып қайтайын деп, мына сапарға құлшынып шыққан едi, Шынында да, кең далаға шығысымен-ақ, Шарапат кеуiлденiп сала бердi. Екi бетiне қызыл ажар қонып, нұры тасып, күле сөйлеп келедi. Жол бойы әр нәрсенi бiр сұрап, кiшi шешесiнiң басын қатырды. Өзiне ағасының жақтырмай қарағанын елең де қылмады. — Сен немене өзiң? — деп кiшi шешесi кенет бұның жүзiне барлай қарады. — Жәй, — дедi Шарапат жүзi алабұртып. Олар самбырласа сөйлесiп, Қуаңның көне арнасына иек сүйеп жығылар қалың жыңғыл арасындағы ешкi iзбен келе жатыр едi. Кенет төрт-бес жiгiт жыңғыл түбiнен атып-атып шыға кеп, бұларға тарпа бас салды. Аузын ашып, сiлейiп қалған Ниязды ожыр қара бiреуi ат үстiнен жұлып ап, келдегiмен арқасына бiр қойды. Қарсы қайрат көрсете берген Ниязға екiншi бiреуi тап бердi. Шарапаттың жаны шығып кете жаздады. Атынан қарғып түсе сала, ыршып барып құлындай шырқырап, ожыр қараның қолына жармасты. Қатты айқайлай сөйлеп: — Ұрма! Нең бар онда?! — дедi. — А-а? — деп ожыр қара қолындағы келдегiн көтере бере, керi бұрылды. Осы қалпында қолына жармасқан еркек кiндiк болса, салып жiберуге ойланбас та едi. Кенет... өзiне зәрлене қараған екi қарақат көздi, қанын iшiне тартып, құп-қу боп кеткен ажарлы екi беттi көрiп, қатты дағдарды. Келдегiн әлдеқайда сiлтеп: — Өй, мен бе? Шауып алатын болсаң, бар, анау ғой осылай ет деген! — деп Қожақ жақты сiлтедi. Қожақ қыздың атын шылбырынан жетелеп, бермен қарай келе жатыр едi. Шарапат оған атып жiберердей боп қадалып: — Мынау... сенiң iсiң бе? — дедi. Қожақ оған тура қарауға батпай, ыңғайсызданғанын бiлдiргiсi келмей, үндеген жоқ. Бiр қолайсыздықты сезген әпербақан жiгiттер де ендi не iстеймiз дегендей бiр-бiрiне көздерiмен ымдасып ап, тiзелерiмен жерге басып тұрған Ниязды орнынан тұрғызды. Нияз таяқ тиген арқасын қолымен бiр-бiр сипап өтiп: — Әй, иттер-ай! — дедi. Мына қалпы жылағысы кеп тұрған жас баланың қалпынан еш аумайды. Сол арада астындағы жорғасын тайпалта бастырып‚ ортаға Сағынайдың тоқалы кiре бердi. Қамшысын екi бүктеп ұстаған қалпы қолын сермеп: — Әй, күйеу бала, тапа тал түсте тобымызды шауып, бұл жасаған қай зорлығың? — дедi. Қожақ ендi мәмiлелесе бастаса, әбiрей таппасын бiлдi. Қолын бiр сiлтеп: — Әй, жiгiттер, болар iс болды, бояуы сiңдi. Ендi бөгелетiн дәнеме де жоқ! Кеттiк! — деп, өзi атына қарғып мiндi. Олар сол арада тез қимылдады. Нияз бен тоқалдың қолдарын арттарына байлап, аттарына терiс мiнгiзiп, ауылдарына қоя бердi. Қарсылық көрсеткен Шарапатты Қожақ кiсi құрлым көрместен ат алдына сұлата сап, ауылына қарай тасырлатып шаба жөнелдi

9 Мамырай тас-талқан болды. Кеше кешкiлiк мал қарап жүрiп, ағасының ауылына соққан едi. Сонда жеңгесiнiң ертең қауын жеп қайтамыз ба деп отырғанын естiген. Iштей жақтырмаса да, сыр бермеген. Ендi таяқ жеп қайтқан Нияз бен жеңгесiн көрiп, ит жыны тырысты. Дереу екеуiн алдына сап, Құлқаның ауылына қарай салдыртып тартып кеттi. Жолшыбай бұл келiсiнiң соңы не боларын, барып не iстемекшi екенiн ойына да алмады. Қатты құрсанып, қабағы қарс жабылып, жортып келедi. Мамырай жас кезiнде палуан атанып, топқа түспесе де, қайратымен осы атырапқа мәлiм болған кiсi едi. Қара күшiнiң арқасында кiрешiлерге қос болып, Бұхара, Үргенiш асып, талай рет астыққа шығып қайтқан. Кейiнiрек азды-көптi дәулет бiткесiн де, жас уағында қара жұмыс iстеп, тақыс боп қалған дағдысынан жаңылмай, тиыш таппайтын. Құдық қазу, мал суғару, қой қырқуға өзi бас боп кiрiсетiн.


112 Көктен борап, жерден суырған ақбасқындарда да жалғыз өзi дәнемеден қорықпай, ыққан жылқыны iздеп шыға беретiн. Жер аяғы кеңейгесiн, iргелерiн аулақ сап, бiр бүйiрлеп қонған ауылдарға жаңғыз өзi барып келе беретiн оның осы батылдығы әлдеқашан-ақ ел арасына жыр боп тарап кеткен. Ол кәзiрде де сол ақкөздiгiне басып кеттi. Қолды болған қызды үшеуiне жақсылықпен бере қоя ма, жоқ па, әлде үшеуiн де сабап-сабап жiбере ме — о жағын Мамырай қара ақылына салып жатпады. Астындағы атын қос өкпеге тепкiлеп, әлма-һәл қамшы сала бередi. *** Қожақ бiр бүлiктi iстеп тастағанын кейiн бiлген едi. Не қып антұрған Тиышбектiң әзәзiл сөзiне ерiп, алды-артын ойламай, қызды алып қашқанына өзi де аң-таң. Ендi неде болса деп, сыр алдырмауға тырысты. Шарапатты сүйреп әкеп, итермелеп, зордың күшiмен қараүйдiң iшiне кiргiздi. Баласының мынадай iсiн жаңа сезген шешесi ернiн сылп еткiзiп, бетiн шымшыды. Шашу шашқысы кеп, әлден-ақ желiге бастаған бiр-екi қатынды қуып жiбердi. Сол үстiне ет жақын бiр ағасы келдi. Ол төрге отырар отырмастан. Қожаққа шақшия қадалып: — Әй, бала, бұ не сенiң iстеп жүргенiң? Немене оны арты сұраусыз қыз деймiсiң? Ертең Сағынай кеп, әкеңе: “Ау, мыналарың не?”— десе, Кұлекең жерге кiрмей ме? — дедi. Қожақ үндемедi. Ендi ағасы бел ала бердi: — Мыңы кетiп, бiрi қалғанда сабырсыздық жасап, сенi не қара басты? Ендi ерегiскесiн, Сағынай саған қызын мүлдем бермей қояды. Сонда нағыласың? Немене бүткiл Аспанды шауып аласың ба? — Кiнә өздерiнде де бар емес пе? Соншама созып, — дедi Қожақ өз қылығына ақтау iздеп. — Өй, жетесiз! Қыз жағының қай уақта да керiлетiн әдетi емес пе? Керiле-керiле қызын кәртейтiп ап, өздерi әкеп бермейтiн бе едi? — Өй, кәрi қыз ап... — Қожақ тоңқ ете қалды. — Ендеше бар ғой, өз обалың өзiңе. Бәрiн де өз мойныңмен көтерiп ал, — дедi де, ет жақын ағасы артына зiл тастап, үйден сыздана шығып кеттi. Қожақ не iстерiн бiлмей, қатты дағдарды. Ақыры бiр айла тауып, Шарапатты өз еркiмен көндiрмек болды. Қолына әйдiк қазан пышақ ап, шарқайраққа қайрай бастады. Соны көрiп, бағанадан берi бiр бұрышта үрпиiп отырған Шарапаттың екi көзi атыздай боп, екi бетi қуарып кеттi. Қожақ қыздың қорыққанын сезiп, iштей масаттана түстi. Оған қабағынан қар жауа, түнере қарап: — Айтқаныма ық етпей көнесiң, болмаса кәзiр сыртқа шығарып мауыздайым, — дедi. — Не-е-ге? — дедi Шарапат дауысы қалтырай шығып. — Оның iж негесi жоқ. Соңыра артыңнан қуғыншы келсе, мен осында өз ықтиярыммен түстiм, осында қалам деп, оларды керi қайтарып жiбересiң. Үйтпесең бар ғой, айтпады деме, тiрiдей соям. — Қожақ қазан пышақтың қылпыған жүзiн жұдырықтай өндiршегiне апарып көрсеттi. Шарапаттың әдемi жүзi үрейге толып кеттi: — Е, неге? — Неге, неге? Ол солай! — дедi Қожақ ызаланып. Сосын ашуы қозып, алдындағы шарқайрақты анадай жерге зытырып жiбердi. — Сен менiң құдай қосқан қосағымсың, бiлдiң бе? Мен сенi алам. Басқа сөздi бiлмейiм. Шарапат Қожаққа қорқа қарады. Көптен берi iшiнде шiрей тасып, тоқып келе жатқан әдемi жас тiлегiн бiреу аяқ астында улап кеткендей болды. Сол арада жеңгелерiнiң: “Бұл иттердi қой. Алғанша дейiн жылмандап болады. Қатын болып, үш-төрт бала тауып, саба құрсақ тарта бастағасын-ақ, ит көрген ешкiше өзiңе одырая қарайды”, — дегенi есiне түстi. Мына қалпымен екi иығы қақпақтай ақ сұр жiгiттiң де оңды тiршiлiк жасап оңдырмасын бiлiп, өзегiне өрт түскендей, бүк түсiп отырып қалды. Қожақтын шешесi не iстерiн бiлмей дағдарды. Ойда-жоқта босағасына кеп топ ете қалған келiнiне не шашу шашарын, не мал сойғызарын бiлмей дал болды. Ақыры бiр-екi жамағайын қайнысының ақылымен, мал сойдырып, той қамына кiрiсiп те кеттi. *** Мамырай дәл осы арада сап ете қалды. Ауылдың көпек иттерiн абалата отырып, ат басын тура той боп, апақ-сапағы шығып жатқан қараүйге кеп тiредi. Құданың ашуын алмақ боп алдынан шыққан бағанағы кiсiнiң сәлем берiп соза берген қолын қамшымен тартып кеп жiбердi. Ыршып кеткен ол ендi Мамырайдың тiлге келмес түрiн көрiп, шатақ арасында болмайын деп, бiр бүйiрлеп кете барды. Мамырай қараүй маңына жинала бастаған жiгiттердi көзiмен асығыс шолып шықты. Өзiнiң қалайда аттан түспегенiн жөн көрдi. Кенет жеңгесiне жалт қарап: — Тез, қызды алып шық! — деп ақырды. Ол дiрдiр етедi: — Қор-р-қам. — Бол, тез! — дедi Мамырай қалш-қалш етiп. — Ме-н-н-i өлтiредi. — Ендеше сенi... өзiм-ақ, — деп, Мамырай тiстене сыбырлай сөйлеп, дереу қынынан құс кездiгiн суырып алды да, жеңгесiнiң қара санына салып кеп қалды. Кездiк кiрш ете түстi. Жеңгесiнiң: — Ойбай! Өлдiм! — деген жан дауысы шықты. Одан әрмән көз iлеспес бiр қимыл болды. Жеңгесi аттан түсе қап, ұзын көйлегiнiң етегiне сүрiнеқабына жан ұшырып барып қараүйге кiрдi. Әйдiк қазан пышақты қайрап отырған Қожаққа қарамастан, Шарапаттың қолына кеп жармасты. Қыз да соны күтiп отырса керек, дереу орнынан лып етiп


113 түрегелiп, кiшi шешесiнiң соңынан ерiп жүре бердi. Қожақ самсоз боп, түк қол қата алмады. Шарапат тысқа шығысымен-ақ, Мамырай кәнiгi көкпаршыдай оны лып еткiзiп көтерiп, артына мiнгiзiп ап, атының басын керi бұра бердi. Ауылдың әпербақан жiгiттерi Мамырайға батып тиiсе алмады. Алпамсадай кiсiнiң жеме-жемге келгенде өз жастығын бауырына алып жататынын олардың қай-қайсысы да жақсы бiлетiн едi. Ауылдан ұзап шыққасын, Мамырай жеңгесi мен Шарапатты бiр атқа мiнгестiрдi. Сосын бағанадан бермен үнсiз келе жатқан Ниязға жыны келiп: — Өй, ез неме! Жiгiт басымен ара түсе алмады деген не сұмдық?! Бүйткенше, сенiң барыңнан жоғың! — деп кейiдi. — Көке-ау, көп жiгiтке жаңғыз өзiм не iстей алам? — дедi Нияз қипақтап. — Не iстей алам? Жаңа мына шал басыммен жаңғыз өзiм не iстедiм? Мiне, соны iстеу керек! — Өй, ол менiң қолымнан келмейдi. — Жын-шайтанның соңынан желпiлдеу қолыңнан келедi, намыс жыртысу қолыңнан келмейдi. Бүйте берсең, әлi талай телi мен тентекке ақың кетедi. Кiсiге есе жiберiп, ит құсап тiршiлiк еткенше, жер басып жүрмегеннiң өзi-ақ жақсы. Сол күнi Шарапаттар Мамырай ауылында қонып қалды. Мамырай ағасына бiр кiсiден хабар салды. Тiлi майда шабарманға тентек шалды ашуландырмай, жұқалап жеткiз деп тапсырды. Жұмсаған кiсiсi көп ұзамай қайтып кеп: — Мәке, ағаң шарт сынды, — дедi. Мамырай солай боларын алдын ала бiлгендей үндемедi. Ойда-жоқта лап еткен дау-дамайдың өршiп кетпеу жағын ойлап, жас тоқалы Балқияның жанында әлi отыр.

10 Ұрылардың аттарын олжа ғып, кеуiлi судай тасып келген Құлқа батыр басы тасқа тиген бекiреше сiлейдi де қалды. Әуелгiде не iстеп, не қою керектiгiн анық аңғара да алмады. Сосын шарт етiп ашуланып, дойыр қамшысын сығымдай ұстаған күйi баласын тарпа бас салды. Келе қыр арқадан тартып-тартып жiбердi. Қожақ қолымен басын қорғаштап, сыртқа қарай тұра қашты. Құлқа тұра қуды. Оны ауыл айналдыра қуып жүрiп сабап, түрi өрт сөндiргендей боп, үйiне қайтып келдi. Аузын аша берген әйелiн де қамшымен бiр тартып өттi. — Өй, жатыры оңбаған! Сенен туған бала не адам боп қарық қылатын едi? Ақылы болса, кiм көрiнгеннiң айтағына ерiп, ақымақшылық жасар ма едi! — деп ызаланып, қолындағы қамшысын iрге жаққа лақтырып жiбердi. Шалының мiнезiне қанық кемпiр жұмған аузын ашпады. Таяқ жеген баласына бауыр етi елжiресе де, онысын сыртына шығара алмай, iштей тығылып қалды. Жаулығының ұшымен аузын басып, жалын жұтқандай боп өз жасына өзi тұншығып әлi отыр. Жаны күйген Құлқа не iстерiн бiлмедi. Ақ киiз үстiнде түйенiң жарты етiнше дөңкиiп отырып, қабағын сәл шытып, арғы-бергi жағдайын ойлады. Осы баласы ат жалын тартып мiнгелi қуанышы айрықша болатын. Жастайынан еңсесiн көтертпеген ауыр тiршiлiктiң тауқыметiн бiр шетiнен көтерiсетiн иық тапқанына қуанған едi. Сол баласы қашан өз алдына түтiн түтетiп, тiршiлiк қамын күйттеуге жеткенше оңды тыным да таппаған. Қарап отырса, бүткiл өмiр жолы бұралаңға толы. Жас кезiнде бойына бiткен қайратына мас болып, қолына оп-оңай түсiп жатқан боқ дүниенi оңды-солды шашыпты. Үлкейе келе сол дуния шiркiннiң таптыруы қиын екенiн айқын сездi. Бiр үйiрдi екi етем деп, жарғақ құлағы жастыққа тимедi. Сүйтiп жүргенде қайратты кезi де жалт етiп өте шықты. Не оңды құралған малдың түрi жоқ, не үстiне жылтыратып жапсырғаны жоқ, ит кемiрiп тастаған сүйекше ешкiмге керегi болмай жатқан түрi мынау! Соған қарамастан бұл әлi талаптан айрылған жоқ. Осы балаға болсын деп кеше бiр ат үшiн сонау ит өлген жердегi Бұқарға барып қайтты. Соны мына баласы неге түсiнбейдi? Тым болмаса қара басын алып жүре алмай ма? Әлден кiм көрiнгеннiң айтағына ерсе, ертең мына қотыр тiлiмен сүйкенбе мiнезiн қатар тосар ел iщiнде қалай күн көредi? Дұрысыңды бұрыс қып, мүйiздеп қуып шықпай ма? Өй, жетесiз! Құлқа күйiп кеттi. Асығыста баяғы ақкөздiгiне басып жiберiп, бiр iске белiн бекем буып, сыртқа аяғынширақ басып шықты. Қожақты қасына ертiп, Тиышбектiң ауылына тартты. Жолшыбай баласына назар да салмады. Қол созымдай жерде тынымсыз қылт-қылт еткен ат құлағына ойлы көзiн қадап, сар желiспен тартты да отырды. Тиышбек үйiнде екен. Қабағынан қар жауған мұны көрiп, үйiнен жалаң аяқ, жалаңбас, көйлекдамбалшаң қалпы жүгiре шықты. Сойған түлкiше екi жағы, жұтқыншағы көрiнiп, қара сұр түрi жылмиып, ыржаң-ыржаң етедi: — Құлеке, мақтап жүредi екенсiң. Дегендей келдiң. Жаңа ғана тышқақ лағымды сойып, ащы iшегiн домбыраға деп иiрiп жатыр едiм. Ойбай-ау, о деген... енапат дүния ғой. Оны иiрiп болғасын, ана Нияз лақуаға бiр құлынды биеге сатып... Тиышбек сөзiн аяқтай алмады. Құлқа ақырып жiбердi: — Доғар, найсап! Мына жетесiздi азғырып жүрген сен бе?! — Ойбай-ау, ол мен емес, — дедi Тиышбек азар да безер боп. — Сонда кiм? — Ол, ол... — Тиышбек мүдiрiп қалды. — Оның кiм? — дедi Құлқа ақырып. — Ол, ол... Ережеп... — Ережеп?


114 — Иә, дәп өзi. — Тиышбек дыбдырлай бастады. — Әнәу-күнi Дадабек сартқа бара атыр едiм. Құлеке, мен кәзiр сонымен тамыр бола бастадым ғой. Жолай Ережеп кездесе кеттi. Солай да, солай дедi. Аңқау басым, соған сенiп қалдым. Мына Қожақжанды көрген бойда, қаныма тартып, айта қойып ем. Соңының бұлайша ұшынып кететiнiн қайдан бiлейiн? — Ендеше осы сөзiңдi кәзiр Сағынайдың көзiнше айт! — Айтам. Е, менi айтпайтындай кiм деп едiң? — деп Тиышбек қоқиланып шыға келдi. Асыпсасып, жүгiрiп жүрiп, жаман топыраш атына күн қақтап, қиюы қаша бастаған ескi ағаш ердi дүңк еткiзiп салды. Айыл, тартпаларын тез-тез тартты. Аяғын үзеңгiге сұғып жатып, қатынына бұрылып қарады: — Қатын, а, қатын, ана ащы iшектi өзiн-ақ иiре сал. Қалған еттi тұздап қоярсың. Бiзге со да бiраз азық қой. Мына Құлекеңдей жау түсiрер қайратың болмағасын, сүйтiп тамақ таппасаң, болмайды. Ойбай! Белiм! Сегiзкөзi түспегiрдiң сырқырап қоя бергенi несi? Тиышбектiң жолшыбай аузы бiр тынбады. Әр нәрсенiң басын бiр шалып келедi. Құлқа оған рай бермедi. Ақыры шыдамаған Тиышбек астындағы жаман топыраш атын тебiнiп қап, Құлқамен қатарласа берiп: — Батырекесi-ай, есiттiң бе? Әнеукүнi өзiң Бұқарға бастап апарған саудагерлердi шетiнен жансыз дейдi ғой, — деп бiр қолайсыз әңгiменiң шетiн шығарды. — Қойшы?! — деп, Құлқа жорта таңғалды. Есiне Ахияр, керуен жолының сұлбасын қағазға сызып келе жатқан кiсi түстi. — Құдай бiрiн жалған қылмасын, бәрi рас. Ана Насрулла әмiрдi ақ патшамен ыңғайлас боп жүр дейдi. Бәрi соның астыртын iстеп атқан әрекетi көрiнедi. — Е, солай де. — Ендi... соны сақалды басыңызбен сiздiң бастап барғаның қалай... болады, а? Мұны ана МұхамедИнақ есiтсе... Құлқа өз ойына келмеген сұмдықты мына аузы дуасыз кiсiден естiп, шошынып қалды. “Шынында да, қолайсыз екен ғой”, — деп iшiнен қатты ыңғайсызданды. Бiрақ сырт өңiн бермей: — Оны... кезiнде көре жатармыз, — деп қолын сiлтей салды. Аздан соң Сағынайдың ауылы көрiндi. Ауыл шетiне жете бере, Құлқа Қожақ пен Тиышбектi жаяулатып, алдына сап айдап, ортадағы үлкен ақ отауға тақап келдi. Хабарласа шыққан қызметшi Әбдуәлидi керi итерiп, сәлемдесiп, iшке кiрдi. Тоңқиып жатқан Сағынай мұның сәлемiн алған жоқ. Құлқа есiк алдында тiзесiн бүгiп: — Сәке, — дедi, — өзiм жоқта ана менiң жетесiзiм көргенсiздiк жасапты. Сол үшiн әбдән жазасын тартқыздым. Ол аздай, мiне, соны алдыңа айдап әкелдiм. Нағылам десең, ерiк өзiңде. Етi — сенiкi, сүйегi — менiкi. — Әй, Құлқа, — деп сол мезет Сағынай басын көтерiп ап, шаңқ ете қалды. — Мен сенi жау қайырар ер көрушi ем. Сен қашаннан бермен дау қуатын ез болдың? Балаңнын сазайын тартқызсаң, өзiң тартқыз. Етi сенiкi деп, немене, менi қолына солқылдақ шыбық ұстаған молла көресiң бе? — О құда, ер деп кеуiлiм үшiн айтып отырған шығарсың. Болмаса күнбе-күнгi ауызға жерге жемiн ойластырып отырған кiсiде қаңғып жүрген қайдағы ерлiк? Езбiсiң дейсiң? Ау, жоқшылық пен өз ағайыныңның ащы тiлi екi жақтан езгiлесе, ез болмақ түгел, без боп кетерсiң. — Е, безбiн де. Безден безбүйрек қана шығушы едi, — деп Сағынай ащы мырс еттi. — Кедейдiң безбүйректiгi — бiр күндiк, байдыкi — мың күндiк. Әйтпесе мың жылдық құдаңды сақал-шашы қудай болғанда осылай керуен бастатып, сандалтып қояр ма едiң? Баяғыда өзiңе жетсе, малым, жетпесе‚ жаным демеп пе едiм? Баланың балалығын бiр жолға кешiр. Соны азғырған әзәзiлiмен бiрге әкелiп отырмын. Айыпқа берер алтын тоным жоқ. Ердiң бары да, нары да — астындағы аты ғой. Әне, айыбыма атымды ал, — деп Құлқа дауысын көтере сөйлеп, қолымен ашық тұрған есiктен сырт жақты нұсқады. Ертеден қырыстанып жатқан Сағынай дәл осы араға келгенде төсектен басын қалай көтерiп алғанын байқамай да қалды. — Оу, батыр, — дедi ол бiр түрлi боп толқып кетiп, — баланың шалалығын жаулық деп түйiп отырған дәнеңем де жоқ. Менiң күйетiнiм, баламның әңгүдiктiгi ғой. Жарайды, өттi, кеттi. Бiрақ мен сенен ол үшiн айып алмайым. Құдасының жаңғыз атын аударып мiнiп, өзiн ауылынан жаяу қайтарыпты деген жаманатқа таңылатын жағдаятым жоқ. Сен нар басыңды иiп келгенде, немене жiбiместей менi қара тас деймiсiң? — деп Сағынай орнынан буындары күтiрлей тұрып, Құлқаны қолтығынан ап, төрге отырғызды. Жаңа ғана күзгi мұздай қатқан жүздер жадырап сала бердi. Мал сойылды, қазан көтерiлдi. Шәй үстiнде Сағынай құдасына жылы шырай көрсетiп, кесенi өзi алып алып берiп отырды. Бiр-екi рет Тиышбек дыбырлап, ақтала берiп едi, Сағынай: — Қатын өсекке сақтап отырған құлағым жоқ. Ол әңгiмеңдi ана қазан-ошақтың жанындағы ақжаулықтарға барып айт, — деп тыйып тастады. Бiрде Сағынай Құлқаға еңсерiле қарады: — Осы сенi кәртейгенде жорға ашып, керуенбасы боп, Бұқарға барып қайтқан дей ме? — Әй, құдай-ай, тоқтық не дегiзбейдi, аштық не жегiзбейдi? Бiр баланың қамы үшiн жазған басты тауға да, тасқа да ұрып жүрген бiр хал ғой, — дедi Құлқа ағынан жарылып. — Е, солай де. Дүния шiркiндi қолдың кiрi дептi ғой бұрынғылар. Дерiн десе де, сол қолдың кiрiнiң қолбайлау боларын бiле бермеген-ау! — Ау, бiлгенде не iстесiн? Аллатағалам әзәлдә адамдарды тең қылып жаратса да, құлқы мен пиғылын тең етiп жарата бермептi ғой. Бар пәле содан шығып атыр. — Бүгiнде бәндә құдайдың бермегенiн кiсiден көретiн боп кеттi ғой. Ондайлар құдайдан тiлеп, мандай терiне жалынудың орнына, басқалар кесiр келтiрiп жүр дейдi. Түптiң түбiнде осы жаман


115 пиғылымыз басымызға сор боп жабыспаса не етсiн? Тең етем десең, телi мен тентегiң өре түрегелмес дейсiң бе? — Ояғын... қайдам. — Иә, айтары жоқ. Бұрынғы жақсы заман ендi қайта айналып келмейдi. Бәрi де ақырдың әлеметi ғой, — деп, Сағынай қатты күрсiндi. Ол жасы ұлғайған сайын өткен қызық шағын аңсап, дiндәр боп бара жатыр едi. Құлқа тiс жармады.

11 Жәнiбек жолға тақталып отыр едi. Кешелерi Уәйiс-Нияз бұған арнайы кiсi жiберiп, Кожанияз бекiнiсiн қалпына қайта келтiруге қол ұшын берер жiгiттердi өзiң бастап кел деп өтiнiш еткен-дi. Әуелгiде бас тартса да, Жәнiбек соңынан келiсiп‚ жiгiттерiн тездетiп жинап ап, бүгiнге тақтап қойған болатын. Сол үстiне Қожақ келдi. Ақ сұр жүзiнде именшек бiр ажар бар. Жәнiбек оны қысылмасын деп, ашық қабақ көрсетiп: — Ә, батыр, кел, кел, — деп жайдарылана күлдi. — Әй, өзiң батырлықты жасайтып жердi бiлмейдi екенсiң ғой? Қожақ ыңғайсызданып, үндемедi. Кебежеден ыдыс-аяқ алып жатқан Айжамал басын сәл бұрып: — Күйеу басымен еркiнсiп, төрге шығып үйренiп қалғасын не iстемесiн? Жұртты бет моншағы төгiлiп, именшiктеп тұрар сен деймiсiң? — деп бұны бiр қағытып өттi. Жәнiбек қабағын шытты. Қалыңдығына барып келгелi әйелi мүлдем ерсi мiнез ашып, жақсы отырау, жаман отыр-ау демей, аузына келгенiн аталай беретiн болып жүр. Ол сыр бермей: — Қалай, Құлекең пақуатты ма? — дедi. — Құдайға шүкiршiлiк. — Бұхара жағына барып қайтты деп естiп ем. — Барып қайтқан. — О кiсi жасы ұлғайғанына қарамастан, кiлең басқа кiсiлердiң ортасында жаңғыз өзi жүре бередi, ә? — Оны... кәйбiр жетiскенiнен iстеп жүр дейсiң. Айтпақшы, сол керуеннiң iшiнде жансыз бар дейдi. — Қойшы, рас па? — Рас, рас. Жолдың бәрiн қағазға түсiрiп апты. — Е, солай де. — Көкем аңқау ғой. Ережептiң қулығына түсiп қалған. Пайдалы жер болса, Ережеп оны өлдi өзгеге тапсырар ма? Жәнiбек ойланып қалды. “Бұ несi? — дедi iшiнен. — Бұл жағдайды Насрулла әмiр бiлмей ме? Хиуа ханы ше? Түбiн тексергенде, бұл әлдеқандай дайындықтың басы емес пе? Өз қожалығының қамын ойласа, соны неге хандар iзерттемейдi?» — Ол ойланып, көзiн сәл қыса, түрулi тұрған жабықтан күн күйдiрiп, шөбi сарғая бастаған далаға қарады. — “Әлде ол жайлы... айтсам ба екен? Қой, онда менiң шаруам қанша?” Аздан соң бекiнiстi жөндеуге барар елу шақты жiгiт жиналып та үлгердi. Жәнiбек бәрiн бастап, Қуаң бойына қарай алып жүрдi. Жолшыбай оған қалың жылқысының бiр шетiнде абай болып жүрген Елдес кездестi. Ол Қожақты көре сап, бiрден зәрiн сыртына шаншып ала қойды. Мұнымен салқын амандасты. Жағдай сұрасқасын: — Е, Сартаулының сойылын соғып бара атырмын де, — деп жалпақ ернiн кере күлiмсiредi. Басына етегi жалпақтау қазақы қалпақ киген оның тымырсық аптаптан быдым-быдым бетi тершiп, жылтырап кетiптi. — Менiң Сартаулының сойылын соғып жүрген дәнемем де жоқ. Содырлардың ойланбай iстеген қылуаларына ақтау iздеп жүргенiм ғой, — деп Жәнiбек ағасының өткен жылғы қылығын есiне сап өттi. — Содыр болайық, шобыр болайық, Хиуаның қасы мен қабағына қарап күн көретiн жағдайымыз жоқ. — Ендi... сол күндi көрiп те отқан жоқсың ба? — Өй, енесiн... оларды ертең-ақ тырқыратып қуып шығамыз. — Жарайды, қуып шық. Сонда мына енапат қонысты дұшпандардан қызғыштай қорып тұра аласың ба? — Е, үйтпей несi бар? — дедi Елдес адырайып. — Ойбай-ау, ойда-қырда тарыша шашылып жатқан азғантай ел қай пұшпағыңды қымтауға жетедi? Тiпте күзет қоюға да жетпейдi ғой. — Ал, сонда... сенiңше, не iстеуiмiз керек? — дедi Елдес тәжiкелесуден бiр танбай. — Әрi ойлап, берi ойлап келгенде, Хиуамен онша араз болғанымыз жақсы емес. Олармен мәмiлеге келгеннен ең дұрысы жоқ. Сүйтiп әмпей бола алсақ, қалғанын кезiнде көре жатамыз да. — Е, сосын екен ғой Дадабекке жалданып бара жатқаның. Бар, бар, жолың болсын, — деп Елдес зәрлене жымиып, қабағын кiлт түйдi де, тiзгiнiн оқыс тартып қап, астындағы атын тебiне бердi. Жәнiбек ағасының соңынан таңғала қарады. Сосын Қожаниязға келе жатып, басына шапқан бiр ойдан арыла алмай қойды. “Шынында да қызық. Қолыңда қаруың, соңыңда ләшкерiң болмай жатып, бiз неге күпiлдей беремiз? Күштi елге құр қоқаңдағаннан келетiн не пайда бар? Үйте берсең, елiңдi бүлiншiлiкке ұрындырасың ғой. Онан жа мына әңгүдiк пақырлар ертеңгi күнiнiң қамын неге осы


116 бастан жемейдi? Жан алқымға таянғанда ғана жалынып айтқан сөзiңе кiм құлақ асады? Әлде әлiн бiлмеген кiсiнiң әлек болатыны сондықтан ба?” Ол жолшыбай басына түскен осындай ойлардан арыла алмай қойды. Сүйтiп келе жатып Қызылдың бiр жазығында орналасқан Қожаниязға қалай келiп қалғанын да аңғармады. Уәйiс-Нияз бұларды жақсы қарсы алды. Ашық қабақ көрсеткен ол аспаздарына қазан-қазан палау бастырып қойыпты. Ас iшiп, әлденiп алғасын, кеуiлденген жiгiттер қираған диуалды қайта қалауға қызу кiрiсiп те кеттi. Бiреу лай илеп әуре. Ендi бiрi қам керпiштi жоғарыда тұрған ұстаға қарай лақтырып әлек. Лезде кеуiлдi дауыстар құлаққа ұрған танадай тиыш маңайды тiршiлiк тынысына толтырды да жiбердi. Бiр саябыр сәтте Уәйiс-Нияз мұнымен оңаша сөйлесер ыңғай байқатып, бiр бүйiрге қарай алып жүрдi. Қалың топтан жырылып шыға бере ол бiр-екi рет мұның жүзiне барлай көз тастап қойып: — Қазақ бауырлардың мына жәрдемiн жақсылыққа жорып тұрмын, — деп қулана жымиды. — Оған не сөз бар, мухтарам бек, — дедi Жәнiбек iлтипатпен. Iшiнен: “Мұнысы несi? Бiр кәкiр бар ғой”, — деп асығыс ойлап үлгердi. — Осы қазақтарда “дайын асқа тiк қасық” деген мақал бар ма? — Иә, бар. — Ендеше... дәл өзi...— Ол жорта жөткiрiнiп қойды. — Мына шаруаның бастауы — менiкi, басқасы — ана уәзiрдiкi. Оның Бұхарадан шыққанына бiраз болды. Кешiгiп жатыр. — Жәй шығар. Келер. — Келгенiне өзiм де асықпын. Мына қамалды жөндеу жұмысын өзiне тапсырып дегендей... — Е-е... — Ал, ауылдарынызда не жаңалық бар? — Қадырданды бек, қазақ ауылында сiз қызығарлықтай не жаңалық бола қойсын? — Сонда да... — Сонда да дейсiз бе, — деп Жәнiбек көз қиығымен оның қулана қарап тұрған жүзiнен әлдеқандай бiр құпия сырды ұғып та үлгердi. Iшкi бiр сезiгiмен Уәйiс-Нияздың кешегi орыс керуенi жайында естiгенiн, сол жөнiнде бұдан жорта сыр тартып тұрғанын аңдады. “Түбiнде бiледi. Егер басқа бiреу Құлқа құдасы деп жеткiзсе, сөз жоқ, күдiк алады. Одан да... өзiмнiң айтқаным мақұл ғой”, — деп екi оқты боп тұрды да: — Сiз қызығарлықтай хабар, ә, — деп ыңыранып, аз-кем iркiлдi. Сосын шұғыл өзгерiп: — Айтпақшы, ондай бiр хабарды кеше ғана естiдiм. Осыдан бiраз бұрын мына арадан орыстардың сауда керуенi өтiптi дейдi, — дедi. — Солай ма? Сонда.. Оны бiз неге бiлмеймiз? Жәнiбек сол арада өмiрi айтпаспын деген нәрсенiң аузынан қалай шығып кеткенiн аңғармай да қалды: — Қадырданды бек, ояғын ана Хиуаның сардары Мiрәлiден сұрағаныңыз жөн болар. — Сонда... бұ қалай? — дедi Уәйiс-Нияз ойланып тұрып. — Оның себебi былай. Ережеп Мiрәлiнiң iнiсi емес пе? Ақ патшаның Ахияр дейтiн кiсiсi соған ат басын арнайы тiреп келiптi. Олар бұрыннан таныс па, таныс емес пе, ояғын бiлмейiм, — дедi Жәнiбек арыз айтқанына iштей ыңғайсыздана түсiп. Алғаш рет кiсi сыртынан сөз айтып тұрғанын сезiп, демде қызарып сала бердi. — Е, түсiнiктi, — дедi Уәiс-Нияз түсi қара күреңiтiп. Сосын әңгiме бетiн басқа бiр нәрсеге аударып, қамал жаққа беттей бере, кiлт тоқтады. — Айтпақшы, былтыр осы қамалды бұзғандардың iшiнде сiздiң бiр туысыңыз болыпты дейдi ғой? — Иә, болған, — дедi Жәнiбек жалтарудың еш ретiн таба алмай. — Сонда, неге? — деп Уәйiс-Нияз көзiн қысып, тесiле қарады. — Мухтарам бек, ол ағам қатын, бала-шағасы бар, өз билiгi өзiндегi азамат. Не iстеп, не қоям десе, өз еркi. Сосын мұсылман жұртында ағаға iнi қарсы шықпайтынын бiлмеушi ме едiңiз? Бұл жердегi менiң қатысым шамалы. Ол жайында түгел бiлгiңiз келсе, ағамның өзiнен барып сұраңыз, — дедi Жәнiбек тез-тез сөйлеп. — Ал менiң жеке басыма келетiн болсаңыз, ұлы ханға деген ниетiм әр уақытта адал һәм берiк. Құда қаласа, осыны әлi талай жерде көрсетем ғой деп ойлайым. — Иншалла, солай болғай. Аллатағалам барша жаннан айрықша артық етiп жаратқан ұлы ханға қызмет ету жанабындағы кiм-кiмнiң де басты парызы ғой, — деп Дадабек бұрылып жүре бердi. Сол күнi Жәнiбек жiгiттерге бас-көз боп, қамал басында қонып қалды. Ертесiне күн көтерiле жұмыстың пiрi көтерiп, қауқылдасып жатқан жiгiттердi басқарып-тексерiп жүр едi, қасына жүз қаралы кiсi ертiп Ережеп келдi. Олар келе ожар ауылдың қылығын iстеп, өздерi қалаған жерге үш қанат шатпаларын тiгiп те тастады. Ортадағы ең сәндiсiне Ережептiң өзi түстi. Түс әлетiнде Ережеп мұны дәмге шақырды. Барса, үй iшiнде Дадабек және басқа да бес-алты кiсi отыр екен. Жәнiбек қысқаша аман-саулықтан соң, жан-жағына барлай көз тастап шықты. Уәiс-Нияз бен Ережептiң жылы қабақтарын аңдап, iштей тiксiнiп қалды. “Мына бек менi жүздестiруге шақырған жоқ па?” — деп қобалжып, бiр-екi рет қозғалақтап қойды. Төменгi жақта жайғасқан Тиышбек сайрап отыр: — Айтары жоқ, мырзаның қолының ашықтығы сондай, саусағының арасынан түсiп қалған азынаулақ пұлға исi Әлiм, Шөмен қарық боп қалды. Мына бәтуәсыздың сөзiне шыдамай, Жәнiбек мырс етiп: — Әй, Ережеп, немене сен өзiңдi мадақтау үшiн мынаны жалдап алғаннан саусың ба? — дедi. Ережептiң шырайлы жүзiне тепсiнген ашу iзi көгiстенiп көрiндi. Шырт ете қап: — Е, туыс деген ағайының барыңды көре алмай жатса, шашпауыңды көтерер кiсiнi жалдағанның несi айып? Бiз қасқа бiр-бiрiмiзге жылы сөзiмiздi қимай құримыз ғой, — дедi.


117 — Сөз де кеуiлге байланысты шығар. Алакеуiл боп тұрып, ағайыннан айрықша баға дәмету ала қойды бөле қырқып, бiр шекпен де шықпады-ау дегенмен пара пар емес пе? — дедi Жәнiбек шешiле түсiп. — Сонда... мына мен бе алакеуiл? — Ережеп бұған үлкен нұрлы көзiн төңкере қарады. — Ендi кiм деп ең? Әңгiме-қауғаны өрбiтiп, ел арасына әрекет кiргiзiп... — Оған қуәң бар ма? — дедi Ережеп мұның сөзiн бөлiп. — Мiне, қуәм, — деп Жәнiбек Тиышбектi қолымен нұсқады. — Жақында ана Қожақты айдап сап... — Сол ма? — деп, Ережеп Тиышбекке атып жiберердей боп қадала қарады. Мына қалпы бөгде кiсiлер болмаса, түте-түте ғып, жеп жiберетiн кiсiнiң пошымы. — Әй, мен саған қашан өсек айтып ем? Қожақ жайлы не дедiм? Кәне, айт бәрiн мына жұрттың көзiнше! — деп, ол қатты ақырып жiбердi. Мырзаның сұсы басқан Тиышбек оның бетiне тура қарай алмай, жерге шөге түстi. Әшейiнде тiлiне тұсау түспес су жорға кiсi ендi мақау адамша бiрдеме деп күңкiлдеп, жүзi қап-қара боп, көзiмен жер шұқып, отырып қалды. Соны көрiп Ережеп бел ала бердi: — Мiне, көрдiң бе? Ал, сендер iждеңенiң анық-қанығына жетпей жатып, былайғы жұртты күстәналайсыңдар. Айтпағанды айтты қыласыңдар. Ұлы әмiршi Насрулланың көзiн ала бере ала жiптен аттап жатқандарды көрiп тұрып та, осы бiз түк те демеймiз ғой. Әлде бiреуге жала жаппаған мына бiздер ауышпыз ба? Болмаса соны жеткiзе алмастай немене тiлiмiз шолақ па? “Бұл несi?”— деп Жәнiбек сәл-пәл дағдарып қалды. — Ау, ағайын, — дедi өз сөзi үстем болғанын сезген Ережеп ендi дауысын нықтай сөйлеп, — бүйтiп iз кескен түлкiше отырған, тұрғанымызды жiпке тiзе берсек, өмiрi ел болмаймыз. Одан да кейiнгi жас төлдiң тиыштығын сақтап, олардың өзара ынтымағын күшейтуге тырысайық та. Осы ынтымақсыз ел болған жұртты көрген кiм бар? — Ол кенет Уәйiс-Ниязға жымия қарады. — Әне, ынтымақ деп Қаразым жұртының ынтымағын айт! Ұлы әмiршi аман-есен тұрса, Қаразым жұртының шенiне өмiрi жау жолай алмайды. — Әлбәттә, әлбәттә, — дедi Уәйiс-Нияз басын шұлғып. Жәнiбек Ережептiң аяқ тастасына таңдана қарады. “Мынау терең екен ғой. Шыңырау құдық сықылды күңгiрлеген бiрдеме ғой. Айқасқанда аяқ тартып отырған жөн-ау”, — деп өмiрдiң өзi үйреткен бiр сабағын зердесiне түйiп, үн-түнсiз қалды. Мына қалпымен Ережептiң бiраз жерге бара алатынын байқады. Бұл қоқайды сонда көрмек. Жәнiбек тақыр басын беторамалымен сүрте отырып, дәл осы арада әрiге көз жүгiрткiсi келдi. Шынында да қиын-ау, дедi iшiнен. Былтыр кiлең ағайыны жиылып кеп: “Ау, бiз осы қашанға дейiн мына Төртқаралардың шылауында шырматылып жүре беремiз? Немене олардың айтқанына көнiп, айдауына жүре беретiндей бiз ел емеспiз бе? Неге өз алдымызға билiк құрып, iшiмiзден өз басшымызды шығармаймыз? Сен онан да ықпалың бар да, ана Бұхара әмiрiне барып, Аспандарға сардар болуды сұрап ал. Мына Қоқан ханына қарайтын Бозғұлдар құрлы жоқпыз ба?”, — деген-дi. Алғашқы кезде оған ықыласты бола қоймаса да, келе-келе билiкке бiр түрлi ауалана бастады. Бәрiнен бұрын осы арада бұның шымбайына батқаны — әлде бiлiп iстеген бе, әлде бiлмеген бе, — Хиуа бектерiнiң Майлыбасқа жақындау жерде қоныстанатын Аспандардың кей аталығын Төртқараның уысы-на салып бергенi едi. Сол себептi Хиуаға сардар боп алғасын, Мiрәлi бұларға тiзесiн батырып-ақ жүр. Жылда алым-салық төле деп, Аспан аталығына қарасты Аю, Сырым мен Нияздардың ауылдарын талап, тонап кетедi. Көнбегендерiнiң басына қамшы үйiредi. Содан жасқанған момын ел аузын ашпайды. Ендi, мiне, бұл сол Мiрәлiнiң iзiн басар азулы бiр жiгiттi көрiп отыр. Жаңағы аяқ алысы оның осал жау еместiгiн байқатып-ақ тастады. Мұндай қасқыр жiгiтпен ұстасу үшiн қайратың мен айлаң, әрекетiң мен амалыңның қатар келуi керек. Онсыз мұндай азулы кiсiлер бел омыртқаңды омырып кете бередi. Соған көнiп жүре берейiн десе, ел-жұрты мұны соңғы кездерi тiптi мазалап бiттi. “Сонда не iстеу керек?” — деп, Жәнiбектiң басы әңкi-тәңкi боп, ұзақ отырып қалды. Сол мезет, бүткiл ақыл-есiн тұмандандырып, жетесiне жете бермес әлдеқандай соқыр көштiң iш жағында өрекпи оянып келе жатқанын байқады. Уәйiс-Нияз жылмиып, екеуiне кезек-кезек қарады да; — Бұ қазақ бауырлардың әзiлi қайсы, ашуы қайсы, дауы қайсы, жауы қайсы‚ — аңғара алмай-ақ құрыдық қой. Қатар кiсiлердiң осындай дықсыз қалжыңына не жетсiн, — деп жалт етiп шыға келдi. Ережеп маңқиған қалпын бұзбастан, мұртын қолымен таулап отыр. Жәнiбек ширыға түстi. “Ендi аянатын дәнеме де қалған жоқ”. Ол сол арада бойын жиып, зорлана күлiп: — Бек, жақсы айттыңыз, қалжыңмен кеуiлдегi кiрiңдi кетiрiп алмасаң бола ма? Бiздiкi... әзiл ғой, — дедi. — Әп-бөрекелде, өзiм де солай ойлап ем. “Атаңның басын”, — дедi Жәнiбек Уәйiс-Ниязға iштей жауыға қарап. Ережеп бұған бұрылып, сәл-пәл жымия түсiп: — Сенi осы қалыңдық ойнаған дей ме, қалай? — дедi. — Ондайымыз болады, — дедi Жәнiбек ыңғайсызданып. — Е, дұрыс болған екен. Алла ұзағынан сүйiндiрсiн, — деп Ережеп бұған жақсы тiлек бiлдiрiп жатқандай боп күлiмсiредi. Оның үлкен көздерiнде қуақы бiр жылтыл лып-лып етiп, ұшқындай түсiп барып, қайтадан сөне қалды. Жәнiбек Ережептiң шын кейпiнiң әлi де тереңде жатқанын аңғарып, бiр ой мазалап, қобалжи бердi. Аздан соң дәм келдi. Ас үстiнде iштей әлдеқандай тоң-торыс арбасуды сезген кiсiлер шаруа бабынан артық әңгiме айтқан жоқ.

12


118 Елдес iнiсiнiң соңынан таңдана қарады. Жатыры басқа болса да, бала кезiнде бiр төсекте құлынтайдай тебiсiп өскен Жәнiбек өзiне бiр туғаннан артық боп кеткен-дi. Ендi күн өткен сайын сол ет жақындық қатты керiлген шуда жiпше жiңiшкерiп барады. Ол ер үстiнде қозғалақтап қойып, дұрысталып отырды. Алдындағы бiр жазық тепсеңде пiскен ажырықтан бас көтермей жусап жатқан қалың жылқыға көз салды. Күпшек санды көкалаларды көргенде кеуiлi азырақ жайланғандай болды. Дегенмен жанының бiр қуысында жасырынып жатқан бөлекше күдiгi бүйiрiне темiртiкенше қадалып, шым-шымдап мазалай бердi. “Неге! — дедi бiр кезде өзiне-өзi. — Шынында да, неге? Неге осы iнiмiз бiр кiндiктен дөрегендей боп, хиуалықтардың сойылын соға бередi? Ау, iжкiмнiң қасы мен қабағына қарамай-ақ, өз алдына түтiн түтетiп, бөлек ел боп отыруды құдай бiздiң маңдайымызға жазбаған ба? Немене үйтуге шамамыз жетпей ме? Неге?» — Ол көптен берi басынан кетпей жүрген осы бiр сұрағына жауап iздегендей аз-маз абдырап, күректей қолымен маңдайын сипалады. Сосын бiр бет өжет мiнезiне басып: “Өй, қойшы! Халықтың қамын жейтiн мен бе? Бiр сыласы бола жатар”, — деп қолын бiр сiлгедi де, үйездеп жатқан жылқысына қарай жүрiп кеттi. Түс әлетiнде Қожақ келдi. Кешегi жағдайдан кейiн Елдес одан iшiн тартып қалған-ды. Кеуiлiндегi ызғар бұл жолы да әрiге жiбермей, онымен салқын амандасты. — Үй жаққа... бара атыр ем, — дедi Қожақ жәйiмен. Оның ақ сұр жүзiнен қалың көлеңкеше құлап жатқан уайым iзi айқын көрiнедi. — Дұрыс, — дедi Елдес жөндеп сөйлескiсi келмей. — Кеше... көкем сiздiң үйге барып, кешiрiм сұрады. — Дұрыс. — Шалдар қайтадан табысты, — дедi Қожақ әлденеге қинала күлiмсiреп. — Дұрыс, — дедi де Елдес оған кенет қулана қарады. Iшiнен: “Осы мен неменеге кергiп тұрмын? Орайы кеп тұрғанда мына сүмелектi пайдаланып қалайын да”, — деп тез арада өңiн өзгертiп, түсiн жылытып, қуалана жы-миды. — Шалдардың олары жүдә жақсы болған екен. Жас кезде не болмайды? Қайта осының өзi дұрыс. Ертең мажал қашып қартайғанда, жасаған қылуаңды есiңе аласың. — Ол қамшысын екi бүктеп, қос бүйiрiн таянды. — Бала, насыбайың бар ма? Шақшамдағым бiтiп қалып, басымның ауырып тұрғаны. — Жоқ. Мен... атпайым ғой. — Мiне, бұл жаман. Сендер әлi баласыңдар. Насыбайдың кәдiрiн қайдан бiлейiн деп едiңдер? — деп, ол жорта қиналды. — Апырмай, не iстесем екен? — Қайдам. — Қожақ екi иығын қиқаң еткiздi. — Кешке дейiн әлi бiраз бар-ау. Шақшалы бiреу кездесе қояр деймiсiң? Қожақ жүзi төменшiктеп, үн-түнсiз тұр. — Бала, — дедi Елдес iле жадырап. — Өте асығыс болмасаң, мына жылқыға қарай тұр. Мен ауылға барып келе қояйын. Жарамды атқа қозы көш жер деген немене? Көздi ашып-жұмғанша барып келмейiм бе? — Жақсы, — деп бағанадан берi қайын ағасына қалай жұғыстық қылудың ретiн таппай тұрған Қожақ тез келiсе кеттi. Елдес ауылға қарай салдырта жөнелдi. Астындағы сүйегi салалы, быртық бақайлы ат аяғын тең тастап, жортып келедi. Ол тiзгiндi жәйiмен қаға отырып, Қуаңның жайпауыт жағасына кеп құлады. Қалың жыңғыл қаптай өскен, iндiгештi тұстан сары аяңмен өтiп, алдағы қоңыр жалдың басына екпiндеп шыға келдi. Сол сәт ойдағы бес-алты қараүй айдалада иесiз қалған ақ жұмыртқадай боп көрiндi. Маңайында тiрi жан жоқ. Сиыр сәске шағында жан бiткен қоңыр салқын көлеңкенi қуалап кеткен секiлдi. Елдес өз үйiне тура салды. Iшiнен мына ыссыда Қожақты жылқы басына қалдырып кеткенiне қуанды. “Бәлем сол керек. Мықтылық көрсететiн неме ғой”, — деп iштей ырза бола шиықшиық күлiп, үй жанына тақап кеп, атынан дүрс етiп түсе қалды. Ағаш қазыққа шылбырды қазықбау шалып байлай сап, қара-үйге тақай бiр-екi аттай берiп, ерiксiз тоқтады. Iштен жабықты қолымен серпе ашып, тоқалы шыға келдi. Оның жайнаңдап тұратын көзiнде ерекше бiр ұшқын жылт-жылт етедi. Ол көзiн тез тайдырып әкетiп, iшке басын сұғып: — Әй, Атаяр, местi алып шықшы, — дедi. Iштен бiр мес айранды ырсылдай көтерiп, қол-аяғындағы бұғауы сылдырап Атаяр құл шықты. Оның күнге күйiп, тотығып кеткен жүзiнен ешқандай да абыржу iзiн байқау мүмкiн емес. Керiсiнше қалың бетi салбырап, iшкi сезiмiн сыртқа шығармай, тұтасып тұр. Тек қана жарқыраған өткiр көзiнде әлдеқандай сыр бүккен әзәзiл ұшқын лып-лып етедi. Елдес аздап тiксiнейiн дедi. Бiрақ дәл осы арада сыр бермегендi жөн көрiп, аяғын ауыр алып, оң жаққа барып отыра кеттi. Бiр тостаған тастай қымызды сiмiре сап, тер бұрқ ете қалған маңдайын сүлгiмен сүрттi. Сосын жаңағы жiгiт жайын ойлады. “Бұ несi, — дедi iшiнен. — Әлде, әлде... қой, оның бетi аулақ”. Елдес кеуiлiн күдiкке алдырғысы келмей, жан түкпiрiнде мазалап жатқан уытты бiрдеменi тапап, өшiрiп тастады. Қызылбет тоқал аяғын кербез басып, шәй әкелдi. Шай үстiнде әдемi қылымсып, дым болмағандай, кесенi бұған берерде күмiс бiлезiк салған әппақ бiлегiн ханауыз көйлегiнiң жеңiнен жартылай шығарып барып ұсынады. Елдес iшiн тартайын дедi. Ол қызылбет тоқалды былтыр алған едi. Әуелгiде басқа бiр жiгiтпен әуейi боп жүрген сұлу қыз бұлғаңдап, барынша кергiп бақты. Бiрақ басы байлаулы жан бұйдасын үзiп кете алмады. Ақкөз Елдес сыбыс тарасымен, қасына он шақты жiгiттi ертiп ап, қайынына барып, тiзеге салғандай етiп, қалыңдығын алып қайтты. Басына ақ түсiсiмен, келiншектi жабағы жүнше түтiп тастады. Ендi қызылбет тоқалдың мама биеше найқала бастағаны мұның кеуiлiн ауырлатып отыр. “Машқара болғанда, мына шұнақ құлмен... Қой, қой!” Құл демекшi, оны анада Ережеп ауылынан алып қашқан соң, Елдестiң басы бәлеге қала жаздаған. Билер дауында Ережепке басыбайлы құлының күнын


119 төлеп, әзералдалап құтылған. Сол даудан қайтқанда, Мамырай үйiнде түстенiп отырып: “Балам, мына құлыңның көзi жайнаңдап тұр екен. Абай бол, төбiнде жазым етiп жүрмесiн”, — деген-дi. “Өй, құлағы кесiк шұнақ құлдан қорқып сүрген өмiр бар болсын”, — деп Елдес қолын бiр сiлтеген. Ендi сол есiне түсiп, өзегiн от жалағандай, кiрбиiп отыр. Ол күн ұясына қона, жылқы басына қайтып келдi. Қожақ бiр жыңғылдың түбiнде астына қақпа шекпенiн төсеп, шалқалап жатыр екен. Ол мұны көрiп, орнынан түрегелдi де, манаураған жүзбен, қолымен аузын қалқалап, ұзақ есiнедi. Елдес оның түрiне мысқылдай қарап: — Қалай, iшiң пысқан жоқ па? — дедi. — Жоға, — деп Қожақ тағы да ұзақ есiнеп алды. — Мә, шөлдеген шығарсың, қымыз iш. — Елдес атынан түскен соң, оған торсығынан қымыз құйып бердi. Қожақ қымызды қылқылдатып iшiп жатып, көз қиығын осы кезде салқынмен өре түрегелiп, жалпақ жазықтың отын қуалай жайылып бара жатқан қалың жылқыға бiр-екi рет салып қойды. Елдес iшiнен едәуiр көтерiлiп қалды. Сосын түнi бойы жалғыз қалатынын ойлап, мына жiгiттi қасынан жiбергiсi келмедi: — Ауылыңа қайтасың ба? — Ендi не iстейiм? — Барғанда... қапылып жатқан шаруаң көп пе? — Ондай iждеме де жоқ. — Әй, онда... менiмен бiрге жылқы күзетiс. Ертең-ақ қайтарсың. — Жарайды, — деп Қожақ тез келiстi. Ондағысы осы әңгүдiктеу Елдестi айналдыра берсе, iшiне енiп алғасын, көздеген мақсатын айтпақ. Өз есебi бойынша, батыл қимыл осы Елдестен шығады. Мұның кiнәсiздiгiне көзi жетсе-ақ, оның ертең Сағынай ағасына барып, баланың бағын байлама, қызыңды құтты жерiне қондыр деп айтуы күдiк емес. Бұған қарағанда, алды-артын өлшеп-пiшiп отырған Жәнiбек солқылдақтау. Әрi медiреседе оқып, ұстаз алдын көрiп қалған ол жасы үлкен кiсiге әрпi-тәрпi сөйлей бермейдi. Сызылып отырғаныңда тағы да араға бес-алты жыл түсiп кетедi. Осы есеппен Қожақ қалайда Елдеске жұғыстық қылғанды жөн көрдi. Кешкi тамақты iшiп болғасын, екеуi бытырай жайылған жылқыны жәйiмен қақпайлап, кiл отты, ажырығы көп сайларға табан тептiре жайды. Түн ортасы болғанша жылқының алды-артына шығып, шашырағанын жиып отырды. Аздан соң қараңғылық сәл-пәл сейiлiп, бес-алты жаңасы боп қалған қылдырықтай ай созылмалы сырқаттан ендi тұрған қыз жүзiндей қуқыл тарта көрiндi. Керiлiп жатқан жапан дүз шырылдаған шiлделiк әнiне толып кеттi. Жан-жақтан түрлi шөптiң, әбден пiскен боз жусанның иiсi бұрқырай шығады. Елдес пен Қожақ түн қымтаған дала жұпарын кеуде кере жұтып, аздап ұйқы қысып, бастары салбырап келе жатыр едi. Кенет алып жайынша арқалары тұтаса жайылып келе жатқан қалың жылқының бiр шетi дүр ете түстi. Бұлар әуелгiде қасқыр тидi ме деп, шошып қалып едi. Сүйткенше болмады, алдағы тар қылтадан сойылдарын зәрлене көтерiп алған он шақты салт атты құйғытып шыға келдi. Дереу: — Қайт! Қайт! — деп айғайлап, қалың жылқыны сойылдарымен сабап, қуалай жөнелдi. Жылқышысы жоқ қой деп ойласа керек, олар еркiнсiп, самбырласа сөйлесiп, бұлардың тұсынан көлденеңдеп өте бердi. Демiн iшiне тартқан Елдес қайың сойылын ыңғайлай ұстап, топ жiгiтке қарсы қаймықпастан ақыра ұмтылды. Жақындай бере қарсы шыққан бiр жiгiттiң сойылын сойылымен қағып кеп жiбердi. Әлгiнiң сойылы дың етiп, жерге ұшып түстi. Елдес сол арада шалт қимылдап, қайырыла бере ат үстiндегi жiгiттi тобығынан бiр қойды. Жiгiт: — Ойбай! — дедi де, үзеңгiге табан тiрей алмай, бiр жағына қарай ауытқып бара жатты. Ол екiншi жiгiттi де оп-оңай құлатып түсiрдi. Тек үшiншiсi ат үстiндегi талай шайқасты көрген жырынды болса керек, ана екеуi құсап қақ маңдайдан қарсы шықпай, қаша ұрыс салды. Басқа жiгiттерiне жылқыны қуалатып қойып, өзi бұларды тосқауылға ап, үйiрге жолатпауға тырысты. Әрлiберлi шапқылап, бұларды жақын келтiрмей, жан таласа шайқасып жүр. Елдестiң ашудан екi көзi қарауытып кеттi. Астындағы атын тебiнiп қап, өлгенiне қарамай, iлгерi ұмтылды. Мұның жанын шүберекке түйгенiн сезгендей барымташы жiгiт бетпе-бет шайқастан тайқып шыға бере, қайың сойылымен қара саннан соғып өттi. Сол екен, аяғы үйып, жаны кетiп қалғандай болды. Елдес сол қолымен ердiң қасынан ұстап, әзер дегенде құламай қалды. Сосын жан дәрмен деп, ананың екiншi рет қайырылып ұра берген сойылына сойылын тоса қойды. Зор қуатпен соғылған сойыл дың ете түстi. Осы сәтте ананың ту сыртынан шыға келген Қожақ қатты ақырып, бiр қимыл жасап та үлгерген едi. Барымташы жiгiт екпiнiн баса алмай, сойылын өзiне қарай қайта тартып үлгермедi. Қожақ атының омырауымен көлденең тұрған атты қаға-маға, сойылын құлаштай сермеп кеп қалды. Барымташы жiгiт басын бұғып, сол қолын сәл жоғары көтерiп, қорғанған болды. Қожақтың қыр арқаны көздеп соққан сойылы тайып барып, әлгi жiгiттiң қара құсына барып тидi. Оның: — Ойбай! — деген кiсi бойы түршiгерлiк жан дауысы шықты. Iзiнше ол талықсып кетсе керек, екi қолы ербеңдеп, сойылын жерге түсiрiп жiберiп, ат бауырына қарай аударылып бара жатты. Сол арада есiн жиып, ер үстiне нығыздалып отырып үлгерген Елдес ауып бара жатқан кiсiнi сойылымен қақ бастан бiр қойды. Барымташы жерге дүрс етiп қап, бiр-екi аунап барып, тыпырлап жатты да, кенет аяғын бiр-екi рет қатты серпiп, тым-тырыс қалды. Елдес пен Қожақ оған назар аударып жатпады. Ендi олар қалған барымташылардың iздерiнен қуалай жөнелдi. Екеуi екi жақтан қапталдай шауып, сақа айғырларды айқайлап үркiтiп, жылқыны бытшыт қылды. Есi шыққан үйiрлер бөлiне-бөлiне қашты. Не жылқыны қуарын, не жiгiттермен шайқасарын бiлмей, барымташылардың әбден есi шықты. Елдес ендi ер әруағы ұстап, ұйлыға бастаған барымташыларға ақырып, қатты ұмтылды. Сарт-сарт соғылған сойыл үнi түнгi ауаны жаңғырықтырды.


120 Мына жақтан Қожақ тайынбай ұрыс салды. Екеуiнiң өлгенiне қарамай ұрысқанынан қаймыққан барымташылар қорғана жүрiп, шайқас болып жатқан жерден сытылып шыға бердi. Аздан соң олар ат басын шығысқа қарай ұстап, қалың жылқыға қарамастан, бет-бетiне бытырай қашып бара жатты. Елдес оларды iндете қуғанды жөн көрмедi. Олар есiн жиям дегенше, тым-тырақай қашқан үйiрлердiң басын қайта қосып, Қуаңның көне арнасына қарай қуалай жөнелдi. Аздан соң қалың жылқыны тырқыратып кеп, кiсi көзi шала қоймас биiк жарқабақтың ығына әкеп иiрдi де, аттарының айыл-тартпаларын тартып ап, ерге қайта қонып, ол арадан ұзап шыға бердi. Ондағы ойы — барымташылар қайта шабар болса, iз адастырып, жылқыдан аулақ алып кету едi. Бiрақ қайта шапқан ешкiм болмады. Қожақ екеуi ақырын аптықтарын басып, үнсiз сазарған қалпы сойылдарын алдарына кесекөлденең ұстап, бiраз төбенi шолып шықты. Селт еткен тiрi жан жоқ. Ешқандай ат дүбiрi де естiлмейдi. Есi шыға қашқан барымташы-лар аттарының борбайларын созып, жiтi жүре отырып, бiрнеше қырдан асып кеткен сықылды. Олар аттарының бастарын бұрып, жаңағы шайқас болған жердi шолып келе жатыр едi. Кенет алдан қарауытқан бiрдеменi көрiп, қос ат құлақтарын қайшылап, осқырынып, тұра-тұра қалысты. Елдес ат тiзгiнiн тарта ұстап, ауыр денесiмен ер үстiнен созылып қарап едi, жерде жатқан кiсi тұлғасын көзi шалды. Атынан тез түсiп, аяғын асығыс басып кеп, жансыз жатқан бағанағы барымташыны көрiп, қалт тұра қалды. Өздерi еткен аусарлықтың арты неге соққаны санасына ендi ғана айқын жетiп, суық су құйып жiбергендей тұла бойы түршiгiп, кейiн шегiне бердi...

13 Араға күн салмай жатып, Аспан елiне Бозғұл жұртының атақты биi Күртебай жанына ақсақал, қарасақалдарын ертiп, топ боп келiп түстi. Бұл жолғы даудың бөлекше болатыны Бозғұл кiсiлерiнiң түр-түсiнен-ақ белгiлi едi. Олар көп ырғаспай, сөздi шорт қайырды. Аспан мен Бозғұл елiнiң бас қосқан осы мәжiлiсiне Әлiм биi келмей қалды. Шамасы, ол да аңыс аңдап, екi Шөмекейдiң ортасына түсiп нем бар деген сықылды. Соны арқа тұтқан Бозғұлдар ешқандай да мәмiлеге көнбей, қанға — қан, жанға — жан деп, тас табандап отырып алды. Олардың малға, құн алуға көнбейтiн түрi анық байқалды. Ендi тығырыққа тiрелген Әйбек би ертеңгi бiр мәжiлiс үстiнде ұзын сақалын салалап отырып, көзiн қысып, қатты толғанып: — Апырмай, бiр Шөмекейден тараған төрт баланың екi кiшiсi едiк. Қанымыз да, жанымыз да бiр ағайынды емес пе ек? Төскейден жау шықса, дабыралы дау шықса, қолтықтан демер, намыс жыртысар қарындас емес пе ек? Ендiгi күнi бiр сотқарың жазым болды екен деп, елдiктен кетемiз бе? Түбiн iзерттегенде, жайына жатқан елден жылқы қуып алам деген өз тентегiң кiнәлi ғой. Сондай шоқпар жинайтын телi мен тентектiң ажалы да сол сойыл мен шоқпардан болмаушы ма едi? Бұ да соның бiрi емес пе? Оу, ағайын, сөздi де, дауды да ушықтырмайық десеңдер, жiгiттiң құнын ал да, бiтiмге кел, — деп, Күртебайға салмақ сала сөйледi. Бозғұл биi Күртебай сабырлы, артық-ауыс сөзi жоқ, кең ойлы кiсi болатын. Осы жолы өз сүйегiнiң намысын жырта келсе де, Әйбек бидей ағасының алдында әуелгiде бiрден суырыла қоймап едi. Түнде қалған Бозғұлдар мұны әбден қайраса керек, осы жолы кәнiгi жүйрiктiгiне басып: — Ағайын, бiз сiздерден құн алғалы келген жоқпыз, — дедi дауысын нықтай сөйлеп. Сосын өзiнен төмендеу жерде қабағынан қар жауып отырған Тайпанға көз қиығын салып қойды. — Кеше шейiт болғап арыстай азаматымыздың артында улап-шулап қатын, бала-шағасы қалды. Бiз оларға азаматыңның төлеуi деп он шақты қара малды қалай жетелеп апарып беремiз? О да есе қайтқан, кек қайтқан болып па? Оу, Аспан, ағайыншылықтан кетпейiк десек, бiздiң талабымыз бiреу ғана: басын садақаға байлап, бiр кiсiңдi бересiң. Бiз соны өлтiрiп барып қана бiтiм табамыз. Болмаса тұрысатын жерлерiңдi айтыңдар. Дұрыс дегендей Тайпан қозғалақтап, басын изеп қойды. Бозғұл руының басқа кiсiлерi де: — Сол дұрыс. Кек алмай бiтiсетiн жайымыз жоқ, — деп гу-гу етiстi. Мамырай бәле басы болып отырған Дөсек Тайпанға көзiнiң астымен қарап қойды. Кешелерi Малдыбай қызына алған қалың малын тугелiмен қайтарып берiп, сөзге ерме кiсiнiң қол-аяғын жiпсiз байлап қойған-ды. Мысы құрыған Тайпан ендi мал шауып алмақ болған-ды. Ол алдын ала жансыз жiберiп, Елдестiң жылқысының қай жерлерде жайылатынын бiлiп ап, жиырма шақты жiгiтке жамағайын iнiсi Қойтанбайды бас қылып аттандырған-ды. Қас қылғанда жазым тиген таяқтан сол Қойтанбай мерт боп отыр. Ендi Тайпанның неден болса да тайынбайтынын сезген Мамырай етекжеңiн жинап, қарулы жiгiттердi ауыл маңында топтап ұстап, сақадай сай етiп қойған едi. Соны бiлсе керек, Тайпан тура ауыл шабудан бас тартып, алдымен аңыс аңдап, билерге жүгiнiп отыр. Әйбек би мына әңгiменiң мүлдем ұшынып кетер жайын байқап, ендi кәйтемiз дегендей Мамырайға бiр қарады да, дауысын созып: — Ау, ағайын, — дедi. — Сендер алдарыңа сүбелi би салып келгенде, мәмiле табам деген жоқпысыңдар? Жау болсаңдар, осыншама тәжiкелесiп нелерiң бар, көп ырғаспай, шауып алмайсыңдар ма? Сонда кiм жеңiп, кiм жеңiледi? Бiр тентек мерт болды деп, қалғанымыз түгел қырыламыз ба? Ау, мұның түбiн iзерттесек, кiнә Бозғұл ағайын, сендерде. Қарап жатқан жылқыға жау боп тиген өздерiң айыптысыңдар. Аспанға айтар өкпе-наздарың болса, ағайын ретiнде қонып, түстене жатып неге айтпадыңдар? Күртебай би Әйбек бидiң осылай дерiн алдын ала бiлiп келген сықылды. Тiпте саспастан, басын көтерiп алып: — Уа, ағайын, — деп саңқ ете түстi. — Бiздер жасы кiшiлiгiмiз ұстап, аға алдынан әлге дейiн кесе өтiп көрген жоқпыз. Керек болса мына Тайпан алайын деп отырған жесiрiн де сендерге қиып бердi


121 емес пе? Бар гәп соның малында боп отыр. Ау, Аспан ағайын, сендер сол малды құдаларың Малдыбайдың арқасына таңа сап, екi арада шығыннан құтылып, екi жеп биге шығып отсыңдар. Ал, шындығына келгенде, Малдыбай бiзге малымыздың тек таза басын ғана қайтарды. Ал, оның пәленбай жылқы өсiмi қайда? Мiне, бiздiң барымташы шығарғанда iздегенiмiз сол едi, — деп Күртебай арындап барып бiр дем алды. — Ендi соның соңы ұшынып, кiсi өлiмiне соғып отыр. Арыстай азаматымыздың отбасы қара жамылып қалды. Бiз ендi өлiспей берiспеймiз. Бiтiм тек қана жаңағы. Басқа мәмiленi қабыл алмаймыз, — дедi де, ол орнынан тұрып жүре бердi. Бозғұлдардың басқа кiсiлерi де шекпендерiнiң етектерiн қағынып, орындарынан атып-атып тұра кеп, соның соңынан шұбалып шыға бастады. Үй iшi самсоз болды да қалды. Бiр жаманшылықтың боларын анық сезген кiсiлер көздерiмен жер шұқылап, жақ ашпай, ұзақ отырып қалысты. Әлден уақыттан соң барып Әйбек би еңсесiне түсiп кеткен басын жоғары кiлт көтерiп ап: — Ау, ағайын, ендi не iстеймiз? Мына Бозғұлдардың бiтiспес түрiн көрiп отсыңдар. Бiз де көнбесек, ел iшiне әрекет кiредi, арты қантөгiс болады. Бұл бiр қиын нәубет қой, — деп дауысын соза түсiп, Мамырайға тесiле қарады. Кәрi көздерiнде әлдеқандай суық ұшқын лып-лып етiп барып, бiртебiрте сөне бастады. — Айналып келгенде, қолы қанды өзiмiз. Сол шайқаста ұрыспай-ақ, малдың қалай қарай кеткенiн бiлiп алғанда, арты бұлай болмас едi. Ендi амал жоқ, қалау бiздiкi. Ау, ағайын, мына қартыңның ақыл таппай қиналған жерi бұл. Кеңес айтыңдар, нағыламыз? Жұрттың бәрi үн-түнсiз. Бозғұлдардың талабымен келiсуге ешқайсысының батылы жетпей, қандарын сұрлана iштерiне тартып ап, тұғжиып отыр. Осы ауыр тиыштықты Мамырай бұзды. Ол тамағын кенеп ап: — Ағайын, — дедi, — азамат басына мынадай қысылтаяң күн туғанда елдiк танытып, күш бiрiктiргендерiңе дән ырзамын. Осы жақсылықтарың алдарыңнан шықсын, — деп ауыр күрсiнiп алды. — Бүгiнгi күнi Бозғұлдар елдiктен кетем десе, оны өздерi бiледi. Менiң қара ақылыма салсаңдар, бiр кiсi үшiн ел iшiн бүлдiрмейiк. Мың кiсi өлгенше, бiр кiсiнiң өлгенi жөн. Бiз оларға азаматыңның күнын дауласаң, Елдеске бар, ауылы пәлен жерде, әлiң жетсе, шауып ал, дейiк. Оны қолдан ұстап берiп, ел алдында қара бет болғанша, осы дұрыс. Қалған кердi көрiп аламыз. Жұрт мына ақылды жөн көрiп, еңселерiн тiктеп алысты. Олар Мамырайдың мұны әлдеқандай бiр терең оймен айтып отырғанын түсiнген де едi. Шындығында да, кеше түнi Мамырай Елдес ауылын басқа жерге көшiртiп, өзiне әр нәрсеге дайын отыр деді. Оған Бозғұлдар шабатын болса, Дадабекке барып, қамалына кiрiп ал деп, қатты тапсырып қойған-ды. Әйбек би де мына ақылды мақұл көрдi. Әрi ол осы арада Күртебайды ұстар бiр iлгiштiң барлығын аңдап қалған да едi. Сол күнi Бозғұлдар жағынан ешкiм бұлар жаққа аттап аяқ баспай қойды. Аспандар да оларға жалпаңдап бара қоймады. Мамырай жеке тiгiлген отауына кеп, Жәнiбек, Қожақ, Қасқырбай, Қалдыбайларға жаңағы түйiндi сөздi жеткiздi. Олар мұны күптап, аздап дәтке қуат қылғандай болды. Сол үстiне қақырынып-түкiрiнiп Құлқа батыр кiрiп келдi. Ол кешелерi Қармақшының терiскейiндегi Сарығасқаларға бiр шаруамен барып қайтқан едi. Мына жақтағы у-шуды со жақта жүрiп есiттi. Құлағына суық хабар шалынған бойда, түн iшiнде атқа қонып, берi қарай суыт тартып берген. Содан тiзе бүкпестен жеткен түрi осы. Өзi әбден шөлдеген екен, салқын қымыздың үш-төрт тостағанын басына бiр-ақ көтерiп тастап, добалдай қолымен мұртына жұққан ағарғанды сүрте отырып: — Ау, Мәке, ауыздарыңнан сөз, ауылдарыңнан ат кетпейтiн болған ба қалай, — деп Мамырайға қарады. Ызалы Мамырай жарылып кете жаздап отыр едi. Қатты мойып: — Әй, Құлеке, баласы жаман болса, әкесiн түйе үстiнен ит қабады деген ып-ырыс екен. Бұрынғылар бiлмесе айтпайды ғой. Сондай бiр кердiң келiп тұрған жерi осы, — дедi. — Сонда, немене, қан төгiсейiк дей ме? — Иә, — деп Мамырай даудың жай-жапсарын оған түгел айтып шықты. — Е, солай де, — дедi Құлқа батыр дауысын созып, — сонда деймiн-ау, Елдес елден қашып шығып, қай жерге барып күн көредi? Барған жұрты оны жатырқамай қабыл ала қойса жақсы, ал мүйiздеп жүрсе, не болмақ? Жалпы ер жiгiттiң үйтiп қатынша қашып-пысқанының несi әбiрей? — Ол осы арада кiдiрiп, басына тосыннан шапқан бiр ойдың оң-терiсiн салмақтап көрдi. “Шынында да, сүйтсем кәйтедi? Ендi құнан қойдың жасындай жасым қалғанда, аянатын нем бар? Одан да құдалардың оң қабағын алып, кейiн баламның арқа сүйер тауын мықтап кетпеймiн бе?» — деп толғанып, аз-кем отырып қалды. — О да дұрыс қой. Бiрақ Елдестiң бала-шағасы бар емес пе? Азаматы кеткесiн, оның от басына кiм еге болады? Кiсiнi со да қинайды. — Әрине, әрине, — дедi Құлқа. “Не iстесем екен? Қой, үйткенiм ыңғайсыз шығар”. — Одан да дұрысы осы. Өзi сатып алған дау ғой. Ендi қалған зобалаңын жеке көрсiн. Осы арада Құлқа батыр өзiне не болғанын бiлмей де қалды. Тамағын қатты кенеп, мойып отырған Мамырайды тiзесiнен басып: — Құда, — дедi, — осы бiздер ғой асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Бiзге ендi жетпiс жыл жасау жоқ. Әйтеуiр, түбiнде бiр келетiн нәсте ғой. Әгәр кисаң, осы дауыңды маған бер. Жас балдарды жаңғыз оққа байлағанша, не пәленi көрген мына мен-ақ майданға шығайын. Тек астыма Нияздың Қаракөгiн бер. Өлсем, сұрауым жоқ. Мамырай шошынып, оның жүзiне бақырая қарап: — Құда-ау, бұ қалай болады? Ойбай-ау, бұ деген, — деп, кәпелiмде аузына сөз түспей де қалды. — Iждеме етпес. Менi не көрмеген қақсал дейсiң. Сүйтейiк, — деп ендi Құлқа айтқанынан қайтпас рай көрсетiп, тостағанын саба жаққа қарай ұсына бердi. Мамырай мына морт мiнездi батырға ырза бола қарады. Табан астында аузына жөндi сөз де түсе қоймады. Ол алпамсадай шалдың осындай қысылтаяң кезде ер мiнезi ұстап кететiнiн бұрында да


122 бiлетiн. Ұмытпаса, осыдан көп бұрын, қоян жылының шамасы-ау, күз айында Кұл бойында болған бiр ұлы жиында Құлқа батыр Төртқараның бiр жiгiтiмен бәстескен едi. Анау да барып тұрған даукес екен, екi көзi қызарып, өңештеп: “Бiр шелек жылқының майын iше алмайсың. Үйтiп жылмайыңды ағызып, мына тойдың сәнiн кетiресiң”, — деп қоймады. Ызаланған Құлқа: “Iшем”, — дедi. “Онда бар ғой, мына астымдағы атымды мiн де кете бер. Қолыңды қақпайым”, — деп анау ерегiсе түстi. Қүлқа да айтқанынан қайтпады. Сүйтiп, сол арада бәс тiгiлдi. Жиналған жұртқа қызық керек. Барлығы жанжақтан анталап, алқалап отырып алған. Аздан кейiн қатындар жылкының майын бiр шелекке меймiлдете құйып әкеп, Құлқаның алдына қойды. Қүлқа аузын жыбырлатып, бiлген бiр дұғасын оқыды да: “Бiссiмiллә”, — деп, шелектi кос қолымен көтерiп алды. Сосын бас алмастан қылқылдатып iше бастады. Ол үш рет дем алып барып, майды түгел iшiп қойды. Жұрт гу ете түстi. Құлқа ыржақайларға қарамастан, шекпенiн киiп, сыртқа шығып жүре бердi. Ол ауылдың қыр арқасындағы қоңыр бұйратта жайылып жүрген тұсаулы атына кеп, тоқымын алып, ерiн жастанып, ашық далада жата кеттi. Жатқанда да анасынан жаңа туғандай тыр жалаңаштанып қисайды. Түнiмен iштен тепкен зор қуат сүмбiленiң дене тiтiркентер салқынын шыбын шаққан құрлым көргiзбептi. Ол елең-алаңда тұрып қараса, жылқы майы қарынының сыртына екi елiдей боп шығып, тоңазып тұрып қалған екен. Соны алақанының қырымен қырып-қырып жiберiп, көйлек, дамбалын, шекпенiн киiп, орнынан тұрып жүре бердi. Сүйтiп оның Төртқараның бiр жiгiтiн жаяу қалдырған жайы бар едi. Ендi мiне кәрiлiкке бел алдыра бастаған шағында да бiр ерлiкке бел буып отыр. Мамырай сол арада ақылға кеп, ертең өз құдасып оққа байлап бердi деген жаман атқа қалмау жағын ойлап: — Құлеке, ояғын өзiңiз бiлесiз. Бұл арада мен не дей қояйын? Ол ойыңызды әуелi Әйбек биге айтқаныңыз дұрыс шығар, — дей бергенде, кенет сырттан: — Ойбай, өлдi, құрыды! — деген жаман бiр дауыс шықты. Үрпиiсiп отырған жұрт сыртқа атып-атып шықты. Бiр жаман қатын шабалаңдап, қолындағы иiнағашы қақайып, құдық жаққа қарай жортып барады. Қасқырбай оның iзiнен тұра қуды. Барып мәнжайды бiлiп келдi: — Бозғұлдардың бiр түйесi су iшем деп, құдыққа түсiп кетiп, кептелiп қапты. Он шақты кiсi жабылып, соны шығара алмай атыр. — Е, сол ма едi? — Рас па? — дедi Құлқа әлденеге елең етiп. — Рас, рас. — Жүр, көрсетшi өзiн, — деп Құлқа батыр қасына Қасқырбайды ертiп, солай қарай жүрдi. Мәсiшең қалпы құдық басына келдi. Iрi сирақты, басқа малдан сөгерлiгi артық түйе қаталап, құдыққа еңкейе бергенiнде, қатын сексеуiлден жасалған шеген зор салмаққа шыдамай, iшiне қарай опырылып кетiптi. Түйе басын астына ала құлапты. Баладай өркешi мен артқы сауыры ғана сыртта дүңкиiп көрiнiп тұр. Түйе иесi анада Бұхарадан Құлқамен бiр қайтқан Бозғұл екен. Мұны көрiп, ол анадайдан дедектеп кеп, қос қолын ұсынып, жалпылдап жатыр. Түйесiне жаутаң-жаутаң қарап: — Шиеттей бала-шағамды асырап отырған жаңғыз сауын iнгенiм едi, — дей бередi. Өзi жылап жiберуге шақ тұр. — Түйең жалғыз болса, дау-дамайға араласып нең бар едi? — деп, Құлқа оны жолынан ысырып тастады да, тыртаңдап жатқан жiгiттердiң жандарына келдi. Түйенiң алды-артына көз тастап, ұтырлы тұсын байқап: — Балдар, кәне, арқанды берi әкелiңдер, — дедi. Әлi келмей, азғантай әбiрейiнен айрылғалы тұрған Бозғұл жiгiттерi бұған одырайыса қарасып, кейбiреуi мысқылдай күлiп, қарық қылатын болсаң, ала ғой дегендей, арқанды мұның қолына ұстата салды. Сосын өздерi арсыз күлкiге басып, кейiн шегiнiсiп тұрысты. Құлқа шекпенiн екi бүктеп, иығына салды. Сосын құдықта жатқан түйенiң төсi мен шабынан екi арқанның ұшын өткiзiп ап, бiрiн оң қарына, екiншiсiн мойнына қиялай асты да, сәл шегiнiп, арқанды кере тартып көрдi. Сол арада қазақы бөз көйлектiң керi түрiлген кең жеңiнен қарт батырдың жуан бiлегi, әлемет күш тереңiнде тұнып жатқан бiлем-бiлем бұлшық еттерi ап-анық көрiндi. Құлқа күйған темiрдей боп тұрып, мойнын сәл iшiне тарта, екi қолымен арқанды мықтап ұстап, кенет қатты ақыра: — Әуп! — деп қалды. Зор қайратқа шыдамаған қыл арқан тырсылдай керiлiп, кептелген түйе бiр сiлкiнгенде жан бiткендей қозғалып қап, берi ысырыла түстi. Бақырып, астына қайырылған басын жоғары көтерiп те алды. Құлқа қос табанымен жер тiреп тұрып, тағы да қаттырақ: — Әуп! — деп тартып кеп қалды. Түйе құдықтың ернеуiне жақын келдi. Бiрақ сол арада мәсiшең бұдырсыз табаны шеге топыраққа сырғанап кетiп, түйе ауыр салмағымен қайтадан құдыққа түсе бердi. Сол арада Қасқырбай, Қожақ, Қалдыбайлар көмектесуге жүгiрiп келiп те қалған едi. Олар қыл арқанға жармаса бергенде, екi көзi қанталап, шапыраштанып кеткен Құлқа қатты ақырып: — Кетiңдер! — дедi. Олар амалсыз кейiн шегiне бердi. Құлқа табанымен сызды жердi осып барып, шаққа дегенде түйенi шегеннен әрi асырмай ұстап қалды. Табанын нықтап тiреп, оң қолымен төс арқаннан шап берiп, қысқарта ұстап, кеуде кере бiр дем алды. Iзiнше бұл баяғы жас шағындағы қайратты кезiне басып, қатты ақырып: — Әуп! — деп қалды. Орасан қайратқа шыдамаған түйе таудай боп теңкиiп, құдықтың сыртына бiр-ақ шықты. Сол мезетте Құлқаның бiлем-бiлем балтырының қатты тепсiнгенiне шыдамаған көк сауыр бiтеубас мәсiсiнiң қонышындағы тiгiсi қақырап кеттi. Ел уһ деп демiн бiр-ақ алды. Мосқал Бозғұл кiсiсi жүгiрiп кеп, мұның қолына жармасып, жылап жiбердi. Өзi былдырлап: — Қайратыңнан садаға кетейiн, батырым. Ақыңа лақты ешкiмдi ал,— дей бередi. Құлқа оның қолын керi итерiп:


123 — Сол ешкiңдi ертең азама әкеп сойсаң, ырзамын, — дедi де, арқанды лақтырып жiберiп, қараүйге қарай кете барды. Бозғұл кiсiсi ештеңеге түсiнбей, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, екi иығын қиқаң еткiзiп қала бердi. Ертеңiне екi жақ келiсiмге келдi. Күн арқан бойы көтерiле бере арасын жиi қып тоқыған сауытын үстiне киiп, бес қаруын асынып, Құлқа Қаракөкке мiндi. Мейiздей қатып, әбден бабына кеп жараған бәйгi атты ойнақтатып, дулығасы күн сәулесiне жарқырап, ақ найзасын бiлей ұстап, төбе басына шауып шықты. Сосын найзасын жерге шаншып, жан-жағына айбат шеге қарап, жеке-дара тұрды. Шарт бойынша сол төбенi Бозғұлдар коршап тұруға тиiс. Олар айқас үстiнде Құлқаны өлтiрсе де, өздерi өлсе де, ешқандай сұрауы жоқ деп келiскен едi. Бозғұлдардың бiр-екi әулекi жiгiтi: — Өй, сауыт кимек түгел, мауыты қисе де, көрiп алдық, — деп аттарына қамшы басып, сойылдарын дайын ұстап, төбе басына қарай салды. Кешегi Бозғұл кiсiсi әлден-ақ қауiп илеп: — Қап, құритын болдық-ау! Сендерге қоя қой демеп пе едiм, — деп, әркiмге бiр жүгiрiп жүр. Екi-үш жiгiттiң жанына тақап қалғанын көрген Құлқа Қаракөктiң басын шұғыл бұрып ап, оларға қарсы ақыра ұмтылды. Ұзын найзаны аналардан бұрынырақ сiлтеп, алғашқысын ер үстiнен жұлып түсiрдi. Шаңға топ ете қалған оның аты екi көзi аларып, құлындағы дауысы құраққа шығып, бет алдына қашып бердi. Құлқа оған қайрылып жатқан жоқ, осы кезде сойылмен қалқанын даңғыр еткiзiп ұрған екiншi жiгiттi найзамен аш бүйiрден түйреп, әрi аунатып жiбердi. Қаны көйлегiнiң сыртына жылымшылап шыққан бүйiрiн қолымен баса ұстап, содыр жiгiт ойбайлап, ұшып түстi. Үшiншiсi ендi қарсы келуге батпай, атының басын тез бұрып ап, өз тобына қарай қаша берген едi. Құлқа ұран астап, қынабынан исфаһани қайқы қылышын суырып алып, оған қарай тұра ұмтылды. Бұ жолы ол әлгi жiгiттi оң жағына ап, кәнiгi бiр машығымен оң иықтан солға қарай қиялай тарта шабатын ыңғайына қарай икемдей берiп едi, қорқақ неме қатты бақырып жiберiп, атынан ұшып түстi. Дәл осы кезде Құлқаның шапқан қылышы аттың сол құлағына барып тидi. Алмас қылыш сыр етiп, аттың сол құлағын кесiп түстi. Ат шыңғырып жiберiп, алдыңғы екi аяғын жоғары көтерiп, шапшып барып, шалқ ортасынан құлады. Аттың егесi оның астында қалды. Ұрыс әруағы ұстап кеткен Құлқа Қаракөктi әрлi-берлi ойқастатып: — Кәне, қайсың барсың? Жекпе жек! Жекпе жек! — деп саңқ-саңқ еттi. Бозғұлдардың арасынан ендi ешкiм батып, майданға шыға қоймады. Ақыры олар өзара ақылдасып, райларынан қайтып, күн алуға келiстi. Күртебай би, Тайпан және де басқа бес-алты кiсi Әйбек бидiң үстiне саудырап кiрiп келдi. Тiзе бүккесiн, Бозғұл биi Күртебай өз тоқтамын айтты. Сол мезет Әйбек би қатты ақырып: — Кеше кек алам деп, өжеттеп болмап едiңдер. Ендi күштен қорқып, момақанси қалыпсыңдар. Сонда ақылдан қара күштiң артық болғаны ма? Менiң осы кезге дейiн билiктi екi айтып көрген кезiм болған емес. Шартыңа көнiп, ортамнан садағаға байлап, кiсi шығардым. Оны өлтiре алмасаңдар, өздерiң кiнәлiсiңдер. Ендi сен қорықты екен деп, күн беретiн жайым жоқ. Дау осымен бiттi,— деп ол қолын сермедi. Бозғұлдар жұмған ауыздарын аша алмады. Тек ертесiне Мамырай азаматтың артында қалғам балашағасына табыс ет деп, бiр үйiрдей жылқыны Тайпанның жiгiттерiнiң алдына салып берiп, ағайын iшiнде берiш боп қатқалы тұрған шемендi ақылмен ерiтiп жiбердi.

14 Шәки соңғы күндерi шаршайтынды шығарды. Бiр сәт әлдеқандай шаруа бабымен алыс жолдан ат үстiнде қалғып-мүлгiп келе жатып, түтiнi көңiрсiген өз отбасында дем алып жатқанды қатты аңсап кетедi. Бiрақ Ережеп туысының бұған әзiр тiзе бүктiрер түрi жоқ. Кеше оны дауласып жатқан ауылға елеусiздеу барып, не болып, не қойғанын өз көзiңмен көрiп қайт деген. Шәки жоқ қарағанды сылтауратып, сол ауылға соғып, Аспан, Бозғұлдың дауын түгел естiдi. Соны бүгiн келген бойда бiрiн қалдырмай, Ережепке айтып бердi. Атылас көрпенi устiнен ысырып тастап, басы қазандай боп, Ережеп ұйқысын жөндеп аша алмай, манаурап әлi отыр. Ол әдемi қара көзiн сығырайтып: — Солай де, — дедi. — Иә, — дедi Шәки аз-кем батылданып. — Құлқа батыр төбе басына найзасын шаншып тұрғанда, Бозғұлдардың иманы ұшып-ақ кеттi. — Апырмай, ә? — дедi Ережеп не таңданғаны, не кекеткенi белгiсiз дауыспен. — Бәрi рас, — дедi Шәки әңгiмеге елiге түсiп. Ол абайсызда өзiнiң Құлқа батырдың қайратына сүйсiнгенiн жасыра да алмай қалды. — Соның алдында ғана ол құдықтан бiр iнгендi суырып алған едi... — Қойшы?! Иә, ол шал сүйтедi. — Ережеп ыржиып, бұның қуқыл тартқан жүзiне барлай қарады. Шәки тiлiн тiстей қойды. Мырзаның кеше өзiн жауыққан ауылына әлдеқандай ниетпен тыңшы ғып жiбергенi есiне түскенде, мүлдем абдырап, етiгiнiң конышын алақанымен бiр-екi рет сипалады. Ережеп жүзiндегi күлкi табын тез сөндiрiп, қабағына кiрбiң шауып: — Мына Бозғұлдар да алжиын деген екен. Олар жетпiстен асып, қаусаған шал не қиратады деп қорыққан? Азар болса, олардың бiр-екеуiн өлтiрер. Оның есесiне... олар, — деп, шытына қап, сөзiнiң аяғын жұтып тоқтады. Азырақ ойланып отырып, кенет бұған жымия қарады: — Қалай, келiн сағынып қалған жоқ па? — Ол... ендi, — деп Шәки қысылып сала бердi.


124 — Ә, бәлем, ойыңның дәл үстiнен түстiм бе? Жас кезде бәрiмiз де сүйткенбiз. Оның несi айып? Кәзiр үйiңе бар да, келiндi қуант. Сосын түстен кейiн Мiрәлiге бар. Шәки мырзаға қарсы бiрдеңе дей алмады. Бүгiн iшiнен дұрыстап демалармын деген едi. Ендi сол ниетiнiң жүзеге аспайтынын бiлiп, аяғын ауыр алып, үйiне келдi. Шешесi мен Дархан төсектерiнен әлдеқашан тұрып кеткен екен. Бұл жуынып, төрге шығам дегенше, кедей үйдiң азанғы шәйы да дайын болды. Шәки бұқары кесенi қолына ұстап отырып, кенет өзiнiң қатты шаршағанын сездi. Басы iшiне бiреу балқытып қорғасын күйғандай ауырлап, өңiрiне қарай ерiксiз иiлiп кете бередi. Кiрпiгi де желiмделiп қалғандай өз өзiнен iлiнiсе қалған. — Саған бiр тыным болмады ғой. Ұйықтап алсайшы, — дедi шешесi бұған аяй қарап. Шәки Дархан салған төсекке қисая бере, келiншегiнiң жүзiне бiлдiрмей көз тастады. Қайратты келiншек соңғы кездерi қуаты бойына теуiп, толыса түсiп, ажарлана бастаған екен. Жүрiс-тұрысы бұрынғыдан гөрi ауырлай түскендей. Сол арада Шәки Дарханның бiр бүйiрiнiң үрген торсықша бұлтия бастағанып байқап қалды. Лып ете түскен қуаныш оның өн бойын ысытып жiбергендей болды. Iзiнше оның кеуiлi әлденеге өрекпiп сала бердi. Сиыр сәскеге таман күн жанып кеттi. Қараша үйдiң жыртығынан iшке құйыла түскен жарық киiздiң күйген исiн шығарып, iргеден соғып тұрған азғантай лептi ысытып жiбердi. Шәки дүз киiмiн шешiп тастап, борша-борша боп отырып ет жедi. Соңынан жас сорпа iштi. Сосын шәйдан бiр-екi кесе iшiп, ас қайырып, жол жүруге қамдана бастады. Төменгi жақта шәй құйып отырған Дархан қабағын шытып: — Тағы да шаруа ма? — дедi. — Солай боп тұр, — дедi Шәки қипақтап. — Соңғы кездерi... ат белiнен түспейтiн боп кеттiң ғой. Қатын, бала-шағаңның барлығын да ұмытпағайсың. — Ендi... шаруа шығып тұрғасын, — деп Шәки күмiлжи жауап берiп, белiн буынып, керегеде iлулi тұрған қамшысын қолына алды. — Шаруа деп жүрiп, шаруаң бiтiп қалмасын. — Не, не? — Абайла дейiм, — дедi Дархан сабырын шашпай сөйлеп. — Е, неден? — Неденi бар ма? Кәзiр бәле деген аяқ астында емес пе? Ондай iс басына түссе, сенiң сойылыңды соғар кiм бар? Шәки келiншегiне аңтарыла қарады. “Ережеп ше? Мен үнемi соның шаруасын күйттеп жүрген жоқпын ба?” Дархан қайтадан сөйледi: — Қайнағаның айтағына ерем деп, ертең күлкiңдi тыя алмай жүрме. Шәкидiң еркектiк намысы ұстап кеттi. Әсiресе, шешесiнiң көзiнше келiншегiнiң өзiне қарсы тiл қатқаны жанына қатты батып: — Әй, онда сенiң жұмысың қанша? Не iстеп, не қоятынымды мен сенен сұрамайым, — дедi ол даусын көтерiп. Сол арада сабырлы Дархан табан аузында бұрқан-талқан боп, ыссы су толы бұқары құманды сыртқа ала жөнелдi. Жаман сықырлауық есiктi серпе ашты. Бұл Шәкидiң жынына тидi. Аяқ астында ештеңенiң байыбына бармастан, қатты ашуланып, табалдырықтан ендi аттай берген Дарханның ұзын бұрымына жармасып, әлемет бiр қуатпен оны тартып қап, жерге жалп еткiзiп, қолындағы бұзау тiс дойыр қамшысымен қыр арқадан бiр салды. Дархан оң қолын жоғары көтерiп, қорғана берем дегенде, құманның қақпағы ашылып кетiп, ыссы су лақ етiп санына құйылды. Келiншек баж ете қалды. Сол арада шешесi ойбайын сала жүгiрiп кеп: — Өй, жетесiз! Қолың сынғыр! Жазығы жоқ келiнiме қол жұмсап, отбасының берекесiн алғаның не? — деп Шәкидiң қолына жармасты. Шәки қалт тұра қалды. Әбес жасағанын жаңа сезiп, Дарханның көзiнен ыршып-ыршып шыға келген мөлдiр жасты ендi көрiп, қатты ыңғайсызданды. Сонда да еркек намысын аяққа таптатқысы келмей, сыртқа тез шығып, белдеудегi атына ер салды. Тартпаларын тез-тез тартып, үстiне қарғып мiндi. Сосын қатты тебiнiп қап, Мiрәлiнiң ауылы қайдасың деп тартып бердi. Тамыз айының соңғы ыстығы жанып тұр. Кеше ғана мамыр айында көккiмбек боп жатқан жапан дала кәзiр сарғая бастаған. Жантақ, еркектер пiсiп қапты. Ол бiр төбеден асып түскенде, алдынан теңiзше толқып жатқан қалың құланқұйрық ұшырасты. Барлығының сұйық шашақтары иiлiп, күн сәулесiне шағылысып, аз ғана лептiң өзiнен судыр-судыр етедi. Ақ шашақтар бiр-бiрiне тұтаса шалқып кеткенде, дауыл күнгi дария бетiнше құбыла көрiнедi. Шәки соны қақ жара жүрiп келедi. Кенет оның көзiне мына қалың құланқұйрық дария сықылды боп көрiнiп кеттi. Ойына әлденеге: “Келмейдi Сырдың суы сирағымнан”, — деген өлеңнiң бас жағы түстi. Сосын қалт тоқтай қалды. “Шынында да, солай ма? — дедi өзiне-өзi. — Мырзаға арқа тiремесем, тiрiде осылай шапқылап, ат белiнде жүре алам ба? Бәрi де Ережептiң арқасы емес пе? Ал, егер ол... күнi ертең бұдан жерiп шыға келсе... Иә, сонда қалай күн көрем? Мына құланқұйрықтар құсап, соққан желдiң ығын алып, тiршiлiк етем бе? Әлде, әлде...”— Шәки әлденеге кеуiлi қобалжып, ықылассыз, iлби жүрiп отырып, солбырайған қалпы Мiрәлiнiң қараүйiнiң жанына кеп, ат басын iрiктi. Мiрәлi ауылы бұрынғы жердiң оты таусылғасын, әлi жас көгiн мал тұяғы таптай қоймаған жаңа жұртқа аударылып қонған екен. Жиырма шақты ақ үзiктi үй алқа қотан болып тiгiлiптi. Жан-жақтан жас шөптiң, көлтабанның иiсi араласа шығады. Майда дымқыл леп бетке жайлы тиедi. Шәки атын белдеуге байлап, ендi қозғала бергенде, басына киген күндыз бөркiнiң үкiсi шайқалақтай, шашына бiрге өрген шолпысы сылдырлап, Зағипа ақ отаудан шыға келдi. Оның талдырмаш белiн қынай барып


125 төмен қарай түскен ақ жiбек көйлегi бар денесiне құйып қойғандай екен. Өзi қара торының әдемiсi. Аздап шешесiне тартып, ақ жарқын боп өскен. Қыз қара көзiн бiр жарқ еткiзе қарап, мұнымен сыпайы сәлемдестi. Шәки Зағипаның бұлайша қыз салтанатын құрып, сәуiрдегi қызғалдақша бүр ашқанынан хабарсызтын. Әсiресе, зерлi масаты көкiрекшенi кере тепкен қос омырауына көзi түсiп кеткенде, бұл не iстерiн бiлмедi. Зағипа жiгiттiң кеуiлiне шайтан кiргiзгенiне ырза болғандай, күле қарап: — Сен немене келiншек алам деп, сәлемдесуден де қалғансың ба? — дедi. — Неге, — дедi Шәки апалақтап. — Жәй, әшейiн. — Е, солай де. Дегенмен байқа, — дедi де, Зағипа сыңқылдай күлiп, жүре бердi. Шәки үйге кiрiп, Мiрәлiмен сәлемдестi. Мұны көрген бойда Мiрәлi әлденеге түнерiп: — Мына... Дадабек иттiң тойымы жоқ екен. Кеше соның айтқанын қылам деп, Сәндiбектiң аулын шауып, ағайынның өкпесiне қалып ем, ендi кеп, ол... — деп ол сөзiнiң аяғын жұтып, күмiлжiп, мiңгiрледеi. — Не ол сонда? — Ойбай, оның iж айтары жоқ, — деп, Мiрәлi қолын түңiле сермедi. — Сонда не қылмадың дейдi? — Ойында дәнеме жоқ Шәки оған күле қарады. — Әйтеуiр, қойныңдағы қатыныңды бер демейтiн шығар? — Ойбай, ендi аздасын, сүйдейтiн де шығар бұ сарт. Өзi ауышып кеткен бе қалай? Құдайдың құтты күнi қойныма қыз әкеп сал деп, миымды әбдән ашытып... бiттi. Мұны естiген Шәки: — Қойшы! — деп, шыныменен шошып кеттi. — Рас, рас. — Сонда.. оның қойнына қыз салып берiп, бiздi немене қара басты дей ме? — Қара басса, басатын шығар. Басқа iстейтiн не лаж бар? Оған ететiн амалың қайсы? Қашанда көп қорқытқан, терең батырған, — дедi Мiрәлi шарасыз бiр халын аңғартып, қолын екi жаққа жайып тұрып. — Ау, үйтсең... ертең елдiң бетiне қалай қарайсың? — Әй, қойшы... сол елiңдi! Шiл боғындай бытырап, бiр-бiрiн тiрiдей түтiп жеуге даяр тұрған осы да ел ме? — деп Мiрәлi қыржия қалды. — Қазақ қашан өзiне-өзi қожа болған? Кеше оны маңғұл биледi. Бүгiн Хиуа сұрап отыр. Ертең... ақ патша... — Қой, неге... — Әй, баламысың деген. Осыншама саудагерi мен жансызын жiберiп отырғанда, ақ патша немене мына екеумiздiң қамымызды жеп отыр дейсiң бе? Оның пиғылы белгiлi ғой. Оның көкейiн тесiп тұрған алдыңдағы малың мен далиып жатқан жерiң емес пе? — дедi Мiрәлi бәрiн алдын ала көрiп-бiлiп отырғандай нық сөйлеп. — Ау, сонда бiз кәйтемiз? — Оны кезiнде көремiз. Азар болса, шоқындырар. Қой, ойбай! Әлден сарыуайым жеп бiздiкi не осы? Онан да, — деп, Мiрәлi ендi сыбырлай сөйледi. — Бүгiн кешке Тұрғалиға барамыз. — Ау, онда не бар? — дедi Шәки ойына ештеме алмай. — Не болсын, ашылмаған уызын iшiп, жарылмаған қауынын жеп қайтамыз, — деп, Мiрәлi қатты қарқылдай күлiп, артындағы күс жастыққа қисая кеттi. Бiр сұмдықтың боларын айтпай сезген Шәкидiң төбе шашы тiк тұрды. Iзiнше өзiнiң мына ағайындарынан бұйда үзiп, жырылып шыға алмасын бiлiп, үнсiз отырып қалды.

15 Қауын пiсiк басталғалы Тұрғалидың тиышы кеттi. Бiр күн артын басып, үйiнде жайланып отырмады. Қашаннан кәнiгi диқан кiсi бойына жиған нәрлi шiресi бойына сыймай, түн баласында әдемi жұпар иiсiн таратып, қарс-қарс айрылып жатқан қауындарды дер кезiнде жинап алуды көздеп, өз абызындағы адамдарға тiзе бүктiрмей жүр. Оның мұнысына шатақтау, шапыраш көздi iнiсi Ерғали наразы. Ол пәлектен үзiп ап, қауындарды атыз жиегiне тасыған сайын, әлдене деп күңкiлдеп қояды. Өзi еңбекке қырсыз. Сонда ана Ережептей мыңғырған малы жоқ ол қатын, бала-шағасын қалай асыраймын дейдi екен? Оның есесiне Ерғали қарақшылық жайлы алыпқашты дақпырты көп сөзге ауаланып, күдды өзi бiр қазақтықта жүргендей қоқиланып бiтедi. Ол маңдай терiне жалынғанды бишаралық көредi. Тұрғали әлге дейiн бiр кiндiктен тараған iнiсiнiң кiмге тартып туғанына түсiнбейдi. Әкесi пақыр өмiр бойы осы жер жыртып, бар ризығын қос қолымен өсiрген дақылдан алумен өттi. Өзi де әлi сол жолмен келе жатыр. Оның осы диқаншылығын қатыны да қош көрмейдi. Қырда өскен шаруаның қызы қорасына бiр-екi жандық айналғалы ел қатарлы жайлауға көшiп, күн көрейiк те деп, көптен берi қыңқылдап жүр. Мұның сөзiн сөйлейтiн қызы Зәуреш қана. Бүгiн күн тағы да жанып кеттi. Басына қызыл орамал тартқан Зәуреш бiр қап қауынды арқасына лақтыра сап, жалаңаяқ қалпы атыздың жиегiне қарай жөнеле бердi. *** Ерғали бүгiн де қашанғы дағдысына басып, күдды айналып қалғандай көрiп, қолымен белiн таянып тұр. Ау-тауық маңдайынан аққан терiн сүртiп қояды.


126 — Уһ, мына... белi құрғыр айналып қалыпты ғой. — Ол ләм-мим демеген ағасына қарады.— Кеше Бозғұлдар дауда жеңiлiп қапты дейдi ғой. — Е,— дей салды Тұрғали. Сүйттi де өз шаруасымен бола бердi. — Кiсiсi өлiп — бiр, даудан — жеңiлiп екi, өздерi әбден хас масқара болыпты. — Арамнан мал жиғысы келгендер сүйтпей кәйтушi едi? — деп, бiр пәлектiң артық сабағын үзiп жатқан Тұрғали күңк ете қалды. — Арам болсын, адам болсын, Тайпанның аузынан ақ май ағып отырған жоқ па? Оны жер шұқыған бiздер деймiсiң? — деп, Ерғали осы тұста кеуiлiнде жатқан наразылығын бiлдiрiп өттi. — Е, жер шұқыған соншалықты айып па екен? — Айып-сайыбын кiм бiлiптi. Менiң аңғарғаным, — қолынан iс келетiндер, мал бағады, ұрлық қылады, жұрттан дүниясын тартып алады. Әйтеуiр, есебiн тауып байиды. Ал мынау деген дәрменсiздiк қана. Әрi бұл қазаққа қол шаруа емес. — Сонда қазаққа ыңғайлы кәсiп не? — Не болсын? Хан жайлауда қымыз iшiп, мал бағып жатқанға не жетсiн?! — Өйдөйт деген! — Тұрғали iнiсiн қыжырта күлдi. — Содан қазақ ұшпаққа шығар болса, баяғыдаақ шықпас па едi? Ондай сенiмсiз байлықтың ақыры бiр жұт емес пе? — Ол рас. Бiрақ... бiр жыл қуаңшылық боп, егiнi шықпай қалса, диқандар да аш қалмай ма? — А-а? — деп Тұрғали аузына жөндем сөз түспей, кекештенiп қалды. — Онан да, аға-ау, өзiңе мал бiтпегенсiн, лажсыздан жер шұқылап жүрмiн деп, анығын айтпайсың ба? — деп, Ерғали қауын салынған қапқа қарай қолын соза бердi. *** Бүгiн әйелдер жертөле жанындағы бақандарға тiлiнген қауыншектi салбырата асып жатқан едi. Олардың ендi бiреулерi қауынқақ қайнатып әлек. Зәуреш оларға қауын тасып әуре. Оның жанында бiрбiр қарбыз көтерген балалар шапқылап, бiр-бiрiмен алысып ойнап, мәре-сәре боп жүр. Тұрғали бидай, тары өскен атыздарды шолып қайтты. Биыл егiс бiтiк. Бұл соны торғай мен шегiрткеден қорып, күн-түнi маза көрмей жүр. Өз ойынша, ертеңдерi орақты бастап жiберуге әбден болады. Күн қыза көршi Нарман ауылынан Қалмырза келдi. Ол жаман атының аяғын тарлау етiп тұсап жiберiп, егiстiң басына келгесiн, Тұрғалимен амандасып тұрып: — Бақшалық жақсы екен, — деп қойды. — Ендi... ол өзi... — дедi ырымшылдау Тұрғали мiңгiрлеп. — Әкең қалай, пақуатты ма? — Сосын ол әйдiк тарғыл қарбызды алып, үлкен пышақпен жара бастады. — Шүкiршiлiк. — Қалмырза ернiн жыбырлатты да қойды. Ол анадағы Мiрәлiмен болған шатақтан соң, әкесiне қарны ашып, еш нәрсеге кұлықсыз боп жүрген едi. — Малға үйренген кiсiге жатақ болу оңай тимейдi-ау, — деп, Тұрғали iрi тiстерiн ақсита күлдi. — Кәне, қарбыздан ал, шөлдеген шығарсың. Қалмырза нарттай қызыл қарбыздың бiр кесегiн аузына салып едi, шекердей тәттi дәм тiлiн үйiрiп, былбырай ерiп жүре бердi. Ол екiншi кесекке қол созды. Сол арада бүгiнгi бiр әңгiме есiне түстi. Бағана уақ жандықты өрiске ұзатып сап, дария жағасын жайлап отырған балықшы қотыраш Медеубайға соққан-ды. Қарма жеп отырып, Медеубайдың тосын әңгiмесiн тыңдаған. Оның айтуынша, түнде Мiрәлi бастаған он шақты жiгiт мұның салымен дариядан бергi бетке өтiптi. Медеубай жiгiттердiң күбiр-сыбырынан Мiрәлiнiң Дадабектiң қойнына салып берер қыз iздеп шыққанын естiп қалыпты. Соны естiген бойда Қалмырзаның тұла бойы тiтiренiп кеткен-дi. Ол үйiне келген бойда қарындасы Ағлестiң бетiне қара күйе жақтырып, үстiне күңдердiң жаман-жұман киiмiн киiндiрiп, оны кiсi көзi түсе қоймас, құрт жаятын күркеге қаматқан едi. Сосын ол Тұрғалиды сақтандырмақ боп келген болатын. Осы кезде бұлардың жандарынан Зәуреш өте бердi. Кенет мұны көрiп, ол өзiнiң бой жеткен қыз екенi есiне түскендей, кенеттен нарттай қызарып сала бердi де, көстеңдеген жалаң аяғын ұлпа топырақтың iшiне көмiп жiбердi. Қалмырза оған бiр сәтке туралап көз тастады. Қара жұмыс iстегесiн бе, Зәурештiң мүше-мүшесi салаланып, аяқ-қолы тертедей боп, көзге түсе бастаған екен. Өзiнiң көкiрек қуысы тарлау, бiрақ жамбас тұсы кең. Күн жеп, өңiн қашыра бастаған көнетоз бөз көйлектi керiп, қоңды нардың өркешiнше тырсия қалған бөксесi жас тәннiң уылжи пiсiп қалған ыңғайын анық байқататын сияқты. Қалмырза оған әлденеге аңсары ауа қарады да, кенет Тұрғалидың қасында тұрғандығы есiне түсiп, көзiн тез тайдырып әкеттi. — Ауылыңда не жаңалық бар? — дедi Тұрғали оны аңғармаған боп. — Пәлендей айта қаларлық iждеме жоқ. Тек... — Қалмырза тамағын кенедi. — Мiрәлi жақында қолайсыздау бiр шаруа бастапты дейдi... — Ана... қайын атаң ба?— деп Тұрғали оқыс күлiп жiбердi. — Ия, сол. — О не екен сонда? — Айтуға ауыз бармайды. Оны Дадабек кеуiлдестiккке қазақтан қыз тауып бер деп, қысып жатқан көрiнедi. Ол кеше дайрадан бергi бетке өтiптi. — Қойшы?! — деп Тұрғали шошып кеттi. Сол арада қызы есiне түскендей, жан-жағына апалақтай қарады. — Зәурешжан, осы тасығаның да жетер. Ана шешеңнiң жанында болшы. Қалмырза жардай боп кетiп бара жатқан Зәурештiң iзiнен бiр қарады. — Жаман айтпай, жақсы жоқ, Тұреке, соны ескерткелi келiп ем.


127 Анадай жерде қауын-қарбыз жұлып жатқан Ерғали бұлардың сөздерiн анық естiген едi. Ол қауынқарбызды жұлғанын қоя сап, екеуiнiң жанына тақап келдi. Көзi шапыраштанып тұрып: — Бүйтiп жаман Мiрәлiнiң кiмдi басынғысы келгенi, а? Жаман сартқа өз қызын апарып берсiн, — деп, түйеден түскендей дүңк ете түстi. Тұрғали ыңғайсызданып қалды. Iшiнен: “Өй, келеңсiз! Зағипа мынаның қалыңдығы екенiн бiлмей ме?” — дедi де: — Қой, үйдеме. Оны қай бiр жетiскенiнен iстеп жүр дейсiң? Бұ да бiр шарасыздың күнi де, — дедi. — Сонда да... сақ болған жөн, — дедi Қалмырза жүзi сәл-пәл күреңiте түсiп. — Осыдан келiп көрсiн, кеңiрдегiн суырып, қолына берейiн, — деп, Ерғали қоқилана сөйледi. Сүйткенше болмады, жертөле жақтан бiр жаман дауыс шықты. Бұлар жалт-жалт қараса, ауыл сыртындағы иек артпа төбеден он шақты салт атты жертөлелерге қарай құйғытып шауып келедi екен. Бiр сұмдықтың боларын айтпай сезген Қалмырза Тұрғалидың жанында жатқан кетпендi сабынан сығымдай ұстап, орнынан ұшып түрегелдi. Ерғали болса, қолына iлiккен бiр жуан таяқты ала сап, ауыл жаққа қарай тұра жугiрдi. Қалғандары да солай қарай тұра-тұра жүгiрiстi. Осы кезде шешесiнiң жанында қауын тiлiп отырған Зәуреш тез зып етiп жертөлеге кiрiп кеттi. Шауып келе жатқандарды көрiп, әйелдер ойбайлап, балалар бақырып, иттер әупiлдесе үрiп, тиыш тұрған жағалық дем арасында ызы-шу болды да кеттi. Қалмырзалар жертөле жанына аттылардан бұрын жеттi. Үшеуi шеп құрып, жертөленi қалқалап тұра-тұра қалысты. Бәрi де кетпен, сойылдарын оңтайлап ұстап, неден болса да тайынбасқа бекiнгендей. Мiрәлi оларға жеткеннен соң, қызба жiгiттердi iрiктi де, өзi атын тебiнiп қап, iлгерi шықты. — Әй, Мiрәлi, саған не керек? — дедi Тұрғали тiл қатып. Онысы тiлге келсе, қантөгiс болмас дегендiк едi. Мiрәлi жүзiнен зәрiн төге: — Бiзге керегi — қызың, — дедi. — Е, неге? — Қарай гөр, мына жаман неге дейдi? — деп, Мiрәлi өзiнiң сыртында қаптап тұрған жiгiттерiне қарап иек қақты. Олар дарақы бiр күлкiге басты. — Оның iж негесi жоқ. Дадабекбек сенiң қызыңды алып кел деп бұйырды. Мен мәнтай-шәнтайды бiлмейiм. Қызыңды берсең — қолыңнан, бермесең — жолыңнан. Кәйтсек те аламыз. Сосын... немене оны Дадабек асқабаққа салады деймiсiң... Ертең оны... тиесiлi сый-сияпатын берiп, әкеп тастайды. Тұрғалидың жүзi қап-қара боп кеттi. Не дерiн бiлмеген ол тұттығып, кекештене қап: — Әй, Мiрәлi, ұялмай-қызармай не деп тұрсың? Өзiң де ұл өсiрiп, қыз өсiрiп отқан жоқпысың? Мынадай әбiрейсiз iске... қалай ұялмай араласпақсың? — дедi. — Әй, ол мәмiлеңдi басыңа шайнап жақ. — Мiрәлi артына қарап, қолын сiлтедi. — Кәне, жiгiттер, болыңдар! Мына қу кедеймен бас ауыртып тұрамыз ба осылай? Тез қаптаңдар! Соны күтiп тұрғандай, әпербақан жiгiттер үшеуiне лап қойды. Қалмырза мен Ерғали бiр-бiрiне арқа түйiстiре қорғанды. Олар өздерiне жақындай берген жiгiттердiң аттарының танауларына сойылдарымен соққылап, маңдарына жақындатпады. — Жаяулап қаптаңдар! — дедi Мiрәлi қатты айқайлап. Бай ауылының жiгiттерi аттарынан дереу сыпырылып түсе қап, тiзгiндерiн бiр жiгiтке ұстата сап, шайқасқа ендi шындап кiрiстi. Кiжiне сермелген сойылдар бiр-бiрiне соқтығысып, сарт-сарт ете қалғанда, шәргез Тұрғалидың иманы ұшып кеттi. Ол басын қолымен қорғаштап, жертөленiң жаман есiгiн тез ашып, iшке зып бердi. Қалмырза мына әңгi жiгiттерге өздерiнiң шамаларының жетпейтiнiн бiлдi. Ол сонда да кетпендi оңды-солды сермеп жүрiп, жанындағы Ерғалидың құлағына: — Сендер жертөлеге кiрiп ап қорғаныңдар. Мен... кәзiр, — деп сыбыр еттi. Ерғали бұның жүзiне шапыраш көзiмен жалт қарады да, түсiнгендей басын изеп, дереу жертөлеге кiре бердi. Осы кезде Қалмырза қатты ақырып қап, қылпып тұрған кетпеннiң өткiр жүзiн күн сәулесiне шағылыстыра жоғары көтерiп ап, анталаған жiгiттерге қарай тұра ұмтылды. — Өлгiлерiң келмесе, былай тұрыңдар! — деп, алға қарай бiр-екi қадам басты. Сол екен, жанын шүберекке түйген алпамсадай қараша жiгiттiң жау түсiрер мына түрiнен қаймығып, әпербақан жiгiттер ығысып, керi серпiле бердi. Осы сәттi күткен Қалмырза тез жолбарысша ытқып барып, оң жақта әлденеге әңкiлдеп, бұйрық берiп тұрған Мiрәлiнiң атының артына қарғып мiндi. Мiнген бойда оны жерге ат үстiнен аударып тастап, айқай-ұйқайдан тұяғы қозып, елiрiп тұрған атты қатты тебiнiп қалды. Ат ала жөнелдi. Қалмырза бiрден ат басын бұйратты жазыққа қарай бұра бердi. — Қап, мынау иттiң қорлығы-ай! — деп, Мiрәлi жерден үстi-басы шаң-шаң боп ұшып түрегеле сала, Қалмырзаны бiр боқтады. Өзi түрi қап-қара боп, ашуға булығып тұрып, жiгiттерiне туралап қарай да алмады. Бiрақ ендi сәл кiдiрсе, жазық мына iсiнiң артының оңбайтынын бiлiп, Шәкиге жалт бұрылып: — Бол тез... ана қызды жертөледен сүйреп шық! — деп ақырды. Шәки iске кұлыққыз кiрiстi. Ол жiгiттердi бастап, сойылдарын оңтайлай ұстап, жертөленiң есiгiне жақын келдi. Бұл кезде Ерғали есiктi iшiнен сыртқа қарай итерiп тұрған едi. Бұлар жабылып, есiктi қатты итерiп қалғанда, тақтайы тозған жаман есiк iшiне қарай топсасымен қоса опырылып түстi. Онымен бiрге итерген екпiндерiн баса алмай қалған бiр-екi жiгiт iшке қарай бiрiнiң үстiне бiрi баса құлап түстi. Сол сәтте Тұрғали мен Ерғали таяқтарымен оларды бастарына сарт-сарт еткiзiп, бiр-бiр ұрып үлгердi. Соққы тиген бiр жiгiт қатты бақырып жiберiп, аяқтарын қатты серпiп, бiр аунап түстi. Оны көрген қалғандары дереу беттерiн от шарпығандай керi серпiлдi. Сырт жақта Мiрәлi:


128 — Өй, әкелерiңнiң тап ауыздарын! Сол жаман немеден корқып! Кәне, болыңдар, — деп, жыны қозып, шәңкiлдеп тұр. Жiгiттер амалсыздан тағы да жертөленiң iшiне қарай ұмтылды. Бұ жолы жақын келген олардың екi жiгiтi қатты соққыдан есiк аузында ұшып түстi. Қалғандары керi шегiнiп кеттi. Олар сыртта жаңқылдасып бiраз тұрды. Аздан кейiн олар үшiншi рет жертөленiң аузына қарай ұмтылды. Бұл кезде есiктiң қыр көзiнде тұрып алған Ерғали ешкiмдi iшке жолатпады. Ол бұларды боқтап, айқайлап, есiктiң аузына жақындап келе берген бiр жiгiттi қылпып тұрған шаппашотпен қақ басына бiр қойып, қара қанын шығара басын жарып, жерге сұлатып түсiрдi. Соны көрген басқалары ендi жақындауға беттемей, анадай жерде сексиiп, тұра-тұра қалысты. Мiрәлi ендi қәһарға мiнiп: — Ендеше бар ғой жертөленi өртеңдер! Жаман Қаракесек қыз-пызымен бiрге шоқ болсын, — деп бұйырды. Бiрнеше аусар жiгiт жүгiрiп барып, анадай жерде атыз жиегiнде үюлi жатқан ақ сабанды құшақтапқұшақтап әкеп, жертөленiң үстiне тастай бастады. Сабан бiраз үйiлгесiн, Мiрәлi қалтасынан шақпақ шығарып, мақта бiлтесiнiң үстiн қырнай, екi тасты бiр-бiрiне соғып-соғып қалды. Сол сәт қызыл ұшқын шашырай шығып, бiлте пышырлап, лып етiп тұтанды. Ол кiшкене сарғыш тiлдi жалынға айналғанда, бiлтенi Мiрәлi отын үстiне лақтырып жiбердi. Әп-сәтте қу сабан күл өңдене қарайып барып, кенет лап ете қалды да, артынша лаулап жана жөнелдi. Түтiн исiн сезген iштегi кiсiлер: — Өртендiк! — Ойбай, құрыдық! — Қырылдық! — десiп шуылдап, бiр әбiгерге түстi де қалды. Ерғали есiк алдында ащы түтiндi қақала жұтып тұрып, iлгерi ұмтылған аға-жеңгесiн сыртқа шығармады. Бiрақ осы кезде өзi гүрлей жанған от қызуына шыдамай, көзi удай ашып, тұншыға бастады да, жан ұшырған аға-жеңгесiн ұстап үлгере алмады. Жеңгесi көйлегiнiң етегi далақтап, сыртқа шыға бергенде, Тұрғали да оның соңынан қуып жетiп қалған едi. Әпербақан жiгiттер ағасын басына сойылмен бiр қойып, жалпасынан түсiрдi. Қайтадан тұра берген Тұрғалидың үстiне соққы қайтадан жауып кеттi. Мiрәлi оны жағасынан ұстай ап, сүйрелеп, әрi апарды да, қайқы тұмсық етiгiмен басқакөзге қара-май былшылдатып тебе бастады. Күйеуiне ара түсе берген қатынды қамшысымен бiр салып, басын жарды. — Құдай-ау, саған не жаздық?! — деп барқыраған жеңгесiн бiр жiгiт шашынан сүйрелеп, қораның тасасына алып кеттi. Соны көрiп, Ерғали не iстерiн бiлмей, қолы қалтырап, қысқа шаппашотын сығымдап ұстай бердi. Осы кезде жертөленiң төбесiне жабылған қу сақ пышырлай жанып, соққан желмен ұйтқи түсiп, гүрлей жөнелген де едi. Жертөле iшi ыстық. Оның үстiне будақтаған ащы түтiн көз аштырмай, тынысты тарылтып барады. Сол арада Ерғали жан далбасалап, керi қарап едi, қолына бағана қауын тiлiп отырған ұзын пышақты қыса ұстаған Зәурештi көрдi. Оның мына түрi неге болса да қайыл сықылды. — Ендi нағылдық? — дедi Ерғали сасқалақтап. — Бүйтiп өртенiп өлгенше, одан да... ұрысып өлейiк те, — дедi Зәуреш айқайлай сөйлеп. — О да дұрыс шығар, — деп, Ерғали дереу шаппашотты белбеуiне сабынан қыстыра салды да, еңкейiп барып, бағанағы сойылын қолына ұстады. Сосын: — Кәне, кеттiк! Менi қалқалап жүр! Ретi келсе, дайраға қарай қаш! — деп, ол түрi қап-қара боп, сыртқа шыға бердi. Сол арада сарт ете қалған бiр сойылды сойылымен қағып үлгердi. Бiрақ екiншi бiреуi жақын кеп қалған екен. Оның соққысынан бұғып үлгiре алмай қалды. Сойыл оң самайына тиiп, ол жел соққан терекше теңселiп кеттi. Сонда да құламай, еңкейген бойын тiктей берем дегенде, үшiншi соққы оны жерге алып ұрды. Осы кезде iштен Зәуреш мысықша атқып шыққан едi. Отқа күйген шашы, кiрпiгi, бетi қап-қара. Оның үстiне шоқ тиген көйлегi лапылдап, жалын кеудесiне қарай өрлеп бара жатқан едi. Қолындағы әйдiк пышақтың жүзi от сәулесiне шағылысып, қызғыш тарта көрiнедi. Ол тiсi ақсиып, жаман дауыспен бажылдап, iлгерi қарай ұмтылды. Жанып бара жатқан қызды көрiп, жiгiттер шошып қап, керi серпiлдi. Зәуреш жаны ышқынып, көйлегi лапылдаған күйi дарияға қарай тұра жүгiрдi. Әлемет жалын денесiн қарып, дыз-дыз етiп күйдiрiп барады. Кеше ғана алапат қызу тiлеген тәнiнiң бар нәпсiсiн әбден қандырғысы келгендей от тiлi тұла бойын ысыта жалап, қойны-қонышын кеулеп те алған. Қарсы алдынан кенеттен есе жөнелген әлдеқандай ыссы желден шалқи жанып, кеуде тұсын шарпып, иегiне жақындап та қалды. Қыздың басы айналып, көзi қарауытып кеттi. Табанына тақ-тақ тиiп жатқан уақ тастардың батқанын емiс-емiс сездi. Осы бiр қарбалас үстiнде ол ажалдан қорғанғысы келгендей қолымен көйлегiнiң етегiне жармаса бередi. Бiрақ екi санына жабысып қалған шүберек оңайлықпен ажырасар емес. Зәурештiң мұрнына өз етiнiң күйген көңiрсiк бiр иiсi келiп, басы айналып, кеудесi тарылып, бiр түрлi құсық қысқандай болды. Бiреу балғамен ұрып жатқандай қос шекесi зыңқ-зыңқ етедi. Алас-қапаста: “Шыныменен, өлгенiм бе?» — деп ойлады. Бiр сәтте иманы ұшып кеттi. Iзiнше кеше ғана өзiнiң жас тән қуатына шыдамай, кеудесiне түскен көрпенi қатты-қатты қысып, әлдеқандай тәттi, удай тосын нәрдi аңсағаны, ер жiгiттiң тер аңқыған жүн-жүн төсiн қалағаны, тұла бойында ойнақ салған нәпсi уытын жанының жалынымен басқысы келгенi көз алдына сиқырлы елестей жалт-жалт етiп өте шықты. Демде көзiне жас тiрелгендей болды. Әлi құрып, тiзесi кiлт-кiлт етiп, жан екпiнiмен Сырдың тiк жағасына жақындап барды. Еңкейе бере бұл араның құрдым, терең иiрiм, дарияның iшке қарай сұғына түскен жарлауыт иiнiн орап өтер, ағысы қатты тұсы екенiн емiс-емiс сездi. Бiрақ өне бойын өртеп бара жатқан лапылға шыдай алмай, жар басынан төмен қарай бiр-ақ қарғыды. Екпiнiмен соққан лептен лапылдап бара жатып, төменгi жақтан жанына жайлы тиген дымқыл ығал исiн сездi. Суға барып шолп ете қалғанда, быж-быж еткен дыбысты анық есiттi. Iзiнше қара күңгiрт бiр жаққа батып, тынысы тарылып, тұншыға бастады. Дереу жан дәрмен деп алас ұра қимылдады. Су бетiне қалқып шыққанында барып, есiрiк санасына қиын-қыстау сәттiң шын туғаны анық жеттi. Дереу қайрат қып,


129 қарулы қыз жағаға қарай құлаш ұра бастады. Бiрақ қатты ағыс дарияның ортасына қарай ағызып ала жөнелдi. Мұның бағына қарай, ортасы тесiле шұқырайып жатқан иiрiмнiң жанынан қол созымдай жерден өте шықты. Ашық айдынға шыққасын барып, сарқыраған ағыстың пәтi баяулайын дедi. Зәуреш ендi соңғы күшiн салып, жағаға қарай құлаш ұрды. Ол қолын ауанымен сермеп, ырс-ырс етiп жүзiп келедi. Ара-арасында көзi қарауытып кетiп, жер-дүния бұлдырап сала бередi. Ондайда кеудесi қысылып, кеулi өрекпiп кетiп, дереу басын шайқап-шайқап алып, асығыс құлаш ұрады. Ол өлдiмталдым дегенде барып жағаға жақындады. Ендi аз қалғанда қол созымдай жер жеткiзiп болмады. Күйген аяғының сiңiрi тартылып, еркiн қимылдатар емес. Ақыры бақайының ұшы сусымалы қайыр топыраққа тиген сықылданды. Зәуреш ендi қатты ұмтылып барып, қайтадан аяғын нықтап басты. Осы жолы бой бар екен, ол қайыр топыраққа екi аяғы тигесiн, бiр-екi рет ұмтылып, жағаға тақап келдi. Сол арада басы айналып кеттi. Содан қанша уақыт өткенiн бiлмейдi, бiр кезде барып есiн жиса, — жағадағы тайыз суда шалқасынан жатыр екен. Дереу қыз ұяты есiне түсiп, қолымен жер тiреп, орнынан тұра бердi. Тұманданған көзiмен тас төбесiнен төңкерiлiп тұрған аспанды, Сырды, кең дүнияны көрдi. Мына жарық дүнияның, тiршiлiктiң қаншалықты қымбат екендiгiн алғаш рет сезiп, бағанадан берi қанына қарайып алған қыз қос қолымен бетiн басып, еңiреп жылап жiбердi... *** Бұл кезде ызаланған Мiрәлiнiң жiгiттерi егiстiктi аттарының тұяқтарымен тапап, қауын-қарбыздың пәлектерiн үзiп, әңкi-тәңкiсiн шығарып жүр едi. Қалмырза бастаған бiр топ кiсiнiң өздерiне қарай жаяу-жалпылап жүгiрiп келе жатқанын Мiрәлi елден бұрын көрдi. Ол ендi айналмай, жiгiттерiн аттарына қондырып, қырға қарай сызып шыға бердi. *** Басынан аққан қанды тыймақ боп, киiз күйдiрiп басқан Тұрғали жас балаша еңкiлдеп, көзiнен жасы сорғалап, кенет батып бара жатқан күнге қарай қалтыраған қос қолын созып: — Уа, қу құдай, әгәрдә бар болсаң, мына залымның сазайып тартқыз! Маған iстегенiн қатын, балашағасының алдына келтiр! — деп жаман дауыспен лағынат айтты. 16 Дадабек тас-талқан болды. Алдына қолын қусырып, бас иiп, мүләйiмсiп барған Мiрәлiнi қолындағы қамшысымен қақ басқа салып-салып жiбердi. Мiрәлi жасқанып, қолымен басын қорғаштады. Сонда да қамшы ұшы оң жақ самайына тиiп кетiп, көгерте iз салып өттi. — Екiншiгәрi қызсыз келме! Үйтсең... құртам, — дедi Дадабек қалың қабағы сұстана қабарып, зiркiлдеп. Мiрәлi кiнәсiн жуып-шайғысы келгендей, кенет жаман дауыспен шарылдап: — Тақсыр, әкелмейiн деп жүрген мен жоқ. Қазақлар қызын бермейдi, — дедi құдды өзi қазақ еместей жұртты кiнәлай сөйлеп. — Неге? Мааған ба? — Дадабек бас бармағымен өз кеудесiн өзi нұқып көрсеттi. — Иә, — дей берiп, Мiрәлi тұттыға: — Жо, жоқ, қадырданды бек,— дедi. — Олар бермейiн демейдi-ау. Байқауымша, оларды азғырып жүрген... — О кiм? Айт, кәне? — Тақсыр, менiңше... — Мiрәлi оған екi ойлы боп қарады. — Осы елде Хиуа ханына қарсы үкiт тарататын кiсiлер бар. — О кiм? Айтшы, өзiн жерге қазық қылып қағып жiберейiн!— дедi Дадабек қап-қара боп. — Ол... ол... Жәнiбек, тақсыр. Ол Бұхарда оқыған, Насрулла әмiрге iш тартады. Аллатағалам барша бәндадан артық етiп жаратқан ұлы хан Мұхәммәд-Инақтың кұзырына бой сұнғысы келмейдi. — Со-ола-ай де. — Жақында оның Құлқа деген туысы орыс керуенiн Бұқарға бастап барып келдi. Оның ойы белгiлi. Өзiне сардарлық тимегесiн, Бұқар әмiрiнiң панасын сұрамақ. — Ол өзi... кәзiр қайда? — Қожанияз бекiнiсiнде жүр, — деп Мiрәлi Дадабектiң сырын сыртына шашпас жылтыр зерең жүзiне барлай қарады. — Е, солай де, — дедi Дадабек бiр сөзiн қайталай айтып. Оның есiне анада Жәнiбектiң бас уәзiр Ядгарбекпен салған жерден шүйiркелесе кеткенi түстi. Ядгарбектi iшi алмайтын Дадабек Жәнiбектен сонда-ақ күйген терiше жиырылған. “Ендi... ретi кеп тұрғанда”, — деп ойлап, ол дауысын созып: — Менiң естуiмше, Жәнiбек Хиуа ханына бек мойынсұнған секiлдi. Сен осы...былай... жала жауып тұрғаннан саумысың? — деп, түсiн суытып, оған көзiн сығырайта қарады. Мiрәлiнiң жүзi ду ете қалды. Ол iзiнше бойын тез жиып: — Жоқ, тақсыр, құдай бiрiн жалған қылмасын, айтқанымның бәрi шындық. Ол Аспандардың бөлiп әкетiп, Бұхара әмiрiне сардар болуды ойлап жүр, — деп, бұған тақыр құйқасын көрсете басын идi. Мiрәлiнiң тақыр желкесiне қарап тұрып, Дадабектiң әлденеге күлкiсi келдi. Әсiресе, қара күш пен лауазымды қатты сыйлайтын надан елдiң аңқау мiнезiн iштей әжуалап, мырс ете жаздап, өзiн-өзi шаққа тыйды. Дадабек iшiнен: “Бұ қазақты уыста ұстап тұру үшiн... аяр саясат, айла керек. Елге басшы болар азаматын көзге iлмей, мынадай тiлiн шыған, нәсiлi шала сүмелектерiн би етiп қойсаң, жетiп жатыр.


