БЕЙБАРЫС СҰЛТАН Рахымжан Отарбаев Екi актiлi төрт көрiнiстi тарихи драма аударма Али Фаһми Абдусалам талқылап тексеруші Хусейн Ал-шафи
2011 Каир
Кеңсе басшысы және бас редактор
Хусейн Аш-шафи
телеграмма ; Каир - Ал обур қаласы пошта конторы Ахмед Араби 44719 қоюшы суретші Амир Йоусуф Ахмед
баспа баспахана Ал обур қаласы Каир tel , fax : +(202) 4478 96 44 – 46
Алғашқы баспа 2011 барлық авторлық құқықғы қорғалған
тексеруші Қазақстанның белгілі жазушысы Рахымжан Отарбаевтың Сұлтан Бейбарыс атты өзіндік ерекшелігі бар театрлық шығарма . Бұл шығарма арабшадан аударылған басылым . Шығарма үш тараудан тұрады, Бейбарыстың бала кезіндегі сапар шегу кезеңде Мангодардың оны ұстап алып қолды етіп құлдар базарына Бейбарысты Бұлжетпес деген сүйіктісінен айырып құл етіп сатып жібереді .Бұлжетпес Бейбарысқа « сені мәңгі күтемін , сенен әркашанда хабар күтетін боламын « деп уәде етіп қалып қойады . Бкйбарыс сүйіктісінің жүзін көз алдында коптеген жылдар сақтайды , Бұлжетпесті іштей қатты сағынатын сонымен қатар туған елін , жерін , халқын жане Ганка өзенінен соғатын самал желді сағынған еді . Бейбарыс елінен ұзақтап коптеген жылдар откеннен соң әскерге басшы болып тағайндалады .Ол өзіндік батыл , шебер жоспарларымен коптеген соғыстарда басым түскен болатын . Оған ешкім қарсы тұралмаған еді . Осылайша коп шайқас корген Бейбарыс соғыстан қашқандарды кәпір санаған еді . Бейбарыс данышпан , кемеңгер жоспарларымен Ніл өзенінің ағынын жабу арқылы жауларды қолға түсіреді,сол сатте Бейбарыс : кімде кім менің қойған жоспарларыма қарсы тұрушы болса , онда онын денесі мына суга тастаймыз ) деп мәлімдейді . Жауларды жойып женісті өдеріне бағындырып Бейбарыс тағы бір сәт көзге түседі , халық оны таққа отырғызып жоғары котеріп адамдардың назарын аудартады ( Жасасын патша , патшаға құрмет болсын Бейбарыс біздің басшымыз ) деп халық жар салад . Бейбарыс басынан өткізген соғыстар және де басқа әрекеттерді өз жазушысына әрдайым жаздырушы еді , соның бірі Хуланг елшілері жеткізген жазба хаттарында ( Өз еріктерінмен беріліңдер , Каир есіктерін ашыңдар әитпесе бәріңді өлім күтіп тұр ) деген сатте Бейбарыс соғыс болатынын сезген еді . Бейбарыс бойындағы ашумен ызаға бой бермей Хуланг елшілерін олтіру дінде теріс әрекет екенін ұмытпаған еді . ( сенің еліңде ботен сезініп патша болғанша құл болғаным абзал )
Бейбарыс өз бойындағы әлсіздікті сезінетін еді ( Ей ! менің теріс жолда адасқан , туған жеоіме іштей байланған тағдырым , маған күш қуат бер жауларды мына екі қолыммен жою үшін ) Бейбарыс сапары әліде оз жалғасын табуда . Бейбарыс қасиетті туға басын иіп сонымен қатар инжинер Фаражіге кешірім жасайды . Дегенімен Людовик патша одан басым түседі , өйткені ол жоғары білікті шебер болатын , Бейбарыстың қарулық сырларын жақсы білетін . Бейбарыс оған аз ғана енкейіп бас иеді . Бейбарыс театрлық шығармасындағы әнгіме жайыттар шынайы , бұны жазушы Рахымжан Өтарбаев ең таңдаулы сәтті кадрларды Сұлтан өмірінен жинақтап алған сонымен қатар оның өмірлік философиясында алған . Ол туған жері жайлы коп аитатын ( Егерде кімде кім омірден отіп оны жерлеу кезінде оның басында мәиттің оз есімі және әкесінің есімі , қаншакүн омір сүргенін жазып қойатын болған) Расында Қыпшақтар кысқа өмір сүргеньа ? Бейбарыс ( Жоқ , жоқ шын мәнінде олар жылқыға егерсіз мінген және жүз жасайтын қауым болған, алайда олар бұл омірді тек барша адамдарға , жақын жолдастарға ізгі амалдар жасау арқылы ұзақ омір сүреді ) деп сенетін . Бұл театрлық шығарма Бейбарыстың терен дем алып гүлдің иісін иіскеп өзінің жан дүниесін қалпына келтіреді , бұл гүлден туған еліне деген ғашықтық иісін сезеді . Бұл өзіндік ерекшелігі бар шығарма , бұны оқуда жақсы сезім пайда болады және десақына төрінде тамашалау қуаныш сезімін береді ! Хусейн Ал-шафи Каир - 2011
СҰЛТАН
Рахымжан Отарбаев
БЕЙБАРЫС СҰЛТАН Екi актiлi төрт көрiнiстi тарихи драма
Қатысатын кейiпкерлер: 1. Бейбарыс сұлтан 2. Итальян саудагерi 3. Пұлжетпес 4. Ана 5. Уәзiр 6. Иса Тұран шах 7. Хуан пiрәдар 8. Людвиг IХ 9. Аға Шахин 10. Бек 11. Фатима 12. Қалауын 13. Құтiз 14. Тәңiрбердi 15. Тәжi Бақыт 16. Сайд 17. Ахмет 18. Шейх Шапқыншылар, мәмлүктер, елшiлер, перiштелер, шаһар әкiмi, дауыстар, т.б.
тұтқындар,
шабармандар, 5
СҰЛТАН
Бiрiншi акт. Бiрiншi көрiнiс Сахнаға жарық күңгiрт түсiп тұр. Халық әрлi-берлi сапырылысып, алуан түрлi дауыстар естiлiп жатады. Бұл – Кiшi Азиядағы Сиуас қаласының құл базары. Алыстан шығыс сазы естiлiп тұрады. Дауыстар: “Құл алыңдар, құл!”, “Өзi қайратты, өзi ақылды”. Ақылын басына езiп жақсын, күшi болса жетедi”. “Құл алыңдар, бұл Африкадан келген қара зәңгi”. “Әкел берi, бағасы қандай?” “500 динар”. “Қымбат. Ол бағаға мұндай қара күйенiң бесеуiн қатар аламын”. “Құл алыңдар, құл, жарандар. Күшi бар, ақылы жоқ. Құлағы бар, тiлi жоқ. Көзi бар, бiрақ көрмейдi”. “Әкел, әкел бермен. Ең қымбат құл осы!” Осы сәтте сатушылар да, құл алушылар да дүрлiгiсе қалады. Дауыстар: “Кеме келдi, кеме!” “Жаңа құлдарды түсiре бастады”. “Сауда ендi қызады”. Аяқ-қолдарындағы кiсендерi сылдырлап құлдар келе бастайды. Дауыстар “Бұлар итальян саудагерлерi”. “Орта Азия мен қыпшақ даласынан тұтқындар әкелдi”. “Тездетiп таңдайық”. “Бәрiбiр қара зәңгiден артығы жоқ”. “Жо-жоқ, қыпшақтар асқан жауынгер халық”. “Ең жақсы мәмлүк – солар”. Ортаға итальян саудагерi шығады. ИТАЛЬЯН САУДАГЕРI – Дон бойынан, Карпаттан келгендер оң жаққа шығыңдар. Хиндустаннан, Курдстаннан әкелiнген тұтқындар сол қанатқа сап түзе. Арараттан қолға түскендер әрмен тұр. Қазақ даласынан ұсталған қыпшақтар, басыңдар аяқты, жақындаңдар маған. (Кiсендерi сылдырлап, екi бала саудагердiң жанына таяп келедi). ДАУЫСТАР – Өзге ересек қыпшақтар қайда? – Оларды кемеден шығармаған болар. – Ең алдымен нашарын саудалайтын әдетi емес пе? 7
БЕЙБАРЫС
– Мына екi сәби кiмге қорған болмақ? – Пiшту деген! Бұларды балапан құстай қолға үйрету жеңiл. Есейiп кетсе көнбейдi. ИТАЛЬЯН САУДАГЕРI – Ересек қыпшақтар кемеде көтерiлiс жасап, қырық пышақ боп қырқысты. Алла жар болып, бiр-бiрлеп ұстадық та, кiсенiмен теңiзге әуп деп аттық. Акулалар ап деп, ап деп (мимикасын көрсетiп) қағып алып отырды. Сонда қыңқ деп дыбыс шығарған, жалыныпжалбарынған бiрi болса ше. Дайын құлдықтан гөрi өлiмдi артық көретiн неткен намысшыл халық. Кәне, келiңдер, сауданы осы екi қыпшақ баладан бастаймын. Қол-аяғы бүтiн, тiсi түгел, көздерiнде от, кеудесiнде шоқ бар. (Саудагерлер қаумаласып, қауқылдасып қалады). Мұндай мәмлүктi алған да арманда, алмаған да арманда! Алдымен сен шық ортаға. (Итальяндық саудагер Қалауынды ортаға алып шығады). Кәне, таныстыр өзiңдi. ҚАЛАУЫН – Жасым он екiде. Есiмiм Қалауын. Жайық бойын жайлаған қыпшақ ұлтынанмын. Нәсiлiм берiш. ДАУЫСТАР – Үш жүз динар беремiн. Әкел қолды. – Жоқ, төрт жүз. – Мен аламын, бес жүз. – Алты жүз алтын динар. Кел, бала! – Мен атасының құнын берейiн, сегiз жүз. ИТАЛЬЯН САУДАГЕРI – Бұл қыпшақтың құны мың динар! ДАУЫСТАР – Қой, әрi. – Оңбаған итальяндық, сараң ит. – Алтынға көмiлiп өлейiн деген екен. – Мә, мың динар. Әкел маған баланы! – Алған кiм? – Сұлтан Салық Наджи-ад-диннiң уәзiрi. – Жарадың. – Әй, ерiм-ай. – Сауданы қылыш шапқандай ғып жасайды. (Осы кезде Қалауын жанындағы Бейбарысқа тiл қатады. Екi баланың сәби үнi сахна сыртынан естiлiп тұрады). 8
СҰЛТАН
ҚАЛАУЫН – (қуанып) Алақай, менi мың динарға бағалады. БЕЙБАРЫС – (күрсiнiп) Сатылғаныңды да мақтан еттiң бе? ҚАЛАУЫН – Саған қанша берер екен, Бейбарыс? Аз ба, көп пе? пе?
