2 minute read
Munaydar Balmolda Мұнайдар Балмолда, Oral, Kazakhstan
Көкбөрі
Мен – Көкбөрімін, Айлы аспанды ұлы мешіт санаған. Жұлдыздарды періштеге балаған. Отты күнді отты ғұнның көзі деп, Қараған! Мен – Көкбөрімін, Тұрақ тапқан даладан. Бірақ басы арылмаған жаладан. Сәл қалғысам, Тап бергісі-ақ келеді, Өңкей иттер қамаған. Мен – Көкбөрімін, Тек жеңісті қалаған. Тексіз иттер теңім емес қабаған.
Advertisement
Ұлы майдан даласында ұран сап, Айқастан соң жарақатын жалаған. Мен – Көкбөрімін, Аспан асты, жер үстін Ұлы Рухпен күңіренткен айлы түн. Арқама сап алып келдім ел үшін, Көк Түріктің бақыты мен қайғысын. Мен шындасам – Құдіреттің еркімін, Жортып өткен жер түбін. Шамырқансам, Шар болаттай шарт сынам, Арыстан аз, Жолбарыстар жемтігім. Мен тұрғанда аюларға ұйқы жоқ, Аждаһаның сиқы жоқ. Түн көрпесін серпідім! Беріштей боп беркідім! Қайқы қылыш азуым бар, Кәрленсем, Талғап жатпан жем түрін! Тыңда мені, Мұз құрсанған дүние! Досқа – доспын, Өзің келіп тиіспе! Көз алартпа, Шекарамды иіске. Ал тиіссең, әгәрәки, үй ішке, Амал қайсы, Тәңір қуат – ұлыс іске, Жүгінемін, Жұлын үзер жүріске! Өңменіңді өртке қақтап қаримін, Жалтарып көр, Қиып түсем. Зұлыпқарындай Әзірет Әлидің! Сондықтан да Таны сен. Келеді өсіп Көк Түріктің қанымен, Арқасында белгісі бар сәбиім. Үмбеті боп, Расул Алла нәбидің. Жалғандағы жалғасым сол –
Бар игім! Өмірімнің өрлігі мен ерлігін, Көңілімнің еркіндігін, кеңдігін, Әз Ұямның (Азиямның) тыныштығын, теңдігін, Намысымның белдігін, Соның басқан қадамынан танимын. Біз – Көкбөріміз, Біліп жүр! 2006 жыл.
Мен – бөріден тарағанмын
«Дарвин маймылдан тараса, Мен – қасқырдан тарағанмын!» Бауыржан Момышұлы
Сеземін, Бойымда көкбөрінің қаны бар қасарысқан, Әр қадамым қауіп-қатерге толы, Мені міз бақпай бақылап, Төңіректеп ажал ұшқан. Өзегім – өлең: Қобыз сарын қасқырдың ұлығаны. Бойымды балқытады Көк Бөрі Ашинаның жылы қаны. Ал анталаған көп дұшпанға керегі –Бөрілердің тұқымы тұздай құрығаны. Жоқ! Онысы бола қоймас! Мен – бөріден тарағанмын, Қорқау ит тағбаштар көк түрігімді жабылып талаған күн... Әлі есімде. Мың сан оқ тескен жарақатымды жалаған түн... Мен – Адам Атадан жаралып, Хауа Анадан нәр алып, Кейін, көп кейін, Ақиқаттан айналып аңызға, Нағыз маңызға. Көк Бөріден тарағанмын Десем,
Біреу сенер, біреу сенбес. Ей, мейілің. Тәңірім қылған мейірім: Жауырынымда көк қалыдай мөрі бар, Оны шақалақ шағымда көріп ал. Әйтпесе кеш, Оны бүгін мың қабат терімен жамағанмын. Солай, Басқа-басқа, Мен топырақтан жаралып, Мың өліп, мың тіріліп, Жаңарып, Бөріден тарағанмын!
Еркектер бөрі екенін ұмытпасын
Жаратқан жаратып қойғанның бірінен де ықпадым, Қайтпас қайсарлығы бар менде Көкжал Бөрі һәм Шене Құртқаның! Ата тарихым куә, жоңғармен жүз жылдап жұлыстым, орыспен сонша жыл ұрыстым! Қытаймен де қырқыстым, құрыстым,қайтпадым, болмадым, елімді, жерімді қорғадым! Тәңіріме ұнаған осылай намысымды жыртқаным! Тірлігіме қызыға қарайды бұл күнде төрт тарап сырт маңым.
Мен – Бөрімін, Өлімім ар-иман, намыстан! Осыны ұқ, туысқан, қорықпаңдар мың сыбдыр қамыстан. Өзіне қаратқан Жаратқан Құдайым, Елімді тимасын Жан-Жүрек қағыстан! Бізді ешкім ала алмас, алыстан, Атыстан, шабыстан. Тек шоғал (шакал) боп іштен жау шықпасын, Сатпасын арлан мен құртқасын! Әр қазақ қандасым, Ар жолын таңдасын! Мысықтұқымдас барыс емес,
Бөрі екенін ұмытпасын! Ешқашан ұмытпасын! Ұмытқандар Ас жеп, аяқ босатып, Жылы төсегінде ұйықтасын. Ерлер - Бөрілер, Ерлік іс үзілмей өрілер. Бөлтіріктерің де Бөрі бабасын ұмытпасын! Қызмет қыламын десе, Ұлтқа шын. Бөрідей мінезді шыңдаңдар, Жүректің рух үнін тыңдаңдар! Аждаһа, аюлар бізді тірідей жұтпасын! Жер бетінен құртпасын! Арқадан қағып, мақтауы жағып, Ұтпасын. Еркектер, Бөрі екенін ұмытпасын! 04.09.2019 жыл.