130 Әлгi жаман неме ел iшiндегi бас көтерерлерiн өзi-ақ жала жауып, ұстап бередi. Сосын олардың басын қайқы қылышпен қағып ала бер”, — дедi де, Мiрәлiнiң мына қалпында қандай жаулықтан да бас тартпас сыңайын байқап, аздап қабағын шытып: — Жарайды, мен саған сенейiн. Сен соны куәлап, жазып бере аласың ба? — дедi. — Жазғанда қандай! — Мiрәлi алақанына түкiрiп шыға келдi. Дадабек екi алақанын сарт-сұрт еткiзiп ұрып, есiк жаққа қарады. Iшке қызметшiсi Әбдулла келiп кiрдi. — Кәзiр мына кiсi саған не айтады, соны жазып ал да, бармағын бастыр! — Дадабек оған бұйыра сөйледi. — Құп, тақсыр, — дедi Әбдулла басын иiп. Олар шығып кеткесiн, Дадабек жолға тез дайындалды. Қасына жүз қаралы сарбаз ертiп, УәйiсНияздың қамалды қалай жөндетiп жатқанын өз көзiмен көргiсi кеп, бiр жағынан Жәнiбектiң аңысын аңлайын деп, Қожанияз бекiнiсiн бетке алып жүрiп кеттi. Жолшыбай Хиуа ханына өз атынан арнайы хат жазып, Жәнiбектi тұтқын етiп жiбермекке бел байлады. Сосын кеше Қожанияз қамалының бастығы Уәйiс-Нияз бектiң қарамында жүрген бұлардың бiр жансызының жеткiзген астыртын хабарын қара ақылына салып көрдi. Оның айтуынша, соңғы кездерi Уәйiс-Нияз Қоқан бегi Якуббекпен жақындаса бастаған. Бiр хабарға қарағанда, Қоқан ханы Хұдаяр Бұхара әмiрi Насрулламен тiзе қосып, Хиуамен соғысудан кетәрi емес көрiнедi. Тек екi ханның ауыздарын бiрiктiре алатын делдал кiсi шықса, жарап жатыр. Ана жолы осы әңгiменi Елмырза төре де өңiн өзгертiп айтып, көңiрсiтiп кеткен едi. Оның айтуынша, Қоқан мен Хиуа бiрiгiп, Бұхараны шапқалы жатыр екен. Мұндай арты дүдәмәл әңгiменi тыңдауға құлқы жоқ, әрi ызалы жердi баспайтын Дадабек iшiн бермей, оған назар аударып жатпаған. Мұның өз ойынша, кiммен достасу, кiммен қастасу — ұлы ханның өз шаруасы. Мұның мiндетi ұлы ханның айтқанын қайт етпеу ғана. Қалған дүния күйiп кетсе де, басы ауырмайды. Сол арада оның бүйiрiне бiр сұрақ тiкенекше қадалды. “Әгәр... сүйтсек”, — дедi iшiнен. Шынында да, осы арада ептiлiк көрсетiп, араздасып жүрген екi ханның жүздерiн жылытып, Мұхәммәд-Инақтың оң қабағына iлiнiп алса қәйтер едi? Онда кәзiргiдей ала шаңы бұрқыраған Сыр бойындағы бiр қамалда ұшыр, зекет жинап жүрмес едi. Бәлкiм, онда Хиуа хандығына қарайтын гүл бақшалы, ажарлы жердегi бiр ұлыс қолына тиiп қалар. Ондай жағдай туа қалса, салқын да әсем кең сарайда кұмырсқабел үндi, парсы сұлуларын құшып жатпай ма? Күйшiлерге күй тартқызып, әншiлерге ән айтқызып, бишiлерге би билетiп, мықынсыз сұлуларды бауырына басып, дүнияның бар рәһатын көрмей ме? Осыны басқалар, тiптен, Уәйiс-Нияз бектiң өзi ойламайды деймiсiң? Тоқта, осы арада бiр кiлтипан жатқан жоқ па? Неге ол соншалықты Яқуббекпен ауыз жаласып кеттi? Ол осы ұлы ханның ыңғайын алғалы жүрген жоқ па? Дадабектiң iшiн бiрдеңе удай ащы тырнағымен осып-осып өткендей болды. Жоқ, ол болмайды. Мен де бұл алападан құр қалмауға тиiспiн. Таласам, тартысам. Ол ер үстiнде ыңғайланып отырып, астындағы ақалтеке арғымағын тебiнiп қап, жүрiп кеттi. Оның соңынан ерiп келе жатқан сарбаздар үн-түнсiз. Олар дулығалары күн сәулесiне шағылысып, ат тұяғымен Қызылдың бойын дүбiрлетiп, сұстана жүрiп келедi. Дадабек кенет алдынан қылаң еткен бiр қарайғанды байқап қалды. Биiк төбеге шыға келгенiнде, әлгi қарайған салт атты қазақтың беталды тырағайлап қашып бара жатқанын көрдi. Бек мырс еттi. Иә, дедi iшiнен. Қашан да күштi қорқытқан, әлсiз бағынған. Қай заманда да күштiнiң сөзi де күштi, өзi де күштi. Ал, әлсiз, бишара кiсiлер екi қолын көкке жайып, ғайыптағы қиял мұнарынан әдiлет iздеп, жоққа иек сүйейдi. Олар бұған кiнәлi өздерiнiң әлсiздiгi екенiн бiлмейдi де, күштi жұрттың, дiнi, тiлi, әдет-ғұрпы бөлектiгiне қарамастан, бiздер доспыз, бауырымыз бiте қайнасқан деген айлаға толы арамза сөзiне құдайдай сенедi. Бiр жағынан Хиуа, бiр жағынан Қоқан, бiр жағынан ақ патша пұшпақтап кесiп алып жатқан даласының асты мен үстiнде ендi бiр жүз жылдан соң ешқандай да қазына қалмасын бұ қазақлар аңғармайды. Өз басы мұндай лақылдақ, аңқау халықты әлi көрген емес. Олардың ортасына етi мүжiлген қу сүйектi лақтырып тастай салсаң болды, бiр-бiрiне қимай, қызғанып, ырылдасып, таласады. Сосын мажалы қашқан оларды қылыш, зеңбiрiктi әуре қылмай, қамшымен-ақ соғып аласың. Дадабек қазақтардың сонысына таңғалады. Бiр жағынан соны күп көредi. Ертең зеңбiрiгiн сүйретiп ақ патшаның әскерi келе қалса, сөзсiз, ала ауыз қазақты оққағар етiп ұстау керек дейдi. Сосын қалғанын көре жатады. Дадабек ой үстiнде келе жатып, Қуаңдария бойында орналасқан Қожанияз қамалына қалай жеткенiн де байқамай қалды. Уәйiс-Нияз қамал iргесiн қалап жатқан қазақтардың жанында бас-көз боп жүр екен. Ол мұны көрiп, бұрылып кеп амандасты да, бұйра сақалын бiр сипап қойып, iлтипат бiлдiрiп, сарайына қарай бастап жүрдi. — Қалай, бек, қазақлар жұмысты ықыластанып iстеп жатыр ма? — дедi Дадабек жымиып. — Әлбәттә, — дедi Уәйiс-Нияз қулана күле қарап. — Өткен жолы осыны өздерi қиратып едi, ендi... — деп‚ Дадабек зәрлене жымиды. Онысы өткен жылы Уәйiс-Нияздың қамалын шапқан қазақтардан қорқып, Ақмешiтке қашып барғанын есiне салуы едi. Уәйiс-Нияздың, бетi аздап қызғыш тартты. Сонда да ол зорлана жымиып: — Ендi өздерiне салғызып жатырмын, — дедi. — Бек, мұныңыз бiр сауап болған екен. — Айтары жоқ. — Айтпақшы, Яқуббектiң ахуалы нешiк екен? — Аллаға шүкiр, жаман емес. — Өздерi Құртөбеден айрылып қап, мазасызданып жүрген жоқ па? — Ондайы да бар. — Уәйiс-Нияз салқын жымиды. — Аллатағалам данышпан етiп жаратқан Хұдаяр ханның мәртәбәсы әр кезде де жоғары! Ол бәрiн де бұрынғы қалпына келтiредi. — Унга һич шәк йоқ.


131 — Кеше Яқуббектiң шабарманы келiп кеттi. Қоқан ханы күш бiрiктiрмесек болмайды дейтiн көрiнедi. — Апырмай, ә? — дедi Дадабек сыр бермеуге тырысып. — Мiне, жайға да келдiк. Кәне, кiрiңiз, мәрһамат! — Уәйiс-Нияз қызметшi жiгiт ашқан есiктi қолымен нұсқады. Дадабек iшке кiрдi.

17 Жәнiбек Дадабектiң шабарманы кеп, мұны Құмқамалға шақырып жатқанын естiгеннен соң, көп кiдiрмей, қасына Қасқырбайды ертiп, ел жатқаннан кейiн, түн жамыла отырып атқа қонды. Бектiң бiр арам ойын сезiп, Құмқамалға соқпай, Хиуаға тура тартты. Ұлы ханға кiру үшiн бiр керегi болар деп қоржынның екi басына алтын жамбы, күмiс шаптырған кiсе, белбеу, тайтұяқтарды салып алды. Осы жолы Жәнiбек Құлқаның ақылын тыңдап, Бесқаланың сүрлеу жолына түспей, Қызылдың жықпыл-жықпылымен жүрiп отырды. Құмқамалдан ұзап шыққасын барып, жолшыбай хиуалықтардың шолғыншылары кездеспегесiн, Хиуа, Үргенiш шәһарына тура апаратып айдау жолға түсiп ап, тартты да отырды. Арада үш қонып, төртiншi күн дегенде Хиуа шәһарының көк тiреген көмбездерi алыстан сағым көтерiп, құбыла, мұнартып көрiндi. Жәнiбек ендi қалған жолға қам жемедi. Үш күн бойғы салқа жортыстан борбайы созылып, ақ көбiгi шығып қалған аттарды тынықтырып алмақ боп, айдау қара жолдың шетiнде қалып бара жатқан кiшкене ауылға қарай бұрылды. Ауыл шетiне кiре бергенде күнге күйген тезектiң, жаңа орылған жас жоңыршқаның иiсi аңқып қоя бердi. Бұл қарақалпақ ауылы екен. Жәнiбек қарсы ұшырасқан бiр кiсiден жөн сұрап ап, ауыл ақсақалының үйiне бет қойды. Тамға жақын кеп, аттан түсiп, соқтан салынған диуалдың бел ортасына орналасқан қақпаны қамшысының басымен тықылдатты. Iштен басында төбетейi бар, мұрты жаңа тебiндеп келе жатқан бозбала шығып, бұларға таңырқай қарап: — Ауа, сiздерге кiм керек едi? — дедi. — Құдайы қонақпыз. Азырақ демалсақ деп едiк, — дедi Жәнiбек бозбаланың иығынан асып, әулi iшiне көз тастап тұрып. Мұның сөзiн естiсе керек, әр жақтан үстiнде жеңiл шапанды желбегей жамылған отағасының өзi шықты. Ол жер ортасынан асып қалған, мөлттей қара сақалды, қара мұртты кiсi екен. Мұның үстiбасына көз тастап тұрып: — Құдайы қонақ болсаңыз, түсiңiз, — деп iлтипат көрсеттi. Жәнiбек пен Қасқырбай аттарынан түсiп, әулi ортасындағы төбесiнде бастырмасы бар сәкi үстiне кеп отырды. Әлгi бозбала бұлардың аттарын қораға кiргiзiп, алдарына бiр-бiр баудан жас күрақ тастап, қайтып кеп, әкесiнiң төменгi жағына тiзе бүктi. Отағасы жөн сұраса отырып, осындағы көп жайдан хабар да бере кеттi. Жәнiбектiң байқауынша, қарақалпақ ағайын да Хиуа ханына онша ырза емес екен. Жыл сайын алым-салық көбейiп барады. Әсiресе, Мұхәммәд-Инақтың Мәруге жасаған соңғы жорығы сәтсiз аяқталғалы, ханның танабы тарыла түскен көрiнедi. Ұшыр, зекетке қосымша тағы да үстеме салық түсе ме деп, осы өңiрдi жайлаған қалың қарақалпақтың демiн iшiне тартып, аңыс аңдап отырған бiр кезi екен. Бiрақ ана жылғы көтерiлiсте қарақалпақ жұртының басшысы Айдос бидi дарға асса да, Хиуа хандарының жаңа шаруа жасарда аяқтарын тарта басар жайы бар сықылды. Шамасы, хан тағы да бүлiншiлiк боп кете ме деп, алдыартына қарайлайтын сияқты. Отағасы кiшкене кесеге құйылған көк шәйды алып берiп жатып: — Ал, қазақ ағайынның ахуалы қалай? — деп сұрады. — Аллаға шүкiршiлiк, — дедi Жәнiбек әңгiмеге ыңғай көрсетiп. — Солай деңiз. Баяғыда Қаратаудың бөктерiн қатар жайлап жатқан туыс ел едiк. Бiз кейiн Қаразым аудық. Жиен жырау “Посқан ел” деген киссасында... әлгi, не деп едi? — деп ақсақал ойланып қалды. — Иә, ондай жай болған. — Жәнiбек күрсiндi. — Сол сонымен ада-жұда кетсiн деңiз. — Бiздiң де тiлейтiнiмiз сол. — Отағасы ақырын сөйледi.— Дегенмен... соңғы кезде өсек-аяң көбейiп барады. Орыс патшасы осыяққа қарай көп ләшкермен келе жатыр дейдi ғой. — Әзiр келе қойған жоқ. Бiрақ сондай сөз бар. — Шамасы, осының жаны бар-ау деймiн. Кәзiр Хиуада ағылшын жансыздары қаптап жүр, — дей бердi де, отағасы сөзiн кiлт үзе қойды. Жәнiбек демалып, аяқ созып, ат белiн тынықтырып алғасын, жанып тұрған ыстыққа қарамастан, түс ауа жолға шықты. Тағы да айдау жолға түсiп ап, егiстiктiң шетiмен тартты да отырды. Бiрде жанжағында бос жерi жоқ сыңсыған егiнге қарап, Қасқырбай таңдайын қағып: — Апырмай, нағыз тоқтық мынаяқта екен ғой. Ел қыста жұтқа ұшыраймыз деп саспайды, ұраға тыққан астығын шетiнен кертiп алып жей бередi, — дедi. — Оның не айтары бар. Менiң диқаншылықты кәсiп етейiк деп жүргенiм де сол емес пе? — деп Жәнiбек Қасқырбайдың тершiген жүзiне күле қарады. — Ол... дұрыс қой. Бiрақ сағанағы салдырап, көше берудi ұнататын қазекең отырықшылыққа көне қояр ма екен? — Көнбей қайда қашар дейсiң? Олар кештете Хиуа шәһарына жеттi. Жәнiбек дарбазашылармен тiлдесiп, оларға жай-жапсарын айтып, iшке кiрдi. Сосын у-шуы көп базардан өтiп, ащы iшекше ирелеңдеген тар көшемен жүрiп отырып, Ядгарбектiң үйiне тақап келдi. Кiсi бойынан асарлық, шым кiрпiштен өрiлген диуалды


132 жағалап кеп, әйдiк қақпаның алдына тоқтады. Жәнiбек атынан түсiп, қақпаны қақты. Iштен шыққан жасауылға жөнiн айтты. Жасауыл iшке хабар беруге кеттi. Аздан соң кең қораның әр жағынан аяғын сабырмен басып келе жатқан Ядгарбектiң өзi көрiндi. Ол мұнымен қол алысып амандасты. Әуелi iшiндегi кең айбанға жайғасқасын, жөн сұрасты. Жәнiбек салған бетте негiзгi шаруасын айтқанды жөн көрмедi. Бiрақ Ядгарбек мұның тегiн жүрмегенiн сезсе керек, әңгiменiң тоқ етерiне көштi. Сосын барып бұл амалсыздан шаруасын айтты. Ядгарбек тықыр басына киген ала тақиясын қолына алып, жиегiне қарап отырып: — Қызық екен, — дедi. Сосын бұған көз киығын тастады: — Бұл хақында ұлы ханға бiрнеше рет айттым. Бiрақ... — деп, ол аз-кем iркiлiп қалды. Бiраздан соң барып: — Хан Мәру үшiн Насрулла әмiрмен көптен берi қырбай боп жүр. Осы тынымсыз шапқыншылық халықты шаршатып болды. Кәзiр... Түркмен ағайындар да онша тиыш емес. Өзбек, қарақалпақтар да сондай. Қаншама әскерiң болса да, халықты қарумен қорқытып ұстап тұру қиын ғой, — дедi. — Әлбәттә, — дедi Жәнiбек оны қоштап. — Қазақ арасында сүттей ұйып отыр деуге болмайды. Жақында Бұхараға орыс керуенiнiң Сыр арқылы өткенiн естiген шығарсыз? — Иә, естiгем. — Бұл жолды оларға қазақтардың өздерi көрсетiп бердi. — Кiм үйтiп жүрген? — Бас уәзiр бұған көзiн сығырай-та қарады. — Сiз Мiрәлi сардарды бiлетiн шығарсыз. Соның Ережеп дейтiн iнiсi бар. Орыс керуенiнiң басшысы Ахияр дейтiн башкүрт сол Ережептiң үйiне түсiп, жол жайын сұрап алған, — дедi Жәнiбек қара күреңiте түсiп. Ол бiреудiң сыртынан бұрын-соңды әңгiме айтып көрмегендiктен, қысылып, аздап абдырап қалды. Сол сәтте маңдайы сәл-пәл тершiгендей болды. — Сонда... кәзiр керуен Бұхарада ма? — Иә. — Ым, — дедi де, Ядгарбек артық тiл қатпады. Буы бұрқыраған палауды көтерiп әкеле жатқан қызметшiлерiне көз салмастан, жұлдыздары құжынаған түнгi аспанға қарап, ойланып, бiраз отырып қалды. Ертесiне Жәнiбек таң азаннан тұрды. Тұла бойының ерекше қунақ тартқанын сездi. Ядгарбекке тартуын бергесiн, коржынын Қасқырбайға арқалатып, хан сарайына келдi. Бас уәзiр бұларды еңселi, салтанатты сәулеттi бөлмелердiң iшiмен алып жүрiп, ұлы хан отыратын сарайға кеп кiрдi. Қасқырбайды сол арада қалдырып, екеуi күзетшiден рүксат ап, iшке кiрдi. Бұл кiрген жерi салқын, кең сарай екен. Есiктен төрге дейiн кiлем төселiнiп тасталыныпты. Соның ең шетiндегi алтын тақта басына шымқай қызыл жiбектен шалма ораған қара сақалды, қара мұрты қиылған, орақ мұрынды МұхәммәдИнақ отыр екен. Екеуi iзетпен иiлiп, аяқтарын ақырын басып, алтын таққа жақын келдi. Ядгарбек оң қолын кеудесiне қойып, басын иiп: — Аллатағалам барша жаннан артық етiп жаратқан, Қаразым жұртының ырыс-несiбесiн тасытқан нұр сипатты үлы ханым, сiзге айрықша хабар айтқалы келдiм, — дедi. Мұхәммәд-Инаққа Жәнiбек ендi анықтап көз салды. Хан ат жақты, сопақ басты, күн тимеген қоңыр жүзi мына қара көлеңке бөлмеде ақшыл тарта көрiнетiн, талдырмаш денелi кiсi екен. Көзiн сәл сығырайта қарайды. Ол ақырып қозғалып, лағыл көздi жүзiк салған қолымен айта бер дегендей ишарат жасады. Ядгарбек тағы да iзетпен басын иiп: — Уа, Қаразым жұртының ұлы ханы, мен мына өзiңiздiң кұзырыңызға шын берiлген қазақ елiнiң ру басысы Жәнiбек мырзадан оқшау хабар естiп келдiм. Ол мырзаның айтуынша, жақында Бұхараға орыстардың сауда керуенi төте жолмен өтiптi, — дедi. — Рас па? — деп, Мұхәммәд-Инақ тез арада қолдан жасап отырған самарқау қалпынан арылып, бұған еңсерiле қарады. — Бәрi рас. Олардың iшiнде жансыздардың да болуы бек мүмкiн. Керуен Сыр арқылы өтетiн қобы жолға түсiп алып барған. — Оған жол көрсетiп жүрген кiм? — Хан қабағын шытты. — Ол жолды сiлтеген Сыр бойындағы Мiрәлi сардардың туған iнiсi Ережеп мырза көрiнедi. Ханның түрi қап-қара боп кеттi. Сол арада оның сол жағында түрегеп тұрған Сафар би сары шанаштай жүзiн жылыта, көзi жiпсиiп, дағарадай сәлделi басын идi. Хан оған оң қасын сәл жоғары көтерiп, көз қиығын тастады. — Ұлы мәртебелi ханым, — дедi Сафар би иiле түсiп, — мен де бұл жайында естiп едiм. — Иә, айта бер. — Кеше кешкiсiн Сыр бойындағы қожалығыңыздың адал сақшысы, сайыпқыран Дадабек бектен хабар жеттi. Ол бiзге жазған хатында орыс керуенi жайлы айтыпты. Және де мына алдыңызда тұрған Мамырай ұғылы Жәнiбек мырзаның Сiздiң кұзырыңызға қарсы боп, ел арасына iрiткi салып жүргенi жайлы жазыпты. Мұхәммәд-Инақ бұған не дейсiң дегендей Жәнiбекке сынай қарады. Алғаш рет хан алдында тұрғандықтан ба, Жәнiбек қысылайын дедi. Аяқ астында тұла бойы ысып сала бергендей болды. Дереу өрекпiген кеуiлiн зорлап басып, оң қолын төсiне қойып, басын иiп: — Аллатағалам барша бәндәдан артық етiп жаратқан ұлы хан ием, — дедi ол барынша сабырлы болуға тырысып. — Мына әңгiменiң төркiнiн ашып беруге рұхсат етiңiз. Мен ешуақта сiздiң билiгiңiзге шәк келтiрiп көрген жоқпын. Қайта терiскейден ақ патшаның кәупi төнiп тұрған кезде мұсылман қауымының бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарғанын қалайтын кiсiмiн. — Ақ патша... кәуiп? — деп, хан мұның сөзiн бөлiп, қабағын шытты. — Иә, дәл солай. — О нағылған кәуiп? Өзi... ондай кәуiп бар ма?


133 — Алдияр тақсыр, ондай кәуiп жоқ. Сiздiң ұлы хандығыңызға бұ дүнияда тiрi жан батып тиiсе алмайды, — дедi Сафар би күлiмсiреп. Жәнiбек сасайын дедi. Ол дауысы қалтырай шығып: — Хан ием, — дедi, — сiздiң ұлы хандығыңыздың терiскейiнде отырған бiзге солай көрiнедi. Негiзгi гәп онда емес. Мен бiр рудың басшысы ретiнде сiзге арза айта келдiм. — Жәнiбек ендi аздап батылданып, Хиуа бектерiнiң Сыр елiнде жасап отырған жолсыздықтары жайлы жазылған арызын ханға ұсынып, оған қосымша ретiнде кейбiр жағдайларды айта кеп: — Уа, хан ием, бұл бассыздық ел арасына әрекет кiргiзiп отыр. Қазақтардың былтыр Қожанияз қамалын талқандағаны да сондықтан, — дедi. Хан арызды қасында отырған дәбирге бере салды. Сол арада Сафар би аяр күлкiсiн бетiне жиып, иiле түсiп: — Хан ием, сол шабуыл кезiнде Жәнiбек мырзаның ағасы Елдес дейтiн кiсi де болған, — дедi. — Ол рас, — деп, Жәнiбек ендi батылдана түстi. — Сонысы үшiн мен ағамды айыптаймын. Бұл жөнiнде кезiнде Уәйiс-Нияз бекке айтқанмын. — Оны... бiлем, — дедi Мұхәммәд-Инақ салқын ғана. — Ендi сiзден өтiнерiм, ұлы хан ием, Сыр жерiндегi бектерiңiздiң жолсыздықтарына тыйым салсаңыз екен. Сонда қазақ бауырларыңыз ертең Сiзге сенiмдi ел боп, бiлек қосар едi. — Хан тақсыр, менiңше, мына Жәнiбек мырза Орынбор губернаторының жансызы, — дедi Сафар би қыстырылып. — Олай дейтiн себебiм, Дадабектiң хабарлауына қарағанда, орыс керуенiн Бұхараға бастап апарған Құлқа дейтiн батыр мына Жәнiбек мырзаның құдасы көрiнедi. Хан кенет бұған өткiр көзiн қадап, бiр түрлi қаһарлана қарағандай болды. — Ол рас, — дедi Жәнiбек қатты қолайсызданып. Кенет әлденеге тiзесi қалтырап кеттi. — Ол кiсiнi Ережеп бiр ат берiп, жалдап алған. Сосын Құлқа батыр не iстеп, не қоятынын ешкiммен ақылдаспайды. Бұл арада менiң түк те қатысым жоқ. Осы жерде Ядгарбек сөзге кiрiстi: — Алдияр тақсыр, мен Жәнiбек мырзаның адал кiсi екенiне шексiз сенем. Қазақ дейтiн iлiкшатысы көп ел. Алыс туысқаны үшiн кiм жауап бередi? Ертеректе Сiздiң кұзырыңыздан қарақалпақ жұртын бөлiп әкетпек болған Айдос би үшiн оның алыс туыстары жазықты бола ма? Сафар би қап-қара боп кеттi. Оның Айдос бидiң сұлу немере қарындасын әйел етiп алғаны Хиуа жұртына мәлiм едi. Ядгарбек айтқанының нысанаға дарығанын сезiп, сөзiн әрi қарай жалғастырды: — Ұлы хан ием, Сыр бойы қазақтарына бектерiңiздiң айрықша тiзе батырып отырғаны рас. Ол ағайынды өкпелетiп алмау үшiн қамалбасыларын ауыстырған жөн деп бiлем. — Ал, орыс керуенi жайлы не айтасыз? — Ұлы хан ием, олардың арасында жансыздың болуы ықтимал. Олар әрi Бұхараға апарар тура жолды бiлiп отыр. Менiңше, керуендi қайтар жолда басып ап, тұтқын ету керек. — Сонда қалай? Мен орыс патшасымен сауда-саттық жасау, тұтқын алмау жайында шарт жасасқан едiм ғой. — Хан ием, ақ патша осы жерде қулық iстеп отыр. Қеруендi елiне аман-есен жiберсеңiз, оның соңының қиын болуы бек мүмкiн. Хан азырақ ойланып қалды. Сосын орнынан ширақ тұрып, бұлардың жанына келдi. Жәнiбектiң жүзiне тура қарап тұрып: — Жарайды, келiстiм. Мен сарбаз берем, орыс керуенiн мына Жәнiбек мырза тұтқын етiп әкелсiн, — дедi. Сосын Ядгарбекке бұрылды: — Әгәр мына мырза алдап, қашып кетер болса, басыңды алам! — Құп, тақсыр! — деп, Ядгарбек басын идi. Оған iлесе Жәнiбек те иiле түстi. Екеуi сарайдан шыға бергенде, қазақы бөрiк киген бiр кiсi қарсы ұшыраса кеттi. Ядгарбек оған: — Ә, сұлтан, жақсымысыз? — деп амандасты. Сүлтан бiрден мұнымен шүйiркелесе кеттi. Төменгi жақтағы Бөкей ордасын билейтiн Жәңгiр ханмен сыйыспай, Хиуаны сағалап жүрген Қайыпқали сұлтан осы екен. Оның әңгiмесiнен Жәнiбек Жәңгiр ханның Орынбор генерал-губернаторына арқа сүйеп, өзiнiң бетiне келген кiсiлердiң бәрiн құртып бiткенiне, Берiш Исатай батырды өлтiрiп, кәзiр Махамбет батырдың iзiне шырақ алып түсiп жүргенiн бiлдi. — Айтпақшы, Махамбет батыр осы Хиуада жүр, — дедi ол жан-жағына қарап қойып. — Е, о кiсi не шаруамен келiптi? — Жәңгiр ханмен соғысуға Мұхәммәд-Инақтан көмек сұрай келiптi. Ал, жақсы. Әзiр осында болсаңыз, кеңiрек отырып сөйлесермiз, — деп, Қайыпқали сұлтан Жәнiбекке бас изеп, iшке кiре бердi. Сарай маңынан ұзап шыққасын, қатар келе жатқан Ядгарбек бұған қарап: — Жаңағы сұлтанды сiз бұрын танитын ба едiңiз? — деп күңк ете қалды. — Жоқ. Тұңғыш рет көрiп тұрмын. — Өзiн... бiр түрлi iшiм алмайды. — Неге? Ядгарбек үндемедi. Осы кезде сондарынан салпақтап ерiп келе жатқан, басына пәрәнжi жамылған бiр әйелдi көрiп: — Нұр сипатты ұлы ханның әмiрiн орындап, абырой алуға тырысу керек, — деп, ол мұны бүйiрiнен қолымен нұқып қалды. Жәнiбек әлгi кiсiнiң салпаңқұлақ екенiн сезе қойып: — Иншалла, сүйтемiз, — дедi дауысын көтере сөйлеп.


134 18 Қарақ тауының жырақанасы мен жақпар тастарының таса-тасаларында тығылып тұрғап жүзден астам сарбаз орыс саудагерлерiнiң керуенi артына шұбалған шаңын қалдырып жақындай бергенде, тұтқиылдан тап бердi. Ұран тастап, қиқулап, қайқы исфаһани қылыштарын жалаңдата көтерiп алған жiгiттер түтiп жердей боп түйiлiп келедi. Қол алдында келе жатқан Жәнiбектiң қарсы алдынан аңырап жел соқты. Ат тұяғы атқан ала шаң бұрқырап, көзiне тығылды. Жәнiбек өзiнiң қосүрей боп келе жатқанын байқады. Шайқасқа алғаш рет кiргесiн бе, кеуiлi бiр түрлi боп өрекпiген ол ердiң қасына иiлiп, жалаң қылышын оңтайлай ұстап, тақымын қыса түстi. Егесiнiң пәрменiн түсiнгендей астындағы жануар ендi басын алға қарай салып жiберiп, пырылдай жөнелдi. Биқам келе жатқан орыс керуенi демде абыр-сабыр болды да қалды. Қiсiлер әлдене деп жаңқылдаса айқайласып, әрлi-берлi жүгiрiсе бастады. Түйе жанындағылары дереу арба да қалды. Кiсiлер әлдене деп жаңқылдаса айқайласып, әрлi-берлi жүгiрiсе бастады. Түйе жанындағыларды дереу арба үстiне салып қойған мылтықтарын жұлып-жұлып алысты. Iзiнше тақтайға шеге қаққандай боп, бытырлап мылтық атыла бастады. Бiр оқ ысқырған күйi Жәнiбектiң құлағын жанап өттi. Ол басын ерiксiз бұға түстi. Екiншi бiр оқ жанында ағызып келе жатқан сарбаздың оң иығынан кеп үрды. Ол қолынан қаһарлана ұстаған қылышы түсiп кетiп, талықсып, жаман дауыспен барқырап, ер үстiнен ауа бердi. Жәнiбек оған қарауға дәтi шыдамай, көзiн әрi қарай тайдырып әкеттi. Сол арада мұның құлағының түбiнен тағы да бiр оқ ысылдап жанап өттi. Тағы да бiр сарбаздың ащы шыңғырып жiбергенiн құлағы шалып қалды. Алас-қапаста: “Мынадай шайқаста оқ тию деген қиын емес-ау?” — деп ойлап та қойды. Сол екен, зәре-иманы ұшып кеттi. Дереу сол қолымен тiзгiндi кейiн тарта бастады. Бiрақ етi қызып алған ат әл бермей, жуан мойнын күдiрейтiп, екi көзi есiрiк буғандай шапыраштанып, ауыздыққа бағынбай, алға қарай шаба бердi. Сол сәтте осы кәзiр сарбаздар бет-бетiне бытырап үрейлене қашса, керуендi қолға түсiре алмаса, ертең өздерiнiң Мұхәммәд-Инақтың қаһарына қалатындығы Жәнiбектiң басына сарт етiп түсе кеттi. Неде болса деп, ол ендi ат еркiн өзiне қоя бердi. Арлаған ат екпiндеген бойы жүн тиелген арбаны кеудесiмен соғардай боп жақындап та қалды. Сол арада Жәнiбек арбаның әр жағында тұрған, аузы-басын жирен түк басып кеткен бiр орыстың мылтықтың үңiрейген аузын өзiне қарай бұра бергенiн көзi шалып, iлезде тұла бойы суық шалғандай қалтырап кеттi. Тез еркiнен тыс жасқанып қап, ердiң қасын өзiн оқтан қорғап қалар панадай көрiп, еңкейе бұға түстi. Сол сәт ат мойнының ащы терiнiң иiсi танауына келдi. Ол тездетiп көзiн алға тастаса, арбаға төнiп келiп те қалған екен. Орыс әскерi мылтығының үнiрейген аузын көтерiп алыпты. Iзiнше дәл құлақ түбiнен гүрс ете қалған дыбыс естiлдi. Бұл көңiрсiген қара дәрi иiсiн жақыннан сездi. Ыссы бiрдеме оң иығының терiсiн жалап өткендей болды. Бiрақ оған қарауға шамасы жетпей, ендi аз кешiксе осы пәтiмен арбаға барып соқтығарын аңдап, ырсылдаған аттың екi бүйiрiне етiгiнiң екi өкшесiн қадап, тiзгiндi тарта бердi. Егесiнiң жарлығын түсiнгендей жануар арлаған қалпы арбаға жақындап кеп, сәл кiдiре бере, кенет алдыңғы екi аяғын алдына қарай соза қарғыды. Қылышын қаһарлана көтерiп алған Жәнiбек қарғып бара жатып, солдатты қиялай шапты. Бiрақ анау жан-дәрмен деп, мылтығын төбесiнен асыра көтерiп, көлденең ұстай қойды. Қылыш тақ етiп, темiрге тидi. Осы кезде арбаның әр жағына топ етiп түсе берген ат екпiнiмен Жәнiбек шалқалақтап кетiп, құлап қала жаздады. Бiрақ тiзгiннен айрылмай, босаған тақымын қайта қысып, бойын тiктеп алды да, алас-қапаста алақызған аттың басын керi бұра бердi. Ендi қорқынышты ұмытып, солдат мылтығын қайтадан кезеймiн дегенге келтiрмей, тап бердi. Оны аттың омырауымен қағып жiберiп, арбаға артымен тiрелген орысты қылышымен сыр-р-р еткiзiп қиялай шапты. Сол сәтте оның бiрдеңе деп бақырғанын, көк көздерiнiң ұясынан шыға аларып кеткенiн, құп-қу боп болған жүзiн, сол қолын төбесiнен асыра қорғана бергенiн, қылпыған қылыш жүзiнiң адам денесiнiң жұмсақ етiн кескенiн, сәлден соң әлгi орыстың кеудесiнiң екi бөлiнiп, жерге құлап бара жатқанын көрдi. Лезде мұның көзi қарауытып кетiп, лоқсып, күсқысы келдi. Ол ендi қылышын керi тартып алған бойда, ешкiмге қарамай, шайқас қызып жатқан тұстан аулақтап шыға бердi. Ұрыс қыза түстi. Тұтқиылдан тап берген сарбаздар патша әскерiн ес жиғызуға келтiрмей, шын кескiлеуге ендi кiрiстi. Әсiресе, ат үстiнiң ұрысына кәнiгi жаугер түрiкпен жiгiттерi шыдатар емес, олар қайқы қылыштарымен шабады да, оны өзiне қарай сыр еткiзiп тартып, кiсi басын сабағынан үзiлген қарбызша домалатып жiбередi. Әне, бiрi қаба сақалды солдаттың басын қақшып түсiрдi. Бассыз қалған оның кеудесi жерге жәйiмен шөге бердi. Айнала ызы-қиқу шу. Ақырған, бақырған, боқтаған дауыстан, атылған мылтықтардың тарстұрсынан құлақ тұнады. Аздан соң ұрыс саябырлайын дедi. Қорғана алмайтынын бiлген орыс әскерлерi ендi мылтықтарын тастап, қолдарын көтерiп, бiрдеме деп, шетке шыға бердi. Жәнiбек сонда ғана есiн жиып, қатты айқайлап, жiгiттерiне тоқтаңдар деп әмiр еттi. Сарбаздар елу шақты тұтқынды бiр бөлек иiрдi. Сосын үш-төртеуi ортадағы түрi-түсi бөлек күймеден Ахиярды қоршалап, айдап әкелдi. Оның күйген керпiштей жүзi бозарып кетiптi. Жанында ұзын бойлы, қоңқақ танау бiр кiсi сүрiнiп-қабынып келедi. Ахияр бұларға жақын кеп тоқтады. Ол бiрден Жәнiбекке қарап: — Мырза, мен ұлы Ресей патшасының Бұхараға арнайы жiберген кiсiсiмiн. Маған қол көтерсеңiздер, ертең ақ патша алдында жауап бересiздер, — дедi. Жәнiбек мырс ете түсiп: — Оны көре жатармыз. Мына қасыңыздағыңыз кiм? — дедi. — Бұл орыс саудагерi. Мен оны құлдықтан құтқарып, Бұхара әмiрiнен сатып алып келе жатырмын. — Е, солай деңiз, — дедi Жәнiбек тағы да мырс ете түсiп. — Сонымен, патшаңызға қандай мәлiмет алып бара жатырсыз? — Мырза, мен жансыз емеспiн, саудагермiн, — дедi Ахияр құп-қу боп.


135 — Солай ма? Сол арада бiр сарбаз Ахиярдың күймесiнен бiр буат қағазды әкеп бұған ұсынды. Жәнiбек оның орамын жазып, жол сиякты ирелеңдеген сызықтарды, жанында жазуы бар қара нүктелердi көрдi. Мұның Бұхараға апарар жолдың сұлбасы екенiн iшi сезе қойды. — Ал мынаған не дейсiз? — Ол... жәй ғана сурет, — дедi Ахияр сыр бермеуге тырысып. — Мен оған сендiм екен. Бұл деген жәһаннама ғой, — дедi де, Жәнiбек жiгiттерiне бұрылды. — Мына кiсiнiң қол-аяғына бұғау салыңдар. Қашып кетiп жүрмесiн, Ал тұтқындарды қолдарын арттарына қайырып байлап, матаңдар. — Ал мына саудагердi кәйтемiз? — дедi сарбаз Жәнiбекке қарап. Осы кезде атын тебiнiп қап, имек тұмсық, қара сақалды түрiкпен құрбашысы алға шыға бердi. Оның түрi өрт сөндiргендей боп кетiптi. Жәнiбек оған жасқана қарады. Кеше Хиуадан шыққалы бермен одан сақтанып жүрген. Жорыққа аттанарда Ядгарбек жүздiк iшiнде ұлы ханның тыңшысы бар, абайла деп ескерткен-дi. Бұл ол қайсысы болды екен деп, жасақтағы түрiкпен, өзбек, қарақалпақ жiгiттерiне барлай қараған. Сол арада желкесiнен қадалған бiр оқты көздi сезген. Жалт қараса, күрайыш астынан осы түрiкпен барлай қадалып келедi екен. Содан-ақ бұл одан айылын жия жүрген едi. Осы кәзiрде бұл құрбашыға сақтана қарады. — Мырза, — дедi ол күңгiрлей сөйлеп, — мына саудагердi маған берiңiз. — Оның дауысында бiр түрлi әмiр бар. Сол арада өзiнiң қалайша оған: — Ала бер, — дегенiн Жәнiбек байқамай да қалды. Құрбашы өз жiгiттерiне қарап ым қақты. Екi сарбаз әлгiнi шеттеу тұрған жаман атқа қарай сүйрелей жөнелдi. Ол бiрдеме деп айқайлап, әлгi екеуiне әл бермей, бұлқынып едi, құрбашы атын тебiнiп қап, жақын барып, дойыр қамшымен оны қыр арқадап остырта-остырта тартып-тартып жiбердi. Таяқ батқап саудагер бiр уыс боп, екi сарбаздың ырқына көнiп, бүлкiлдей жөнелдi. Осы кезде сарбаздар тұтқындарды байлап-матап болған да едi. Жәнiбек қол-аяғына кiсен салынған Ахиярды олардан бөлек ұстады. Содан соң бұл тау-тау теңдердi шешкiзiп едi, iшiнен көп мылтық, дәрi, бытыра шықты. Сол арада Жәнiбек оқыс шыңғырып жiберген әйел даусынан селк ете түстi. Дауыс шыққан жаққа жалт қараса, жыңғыл арасына сарбаздар топтала қалыпты. Бұл аяғын асығыс басып барып, олардың жандарына жақындай бергенiнде, зәресi ұшып кеттi. Жыңғылдың түбiне төселген жаман тоқымның үстiнде күн шалмаған екi ақ санын қалай болса солай созып жiберiп, шалқ ортасынан бiр орыс әйелi жатыр. Оның дар-дар жыртылған көйлегiнiң етегi жоғары түрiлiп кетiптi. Оның үстiңгi жағынан бiр сарбаздың күн тимеген бөксесi бүлкiлдеп көрiнедi. Соны көрiп, Жәнiбектiң жыны қозып кеттi. Жанындағы бiр жiгiттi итерiп жiберiп, iлгерi қарай жүрiп: — Әй, мыналарың айуандық қой! — дедi қатты айғайлай сөйлеп. Құрбашы мұның алдын кескестеп, түнерiп тұрып: — Мырза, неге сiздiң кәпiр қатынға жаныңыз аши қалды? — дедi. — Ендi... бұлай, адамшылықтан шығуға болмайды ғой. — Сiз оны қойыңыз. Қатын осындай iс үшiн жаратылған. Қайта бұл оған сауап. — Тапа тал түсте абырайын ашқан да сауап па? — Ендi қалай деп едiңiз? Кәпiрдiң қатынын аяйтындай дәнеме де жоқ, — деп, құрбашы сол арада бұған көзiн қыса қарады. — Сiздiң мұныңыз... немене, а? — Ол сосын сарбаздарға қарады. — Сарбаздар, осының өзi орыстардың жансызы емес пе екен? Жаңа ғана әйелдiң үстiнен тұра сап, кезегiн келесi кiсiге берген бұқа мойын, жыртық көз бiреу ұялмастан шалбарының iлгегiн салып тұрып, бұның жанына жақындап кеп: — О да мүмкiн, — дедi. Өзi жырқ-жырқ күледi. Жәнiбек мыналармен ерегiсудiң кәуiптi екенiн сезiп, оларды өзiне жауықтырып алмайын деп: — Жансыз болсам, ұлы хан менi мұндай сапарға жiбере ме? Мен тек... абырай жағын ойлап... аяп, — дедi. — Кәпiрдi аяуға болмайды. Жауды аяған жаралы деген. — Оған не сөз бар. — Ертең жерiңдi ақ патша жаулап алса, дымыңды қоймайды. Сұмдықтың көкесiн сонда көресiң. Олар қатыныңды қорлау аз, бала-шағаңды тiрiлей отқа өртейдi, — дедi құрбашы түнере сөйлеп. — Жарайды, өздерiң бiлiңдер, — дедi де, Жәнiбек онымен әрi қарай сөз таластырмай, бұрылып жүре бердi. Нәпсi билеп, арсыздана жымыраңдасқан сарбаздар қызыл көрген күшiгендерше жыңғыл маңына жинала қалыпты. Соны көрiп, Жәнiбектiң аза бойы қаза болды. “Мыналар... қатыгез екен”, — дедi iшiнен. Аздан соң бұлар керуендi Хиуаға қарай алып жүрдi. Жолшыбай Жәнiбектiң кеуiлi өрекпи бердi. Көз алдынан бағана өзi шауып өлтiрген кiсi кетпей қойды. Соны қанша ойламайын десе де, сол бiр қорқынышты сәттi есiне ала бередi. Ақыры болмағасын, ол бiр қарақалпақ жiгiтiнiң торсығындағы бозадан сұрап iштi. Удай боза әдепкiде iшiн өртеп кеттi. Бiрте-бiрте бағанағы өзегiн өртеген қыжылды тұншықтыра бастады. Бойы жайылып, мандайына шып-шып тер шықты. Сәлден соң босаңсыған жаны қатқылданып, түрпiленiп сала бергендей болды. Жәнiбек ендi өзiнiң қандай шайқастан да тайынбасын сездi. Сол арада басына бiр күдiк шапты: “Менiң осыным дұрыс емес қой?” Олар араға үш қонып, төртiншi күнi дегенде Хиуаға барып жеттi. Көп олжаны көрiп, МұхәммәдИнақ кеуiлденiп қалды. Ертесiне ол елу шақты орыс солдатын құл базарына апарғызып, Хорасан, Ғират, Қандағардан келген бай саудагерлерге саттырып жiбердi. Ал сарбаздар масқаралаған, үш-төрт


136 күнде денесi iсiп кеткен, орыс саудагерiнiң әйелi Ирина Яковлеваны жергiлiктi бiр өзбектiң байына күңдiкке бердi. Сол күнi Хиуа ханы аманатқа деп алып қалған Қасқырбайды мұнымен қауыштырды. Ертесiне хан сарайынан шығып келе жатып, Жәнiбек әскери киiнген, түрi-түсi бөлек бiреудi көрдi. Оның кiм екенiн сұрағысы кеп, Ядгарбекке қарай берiп едi, ол ақырын ғана: — Бұл — Инжлизияның патшасы жiберген кiсi. Бiзге зеңбiрiк құюға, соғысқа дайындалуға көмектескелi келiп жатыр, — дедi. “Соғыс”, — деп, Жәнiбек сәл аңтарылып қалды. Бiрден түсiнбей: “О нағылған соғыс?” — дедi iшiнен. Ядгарбек жымиды: — Бiр керуенiн таладым деп, есiре беруге болмайды. Не нәрсеге де дайын отырған жөн. Айтпақшы, жаңа мен ұлы ханмен сейлестiм, сiздi Шөмекей тайпасының сардары етiп тағайындайтын болды. Ол хақында фирман бүгiн-ертең шығып та қалады. — Алдыраз болсын, — дедi Жәнiбек не дерiн бiлмей. Бiр сәтте әрi қысылып, әрi қуанып, iштей әрiсәрi болды. Сол күнi Жәнiбек Хиуа базарына барып, сауда жасап, базарлықты көптеп алды. Сосын үш түйе сатып ап, теңдердi буып-түйiп, жол жүруге дайындала бастады.

19 Ядгарбектiң сөзiне қолқ етiп түсе қалғанына Мұхәммәд-Инақ хан ендi таңғалды. Осы бас уәзiрiнiң кiсi арбайтын бiр сиқыры бар сияқты. Ол асықпай-аптықпай, өзгелер құсап адамшылық қасиетiнен жұрдай боп құлдық ұрып жатпай-ақ, қандай шаруаны да дұрыс өлшеп-пiшiп айтады. Сонысы үшiн де ұлы ханы оны сыйлайды. Бiрақ бұл осалдығын ол басқаларға бiлдiрмейдi. Иә, ел билеген ханның осалдығы басқа кiсiге көрiнбеуге тиiс. Сенiң ондай сәл ғана босаңсыған сәтiңдi байқап қалса, кеше өзiңнiң аяғыңды құшып, табанынды жалап жүрген жалпылдақтар iшiнен сықақ етiп күледi. Оған дер кезiнде тойтарыс бермесең, қара халық басыңа секiредi. Үйте қалғанда, оны дұшпандарың қажетiне жаратып, өзiңдi алтын тақтан тоңқалаң асырады. Сондықтан қай заманда да тақ үшiн, билiк үшiн күрес тиылмақ емес. Кәзiрде де сондай. Ұлы хан қозғалақтап қойды. Оның есiне iнiсi Бақтияр түстi. Өзi аздап әумесерлеу. Соны ана бiр жылы дұшпандары үгiттеп, мұның тағын осы кезде тартып алмасаң, саған мұрагерлiк жоқ, деп бұған қарсы айдап салды. Ұлы хан сол жолы Ядгарбектiң арқасында бiр өлiмнен аман қалды. Ядгарбек ертең түс әлетiнде хан алдына у қосылған палау келетiнiн, оны ұйымдастырып жүрген бас уәзiр мен Бахтияр екенiн дер кезiнде ескерттi. Сол күнi хан түнiмен көз шырымын алмай шықты. Жатар бөлмесiн күзетер сарбаздарды ауыстырып, сенiмдi-сенiмдi деген жiгiттердi қойса да, сәл тықырдан селк етiп оянып кетiп, жастығының астына тығып қойған қылышының балдағын ұстай алады. Ақыры ол таң алдында ғана талмаусырап барып ұйықтап кеттi. Шаршағандықтан ба, неше түрлi быжықы-тыжықы түс көрдi. Аздан соң қызметшiсiнiң мысық табандап келе жатқан сыбысынан оянып кетiп, көзiн ашып алды. Мүләйiмсiп, қос қолын алдана қусырып келе жатқан мына селдiр сақал-мұртты, қысық көздi кiсiге кең халатының iшiнде жасырып тұрған қаруы жоқ па екен деп, күдiктене қарады. Ол бөлмеден шығып кеткесiн, орнынан ширақ тұрып, тез-тез киiндi. Жуынып-шайынып болғасын, һәрам сарайдың жанынан өте бере, жуан дiңгек бағананың артында тығылып тұрған бiреудi көзi шалып қалды. Тұла бойы суық шалғандай дiр ете түсiп, екi қолын сарт-сұрт еткiзе соғып-соғып жiбердi. Анадай жерде тұрған үш-төрт жасауыл семсерлерiн суырып-суырып ап, мұның жанына жетiп келдi. — Анаяққа қараңдаршы, — дедi бұл қолымен бағананы нұсқап. Жасауылдар жүгiре жөнелдi. Әлгi жуан бағананың алды-артын айналып, тексерiп шықты. Жан адам жоқ. Мұхәммәд-Инақ өзiнiң үркектiгiнен жаман қысылды. Бойын тез жинап ала қойып, кеудесiн керiп, баяғы кербез, паң қалпын қайта тапты. Сонда да iш жағынан бiр дауыс: “Қорқақтығыңды күзетшiлер көрiп қалды. Ертең мұны олардың бүткiл Хиуа шәһарына жаймасына кiм кепiл? Ондайда ел iшiнде әбiрей, беделiңнен не қалады?” — деп мазасыз күңкiлдеп бақты. Ақыры ол сол әзәзiл дауыстың айтқанын тыңдап, жаңағы жасауылдардың бәрiн тұтқынға алдырып, тiлдерiн кестiрiп, терең зынданға тастаттырды. Бұл қылмысын ақтау ретiнде оларды ханға қастандық жасамаққа тырысты деп, жалпақ жұртқа жариялатып жiбердi. Түс әлетiнде ұлы хан бас уәзiр бастаған нөкерлерiмен бiрге тамақтанатын болды. Көлдей түктi парсы кiлемiнiң үстiнде алтыннан зер жүргiзiлген дастарқан жайылды. Буы бұрқырап, табақ-табақ палау, iшiне сарымсақ салынып‚ еркек сексеуiлдiң шоғына қақталған қәбәб, көкнәр дәнi себiлiп пiсiрiлген тандыр нан, Хорасан тауларының гүлдерiнен аралар жиған сары бал, гөзәл Фәрғана алқабына әкелiнген қара көк жүзiмдер, әр түрлi шабдалы, алхоры, анар, өрiк, мейiз дастарқан үстiне қойылды. Сақи қызметшi сарай астындағы салқын құжырада үш жыл бойы ұсталып, бабына кеп ашыған лағыл шарапты кеселерге әдеппен күйды. Ұлы хан көз қиығымен барлығын қалт жiбермей қадағалап отырғанын сездiрмей, манаураған қалпы, өзiне аңтарыла қараған нөкерлерiнiң үстiнен асыра, әлдеқайда қадала қалған. Аздан соң ол сәл серпiлiп, нөкерлерiне дәм алуға ишарат жасады. Бiрақ өзi алдында тұрған дәмге қол соза қоймады. “Қайсысына у қосылған екен?” — деп ол аңтарылып, аз отырды. Ақыры мына қалпының өрескел екенiн сезiп, алдындағы палауға қолын соза бергенiнде, Ядгарбек орнынан тұрып: — Тақсыр, сiздiң алдыңыздағы тағамға у қосылған, — дедi. Бұл оған жорта таңғала қарап:


137 — Сен оны қайдан бiлдiң? — деп сұрады. — Тақсыр, сiздiң тағыңызды қызғанатын бiр дұшпанларыңыз солай iстеп отыр. Сол арада бас уәзiр күлiмсiреп: — О қай дұшпан? Ондай болуы мүмкiн емес, — дедi. Хан қабағын шытты. Ол бас уәзiрдiң жүзiне барлай қарап: — Жарайды, мен сiзге сенейiн, онда мына палаудан жеп көрiңiз. Осыдан аман қалсаңыз, мына Ядгарбектiң басын алам. Ал, өлсеңiз, өзiңiздiң басыңызды өзiңiз алған боласыз, — дедi. Бас уәзiрдiң жүзi лезде қуқыл тартты. Оның палауға амалсыздан созған қолы қалтырап кеттi. Бiрақ та ол қарсы сөз айтуға батпай, палаудан қолымен алып, аузына сала бердi. Сәлден соң құп-қу боп кеткен уәзiрдiң басы бiр жағына қарай қисайып бара жатты. Сол жолы бұл дұшпандарын тас-талқан қылды. Тек шаруаның алдын алған Бахтияр бiр есебiн тауып, қамалдан шыға қашып, құтылып кетiп, Насрулланы паналады. Бұл бiрнеше рет Бұхара әмiрiне дұшпанымды өзiме бер деп, елшi жiберiп едi, Насрулла әр түрлi сылтау айтып, сөздi ұзартып жiбердi. Содан берi мұның одан аларға өшi жоқ. Келесi күнi ұлы хан Ядгарбектi өзiне бас уәзiр еттi. Бiрақ та одан аяғын тарта жүрдi. “Ақылды кiсi сұм келедi”, — дедi iшiнен. Қулық та, сұмдық та ақылдан шығады. Оған тақыс алған айла қосылса, өте кәуiптi. Ондай кiсiден, әсiресе, белең алған атқа мiнгендей тақ күзеткен патшаның абай болғаны жөн. Кiм бiлiптi, жау жоқ деме, — жар астында деген. Содан берi ұлы хан Сафар бидi iшiне тартқан боп, екеуiн арбастырып қойып‚ олардың қызығына сыртынан қарап жүр. Әрине, өзi Сафар бидiң өресiз, тайыз екенiн, мұндайлардың айтқаныңды қайт етпейтiнiн жақсы бiледi. Бiрақ ондайлар қиын-қыстау шақта ақыл қоса алмай, кiмнiң тарысы пiссе, соның тауығы боп, дән шоқып кете барады. Ондайлардан гөрi алды-артын бекем болжап отырар Ядгарбектер пайдалы. Бiрақ кәуiптi. Бұл бас уәзiрдi тежеп ұстау үшiн бiрде Сафар биге: “Өзiңiз бас уәзiрлiкке қолай кiсiсiз-ау”, — деп, оны үлкен қызметтен есек дәме етiп тастаған. Содан берi ақылсыз неме Ядгарбектiң әр қадамын андып, күнде кеп мұның құлағына бар күбiр-сыбырды құйып кетедi. Бұған керегi де сол. Ақылды дұшпанды байлап-матап ұстау үшiн ақымақ дос керек. Оларды осылайша өзара бақастырып қойсаң, бiрiн-бiрi аңдып, бiрiн-бiрi шаршатып бiтедi. Екеуiн әбден қажаса-қажаса шаршағасын, былай аулаққа лақтырып тастай саласың. Ол орнынан тұрып, күнi бойы отырғандықтан, ұйып қалған буындары күтiрлеп, кең сарай iшiнде әрлi-берлi жүрдi. Тағы да Бахтиярдың жайын ойлады. Бiр хабарға қарағанда, оған Насрулла әскер берiп, Хиуаны шауып ал деп, қайрап жатқан көрiнедi. Соған құлағын түрiк ұстап отырған бұл кеше әдейi Ахияр керуенiн шапқызып алды. Ондағы ойы — Ресей патшасы мен Бұхара әмiрiнiң арасына от салу. Мұның ендiгi бiр көздеп отырғаны — Қоқан ханы Хұдаярмен татуласу. Бiрақ оған өз аяғымен барғанды жөн көрмей, арада басқа бiреу делдалдық етсе екен деп ойлады. Ол соны ойлап, анада Ташкенттегi Баймырза сұлтанмен жең ұшынан жалғасып, Хұдаярдың ау-жайын байқап көрдi. Ендi сол жөнiнде оңашада ақылдаспақ боп, Ядгарбектi шақырып алды. — Бас уәзiр, — дедi бұл оны жанына алып жүре сөйлесiп, — сiз осы Коқан ханының жағдаятынан хабардарсыз ба? — Әлбәттә, тақсыр, — дедi Ядгарбек басын иiп. — Құртөбе әлi қолдан қолға өтiп жүр ме? — Иә, тақсыр. — Сонда... Хұдаяр ханның Бұхара әмiрiне шамасы жетпегенi ме? — Тақсыр, Қоқанның iшкi ахуалы онша емес, дедi ол жұмсақ сөйлеп. Ұлы хан Хұдаярды “хан” деп айтқанды жақтырмайтын. — Қыпшақтар Әндижан, Фәрғана алқабын басып алған. Соған жергiлiктi басқа рулар наразы. — Ә, солай де, — деп ұлы хан оның жүзiне жымия қарады. — Осы Ташкент күшбегiсiнiң ақ патшадан темiр балқытатын муһандис сұрап алдырғаны деген не? — Ол рас. — Сонда... күшбегi оларға сыр алдырып қоям деп қорықпай ма екен? — Ояғын бiлмедiм. — Дұрыс, — деп, ұлы хан тағы да iлгерi жүрiп кеттi. Есiне Хиуаға келiп жатқан Түркия, Англия өкiлдерi түстi. Олардың айтуынша, Хнуа мен Қоқан хандықтарының терiскей жақтағы қожалық жерлерiне шыныменен кәуiп төнiп тұр. Сiбiр мен қазақ даласына бекiнiстер салып, сұғына кiрiп келе жатқан орыс патшасының орам алар уақыты жақын сияқты. Оған тойтарыс беру үшiн күш бiрiктiргеннен дұрысы жоқ. Бiрақ оған Хұдаяр мен Насрулла көне ме? Өзi көне ме? Үш хандықтан бiр қуатты мемлекет құрып, Бас хан сайлауға кiм келiседi? Ортақ өгiзден оңаша бұзау жақсы емес пе? — Ол тамағып кенедi. — Осы Сiбiр бойындағы қазақтардың жерiне патша әскерi жақындап келе жатқан жоқ па? — Иә, тақсыр, жақын келiп тұр. — Қоқанға қарайтын Ақмешiт, Созақ, Шымкенттерге ше? — Оларға Арқа жақтан төнiп кеп тұр. — Сонда... қалай корғану керек? Жеке-жеке ме, әлде... — Тақсыр, менiңше, Қоқанмен тез арада одақ құрып‚ күш бiрiктiрмесе, соңырағы күнi қиын болады. — Оған Хұдаяр хан көнер ме екен? — Елшi жiберiп, сөйлесiп көру керек. — Бұл да жөн-ау, шамасы. Ендеше осы шаруаны өзiңе тапсырдым. Сен бұл жайлы мен бiлмейтiндей боп сөйлес. Қасыңа кешегi қазақты... аты кiм едi. Иә, жаңа есiме түстi, ана Жәнiбектi ерте кет. — Құп, тақсыр, — деп Ядгарбек басын идi.


138 Ұлы хан оңаша қалғасын, күрбашыпы шақырып ап, Жәнiбек жайлы не байқап, не бiлгенiн сұрады. Ол кеткесiн, басқа бiр жансызын шақырып ап, құрбашы мен Жәнiбектiң жорық кезiнде не iстеп не қойғанына қанды. Iшiнен мына қазақтың тегiн кiсi еместiгiн сездi. Мұндайлар бiр құлаған жағынан өлдi қайтпайды. Тек оны Жәнiбектiң орыс қатынды масқаралағанда, ара түспекшi болғаны ойландырып тастады. “Мұнысы не, әлде... шикiлiк пе?” — деп ойланып, ұзақ отырды. Сосын басқа бiр жансызына Жәнiбек пен Ядгарбектен көз жазба деп, мықтап тапсырды. Ұлы хан қайтадан алтын таққа кеп отырды. Бүгiн Англияның әскери кiсiсiн қабылдайтыны есiне түсiп, жанындағы күмiс қоңырауға қол созды. Шартты сыңғырды естiп, қызметшi iшке лып етiп кiрiп келдi. Ұлы хан қысқа бұйырды: — Инглиздардың әскери кiсiсiне кiрсiн де!

20 Сағынай төсек көрпе үстiнде дөңбектей боп әлi жатыр. Азанғы шәйдан кейiн бел жазып, сыртқа шығып келгенiнен қайтып қозғалған жоқ. Гүжбан мойны қыртыстанып, басын сәл қисайта, жарымжартылай ашық түндiкке көзiн сығырайта қарап қалған. Ол бiр кезде iшке кiрiп-шығып жүрген бәйбiшесiнен: — Осы бiздiң бала қайда жүр? — деп сұрады. — Бағана қоян аулай кеткен. Келетiн уағы да боп қалды. — Е, солай де. — Шал ыныранып, асықпай, даусын созды. Оның маңызды нәрсе айтарында осылайша керiлiп-созылып алатын бiр әдетi бар едi. Бiрақ Сағынай бұ жолы артық үндемедi. Сол үстiне сәлем берiп, Тиышбек кiрiп келдi. Ол киiзге отырар отырмастан, жортақтай жөнелдi: — Апырмай, мына егiн дегенiң барып тұрған ырыс екен ғой. Кiсi бұрын-соңды кәсiп қылмағасын, бiле бермейтiн көрiнедi. Болмаса өзiн орып, жамбасыңның астына басып отырсаң, сақтаулы қазынадай-ау! Сағынай кеуiлденiп, басын көтерiп ап: — Ойпырмай, өзiң осы диқан болып кеткеннен саумысың? — дедi. — Е, болса несi бар? Болып жатқандар менен немене артық па? — деп, Тиышбек қайыс қара бетi тыржиып, кеңк-кеңк күлдi.— Ойбай-ау, Сәке-ау, менiң қолымнан келмейтiн өнер бар ма? Шындап қолға алсам, iстемейтiн кәсiбiм жоқ қой. Ерегiсiп кетсем, зергерлiк те жасарлық қолымның мiсекерi бар. Әттең, азамат боп, ат үстiнде жүргесiн, былай... шұқынып отыруға қол тимейдi. — Апырмай, ә? — дедi ақ сары шал оны сықақ қып күлiп. Тиышбек оған назар да аударған жоқ: — Ойбай, Сәке, оны қойшы. Одан да мына қызықты есiттiң бе? — Айтпақшы, Тұрғалидың ауылында болған жағдай немене осы? — деп Сағынай оған қарай басын бұрды. Ол бұл жайы кеше естiп, жағасын ұстап отырған едi. — Өй, ол ана жаман Мiрәлiнiң iстеп жүргенi ғой. Құдай бақ бергесiн, осы мырық та халықтың төбесiнде секiрiп бiттi. — Пақырдың баласы қалай екен? — Оның не қалайы бар? Қасқа қыз дайраға жетем дегенше пiсiп те үлгерiптi. — Астапыралла, не дейдi? — дедi семiз бәйбiше үрпиiп. — Рас, рас. Киттәй кәтесi жоқ. Елдiң қау-қауына сенбей, өз көзiммен барып көрiп едiм, тура ана қазандағы еттей жидiп қапты, — дедi Тиышбек мұртынан күлiп. Ол осында келгелi берi есiктiң қыр көзiндегi жерошақтағы қара қазанда былқып пiсiп жатқан жас бағлан сорпасының иiсiн сезiп те үлгерген едi. Сағынай қарқылдай күлiп: — Өй, әңгiмең бар болсын! — дедi. — Жоқ, Сәке, бәрi рас. — Жарайды, оныңды қоя тұр. Басқа қандай естiген жаңалығың бар? — Ойбай, о деген өте көп. Қайсы бiрiн айтып тауысайын? Жаңа iнiңнiң ауылына соғып едiм, ұланасыр той болғалы жатыр. — Е, неге? — дедi Сағынай шынымен таңғалып. — Ойбай, неге дерi жоқ, iнiң Жәнiбек Хиуаға сардар болды. — Қойшы? Оны кiмнен есiттiң? Тиышбек ыржия күлiп, астындағы киiздiң шетiн түрiп жiберiп, қара жердi саусағымен түртiп: — Мiне, мынадан. Мұндай хабар жер үстiнде жата ма сiрә? — дедi. — Апырмай, ә! — Сағынай басын шайқап қойып, жатқан орнынан түрегелiп отырды. — Сен суқит, осы... өсiре айтып отырған жоқпысың? — Ау, Сәке, өсiрiп айтып, немене менiң бiреуден ала алмай жүрген ақым бар ма? Түнде Ережептiң үйiне қонып шығып ем, сонда ол сөз арасында байқамай айтып салды. — Ойпырмай, ә, — деп Сағынай толғанып, ұзақ отырды. Iшiнен мынадай қарбалас кезде iнiсiне ел тiзгiнiнiң тигенiн онша жақсылыққа жорымады. Бiрақ билiк құмар ол тез арада ол ойынан айнып шыға кеп, насаттанып, емен-жарқын бола қалды. Тиышбек iшiнен алақанына түкiрдi. Мына кербез шалды жiбiткенiн сезiп: “Неде болса, жас етке бiр тоятын болдым”, — деп ақырын сылқ-сылқ күлдi. Ол содан қашан ет пiсiп, табақ буы бұрқырап алдарына келгенше Сағынайдың құлақ құрышын қандырды. Әрi-берiден соң, ауыл арасының сүйретпе әңгiмесiнен ұзап шығып, Хиуа, Бұхара, Қоқан хандықтарын да шолып шықты. Қыза келе ол жақын


139 арада Хиуа мен Қоқан хандары тiзе қоса бiрiгiп, Бұхараны шауып алғалы жатыр екен деп гөйттi. Сосып берi ысырылып отырып, оқшау бiр хабардың шетiн шығарып, ол: — Кеше балықшы Жақайымдардың ауылынан ешек мiнген, сақалы қауғадай бiр диуананы көрдiм, — дедi. — Ол: “Мұсылман қауымының басына кәуiп шынымен төнiп келедi. Ақырзаман жақын. Сондықтан да тасаттық берiп, құдайға жалбарыныңдар. Хиуа ханына адал қызмет етiңдер. Ертең бiр тұтас ұлы Түркiстан патшалығына қарап, айбарлы мемлекет боласыңдар”, — деп үкiт таратып жүр екен. Бiлгендер оны Ыстамбұл шәһарынан келген екен дейдi. — Рас па? Тиышбек тәттiге өкпелеген баладай табан астында шырт ете қап: — Осы, Сәке, қайта-қайта рас па дейсiң. Үйдердей мен саған қашан түбi шикi әңгiме айтып едiм? — дедi. — Мен... жәй, — дедi оның табан астында өкпелей қояды деп ойламаған Сағынай сипақтап. Сол арада буы бұрқыраған ет келiп, әңгiменi үзiп жiбердi. Тиышбек тез жадырады. Қынынан пышағын суырып ап, суға шылай салды да, еттi, ыссылығына қарамастан, турауға кiрiстi. — Былбырап пiскен екен, — деп, ол құйрық майдан кесiп алып, Сағынайдың көзiн ала бере аузына бiр-ақ тықты. Ет желiнiп болғасын, Тиышбек: — Қой, iшерiмiздi iштiк, жерiмiздi жедiк. Ауылда да бiраз шаруа бар, ендi қайтпасақ болмас, — деп орнынан тұра бердi. Сағынай шыдамай күлiп жiбердi. Ол жаман атына мiне сап, ауылдан ұзап бара жатқан Тиышбектiң ұсқынына сыртынан ұзақ көз салды. Сосын қарнын сипалап, шалқасынан жатты. Тағы да түндiкке қарады. Шаңырақтың арасынан шәйдай ашық аспан көрiндi. Ол көзiн тайдырып әкетiп, кешегi даудамай жайын ойлады. Әсiресе, жасы ұлғайғанына қарамастан, Құлқа батырдың өлермендiк көрсеткенi жайлы ойлады. “Онысы несi-ай?” — дей берiп, қалт тоқтай қалды. Есiне өздерiнiң құдандалығы түстi. Ол берi қарай аударылып жатып, қасында шүйкесiн созып отырған бәйбiшесiне қарады: — Осы бiздiң Шарапатжан қаншаға келдi? Бәйбiше ұршығын алдына қоя сап: — Шал-ау, соны да бiлмейсiң бе? — деп, оның жүзiне таңырқай қарады. — Балаң биыл отыздың бесеуiнде ғой. — Қойшы, не дейдi?! — деп Сағынай басын жастықтан жұлып алды. — Мен әлi жас екен деп жүрсем... Ойбай-ау, Шарапатжан еңiреудiң ең түбiне кеткен екен ғой. Тез, тұр! Шақырт ана құдаларды! Баласын алып кетсiн де! Сағынайдан бұйрық болғасын, дем арасында ауыл әбiгерге түстi де қалды. Ертесiне ауыл сары жұрт бола бастаған жерден көтерiлiп, жаңа бiр от жерге аударылып қонды. Қызметшiлер, қатынқалаштар зыр жүгiрiп, отау тiгiп, оның бау-шуын iлiп, самбырлай сөйлесiп, тойдың қамына қызу кiрiсiп те кеттi. Мал сойылып, жерошақтар қазылып, тай қазандарға су құйылып, қатын-қалаш шуылдасып, ауылдың бұйығы тiршiлiгi кенеттен жанданып жүре бердi. Бiр аптадан кейiн құдалар келдi. Құда тартыс, қалыңдық ойнау болды. Жас жеңгелер ойнап-күлiп, бiр жасап қалды. Үш күннен соң Шарапат ұзатылды. Ауыл тағы да баяғы бұйығы қалпын қайта тапты. Бiрақ ол бұрынғыдай емес, құсы кеткен көлше жүдеп сала берген сияқтанады. Сағынай алты қанат қараүйде бәйбiшесi екеуi шоқиып қала бердi. Қызымен бiрге барша қызығы кеткенiн сезген ерке шал көзiне келiп қалған жасты әзер тежеп, қатты күрсiндi. 21 Шыдамы таусылған Дадабек тас-талқан болды. Алдына қолын қусырып, басын иiп келген Мiрәлiнiң қара сұр жүзiне қаһарлана қарады. Оның тағы да құр қол келгенiн iшкi арамдығына жорыды. “Бу ит қазақниң қызләри қурип қалған ми?” — деп қатты ызаланып, дауысын көтерiп: — Қыз қайда? — деп қатты ақырып жiбердi. — Тақсыр, — дедi Мiрәлi дауысы дiрiлдеп. — Қазақтар қыздарын беретiн емес. — Нимә? Менгә ми? — деп, Дадабек сұқ саусағымен кеудесiн нұқыды. Оның түтiгiп кеткен өңiнде таңданыс бар. — Иә. — Мынау доңыз не дейдi? — Дадабек жанындағы жасауылдарына қарады. — Мына Сыр бойын сұрап отырған маған қазақтар өздерiнiң қи сасыған жаман қыздарын бергiсi келмей ме? Ендеше мен оларға бермегендi көрсетейiн, — деп, ол екi бетi күреңiтiп, қатты ашудан булығып қалды. Оның ойынша, Хиуа ханының бегiне қол астына қараған халықтың қарсы келуге еш хақысы жоқ. Тәртiпке көнбейтiндердiң Хиуа базарындағы арнайы құрылып қойылған дарға тоқтыша асылатыны анық едi. — Тақсыр, мен аянып жүрген жоқпын, — дедi Мiрәлi ернi дiр-дiр етiп. Дадабек оған жалт қарады. Өткiр көздерiн сығырайтып: — Бәлкiм, сен маған қызды жорта әкелмей жүрген шығарсың, а? — дедi. Мiрәлi: — Неге, тақсыр? Ондай ой басыма кiрiп те көрген емес, — деп без-без еттi. — Онда... әкелген қызың қайда? Мiрәлi не дерiн бiлмей үндемедi. Оған Дадабек жеркене қарап тұрып: — Осы сенi жертөле өртеген дей ме? — деп сұрады. — Ол... рар-рас. Сiз үшiн қыз алайын деп...


