4 minute read

Kökböri Mübarak Qïzatulı Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы, Almaty, Kazakhstan

Next Article
INDEX

INDEX

Оспанды жоқтау

Күңіренген қобыздың Дауысы боп шықтың, Оспаным! Иендегі жалғыздың, Намысы боп шықтың, Оспаным!

Advertisement

Атылмаған жебенің Айтары боп тұрдың, Оспаным! Атылатын дененің Айбары боп тұрдың, Оспаным!

Көкжиекке қаның шашырап, Көк туды бояп, Оспаным! Намысың елді асырап, Өткен күнді аяп, от жаным!

Таулардың биік иығын, тұтастырып жатқан, Оспаным! Алтайдың бөрі мінезді киігін -ш қорғап кеттің оқтан, айтуда киік көз аспаным!

Аюдай едің қара бір, Сақалыңды сәбиің қорған қып. Шанақ бейітті даланы, Оқ күмбірінде толғадың.

Туған жеріңдегі тесікпен о дүниеге алмасып, Кетіп барасың, Оспаным! Айтылып жатыр жалғасып, Келесі ғасырыңдағы жоқтауым!

Көкжиек

Ей, көкжиек, Көзіңді мөлдір жұлқыған бұлақ, Көз жасың кетті жылқыдай құлап. Қоп-қоңыр жас қой шіркін-ай мынау, Қозғалып қалды шырпыдай сұрақ. Қып-қызыл дала түлкідей құлап, Жарқ етті көктен күркірей шуақ. Саусағымды суға сұққылап қоям, Қара көз көлді кірпідей сынап. Қарала бүркіт ақ йық па еді, Қалбалаңдап жүр тарихқа еніп. Құзар шыңның ұшын мытады-ай келіп, Борбас шыңдарды зағиып көріп. Түсініп мұнда қара көз аспан, Құшағынан көлге шағаланы ашқан. Керегеге ілінген көбелек құсап, Толқынға малынып жағалауда аспан. Толқынның өзін жарым ба деймін, Шашалып сүйіп ауырды-ау ойым. Қара дөңдер бейне - аңырған қойым, Дөң үстінде көкшіл өлеңге қарап қақшиып тұрар - сағынған мойын.

Хан қызы

Аш маған құшағыңды қызыл дүние, Аш маған құшағыңды ұзын дүние.

Аш маған құшағыңды бүрлі ала тас, Көзімнен тастал менің қоңыр ала жас! Аш маған құшағыңды үкілі орман, Анамның үкідей жас үні қалған. Аш маған құшағыңды қарлы қырат, Әкемнің ғашық жүзін албыратқан. Аш маған құшағыңды, өлең-жаным, Өзіңнен таттым күннің терең дәмін. Аштым ғой құшағымды саған дүние, Оны сезді, сезбеді ғалам мүлде. Ашшы сен құшағыңды жылы отаным, Саған сыйлап жібердім міне бәрін: Күздің барлық сыйладым жапырағын, Күйінген қоңыр әннің атырабын. Аш маған нұрлы тауым алақаның, Уысыңа сырлы үнімді оратамын. Мен деген - ат иісінен жаралған жан, Мендегі әппақ қарға оранған тән...! Тазамын, бүр балғынмын, үр жігітпін, Бұлақ суы қойныма үздігіп тұр. Ен маған үкілі орман, анам қайда, Жұмақтан жуықта ол жан оралмай ма? Ол жақтан ешбір рұқсат болмағаны- ай, Біздің жер жарамсыз ба, сонда қалай? Әкешім, құшағыңнан туған орман, Көз жасың мөлтілдейді жылғалардан... Мен сенің сезіміңді іздеп жүріп, Алакөлге, Нұраға, Сырға барғам. Таба алмадым одан да сезім бүрін, Күннің мен жерге тамған көзін білдім. Жошының бейітіне де қарағанмын, "Тұр, тұр! " деп Жошы жанды сабалар күн. Ол тұрмады, Бұл дүние - оған да беймаза екен, Бейітіндегі сәулеге ой сап өтеп. Алыста дірілдеген бозала шаң, Жалт-жұлт еткен сары бөкен... Оралар сең... Төбесінде қағжиып кербақай күн, Төбені әсем нұрмен торлағай тұр. Бәріне де рұқсат... Өзі білсін, Жамай берсе болды әйтеу сезім ішін.