БЕЙБАРЫС – Қымбат адамның қашанда арзанға бағаланатын әдетi емес
ИТАЛЬЯН САУДАГЕРI – Екiншi тұтқын қыпшақ, шық ортаға. (Бейбарыс ортаға шығады. Биiктеу жерге тұрады). Таныстыр өзiңдi. БЕЙБАРЫС – Жасым он екiде. Есiмiм Бейбарыс. Жайық бойында моңғолдар тұтқынға алды. Ұлтым қыпшақ, нәсiлiм берiш. Жамақ ханның ұлымын. ДАУЫСТАР – О, қыпшақ ханның баласы. – Кәне, көрелiк. – Түсiр басыңды, қақшаңдатпай. (Осы кезде сахна шетiне оймақтай жарық түседi де, сегiз-он жастағы бүлдiршiн қыз бала пайда болады. Бұл Бейбарыстың ата-анасы айттырып қойған Пұлжетпес едi. Бейбарыс пен Пұлжетпестiң тiлдесуi сахна сыртынан естiлiп тұрады). БЕЙБАРЫС – Пұлжетпес. ПҰЛЖЕТПЕС – Әу, Бейбарыс. БЕЙБАРЫС – Айттырып, ен тағып қойған қалыңдығым ең. Жат жерде әзiз басымыз саудаға түскен заманға тап келдiк. ПҰЛЖЕТПЕС – Мойыма, Бейбарыс. Тағдырдың бiр сынағы шығар. БЕЙБАРЫС – Пешенеге жазылған. Сол жазу түбi саған жетелеп барса екен менi. ПҰЛЖЕТПЕС – Күтем, Бейбарыс. Ұшқан құстан, ескен желден, көшкен елден жолдаған сәлемiңдi күтемiн. Шапқан аттың тұяқ дүбiрi боп оралар деп тосамын. БЕЙБАРЫС – (даусы дiрiлдеп) Ерте ме, кеш пе, жаным ұяда болса жетемiн. Пұлжетпес, жетемiн саған! ПҰЛЖЕТПЕС – Кү-те-мiн, Бейбарыс. Кү-те-мiн, жаным! (Пұлжетпестiң даусы жаңғырығып барып үзiлiп кетедi. Өзi де ғайып болады). 9
БЕЙБАРЫС
ДАУЫСТАР – (сахнадағы) Көзiнiң ағы бар екен. – Көңiлiнiң мұңы бар екен. – Хан баласы дейдi өзiн. – Есi бүтiн мәмлүк шықпас. – Қой әрi. – Әй, итальян саудагерi, әкел алақанды, мә, сегiз жүз дихрам. – Алла айрмаған қос қыпшақты мен айырмай-ақ қояйын. Айырылса бiрбiрiн жоқтап iшқұса боп өлер. ИТАЛЬЯН САУДАГЕРI – Сегiз жүз дихрам? Аздау. Мен мұның өзiн моңғол саудагерiнен сегiз жүз дихрамға сатып алғам. Бақтым, қақтым, үш ай аузына адал асымды тостым. ДАУЫСТАР – Оттама! Барым осы. Iлмиiп өлгелi тұр. – Әй, ерiм-ай! – Ақшаның бет-жүзiне қарамайды-ау, өзi. – Сөздi көрмейсiң бе, оттама деп жылқы тепкендей бiр-ақ қайырды. – Ойбай-ау, iлмиiп өлгелi тұр екен деп, жылан шаққандай еткен жоқ па! – Ха-ха-ха! – Хи-хи-хи! – Жеттi! (Ақырып. Бәрi сап басылды). Бейбарыс, жақында маған. (Бейбарыс Сұлтан Салық Надижи-ад-диннiң басына ақ сәлде ораған қауға сақал уәзiрiне таяп келедi). УӘЗIР – (Бейбарысқа) Қолыңдағы не шөп? БЕЙБАРЫС – Жусан. УӘЗIР – Әкел бермен. (Иiскейдi. Мұрнын шүйiредi). Иiсi жаман екен, зытыр нәлеттi. (Лапылдап жанып жатқан отқа лақтырып кеп жiбередi). БЕЙБАРЫС – Тоқта! (жан даусы шығып айқайлап жiбергенде, сахна қараңғыланады да, саудагерлер мен құлдар тобы жоқ болып кетедi. Жарық қайтадан жанғанда майдан даласында тоқым жастанып жатқан Бейбарыс көрiнiс бередi. Түсiнен шошып оянады. Аяқ жағында бiр қара зәңгi қарумен мұны күзетiп, екiншi зәңгi бас жағында желпуiш желпiп тұр. Бейбарыс аласұрып жан-жағына қарайды. Аты кiсiнейдi). Апыр-ай, Пұлжетпес, 10
СҰЛТАН
аяулым ғып атастырып, азабым ғып арпалыстырған бiр бейне ғұмыр бойы түсiмнен шығар емес. Жат өлкеде көңiлiмдi жебегенi ме, мынау қанды майдан қырғында қос қолтықтан демегенi ме? Жусан. (Ойланып) Тұшынып бiр иiскесең көкiрегiңдi шәйдай ашқан қайран Жайық бойының жусаны. Жас сәбидiң қарын шашындай бүр жарғанын көрер ме едi? (Алыстан айқай-сүрең, қарулар қақтығысы, жылқы кiсiнегенi естiледi. Бейбарысқа бiр шапқыншы келедi). ШАПҚЫНШЫ – (бас иiп тағзым етiп) Уа, қадiрлi әскербасы, “Крест жорығына” шыққан француз жасағы бүгiн шабуылды тағы бастады. БЕЙБАРЫС – (бес қаруын тағынып жатып) Дамиетта шаһарына азықтүлiк жеткiзiлдi ме? ШАПҚЫНШЫ – Жеткiзiп үлгердiк, әскербасы. Олар қазiр Мансұр айлағына беттеп келедi. БЕЙБАРЫС – Жарлығымды жеткiз. Ғазауатқа қатысқан барша әскердiң үштен бiрi Нiл өзенiне тоспа салып байласын. Тез. ШАПҚЫНШЫ – Астағы-пыр-алла, Нiлдi байлайды! БЕЙБАРЫС – (шалт қимылдап) Байласын. Оған Қалауын иелiк етсiн. Кiмде-кiм майдан даласын тастап қашса, кәпiр болады. Мұсылман зиратына қойылмайды. Кiмде-кiм Нiлдi байламаса сүйегiн судан табады, иман бұйырмайды. ШАПҚЫНШЫ – Құп! (кетедi. Оның әлгi жарлықты жария еткен даусы естiлiп жатады. “Кiмде-кiм майдан даласын тастап қашса, кәпiр болады. Нiлдi байламаса, иман бұйырмайды.”) (Сахнада соғыс көрiнiсi бастау алады. Сахнаның бiр тұсында Бейбарыс бас болған мәмлүктер, екiншi тұсында француздар. Қақтығыс өрши түседi). ДАУЫСТАР – Қауыра шап! – Сұқ найзаны! – Кес басын! – Жар өтiн! – Уа, жалдамалы мәмлүктер! – Асыранды иттер! – Арабтың артын жалаған құлдар! БЕЙБАРЫС – (ашына ақырып) Уа, ғазауат! Уа, мұсылман! Шегiнушi 11
БЕЙБАРЫС
болмаңдар! Қырыңдар кәпiрдi. Бауыздаңдар лақша! Ерiңдер соңымнан! ДАУЫСТАР – Құдайдың құлымыз! – Мұхамбеттiң үмбетiмiз. – Шәдиярдың сәруарымыз. – Шахит кетсек пейiштiң төрiндемiз. (Қырғын майдан жалғаса берiп сахна айналғанда екiншi бетке өтiп басылады да, сән-салтанатты сұлтан сарайында тақта отырған Иса Тұран шаһ көрiнiс бередi. Шығыс музыкасы баяу ойнап, қақ алдында екi жас сұлу мықын, бөксесiн бүлкiлдетiп билеп тұр). ИСА ТҰРАН ШАҺ – (қызғын, қолын шапалақтап) Сұмдық әдемi билейсiңдер. Тағы, тағы. (Екi қыз екi жағынан таяп келiп, мықынын шаһқа қарай лақтырып-лақтырып билетедi. Сықылықтап сұлулар күлген сайын шаһ та мәз-мейрам бола түседi) Ғаж-жап! Сендердiң марқұм әкем Сұлтан Салық Наджи-ад-дин соқтырған күмiс теңгедей сыңғырлаған күлкiлерiңдi естiгенде (пауза) қара тырнағыма дейiн жыбырлап кетедi. (Екi сұлудың күлкiсi одан бетер күшейедi). Тұп-тура жыбырлап кетедi. Екеуiңдi де бүгiннен бастап гаремiме аламын. (Қолына күмiс тостағанды алып) Сол үшiн зәмзәм суын бiр толғап жұтайын (көтерiп тастайды. Iшке уәзiр Хуан кiредi). ХУАН – Рұқсат па, (тағзым етiп) күндей айбарлы, айдай дидарлы ұлы әмiршiм. ИСА ТҰРАН ШАҺ – О, уәзiр қош келдiң (орнынан екi ұмтылып тұрады) Хуан пiрәдәр. Жер-жаһанның хабаршысы, жақсылықтың жаршысы. Баста сөзiңдi! ХУАН – (өтiрiк мұңайып, мүләйiмсiп) Бұ жолы Сiз тосқан жаңалықтың жаршысы бола алмай қатты қаймығып тұрмын, ұлы әмiршiм. Айбарыңыздан сескенiп, дидарыңыздан именiп, iшiмнен қан өтiп келдi, Иса Тұран шаһ. ИСА ТҰРАН ШАҺ – (семсерiн құлаштай суырып алып) Күллi Егiпет билеушiсiнiң бетiне жел болып тиемiн деген пәнде болса айт, жасырмай. ХУАН – (мүләйiмсiп) Марқұм әкемнiң сүйген құлы деп қыпшақ Бейбарысты дәсерсiтiп қойдыңыз. Әскербасы ғып тағайындадыңыз. Нәсiлi бөлек, қаны бұзық емес пе. ИСА ТҰРАН ШАҺ – Бейбарыстан артық әскербасы жоқ. Қалауын ондай көзсiз ер емес. Бұқпасы бар. ХУАН – Сiз әскербасы ғып “крест жорықшыларына” қарсы шайқасқа 12
СҰЛТАН
жiбердiңiз. (Аярланып) Ал, оның не iстеп жатқанын бiлесiз бе? ИСА ТҰРАН ШАҺ – (шошып) Жоқ! Не iстептi! ХУАН – Нiл өзенiн байлатып, арнасын бiтеп жатыр. Жаңа ғана бiр зәңгiнi қолтарауын тұтастай жеп қойды. Пәрше-пәрше ғып. Ол пәлелер өрiп кетсе, бәрiмiздi жалмап тауысар. (Иса Тұран шаһ тағына сылқ етiп отыра кетедi. Екi алақанын көтергенде музыка тоқтап, бишi қыздар екi бүйiрдегi есiктен жылыстап жоғалады). ИСА ТҰРАН ШАҺ – Нiлдiң суын бөгейдi. Не мақсатпен? Ау, ұлы дария оған бой бере ме? Жау қайда, дария қайда? Бiрi – француз, бiрi – су. Түсiнсем бұйырмасын. (Тағы да күмiс тостағанды бiр мәрте көтередi). ХУАН – (еңкейiп сыбырлап) Ұлы әмiршiм, Бейбарыс сенiмiңiзге кiрiп, iштей iрiткелi жүр. Жұлдызшы солай дейдi. Тездетiп көзiн құртпаса, тақтан дәмелi дейдi. ИСА ТҰРАН ШАҺ – (қарқылдап кеп күледi) Тақтан? Қол-аяғын кiсен қиған мәмлүк ендi бағын тақта сынағысы келедi де. Мен тiрiде ойлағаны iске аспас, Хуан пiрәдәр. (Қатуланып) Бұйрығымды жеткiз, Бейбарысқа! Тоқтатсын Нiлдi байлауын. Еркiнсiмесiн. Атасынан қалған дария емес ол. Ертеңге дейiн король Людвик тоғызыншыны тұтқынға алып үлгермесе, өз кәлләсiн құзғын мүжидi. Иманын үйiрсiн. Бар. (Хуан пiрәдәр бүкең қағып, шыға жөнеледi. Иса Тұран шаһ көңiлдi кейпiне түсiп, алақанын шапалақтағанда музыка ойнап, екi бишi қыз екi бүйiрден шыға келiп әсерлi биiн жалғастырады. Сыңғырлаған күлкi естiледi. Сахна айналып қаракөлеңкеленедi де, Бейбарыс бастаған мәмлүктер көрiнiс бередi. Гүрiлдеген Нiл дариясының сарыны естiледi. Дарияны бөгеп, жанталасып жатқан жасақтың iс-әрекетi байыз табар емес). ДАУЫСТАР – Қапқа толтыр құмды. – Жүз қапты ат арнаға. – Лай су шайып кетпесiн. – Қолтырауын! – Шап басынан. Қылышпен! – Сүйре құйрығынан! – Түйре найзамен! – Арна аунап барады! 13
БЕЙБАРЫС
– Бiте көмейiн. (Жанталас жалғаса бередi). ҚАРАУЫЛ – Әскебасы жойқын қимылдауда! Талайы кәлләсiн құшып жатыр. Жау отты қаруын iске қосты. (Гүрс еткен үн естiледi). (Доп мүлт кеттi. Француздар шегiнуде. Алды айлаққа қаша бастады). ДАУЫСТАР – (дарияны бөгеп жатқандар) Мәмлүктердiң даңқы арта берсiн! – Бейбарыс жәй мәмлүк емес, ол – әскербасы. – Қыпшақ нәсiлi, қайтпас ер! – Қалауынның ерлiгi одан кем емес. – Жаужүрек деп Құтiздi айт! – Дария бөгелдi! – Су кемерiне келдi. – Ендi не iстеймiз? – Әскербасы Бейбарысқа ат шаптырыңдар. – Арнаны қай тұсқа бұрамыз? Әмiрiн тосайық. (Осы кезде дария басына Хуан пiрәдәр келедi. Маңғаз да өркөкiрек қалпы). ХУАН – Уа, өңшең айтпаса бiлмейтiн, ашпаса көрмейтiн, құлдың құлақкестi тұқымы. Жер жаралап, су аққалы жасап келе жатқан ұлы дарияны бөгеу – исламның құтқарушысы, теңдессiз әмiршi Иса Тұран шаһқа жасаған теңдессiз зиянкестiктерiң. Дарияның аңы, өлкемiздiң сәнi қолтырауынды қырғандарың тегi бөлек дұшпандықтарыңды дәлелдеп тұр. Ашыңдар тоспаны, қашыңдар аулақ, өңшең кiсәпiр. Бұл – ұлы әмiршiнiң бұйрығы. ДАУЫСТАР – Уа, уәзiр, бұйрығыңа құлдық, бiрақ орындай алмаймыз. – Жау таяп келедi. – Бейбарыстың жарлығымен жасадық. ХУАН – (ашына айқай сап) Ашыңдар дедiм тоспаны! Сендер француздарға жол ашып берiп жатырсыңдар. Қазiр жау жасағы Каирға сау ете түседi. Бұл не деген сатқындық. ҚАРАУЫЛ – Бейбарыс келе жатыр. Ақ тұлпармен құйғытып келедi. (Ат тұяғының даусы естiледi. Сахнаға Бейбарыс шығады). БЕЙБАРЫС – (аптығып) Дария байланды ма?! Жарады! Қайтпас ерлерiм 14
СҰЛТАН
менiң! ХУАН – Уа, әскербасы Бейбарысым, бұл не жанталас? БЕЙБАРЫС – Уәзiр, жау жағадан алғанда жұмсақ төсекте жата алмайтынымды бiлсеңiз неттi! ХУАН – (басын шайқап) Жарамады. Ашыңыз тоспаны. Әмiрдiң бұйрығы солай. Ертеңге дейiн жауды талқандап, корольды қолға түсiрмесеңiз, дар тұзағы Сiздiң мойныңызды да айналып өтпес. БЕЙБАРЫС – (қолын сiлкiп тастап) Жоғал, әрмен, кәпiрдiң жансызы. ХУАН – Елден ерек жылқы етiн жеген, сүтiн iшкен сен де кәпiр (Хуан жылыстап жоғалады. Жәй кетпейдi, кектесiп, айбат шегiп кетедi). БЕЙБАРЫС – Қарауыл! Қалауынға, Айтемiр, Тоқтемiр, Ибрагим Уаққа хабар сал. Мансұр айлағынан әскердi суыт алып шықсын. Жауға шегiнер жер қалдырмай, Каир бетте сап түзесiн. Қазiр дарияны басқа арнамен босатамыз. ҚАРАУЫЛ – Құп, әскербасы. Шапқыншы кеттi. (Айнала айқай-шуға, жанталасқа, қырғынға, қашты-қудыға бөленген. Ал, Бейбарыс сахнаның қақ ортасында тұрып өзiн дүниенiң тiрегi сезiнгендей, өзгеге сездiргендей ойлы, мұңды қалпы жан-жағына көрерменге көз тiгiп, сәл пауза жасап қалады. Алыстан күй сарыны естiледi). Әскербасы, бұйрығыңыз орындалды. Әскерiмiз шайқасты тастап шықты да, француздар айлақта аңаша қалды. БЕЙБАРЫС – (селк етiп) Ағытыңдар Нiлдi. Ақсын жаңа арнамен. Бассын айлақты. Жұтсын жауды. (Дарияның жойқын сарыны естiледi. Айқай-шу, ызы-қиқу естiледi). ҚАРАУЫЛ – Француздардың тiрi шыққандары қашып келедi. Көбi дариямен ақты. Король дариямен ақты. Корль Людвик тоғызыншы бастаған бекзада топ ақ жалау көтерiп шықты. Жеңдiк жауды. Жарылқа, жаратқан ием. (Он шақты француз солдаты сахна төрiнен қашып өтедi). БЕЙБАРЫС – (өз-өзiмен) Жарылқа тәңiрiм, жалғызды. (Пауза. Бейбарыс айналасындағыларды көтерiп) Жүрiңдер, тұтқындаймыз корольдi! (САхна қараңғыланады да жарық керi жанғанда Иса Тұран шаһтың сарайы көрiнiс бередi. Музыка әуенiмен төрт сұлу қыз шығыс биiн билеп тұр. Шаһ тақта отыр, бас уәзiр Хуан алдында мүттәйiм қалпы иiледi). ИСА ТҰРАН ШАҺ – Сөйле Хуан пiрәдәрiм. Уәзiрлiк пен шабармандықты шатыстырып алған жоқсыз ба? 15
БЕЙБАРЫС
ХУАН – Ұлы мәртебелiм, жау жағадан, бөрi етектен жармасып жатқанда жаным қыдырып кетпедi ме? ИСА ТҰРАН ШАҺ – (қызғын) Жауың белгiлi, ал бөрiң кiм? ХУАН – Тiсi ақсиған көкбөрi дегенiм – Бейбарыс. Нiлдi бөгеп, жауға жол ашып, француздарға қосылып кеттi дейдi. ИСА ТҰРАН ШАҺ – Сөзiңнiң жалған еместiгiне жан бересiң бе? ХУАН – Жан беремiн, ұлы мәртебелiм, жан (жанталасып). Қауiп төндi сiз бен бiзге. Бейбарысқа қарсы ғазауат жариялап, майдан ашпасаңыз, күнiмiз қараң. Аспанда күн тұтылып, ай адасады. ИСА ТҰРАН ШАҺ – Ал, Бейбарыс әскербасы боларда әкем Сұлтан Салықтың алдында адалмын деп тұзға сиiп ант берген. (Сарай есiгi оқыс ашылып, iшке ентiккен Бейбарыс ентелей басып кiредi. Хуан шошып селк етедi). БЕЙБАРЫС – Рұқсат па, ұлы мәртебелiм. “Крест жорығына” шыққандар айқын жеңiлiс тапты. Көбi Нiлге ақты, батпаққа батты, азы қолға түстi. Людвиг тоғызыншының айғыр үйiр тобын алдыма салып айдап әкелдiм. Қабыл алыңыз. ИСА ТҰРАН ШАҺ – (орнынан атып тұрып) Қайратыңнан айналдым, қайран Бейбарыс. (Тәлтiректеп) Кiргiз, басына шуда жамылғандарды! (Сарайға король бастаған төрт-бес француз кiредi. Бәрiнiң де басында ақ парик, үстiнде ақсүйектердiң киiмi. Көздерiнде пенснэ. Бiрақ су, балшық шашырап, берекелерi қашқаны көрiнiп тұр. Жүздерiнде үрей бар). БЕЙБАРЫС – (шаһқа тағзым етiп) Ұлы мәртебелiм, қабыл алыңыз, шақырылмаған қонақтарды. Күтусiз келгенiмiзге (мысқылдап) кешiрiм өтiнемiз дейдi. (Король бастаған топ сәл ғана тiзе бүгiп, иiледi). ИСА ТҰРАН ШАҺ – Қолға түстiк деңдер, мырзалар. ЛЮДВИГ IХ – Қапы соқтық, әмiршi. Бар әскерiмдi тасқын жұтты. Әйтпесе, (Тұран шаһ бишi қыздарға ым қағады. Сұлулар тұтқындардың жан-жағына шығып сүйкене билеп естерiн алады. Әлсiн-әлсiн былқылдаған мықындарымен шошытады. Иса Тұран шаһ күле, Хуан үркiп, Бейбарыс ойлы қалпы қарап тұрады.) Тойдық, әмiршiм, (қатайып) арабтардың биiне. ИСА ТҰРАН ШАҺ – Билеушiсiне ше? ЛЮДВИГ IХ – Бәрiне де. (Шаһ иек қағады. Бiр сұлу қыз бiр күмiс тостақан шарапты корольге 16
СҰЛТАН
ұсынады). ИСА ТҰРАН ШАҺ – Кел, король мырза, жеңiс үшiн iшейiк. (Шаһ тостағанды көтередi. Ал, Людвиг тоғызыншы ызаланып, тiстенiп тұрып шарапты Хуанның бетiне шашып жiбередi). ЛЮДВИГ – Кесiмiңдi айт, әмiршi. Басыма азаттық бер. БЕЙБАРЫС – Жаңа ғана өз кесiмiңдi өзiң шығардың, король! ИСА ТҰРАН ШАҺ – Алла азат еткен басыңды араб елiне әкеп тозаққа тықтың (басын шайқап). Ендi құтылу болмас. ХУАН – (мүләйiмсiп) Әлбетте. ЛЮДВИГ IХ – «Қасиеттi жер» алыстағы арман болдың-ау (аһ ұрып). ИСА ТҰРАН ШАҺ – Арман күйiнде қалады. Бейбарыс, (француздарды көрсетiп) шудаларын сыпырып ал да қырық есiк зынданға сал. (Өзi биiк баспалдақпен теңселе басып жоғары көтерiле бередi). Мен дүниенi биiк мұнара басынан қадағалап тұрамын. (Хуан иiлiп тағзым етедi, Бейбарыс тұтқындарды алып шығып бара жатады, сұлулар биiн жалғастыра бередi. Сахна баяу күңгiртене түседi).
17
СҰЛТАН
Екiншi акт. Екiншi көрiнiс. Сахнаның бiр шетiнен дауылпаз қаққан жаршы шығады. ЖАРШЫ – (қуанышты) Уа, қадiрлi халайық, сұрағанға сүйiншi бар. Сирия мен Палестинаға көз тiккендер жеңiлдi. Француз әскерi талқандалды. Король қолға түстi. Сүйiншi, халқым, сүйiншi! Әмiр сарайында ұлан-асыр той өтпек. Баспанасызға үй тимек, қатынсыздар қыз сүймек. Уа, халқым!.. (жаршы дауылпаз қағып сахнадан өте шығады) (Iзiнше қарсы беттен шабарман шығады. Даусы зарлы.) ШАБАРМАН – Уа, халқым, Күн тұтылды, Ай адасты өрiсiнен. Күллi Египет қара жамылды. Арабтың туы құлады. Дауыл бәйтеректi жықты. Арабтың туы құлады. Дауыл бәйтеректi жықты. Тұнығымызды ылайлады. Иса Тұран шах шаһит кеттi. Төрi – жаннатта, жаны пейiште болғай. Уа, халқым, қоса күңiрен, жұл шашыңды, жырт бетiңдi. (Шабарман даусы жырақ кеткен соң, сахнадағы жарық қараңғыланып қайта жанғанда қара жамылған әмiршi сарайы көрiнiс бередi. Тақ бос тұр. Тақтың екi жағын қаумалап, Египеттiң игi жақсылары қанаттас жайғасқан. Жүздерi мұңды. Бiрақ көбiсi тақтан дәмелi.) АҒА ШАХИН – (бас уәзiр) Ил-алла-ла-ил-аллаһ! Уа, қара жамылған жамағат, уәзiрлер мен қадилар, шейхтар мен бектер. Тумақ – хақ, өлмек – хақ. Бұл – Алланың бұйрығы. Осы үрдiстi берiк ұстанып Мұхамбет ғалейсаламның үмбетi болу – бiр бақыт. (Жиналғандар бас шұлғысып, «Әлбетте», «Орынды сөз», «Алланың әмiрi» десiп қалады.) Ұлы әмiршiм Иса Тұран шахтың мәңгiлiк мекенiмен табысқанына бiр жұма өттi. Мұнара басынан қалай құлап шаһит кеткенiне анық куә жоқ. Дау өршiп тұр. Ал, монғол әскерi құрттай өрiп, құмырсқадай жыбырлап, Бағдатты қоршауға алды. Әмiршi жоқ, тақ бос тұр. 19
БЕЙБАРЫС
ХУАН – (иiлiп) Алла атымен ант етемiн. Мұнара басына шығып әлемдi шолып тұрған әмiршiге қарай Бейбарыс көтерiлiп бара жатты. БЕК – Мен де көрдiм. Белiнде қайқыбас қылышы бар. Жүгiре басып мұнараға шықты. ФАТИМА – Артынша шах мұнараның ұшар басынан құлап түскен. ХУАН – Өзi тақтан дәмелi ғой. ҚАЛАУЫН – Жалған. Шах өлгенде Бейбарыс қалған жауды талқандап жүрген. Мен бұған Қалауын басыммен ант етемiн. ҚҰТIЗ – Шахтың бойын әзәзiл шарап билеген. Күнәһар – сол. ХУАН – (шаптығып) Ұлы аруаққа неге тiл тигiзесiң? Оңбаған қыпшақ! ҚҰТЫЗ – Шахтың ұлты – курд едi, өзiң – жөйтсiң. Оны да ұмытпа, Хуан пiрәдар! ҚАЛАУЫН – Араб елiнiң мәмлүктен шеккен залалы жоқ. Айыбы – найзаға тұщы етiн, қылышқа талша мойнын, дойырға жон арқасын төседi. АҒА ШАХИН – Мәжiлiске Бейбарыс неге келмеген? ҚҰТIЗ – Ол жауабын кеше берген. Қазiр әскер басында. АҒА ШАХИН – Өмiр тұрғанда өлiмдi айтпа. Бiтпес дауды қудық. Шахтың аруағын күңiренттiк. Пейiштегi жанын қозғадық. Күнәһар жоқ. Бейбарыс тақтан дәмегөй болса, бiзбен тiзе қосар, қызыл тiлдi безер едi. Ұлы жеңiстi жұлып әперген сол. Алла разы. ХУАН – Тақ сұлтанын күтедi. ҚАЛАУЫН – Тақ жалғыз. БЕК – Дәмелi мың сан. ҚҰТIЗ – Жамыраған жұлдыз көп те, жарық Ай бiреу. ФАТИМА – Жұлдыздың жаманы Айды күндер. АҒА ШАХИН – Тақтың сегiз жастағы мұрагерi бар. ФАТИМА – Жыламай емшек ембейтiн жас бала сұлтандыққа жарамайды. ХУАН – Жанына ақылшы сайлайық. ҚАЛАУЫН – Жолы мен жоралғысы бас уәзiр Аға Шахинге түсiп тұр. АҒА ШАХИН – (жан-жағындағыларға барлай қарап) Ә, тақ талас басталды ма? Мен сұлтандықтан бас тартамын. 20
СҰЛТАН
ҚҰТIЗ – Ендеше әскербасы Бейбарысқа жол ашайық. ФАТИМА – (шар етiп, тұлданып.) Қаңғып келген қыпшақтан-ақ көрдiкау, көресiнi. ХУАН – (қосамжарланып) Ендеше, арпа iшiнде бiр бидайдай Фатима Шаджарат-ад-дүр ханымға кезек берелiк. Негiзiнде – сұлтандық, нәсiлiнде – тектiлiк бар әулет. БЕК – Басшың тырна болса, күнiң тырұлаумен өтер. ҚАЛАУЫН – Түнiң қарақшы боп, бiрiңдi бiрiң қырумен өтер. ФАТИМА – Сұлтан сүйегiн сыйлаған. Мен Ғали-Арыстанның тұқымымын. Еншiм бар тақтан. ҚҰТIЗ – Мәмлүктер – мемлекеттiң айбары. Тақтың дидарына жарасса кемдiк етпес. ҚАЛАУЫН – Бейбарыс тақымына тар келсе, парасаты мен пошымы кем соқпас Құтiз қайда қалады. ҚҰТIЗ – Иә, бәсе. (Өзеуреген қол сермескен, кеуде соққан дау-дамай аз-кем үнсiз жалғасады. Мимикамен берiледi) АҒА ШАХИН – (қатаң) Жеттi! Құлан өлiп, құрбақа дәуiрлеген екен (қолына әмiрдiң асасын алып). Жеребе тастаймын. Осы асасын ұшар ұстаған пәнде тақ мұрагерi атанады. Қалғаның соған жүрiп, құлдық ұрасыңдар. БӘРI – Дұрыс шешiм! – Табылған ақыл. – Иә, сәт. – Жұлдызды шақ, жарқыра. – Тигiзе гөр алақанымды. – Иә, жасаған. (Аға Шахин ұзын асаны қақ ортаға қадайды) АҒА ШАХИН – Кәне, жеребенi ұстаңдар. Бiр-бiрлеп. (Бәрi ұмтылысады. Бiреуi қос қолдап жармасады. Көздерiн жұмады, күбiрлеп сыйынады. Иықтасады, кеудеден итерiседi.) – Алланың мейiрi Айбекке түстi (өзгелерi түгелдей күрсiнiп сала бередi. Фатима жаңа сұлтанның мойнына оратыла кетедi). 21
БЕЙБАРЫС
ФАТИМА – (көзiн ойнатып, сиқырланып) бiлiп ем. Астыңнан тағың таймағай. (Сахна қараңғыланып, жарық керi жанғанда Хеопс пирамидасының жанында ұсталарға қару соқтырып, майдан даласында отырған Бейбарыс көрiнедi. Жанында өзiнiң тарихшысы қыпшақ Тәңiрбердi) БЕЙБАРЫС – (қару соғып жатқан ұсталарға) Алмас қылыш қайтпас болады. Оттан суырып суға салыңдар. Әп, бәрекелдi. (тарихшысына бұрылып) Не дедiк, Тәңiрбердi? ТӘҢIРБЕРДI – (жазғанын оқып) «Сарайда тақ таласы шықты. Бас уәзiр Аға Шахин жеребе тастады. Өзi тақтан бас тартты. Барға қанағатшыл, көпке қамқор, аяулы адам едi». БЕЙБАРЫС – «Жеребеде Айбек жеңiп, курд нәсiлi тағы да таққа отырды деп жаз. Араға жұма намазын салып, Фатиманы некелеп алды де. Хош. Мекер алдымен төсегiн, сосын көсемiн сатты де. Алланың өзi кешiргей, түн жамылып жас тоқалы сұлтанға қанжар сұқты де. Тақ Фатимаға бұйырды. Жаратқанның бермеген несiбесiн зорлықпен қан төгiп алды де. Мың жылда да өшпейтiндей етiп таңбалап жаз. Зорлық пен зұлымдық егiз туған. Фатиманы тақтан ел тайғызды. Орнына қыпшақ нәсiлi, менiң әзiз досым Құтiз сұлтан сайланды де». Қалғанын өзiң өрнекте. (Бейбарыс орнынан тұрып кетедi) ТӘҢIРБЕРДI – (қолжазбасын қойнына жасырып) Сарайдың айтылмайтын астыртын ойындарын менен жасырмай жәйiп салады. О, атақты әскербасы, маған қыпшақ деп сенгенiң шығар. Ақтармын уыздай көңiлiңдi. (Сахнаға киiз үй құралын көтергендер шығады. Жандарында Бейбарыстың жары Тәжi Бақыт пен екi ұлы – Саид және Ахмет бар.) БЕЙБАРЫС – (қуанып) Оу, Едiл-Жайықты жайлаған қыпшақ көшiп келгендей болды ғой (киiз үйдiң әр құралына бiр жармасады). Бәрi де бала күнгi көрген мүлiк (Тәжi Бақыт пен екi ұлы күле қарап тұрады). Мынау шаңы-рақ. Бұл үйдiң төбесi. Бәдәуилер сынды киiздi қаусырып бумайды. Киiз еркiн жайылады. Кереге, уық, уық па едi, есiмнен шығыпты. Үстiне анам құрт пен iрiмшiк, сарысу жаятын (терең күрсiнiп). О, кешкен дәурен. ТӘЖI БАҚЫТ – Бас ием, өзiң ұзақ жыл армандаған киiз үйдiң жарағын ұлы жорық алдында дайындатқанмын. Өзiң айтқансың, керегесi он екi қанат деп. Екi ұлың да жанын салды. САЙД – Тек құрастыруын бiлмедiк, әке. АХМЕТ – Әкем осындай киiз үйде көз ашқан десем, Сайд сенбейдi. 22
БЕЙБАРЫС – (екi ұлына мейiрлене қарап) Иә, Сайд, Ахмет әкелерiң
СҰЛТАН