140 — Мүмкiн, сен ол қызды жорта әкелмеген шығарсың? — Құдай сақтасын. Мiне жаным, мiне иманым. — Оның рас болса, ендеше бүгiн түнде өз қызыңды әкеп, қойныма саласың! — Не, не? — Мұны күтпеген Мiрәлi тұттығып қалды. Лезде оның қошқар мұрны жалданып көтерiле түсiп, қара сұр жүзi түнерiп, бойында бағанадан берi қолдан жасап отырған мүләйiм қалпы бiр сәтте жоғалып, адырайып шыға келдi. — Өз қызыңды әкелесiң деймiн, — дедi Дадабек дауысын нықтай сөйлеп. — Өз қыз-з-зыңды... — Шәпеш Мiрәлi егкейiп, жүзi түтiгiп, iлгерi қарай бiр аттады. — Иә. Сол арада Мiрәлi әшейiнде Дадабектен жасқанатынын ұмытып та кетiп, iлгерi өңмендеп: — Мә, саған қыз, — деп қолын шығарып, бектiң мұрнына апарып иiскеттi. Мына қазақты қалай болса солай саз балшықша илеп үйренiп қалған Дадабек оны бүйтедi деп еш ойламаған да едi. Алғашқыда өзi аздап сасып та қалды. Сосын лез есiн жиып: — Жасауыл! — деп айғайлап жiбердi. Сол екен, жалаң қылыш асынған екi еңгезердей жасауыл жетiп-жетiп келiстi. Оларға Дадабек Мiрәлiнi қолымен көрсетiп: — Мына доңызни байлаңдар! — деп бұйырды. Екi жасауыл бас салды. Бiр кiсiдей қарулы Мiрәлi өзiне жақындай берген бiр жасауылды өңменiнен итерiп жiберiп, дереу кекiрейiп тұрған Дадабектiң жағасына жармаса кеттi. Ә дегенде мұның қолы алқымға жабыса түсiп, оны қылғындырып, кеңiрдегiн қыса бастады. Сасып қалған Дадабек мұның қолына жармасып, оны жазып жiбергiсi кеп, қатты жұлқынды. Бiрақ бар күшiн сап керi итерсе де, Мiрәлiнiң мұның алқымын сыға түскен қарулы саусақтары оңайлықпен жазыла қоймады. Алыс-жұлыс үстiнде Дадабектың тынысы тарылып, бақадай ашқан аузынан сiлекейi ағып, ауа жетпей, қырылдай бастады. Аздан соң оның көз алды тұманданып кеттi. Екi жасауыл әдепкiде абдырап қалды. Ендi сәл кiдiрсе, Дадабектiң жайы қиын боларын сезiп, бiрi тез ес жиып, анадай жерде жатқан келдектi жүгiрiп барып ала сап, осы кезде тырбаңдаған Дадабектi астына баса құлай берген Мiрәлiнiң жанына жетiп келдi. Көп ойланып жатпастан, келдекпен басына бiр қойды. Мiрәлiнiң басынан күндыз бөркi ұшып түстi. Екiншi соққы оның қара құсына тиiп, басы дың ете түсiп, айналып жүре бердi. Iзiнше саусақтары ұйыған сықылды бiр түрлi жансызданып, ерiксiз жазылып бара жатты. Жасауылдар Мiрәлiнiң қолын артына қайырып, байлап тастады. Орнынан атып түрегелген Дадабек ыза мен ұяттан қап-қара боп, Мiрәлiнiң бетiне былш еткiзiп бiр тептi. Етiгiнiң нәл қағылған өкшесi тиген қошқар мұрнынан жылып қан аяқты. Дадабек оны тағы да тептi. Сосын жасауылдарына қарап: — Шу доңызни дарияға алып жүрiңдер! — деп бұйрық бердi. Ендi бiр топ сарбазды Зағипаны алып кел деп, суыт жөнелттi. Бұл кезде жазғы күн кос құлақтанып, қызара батып бара жатыр едi. Батыс жақ өрттей қып-қызыл. Сырдың иiрiмдi, терең тұсына сұғына төнiп тұрған биiк жарқабаққа сарбаздар Мiрәлiнi сүйрелеп әкелдi. Мойнына ауыр тас байлады. Сосын бәрi ат үстiнде тұрған Дадабекке жаутаңдап қарады. Дадабек мүлдем қатуланып алыпты. Ол Мiрәлiге көз қиығын да салмастан, қолын кiжiне сiлтеп кеп қалды. Сол екен, еңгезердей екi жасауыл қол-аяғы байлаулы Мiрәлiнi қап сияқты көтерiп ап, ырсылдап, әрi-берi тербете бастады. Мiрәлiнiң зәресi ұшып кеттi. Бiрақ жалынып-жалбарынғаннан дәнеменiң өнбесiн сезiп, өзi кәдiрiн бiлмей келген мына жарық дүниеге алақ-жұлақ етiп қарады. Екi жасауыл тербеткен сайын, төбесiнен төнiп тұрған көк зеңгiр аспан, ұшпа бұлттар бiр түрлi жан бiткендей теңселiп, мұның басы айнала бастағанадй болды. Ол қысылтаяң кезде жан ұшыра, барқыраған даусымен айқайлап: — Әй, Дадабек, құдайдан тап! — дедi. Осы кезде екi сарбаз Мiрәлiнi жар басынан лақтырып та жiберген едi. Мойнына байланған тас төмен қарай бар салмағымен тартқан Мiрәлi жаман дауысымен айқайлаған қалпы сарқырап ағып жатқан Сырдың лайлы, сарғыш суына барып шолп ете түстi. Демде оның бетiне салқын тамшылар шашырады. Содан кейiн лайытқан су оның аузына, мұрнына кiрiп, тынысын тарылтып, төмен қарай тарта жөнелдi. Мiрәлi ақтық демiнiң алдында қатты-қатты бұлқынды, бiрақ қол-аяғын байлаған қыл арқан шешiлмедi. Мұрны қатты ашып кеткен ол аузынан соңғы демiн көпiршiте шығарып, көз алды қарауытып, әлдеқандай құрдымға бата жөнелдi. Аздан кейiн жайқын Сыр дәнеме де болмағандай, лайытқан қалпы сарылдап ағып жатты. Хиуалықтар қамалға қайтты. Көбiнiң, әсiресе, әлi шайқасқа араласып көрмеген жас жiгiттердiң қабақтары түсiп кетiптi. Олар үн-түнсiз келедi. Кейбiреулерi Дадабекке ырза болмай, күңкiлдесiп қояды. Шамалы уақыттан соң есiрген сарбаздар Мiрәлiнiң ауылын тас-талқан ғып, Зағипаны ат артына өңгерiп алып келдi. Қара торы келген әдемiше қызға Дадабек жемтiк көрген күшiгенше iшiп-жеп қарады. Алыс-жұлыста жыртылған көйлегiнiң етегiнен жарқ етiп көрiнген ақ санына мұның көзi ерiксiз түсiп кетiп, аңсары ауып, құмары қозып сала бердi. Сосын оған жақын кеп, қолын қыздың зерлi көкiрекшесiн сыртқа шiрей теуiп тұрған қос анарына соза берiп едi, Зағипа тағының тырнағы тигендей шоршып түстi. Соны көрiп, Дадабек зорлана жымиып: — Қорықпа! Мен сенi жемеймiн, — деп, қолын созған күйi оған жақындай түстi. Зағипа қара көзi кектене жарқырап, шегiне бердi де, арқасы қабырғаға тiрелiп, бiр уыс боп, жиырыла бастады. Ол жүн-жүн қол омырауына жақындай бергенде, шалт қимылдап, зерлi көкiрекшнiң iш жағынан болат кездiктi суырып алды. Дадабек шошынып, қолын тез керi тартты. Осы кезде екi жасауыл жанын шүберекке түйiп, неден болса да тайынбасқа бел буған қызға екi жақтан жақындай бердi. Зағипа жан-жағына алақтай қарап, орнынан қозғала алмады. Қыздың осы қалпын көрген екi хиуалық ақырындап жақындай-жақындай бере, кенет оқыс атылып кеп, қыздың кездiк ұстаған


141 қолының бiлегiне жабыса түстi. Қатты қысқан қарулы қолдан Зағипаның балғын саусақтары бiр сәтте жансыздана бастап, күшi қашып, ақыры ерiксiз жазылып кеттi. Екiншi жәлләд кездiктi жерден шалт қимылдап, жылдам ала сап, керi бұрыла бердi. Дадабек күтушi әйелдерге тез әмiр қылды. Олар шуылдаса жүрiп, Зағипаны шомылдырып, оның жел тимеген бәдәнiне зәйтүн майын жағып, алақандарымен шапаттап ұрып, әбден бабына келтiрiп, сылап-сипады. Сосын қыздың қасы мен көзiне сүрме тартып, бетiне опа-далап жағып, бүлк-бүлк еткен үлпiлдек тамағына иiс су септi де, соңында оны қоңыр салқын суға түсiрiп, терiн сүлгiмен сорғытып сүртiп болғасын, екi қолтығынан алып, сүйрелегендей етiп, басқа бiр бөлмеге кiргiздi. Оны анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш шешiндiрiп, кiлем төселген тақтай сәкiге жатқызды да, өздерi бөлмеден тез сыпырылып, шығып кеттi. Шамалыдан соң Дадабек көйлек, дамбалы ағараңдап, iшке кiрiп келдi. Ол келе жан ұшыра алысқан Зағипаны қарулы қолымен қапсыра құшақтай алып, кiлем үстiне алып ұрды. Сосын оның екi қолын басынан асыра кiлемге басып ұстап тұрып, екi санын екi жаққа қарай тiзесiмен күштеп айырып, бар салмағын салып, жабыса түстi. Зағипа әлi құри бастағанын бiлдi. Сәлден соң кеудесiн жаныша бастаған жүн-жүн кеуденiң салмағынан тынысы тарылғандай болды. Ол басын екi жаққа қара бұрып, аяқтарымен тепкiлеуге тырысып, бұлқынып көрiп едi, сақалы тамағын қыдықтаған Дадабек одан әрмен жабыса түстi. Оның екi тiзесi қозғалатын емес. Сол арада Дадабек мұның екi қолын жiбере сап, қос қолымен екi иығын жабысып, өзiне қарай тартты. Ендi қыз мүлдем қозғала алмай қалды. Сол арада... Зағипа кенеттен оқыс шыңғырып жiбердi. Ол өз денесiне, пышақ салған сынды, әлдеқандай қатты бiрдеменiң ожарлана бойлай енiп бара жатқанын сезiп, екi өкшесiмен жер тiреп, арқасымен керi ысырыла бастады. Бiрақ екi иығынан алған қарулы екi қол оны өзiне қарай жабыстыра түстi. Қыз сол арада бiр уыс боп жиырылап, дәрменi құрып, басын жерге соққылап, еңiреп жылап жiбердi... *** Дадабек кеуiлi жай тауып, екi бетi алабұрта күреңiтiп, өз бөлмесiне қайтып келдi де, бас жасауылды шақырып ап: — Мына қызды ауылына апарып тастаңдар! — деп бұйырды. — Құп, тақсыр! — Сосын, — деп, Дадабек оғаш жымыраңдады, — ертең тағы да осындай бiр қыз әкелiңдер!

22 Шiрiк Рабаттың маса-сонасы аз, салқын, сабатты жайлауында Тоғанақ батырдың ауылы сары жұрт боп отырып қалған едi. Өз алдына отау боп шыққан бәйбiшесi күнде кеп, көшi-қон жайын құлақ қағыс қып кетедi. Өзiне салса, мұның осы арадан онша алысқа аударылып көшкiсi жоқ. Ол бiр түрлi жалқау ашып, былтыр алған жас тоқалына кешкiсiн жанып бара жатқан аяғын уқалатып жатып, арғы-бергiге көз жүгiртедi. Бұрынғы жау қуған заманын есiне алады. Мына Сыр бойына Қаратау жағынан ауып келген қарақалпақтармен қол құрап шайқасқанын, оларды қуалай-қуалай Қаразым жұртының ойына дейiн ығыстырып жiбергенi жайлы ойлайды. Оған ендi не заман? Кәзiр бұрынғыдай емес, қайраты қайта бастаған. Бәдәнiнiң тозып келе жатқанын сездiргендей көк жүзiне тоқымдай бұлт айналса болды, сүйек-сүйегi сырқырап қоя бередi. Одан бөлек, батырдың жанына айрықша батар және бiр жәйт бар. Ана жатырынан жалғыз басы сопайып туған бұның соңынан қара ермей қойды. Әуелгi алған әйелi үштөрт қыз бала тапты да, тоқтасып қалды. Соны көрiп батыр: “Құдай құрамағанды адам құрап болмайды деген рас екен. Жазмыштың жазуы осы болса, не iстейiм? Тұяқсыз өте берем де”,— деп ойлап, қымқуыт тiршiлiктiң қызығынан жерiнiп, қараүйде жатып алған. Шақырған жерлерге бармаған. Сондай бiр күнi немере iнiсi Сәндiбек кеп, батырдың кеуiлiн аулап, араға делдал боп жүрiп, мына жас тоқалды алып берген едi. Одан берi де бiр жылдың жүзi болды. Бiрақ жас тоқалы құрсақ көтермей қойды. Тек биыл көктем туа жас тоқалдың екiқабат екендiгi бiлiндi, ол бiр айдай киiк етiне жерiк боп, жүдепжадап кеттi. Кәзiр оның әжептәуiр бiлiнiп қалған iшi кең тiгiлген шәйi көйлек сыртынан айқын сезiле қоймаса да, жүрiс-тұрысының бұрынғыға қарағанда ауырлай бастағаны байқалады. Тоғанақ батыр бүгiн тағы да әдеттегi дағдысына бағып, жас тоқалға аяғын уқалатып жатыр едi, iшке жайқаңдап бәйбiшесi кеп кiрдi. Оны көрiп, жас тоқал қолын дереу тартып ала қойды. — Өй, оның не? — деп бәйбiше сайқылана күлiп, тiзе бүктi. — Батыр-ау, бiр орныңда тапжылмай жатып алдың ғой. Айналада мал жейтiн шөп қалмады, жердiң ақ шаңдағы шығып барады, — деп ол күнделiктi әнiне баса жөнелдi. Тоғанақ батыр бәйбiшесiнiң күндегiше құлағының құрт етiн жей беретiнiн бiлiп, басын төсектен көтерiп алды да, оның жүзiне салқын қарап: — Жарайды, қоймадың ғой. Жүктердi буып-түйiп, тақтала берiңдер. Ертең таң ата көшемiз, — дедi. Бәйбiше зәрлене күлiмсiреп, әлi де айтар сөзi бардай iркiле бердi. Батыр оған көзiнiң астымен жақтырмай қарады. — Батырекесi, мен жаңа бiр суық хабар есiттiм. — О не? — дедi Тоғанақ тiксiнiп. — Кеше Мiрәлi сардарды Дадабек мойнына тас байлап, дайраға атыпты. Қызы Зағипаны масқаралапты... — Қойшы! Не дейдi?! — Тоғанақ аяқ-қолын қалай жиып алғанын бiлмей де қалды.


142 — Бәрi рас дейдi. Ол Мiрәлi, қара жер хабар бермесiн, кеше ана қайнымыңдың басына қамшы үйiрiп едi. Сүйткен сарты... — Әй, қысқарт! — деп Тоғанақ кенет ақырып жiбердi. Бәйбiше жым болды. Тоғанақ мына хабардың растығына еш шүбәланған жоқ. Өзi Мiрәлiнiң Дадабекпен ынғайласып ап, арам-алысқа ауызын көп арамдағанынан шошынатын едi. Анада Сәндiбек таяқ жеп, күйiп кеп, арыз айтқанда, бiр жаманшылыққа ойы анық ауып тұрса да, бұл өзiн-өзi зорлап басып, немере iнiсiне: “Зекет — пайғамбардан қалған жора. Сен содан қашып, әруаққа қарсы боп отсың. Ендi мен сенi қорғасам, елжұрт не дейдi? Әбiрейден не қалады? Одан да Мiрәлiнiң сұрағанын бере салмадың ба?” — деген. Бiрақ iш жағынан Мiрәлiнiң сыртында тұрған пiлтабан Хиуа ханының өзiне деген ашу-доғы жатқанын сезген. Есiне өзiне Дадабектiң талай рет кiсi жiберiп, қонаққа шақырғаны түскен. Бұл оның бәрiне де барған жоқ. Ондағы ойы Дадабекпен жүз жылытып алғасын, ертең оның зорлық-зомбылығын көрiп отырып, ештеңе дей алмайды. Және бiр қолбайлау болған Ырғыз жағындағы орыс бекiнiсiнен келген кiсiлер едi. Олар мұны генерал Перонскийдiң бiлетiнiн, мұнымен санасатынын айтып, көп сияпат тартып, батырдың қол-аяғын жiпсiз шырмап кеткен-дi. Содан берi бұл ел дауына араласпай, өзiмен өзi боп жүр. Мұның өзiне салса, халқының ешкiмнiң табанына тапталмай, өз алдына бөлек ел боп отырғаны мақұл. Бiрақ оны қазаққа кiм бередi? Жат жаулардың табанында езiлiп жатқан оны: “Бiз де бiр азат болайықшы”, — деп ұлы жолға түсуге кiм бастайды? Бұ жағдай ана сардар боп, лауазым, шеншекпен ап, атқа мiнiп жүрген кемойлылардың миына кiрiп шыға ма екен? Олар кемдiк көрiп жүрген халықтың қамын жей ме? Қайта ондайлар атам заманда қурап қалған әкесiнiң сүйегiн қасиеттеп, өз руының намысын жыртып, елдi iштен iрiтiп отырған жоқ па? Мықты болсаң, осындай алты бақан ала ауыз жұрттың басын құрап көр. Соны ойлай келе, Тоғанақ батыр ертең ақ патша орам ала бастаса, оның бес қаруы сай әскерiмен Хиуаның да, қазақ қолының да табан тiреп, жөндеп соғыса алмайтынын бiлiп, түбi кәтерлi шаруға ыссылай ұрынбайын деп, ешкiмге де iшiн ашпауға бел буған-ды. Ендi Дадабектiң мына қылмысын естiп, мұның арты неге апары соғар екен деп, түйiлiп, отырып қалды. Сол үстiне Шәки кеп кiрдi. Ол кешелерi болған жайды бастан-аяқ мөңiретiп айтып бердi. Оның айтуынша, Әлiмдердiң бас көтерер азаматтары жаудан кек аламыз деп, жан-жаққа шабарларын жiберiп, шұғыл түрде жиналып жатқанға ұқсайды. Олардың арасында Қарасақал Дабыл, Шобан Тiлеулi жәнә Құлтас Жақып батырларды бар дейдi. Сөз арасында Шәки Мiрәлiнiң ажалына негiзгi себепкер болған Кiшкене Шектi Асан Байбосын мен Жаманқұлдар көрiнедi деген бiр қолайсыз әңгiменiң шетiн шығарды. Әсiресе, соңғы жылдары Дадабекпен iшек-қарны майлы қасықтай араласып кеткен Жаманқұл қулықпен оны неше түрлi қолайсыз шаруаға айтақтап қойып жүрген сияқты. Тоғанақ батыр Мiрәлi мен Жаманқұлдың арасында қырбай барын бұрыннан бiлетiн едi. Ендi Шәкиге бiрден ашыла қоймай, iшiнен: “Солай болса, солай шығар”, — дедi де, тез бiр шешiмге кеп: — Мақүл, жақын арада жетемiн, — дедi. Тоғанақ батыр Шәки кеткен бойда қасына бiр-екi кiсi қосып, Сәндiбектi Әлiм жұртының қабырғалы бiр биiне мән-жайды бiлiп кел деп жiбердi. Iнiсi бiр-екi күн-нен соң қайтып келдi. Бұлар әлгi бидi Ақжонада болып жатқан жиыннан табады. Олар сөйлесемiн дегенше, Жаманқұл Сәндiбектi “жансыз, Тоғанақтың жақын iнiсi” деп Дадабекке сыртынан көрсетiптi. Соны естiген бойда, бұлар түнде тез атқа қонып, суыт жүрiп отырып, Дадабектiң қанды құрығынан шаққа дегенде құтылып шығыпты. Сол күнi Жаманқұлдың сөзiн бұларға жеткiзген Нұржан дейтiн кiсiнi Дадабек қалың елдiң алдында қинап, азаптап өлтiрiптi. Соны есiткенде Тоғанақтың көзi қарауытып кетiп: “Бәлем, тоқтай тұр! Сенiң ме!?” — деп, iшiнен кiжiнiп, бiр сәтке үнсiз қалды. Арада бiрнеше күн өткен соң Тоғанақ батыр Жаманқұлдың Майлыбасқа жақын жердегi жұрттан салық жинап жүргенiн есiттi. Ол қасына он шақты жiгiттi ертiп, дереу атқа қонды. Бұлар араға бiр қонып, екiншi күнi таң әлетiнде Жыланды Сәркеде жүрген Жаманқұлдың дәл үстiнен түстi. Бiр ойлау жерде тiгiлген ақ отауда жатқан Жаманқұл түрулi тұрған iргеден мұны көрсе керек, дереу бiр-екi сарбазын бұған қарсы жұмсады. Бұл олардың iшiнде Жаманқұлмен ыңғайлас боп жүрген түрiкмен Сәлiмбет батырдың бар екенiн көрдi. Сәлiмбет мұнымен баяғыдан берi бақталас, қырбай болып жүрген кiсi едi. Ол астындағы атын ойнақтатып жеткен бойда: —Жекпе-жек! Жекпе-жек! — деп айғай салды. — Болсын! — дедi бұл да шыдамай. Олар ортадағы күмшауыт алаңқайда бiр бiрiн жеңiсе алмай, көп алысты. Сәлiмбет батыр айлалы екен, талай рет мұның уысынан бұлт етiп шығып кеттi. Ақыры бұл бiр қапысын тапты. Түрiкменнiң сiлтей берген найзасын қалқанымен қағып жiберген кезiнде, Сәлiмбет сол жағына қарай аздап ауытқып кеттi. Дәл осы сәтте бұл оны шоқпарымен қақ басынан бiр қойды. Дулыға дың ете қалды да, қатты соққыдан басы айналып кеткен Сәлiмбет қолындағы найзасын жерге түсiрiп жiберiп, ердiң басын құша бердi. Осы кезде оның басына екiншi соққы кеп тидi. Сәлiмбет ендi теңселiп, ат үстiнде аз тұрды да, кенет жерге гүрс етiп құлап түстi. Оның бiр аяғы үзеңгiден шықпай қап, құлап түскен егесiнен шошып, бет алдына үрке қашқан атпен бiрге бiраз жерге дейiн сүйретiлiп барды да, ақыры үзеңгi үзiлiп кетiп, жерде шаң-шаң жатты. Соны көрген Тоғанақ атын тебiнiп қап, оның жанына жете бере жерге қарғып түстi де, аяғын жылдам басып барып, ес-түсiн жия алмай жатқан түрiкменнiң сақалынан уыстай ұстап, басын сәл шалқайта бере жұтқыншағы бүлкiлдеген тамағынан қанжарымен мауыздап жiбердi. Сол екен, кесiлген күре тамырдан қара қошқыл қан шапшып қоя бердi. Батыр ендi мойын омыртқаның жiгiн көздеп, қанжарымен тура шауып, түрiкменнiң сопақ басын кесiп алды да, оны Жаманқұлдардың ошарылып тұрған жiгiттерiне қарай лақтырып жiбердi. Мұны көрген олар бет-бетiне тым-тырақай қаша жөнелдi. Тоғанақ оларды қумай, қайтадан атына мiнiп, ауылға келдi. Өз жiгiттерiне iздетiп, бiр үйде жинаулы тұрған теңнiң арасында тығылып жатқан Жаманқұлды таптырып алды. Жаманқұл ұзын бойлы, түрi сарт сықылды қара кiсi едi. Ол қорыққанынан жүзi одан әрмен қап-қара боп, иегi дiр-дiр етiп:


143 — Батыр, жан сауға! — дедi. — О кәззәп, жан тәттi ме екен? Сен неге ана Мiрәлiнi өлтiрттiң? — деп, Тоғанақ қатты ақырып жiбердi. — Батыреке, о-о-о-о-ны өлтiрткен мен емеспiн. Онда iж шаруам жоқ. Қыз әкелмегесiн, оны өлтiрген... Дада-бектiң өзi... Кегiңдi содан ал... — Кегiңдi? — Батыр оған не дерiн бiлмедi. — Онда ана түрiкмендi менi өлтiр деп неге жұмсадың? — Оны жұмсаған емеспiн, оның өзi ғой сенiмен бақ таластырып жүрген. Мiне, жаным, мiне иманым! Шақшабас түрiкмендi саған қарсы жұмсап... менi перi қаққан ба? Бар-жоғы, ол менiң абызымда жүрген бiреу ғана. Сол үшiн өлтiрем десең, мiне кәлләм! Онда жазықсыз қаным мойныңда кетедi, — деп, Жаманқұл айла жасап, басындағы бөркiн лақтырып жiбердi де, мұның алдына жығылды. Оның жiңiшке ұзын мойнының етi ала жарғақтанып кеткен екен. Қылышының балдағына қолын апара берген батыр соған жеркене қарап тұрып, аз iркiлiп: — Жазықсыз дейсiң, ә? Оны тексерiп көре жатармыз. Әзiрге шыбын жаныңды қидым. Осыдан екiншi рет кездессең болды, айтпады деме, аямайым, — дедi де, қолын керi тартып ап, жалт бұрылып, атына қарай жүре бердi. Тоғанақ батыр аулына келгесiн бiр қонып, ертесiне қасына жiгiттерiн ертiп, жолға шықты. Ол Әлiм, Шөменнiң шекарасы боп саналатын Майлыбастың әр жағындағы, Басықараға жақын жердегi бiр төбенiң ойында отырған Ережептiң ауылына жеткенде, оған кеуiл айтуға келген кiсiлердi көрдi. Бұл олардың жүзтаныстарымен амандасып, атынан түсiп, Ережептiң үйiне кiрдi. Оның сағы сынып қалыпты. Жүзi жадау. Төрге отырғасын, Тоғанақ оған кеуiлқос айтты. Ызалы Ережеп бұған жалбарына қарап: — Төке, атаңның күш-қайраты қонған қара шаңырақ едiңiз. Сiз тұрғанда, арқамызды тауға тiретендей боламыз. Ендi мынадай күн туып отыр. Сонда... осылайша кiм көрiнгенге кегiмiз кете бере ме? Ау, бiз де iргелi ел емес пе едiк? — дедi. Тоғанақ Ережептiң ашынған жүзiне қарап, ақырын ғана мырс еттi: — Iргесiн жауға алдырып жатқан елде қаңғып жүрген о нағылған қасиет? — Неге, Төке? Кешегi қара қалмақтың қырғынынан аман қалған ел мына өз тiзгiнiне өзi еге бола алмай, жат дұшпанның, Хиуаның табанында тапталып отырған нәубеттi кезден де аман-есен қалады. Тек... бастаңызшы. Халқыңыз соңыңыздан бiрi қалмай ередi. — Ә, солай ма? — деп Тоғанақ оған тiктеле қарады. — Соны бұрын бiлсеңдер, iнiмнiң басына қамшы үйiргендерiңе не жорық? Жарайды, мен саған өкпе айтайын деп отырған жоқпын. Белгiлi әулеттiң ендiгi қалған үлкенi өзiңсiң, саған осыны сабақ қыл деп айтып жатырмын. Жарайды, халықтан асып қайда барам? Билерге кiсi жiбердiңдер ме? — Иә, Төке, — деп Ережеп тез арада кеуiлденiп сала берді. — Кiсiлер Басықараға жиылып жатыр. — Дұрыс екен. Батыр iске тез кiрiстi. Сол күнi Шiрiк Рабатқа қайтып кеп, жүктердi буып-түйдiрiп, бiр түн iшiнде бар аулын Қарақ жаққа асығыс көшiрiп жiбердi. Сосын өзi сауытын киiп, бес қаруын асынып, қалқаны мен шашақты найзасын қолына ұстап, дулығасы жарқырап, Басықараға тартып кеттi. Ол жолшыбай ұшырасқан Дүзбайдың ауылына бiр қонып, ертеңiне iңiр әлетiнде Басықараға кеп құлады. Бұлар ауылдың желкесiндегi қара жалға екпiндеп шыға келгендерiнде, өз көздерiне өздерi сенбей, сәл тұрып қалды. Iлгергi жаққа қараса, сонау дария жиектен басталатын кең алап әр жер әр жерде жылтыраған отқа толып кеткен екен. Жорық қосының жанында ас пiсiрiп жүрген кiсiлердiң тұлғалары түнгi қараңғылықта от жарығымен зорайып көрiнедi. Жаңқылдасқан дауыстар жаңғырыға естiледi. Тоғанақ соларға қарап тұрып, iшiнен: дулығасы жарқырап: “Апырмай, бiздiң де басымыз құралады екен-ау! Бiз де ел боп, ат жалын тартып мiне алады екенбiз-ау!?” — деп шүкiршiлiк қып, қасындағы атқосшыларына көзiне келiп қалған ыссы жасты көрсетпей, атын тебiнiп қап, iлгерi қарай жүрiп кеттi. Сол күнi ол Басықарада қонды. Ертеңiне әруақтарға бағышталған құдажолы берiлдi. Содан кейiн бұл Қарасақал Шағырай батырмен ақылдасып, ертеңдерi не iстеп, не қоятындықтары жөнiнде сөйлестi де, жиылған жiгiттердi жүздiктерге бөлiп, жүзбасыларды тағайындады. Он жүздiк бiр мыңбасыға бағынатын боп келiсiлдi. Сосын жиылған кiсiлердiң жалпы санын есептеп, олардың мыңға бөлiп, үш мыңбасы белгiлендi. Сосын түнде болған кеңесте Тоғанақ батыр жаудың осал еместiгiн, олардың мылтық пен зеңбiрiктерi барлығын ескертiп, дұшпанды қалайда аңсыз отырған жерiнде, қапыда басудың керектiгiн айтты. Шағырай батыр да, басқа жүзбасылар мен мыңбасылар да мұны бiр ауыздан құптады. Содан соң Тоғанақ iске шұғыл кiрiстi. Бiр күн iшiнде сыңсыған ауыр қолды Сырдан өткерiп, түнде бөлекбөлек жүрiп отырып, Қуаңның iшiне дендеп ене бердi. Олар бiр арада аз дамыл қылды да, тағы да атқа қонып, түн қараңғылығын жамылып, суыт жүрiп отырды. Үркер туа қалың қол Құмқамалға жетiп, оны үш жағынан кеп қоршады. Батыр шайқасты басқаруға ыңғайлы-ау деген бiр биiк төбенiң басына жорық қосын тiккiздi. Ешкiмге от жақтырмады, кiсiлердi қатты сөйлестiрмедi. Аздан соң ой жақта қабырғасы қарауытып тұрған қамалды көзiмен шолып шығып, ол бiр шешiмге кеп: “Таң ата шабуылды бастаймыз”, — деп, жүзбасыларға шабармандарды асығыс шаптырып жiбердi. Аздан кейiн бiр қанды сұрапылдың басталарын сезген-дей, Сыр бойының жазғы қысқа таңы сазара атып келе жатты.

23


144 — Бастаңдар! Әмiр болысымен-ақ Құмқамалды қоршаған ауыр қол үш жақтан лап қойды. Атты әскер қыл шашақты найзаларын оңтайлап ұстап, жалпақ қоңырлықтың шаңын ұшырып, дулыға, қалқандары бiр шетi қылтиып шығып келе жатқан күн сәулесiне шағылысып, селдей қаптап келедi. Олардың салған айғай-ұраны жер жарады. Осы бетiмен ұлы селше жөңкiлiп келе жатқан ауыр қол алдындағы қамалды екпiнiмен жаңқа құрлым көрмей ысырып әкетiп, тапап, жермен жексен етiп кететiндей. Хиуалықтар да тақ отыр екен. Қамал диуалының үстiңгi жағында мылтық атуға арналып жасалған кiшкене тесiктен сарбаздардың бастары қылтиып көрiнiп қалады. Олардың көбi мылтықтарын кезенiп алыпты. Қалың қол жөңкiлген бойы қамалға жақындай бергенде, диуалдың жоғарғы жағынан мылтықтар бытырлап атыла бастады. Оқ тиген екi-үш жiгiт қолдары ербеңдеп, ат үстiнен құлап түстi. Олармен қатар шауып келе жатқан Елдес жан-жағына қарамады. Өзiмен Қалдыбай, Қожақ, Қалмырза, Шәкилер үзеңгi қағыстыра шауып келедi. Әзiрге оларға оқ тие қойған жоқ. Елдес сол арада алдыңғы жаққа көз тастап едi, қаһарлы қолдан асып-сасып, жаңқылдаса сөйлесiп, әрлi-берлi жүгiрiп жүрген хиуалықтар көрдi. Олар бәрi жабылып, ауызы үңiрейген бiрдеменi бұларға қарай туралауға тырысып жатыр. Елдес iшiнен: “Бұ не болды екен?” — деп ойлап қойып, найзасының сабын сығымдай ұстады. Екi көзiн әлгiнiң үңiрейген өңешiне таяқпен бiрдеменi тыққылап жатқан хиуалықтардан айырмады. Осы кезде қазақ қолы селдей қаптап, қиқулап, қамалға жақындап та қалған едi. Кенет әлгi үңiрейген ауыздан көк түтiн бұрқ ете қалды. Iзшше күн күркiрегендей бiр дыбыс шықты. Ысқыра ұшқан доб түйдектеле шауып келе жатқан қазақ қолының ортасына барып түстi. Ала шаң бұрқ ете қалды. Жарықшақ тиген бес-алты ат қатты шыңғырып жiберiп, омақаса құлады. Он шақты кiсi жер қапты. Сол арада бiр жарықшақ мұның төбесiнен ысқырып өте шықты. Елдес одан шошып, көзi аларып, басын ала қашқан атының ауыздығын кере тартты. Ол ендi бұрыла берем дегенше, екiншi доп кеп анадай жердегi қатқылға түсiп жарылды. Елдестiң табан астындағы жер дiр ете қалғандай болды. Ендi астындағы аты құлындағы дауысы құраққа шығып, әл бермей, бетi ауған жағына қарай шаба жөнелдi. Елдес атын әкебабадан бермен қарай сыбап, басын шаққа дегенде бұрып едi, күттары қашып, естерi шығып, керi қарай тым-тырақай қашып бара жатқан жiгiттердi көрiп, зәресi ұшып кеттi. Елдес оларға қарап, бiрдеме деп айқайлап едi, оны тыңдаған ешкiм болмады. Қайта арт жақтан арлап келе жатқан бiреу мұның атын омырауымен қағып, құлатып жiбере жаздады. Ендi басқа лаж қалмағанын бiлген Елдес атының басын тез бұрып ап, жiгiттердiң соңынан салды. Ол қоңыр төбенiң ойына жеткенде, әрлi-берлi шапқылап, боқтай жүрiп, есi шығып кеткен жiгiттердiң бас-аяғын шаққа дегенде жинап алған Ережептi көрдi. Оның өңi қуарып кетiптi. Елдас оның жанына кеп тоқтады. — Ендi нағылдық? — дедi ол Елдеске қарап, айқайлай сөйлеп. — Тоқта, есiмiздi жиып алайық, — дедi Елдес ентiге сөйлеп. — Қамалдың мына жау келедi деген дарбаза жақ бетiне зеңбiрiк қойған екен. — Иә, сүйтiптi. — Менiңше, бұ жолы арамызды алшақ салып шабайық. Бiзге тек дарбазаға жетiп алу ғой. Оны ашқасын, iшке лап қоямыз. Сол арада қамалдың терiскей жағынан у-шу шықты. Елдес пен Ережеп ат үстiнен созыла түсiп қарап едi, терiскей жақтан қамал iргесiне жетiп үлгерген жiгiттердiң биiк диуалға басына ұшына қармақ тәрiздi темiр байланған қыл арқандарды лақтырып iлiп, жоғары қарай өрмелеп бара жатқандарын көрдi. Хиуалықтар оларға қарай жоғарыдан тас, күм салынған қаптарды лақтырып, шелек-шелек ыссы суды құйып жатыр. Әне, биiк басына жақындап қалған бiр жiгiт, өзiне тиген ауыр тастан қолы арқаннан шығып кетiп, жерге құлап түстi. Жоғарыдан ақтарылған ыссы су үстерiне лақ ете қалған бiрнеше жiгiт те төмен қарай құлады. Сонда да жiгiттер өлермендiк көрсетiп, алған бетiнен қайтар емес. Бұларға Тоғанақ батырдың шабарманы жетiп: — Батыр тағы бiр шабуылдасын, хиуалықтарды алаңдатсын деп жатыр, — дедi. — Құп! — деп, Елдес жiгiттерiне қарады. — Ендi араларыңды алшақ етiп шабыңдар. Иә, әруақ, өзiң қолдай гөр! Дөйт! Дөйт! — деп ол ұран тастап, атын тебiнiп қап, алға қарай ұмтылды. Жiгiттер қайтадан лап қойды. Олар бұл жолы түйдектелмей, бытырай шапты. — Әруақ! Әруақ! — деген қаһарлы дауыстары жер-жәһанды күңiрентiп барады. Қалдыбай, Ережеп, Қожақ, Шәкилер қатар шауып келедi. Алдан тағы да мылтық атылды. Бiр оқ келiп Ережептiң оң иығынан ұрды. Ол толқып кетiп, қолындағы қылышын жерге түсiрiп жiберiп, ерiксiз ат жалын кұшты. Жанында келе жатқан Шәки оған жәрдемге ұмтылды. Зеңбiрiк осы жолы үстi-үстiне атқылады. Бiрақ бытырай шапқан қалың қолға онша көп зиян келтiре қоймады. Небәрi бiр-екi жiгiт қана ұшып түстi. Осы кезде Елдес бастаған жүздiк ағызған бойы дарбазаға жетiп те үлгерген едi. Бiрақ жетерiн жетсе де, сом темiрден тұтас етiп құйылған ауыр есiкке не iстерiн бiлмей, алғашқы сәтте аңтарылып та қалды. Сол арада талайды көрген Елдес тез ақыл тауып, жiгiттерге: — Қақпаға өрмелеңдер! Iшке кiрiп, есiктi ашу керек! — деп дауысы барқырай айқайлады. Өзi бiрiншi боп, арқанын диуал басына қарай лақтырып iлiп алды. Басқа жiгiттер де арқандарын лақтырып iлiп-iлiп алысты. Сосын бәрi жоғары қарай өрмелей бастады. Олар диуалдың басына жете бергенде, әр жағынан жалаң қылыштарын оңтайлап ұстап алып, өздерiне қарап тұрған хиуалықтарды көрдi. Елдес артына бұрылып, басқа жiгiттерге: — Өрмелеңдер! — деп айқайлады. Сол арада сауыт-сайманы жарқырап, ештеңеден жасқанбай, жүздiгiн бастап, дарбазаға қарай ағызып келе жатқан Тоғанақ батырды оның көзi шалып қалды. Сол жанына медеу боп, Елдес ендi


145 жасқанғанын ұмытып кетiп, қамалдың iшкi жағына бiрiншi боп қарғып түстi. Оның соңынан басқа жiгiттер де қарғып түсе бердi. Бұларды көрген хиуалықтар қылыштарын жалаңдатып, жан-жақтан лап қойды. Тәсiлқой Елдес өзiне ұмтыла берген бiр қара сақал хиуалықты алдап, жалған қимыл жасап, қылышын көлденең тоса қойды. Қос қылыш бiр бiрiне тиiп, шақыр-шұқыр ете қалды. Бұл қылышын тайдыра бере, жорта сiлтеген боп едi, анау қорғанып, қылыш ұстаған қолын сәл жоғары көтерiп қалды. Елдес сол сәтте лып еткiзiп қылышын сiлтеп қап, өзiне қарай тарта, сыр еткiзiп қиялай шапты. Сәлден соң дағарадай сәлде ораған, қаба сақалды хиулаықтың басы сабағынан үзiлген алмадай домалап бара жатты. Оның бассыз қалған денесi бiр дiр-дiр ете жиырылып, сәтке селтиiп тұрып, тұрып, тұрып, кенет жерге күрс етiп құлап түстi. Қалмырза, Қожақ, Қалдыбайлар да шын айқасқа ендi кiрiскен екен. Барлығының көздерi оттай жанып, хиуалықтардың келгенiн келгендей жайратып жатыр. Әсiресе, палуан денелi Қалдыбайдың айдыны таса түсiптi. Ол ұзын қайың сойылын құлаштай сермеп, хиуалықтарды жапырып барады. Елдес тағы да жауға ақырып ұмтылып, бiрнешеуiн шауып түсiрдi. Сосын шегiне берiп, табан астында жатқан әлдеқандай темiрдi көрдi. Оны тез ала сап, дарбазаның есiгiне жетiп кеп, темiрдi кұлыптың астына сұғып жiберiп, ырғай тартып едi, оны жұлып ала алмады. Сол арада қасына жетiп келген Қалдыбай: — Елеке, оны маған бер, — деп айқайлай сөйледi де, әлгi темiрдi мұның қолынан ала бердi. Елдес ендi Қалдыбайдың сойылын ала сап, оңды-солды сiлтеп, анталаған хиуалықтарды жанына жолатпады. Оларды жоғарғы жақтан iшке қарғып түсiп жатқан жiгiттерге жолатпай, бiр-екi рет керi шегiндiрiп тастады. Бiрақ дарбаза ашылса күндерiнiң қараң болатынын сезген хиуалықтар ендi өлгендерiне қарамастан, өршелене ұмтылды. Олардың сырт жағынан қаз мойынды ақалтеке арғымаққа мiнген Дадабектiң өзi көрiндi. Оның әр жағында қолдарына мылтық ұстаған жүз қаралы сарбаз жүгiрiп келедi. Соны көрiп, Елдес ендi жағдайдың шын қиындарын бiлдi. Сол арада мылтық тарс-тарс атылып, оқ тиген бiрнеше жiгiт табан астында тiл тартпастан кеттi. Қожақ пен Қалмырза да жеңiл жараланды. Сонда да олар дұшпанға өлiспей берiсер емес. Қалдыбай осы кезде құлып салынған сом темiрдi бiр рет ырғай тартып, аздап созып үлгерген де едi. Қалдыбай қайтадан бар күшiн жинап, ентелеп төнiп кеп қалған хиуалықтардың өздерiн кескiлеп тастайтынын, ендi кешiксе, жiгiттермен бiрге жер жастанатынын сезiп, ауыр бiлiктi қос қолымен сығымдай ұстап, аяғын есiкке тiредi. Қысылшаңда көзiне құйылған удай ащы терге, ернiнiң кезергенiне, тамағының кепкенiне қарамастан, ол бойындағы бар қуатын жинап: “Әуп!» — деп, бiлiктi өзiне қарай шiрене тартты. Зор күшке шыдамаған белдеу темiр омырылып кетiп, әйдiк кұлып анадай жерге ұшып түстi. Қалдыбай өзiн шiрей тартып тұрған бiр кедергi жұлынып кеткеннен кейiн, көткеншектеген бойы барып, барып, бiрдемеге сүрiнiп, шалқ ортасынан құлады. Ол жалма жан орнынан тұрмақ боп, жер таяна берiп едi, қолы былжыраған бiрдемеге тидi. Жалт қараса, ол өлiктен ағып жатқан қарақошқыл қан екен. Қалдыбай орнынан ұшып тұра сала, жеркенiп қап, қан-қан болған қолын жерде сұлап жатқан хиуалықтың шапанына сүрте салды. Сол арада оның жаны шығып, былқсылқ денесiн сезiп, зәресi ұшып кеттi. Дереу қолын тартып ала қойды. Сосын алас-қапаста не iстеп, не қойғанын бiлместен, жүгiрiп барып, ауыр есiктi сықырлатып аша бердi. Дарбаза ашылғанда әр жақтан Тоғанақ батыр бастаған қалың әскер iшке ұлы селше лап қойды. Қалдыбай ат тұяғынын, астында қалып қоймауды ойлап, жан-дәрмен деп, бiр жағына қарғып түстi. Сол арада: — Өй, әкеңнiң аузын..! Ағамды өлтiрiп, сүйегiмдi корлап... Әй, сенiң бұ нағылғаның? Бәлем, сенi ме? — деген Тиышбектiң барқыраған дауысын есiттi. Және де оның ұзын сойылын өзiне қарай сiлтеп қалғанын көрдi. — Әй, бұл мен ғой! — деп, қорғанам дегенiнше болмады, қайың сойыл самайына тиiп, Қалдыбайдың басы дың ете түстi. Топырлаған кiсiлер, темiр есiк, шыңғырған аттар бiр демде ию-қию араласып, табан астындағы жер қозғалып кеткендей болды. Қалдыбай өзiнiң құлап бара жатқанын сезбедi. Сол арада: — Өй, әкеңнiң аузын... — деп қылыш тiлiп кеткен бетiнен қаны аққан Елдес Тиышбекке тарпа бас салды. Оны ат үстiнен жұлып ап, жерге құлата салды. Сасық күзенше бiрдеме деп шақылдай берген оны көтiне бiр тептi де, оған қарап жатпастан, алақызып тұрған атына бiр-ақ ырғып мiндi. Сосын ол қайың сойылын басынан асыра жоғары көтерiп ап, осы кезде шегiнiп бара жатқан хиуалықтарға қаһарлана ұмтылды. Iшке кiрген Тоғанақ батыр атын ойнақтатып, шын ойранды бастап жiберген де екен. Ол қатты ақырып, дем арасында найзамен бес-алты хиуалықты шаншып түсiрдi. Сосын қынабынан қылышын суырып ап, шайқасып жатқан топқа жасқанбай кiрiп, онды-солды сiлтедi. Әне, бiрнеше бас қарбызша домалап түстi. Содан соң оң жағына ала сап, өзiне жақындай берген бiр хиуалықты қиялай шауып, екi бөлiп түсiрдi. Соны көрген жiгiттер арқалары қозып, дұшпанға қарай ақыра ұмтылысты. Сойылдар сартылдап, қылыштар жарқ-жүрқ етiп, ырсылдасып, боқтасқан кiсiлердiң дауысы құлақ тұндырды. Шайқас ұзаққа созылған жоқ. Көп қол азғантай хиуалықтарды әп-сәтте жайпап тастады. Хиуалықтардың қалғандары ендi ұрыспай, қаруларын тастап, қолға түстi. Шәки мен Қалмырза мына жақтан Дадабектi сүйреп әкелдi. Оның сәлдесi ұшып кеткен тақыр басы шаң-шаң. Үстi-басы жырымжырым. Қара сұр бетiнде бiр түйiр де қан жоқ. Тоғанақ оған жеп жiберердей боп қарап: — Ә, кәззәп, қалай халықты тағы да қорлайсың ба? — дедi. Дадабек қап-қара боп, үндемедi. — Тағы да қыз тауып бер дейсiң бе? — дедi батыр кiжiне сөйлеп. Жарасын таңдырған Ережеп осы кезде жиналып қалған топқа асығып жеткен едi. Ол Дадабектi көре сала, келе алқымына жармасып:


146 — Ә, хайуан, қолыма түстiң бе?! — деп, ызалана сөйлеп, оны буындыра бастады. Дадабек түрi қап-қара боп, оның қолына қос қолымен жармасып, әрi-берi бұлқынып едi, Ережептiң уысынан босанып кете алмады. Сол арада ол талақтай боп iсiнiп, аузын бақадай ашып, талықсып бара жатты. Соны көрiп, қоршалап тұрған жетiп-жетiп келiстi де, Ережептiң қолына жармасып, оның манжамды уысын шаққа дегенде жазып алды. Тоғанақ батыр ат үстiнен әскерiне қарап тұрып: — Оу, халқым, алдарыңда елiмiздi, жерiмiздi, ата-бабамыздың әруағын қорлаған найсап тұр. Қазақта азамат пен қыз әбiрейi бiрдей емес пе едi? Дадабек мұсылманшылықты ұмытып, сол екеуiн бiрдей етiп аяғына таптады. Ендi оған қандай жаза лайық, — оны өздерiң айтыңдар! — дедi. — Өте дұрыс сөз! — Оны көтiне қазық қағып өлтiрейiк! — Дарға асайық! — Оның тiрiлей қабырғасын сөгiп, өтiн жарып алу керек! — десiп, қалың нөпiр гу-гу етiстi. Осы кезде Тиышбек жұлқынып, алға шықты да, жайын аузы жалпылдап: — Айғырсырайтын ит қой! Мұның ұлы мүшесiн кесiп ап, өзiне ит қорлықты берiп, дарға асып өлтiрген жөн! — дедi. — Дұрыс! — Кәне, сүйтейiк. Сол екен, бес-алты жiгiт тап бердi. Олар Дадабектi жерге жығып сап, қолын артына қайыра байлап, үстiндегi киiмi мен шалбарын шешiп, оны анадан жаңа туғандай тыр жалаңаштады. Сосын бiр жiгiт болат сапысын қынынан суырып ап, қолын Дадабектiң екi санының арасына тықты да, ұлы мүшенi кере тартып тұрып, кенет шалт қимылдап, оны сыр еткiзiп кесiп кеп жiбердi. Дадабектiң ойбайлаған даусы шықты. Әлгi жiгiт оған қарап жатқан жоқ, қаны сорғалаған ұлы мүшенi iстiкке шаншып алды. Сол арада жiгiттер жан-жаққа жүгiрiп жүрiп, қураған бұталарды жинап, бiр жерге үйдi де, шақпақ шағып тұтатты. Жалын тiлi лып ете қап, қурайлар маздап жана бастағанда, әлгi жiгiт ұлы мүше шаншылған iстiктi жалынға төсей қойды. Сәлден соң отқа күйген ұлы мүшенiң көңiрсiк исi шықты. Оны бiршама қақтағаннан кейiн, әлгi жiгiт Дадабекке қайта жетiп келдi. Осы кезде екi санын қара қан жуып кеткен Дадабек тыпырлап: — Қизың, қизиңни, — деп жатыр едi. — Қызыңды болса, мә, жей ғой, — деп әлгi ызалы жiгiт Дадабектiң кеудесiне қона түсiп, оның аузын екi шықшытын баса отырып, қарысқан жағын айырып, ұлы мүшенi тықты. Дадабек лоқсып, құсып жiбердi... Сол күнi ызалы қазақтар Дадабектi төртпақтап керiп тастап, аузына ұзын ағаш қазық қағып өлтiрдi. *** Тоғанақ шайқас бiткеннен кейiн, қолдың бас-аяғын жинақтап, сарбаздарды түгендеп, жараланғандар мен өлгендердiң есебiн алды. Қазақ жағынан бiраз жiгiт шәйiт болыпты. Ережеп олардың отбасыларына мал берiп, қарасатын болды. Содан кейiн Тоғанақ олжа болған мылтық, оқдәрiге мiсе тұтып, қолға түскен хиуалықтарды өлтiрмей, бәрiн елiне қайтарды. Дадабек кеуiлдестiкке ұстаған Гүлчехраны Тайпанға тоқалдыққа бердi. Олжа болған дүнияны сарбаздарға тең бөлiсiп алыңдар дедi. Содан кейiн олар жиналған қол тарамай тұрғанда, осы бетпен барып, Қожанияз бекiнiсiн қиратайық деп, бәтуаға келiстi. Абыр-сабыр басылғаннан соң, қазақтар Құмқамалдың биiк диуалын құлатып, қамал iшiндегi жүзiмдiк, алма, өрiк ағаштарын кесiп, отап тастады. Содан кейiн олар бұталарды құшақ-құшақ қып сындырып әкеп, қаңырап қалған тамдардың жандарына үйiп, шақпақтарын шағып, от қойды. Сәлден соң жылт ете қалған сарғыш жалын тiлi келе-келе гүрлей жанып, аласа тамдардың төбелерiн жапқан қу қамыстарға тиiп, олардың бел ағаштарын отқа орап, Сыр бойы өмiрi көрмеген қалың өртке айналды. Қамал iшiнен қара түтiн будақтай шығып, жоғары көтерiлiсiмен, бұраңдап билегендей боп, неше түрлi қимылға енiп, тынық ауаға тарай бастады. Ендi аздан соң аралары тақау етiп салынған аласа тамдар лапылдаған жалынды бiрiнен бiрi жұлып ап, одан әрi қарай өршiтiп, гүрлетiп, құтырынып жана бастады. Ендi бiр сәтте қуаң даланың ортасында жасыл тартып, көздiң жауын алып тұрған Құмқамал өртке оранды. Ол көп ұзамай күлге айналды. Осы кезде терiскейден ақырындап соғып тұрған салқын жел күшейе түсiп, сөне бастаған шоқтарды қызарта үрлеп, өлi қаланың күлiн суыра бұрқыратқан қалпы қара көмiр сияқты қалың қоқысты сайын даланың түскейiне қарай алып кетiп жатты.

24 Бұл жағдай Жәнiбектiң үш ұйықтаса түсiне кiрмеген де едi. Хиуа шәһарында лажсыз кiдiрiп қап, Ядгарбектiң жолға қашан дайын боларын күтiп отырған-ды. Бiрақ бас уәзiрдiң әзiрлiгi ұзаққа созылды. Ат-көлiк жуық арада дайын бола қоймады. Оның үстiне Англия, Түркия өкiлдерiмен келiссөз жүрiп жатқанда ол бас уәзiр ретiнде маңызды әңгiмеге араласпай және қала алмады. Ақыры олар мизам айы туа жолға шықты. Үш жүздей сарбаз ертiп, тоғыз түйелi керуен тартып, Қызылқұмның үстiмен Ақмешiтке қарай бет алды. Олар жарты жолға келгенде, Құмқамалдағы бүлiншiлiк жайлы хабар жеттi. Ядгарбек тездетiп, Жәнiбектi жүз кiсiмен Қожанияз бекiнiсiндегi Уәйiс-Ниязға көмекке жiбердi. Жәнiбек салқа жортып келсе, қазақтар қамалды қоршап жатыр екен. Бiрақ олар зеңбiрiгi бар, кiлең мылтықты хиуалықтарды баса көктеп, қамалға кiре алмапты. Сол үстiне Жәнiбектер сау ете түскенде,


147 онсыз да шайқасқысы келмей тұрған қазақ қолы керi шегiндi. Ертесiне бiр түн iшiнде олар бытырып, бет-бетiне тарап, Қарақұм мен Қызылқұмның жықпыл-жықпылына сiңiп кеттi. Қалың қолдан қорыққан Уәйiс-Нияздың есi-түсi қалмаған екен. Олардың оқ-дәрiлерi таусыла бастапты. Үш күн бойғы атыстан сарбаздар да шаршапты. Ол Жәнiбектi көргенде, әкесi келгеннен бетер қуанды. Анада мұнымен жөндеп сөйлеспегенi есiнде жоқ, дәудiр-дәудiр етедi. — Жәнiбек бек, келгенiңiз жүдә яхши болды. Ендi кешiккенiңiзде, халымыз мүшкiл едi. Жәнiбек жорта үндемедi. — Мына қазақтарға бiрдеңе болған, — дедi Уәйiс-Нияз тағы да самбырлай сөйлеп. Жәнiбек осы арада шыдамай: — Оларға не болсын, қызыңды әкеп, қойныма сал дегенге қай ел шыдайды? — дедi. — Ол рас. Дадабек, сөзiмiз ауыр болмасын, аса қатын құмар едi... — Сонда... осылай етуге бола ма? — дедi Жәнiбекi оның сөйлеген сайын шошаңдап тұрған бұйра сақалына қарап қойып. — Әрине, болмайды, — деп ол көзiн қысыңқырап, сәл ойланып қалды. — Дегенмен.. Осы арада бiр гәп бар сияқты. — О қандай гәп? — Жәнiбек мырза, есiңiзде бар ма, осыдан аз ғана бұрын орыс саудагерлерi Бұхараға қарай өткен едi ғой... — Иә, өткен. — Жәнiбек өздерi талаған керуендi, қы-зыл бет Ахиярды, масқараланған Ирина қатынды есiне алды. — Мiне, бұл сол орыс жансызының iсi, — деп Уәйiс-Нияз қолын түңiле сiлтедi. — Ойбай, жансыз дегендi қой, олардың жүрген жерi бүлiк. Көрдiң бе, аз ғана үгiт таратып едi, ел бүлiндi. Жәнiбекке мына сөздiң аздап қисыны бардай көрiндi. Сонда да сенiңкiремей: — Әй, қайдам, — дедi. — Осы арада Дадабектiң өзi де кiнәлi емес пе? — Әлбәттә, әлбәттә, — деп Уәйiс-Нияз шалма салған дағарадай басын шұлғыды да қалды. Жәнiбек соны көрiп, артық-ауыс сөзден сап тыйылды. Оған Хиуа бектерiнiң жалпылдап, қоштап отырған боп, ту сыртынан қанжар ұратын қулығы таныс едi. Қамалда екi-үш күн боп, қазақ қолы қайта шаппағасын, Жәнiбек бiрер күнге мәулет сұрап, өз ауылына кеттi. Үй iшi мұның жолына қарап, алаңдап отыр екен. Жәнiбек шәй үстiнде мұндағы хабарға қанды. Шарапаттың құтты жерiне қонғанын есiттi. Сосын ол Зәурештiң отқа өртенiп, шығына қашқанын естiгенде, не дерiн бiлмедi. Аузына апара берген кесесiн қоя сап: — Астапыралла, бұларға не болған? — дедi. Айжамал бұған бетiн жартылай бұрып: — Қазақ шiркiн мұсылманшылықты қойған ғой. Мұндай нәстенi құдай кешiрер деймiсiң? Ақыры өз жазасын өзi тартты, — дедi. Жәнiбек әйелiне таңдана қарады. Айжамал кенет жымиып: — Сенiң Хиуаға сардар болғаныңды естiмеген-ау! Қайнағамыз сарбаздардан қорқып, Қырға қарай көшiп кеттi, — дедi. — Е, неге? — Iж негесi жоқ. Оған ерiп Қожақ, Қалдыбайлар да көшiп кеттi. Қайын жұртың да... — дей берiп, Айжамал жорта сыңқылдап күлдi. Жәнiбек қабағын шытты. Мына әйелiнiң мысықтабандап отырып, мұның қайдағы бiр жанды жерiнен бұрап үзiп алуға даяр тұратынына қиналды. Сосын онымен жөндеп сөйлеспедi. Сол күнi ол әкесi Мамырайдың ауылына барды. Сәлiңгiрдей жiгiт боп қалған Әлжан алдынан шығып, мұның атын байлады. Жәнiбек ерке iнiсiне таңдана қарап тұрып: “Бұған да ес енiп қалған-ау”, — деп ойлап, iшке сәлем берiп кiрiп келдi. Тамақ үстiнде Мамырай бұған қарап: — Балам, — дей берiп, тамағына ащы бiрдеме тiрелгендей аз кiдiрiп қалды. Iзiнше дауысы сабырлы қалпын тапты. — Осы сен жұрт құсап, жарытып жылқы бақпасаң да, мал мiнезiн... былай, бiлушi ме едiң? — Аздап, — дедi Жәнiбек әкесiнiң сөздiң бетiн қалай қарай бұрып бара жатқанын анық болжай алмай, iркiле түсiп. — Бiлсең, тiптен жақсы. Күздiкүнi алты ай жаз Қырды жайлаған қазақ қысы жайлы, жұмсақ деп, Қызылға қарай көшпеушi ме едi? Жолшыбай Сырға құлап, маса-сона азайғасын, жағалықтың көп қамысына малын жайып отырмаушы ма едi? Содан терiскейден суық жел соғып, дайра бетi ұстаса бастағанда барып, мұздан өтпеушi ме едi? — Иә, — дедi Жәнiбек әлi де iшiн бермей. — Сонда нәрестенiң еңбегiндей былқылдап жатқан жас мұзға үрiккен қойды ай мүйiздi серке бастап түсетiн. Оның соңынан қалың қой шұбалып еретiн. Баяғының қыдыр қонған байларының сондай құтты бiр-бiр серкесi болатын. — Ол азырақ ойланып қалды. — Қарағым, сен де ел iшi ұйымай, толқып тұрған сәтте серке боп, ел бастаймын депсiң. Оныңды жөн делiк. Бiрақ халықтың қойдан айырмашылығы — тiлi, басы бар. Ол соңыңнан қой құсап шұбалып ерем дегенше, не заман? Оған дейiн тiлiмен қажап та бiтедi. Сен сояғын ойлап көрдiң бе? Жәнiбек әкесiнiң сөзiнiң көп жерiне iштей қарсы дау айтып отыр едi. Сонда да айта түссiн деген ниетпен: — Әрине, — деп iркiле түстi. — Ойласаң, тiптен жақсы. Мұндайда бұрында өткен алым кiсiлер алдымен адамның аузын алып бақ деп үйретушi едi. Асылы адамзатты бұзатын осы — ауыз, одан шығатын — жел сөз. Қайдам, мынадай әлi мұзы ұстаса қоймаған шақта серке боп, елдi дайрадан өткiзем деп талап қылыпсың. Оның iж сөкеттiгi жоқ. Бiрақ терiскейден соққан желге қарсы дайра өршеленiп, кейде ұлы селге ұласып


148 кетушi едi. Менiкi сондайда соңыңнан ерген қора-қора қой өзiңдi суға батырып, өзi де суға кетiп қалмаса дегендiк қой, — деп Мамырай мақалдап бастаған сөзiн соза бермей, реттi жерiнде тоқтады. Жәнiбек оған бiрден жауап беруге асықпады. Әуелi әке сөзiн iшiнен сараптап алғанды жөн көрдi. Қалай дегенмен де, өлсең де, тiрiлсең де, өтер судан өтудiң керектiгiн, болмаса қыр арқаңнан соққан ызғырыққа шыдап, соның әмiрiне бойсұнудың керектiгiн бiлiп, iштей ширыға түстi. Ертесiне ол Қожанияз бекiнiсiне қайтып келдi. Қамал iшi әскерге тоқып кеткен екен. Құмқамалдың хабары жеткен бойда, ұлы хан көмекке мың қаралы сарбаз жiберiп, бағынбаған қазақ ауылдарын шауып, аямай жазалаңдар деп бұйырыпты. Сол медет болған Уәйiс-Нияз әлден ширығып жүр. Ол кешегi кiрiптар болған күнiн табан астында тарса ұмытып, мұнымен: — Жәнiбек мырза, бүгiннен бастап сiз менiң қарауымдасыз. Сiз Ережеп ауылын шапқаннан кейiн, Ақмешiтке барып қайтасыз, — деп жүре сөйлестi. Жәнiбек оған таңдана қарады. “Адам шiркiн қалай-қалай өзгерiп кете бередi, ә?” Сол күнi олар мың қаралы сарбазды бастап, жолға шықты. Дарияға келсе, қотыраш Медеубай ұшты-күйлi жоқ. Қайық пен сал және жоқ. Сосын Уәйiс-Нияз зiркiлдеп жүрiп, дария жағасындағы қалың жиденi әскерлерге шапқызып, тез арада сал жасатты да, қолды арғы бетке өткiздi. Сол арада азмаз дамыл қылғаннан кейiн, олар Қырға қарай суыт жүрiп кеттi. Бұлар күм арасын қаншама тiнткiлеп жүргендерiмен, алғашқы үш-төрт күн iшiнде ешқандай да ел қарасын көре алмады. Қайда барса да, көне жұртқа тап болады. Оның үстiне Жәнiбек те қазақ ауылдарын онша кұлық қойып iздемедi. Iшiнен мына аш бөрiдей жалақтаған қалың әскердiң қай ауылдың үстiнен құласа да, оны талаптонайтындарын ойлап, iштей қатты абыржыды. Оларға қолын бiр сiлтеп, өз жөнiне тартып кетуге бұл батпады. Iштей Дадабек пен Мiрәлiнi айыптаса да, осы арада мына жайды ақылға салып жатпай, қалың елдi жазалаңдар деп бұйрық берген ұлы ханға ренжiдi. Ол мынадай ел iргесi алшақтап кетер тұста көрегендiк көрсетудiң орнына, күш жұмсасам дейдi. Оған қазақ жұрты көне қоя ма? Мұның соңы өзара қырқысуға, ауыл шабуға соқпай ма? Бүйтiп бiрiн-бiрi әлсiреткен елдi сырттан бағып отырған қандай дұшпанның да басып алуы оп-оңай емес пе? Соны неге хандар, билер, суқылдаған ел басшылары түсiнбейдi? Әлде... түсiнсе де, олар алдарына салып айдаған азғантай малына ырза боп, кейiнгi дүния жайында бас қатырғылары келмей ме? Апырмау, бұдан артық шолақтық, өресiздiк бар ма? Елiңдi ақылы шолақ бiреу сұраса, жұртыңның да өмiрi шолақ болмай ма? Соны неге мына алты бақан ала ауыз халқыңа түсiндiрiп айтпайсың? Сол арада осының бәрiне өзiн кiнәлi сияқты сезген Жәнiбек бiр түрлi боп мазасызданып, ат үстiнде қозғалақтап қойды. Олар бiр жұма бойы Қарақұмның iшiн сүзiп шықты. Сосын Борсыққұм мен Сапаққұмды аралады. Еш жерден көшкен-қонған жұрттың орындарын таба алмаған сарбаздар бiрде шұбыра көшкен елдiң жаңа iзiне тап болды. Соны қуалай жүрiп отырып, Уәйiс-Нияз бастаған қол екi күннен кейiн Ырғыз бойынан бiр-ақ кеп шықты. Бұл жақта орыс патшасының бекiнiстерi салынып тасталған екен. Ызалы хиуалықтардың уысына түсуден қорыққан қазақ ауылдары олардың жандарынан өтiп, ақ патша орам ала бастаған жаққа iшкерiлей енiп кетiптi. Ол жаққа хиуалықтардың баруына болмайды. Соны бiлетiн Уәйiс-Нияз анадай жерде тұрған орыс бекiнiсiне тыжырына көз салып тұрып: — Қап, нағыласың, кешiгiп қаппыз. Бұдан әрi баруға пәрмән жоқ, — деп қатты өкiндi. Жәнiбек оған бiлдiрмей, аздап күлiмсiредi. “Ел неге бұлай қарай ауа көштi? Солардан бөлiнiп жүрген осы менiң iсiм... дұрыс па өзi?” Осы кезде орыс бекiнiстерiнiң дарбазалары ашылып, iшкi жақтан екi жүз қаралы атты казактар сап түзеп шыға кеп, бұларға қарай беттедi. Олардың мойындарына асынған мылтықтарының басына қадалған сүңгiлерi жылт-жылт етедi. Уәйiс-Нияз атты казактарға қарап тұрып, олармен шайқасуға батпай, атының басын бұра бердi. Оның көрген қалың қол да керi бұрылды. Ендi хиуалықтар еш жерге дамылдамай, жiтi жүре бастады. Мұны көрген атты казактар да аттарына қамшы салып, тез-тез жүре бастады. Бiрақ олар әлденеге бұларға жақындап келмей, қозы көш жерде ердi де отырды. Бұлар қашан Қарақұмның бергi бетiне жақындағанша, олар арттарынан қалмады. Хиуа қолының Сырға құлайтын ыңғайы байқалғасын барып, олар бiр төбенiң басына тоқтап, бұлар жаққа дүрбi салып қарап, бiраз тұрды да, аздан соң керi қайтты. Олардың соңынан бiр рет қарап қойып, Уәйiс-Нияз: — Бұл ендi... кәпiрлердiң келе бастағаны, — дедi кiмге айтқаны белгiсiз түрмен. Жәнiбек не дерiн бiлмедi. Мұның анадан туғалы орыс атаулыны көрiп тұрғаны осы. Олар кiм, олардың патшасы кiм, олар Сыр бойынан не iздеп жүр, түпкi мақсаты қандай — бұл оның бiр де бiрiн бiлмейдi. Тек бар бiлетiнi бұрын-соңды қоңсы боп көрмеген, танысып-бiлiспеген, басқа дiндегi жұрттың қазақтарға жақсылық ойлай қоюы қиын. Олар түгел, мына дiнi бiр, тiлi ұқсас хиуалықтардың да қазақтарды жарылқап жатқаны белгiлi. Мына жағдай былай тартсаң, арба сынады, олай тартсаң, өгiз өледiнiң нағыз керi ғой. Сонда не iстеген жөн? Осыны iшiнен ойлап қойып, Жәнiбек сырын сыртына шашпай, iштен түйiлген қалпы жүрiп келе жатты. Бiр аптадан соң олар Сырға құлады. Дариядан өткеннен кейiн, Уәйiс-Нияз бiр кiсiнi басшы ғып, сарбаздарды Хиуаға жiбердi де, өзi Қожанияз қамалына кеттi. Жәнiбек болса, Көсенiң арғы қолтығында отырған өз ауылына тартты. Ол ауылда бiр апта болды да, тездетiп жолға жиналды. Қасына Қасқырбайды ертiп, жетекке жарамды қос ат алып, жолға шықты. Бұ кезде сүмбiле туып, су суып, ала жаздай қақтаған аптаптан сарғайып кеткен Сыр өңiрiне күз дендеп ене бастаған едi. Таңғы ауа сап-салқын. Қызылдың мал тұяғы тие қоймаған қау шөбiне түнгi салқынмен қалың шық түсiп қалыпты. Екеуi қалың шөптiң арасымен қатарласа жүрiп келе жатты. Бiр демде олардың аттарының тұяқтарын шашаларына дейiн дымқыл шық жылтырата шылап та тастады. Сәлден соң жылуы жайнаған шоқтың табынша бетке жайлы тиiп, күн көтерiлдi. Терiскейден соққан ызғырық жел кең аспанда үйiрiнен адасқан алба-жұлба бұлттарды әлдеқайда қуалап барады. Артынан келiп қалған қыс ызғарын сезгендей тырналар садақ оғынша үшкiлдене сап түзеп, қанаттарын жәй қағып, тырулап, түскейге қарай беттерiн түзеп те үлгерiптi. Ойда-жоқта өзi бұрын-


149 соңды көрмеген жаққа қарай сапар шеккен Жәнiбектiң ойы да алба-жұлба бұлттардай ұйқы-тұйқы. Тынымсыз мазасыздана берген жаны да мына тырналардай өзiнiң жай табатын қонысын iздейтiндей. Бiрақ оның қайда екенiн бұл әзiрге бiлмейдi. Соны бiлу керек-ақ. Осы ой жанына медеу болған ол тағдыр-талайы сан рет сынға түскен Сыр бойының жаңа бiр бұралаңын бастап кешiруге бекем бел буып, Қоқан ханы сұрайтын, өзiне битаныс жақ Ақмешiтке қарай нар тәуекел деп қадам басты.


Turn static files into dynamic content formats.

Create a flipbook
Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.