Мен бүгін әкем айтқан тауға келдім, Таспасынан қамшының толғам өрдім. Сол бір тауға қараймын айырмай көз, Көне ғасыр ішінен табылмай ма ел...?! Мен іздеген сол ғасыр бұлаң қағып, Көкбөрідей текті ұлын құр алдады. Осыны ойлап түтігіп жылар жаным. Өшігем де боз тауға, жаным талып, Өзегімді барады сабыр қарып. Оқтай ұшам бедеу бұл арғымақпен, Дала бізді тұр еді ән қып әбден. Орал таудың етегін тұрғам түртіп, Сағымға артып жүктерін, жылдар жылжып... Башқұрт ханның қызы да кезікпеген, Ақ гүл ашып, дір қаққан өрікті өлең. Барлығына созылған осы саусақ, Хан қызы, жүрегіңді қосып аңсап. Башқұрт деген осы ел де Ескі бір ел... Ханының шерлі қызы бар деп естіген ем...! Теңін таппай бұралып сыбызғыдай, Орманша шулап талып үні қанбай...! "Сол қызды арғымаққа тік көтеріп, Әкетсем!" деген тілек түрткен еді... Орал тау, мен сілейдім іргеңе кеп, Бақайшығы таңба сап жүрген елік... Бұғы, бұта, бүлдірген алауласып, Осы таудан өткен ғой тамам ғашық... Алыстардан бір от кеп жылтыраған... Көз жасымды шөптермен сүртіп алам. Шып-шып атқан терімде жүрек бардай...! Әкемнің сонша нәзік жүректері, Кеудеме кеп дәл бүгін дір еткені -ай!

Бесігімдегі болашақ

Патшасы ем анамның бесікте тербеген, Ежелгі ғасырлар ұйқысына өрлеген. Көреді алтын түс, ақ сәбидей ағарған айбалта, Қара түн қолаңшашын жайып тұрды көлденең. Ежелгі мұралар ілініп төрлерде,

Қабы тозған сапының қынабы сенделген... Анамыз сүт сауып, иісі оның - ерменнен, Қарагер тұяғын топырақ аршып, жер иісіне көмген жер! Бесігіме жетті көлеңкесі қарагер атының, Сәулесі кірді кеудеге ғалымның хатының. Батырлық мөрі боп басылды - атамның бармағы табы бұл!... Даладағы сәулесінің бәрін үйге шақырып, Сүт сапырды анамыз, өрмегін тоқыды... Үй сыртына кеп қос сауысқан бір нәрсе шоқыды... Ойланып көкжиек, қызарып сәби-күн... Бесікте неліктен сонда мен толқыдым?! Патшасы ем даланың ешкім де білмеген, Дананың түсіне әлі де кірмеген.... Сексеуіл бүртігін ұшырған желдерге, Алғысымды ұшырам бір бөлек! Е-е-ей, Ей, дала, қасаңдау... Жазықтық тұр арамда, Қарақат көз тұлпарға жұрқылдар ғаламдар, Анамның сіңлісі боз үйде таранған... Оянар бұл дала ескі бір өсиеттей, Жаңармас бұл дала сауытымды екпінім тесіп өтпей! Жабық тұр бұл дала ескі бір өсиеттей, Ескірді құр дала бесігімнен тұрмай, даланы кешіп өтпей! Ырғалар найзасы іргеде сүйелген, Батырлар дем алып керегеге тірелген, Бесіктен ұйтқыған қып-қызыл рухым үшін, Ақсарбас атап, ақ боз тілек тілерме? Қиналар паң дала бір кезде төмендеп, Бесігімді тербетіп анашым отыр тереңде. Әкемдей көк аспан, Қанды көз қара бұлт жүйткиді-ау, Бесікте қайсы жыр соған қаратты елеңдеп! Талпынар құс дала, тыншығам дауысқа, Әруақты болашақ шақырып алыстан. Даланың тұманын қақ жарып мен мінген ақбозат, Бесік жырындай бүлтілдеп бұлағы таныс тау, Мені ұзатып шығарып салады-ау!

This article is from: