Абиш Кекильбаев - Елен-Алан [KAZ]

Page 1

ЕЛЕҢ-АЛАҢ БІРІНШІ БӨЛІМ

ТƏУЕКЕЛ

Сүлеймен: Ұрпақ келер, ұрпақ өлер, Ал қара жер Мəңгі бақи қала берер. Экклезиаст, I тарау, 4 тармақ Егер біз Азияны тек үстінен жөңкіліп өте шықпай біржола иемденіп алғымыз келсе, онда бұл жұрттарға бір қатар рахыммен қарауымызға тура келеді; Олардың бізге адалдығы біздің оларға ықпалымызды əрі тұрақты, əрі баянды ете түседі... Ол халықтарға өзіміз де бірдеңе үйретпей, олардан өзіміз де бірдеңе үйренбей осынша үлкен мемлекетке ие болып тұра қоюымыз тіпті мүмкін емес. Квинт Курций Руф. «Александр Македонский тарихы» М., 1963, 331 бет. Жуырда ғана осында келген қырғыз-қайсақтар мен башқұрттар үшінші күні императордың кунст – камерасында болып, ондағы сирек кездесетін заттарды қызыға көрді. «Санкт-Петербург ведомостілері», 1734, № 27, 118 бет. - Астапыралла! Қиыр-шиыр қалтарысы көп ұзын шұбақ қара көлеңке жайдың əлде бір қуысынан пыр етіп жарғанат ұшқандай оқыс шыққан осы бір əжептарқы дауысқа манадан бері жағаларын ұстап, арқаларын аяз қарығандай қаралай түршігіп келе жатқан қалың дүрмек ошарыла тоқтады. Мұнда келгелі кеңірдегі сорайып ылғи алға түсіп алатын Нияз сұлтанның көзі алайып кеткен. Оймыш терезенің түбіне қатарласа жайғасқан қос шыны ыдысқа қарап қатыпты да қалыпты. Мөлт-мөлт бірдеңеге шүпірлей толған шыны құтылардың біреуінде қылқа мойынынан қырқып алынған еркектің басы, екіншісінде əйелдің басы қылт-қылт жүзіп жүр. Қолына жіңішке таяқ ұстап, аузы-аузына жұқпай қақсай жөнелген құс мұрын, қызылсары кісінің əр сөзін Мəмбет мырза сол бойда қағып алып, қазақшалай бастайды.


Turn static files into dynamic content formats.

Create a flipbook
Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.