шапқан тұлпардың тұяғы, жүзген кеменiң бауыры тозған алыста осы киiз үйде iңгәлаған. Киiз үйден шығып, күллi әлемге кеттiк. ТӘЖI БАҚЫТ – Киiз үйдiң iргесiн түрiп тастап, қымызға қанып, қазы жеп сәскеге дейiн ұйықтар ма едi, деушi ең. САЙД – Жылқының етi. (Өз-өзiнен) Жей алмаймын. АХМЕТ – Қымыз. (Өз-өзiнен) Одан Нiлдiң суы артық. БЕЙБАРЫС – (есiтiп, үнсiз бас шайқайды) Құлынында кiсiнемеген ат болар, атасын көрмеген ұл жат болар деген сол. Өз ортасы өгей еттi-ау бұларды. ТӘЖI БАҚЫТ – Құрмаймыз ба, бас ием. БЕЙБАРЫС – Қыпшақтан қатын алғанның бiр iсi артық деседi ақ сәлдесiне оранған арабтар. Құрсақ, құралық. Кәне, жiгiттер қаумалаңдар (қара зәңгiсi, қыпшағы аралас киiз үйге көмектеседi. Киiз үй сахнаның төрiне емес, кейiнгi көрiнiстерге кесел келмейтiндей етiп шетке құрылған сипат бередi). Алдымен шаңырақты көтере ме, керегенi құра ма, уықты қайсысына байлайтын едi? Тәжi Бақыт, келшi берi, әкем айтып отыратын, шаңырақ деген өзiм, уық деген балаларым, ал кереге деген шешелерiң деп. ТӘЖI БАҚЫТ – Ендеше, екеуiмiзден бастайық, Сiз шаңыраққа, мен керегеге, балалар уыққа ие болсын. БЕЙБАРЫС – (шаңырақты көтерiп) Әуп! Ата-бабаның аруағы жар болғай. Жат өлкеде көтерген шаңырағым ырысты болғай. ТӘЖI БАҚЫТ – (күбiрлеп) Екi ұлға жұғысты болғай, әумин. (Абырсабыр, қуанышты кейiп киiз үй тiгу үстiнде жалғаса бередi). (Келесi көрiнiсте Бейбарыс ортада отыр. Бiр қара зәңгi күзетiп, екiншiсi желпуiш желпуде. Айналасының бәрi қару соғып жанталасып жатыр. Бейбарыстың алдында дар ағашы, онда екi аяғынан төмен қарай салбыратып асып қойған бiр француз тұр. Басы әлсiн-әлсiн бұлғақ қағады). БЕЙБАРЫС – (әлгiге назарын тiктеп) Допты қарудың тiлiн бiлмеймiн дейсiң, а? ТҰТҚЫН – Бiлсем айтар ем, әскербасы. БЕЙБАРЫС – Өтiрiк! Жолбарыстай өңкиген темiрдiң құйрығына от тигiзiп тұрғаныңды соғыс үстiнде көрдiк. ТҰТҚЫН – Менiң мiндетiм – пiлтеге от тигiзу. Сосын “пух!” дейдi. 23
БЕЙБАРЫС
БЕЙБАРЫС – Бiздiң қолға өткен соң неге “пух!” дегiзбедiң. ТҰТҚЫН – Өтiм аузыма құйылып барады. БЕЙБАРЫС – (қамшымен француздарды құйрыққа бiр тартады, анау шоршып түседi) Мiне, құйрығыңнан от бердiм. Ол қайда барады? ТҰТҚЫН – Пiлтеге, ойбай. Пiлте жанады. БЕЙБАРЫС – Ә, пiлте жана ма? Пiлте бар бiзде (құйрығынан бiр ұрады). Пiлте жанып қайда барады? ТҰТҚЫН – Өтiме. Жоқ, ойбай, дәрiге. (Денесi жыбырлап) Дәрi тұтанып, допты атады. Доп... БЕЙБАРЫС – Доп мәмлүктi (ойланып). ТҰТҚЫН – Дәрi жоқ бiзде, дәрi. Өтiм, ойбай. БЕЙБАРЫС – Дәрi тап, жаса. Әйтпесе орнына өтiңдi құямын. Әкетiңдер мынаны! (Үш-төрт мәмлүк дар ағашымен қоса көтерiсiп алып кетiседi. Бейбарыс қару-жарақ соғып жатқандардың жанына барып, әрқайсысын сынап көредi.) Қылыш. Исфаһан үлгiсiмен соғылған қайқы қылыш. Отқа қақтадың ба, суға пiсiрдiң бе? (Мәмлүкке) Мә, ұста (бiр қылышты лақтырады, анау қағып алады). Кел. Жекпе-жек. Жекпе-жек. МӘМЛҮК – Әскербасы, қорқамын. БЕЙБАРЫС – (ақырып) Кiмнен?! МӘМЛҮК – Сiзден. БЕЙБАРЫС – Шабам қазiр басыңды (төнiп кеп). Қылыштас. МӘМЛҮК – Сiздi онда монғол жасағы деп ойлайын. БЕЙБАРЫС – Иә, монғол жасағы. МӘМЛҮК – (айбаттанып, кiжiнiп) Ә, онда мә, ендеше. (Екеуi құтырына қылыштасады). Айдалада өлген әкем үшiн! Мә! Сенiң қолында жан берген ағам үшiн! Мә, ит монғол! (Екеуi бiр-бiрiн бұрышқа қуып тыға бастайды). БЕЙБАРЫС – (күлiмсiреп жүрiп) Жарайсың, мәмлүк, жарайсың, ерiм. Қайқайта шап, орап жiбер қолыңды. Бұқ! Секiр жаныңа! Қорған. Ұмтыл iлгерi (Жан-жағындағылар үрейленiп қарап тұрады). Шегiн дедiм (Мәмлүк құлайды). Әп, бәлем! (Бейбарыс оң аяғынан кеудесiнен басып тұрып, қылышты мойнына тақайды) Жансауға ма? 24
СҰЛТАН
МӘМЛҮК – Жоқ. БЕЙБАРЫС – Жарайсың, тұр. (Шабарман жетедi айқалап) ШАБАРМАН – Уа, әскербасы Бейбарыс ием, Бағдатты жау алыпты, жау!.. Монғолдан қырық елшi келдi. Сұлтан Құтiз сiздi тағатсыз күтiп отыр (Бейбарыс сұлтан сарайына келiп кiредi. Құтiз тақта отыр. Жанында Қалауын, Хуан, т.б қадилар мен шейхтер. Құтiздiң қабағы қатулы). ҚҰТIЗ – Ә, Бейбарыс ерiм, келдiң бе? БЕЙБАРЫС – Есендiк, сұлтан. ҚҰТIЗ – (даусын қатайтып) Ел есен емес, Бейбарыс. Сiз бен бiзге заманында құлдық қамытын кигiзген монғолдар Бағдатты алды. ХУАН – (өз-өзiне) Бiрiне сұлтандық сыйлаған, екiншiсiне әскербасы дәрежесiн бергiзген сол монғолдар емес пе? Күпiрiм-ау, бұл қыпшақтарға жақпассың. (даусын қатайтып) Шаһарға өрт қойыпты, өрт. БЕЙБАРЫС – Бастап келген қай ноян? ҚҰТIЗ – Құлағу мен Кетбұқа. ҚАЛАУЫН – Соқан десеңшi! ХУАН – Шаһар бегiн белiнен теуiп, екiге бүктеп тастапты. ШЕЙХ – Сұпының жайнамазын өртептi. ХУАН – Мешiттi атқора еткен. Нәжiс төгiптi. ҚҰТIЗ – (асабасын көтерiп) Үрейлерiң ұшпасын! Құлағу мен Кетбұқа аттандырған қырық елшi қабылдау тосып отыр. БЕЙБАРЫС – Сөйлеселiк. ҚАЛАУЫН – Лебiзiн бағалық. ҚҰТIЗ – Аз бөлiгi кiрсiн шұбырмай. (Iшке еңкеңдеп, тоңқаңдап, кейбiрi кердең қағып бес-алты елшi кiредi) ЕЛШI – Египет әмiрi Құтiз сұлтанға жаһанның иесi, жердiң кiндiгi Шыңғыс ханның ұрпағы Құлағу мен Кетбұқадан бiр мәрте сәлем. ҚҰТIЗ – Сәлемiн қабыл алдық. БЕЙБАРЫС – Басқыншының сәлемiне зәрулiгiмiз жоқ. ҚАЛАУЫН – Одан да сойыл сойысатын жерiн айтсын. 25
БЕЙБАРЫС
ЕЛШI – Ұлы Қаһанның ұрпағы сәлем-сауқатпен қоса хат жолдады. Қабыл алыңыз (шиыршықталған қағазды Құтiзге тапсырады). ҚҰТIЗ – (қағаздың орауын жазып оқып) «Өз ерiктерiңмен берiлiңдер. Каир қақпасын өз қолдарыңмен ашыңдар. Әрбiрiңе бас амандығын тарту етемiз. Әйтпесе, әлемдi ат тұяғымен таптаған әскерiм сендердiң де тiрiңдi азапқа, өлiңдi тозаққа салады. Қайыр, хош. Құлағу, Кетбұқа. Мөрiмдi бастым». ҚАЛАУЫН – Ох-хо, дәмесiнiң зорын. ШЕЙХ– Аяғы – боқта, төбесi – көкте екен. БЕЙБАРЫС – (монғолдың бiр елшiсiне көз тiгiп үнсiз қалады. Өз-өзiнен күбiрлеп) Ауса ше. Одан берi аттай екi мүшел өтiптi. ҚҰТIЗ – Уа, уәзiр мен бектер, шейхтар мен қадилер, берер жауап, кесiмдi сөз айтыңдар. ҚАЛАУЫН – Бұл зымиян монғолдарды бiлемiн. Бағдатты шауып, Каирды аман қалдырмайды. Ғазауат жариялайық. БЕЙБАРЫС – Ғазауат, тек қана ғазауат! ҚҰТIЗ – Египеттен өлiп айырылайық. Тiрiлей – жоқ! ЕЛШI – Сыйыңды қашырмай берiлгеннiң жөнi бөлек, сұлтан. ҚҰТIЗ – Жап, аузыңды, сайқал неме! БЕЙБАРЫС – көмейiне қорғасын құйайын мұның. ҚҰТIЗ – Сабыр, Бейбарыс! ХУАН – Шаһарымызды сақтаса, жанымызға мiгiр берсе, келiсiмге келiпақ өмiр сүрейiк. ШЕЙХ – Ойланайық, онда (солқылдақтық танытып). ЕЛШI – Ойланған абзал (кергiп). Уақыт берейiк. Ертең сәскеге дейiн. ХУАН – Елшi құдайдың сөзiн айтып отыр. Соғысып қырылғанша... ҚҰТIЗ – Бұл жерде сөз – менiкi. Соғыс ашамыз. БЕЙБАРЫС – Ғазауат, тек қана ғазауат. Мен дайынмын. Әскерiм әзiр. ЕЛШI – (етегiн қағып ұшып тұрады) Ақырғы шешiм осы ғой. ҚҰТIЗ – (қатқыл) Ол шешiмдi жеткiзiп беру сендерге бұйырмады, елшiм. Түгелдей дарға асылсын! (Сырттан кiрiп келген мәмлүктер елшiлердi желкесiнен басып тұқырта қояды. Елшiлер қатты шошынған. Өзгелерi де 26
СҰЛТАН
үрейлi). БЕЙБАРЫС – Құтiз, елшiнi өлтiру – мұсылмандыққа жат. ҚАЛАУЫН – Пайғамбардың қадисiне жазылған. ХУАН – (үрейi ұшып) Алла, Алла, өзiң кешiре гөр. ЕЛШI – Құран сөзiне көнбеген дүлейдi (жұлқынып) несiне сұлтан еттiңдер. ҚҰТIЗ – Жап аузыңды, зұлым! Сен елшi емессiң, жаушысың! Жаушының мойны тұзақты сағынады. Әкетiңдер. ҚАЛАУЫН – Құтiз әмiршiм... БЕЙБАРЫС – Қолыңды қандама. ҚҰТIЗ – Кестiм-үздiм! Асылсын дарға! (Бейбарыс күзетшi мәмлүктi шақырып алып сыбырлайды. Мәмлүк шығып кетедi). ҚАЛАУЫН – Болары болды, (бетiн сипайды) әумин! ҚҰТIЗ – (тағынан тұрып) Египеттiң төрт бұрышына шабарман кетсiн. Ғазауат жарияланды. Ат жалын тартып мiнер, найза ұстар, қылыш шабар еркек кiндiктiң бәрi «Қасиеттi соғысқа» шықсын! Аттануға асықсын. (Мәмлүк кiредi). МӘМЛҮК – Дар арқаны үзiлiп кетiп бiр елшi жерге тiрi құлады. Қайтпек керек? (Құтiз Бейбарысқа қарайды). БЕЙБАРЫС – Зынданға сал. МӘМЛҮК – Құп. (Сахна қаракөлеңкеленедi. Қолына найза, қылыш, қалқан ұстаған үлкен топ ерсiлi-қарсылы жүгiрiседi. «Ғазауат, уа, ғазауат», «Қасиеттi соғыс», «Илалла-ла-ил-аллаһ», «Ғазауат, уа, ғазауат «Қайран, Бағдат», «шап монғолды» т.б. дауыстар кернеп кетедi).
27
СҰЛТАН
Екiншi акт. Үшiншi көрiнiс. Әмiршi сарайы. Төрдегi тақ түстiнде асаға сүйенген Бейбарыс отыр. Екi жанында екi қара зәңгi желпуiш желпiп тұр. Бейбарыстың оңы мен солында Қалауын мен Тәңiрбердi жылнамашы тiзе бүккен. Қалауынның белiнде қылыш, Тәңiрбердiнiң қолында қауырсын қалам мен ширатылған қағаз. Бейбарыс көзiн тарс жұмып, ойға шомған. БЕЙБАРЫС – (көзiн оқыс ашып алып) Сөйле, Тәңiрбердi, жалғастыр жылнамаңды. ТӘҢIРБЕРДI – «Құлағу мен Кетбұқа ноянның әскерiне қарсы ғазауат басталды». Кәпiр қолы Қаирға таяғанда бәдәуилер көмекке жеттi. Оларға Алланың нұры төгiлсiн. Аспан асты қан-тозаңнан, жер бетi өлiктен көрiнбедi. Әскербасы Бейбарыс ақ боз атпен ойқастап, қоршауға түскен кәпiрлерге қарсы қолма-қол шайқас салды. Айқайдан даусы қарлықты. Отты қарумен доп атты. Жаудың жалғыз әскерi қалғанша осы көрiнiс қайталанды. Ұрыста Құтiз әмiршi қаза тапты. Иманы салауат болғай. Таққа Бейбарыс сұлтан отырды. Тәңiрiм оның жанына жамандық бермегей» ҚАЛАУЫН – Оның иен даланы гүлзар баққа бөлегенiн, шаһарда тәртiп орнатқанын, кесiрдi тиғанын, ел-жұрты етегi мен есiн жиғанын неге жазбайсың? БЕЙБАРЫС – (асасын көтерiп) Жә! Жылнамашы, таққа отырған соң менiң есiмiме қандай атаулар қосылып едi? ТӘҢIРБЕРДI – (шиыршықталған қағазын жазып) Абулфутух Рукнуддин уа дүние Бейбарыс бин Абдулла ая-Бундукдари ас-салиха ан-Наджани алАюби ан Ханафи ат-турки... БЕЙБАРЫС – (асасын көтерiп) Жә! Бiр-бiрiн бұйдамен жетелеген керуендегi түйе сынды екен. Көтерiп жүру де оңай болмас (көңiлсiзденiп). Осының бәрi анам байғұстың Барысым деген жалғыз ауыз сөзiне тати ма? 29
БЕЙБАРЫС
Уай, дүние-ай!.. (Сахна айналып қараңғыланады да, анасы мен 7-8 жасар кiшкене Бейбарыс көрiнiс бередi). АНАСЫ – (балаға ұмтылып) Қайда жүрсiң, Барысым-ау? Iздемеген жерiм қалмады. Суға түсiп кеттi ме деп, иманым ұшты ғой. БАЛА – Садақ тартып ойнадым. Құс қарадым, аң қақтым. АНАСЫ – Жайық жағаладым де. Жайық деген ұлы дария, онымен ойнама, балам. Мұнда бекiре деген балық өседi. Қасиеттi. Толқын бетiнде қызғыш құс ұшып жүр. Әне, әне, көрдiң бе. БАЛА – Көрдiм. АНАСЫ – Ол да киелi. БАЛА – Ту-у, бәрi қасиеттi екен. АНАСЫ – Туған жерде бәрi де қасиеттi, ұлым. Жайықтың даласында жусан деген сағыныштың шөбi өседi. БАЛА –Жусан. Оны неге қасиеттi дейдi? АНАСЫ – Өйткенi, сағынған жан иiскесе ғана жұпар шашады. БАЛА – Ғажап. Мен де сағынып келiп, иiскесем жұпар шаша ма? АНАСЫ –(ойланып қалып) Ұзақ сағынғаннан сақтасын, тәңiрiм. Құса боласың, құлыным. (Сахна айналғанда ана мен бала ғайып болады да тақта асасына сүйенiп отырған Бейбарыс көрiнiс бередi). БЕЙБАРЫС – (орнынан ақырып атып тұрады) Сағыныш! Ғұмыр бойы ұмтылсам да жеткiзбеген Жайық, жусанды дала... Көзiмнен бiр-бiр ұшып, санамды сартап еттiң-ау... Жау тағдырыммен ойнаса да, Аллам пәндесiмен осылай да ойнай ма екен? А-а? Мынау тақты, маңдайдағы тепсе кетпес бақты, үлде мен бүлденi тәрк етсем, саған жетем бе, жоқ па? (Алыстан ән естiледi. «Бермедi-ау бiр хабар, бермедi-ау бiр хабар, Жайықтан қайтқан тырналар». Бейбарыс теңселiп келiп, тағына керi жайғасады. Осы кезде екi күзетшi мәмлүк баяғы монғол елшiсiн алып келедi). ЕКI МӘМЛҮК – Сұлтан ием, әмiрiңiзге құлдық деп енгiздiк. Дар ағашынан құлайтын монғол елшiсi. (Елшi жерге құлай кетiп, тағзым етедi). 30
СҰЛТАН
БЕЙБАРЫС – Тұршы, елшiм, елбең қақпа! Қайдан келдiң, қайда барасың? ЕЛШI – (қолбаңдап) Қарақорымнан, сұлтан. БЕЙБАРЫС – Шатыспа, зынданнан келдiң, ендi Алланың алдына барасың. ЕЛШI – Алланың алдында бәрiмiз кездесемiз, сұлтан. БЕЙБАРЫС – Иман таразы – Алла тағала кiмдi қалай қарсылар? Тоқтат, былшылды! Одан да айт маған, дар ағашынан қалай аман қалдың? ЕЛШI – Күнәсiздiгiмнен шығар? БЕЙБАРЫС – Қылша мойныңа iлiнген дар арқаны сол күнәсiздiгiңнен үзiлiп кетiп пе? ЕЛШI – Солай шығар, сұлтан. БЕЙБАРЫС – Күнәһарлығыңды көтере алмай үзiлген, опасыз! (Елшi қатты қорқып кетедi. Бейбарыс айбаттанып орнынан көтерiледi). Айт кәне, осыдан екi мүшел жас бұрын Қыпшақ даласына келдiң бе? ЕЛШI – (абдырап) Қыпшақ даласы... БЕЙБАРЫС – Иә, Қыпшақ даласы. Жарты ауыз жалған сөзiң басыңды жұтады (Қылышын қынабынан жарқ еткiзiп суырып алады). Сөйле! ЕЛШI – Р-рас. БЕЙБАРЫС – Жайық бойын. Жамақ ханның ордасын шабыстың ғой. ЕЛШI – (қалшыл қағып) Р-рас. БЕЙБАРЫС – (мұқатып) Р-рас... Жамақ ханның қараторғайдай бiр баласының да тұтқынға алынғаны есiңде ме? (Елшi басын изейдi) Сосын итальян саудагерлерiне бұлдап сатылған. А-а, елшiм? (елшi қалшылдап басын изейдi). Құлдыққа өтiп, ел асып, жер асып кеткен, құлақкестi мәмлүк атанған. Ол баланың есiмiн бiлесiң бе? ЕЛШI – Жоқ, жоқ. Ұмыттым. БЕЙБАРЫС – Есiмi Бейбарыс болатын! (Елшi “аһ”! – деп шошына айқайлап жiберiп, құлайды, қолын ербеңдетедi) – Ал, мен сенi танығам. Танығам сен жауызды! Өз қолыңмен өткiзiп, сөлкебайларды санап тұрып, күлмең қаққансың. Танығам! Маңдайыңдағы бармақтың басындай сүйелден танығам! Ал, сүйел бақ бiтпейтiн адамның 31
БЕЙБАРЫС
маңдайына, тақ бiтпейтiн адамның шондайына шығады. Ах-ха-ха (ызалана күледi). ЕЛШI – Неге ғана тiрi қалдым екен? Ах! (маңдайын тоқпақтайды). БЕЙБАРЫС – Арқаныңды кестiртiп тiрi қалдырған мен. ЕЛШI – Неге? Не үшiн? БЕЙБАРЫС – Өмiр бiреу болғанмен кезек екеу. Тiрлiкте жасаған жария жаманатың, аяр опасыздығың о дүниеге кетпейдi екен. ЕЛШI – (орнынан атып тұрып) Бейбарыс, құлдыққа сатсам да, қолым құтты екен. Ақыры сұлтан болдың ғой. Қи жанымды! БЕЙБАРЫС – (өзiмен-өзi) Өз жерiмде ұлтан болғаным артық едi ғой. ЕЛШI – Сұлтандықтың да кемi жоқ. БЕЙБАРЫС – Алдымен өлтiр, артынша жанымды қи дедiң. Бойыңа мәрттiк, жүзiңе ұят, жаныңа иман дарымаған екен. Ұятты өлiм – қадiрсiз тiрлiктен артық. Бiрақ оны сен бiлермiсiң. Ей, менiң алағай да бұлағай ғұмырым, бiр кезгi елiмдi шапқан, ерiмдi тұтқын еткен жауымды ақыр аяғында өз қолыммен талқандаттың. Ризамын, жаратқан ием! Шырылдатып жанымды жаралатқан, жауқазынымды үзген басқыншыны түптiң түбiнде аяғыма әкеп жықтың. Мұңды ғұмырыма да мың мәрте шүкiрлiк. (Бейбарыс екi мәмлүкке ым қағады. Олар француз инженерiн жеткiзедi). Әй, елшi, мынау – королiмен қоса қолға түскен француздың тұтқын инженерi (Инженер Бейбарысқа тағзым етедi). Бұл бiзге отты қаруын сыйлады. Нояндарыңның үлкен тобын сол қару жалмады (Инженерге қарап сұлтан сәл басын иедi). Алла разы болсын! (Елшi “аһ”! – деп қалып французға айбат шеге ұмтылады. Сахна қараңғылана бередi. Бейбарыс – тақта, Тәңiрбердi жылнамашы жанында отыр). Жаз, Тәңiрбердi жылнамашы. «Үшбу хат» де (ойланып) «Алтын орданың айбарынан Ай бұққан, Күн тұтылған ардақты ханы Беркеге Египет сұлтаны Бейбарыстан бауырмалдық сәлем де. Одақтасыңыз Халифат елi Сiзге зор сенiм үмiт артады һәм денi-қарныңызға амандық тiлейдi де. Сiз мұсылмансыз, ал жерiмiзге жаулықпен келген кәпiр туысқаныңыз Құлағу мен Кетбұқаның шаһит кеткен тағдыр-талайы үшiн бiзге кек сақтамассыз деп бiлемiз (ойланып). Мен сiзге достық қолымды создым... (Бейбарыстың iшкi толғанысы сахна сыртынан даусы арқылы берiледi). «Уау, кең дүние. Есiгiң мен үшiн сағыныш боп ашылып едi. Сол сағыныш болып қайтадан жабылмаса қайтсiн?! Жайық деген ұлы дариям бар едi. Қыпшақ деген iргесi сетiнемеген қалың елiм бар едi. Сарайшықтай 32
