17 науырыз пдф

Page 1

ДОСЫ КӨПТІ ЖАУ АЛМАЙДЫ, АҚЫЛЫ КӨПТІ ДАУ АЛМАЙДЫ

Жамбыл облыстық қоғамдықсаяси газет

№33 (18067), Сейсенбі, 17 наурыз, 2015 жыл

ak-jol-taraz@rambler.ru

www. akjolgazet.kz

Газет 1922 жылғы 1 мамырдан шығады.

ПРЕЗИДЕНТ

ЕЛБАСЫ КӨКШЕТАУ ӨҢІРІНДЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ «КАМАЗ-ИНЖИНИРИНГ» АҚ-ДА БОЛДЫ

5 КҮН ҚАЛДЫ

Елбасы кәсіпорынның жұмысымен танысты және зауыттың негізгі өнімі шығарылатын құрастыру цехын аралап көрді. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, еңбек ұжымымен және өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен әңгімелесті. Қазақстан Президенті өңірдің ірі кәсіпорындары шағын және орта бизнес субъектілерін тапсырыспен қамтамасыз ететінін атай отырып, облыстағы индус-трияның біртіндеп дамып келе жатқанына назар аударды. Елбасы мемлекет тарапынан өнеркәсіпті дамыту үшін айтарлықтай қаражат бөлініп жатқанына да тоқталды. – Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өзге елдер зауыттар санын қысқартып жатқан уақытта біз жаңаларын салып жатырмыз. Тек биылдың өзінде 75 жаңа кәсіпорын салынады, оларда 3 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Елдің өңірлерін дамыту үшін мемлекет бұл жұмыстарды жалғастыра береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. « К А М АЗ - И н ж и н и р и н г » А Қ н е г і з і н е н самосвалдар, басқа да жүк және арнайы техникалар құрастырады. Былтыр зауыт 1250 автокөлік құралдарын шығарды.

Көрісу – наурыз айында адамдардың бір-бірін жасымен, жаңа жылымен құттықтап, амандасып, өзара қауышуы. Бұл дәстүр негізінен еліміздің батыс өңірінде сақталған. Көрісу кейбір өңірлерде наурыз айының 15-інде басталады. Осы күннен бастап жасы кішілері үлкен үйден немесе үлкендері бар үйден бастап сәлем бере кіріп, тілектер айтады. Үлкен кісіге сәлем бере барғанда жастарға үйден дәм ауыз тигізу міндет саналады. Үлкендерге деп әрқайсысы сый кәдесін ала келеді. Жасы үлкендер өзінен кішілерге ұсақ кәдесыйлар тарту етеді.

ЕЛБАСЫ «МОЛОКО СИНЕГОРЬЯ» КӨКШЕТАУ СҮТ ЗАУЫТЫНДА Мемлекет басшысы зауыттың балаларға арналған емдік-профилактикалық тағамдарын шығаратын цехын аралап көрді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев облыстың агроөнеркәсіп кешені өндіретін өнімдермен танысты. Қазақстан Президенті сондай-ақ, кәсіпорын ұжымымен және облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен әңгімелесті. Аграрлықтар қол жеткізген табыстары туралы айтты және өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту ісіне көрсетіп отырған мемлекеттің қолдауына ризалық білдірді. Мемлекет басшысы Ақмола облысы елорданың азық-түлікпен қамтамасыз ететін тірегі екенін атап өтті. – Мемлекет аграрлық салаға зор көмек беруде. 2009 жылдан бері облыстың барлық шаруашылықтар бойынша субсидиялауы 8 есеге ұлғайды. Осыны ескере отырып, мен сіздердің алдарыңызға елорданы өз өнімдеріңізбен қамтамасыз ету жөнінде міндет қоямын. Астана – жақын орналасқан табиғи тұтынушы. Елорда өсіп келеді, сәйкесінше, тұтыну да ұлғая бермек. Жалпы алғанда, Ақмола облысы елдің өзге де солтүстік өңірлерімен бірге әлемдік маңызға ие астықты аймақ. Бүгінде Қазақстанның бидайы танымал бренд саналады және әлемдік азық-түлік қорын есептеу кезінде біздің елдің ресурсы да қаперге алынады. Соған орай біз үшін аграрлық өнімдердің көлемі мен сапасын одан әрі арттыру зор жауапкершілік болып саналады, –деді Қазақстан Президенті. Сүт өңдейтін зауыттың қуаты тәулігіне 160 тоннаны құрайды. Кәсіпорында 175 адам жұмыс істейді. Өнімдер негізінен отандық нарықта сатылады.

БЕС РЕФОРМА – БҰЛ ЕЛГЕ, ҚАРАПАЙЫМ АЗАМАТТАРҒА КЕРЕК НӘРСЕ Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай өткен «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» форумына қатысты. Форумға қатысушыларға сөз арнаған Мемлекет басшысы шараның Ақмола облысында өтуінің символдық мәні бар екеніне тоқталды. – Мұнда жүзден астам этностың өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатыр. Республикамыздағы қоғамдық келісім кеңестерінің ең көбі осы облыста жұмыс істейді, олардың саны – 266. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында Ақмола облысында 500-ге жуық іс-шара өткізіледі. Облыс Ассамблеясының активі бес мың адамды құрайды, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына да тоқталды. Қазақстан Президенті елімізде дағдарыс құбылыстарына қарсы тұруға қажетті барлық мүмкіндіктер бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының таяуда өткен XVI съезінде жарияланған, республиканы дамытуға арналған халықтық бес реформа туралы атап өтті. Бұл реформалар – кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім, болашағы біртұтас ұлт, транспарентті және есеп беруші мемлекет. – Бес реформа – бұл елге, қарапайым азаматтарға керек нәрсе. Біз индустрияландыруды жалғастырамыз, еңбек өнімділігін арттырамыз.

Мемлекет шағын және орта бизнеске, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге көмектесетін болады. Бүгінде пәрменді әлеуметтік саясат жүргізілуде. Біз жастарға, зейнеткерлерге, сондай-ақ мемлекет қолдауына мұқтаж жандардың бәріне қамқорлық жасап отырмыз. Бұдан әрі де мектептер мен ауруханалар, өзге де әлеуметтік нысандарды салатын боламыз, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев алға қойылған мақсаттарға жету үшін е лге Қазақстан халқы Ассамблеясы идеяларына адалдықты, тұрақтылықты, достықты және бақ-берекені сақтау қажет екенін атап өтті. Іс-шараға жиналған жастар өкілдеріне сөз арнаған Мемлекет басшысы Қазақстанда жан-жақты жетілу және сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалғанын айтты. – Сіздерге қазір қалған бүкіл өмірлеріңізге қажетті білім жинауға мүмкіндік беріліп отыр. Бос өткен уақытты қайтарып алу мүмкін емес, оны дұрыс пайдалана білу маңызды. Сіздерді Отанымызды сүюге және оған қалтқысыз қызмет етуге шақырамын. Бұған сіздер жақсы оқу арқылы қол жеткізе аласыздар, ал ол сіздерге кәсіпқой маман болып, сый-құрметке бөленуге және өз отбасыларыңызды асырауға мүмкіндік береді, – деді Елбасы. Форум барысында сондай-ақ облыстың этномәдени орталықтарының өкілдері де сөз сөйлеп, елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдерін біріктірген бірегей қоғамдық институт ретіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызына тоқталды.

ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА

ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНДА

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТ РЕТІНДЕ ТІРКЕУДЕН ӨТТІ ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТІП, ОНДА НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ КАНДИДАТ РЕТІНДЕ ТІРКЕУ ТУРАЛЫ ҚАУЛЫ ҚАБЫЛДАНДЫ.

«Орталық сайлау комиссиясының отырысына бір сұрақ енгізіліп отыр. Ол Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы», – деді отырысты ашқан ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов. Осыдан кейін қаулы жобасын таныстыру үшін сөз ОСК хатшысы Бақыт Мелдешевке берілді. «Сіздердің назар-ларыңызға Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы жобасын ұсынып отырмыз. Қаулы бойынша бірінші, Нұрсұлтан Әбішұлы

Назарбаев Президенттікке кандидат ретінде тіркелсін. Екінші, Назарбаевқа Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттың куәлігі берілсін», – деді Мелдешев. Сонымен қатар, комиссия хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдаған 560 мыңнан астам қол жиналғанын атап өтті. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кандидатурасын қолдап, елдің 16 өңірінің барлығына өкілдік ететін сайлаушылардың 560523-інің расталған қолы жиналды», – деді Бақыт Мелдешев. «Ақ жол-Ақпарат».