СҰЛТАН
қалам бар едi, жұпар иiстi жусанды далам бар едi. Қос бұрымы төгiлген ару қызы қандай едi? Шараяқта бұрқыраған қымызы қандай едi?! Тасқа бiткен қарағайдай қияқты азаматын айтсаңшы. Иен даланы дүбiр қақтырған тұяқты қазанатын айтсаңшы?! Кимешегi қарқарадай әжелерiм аман ба? Ақсақалы кiндiгiне түскен батагөй аталарым аман ба? Ей, қарлығаш қанат үшбу хат, елге сен айта бар, Бейбарыстың кеудесiн сағыныш меңдедi дерсiң. Сол сағынышымды басар бiр түп жусан берiп жiберсiндерсiң»... ТӘҢIРБЕРДI – (сұлтанға үркiп қарайды) Әмiршiм, бұрын егiлмек тұрмақ емiренгенiңiздi де байқатпайтын едiңiз... Сырқаттанғаннан саусыз ба? Жаратқан ием-ай, жар бола гөр. БЕЙБАРЫС – Жоқ, ә... Тiсiңнен шықпасын (Хатты қолына алып аялап ұстайды). Қанша жылғы арамым едi. Кiм арқылы жiберсем... Қос мүшелден кейiнгi тұңғыш... тұңғыш үшбу хат. Керуен жасақтайын ба, елшi салайын ба... Сен аман жетшi тек. (Кеудесiне басады. Сахна қараңғыланып айналғанда Каир көшесi, абыр-сабыр ел-жұрт көрiнiс бередi. Бейбарыс, Қалауын, Хуан пiрәдар, мәмлүктер көшеде келедi. «Әмiршiм келедi», «О, ғажап, дидарлы жүзiн көретiн күн болады екен-ау» «Тәу етiп қой» деген дауыстар шығып жатады. Бейбарыс Қалауынға бұрылып) – Арық қазылып бiттi ме? ҚАЛАУЫН – О, әмiршiм, арық заузаның орта шенiнде тәмамдалған. Бар арыққа су жүгiрдi. Диқан жұрты ғұмыры көрмеген молшылыққа кеңелдi. БЕЙБАРЫС – Жақсы. Хуан пiрәдар, еркектердiң бұзақылығы, кей әйелдiң сайқалдығы тыным тапты ма? ХУАН – Сiздiң құзырыңыз пәрмендi күшiнде. Қатаң бақылауға алынды. Құпия үйлер, долықты моншалар жабылды. ҚАЛАУЫН – Хуан пiрәдар, құп айтасыз. Ел-жұрт бұрын-соңды болмаған рахат күй кешiп жатыр. (Бейбарыс Қалауын мен Хуанға сынай қарайды. Осы тұсқа келгенде «Құл сатамыз, құл». «Әлемнiң әр түкпiрiнен әкелiнген». «Бойында күшi тасып, көзi шоқ боп жанып тұр». «Зәңгiсi бар, түрiгi бар, аралас» деген дауыстар естiледi. Сахнаның айналу екпiнiмен Бейбарыс бастаған топ кiсендеулi құлдардың жанына келедi. Осы дауыстар естiлiсiмен Бейбарыс қатуланып алады). БЕЙБАРЫС – (тоқтап) Құлдардың иесi кiм, шық берi! (Топ iшiнен жылмаң қағып бiр саудагер шығады). 33
БЕЙБАРЫС
САУДАГЕР – (тәжiм етiп) Халифатқа әдiлдiк орнатқан әмiршiге тағзым (иiледi). Қызметiңiзге құлдық ұрдық. БЕЙБАРЫС – Сатуға түскен иiсi түрiк баласы қанша сан? САУДАГЕР – Бiршама, жүз қаралы. БЕЙБАРЫС – Шығар берi. САУДАГЕР – (айқай салып) Әй, түрiктер, қотандағы қойларыңша иiрiле қалмай, шығыңдар берi. Шық, тез! (Кiсендерi сылдыр қағып, бiрiнен соң бiрi тiзiлiп бес-алты жасөспiрiм шығады. Бейбарыс әрқайсысының тұсына тоқтап, бастарынан сипап, өзөзiнен күбiрлейдi). БЕЙБАРЫС – Мiскiндерiм-ай, менiң. Сендер де бұғауға түстiңдер ме? Менiң кебiмдi құштыңдар ма? Аяқ-қолдарыңды кiсен қиып зарықтыңдар ма? Исi түрiктiң иелерi бiрiкпесе, небiр замандар бойы көрер күндерiң, шегер азаптарың осы ғой. Ауыз бiрлiктерiң болмады-ау. Кемталап емес едiңдер ғой. Аузына қанжар тiстеп туған қанатты қырандарым-ау, менiң (қатайып). Әй, саудагер, иiсi түрiк баласын мен сатып алдым. Сұраған бағаңды ал, өйткенi, бұлардың әрқайсысы бәсжетпес қой. САУДАГЕР – (қалбақ қағып жағынып) Айтары бар ма, әмiршiм. Өзөзiнен жанып тұрған от қой. Айдап әкелген азабыңа тұрады. Мәрттiгiңiзге мың тағзым. (Сахна бiрте-бiрте қараңғылана бередi де, Бейбарыс бастаған топ iлгерi жүредi. Алдарынан әмiршi сарайы көрiнiс бередi. Бейбарыс, Қалауын, Хуан пiрәдар iшке енедi. Қолына дәу қарбыз көтерген ұлы Сайд кiрiп келедi де, қымсынып тұрып қалады). БЕЙБАРЫС – (қуанып) Ә, Сайд, ұлым менiң, кел, кел берi. САЙД – (әкесiне жақын кеп, қарбызды қояды) Сiзге. БЕЙБАРЫС – Әп, бәрекелдi. Қарбызыңның сөлi таңдайды теуiп тұрған шығар (Сайд тағзым етiп шығып кетедi). Кел, Қалауын, жақында, пiрәдар (Бейбарыс қарбыздың бiр тiлiмiн қолына алады). ХУАН – (боп-боз боп кетедi де керi шегiншектейдi) Iшiм бұрап, зауқым болмай тұр, әмiршiм. БЕЙБАРЫС – (жайбарақат) Ә, солай де... Еркiң бiлсiн. Қалауын ал, кәне. (Өзi ауыз тиiп жейдi де, ұсқыны бұзылады. Керi түкiрiп жiбередi. Қалауын 34
СҰЛТАН
мен Хуан тұра ұмтылады). ҚАЛАУЫН – Не болды, әмiршiм? ХУАН – Сақтай гөр, жаратқан. БЕЙБАРЫС – Уланған. (Тұра берiп тағына қайта отырады). Уланған қарбыз. ҚАЛАУЫН – Астағыпыр-алла, уланған. ХУАН – Уланған. Сайдтың iсi ме сонда! ҚАЛАУЫН – (шошып) Не дейдi! Сұмдық. БЕЙБАРЫС – (ес жиып) Әке тағынан дәмеғой де. Залым-ай! Азып туған ит болсаң, садақаға сұраусыз шалайын сенi. (Iшке үрейленiп Тәжi Бақыт кiрiп, Бейбарысқа ұмтылады). ТӘЖI БАҚЫТ – (Бейбарыстың етегiн құша құлайды). Ол емес, кеш! Кеше гөр. БЕЙБАРЫС – Жатыры жаман ит! (Итерiп тастайды). Шұбар жыланды толғатқан екенсiң де. ХУАН – (қипаңдап) Аллам сақтады, әмiршiм. Қап, әттең, алдымен мен жемеген екем... ТӘЖI БАҚЫТ – (егiлiп) Кеше гөр, көзiңнiң ағы мен қарасындай екi ұлдың бiрiн. БЕЙБАРЫС – Жоқ! Кешiрiм жоқ! (Сахна қараңғыланып, азалы әуен ойнайды).
35
СҰЛТАН
Екiншi акт. Төртiншi көрiнiс Сұлтанның салтанатты сарайы. Түн пердесiн жапқан. Төрде Бейбарыс ұйқы үстiнде. Сахнаға жарық қаракөлеңкеленiп түсiп тұр. Бейбарыс түс көрiп жатыр. Сахнаға әр тұстан қара киiнген оншақты адам шығады. Қолдарында жалаңдаған қанжары бар. Бейбарысты айналып дыбыссыз жүгiрiседi. Дауыстары: “Ұйқыда екен”, “Күзетшiсi жоқ”, “Уәделескендей қимылдайық”, “Қанжарды сен сал”, “Жоқ, бауыздайық”, (Бейбарыс әлсiнәлсiн дөңбекшидi). “Алдымен өлiм биiн билейiк”. Қара киiнгендер қанжарын жоғары көтерiсiп билеседi. “Бастан шабайық”, “Түрiк билесе, түбiмiзге жетедi”, “Қыпшақ де”, “Шап, кәне”, “Тағына мен отырам”, “Бас уәзiрiң мен”, “Қарама, сал қанжарды”. (Осы сәтте Бейбарыс “Уһ!” деп, қатты шошынып оянып кетедi. Қара көлеңке де, қара киiмдiлер де жоқ болады). БЕЙБАРЫС – (ентiгiп) Уа, бұл неткен түс өңге бергiсiз ғой. Тәңiрiмау, әлгi қара жамылғандар кiмдер? Тәж бен тақтың саудасын қыздырып жүр ғой, сыртымнан. Тегiн емес, Бейбарыс, тегiн емес. Тектi жердiң ұлы едiң, тепкiге түсiп өлме, жарқыным. Жақыным ба, жатым ба? Қыпшағым ба, халқым ба? Қайсысы? Қара түндi жамылып, қастығын арқалап келер? (Тағына отырып) Жә, сабыр қыл. Үрей қуық, үргелек емес ең. Тепсiнген талай жауды тентiреткен сен емес пе ең, Бейбарыс? Сабыр, ендеше, сабыр. (Қалауын кiрiп келедi). ҚАЛАУЫН – (иiлiп) Уа, әмiршiм, жау жаныңда екен. Құшағы мен пышағы қатар жүр екен. Жаралы бола жаздаппын. ет.
БЕЙБАРЫС – (салқын, сабырлы) Не дедiң, жарқыным. Аптықпай баян ҚАЛАУЫН – Қарбызға у сепкен Хуан пiрәдар! 37
БЕЙБАРЫС
БЕЙБАРЫС – Хуан пiрәдар! (Бейбарыс тағынан атып тұрады). Алдыма ғұмыры дәм әкелiп көрмеген Сайд неге келген? ҚАЛАУЫН – Сыры бар екен. БЕЙБАРЫС – Аяр қақбас-ай, өзi ауыз тимеп едi. Ұлымның түбiне жеттiау (таққа сылқ етiп отыра кетедi). Дүние дөңгеленiп кеттi ғой. ҚАЛАУЫН – Жете жаздады. БЕЙБАРЫС – (Ол сөзге мән бермей) Жеткiз алдыма! (Есiктен екi мәмлүктiң жетегiнде сүйретiлген Хуан пiрәдар кiредi). ҚАЛАУЫН – (ақырып) Неге басыңды имейсiң, залым, ә! ХУАН – Онсызда кесiлгелi тұрған бастың несiн ием. БЕЙБАРЫС – Не дедi? (таңырқап). ҚАЛАУЫН – Не десiн! Мен баян етейiн. Осында өзiндей жатжерлiк аспаз қатын бар-ды. Соны айнытып, алтынмен арбап у септiрген. ХУАН – Бәрiмiз де жатжерлiкпiз. БЕЙБАРЫС – Ақиқат па осы, Хуан пiрәдар!? ХУАН – Ақиқат. Уымды қолтығыма тiккенмiн. Ұзақ жыл сақтадым. БЕЙБАРЫС – Тартынба, айтып қал, тақтан дәмелiсiң бе? ХУАН – Жоқ, әмiршiм. БЕЙБАРЫС – Тақ жоқ жерде ересен бақ та бұйырмайды. Ендi не? ХУАН – Тақ пен сор бiрге туған. Сорды бақпен шатыстырма, әмiршiм. БЕЙБАРЫС – (құмартып) Онда менiң өлiмiмдi неге тiледiң? ХУАН – Айтайын, әмiршiм. Мен сенiң кiсенмен құл боп келiп көсем болған атағыңды қызғандым. Қызғаныш кеудемдi қыздырып тыншу бермедi. БЕЙБАРЫС – (ойланып) Ым. (Бас изейдi). ХУАН – Менiкi – қызылкөз қызғаныш, әмiршiм. Ал, Сiз айналаңызда қандай дерттiлердiң жүргенiн бiлесiз бе? БЕЙБАРЫС – Ол қандай дерт? ХУАН – Жалпақтаған жағымпаздар, жәреуке жандайшаптар, аңдысын күткен аярлар, қысқа күнге қырық құбылған қитұрқылар, шапан жамылған көркеуделер, жiтiкөз ұрылар, мықынын бұлдаған мекелер, бәрiн бiрдей санап тауысасың ба, әмiршiм. Олар сыртыңнан сатып, сенi күнде өлтiрiп жүр. 38
СҰЛТАН
ҚАЛАУЫН – Сайра, бiлшiгiм. ХУАН – Олар әмiршiнiң осы елге еткен еңбегiн – жерiн жаудан сақтағанын, бастарын дардан сақтағанын, жалқаулардың жонын тiлiп бай еткенiн, халифатты қылмыс пен сайқалдықтан арашалап, көңiлдердi жәй еткенiн бiледi. Бiлгенде қандай! Бiлген сайын айықпас дертi қозады. БЕЙБАРЫС – Олардан қалай құтылу керек? Сөйле, пiрәдар. ХУАН – Ешқашанда! Олар тақтың төрт бұтына үймелейдi. Әмiршiнiң балағынан кiрiп басында, қойнынан кiрiп қонышында жүредi. Бұлар – қоғамның жегi құрттары. Тақ шайқалса иесiн алдымен де тапайтын, қырық сан пәлемен матайтындар да солар. Жер жарылып су аққалы солай, топан су қаптағанша аясын кеңейтiп өрiстей бермек. Мен де солардың бiрiмiн, кессең бас мiне, шапсаң қылыш әне. БЕЙБАРЫС – (ойлы) Жарайды! Бала күнде көрген бiр хикаямды баяндайын, құлақ қой, Хуан пiрәдар. Қыпшақ даласында баһи кешкен адамның зиратына жарты Ай белгiсi бар құлпытас қояды. ХУАН – Туған Айдың белгiсi ме? БЕЙБАРЫС – Жоқ. Зират басындағы белгi – керi туған Айдың белгiсi. Көрер жарығы, туар Айы, татар дәмi таусылды деген сөз. ХУАН – (таңырқап) Ғажап екен. БЕЙБАРЫС – Ең ғажабы мынада! Құлыптастарға өлген адамдардың есiмi, ата тегi, руы жазылып, әрқайсысына бәлiзшi бiр күн өмiр сүрдi, үш күн, бес күн, жүз күн өмiр сүрдi деп өрнектейдi. ХУАН – Сонда қыпшақтар одан артық өмiр сүрмеген бе? БЕЙБАРЫС – Жо-жоқ! Жайдақ атқа секiрiп мiнетiн жүз жастағы қариялары бар қуатты жұрт. Бiрақ олар жақсылық жасаса ғана өмiр сүрдiм деп есептеген... Дос-жаранына, руластарына, ел-жұртына, күллi Отанына... (Пауза). Мәселен, (саусағын көрсетiп) үш жақсылық – үш күндiк өмiр. Құлпытастағы есеп осылай. Жүзге келсең де қалған ас iшiп, аяқ босатқан күндерiн ғұмырыңды құрамайды. (Хуан таң қалып, бас шайқай бередi. Бейбарыс қатайып) Айналасын қызғаныш боп шарпыған, қолтығына ғұмыр бойы у тыққан, күллi әлемге қара тырнақтай жақсылық сыйлауға әлi келмеген, Хуан пiрәдәр, сiздiң құлпытасыңызға “Туды да өлдi”, – деп өшпестей ғып жаздырамын. (Жұдырығын түйiп) Өшпейтiн ғып! Кейiнгi ұрпаққа ащы сабақ болсын! 39
БЕЙБАРЫС
(Алақан ұрады) Сөз тәмам! (Жарық сөнiп, керi жанғанда Бейбарыс тақтан қуанышпен ұшып тұрып жатады). БЕЙБАРЫС – Алтын Ордадан елшi келдi!!! Не дедiң жаным-ау?! ТӘҢIРБЕРДI – (кiрiп келе жатады) Елшi келдi, әмiршiм. (Бейбарыс есiкке аптығып, жүгiре басады). БЕЙБАРЫС – Алдынан өзiм шығамын. (Елшiнi құшақтап керi оралады). Шынымен, Алтын Ордадан, Берке ханнан ба? ЕЛШI – Алтын Ордадан, Берке ханнан, әмiршiм (басын иiп, бүгiлiп тәу етедi). Қалыптасқан дәстүрге сай ретiмен баяндайын, әмiршiм. Қыпшақ даласының алтын қақпасы... БЕЙБАРЫС – (қолын көтерiп) Сабыр қыл, елшiм. Қос мүшел көз талып күткен хабарымды зарықтыра көрме. Сәлемдеме қайда? ЕЛШI – (таңырқап) Он екi түйеге артылған асыл кездеме... БЕЙБАРЫС – (тағатсызданып) Дүние емес, күткенiм. ЕЛШI – Тай тұяқ алтын, жаһұт пен гауһар... БЕЙБАРЫС – Жо-Жоқ. Асыл мен алтын керек болса менен сұра. ЕЛШI – Бес қару... БЕЙБАРЫС – Жусан бар ма, Жайығымның жусаны! ЕЛШI – Е-е, шөп пе (қалтасынан шығарып ұсынады). Бар. БЕЙБАРЫС – (ышқынып) Шөп емес ол! Бiр түп жусан. Сағынышым менiң. Кәне иiскейiн, жұпар иiсiң шығар ма екен? (Иiскейдi) Алламау, бұрқырап тұр ғой (көзiнен жас парлап қоя бередi). Бұрқырап тұр ғой. Менi де сағынған екен-ау... Жайығымның, халқымның, әке-шешемнiң, Пұлжетпестiң бәрi-бәрiнiң иiсi жұпар шашып қоя бердi ғой. (Айқайлап) Тәжi Бақыт, қайдасың? (Тәжi Бақыт пен екi ұлы кiрiп келедi). Тәжi Бақыт, жусан, Жайықтың жусаны iздеп келдi менi! ТӘЖI БАҚЫТ – (қолына алып) Иiсi неткен ғажап. Ием-ау, осы екен ғой, сағынышың. БЕЙБАРЫС – Осы (сосын Сайдқа көзi түседi. Құшағын жая ұмтылады). Бар ма едiң? САЙД – Бармын, әке, тiрiмiн. 40
СҰЛТАН
ТӘЖI БАҚЫТ – (именiп) Қаһарың сынғанша көз таса ете тұрғанбыз. (Екi ұлы жусаннан иiскейдi. Мәз-мейрам болып, бастарын шайқайды). БЕЙБАРЫС – Кәрi залым үшiн шейiт ете жаздаппын-ау. (Құшағын жайып) Неткен ғажап күн едi. ТӘЖI БАҚЫТ – Қос iзбасарың қасыңда, бұдан өткен шаттық бар ма? БЕЙБАРЫС – (ойланып) Қос iзбасар? Ахмет пен Сайд! АХМЕТ – (басын иiп) Әмiрiңiзге құлдық, әке. САЙД – (басын иiп) Бұйырыңыз, әке. БЕЙБАРЫС – Көп ғұмырым елiм деп, қараша жұртым деп, ат пен тақтың үстiнде кетiп барады. Жанымда жүргендерiңдi көңiлiме медеу тұтып, көз қырын аз салдым ба, қайдам, жалаң қылыштай жарқылдаған сәттерiңдi көрмей-ақ қойдым-ау, әттең. Найза ұстап жауға бармадыңдар, Құран ұстап дауға бармадыңдар. Кетпен ұстап егiн екпедiңдер, Ғылым қуып азап шекпедiңдер, – қамыстың үкiлi басындай елпiлдейсiңдер де тұрасыңдар. Мен сендердiң жастарыңда... (жүзiн жұмсартып, күлiмсiреп) Жусан... (иiскейдi). Бiр түп жусан. ТӘЖI БАҚЫТ – Бала болып кетiпсiң ғой, бас ием-ау. БЕЙБАРЫС – Бала? Балалығым оралды ғой менiң! (Сахна қараңғыланғанда арғымақ арқырай кiсiнейдi, тасырлаған тұяқ дүбiрi естiледi. Жаршылар дабыл қағып, ерсiлi-қарсылы жүгiредi. Дауыстар: “Әмiршiм, Дамаскiге бет алды”, “Аман барып сау қайтқай”, “Алла жар болғай”. Жарық керi жанғанда сахнада Бейбарыс көрiнiс бередi. Жiгерлi. Алдынан шаһар әкiмi қол қусырып шығады). БЕЙБАРЫС – Ә, шаһар әкiмi. ШАҺАР ӘКIМI – Дүниеге iзгiлiк нұрын сепкен ұлы әмiршiм, Сiздiң нұр сипатыңызды көру – бiз пақыр үшiн сарқылмас бақыт. Өзiңiздi қол астыңыздағы Дамаск халқы тағатсыздана тосуда. Алла сапарыңызды оң еткей. БЕЙБАРЫС – Әумин! ШАҺАР ӘКIМI – (шараяқ ұсынып) Қымыз. Қалауын айтқан, ат үстiнде жолсоқты боп шаршағанда әмiршiм тек қана қымызбен сусындайды деп. 41
БЕЙБАРЫС
БЕЙБАРЫС – (қолына алып) Қымыз? Жан рахаты ғой. Сiмiрейiн. Жұтайын сары даламның самалын. (Шараяқты орталай бере тәлтiректейдi. Шаһар әкiмi жылыстап жоғалады, шараяқ жерге құлап ақтарылып түседi). Бойымды өртеп барады ғой. Тағы да у қосылған ба? (тәлтiректейдi). Сұм ажал қанды шеңгелiңдi қапияда салдың ба?! Уа, жарық дүние, арманмен басталып, азаппен аяқталатын ба ең? (Арпалысып) Ғұмыр, құйрықты жұлдыздай тым-тым қысқа екенсiң ғой. Әттең!.. Мынау кiмдер? Тым таныс бейне ғой. (Осы сәтте үш дөңгелек жарықта анасы мен Пұлжетпес және бала күнгi өзi пайда болады. Бұған қарай қол жая ұмтылады да, жоқ болып кетедi). Анам ғой, Пұлжетпес қой. Анау бүлдiршiн Жайық жағалаған өзiм ғой. Менi iздеп шыққандағы. (Бейбарыс та ұмсынады. Иесiн iздеп тұлпары кiсiнейдi). Өртенiп барам, күйiп-жанып! Қанды шеңгел жауларымды шошытқан атақ-даңқым, ажал, сенi үркiте алмады-ау... (Сахнаға ақ қанатты перiштелер шығады. Тәлтiректеп жүрген Бейбарысты демеп билейдi). Ақ қанатты – перiштелер! Ақ қанатты перiштелерiм менiң! Мынау жусан деген – сағыныштың шөбi. Жусан. (Иiскейдi) Ақырғы рет иiскейiн. Айналдым жұпарыңнан! Мә, аманат сендерге! (бередi). Иманды бiр ұл туар, мен шыққан топырақтан! Қайқы қылыштай жаланып, – қайран баба, қайдасың? – деп жоқтар менi iздер шырқырап. Сонда шырқырап. Сонда қолына табыс етерсiңдер. Сендерге аманат! Аманат перiштелерiм! (“Бейбарыс баба” әнiнен үзiндi берiледi). Шымылдық.
42