ҮМІТКЕРЛЕРДІ ТІРКЕУ АЯҚТАЛДЫ Еліміздегі кезектен тыс Президент сайлауына қатысуға ниеті бар үміткерлерді тіркеу аяқталды. Дегенмен, тіркеліп үлгерген үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі комиссия 18 наурызға дейін жұмыс істейді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешев мәлім етті. 16 наурызға қараған түнгі сағат 00.01-де Орталық сайлау комиссиясына 27 өтініш тіркелгенін атап өткен ол: «17 наурыз күні біз қолдағы барлық материалдарды өңдейміз де, қанша адамның шығып қалғанын мәлім етеміз. Қазіргі уақытта біздің қолымызда саяси науқаннан бас тарту материалдары, емтиханға келмей қалған үміткерлер бар. 18 наурызға дейін лингвистикалық комиссия жұмыс істейтін болады. Біз кестесін жасадық. Одан ары қалай өрбитінін көреміз», – деді ол. Айта кетсек, соңғы сәтке дейін 27 азамат Президенттікке үміткер ретінде ұсынылды. Олардың екеуін саяси партиялар ұсынса, 25-і өзін-өзі ұсынып отыр. Осы 27 адамның ішінде 10 адамға Президенттікке үміткер ретінде тіркеуден бас тартылды. Олардың ішінде 2 адам жасы 40-қа толмауына және 8 адам лингвистикалық комиссия сынынан өте алмауына байланысты тіркелмеді. Үш үміткер лингвистикалық комиссияның емтиханына келмеді және бір адам өзінің өтінішін қайтып алды. 5 үміткер лингвистикалық комиссиядан, басқа да тексерулерден өтіп, Конституциясы мен «Сайлау туралы» Заңына сәйкес деп танылды. Оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев кандидат ретінде тіркелді. «Ақ жол-Ақпарат».

Бесінші шақырылған Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті XXХV сессиясы 2015 жылдың 26 наурызында облыс әкімдігінің мәжіліс залында (2-қабат) сағат 15.00-де келесі күн тәртібімен өтеді: 1. Тараз қаласы №6 сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутатының өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы. 2. «2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Жамбыл облыстық мәслихатының 2014 жылғы 11 желтоқсандағы №33-3 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы. 3. Сәулет, қала құрылысы мен тұрғын үй құрылысы саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы. 4. Облыстық мәслихаттың қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, экология, табиғатты пайдалануды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының атқарған жұмыстары туралы есебі; 5. Әртүрлі мәселелер. * * * Облыстық мәслихат тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы облыс әкімдігінің кіші мәжіліс залында (3-қабат) 2015 жылдың 26 наурызында сағат 11.30-да өтеді. * * * Депутаттарды тіркеу 2015 жылдың 26 наурыз күні сағат 14.00-де басталады. Облыстық мәслихаттың хатшысы Б.ҚАРАШОЛАҚОВ.

Әз Наурыз болмай, жаз болмайды, Жаз болмай, мәз болмайды. Халық мақалы. ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС

ГАЗЕТІМІЗГЕ СЕНАТ ТӨРАҒАСЫНАН ХАТ КЕЛДІ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы ҚасымЖомарт Тоқаевтан газетімізге хат келді. Төраға өз хатында «Ақ жол» газетінің 17 ақпан (2015 жыл, №20) сейсенбі күні «Жеңіске – 70 жыл» айдарымен жарияланған «Жауынгер, жазушы Кемел Тоқаев қаламының қарымы Жамбыл өңірі тарихында» атты мақаланы толық оқып шыққанын айта келіп, ұжымымызға шығармашылық табыстар тілепті. «Ақ жол» газетінің бас редакторы К. Сәттібайұлына Құрметті Көсемәлі Сәттібайұлы! Көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі шытырман оқиға жанрының негізін қалаушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаев туралы «Ақ жол» газетінде жарық көрген мақалаңызбен толық танысып шықтым. Әкем Кемел Тоқаевтың еңбек жолына ізденіс жасап, құнды деректерді газет бетіне жариялағаныңыз үшін Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту аясында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін, қаһармандығын кеңінен дәріптеу қажет екендігін атап өткен болатын. Осы бағыттағы қолға алған аса жауапты қызметтеріңіздің жемісті болуына тілектеспін. Сізге және өзіңіз басқарып отырған газет ұжымына алдағы уақытта шығармашылық табыстар тілеймін. Құрметпен, Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ». Құрметті оқырман! «Қуаныш бөліссе, көбейеді» деген. Еліміздегі ең жоғары лауазымды қызметтердің бірінің тізгінін ұстап отырған абыройлы азамат Қасым-Жомарт Тоқаевтың алтын уақытын бөліп, газет ұжымына арнап жазған жылы лебізге толы бұл хаты Сіздердің де қуаныштарыңыз. Өйткені біз бір ауыз сөз жазсақ та, оны халыққа, халықтың адал перзенттеріне арнайтынымызды түсініп, лайықты бағасын беретін де Сіздерсіздер. Қуаныш құтты болсын, ағайын! Редакция алқасы.


Turn static files into dynamic content formats.

Create a flipbook
Issuu converts static files into: digital portfolios, online yearbooks, online catalogs, digital photo albums and more. Sign up and create your flipbook.